Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Сын 4847 17 пікір 30 Желтоқсан, 2020 сағат 15:31

«Абай» туралы айтар көп...

50 жылдан бері қазақтың тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрінен сыр шертетін бір тамаша кино түсіре алмағанымыз ұят болды.

«50 жылдан бері» деп отырған себебім қазақ киносының аңызына айналған «Қыз Жібек» фильмі 1967 жылы түсіріліпті. Содан бері қанша заман өтсе де, «Қыз Жібек» фильмі жарық етіп экраннан шыға келсе, жалп етіп отыра кетіп қараудан жалыққан емеспіз. Ал одан бері қазақ тұрмысынан сыр шертетін қаншама кино түсірілді?! Көбі бір рет көруден асқан жоқ, менше, жақында қазақстан телеарнасынан таратылған «Абай» фильмі де бір-ақ рет көретін фильм екен. Мен бұл арада актерлердің, түсірілім тобының еңбегін мүлде жоққа шығарудан аулақпын. Бірақ менің де Абай фильмінен күткенім көп еді.

Бұл фильмнің сәтсіз шығуында мынадай себептер бар:

Мемлекет баса назар аудармаған. Қаржы бөлгенімен, сол қаржыға сай жұмыс істету жағы қадағаланбаған. Әсілі бұл фильмды министрліктерді былай қойғанда, президенттің өзі қадағалап отырғаны дұрыс еді. Егер бұл фильлім жұрт көңілінен шығып, «Қыз Жібек» фильмі сияқты ғұмырлы болса, жұрт «Тоқаевтің кезінде түсірілген» деп ауызынан тастамай айтып жүретін еді.

Фильмнің сәтсіз шығуына оны түсірген топ ғана емес, Мәдениет және спорт министрлігі де кінәлі. Аты «Мәдениет министрлігі» екен, ендеше қазақ мәдениетін таныстыратын, күллі қазақтың паспортына айналған Абайды бейнелейтін фильмге назар аудармағанда мәдениет министрлігі неге назар аударады сонда?! Егер Мәдениет және спорт министрлігі осы фильмнің басы қасында болып, түсірілімнің әр қадамын қадағалағанда, қазақ жосынына жат күлкілі көріністер эфирге шықпас еді.

Мәселен, «Қыз Жібек» фильмін түсірерде жүзге жуық студия қызметкерлері екі жыл бойы даярлық, әзірлік жұмыстарын жасапты. Ал күллі қазақтың мақтанышына айналған Абайға арналған фильмнің түсірілім жұмысы аяқ астынан басталады да, аттың жалы, түйенің қомында түсіріледі. «Qazaqstan» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Ләззәт Танысбайдың айтуынша, телехикаяны түсіруге корпорация байқау жариялағанда ұсыныс жасаған 4 компанияның арасынан тарихи фильмдерді түсірген режиссер Мұрат Бидосовқа таңдау түсіп, кино түсіру жұмысы былтырғы жылдың қараша айында басталған. Телехикаяның сценарийын Сержан Закерұлы жазса, жазушы Дулат Исабеков көркемдік кеңесші, танымал журналист Қайнар Олжай бас редакторлық жасапты.

Рас, биылғы жыл ауыр жыл болды. Фильм түгіл елге бастың амандығы уайымға айналды. Соған қарамастан еңбек еткен фильм қызметкерлерінің жұмысын жан кештілік деп бағалауға болады. Бірақ «Асыққан сайтан ісі» дегендей, уақыттың тығыздығы фильмнің басты сәтсіздігіне айналған. Тым құрыса, қыс, жазғытұры, күз, жаз туралы өлең жазған Абай фильмінде төрт маусымның көрінісі толық болмағанының өзі фильмнің басты кемшілігі. «Қазақстан туризмін дамыта алмай отырмыз» деп қақсайтын құзырлы орындар қазақстан туризмінің маңызды үгіт-насихаты болатын «Абай» фильмінде қазақтың дәстүрімен қоса, қазақстанның көркем жерлерін де көрсете кетуді мүлде ескермеген. «Қыз Жібек» фильмінде қазақтың кең өлкесінің көркем бейнесін барынша әсем көрсету мақсатында Ұлытау, Ақтау, Алтай, Жайық, Іле жағасы, Қарқаралы, Алатау табиғаты түсірілген жоқ па?! Ендеше, «Абай» фильмінде қазақтың көркем жерлері түгел Абайдың өскен елі, жүрген жерін көрсете алмағанымыздың өзі ұят емес пе?! Алматының іргесіндегі адырдың арасына апарып түсірген фильмде Би ауылы отыратындай бір жазық жер де жоқ. Аға сұлтан Құнанбайдың ауылы әлде кімдерден жасырынған қарақшының немесе қобы-қобыны қуып жан баққан Қарашалардың ауылы сияқты көзге қораш көрінетін жылғаға тігілгені ұят. Оның үстіне, «Жұрт тозып кетті» деп апта сайтын көшетін қазақтың салты да ескерілмеген. Шаңы шыққан жұрт, сүрпеті кеткен киіз үй. Оразбайды Оспанның Семейден шанаға байлап әкелетін көрінісін Шығыс Қазақстан даласында қыста түсірсе қандай керемет болар еді. «Қыз Жібек» фильмы сияқты Бурабай, Баянауыл, Қарқаралы жерлерінің де көрінсі қосылса, Семейдің сары жазығы көрсетілсе, Катонқарағай да қағыс қалмаса, екі жеп биге шығар едік қой?!

«Қан сонарда бүркітші шығады аңға» деп жазған ақын Абай туралы фильмде қан сонар да жоқ. Күздің қара суығында немесе көктемнің қара өзек шағында қоян қуып, оны бүркітке ұстатуды дәстүр дегеннен көрі дәстүрге керағар көрініс ретінде бағаладық. Қаншама көркем шығарма оқысақ та, қанжығасына қоян байлады деп жазған жазушыны көргенміз жоқ. «Қоянның өзін көріп қалжасынан түңіл» деген қазақ қоянды қаршығаға ұстатып, тазыға қуғызып қызық көрсе көрген шығар, бірақ қоян алуды аңшылық санатына қоспаған.

Киіз үй демекші, фильмде өңі түзу бір киіз үй жоқ. Киіз үйлердің бәрі жау шапқандай жұтаң. Оның үстіне, үйді тіккен адамдардың қазақ мәдениетінен хабарсыз екені де көрініп тұр. Тапатал түсте киіз үйдің түндігін қымтап жауып тастап, төрдің алдына балауыз шам жағып қоюдың өзі әбестік әрі күлкілі. Атамыз қазақ үйдегі адамы түгел қырылып, артында ұрпағы қалмаған адамды «түндігі ашылмай қалды» деп айтатынын, қазақ ауылдарында сиыр түске дейін түндігі ашылмай қалса, «Үй иесі өліп қалған жоқ па» деп арнаулы барып хабарын білетін салтын кино түсіргендер де, кеңесшілер де ұқпайтын болса керек. Бейбіт күнде түндігі, туырлығы жоқ үй білген адамға жау шапқаннан кейінгі ауылдың көрінісі сияқты елестейді. Сол киіз үйді тігушілер үйді басқұрмен белдеулегенді, бас құрды керегенің арғы жағынан ұстамай, бергі бетінен ұстап, кереге басын жауып тастағанды қай атасынан көрді екен?!

Үйдің іші де көрген кісінің қарнын аштырады. Төсектің үстінде айқастырып тастай салған аң терілерінен басқа мүлік жоқ. Тым құрығанда қазақтың шағи көрпе, құс жастығын табуға болар еді ғой. Мәсі емес, қос табан етік киген билер аяқ кимін де шешпестен төрге шығып, малдас құра алмай қиналып отырады. Алдыға жайған дастарқанның өзі жұтаң. Ақ сарбас қой, көк қасқа тай соятын қазақтың дастарқанында бас бастаған бір кәделі жіліктің жоқтығы қынжылтады.

Қатысты деректерге сүйенсек, «Қыз Жібек» фильмін түсіру үшін 8-10 қанатты шаңқан ақ үйлер арнайы жасалса, түрлі түсті ши, таза ақ жүн, керегені талдан ію үшін солқылдаған жас боз талдар қолданылыпты. «Абай» фильмінде ондай көріністің біреуі жоқ. Әлде кімдердің тозған үйін әрең сұрап әкелгені көрініп тұр. Әсілі Абай фильмі үшін 6, 8 қанат киіз үйден бір қаншауын жасатса, көп қаржы да кетпейтін еді. Моңғолия қазақтары жасаған керегінің қарына дейін күмістеген киіз үйді әкеліп, Құнанбайдың үйі деп көрсетсе, салтанатымыз кімнен кем соғар еді?! Ол қымбат десек, 2 миллион теңгеге келіскен киіз үй жасатуға болар еді.

«Қыз Жібек» фильмінде жеке адамдардың қолынан ер-тұрман, сауыт- сайман, киіз үй жиһаздары және басқа да сатуда жоқ кілем, текемет, сырмақ секілді заттарды сатып алу үшін 10 мың сомға дейін ақша жұмсауға рұқсат етілген. Ал «Абай» фильмінде «Сайлау өтеді» деп әр болыс әкеп тіккен бес алты үйдің ішінде «Қандай керемет» деп таңдай қағатындай бір үй жоқ болғаны ұят шаруа. Ал киіз үйлердің алындағы қарағай сырықтан салынған не қора емес, не үй емес абалардың неге қажет болғанын түсіне алмай дал болдық. Тіпті кейде билердің сонда тұрып билік айтатынын қайтесің!? Атағы алатаудай билерді қорада көрініске түсіріп қораш көрсеткенше, төбе басында кеңес құрып отырған көрінісі ретінде алуға да болар еді ғой.

Фильмнің сценарийі дұрыс таңдалмаған. «Қыз Жібек» фильмнің сценарийі алғашында «Аққу» деген тақырыппен 1944 жылы жазылып, 1967 жылы жаңа сценарийлерді бекіту кезінде дайын сценарий ретінде еске түскенін ескерсек, фильмді түсіруден бұрын алдымен сценарийге бәйге жариялап, соның ішіндегі ең үздік бір қаншауын таңдап алып, оларды қайта біріктіріп, оны жазушы, этнографтарға қайта талқылатып сүзгіден өткізу керек еді.

Бізше болғанда, Абай фильмінде шілдехана, тұсау кесер, қыз ұзату, мал сою, ет жіліктеу, бас тарту, жүн сабап, киіз басу, көкпар, асау үйрету, шалма салу, құрықпен жылқы ұстау, ат тағалау... сияқты дәстүрдің бәрін көрсетіп кетуге мүмкіндік бар еді. Бірақ Такежанның шұрқыраған жылқысын екі жаяуға бақтырып, олар от жағып отырғанда Базаралының қуып кеткенін барымтаны бейнелеу үшін алғанына қарағанда, ондай қосалқы элементтерді ескермеген. Бұрынғы қазақ жылқышылары «Жаудың көзіне тез түседі» деп түнде от жақпайтынын кино түсіргендер білмесе керек. «Қыз Жібек» фильмінде арнайы қаулы негізінде, ауылшаруашылық министрлігіне фильмге керек таңдаулы 40 ат тауып беру жүктелген екен. Ал бұл фильмде ұзаса 20-30 ат қана бар секілді.

Ат әбзелдері туралы да айтар көп. Аттың басына ноқта салмай, тізгіннен байлап қою, Абай, Құнанбайлардың жалғыз төс айылы ғана бар осы замандық үлгідегі ер тоқымды мініп жүргені де кинодағы басты қателік. Мұражайларда тұрған Абайдың ер-тоқымы сияқты бір ер тоқым жоқ. Аға сұлтан Құнанбайдың астында төрт тұрманы түгел бір күміс ер тоқымның, атының басында бір күміс жүгеннің, қолында әдемі бір қамшының болмағанын қалай түсінуге болады?! Қазақта ер тоқымның түрінің өзі оннан асады, одан да көп болуы мүмкін, соны ескермей, осы замандық үлгідегі жөнсал ерді шалға да, балаға да мінгізген дұрыс емес.

Қамшы демекші, қазақ қамшыны атты қамшылаудан сырт, сән үшін, қару үшін де ұстаған. Егерлескен екі адам пәтуаға келгенде ортаға қамшы тастап келіскен кезі де болған. Бірақ дәл «Абай» фильмдегідей төрдің басында отырған билерше қолдарына шбыртқы ұстап шошаңдап отырмаған. Сондай-ақ ауыл арасындағы төбелесте шоқпардан гөрі қамшы көбірек қолданылады. Атпен ауылға дейін тасырлатып шауып келу де қазақ салтында жоқ. Оны да ескеру керек еді.

Фильм түсірген кезде қыз Жібектің 10 түрлі киімі болу керек деп бекітіліпті. Жасанды, боялған материялы экранда білініп қалады деп костюмдерге қажетті барқыт, мақпал, Жібек, шәйі, батсайы, пүліш, көйлек-камзолды әдіптейтін құндыз, сусар, елтірі, киімді оқалайтын жақат, інжу-маржан қолданылған екен. Фильм суретшісі Гүлфайруз Ысмайлова бастаған таңдаулы шеберлер қыздардың камзолдары мен көйлектеріне, жүздеген, мыңдаған моншақтарды бір-бірлеп өз қолдарымен қадаған екен. Ал «Абай» фильміндегі кейіпкерлер жаздың шіліңгір ыстығында түлкі тымақ, сырыған шапанмен жүреді. Қарап отырып пысынап кетесің. Ұзын шапандары атқа мінсе аттың артын жауып, жалбырлап жүреді. Атқа мінген қазақ екі етегін жинап, тақымның астына қысып алатынын, киімнің етегі атқа тисе, тер сіңіп кететінін білмей ме, ескермей ме?!

Қазақтың сән-салтанатын әйгілейтін тағы бір көрініс көш. «Абай» фильмінде атақты Бөжейдің қаралы көші Ауғанстаннан ауған босқындардың тобы сияқты көрсетілген. Бөжейдің тұлданған атынан басқа ұлттық дәстүрімізге саятын қандай көрініс бар? Көшкенде керегесін арқасына көтеріп көшкен қай қазақты көрді екен біздің кино мамандарымыз? «Қыз Жібек» фильмінде «Сырлыбайдың ауылы» деп аталатын көріністерді түсіру кезінде «қырық көш» үшін ауылдардан 60 түйе әкелініпті. Ал «Абай» фильмінде түйелі көш жоқ. Қодарды асып өлтіргенге бір түйе әкелгені болмаса, түйе түлігі атымен жоқ.

Түлік демекші, Құнанбай ауылының мыңғырған малы да даланың сәні емес пе, ауылына келген құдайы қонаққа қазақ салтымен бір ақ сарбасты көлденең ұстап бата сұрау да дәстүрді ұлықтау болатынын ескерген жөн.

Ал қамаудан келген Абайға әйелдердің шаптығуы, Абайдың шай сұрауы, өлімді жол-жөнекей шауып келіп естірте салуы, Абайдың жер бауырлап, шаңға аунап жылауы, оны қолтығынан демейтін бір адамның жоқтығы, Ділданың енесі келгенде жалаңбас, аяғын да жимай бөксесін енесіне қаратып жылап жатуы... сияқты көріністердің бәрі фильмнің құнын түсіріп тұр. Ал фильмнің тілі туралы ақын-жазушылар айтар...

Қалиакбар Үсемхан

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969