Интернет-конференция: Досай Кенжетай (жалғасы)
Интернет-конференциямыздың құрметті қонағы Досай Кенжетайұлына қойылып жатқан сауалдардың дені дін тақырыбын құрайды. Өзі де осы мазмұндағы сауалдарға білімі кемел ғалым оқырман қауымның білгісі келетін қандай мәселеге болса да ыждағатпен жалғасты жауап беріп отыр.
"Абай-ақпарат"
- Досеке, осы сопылык жолдағы мақсат Аллаға жету, қауышу. Ал осы жолда пірдің қаншалықты ролі бар. Оның разылығы, назары, келісімі рухани дамуыңа немесе сопылық жолдағы сапарыңа себпітігін немесе кедергісін тигізеді ме? Егер пір әділетсіз болса ше? Пірдің айтқаны, ойлағаны тікелей Алладан деп пайымдауға бола ма?
Интернет-конференциямыздың құрметті қонағы Досай Кенжетайұлына қойылып жатқан сауалдардың дені дін тақырыбын құрайды. Өзі де осы мазмұндағы сауалдарға білімі кемел ғалым оқырман қауымның білгісі келетін қандай мәселеге болса да ыждағатпен жалғасты жауап беріп отыр.
"Абай-ақпарат"
- Досеке, осы сопылык жолдағы мақсат Аллаға жету, қауышу. Ал осы жолда пірдің қаншалықты ролі бар. Оның разылығы, назары, келісімі рухани дамуыңа немесе сопылық жолдағы сапарыңа себпітігін немесе кедергісін тигізеді ме? Егер пір әділетсіз болса ше? Пірдің айтқаны, ойлағаны тікелей Алладан деп пайымдауға бола ма?
- Сұрағыңыздың жауабы ішінде екен. Егер пірің кемел адам болса, онда саған септігі бар, ал егер жалған пір болса, уақытыңның босқа кеткені. Егер пірің кәміл болса, онда «фана фи шайх» мақамы бойынша, осы жолда даму көрсетесің.
- Көшпелі бабаларымыз әсіре діндар болмаған, діннің бәріне шыдаммен қараған, бірақ өздері жаратқаншыл болған. Себебі неде деп ойлайсыз?
- Себебі жауабыңыздың ішінде сақтаулы тұрған сияқты. Көшпелі бабаларымыздың әсіре діншіл болмауының, діннің бәріне шыдаммен қарауының, бірақ өздерінің жаратқаншыл болуының негізгі себебі түркілік діннің универсалдылығында және цикльді ойлау жүйесінде жатыр.
- Мұрат Аджидың еңбектерімен таныссыз ба? Христиан дініне қатысты жазбаларына не дейсіз?
- Жақсы жазылған, танымдық мазмұны бар құнды еңбек дер едім.
- Иасауи тарихаты не себепті кеңінен зерттелмеген. Әсіресе Батыс ғалымдары арасында. Мұның себебін М.Бұлтай айтпақшы: "Иасауи тарихатының 14 ғ. жойылып кеткенінен" іздеу керек пе әлде, З.Жандарбек айтпақшы: "Нахшбандия тарихатының Иасауия мұраларын қасақана құртып, жойғанынан" іздеген дұрыс па?
- Себебі Иасауи тариқатының кеңістігі негізінен Орталық Азия болып қалды. Ал ол жер кешегі кеңестік идеология қыспағында болды. Иасауитану зерттеулері бүгінгі таңда енді ғана қолға алына бастады.
- Шәкәрімді, Абайды, Мәшһүрді сопы деп жүр. Сопы болса, олар қай тарихиттың өкілі екен? Әлде сопы болу үшін тарихат, пір шартты нәрсе ме?
- Мәшһүр мен Шакәрім бабалар нақши тариқатынан сусындаған. Сопы болу тариқаттың «тәуба»мақамынан өтіп, пірге қол берумен басталатын ұзын да бұралаңы көп, қиын да ауыр жол. Сабыр мақамына жету екінің бірінің қолынан келетін іс емес.
2012 жыл туралы ел ішінде әртүрлі әнгімелер бар. Осы 2012 жылы Махди келмей ме? Жалпы өзіңіз осы идеяға қалай қарайсыз.
Махди идея ретінде суннилерде де бар. Жалпы барлық дін атаулының өзінде бар құбылыс. Сондықтан бұл феноменді универсалды дей аламыз. Ал егер биыл махди келсе, күтіп аламыз...
- Егер сопыларда ақиқат болса, неменеге бөлінген, мысалы Нахшбандия, Ясауия, Кадария, Бекташия және т.б. болып?
- Хақиқатқа бара жол шексіз. Сондықтан оған барар жол, яғни метод да шексіз сондықтан тариқаттар да өзінің әдістеріне қарай, кеңістігіне қарай бөлініп кете береді. Онда тұрған ештеңе жоқ.
- Сопы болған жақсы ғой, бірақ анау басты арлы берлі бұлғаңдатып, бақсыларша миын майша шайқау - адами қалыпқа жарасады ма екен, Досай аға, қалай ойлайсыз? Рухани мәңгүрттіктің белгісі емес пе екен бұл? Досай аға, сопылық тарихымыз дегенмен, осы бас шайқау әрекетін шын көңіліңізбен қабыл еттіңіз бе, түйсігіңіз дұрыс қабылдады ма?
Жауап күтемін. Алдын ала рахмет.
Астаналық қарындасыңыз
- Ол зікір салудың формасы ғана. Ол «чахар зарб», яғни, төрт жақтан ұру деген сөз. Жүректі зікірмен игеру методы. Психотехникалық тарихы терең әдіс. Оны бүгінгі сопылар ойлап тапқан жоқ ол бұрыннан бар, жахри тариқаттардың зікір салу формасы. Оның түрлері де көп, зикри арра, зикри халқа, зикри занги және т.б. жалпы жахри зікірдің отызға жуық түрлері бар.
- Жеті адамға жан берген Мүсәрәлі Сопы қай жерде жерленген? Баба Түкті Шашты Әзіз мазарында ма, әлде Түркістандағы Яссауи бабамыздың кесенесінде ме?
- Ұмытпасам Шаянда болу керек........
- Досай аға, осы Жылаған ата түралы толығырақ мағлұматты қайдан білуге болады? Ол кісі де сопы болған ба? Жылаған ата жатқан жерге барып Құран оқыса, құп-құрғақ бұлақ басынан 3-4 минут бойы атқылап су шығады деген рас па? Оның құпиясы неде екен? Рақмет.
- Ол туралы Түркістан орталық музейінің туризм бөлімінен білуге болады.
- Досай Тұрсынбайұлы, ҚР Дін істері агенттігінің Сопылыққа көзқарасы қандай? Ол жердегі мамандар, басы Қ.Л.Шариф болып Иасауия тариқатын толықтай біле ме?
- Көзқарастары белгілі. Онда мен танитын Қазақстанда тұңғыш философия бойынша докторлық қорғаған Айдар Әбуов Парқұлұлы, әдебиет саласы бойынша Айнұр Әбдірәсілқызы Түлкібаева бар. Жалпы Иасауиді біледі деп есептеймін.
- Сәлеметсіз бе, Досай аға! Қазақстанда ваххабиттер соншалықты терең тамыр жайған ба? Ваххабизм бізге несімен қауіпті?
- Вахаббизм қазіргі қазақ жастары арасында өте терең ықпалға ие ағым болып отыр. Бұл ағым Ханафи мазхабын «кәпірлердің мазхабы» деп танитын, исламдағы революциялық сипаттағы, Матуруди ақидасына төзімділігі жоқ, қазіргі заман талабына пысқырып қарамайтын, Құранды жаттанды ережелер мен нормалар ретінде қарайтын, кез келген аятты сөздік мағынасында түсінуге шақыратын, Тауил дегенге жаны қас, ақылдың таразысын төңкеріп тастайтын, өздерінен басқаның барлығын мушрик дейтін, өздерінің шариғатынан басқаның барлығына бидғат ретінде қарайтын, ақыл мен нақлды ұштасыра алмайтын, өздерінше «ислам дінінің полицайы» көрініп жүрген, ғылым мен білімге емес, көрсоқырлыққа бастайтын, сақал мен автоматты өлшемге айналдырған, бүгінгі исламофобияның негізгі аспектісіне айналған, күні өткен ескірген идеология болғанымен, Қазастанда жаңа сипатта танылып жатқан, Саудияның өзі құтыла алмай отырған «изм». Бұл туралы толығырақ менің «Діни таным және оның сатылары» деген еңбегімнен оқуларыңызға болады.
- Ассалаумағалейкум, Досай аға. Жоғарыда әр алуан тамаша сұрақтар қойылып жатыр. Коментаторлардың діни білімдеріне сүйсініп отырмын. Менің қояр сұрақтарым: Яссауи тариқаты мен Қадария тариқаттарының ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы айтыңызшы?
- Екеуі де исламдағы негізгі тариқат ретінде сунни тарихында ерекше орынға ие. Айырмашылығы методтарында ғана, ұстанымы мен идеясы бір. Зікірлері негізінен жахри. Кеңістіктері де ортақ, Туркияда кеңінен тараған.
- Бұрынғы кездегі Нақышбандия өкілдері мен қазіргі кездегі нақышбандтардың айырмашылықтары бар ма?
- Тариқат ретінде методологиялық айырмашылық көрінбейді. Олардың өкілдерінің мектептеріне қарай көп тармаққа бөлініп кеткен.
- Түркия елінен келіп миссионерлік саясатын оп-оңай іске асырып жүрген "нұршылар" (Гуленшілер деп аталып жүр соңғы кездері) қазақ еліне қауіпті ме? Болса, несімен?
- Саясатқа араласпағанша қауіп жоқ. Олардың методологиялық, социологиялық және иерархиялық терең негіздері үркітеді. Ақидасы мен ұстанымдары жат емес. Олардан қорқатындар саяси сипатынан кауіптенеді. Мысалы Ресей.
-"Музыка тыңдау харам" деушілерге жауабыңыз қалай болады?
- Исламда музыканың орны ерекше. Пайғамбарымыз музыканы жатсынбаған. Сондықтан Фараби атамыз «»Үлкен музыка кітабын» жазып қалдырған. Ондағы танымдық негіз - әлем мен рухтың үндестігі музыка арқылы бақытқа жетумен түсіндірілген. Ал музыканы харам дегендер көкірегіндегі рухтың қай әлемнен екендігін сезінбей жүргендер... олар көбінесе соқыр сенім мен ұрандап жүрген, исламның мәнінен жырақтағандар болу керек. Қазір оған таң қалуға болмайды: бас басына муфтилердің көбейген кезі. Муфтиаттың үнсіздігінің нәтижесі.
- Иасауи атамыздың Құран мен суннадан еш алшақ кетпегенін қалай дәлелдейміз?
Дәлел деген сөз артық. Оны дәлелдеу емес, қалай білеміз, қалай танимыз деген дұрыс. Ал оның сөздері Құранмен үндесе ме десеңіз онда хикметтерін алып, Құран аяттарымен салыстырып көріңіз. Өзі «Менің хикметтерімнің бар мағынасы Құраннан», «Менің хикметтерім хадистің кені» деп анықтаған. Иасауи ілімі Құрандағы моральдық желіні өзіне негіз ретінде алған. Сондықтан оны Шәкәрім ар түзейтін ілім деген. Толығырақ «Қожа Ахмет Иасауи дүниетанымы» деген еңбегімнен оқыңыз.
(жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»