Нұрболат АМАНЖОЛ. Ұялы телефонмен жазылған кітап
Мақала тақырыбын оқи сала ә дегеннен «Техниканың жеткен жері осы ма?» десеңіз қателесесіз. Қалам-қағазсыз дүниеге келген әдебиеттің әлемдік деңгейге жетпесіне біз де бас шұлғимыз. Әйтсе де бұл қағиданың біздің бүгінгі кейіпкерімізге түк қатысы болмас. Сыр өңірінің Шіркейлі аталатын шағын ауылының тумасы Нұрмұхаммед Әбілқасымов таяуда ғана тұсауы кесілген «Тағдырымның жанары» атты кітабын ұялы телефонмен қалам-қағаздан қашқандықтан емес, басқа қылар амалы қалмағандықтан жазды. Тағдыр оны қалам ұстайтын қолдан, ауызша айтар тілден шектеді. Жас ақын өлеңдерін тістеген қаламымен телефон пернелерін теру арқылы бір кітап етіп шығарды. Міне, қаламгер ерлігінің ерені - осы шығар...
Әлқисса, әңгімемізді Нұрмұхаммед өміріндегі кейінгі жеткен қуанышынан бастайық. Жыл жаңа басталғанына қарамастан, жас ақын облыс әкімінің стипендиаты атанып үлгерді. Бұл өткен жылы жаңалығы көп болған жігіт қуанышының жарасымды жалғасын табуы болып отыр. Мұндай қуаныштар ақынға шабыт сыйлайды.
Мақала тақырыбын оқи сала ә дегеннен «Техниканың жеткен жері осы ма?» десеңіз қателесесіз. Қалам-қағазсыз дүниеге келген әдебиеттің әлемдік деңгейге жетпесіне біз де бас шұлғимыз. Әйтсе де бұл қағиданың біздің бүгінгі кейіпкерімізге түк қатысы болмас. Сыр өңірінің Шіркейлі аталатын шағын ауылының тумасы Нұрмұхаммед Әбілқасымов таяуда ғана тұсауы кесілген «Тағдырымның жанары» атты кітабын ұялы телефонмен қалам-қағаздан қашқандықтан емес, басқа қылар амалы қалмағандықтан жазды. Тағдыр оны қалам ұстайтын қолдан, ауызша айтар тілден шектеді. Жас ақын өлеңдерін тістеген қаламымен телефон пернелерін теру арқылы бір кітап етіп шығарды. Міне, қаламгер ерлігінің ерені - осы шығар...
Әлқисса, әңгімемізді Нұрмұхаммед өміріндегі кейінгі жеткен қуанышынан бастайық. Жыл жаңа басталғанына қарамастан, жас ақын облыс әкімінің стипендиаты атанып үлгерді. Бұл өткен жылы жаңалығы көп болған жігіт қуанышының жарасымды жалғасын табуы болып отыр. Мұндай қуаныштар ақынға шабыт сыйлайды.
Нұрмұхаммед Қанатбекұлының сәби күні сал ауруымен күреспен өтті. Баласының сырқат екенін білген ата-ана оны арқалап, берісі - Алматы, арысы - Мәскеудің ең озық деген емдеу мекемелерінің бәріне ат шалдыртты. Алайда жылдарды жылдарға жалғағаны болмаса, балаға ем қонбайды, дәрілерден дәрмен болмайды. «Науқастың ми талшықтары семген. Оны қалпына келтіруге медицинаның мүмкіндігі жоқ» деп алақан жаяды ақ халаттылар.
Жаратушы Құдай бір жағын кем берсе, бір жағын артығымен береді. Нұрмұхаммед те зеректігімен ерте көзге ілінеді. Мектепке бармаса да, анық сөйлей алмаса да, әріп танып, кітап оқуға құмартып алады. Оның білім алуына қарындасы Жұлдыздың үлкен көмегі тиген. Ағасына кітап парақтап беріп отыру арқылы-ақ үлкен сауапқа кенеледі. Күн-түні кітаптың тұнығына үңілген Нұрмұхаммед әдеби тұрғыдан төселеді, дүниетанымы кеңейеді. Телефон мен таяқ көмегімен көкірегін жарған алғашқы туындылар туа бастайды. Ақындық әлемінің қақпасы осылай ашылды:
«Білімді құмарланып терең қаздым,
Түскендеймін түбіне кемел наздың.
Аяқ-қолым ырқыма көнбеген соң,
Аузыма ағаш тістеп өлең жаздым»...
Міне, осылай дүниеге келген өлеңдерді Жұлдыз қарындасы қағазға түсіреді. Нұрмұхаммед өлеңдерінің көбі тағдыр мен тауқымет тақырыбына арналған. Әлбетте онысы заңды да. Оның алғашқы жинағының «Тағдырымның жанары» аталуы да осымен байланысты. Нұрмұхаммедтің тағдыры Аралдан шыққан ақиық ақын Зейнолла Шүкіровты еске түсіреді. Бірақ тағдыр Зейнолланы қос аяқтан айырса, біздің кейіпкерді аяқпен қоса, қос қолдан да, тіпті тілден де шектепті. Бірақ жүрек тілі екеуінде де сайрап тұр. Мұны Нұрмұхаммед өзінің «Бұл өмірден не алдым?» деген өлеңіне қосады:
- ...Мұңайсам Мұқағали мұңын шалдым,
Өмірде Зейнолланың зілін алдым.
Алланың бұйыртқаны осы шығар,
Алмас қылыш өтпейтін тілін алдым...
Міне, тілдің құдіреті балаң жігітті шағын Шіркейлі ауылын былай қойып, облысқа, тіпті республикаға кеңінен танымал етті. Жыр жинағын шығарып, облыстық деңгейде шығармашылық кешін өткізген ақынның 2011 жыл соңында «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының қолдауымен «Бауыржан» қайырымдылық қоры ұйымдастырған мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жыл сайынғы «Самғау» сыйлығын жеңіп алғанына да өзіміз куә болғанбыз. Осылайша, республиканың мүмкіндігі шектелген барша жасына өзінің ерен ерлігімен тағдыр теперішіне мойымай, күресуге болатынын көрсетті ол. Нұрмұхаммедтің анасы Гүлзада Досбергенованың әңгімелеуінше, баласы бұл тағдырына да бақытты. Арман да бар, әрине, бірақ тәубесі, шүкірлігі басым. Қазіргі қиналатыны - көкейдегі ойын түсіре алмай қалатын кездер болады. Әрине, телефонның шыққанына да тәубе, бірақ түн ортасында шабыт қысса, соны алдына алудың өзі мұң ғой. Мұңайтатыны - осы тұс, әйтпесе жырдан жұбаныш тапқан жігіт өлеңді - бақыт деп білетіні рас:
«Өлеңім, серігімсің сыр аштырар,
Толқығанда өзіңсің қыр астырар.
Мықты өлең дүмпуімен сілкігенде,
Жабық жатқан қазанды бір аштырар.
Болар бала бесікте бұлқынады,
Өсе келе жан-жағын сұрастырар.
Абайдай ұлы ақын жырлағанда,
Сөз маржанын кетіксіз құрастырар»...
Жас қаламгердің ақындықтан артылып тұрған қырлары да көп. Шахмат пен дойбыдан ауданның алдына жан салмас чемпионы. Әрине, қарындастың көмегі мұнда да қажет. Ағасының күрмелетін тілін осы Жұлдыз ғана түсінеді екен. Ағасы айтып отырады, қарындасы тақтадағы тастарды қозғайды. Одан бөлек, Нұрмұхаммед - дипломы жоқ географ, әрі этнограф. Әлем картасын алдына жайып салсаңыз, қай мемлекеттің қай жерде орналасқанын астанасымен бірге, бүгінгі жалпы жағдайымен бірге жатқа соғып береді. Қазақ тарихын хронологиялық ретпен әңгімелейді. Төрт түлік малдың түр-түсін, тегін түгендеуде ауылдың шаруалары үйде жатқан Нұрмұхаммедтен кеңес сұрайтын кездер де болады. «Көп жасағаннан емес, көп білгеннен сұра» деген сөз осындайда шықса керек-ті...
СӨЗ СОҢЫ:
Қайсар ақынның есімі бүгінде Сыр өңіріне танымал. 2011 жыл мәресінде Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрында Нұрмұхаммедтің алғашқы шығармашылық кеші өтті. Мұнда облыс әкімі оған нетбук сыйлады. Ұялы телефон пернелерінен гөрі нетбукте терген қолайлырақ. Көкірегі ояу жастың келесі кітабы, міне, компьютерде дайындалып жатыр. Нұрмұхаммед ақын ретінде бір арманына осылай жетті. Жеткізбей тұрған тағы бір арман бар. Алланың бұл фәниге жіберген адамы ретінде артында тұяқ қалдырсам дейді. Бірінші арманға көмектескен - ұялы телефон болса, Нұрмұхаммед екінші көмекті - жасанды ұрықтандырудан күтеді. Бірақ бұл шаруа қиындау. Бір жағынан қаржы керек, екінші жағынан ана болар келіншек керек. «Жараларым дақ қалмастай жазылады, ойымдағы арманым орындалса» дейді Нұрмұхаммед...
«Айқын» газеті