Қазыбек Иса. Ислам Әбішев феномені
ХАЛЫҚ ЫҚЫЛАСЫН ИЕЛЕНУДІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
«Қайырымды қала тұрғындарының келесі тобына
әлеуметтік жағдайы
барша жұрттан жоғары тұратындар, қала бастығы,
оның әр түрлі жәрдемшілері мен серіктері т.б. жатады.
Бұлардың жақсы істері болса мадақтап ,
әділдігін жұртқа айтып отыру керек».
Әбунасыр әл ФАРАБИ.
«Қайрымды кала тұрғындарының
көзқарастары жайлы трактат»
ХАЛЫҚ ЫҚЫЛАСЫН ИЕЛЕНУДІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
«Қайырымды қала тұрғындарының келесі тобына
әлеуметтік жағдайы
барша жұрттан жоғары тұратындар, қала бастығы,
оның әр түрлі жәрдемшілері мен серіктері т.б. жатады.
Бұлардың жақсы істері болса мадақтап ,
әділдігін жұртқа айтып отыру керек».
Әбунасыр әл ФАРАБИ.
«Қайрымды кала тұрғындарының
көзқарастары жайлы трактат»
Ең алдымен ел қамын ойлаған әкім
Бүгінгідей халық пен әкімдердің, жалпы шенеуніктердің арасы алшақтап кеткен мына заманда Өскеменде елді елең еткізген оқиға болды. Қаланы үш жылға жуық басқарған Ислам Әбішевты Астанаға шығарып салу үшін қаумалаған өскемендіктер әуежайды басып алды... Бұл жерде біз кеше Исекеңмен бірге жұмыс істеген әкімшілік қызметкерлерін айтып тұрған жоқпыз. Қысқа сақтаған қайнатпасын көтеріп келіп, көзіне жас іркіліп тұрып, жүрекжарды сөзін айтқан орыс аналарын, құрты мен ірімшігін алып келіп, ақ жол тілеген ақ кимешекті қазақ аналарын, ақ жарылып тұрып, ақ батасын берген ақсақалдарды, елге қамқор болған қайраткерге қандастардың ыстық ықыласын жеткізген ақын қызды, ақ тілегін жеткізіп қалуға тырысқан қалың жұртты айтып тұрмыз... Иә, бұрынғыны қайдам, 2012 жылдың 5 ақпанында Тәуелсіздігіміздің 20 жылының ішінде кетіп бара жатқан әкіммен халықтың дәл осылай қимай қоштасқан жүрек толқытар көрінісіне Өскеменде куә болды ел... Қарапайым қаймана халықтың қалтқысыз ықыласынан қанаттанған қыран ұл қияға ұшып кетті...
Қазіргі еліміздегі ең іскер әкімдердің бірегейі, Шығыс Қазақстан облысы әкімі Бердібек Сапарбаев Ислам Әбішевты Оңтүстіктен алып келіп, Өскеменнің тізгінін ұстатқанда қателеспеген екен. Үш жылда Өскеменнің өңі кіріп, гүл жайнап, құлпырып шыға келді. Ұйқысыз-күлкісіз, таңды-таңға ұрып, талмай істеген алапат бейнет, қаранарлық қайрат пен қара тер халықтың аппақ ықыласы болып қайта оралды. Маңдайдан төгілген тер маржанға айналып, майталман әкім марқасқа қайраткерге айналды.
Адамзаттың екінші ұстазы Әбунасыр әл Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында халықтың қамы үшін қайрат жасайтын әкімді арман қылып, үлгі етеді. Әл Фараби қайырымды қала тұрғындарының міндетіне ғылым негіздерін меңгеру, әділдікке ұмтылу, әр түрлі әлеуметтік топтардың бір-бірімен тату тәтті өмір сүруі, т.б. игіліктерді жатқызады. Қайырымды қала тұрғындарының басты көпшілігі - әлеуметтік жағдайлары төмен сатыда тұрған адамдар. Бұлар бірнеше топқа бөлінеді. Мұның біріншісіне кедей-кепшіктер жатады. Олар ерекше қамқорлықты қажет ететін адамдар. Олардың мұң-мұқтажын қанағаттандыруды үнемі естен шығармау керек. Егер олар кедейлігін айтып келсе, оған көмектесу, тауын шақпай ерекше ілтипат жасау керек дейді.
Дәл осы тұрғыдан алғанда, Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев әлеуметтік әділдікті ту етіп көтеруімен ерекшеленіп, осыдан мың жылдай бұрынғы ұлы бабасы данышпан Әбунасыр әл Фарабидің ұлағатын ұстанатынын анық байқатты. Яғни, Ислам Әбішев феномені ұлылардан ұлағат алып, оны іске асыра білуде жатыр десек, қателеспейміз. Өскемен қаласындағы әкімнен көмек сұрап келген қарапайым адамдардың мұң-мұқтажы шешілмей қалған кез болған емес. Оның ішінде автор куә болған жайлар да жетерлік. Бірде Өскемен қаласы әкімдігінің алдында айқай-шу шықты: Аблакетка шағынауданында су құбыры істен шығып, ел сусыз қалған. Ислам Әлмаханұлы бірден сыртқа шығып, көпшілікпен кездесті. Сол жерде сол ауданға жауапты басшыға бірнеше сұрақ қойып, жағдайды анықтаған әкім мәселені 5 минутта шешті. Су құбырын ауыстыру керек. Және оның мерзімін белгілеп, сол күні өзі барып көретін болды. Ал бұл су құбыры жыры 20 жылға жуық созылып, жылда жамау-жасқаудың соңы осындай шуға айналып келеді екен... «Ислам Алмаханович - наш аким!» деп, айқайлай қуанып, разы болған жұрт лезде тарап кетті. Ал 3 күннен соң әкім мәселенің шешілгенін өз көзімен барып көріп, елдің ризашылығын алды.
Бұл Өскемен қаласы әкімі И.Әбішевтың 20 сағаттық жұмыс тәулігінің бір сәті ғана.(Таңғы 6-да жұмыста болатын Исекең түнгі 2-3-терге дейін жұмыс істейді).
Алтай ордасындағы Алаш рухы
Шығысқа Сапарбаев пен Әбішев келген соң, Алаштық рух та келді. Алтай ордасына ұлы Абай келіп, асқақтап тұр. Қаншама мәдени-әдеби шаралар өткенін және өтіп жатқанын қазір ел жақсы біледі. «Шығыс шынары» халықаралық мүшәйра аясында қанша таланттың тұсауы кесіліп, қанша қазақ әдебиетінің қаймақтары Өскеменге келіп, елмен дидарласты. Алты Алаштан жиналған айтулы жыраулар сайысы Алтай аспанын Алаш сазына бөледі. Қаланың қақ ортасындағы саябаққа іші этнографиялық ұлттық қолөнер туындыларына толы алып киіз үйді орнатып қойды. Жыл сайын халықаралық мүсіншілер байқауы өтеді. Ертістің бойынан осы мүсіншілер сайысында бағаланған мүсіндер орналасқан «Махаббат аллеясы» ашылды. Онда басты мүсін Қозы Көрпеш-Баян сұлудың ескерткіші болған бұл аллеяны былтыр күзде махаббат ақыны Тұманбай Молдағалиев ашты. Ал бірер айдан соң Қадыр досының артынан іздеп кеткен Тұмағаңмен қаралы қоштасуға Өскеменнен ұшып келіп, толқып тұрып сөйлеген Ислам Әбішевтың сөзі әлі елдің аузында...
Жалпы, өзі де әп-әдемі ән айтып, кезінде Қазақ политехникалық институтында оқып жүргенде «Дос Мұқасан» ансамблінің құрамында болғанын біреу біліп, біреу білмес Ислам Әбішевтың меценаттығының өзі бір төбе. Ол туралы аңызға бергісіз әңгімелер оңтүстіктен басталып, солтүстікпен бітпейді. Тоқсаныншы жылдары, қиын кезде Шардарадағы Мәдениет үйінде өтіп жатқан талантты әнші Бейсенбек Бибосыновтың кешіне кездейсоқ келіп қалған Ислам Әбішев сол жерде оған жеңілкөлік мінгізіп кетеді. Дүлдүлге қанат бітіретін мұндай демеуді кеше ғана өмірден өткен дарынды әнші-сазгер Ержан Серікбаевқа да жасайды. Астанада сәлем бере келген айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлымен танысып, өнеріне разы болған ол «Оспан батырдың тұқымы жаяу жүрмеу керек»-деп, темір тұлпар сыйлап жібереді. Ал әйгілі «Қара бауыр қасқалдақтың» авторы, белгілі әнші-сазгер, 8 баланың әкесі Лесбек Амановқа Шымкенттен 5 бөлмелі үй алып бергізді. Бұлар Исекеңнің игі істерінің екі-үшеуі ғана. Қаншама ақын-жазушының кітабының шығуына меценаттық жасағанын да айтуға болады. Шығыстағы әдеби-мәдени әлемге демеушілігінің өзі жеке әңгіме. Құрылғанына 295 жылдығын атап өткен Өскемен қаласының тарихында тұңғыш рет қалалық қазақ газетінің ашылуы да Ислам Әбішевты күтіп жатыпты. «Өскемен» газеті қазір он мың данамен тарайды. Ал Өскемен қаласы басшылығы тарихында қазақ қызметкерлерінің қазақша тіл сындыруы Ислам Әбішевтың әкім болып келуімен басталады. Енді ...кетуімен аяқталып қалмаса екен деңіз....
2009 жылы күзде Шығыс Қазақстан облысына келген Президент Н.Назарбаев Өскеменнің бір жылдың ішінде өзгеріп, құлпырып кеткеніне өз бағасын бергенін газеттердің бәрі жазды. «Шығыс шынары» мүшәйрасына келген кезде көркем тартып, гүл жайнаған Өскеменді көрген Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмәділов та: «Өскеменге қазақы рух келіпті. Содан соң біз келіп тұрмыз. Қала жайнап тұр. Біздің шығыстықтар да гүл өсіре алады екен. Бәрі де басшыға байланысты деген осы екен ғой» деп ризашылығын білдірген болатын.
Барлығын кадр шешеді
Сталин айтты дейтін «Барлығын кадр шешеді»-деген сөзді шынында кім айтса да, тура айтылған сөз. Ол бүгін де маңызын жоймақ емес. Бізде қазір кадр тапшылығы айқын сезіліп келе жатқандай. Оны жылдағы ауыс-түйістерге қарап отырып-ақ білуге болады. Ел мойындап, Елбасы сенген, ат үстінде жүрген саясаткерлерді айтсақ, И.Тасмағамбетов, Ө.Шүкеев, Б.Сапарбаев, М. Құл-Мұхамедтермен шектелеміз. Ал қалғандарының көбісі 20 жылдан бері айнала-айнала ыңыршағы айналып кеткен тар шеңбердегі танымал болғанмен, табысқа жете алмаған «тарландар». Кадр тапшылығын Президенттің өзі де жасырмайды. Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовты Президенттің іс басқармасын басқаруға тағайындарда: «Орныңа кімді ұсынасың» дегенде ол сасып қалды» дейді мемлекет басшысы. Елбасы кадр мәселесіне жаңа леп әкеледі деп үміттенген шетелде оқып келген «болашақтықтардың» жемісін көру... әлі де болашақтың еншісінде... Дәл қазір олардың өздігінен Астанадағы министрліктердің жайлы орындарынан қозғалып, қара халықтың ішіне бара қоятынына ешкім сенбейді. Елбасының «министрліктердегі «болашақтықтарды» елге жіберу керек» деп жатқаны да сондықтан болса керек. Елге барғанда қазақтың тілін де, тірлігін де білмейтіндердің не тындыратыны тағы белгісіз... Егер олар елмен, халықпен жұмыс істеудің игі үлгісін көрсетіп жүрген Ислам Әбішев секілді қаранарлардың қасында болып, мектебінен өтіп жатса, онда сөз басқа...
Қарапайым халықтың мұң-мұқтажы дегенде, барлық ынтасымен мәселені лезде шешуге тырысатын Ислам Әлмаханұлына да әлеуметтің ерекше ықыласты болғаны осыдан болса керек. Мен осы мақаланы жазып отырғанда Ақтаудан досым, нарық заманының алғашқы кәсіпкерлерінің бірі болған, кейін әкімшілік қызметтерде де істеген Хаби Жаңабаев хабарласты. Әңгімесін Жаңаөзен жайлы жаңалықтарынан бастаған ол бүгінде Су комитетін басқаруға келген Ислам Әбішевтің іскерлік дарыны мен әлеуметтік әділетшілдігін айта келіп: «Егер Маңғыстауда Исламдай әкімдер болғанда, Жаңаөзен оқиғасы болмас еді!»-деп, батыстық мінезбен бір-ақ кесті...
Иә, халық айтса, қалт айтпайды. Кез-келген қала, облыстағы күрделі мәселер жеке тұлғаға, яғни оның әкіміне тікелей байланысты. Егер әкімдер мен шенеуніктер халықпен ашық сөйлесіп, мұң-зарын бөлісіп, мәселесін саяси сауатты шешіп отырса, қазір көбейіп кеткен текетірестер мен келеңсіздіктердің ешқайсысы орын алмас еді... Елбасымыз Н.Назарбаевтың әкімдер мен шенеуніктерге халықтың көзіне сүйелдей көрінбей, сүйеніш болуды, елмен етене жүріп, жағдайларын жасау керектігі туралы талай айтқан нұсқаулары қалай орындалуда десек, бұл үдеден шығатыны әзірге Ислам Әбішев қана. Қазір әкімдер мен министрлер, жалпы шенеуніктер өздеріне қара халықты жақындатпайтын қытай қорғанын жасап алған. Олардың қабылдауында болу қарапайым жұрт үшін бір ақырет. Ал бұның өзі ел мен әкімдердің арасын жылдан-жылға алшақтатып келеді. Бұлай алшақтау әділеттіліктен де алшақтауға әкеледі. Бұл алшақтаулардың, адами қарым-қатынастардың әсіре әкімшіл, қатаң да, қасаң «қағидаларға» айналуы - Жаңаөзен жарылысына әкеп соққаны ащы шындық. Халыққа қызмет жасауы тиіс әкімдер мен шенеуніктер халыққа қасырет әкелетін әрекеттерге барса, ол өзінің ғана емес, халықтың соры... Сондықтан қазіргідей бетімен кетіп бара жатқан әсіре әкімшілдікті, шаш ал десе, бас алатын бассыз белсенділікті тоқтататын, дамыған демократиялық елдерге тән мәдени қарапайымдылықты дамытатын кез жетті.
Әділдікке ұмтылу мен әр түрлі әлеуметтік топтардың бір-бірімен тату-тәтті өмір сүруін басты талапқа жатқызатын әл Фарабидің ұстанымын берік ұстанатын Ислам Әбішевтың сондықтан да: «Біздің Өскеменде Жаңаөзен оқиғасы болуы мүмкін емес!»- деп батыл мәлімдеуін қала тұрғындары толық қолдады.
Жалпы, Исламдай әкімдердің әлеуметшілдігін, халықшылдығын, елжандылығын, өте іскерлігі мен өткірлігін... ең бастысы оның ұлтшылдығынан көруге болады. Өйткені ұлтшыл болмай, ұлт тағдырын, мемлекет мүддесін, халық қамын ойлау түпкілікті нәтижеге жеткізбейді.
Оңтүстік Қазақстан облысында 7 жыл облыс әкімінің орынбасары болып, 4 әкіммен жұмыс істескен Исекең Өскеменге әкім болғанда 53 жаста еді... Қазір 56 жасқа келді. Қазіргідей кадрлық тапшылық кезеңінде мұндай дағдарыс жеңгіш дарынды мемлекеттік менеджерлерді елуден асқанша орынбасарлықта ұстамай, ертерек мүмкіндігін молынан пайдалану керек емес пе еді... Егер 56 жастағы Ислам Әбішев 2-3 жылда Өскеменді аяғынан тік тұрғызса, онда оны орда бұзар отызында пайдаланған болсақ, осы уақытқа дейін оншақты қаланың немесе екі-үш облыстың өркендеуіне куә болмас па едік деген де ой келеді...
Қинай қарсы алған ел... қимай шығарып салды...
Қазір әкімдердің көбісінен көңілі қалған ел «әкім кетеді екен» десе, елең ете қалып, бір жақсылық болатындай қопаңдап қалады. Ал «Ислам Әбішев кетеді екен» дегенді естігенде өскемендіктер «Әкімді жібермеу үшін» қол жинаған... Тіпті астаналарда оқып жүрген өскемендік студенттердің өзі де Ислам Әбішевтың кеткенін естігенде «Ту-у, енді қайтеміз?»-деп уайымдағанын көзіміз көрді... Ал қалалық әкімдікте болған жиында үш жүзден астам қала мен қоғам өкілдері, қалың өскемендіктер Ислам Әбішевты тік тұрып қарсы алып, тік тұрып шығарып салды. Әшейінде қатаң да, сұсты көрінетін Исекең де иіп, жанарына жас алды... Көпшіліктің де көңілдері босады... Кеше Оңтүстіктен келгенде қинай қарсы алған ел әкімді қимай шығарып салды... Исекеңнің өз сөзімен айтқанда «Өскеменнің бір бөлігін алып бара жатқан ол жүрегінің жартысын осы қалада қалдырып кетті... «Өскемен қаласының Құрметті әкімі», Су комитетінің төрағасы Ислам Әбішевты жібергісі келмей, тек үкімет басшысы сұрағасын ғана босатып отырғанын айтқан облыс әкімі Б.Сапарбаев оны «Қала мен облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалымен марапаттады.
Осындай құбылыстың не үшін болып жатқанын, әкім дегеніңіз халықпен арадағы көрінбес баррикаданың аржағында жүретін шіренген шенеунік қана емес, халықтың қимас өз адамы, елдің мұңын мұңдайтын қамқоршысы бола алатынын таразылауда Шығыс Қазақстан облысының ресми басылымдары ресми хабардан арыға бармай, тіпті, Исекеңнің өзі ашқан «Өскемен» қалалық газеті де үнсіз қалғаны таңғалдырады. Тек тәуелсіз басылымдар, ең танымал yk.kz сайты, «Устинка», «Мой город» газеттері ғана салмақты сараптама жасап, қалың елмен пікір бөлісіп жатқаны ойландырады... Мемлекеттік мүддеден туындайтын мәселелердің бәрі ең алдымен мемлекеттік басылымдардың басты назарында болу керек емес пе? Қайта жергілікті билікке деген ел сенімін нығайтудың жарқын үлгісі мен өнегелі өлшеміне айналған Ислам Әбішевтей әкімдердің игілікті істері мен тәлімді тәжірибесін еліміз бойынша кең таратып, насихаттау дұрыс болар еді.
Өйткені, «Қайырымды қала тұрғындарының келесі тобына әлеуметтік жағдайы барша жұрттан жоғары тұратындар, қала бастығы, оның әр түрлі жәрдемшілері мен серіктері т.б. жатады. Бұлардың жақсы істері болса мадақтап, әділдігін жұртқа айтып отыру керек»-дейді дана Әбунасыр әл Фараби осыдан он ғасыр бұрын «Қайырымды кала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактатында. Біздің де мақсат халық қамын ойлаған жақсының жақсылығын айтып, шапағатын тасыту.
Ал халық пен әкімдердің арасындағы жақсы қатынастың жаңа белесі Ислам Әбішев секілді ел ішінен шығып, ел қамын ойлап жүрген Едігелерден басталып жатса, бұны - бүгінгі заман талабы деп білу керек.