Мәшһүр Жүсіптің болжауы. Шыны қайсы, өтірігі қайсы?
Ақиқаттан алыстамайық!
Мәшһүр Жүсіп тағдырын бұрмалау үлкен күнә!
Соңына мол мұра қалдырған, қазақтың шежіресі мен аңыз әңгімелерін, тарихын тарқатқан ғұлама, қазақтың дана ақыны, әулиесі, көріпкелі болған, тағдыры сан алуан, тылсым дүниенің біз білмейтін сырын аңғарған Мәшһүр Жүсіп бабамыздың көзінің тірісінде жаназасын оқытып, зиратын салдырғаны жөнінде қазіргі кезде интернет бетінде неше түрлі, жөн-жосықсыз, басы дұрыс басталып, аяғы қисынсыз аяқталатын әңгімелер тарап жүр.
Біреулер: «Мәшһүр Жүсіп зиратын 1921 жылы өзі қайтыс болардан 10 жыл бұрын дайындатыпты, асын да 10 жыл бұрын бергізген-мыс», деп бұрмалап айтып жүр. Екіншілері: «Денесін отырғызып жерлепті», десе, тағы біреулері: «Жаназасын келіні шығарыпты», дейді.
Осындай ойдан шығарылған, мүлдем кереғар пікір, қисынсыз, дерексіз айтылғандарды көріп, оқи тұра ұрпағы ретінде үндемей қалуды өзіме ар санап, нақты білгендерімді ортаға салуды жөн көрдім. Сайып келгенде шындығы төмендегідей.
Мәшһүр бабамыздың қандай адам болғанын өздеріңіз білесіздер. Ақын, шежіреші, фольклорист, философ, тарихшы, ғалым. Ол кісі 1858 жылы Баянауыл ауданының Қызылтау деген жерінде (Баянауылдың оңтүстік-шығыс жағында 70 шақырымдай қашықтықта орналасқан қазіргі Жүсіпбек Аймауытов атындағы ауыл) туған. Қайтыс болып жерленген мекені Баянауылдың күнбатыс жағында, 80 шақырымдай жерде орналасқан Ескелді деген жер. Зиратын қалай салдыртқанын өз көзімен көрген, 14 жасына дейін Мәшһүр атасының тәрбиесінде болған немересі Төлеубай, менің әкем былай деп жазады:
1929 жылы Мəшекең зиратын салдыруын қолға алғызады. Жалғызтөбе деген төбені белгілеп, жерін қаздырды, артынан қалатты. Екі бөлмені үй ретінде қалатып шықты. Төбесі əйнек, терезесі төр үй болатын жататын жерін кең қаздырып, ішінен іргелерін жалаң қабағы жер бетіне шейін қара кірпіштен қалатты.
Іргеден топырақ түспес етіп, осының бəрін бүкіл елі болып, жабылып бітірді. Ақирек, Талпақ жақ – Таластан екі қалаушы келді. Əкесінің аттары есімде жоқ. Бірінің аты Олжабек, руы - Тұлпар, екіншісінің аты Сəрсембай. Негізі Талас руынан болу керек. Бұл кісілер əдейі өздері келіп қаласты. Жерін қазған адамдар: Үлкен немересі - Шарапиұлы Бап, Ысқақұлы Базарқан, Дұсжан, Сабырұлы Жаныс, Шатаұлы Əйтім, Жүсіпұлы Шадым, Мағұзымұлы Хамит, басқа да жігіттер болған еді. Бұлар Мəшекеңнің барлық жұмысына ерен еңбек көрсеткен өзінің нағыз оң қолы болғандар.
Бір бас қосуда бір ақсақал: Мəшекең зиратын салғызып жатыр дегенді естіп, бүкіл ел дүркіреді. Байқаймыз зиратыңыз үй түрінде салынып бітті. Бұл ісіңізге қайырлы болсын айтамыз, дейді.
Мəшекең: Ой, Алла-ай, сақтай көр, маған бір төбенің басын көпсіндіңдер ме, деп қарқ-қарқ күлмесі бар ма? Мəшһүр баяғыда:
Жетпіс үшке келгенше,
Балталасаң да өлмеймін.
Жетпіс үштен ары қарай
Алтын үйге салып асыратсаң да бармаймын, деген жоқ па, деді. Сол жетпіс үш жақындап қалған жоқ па, деді. Бұрынғылар айтқан екен: «Жақсының аттан жығылғаны да жақсы», деп. Осындай сөздері есімізде сақталып қалған еді.
Əлі есімде, Құсайынның Мəлігі пар түйемен үлкен баласы қалмай үйінен бірнеше бөлмелі ұзын сары «шкафын» əкелді. Бұған көргендер таң қалды. Содан төр үйіне оңтүстік қабырғасына апарып орнатқызды. Сөйтсе өзінің парсы тілді кітаптарын, бүркітінің томағасы мен балақбауын, ителгісінің балақбауы мен томағасын, дойбысын, насыбай үккіш шоқпарын, осыларды қойғызу екен.
Пар атының сайманын, сарт ер-тоқымын, осыларды басына қойғызу екен. Есігінің босағасына 41 кəріжілікті ілдіріп қойғызды. Бұларын өзі қайтыс болған соң айтқаны бойынша бəрін орын-орнына Шарапи апарып қойды. Өңге заттары киіз үй, үй жиһаздары, төсек орны, киім-кешектері, жазба мұралары, кітаптары, ат-арбасы, бəрін Шарапиге қалдырды. Бұларына сөз айтқан жоқ.
1931 жылы дүниеден қайтқан соң, қағаз кітаптарының арасынан үлкен қағаз шайдың біржағына қауырсын қаламмен баттитып жазған қағазы табылды. Онда: Менің төсектерім кең болсын деген екен, содан екі бөлмелі үй салдырдым, депті.
Бұл ой былай айтылған.
«Біреу көлігі жүре алмай келеді, біреу жаяу шаршап келеді, біреу боранда адасып жүреді. Сонда басыма келіп паналап, аман аттанып, «бүгін Мəшһүрге түнеп шықтым», деп үш рет Құдайға рахмет айтса маған осы жетеді, депті. «Құран оқып əуре болмай-ақ», депті. Бұл жазған қағазынан 1936 жылы Шарапи қайтыс болғаннан кейін бəйбішесі Зейнеп айырылып қалған көрінеді. Бұны Зекең өзі анда-мұнда көшіп жүргенде айырылып қалдым ғой, деді . «Ақиқат» кітабы. «Дайк – Пресс», 2019 жыл, 285-286 беттер.
Тағы бір дерек, Төлеубай мен Қонақтан кейін туған кенже немересі Көпеев Сүйіндіктің жазбасында бабамыз 1929 жылы жатар орнын дайындатуды қолға алады. Үлкен келіні Зейнептің Дұсжан деген інісіне қаздырып, өзі үнемі басында отырады. Енін, ұзындығын, биіктігін екі жарым кез етіп алдырады да, ол біткең соң, көңілі әлде бірдеңеге дауаламағандай тағы да біраз тереңдету керектігін айтады. Күндегі әдетінше, ертеңгілік тағы да басына келіп отырады да, дұға етеді. Бұл кез Дұсжан бірыңғай қиыршық тасты жер үйіндісінің астынан тұтасқан бір ақ күлгін түсті тастың белгі бере бастағанын байқайды. Сөйтеді де:
– Моллеке, мына жердің тасының түсі өзгере бастады, әрі тұтас жатқанға ұқсайды, енді не істейін, бөлектеп уақтайын ба, - деп жоғарыға қарайды.
– Жоқ, Дұсжан. Менің де күткенім сол болса керек. Сындырмай тұтас ал да жоғарыға шығар, - деп тағы дұға оқиды. Биіктігі бір жарым, ені бір кезге таяу, қалыңдығы 20-30 сантиметр бұл тасты аты-жөнін жазып, басына белгі етіп қойғызған екен көзі тірісінде. Сол тастың қалдығы әлі сақтаулы. Ал, зират үйін екі бөлмелі етіп салдырған. Төргі бөлмесіне өзін ашық қоюды өтінеді. Ауызғы бөлмеге ыдыс-аяқ, төр бөлмеге кітап-құрандарын, ер-сайман, кілем, үккіш т.б. пайдаланған заттарын түгел қойғызады. Насыбай шақшасына әрдайым дайын насыбайды толтырып кетіп отыруды өсиет етеді.
- Қысы бар, жазы бар, әрі-бері өткен жолаушылар келіп түнеп қалса, барлық мүлкімді пайдалансын. Бірақ жуып-тазалап қайыра орын-орнына қойып кететін болсын. Қорықпасын, мен көрден тұрып ешкімге де бас салмаймын, - деп тапсырады. Бұл жерде Мәшһүр:
– Мен өлгеннен кейін қырық жылға дейін денем бұзылмайды. Тірі адам көзі көреді, серт етем. Тек жаздың ыстық айлары ақыретімді айырбастап отырыңдар, қыста керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады, - деп үлкен баласы Шәрәпиденге шырақшылықты өсиет етеді.
Сөйтіп, Мәшһүр 1931 жылдың күз айының аяқ кезінде дүние салды. Одан бұрын тірісінде өзіне-өзі дұға оқытқызған.
«Көпейұлы Жүсіпке құдай рахмет айласын», - деп, сақ-сақ күледі екен де: «Маған келіп бата жасамақ түгілі әркімнің басына туар «тұрымтай тұсына» заман болады. Мен көрмеймін, сендер көресіңдер, көресіздер де көнесіздер», - дейді екен. Бұл қазақ еліне 1923 жылғы дүрбелең болып басталып, 1931-1932 жылғы адам қырғынымен, аштықпен аяқталған кезі еді ғой. 1952 жылы көрін ақтарып, үйін талқандап бұзып тастағанға дейін Мәшһүрдің денесі бұзылмады. Оны кезінде көзбен көрген адамдар көп болды. 1946 жылы Сәбит Мұқанов та зират басына барып, ішіне түскен еді. Мен де 1950 жылдың жазында ішіне түсіп, денесін сипаған едім. Сонда, жадағай жерде жатса да, бір түрлі хош иіс шығып тұрды. Ешбір құрт-құмырсқаның, жабық көрді де жайлап алатын сасық күзен, тышқанның ізі білінбеді. Мәшһүр дүние салып кеткеннен кейін де үнемі үкімет назарында болды. Оның мүрдесінің бұзылмай сақталып жатуы «шет елмен байланысы барға» жатқызылып, үлкен келіні Зейнеп төрт жылдай үнемі жауап үстінде болған. Бұл кезде үлкен баласы Шәрәпиден дүние салған (1936) болатын.
Келіні Зейнеп: «Тірі кезіндегісіндей арулағанда дәрет суын беріп тұруды ғана маған тапсырды. Басқа нәрсесін білмеймін, балаларына айтқан бөтен сөзі жоқ», – деп отыратын. Жалғыз-ақ мүриттерін бір жұма бұрын шақыртып алып, әңгіме-дүкен құрып отырып, ауырмай-сырқамай дүниеден өткен.
«Құдай аламын деп отыр, Шәрәпиден мен Зейнеп бермеймін деп отыр», – деп күледі екен де, дұға қылдырады екен. «Мәшһүр-Жүсіп өмірі» Көпеев С.Ш. «ЭКО» ҒӨФ баспасы, 19-20 беттер.
Мәшекеннің қалай жерленіп нар ағаш төсекте қалай жатқанын, белгілі халық жазушысы Дихан Әбілев төмендегідей еске алады.
Таңертең дастарқан басында, шəй үстінде Шарапи ағаға:
– Əуелі Мəшекең зиратына-мавзолейіне барып, жатқан жəйін көріп келсем, - деп едім: «Мұның білгендік!» – деді Шарапи аға.
Зират осы үйдің оңтүстігіндегі дөң үстінде болатын. Ауыз үйренген сөз болғасын зират дейміз ғой, əйтпесе, үсті екі бөлмелі кірпіш үй, асты Мəшекеңнің денесі жатқан кең сарай – Мавзолей! Ауыз бөлмеде – қазандық. Самаурын, шəйнек, шелек, ожау, тəрелке-қасықтарға дейін, төр бөлмеде – дөңгелек стол, кітап, жəйма төсеніш. Босаға жақ бұрышта насыбай үккіш, шоқпар, үстел үстінде мүйізді қара шақша жатыр.
– Бұлардың бəрі Молда атамның өз айтуынша осылай қойылды, – деді Шарапи аға.
– Дене?... – дедім үнім əрең шығып.
– Дене... Тап төр бөлменің асты есіңде шығар, былтыр жазда Молда атама бір «бата оқыр» үстіне келген едің ғой. Сонда Молда атам бəрімізді өзі бастап келіп, өзі қаздырып жатқан астыңғы қабаттағы «болашақ мəңгілік мекенжайым бұл», деп көрсетіп, сылқ-сылқ күлген еді ғой... Есіңде ме?
– Иə! Есімде.
Шарапи аға енді кідірмей еденнің кірер-шығар қақпақ есігін ашып, астыңғы бөлмеге – Мəшекеңе бастады. Бөлменің батыс іргесін ала біржарым метрге жуық биік нар ағаш төсек үстінде – үстіне ақ жабылған Мəшекең. Қайран жарықтық, Мəшекең жақсы бір түс көріп ұйықтап жатқанға ұқсайды. Пішіні, кескін-келбеті тірі күніндегісіндей сымбатты. Жүзіне көп үңіліп, едəуір тұрып қалған екем. «Ақиқат» кітабы. «Дайк – Пресс» 2019 жыл 203 бет.
Ал енді жаназасын келіні Зейнеп шығарыпты, деп айтып жүргендердікі де өтірік, жаназасын досы әрі замандасы Әбәйілда қажыға шығартқан. Әбайілда қажы Мәшекең досының мұнысына таң қалып: «Мәшеке, тірі адамға жаназа шығартқанды бірінші рет көріп тұрмын, мынауыңыз адам баласының тарихында болмаған нәрсе және шариғатта да жоқ, мұны қалай түсінуге болады? Бала-шағаңыз, ел-жұртыңыз бар ғой, ендігі жылы өзіңіз айтқан уақытыңызда дүниеден өткеніңізде жаназаңызды шығармаймыз ба, асыңызды ел боп бермейміз бе?», - дейді.
Сонда Мәшекең: «Ей, Әбеке, мен мұны еріккеннен жасап отырған жоқпын, ендігі жылы алапат аштық келе жатыр, сонда үрерге иттерің, сығарға биттерің қалмайды, жағдайым барында ел-жұртыммен дұрыстап қоштасып, жаназамды шығарғандарыңды нақты өз көзіммен көріп, асымды беріп кетейін деп отырмын, ендігі жылы мен дүниеден өткенде жаназама келе алмайтын жағдай болады», - деген екен.
«Келіні Зейнепке:«Мен көз жұмғаннан кейін қандай жоқтау айтып жылайсың маған», - деп сауал қояды екен.
Сонда келіні: Әуеде ұшар Лашын,
Лашын жаяр құлашын,
Атамды алған Құдайдың,
Келіні мендей жыласын, - деп, келіні көзіне жас алғанда Мәшһүр қарқ-қарқ күледі екен». «Мәшһүр-Жүсіп өмірі» Көпеев С.Ш.«ЭКО»ҒӨФ баспасы,49-бет.
Мәшһүр бабамыздың зиратына бала кезінде бірнеше рет барып қалай жатқанын өз көзімен көрген белгілі журналист, Екібастұз қаласының құрметті азаматы Қаңтарбаев Амангелді ағамыздың естелігін келтірейік.
1949 жылы ма екен, әлде 1950 жылы ма екен, ол кезде 6-7 жасар баламын ғой, нақ қай жылы екені есімде қалмапты, әкем «Одақ» деген колхоздың бір табын тайыншасын бағатын. Үйіміз Ескелді қыстауында. Бұл кезінде Мәшекеңнің (Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің) мекені болған жер. Зираты да қыстаудан алыс емес, 1,5-2 шақырымдай жерде, жалпақ сары адырдың үстінде.
Ескелді қыстауында жалғыз үй тұрдық. Әке-шешем, екі апам: Несіпжан мен Бибіжан және мен, барлығы бес-ақ жанбыз. Үйіміз Сарыбұлақ деген бұлақтың терістік батысында таяқ тастам жерде болды. Мәшекеңнің үйінің орны осы бұлақтың түстік жағалауында еді.
Әлі есімде өте кедей едік. Мал дегенде жалғыз жирен биеміз бен егіз лағы бар қара қасқа ешкіміз ғана болды. Біздің үйде ыдыс-аяқ та жетімсіз еді. Тіпті балтамыз да болмады. Оның бәрі есімде қалғаны – үйге жолаушылап біреу-міреу келе қалса, шешем мені Мәшекеңдікіне (зиратқа) жіберетін.
«Аманжан, жүгір, молла атаңдікіне барып кесе алып кел», «Аманжан, молла атаңның балтасын сұрап алып кел», - дейтін.
Мен атаның үйіне баруға құштармын. Өйткені сыртқы есікті ашып қалғанда-ақ жаныңа шуақ құятын бір хош иіс кеңсірігіңді жарып жібере жаздайтын.
Сыртқы есіктің құлпын ашып, табалдырықтан аттай бере: «Ассалаумағалекум, ата! Аман жатырмысыз?» - деп сәлем берем. Әкем осылай үйретіп қойған. Содан соң ауызғы бөлмеде текемет үстінде отырып, «Құлху-Алланы» сыдырта жөнелем. Мұны да үйретіп қойған әкем. Одан кейін «Аллаһ тағала, молла атама иман байлығын бере гөр, ал, ата, сен бізді желеп-жебеп жат», - деп бетімді сипаймын.
Атамның үйі екі бөлмелі, төргі үйдің төрінде кітап шкафы бар. Онда молланың кітаптары қойылған. Ауызғы үйден төргі үйге өтетін есіктің табалдырығының қасында тақтай қақпақ болушы еді. Әкем моллаға келген адамдарға сол қақпақты ашып, атамның денесі жатқан жертөлеге сатымен түсіп, іргедегі жасыл тасты өткір пышақпен жонып, бір атым насыбайдай мөлшерде тұмарлық алып беретін.
Ауызғы үйде кішкентай пеш, ыдыс-аяқ, басқа да керекті заттардың бәрі тұратын. Бұл өткен-кеткен жолаушылар бел суытып алсын, зиярат етіп келушілер жатып демалсын, ас-суын дайындап ішіп-жесін деген ниеттен туған іс-шара екендігі айтпаса да түсінікті еді. Сондықтан да мұнда келгендер үйдегі нәрсенің бәрін пайдаланып, содан соң жуып-шайып орнына қойып кететін. «Атаның нәрсесін алып кетуге болмайды» дейтін үлкендер. Ал мен ала беретінмін. «Ата, - дейтінмін кәдімгі тірі адаммен сөйлесіп тұрғандай, - Ата, зәру болып тұрмыз. Балтаңызды алуға келдім. Ағаш жарып болған соң әкеліп беремін». Балтаны алып, есікті қайта құлыптап, үйге келемін. Әкей, не шешей ағаш жарып алған соң балтаны қолыма береді. Мен оны қайтадан үйіне апарып қоямын. «Молланың нәрсесін үйге түнетуге болмайды», - дейді әкем. Ыдыс-аяқ алсақ та сөйтеміз.
Молла атаның басына келушілер жаз, күз айларында көп болады. Олардың кейбіреулері таршылық уақыт болса да тоқты-торымын ала келіп атаға арнап сояды да, ауызғы үйдегі пешке тамақ істеп, өз үйлеріне келгендей әңгіме-дүкен құрып, түнеп шығады. Әкем екеуміз де қонақтармен бірге боламыз. Ауырып-сырқап келгендердің көпшілігі таңертеңгі шай үстінде «Мәшекең түсімде аян берді»,-дейтін. Ондайда отырғандар: «Жолың болды. Молла аян берсе, енді жазыласың», - десіп, қуанысып қалатын. «Дүние бір қисық жол бұраңдаған» Қаңтарбаев А. Сытина Н.И.ЖШС баспасы,105-106-шы беттер.
Мәшекеңнің қалай дүниеден өткенін, қалай жерленгенін көзі көргендер осылай нақты дәлелдермен еске алады. Блогерлердің жарыса жазып Мәшекеңді отырғызып жерледі дегендері мүлдем өтірік, ойдан құрастырылған әңгімелер.
Ал енді Мәшекең айтты деген 70 жыл елді дінсіздер басқарады, одан кейін 30 жыл ұры қарылар былықтырады, сосын «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды» деген болжамы Мәшекеңнің қолжазбаларында, 20 томдық еңбектерінде кездеспеді. Мәшһүр Жүсіптің мына заманды болжағаны туралы әңгімені ең алғаш ел арасында айтып жүрген адам Баянауыл ауданының орталығында тұрған, бабамыздың өлеңдерін жатқа айтатын Төлепберген Алдабергенов ақсақал болатын. Ол кісі Мәшһүр атамыздың көшірі, көмекшісі болған Иманғали Мәненұлының арабжазулы қолжазбаларынан алдым дейтін. Жуырда Иманғали ақсақалдың баласы Қуандық ағамен хабарласып, қолжазбалар туралы сұрастырып едім. Ол кісі:
– Әкемнің ондай шаруаларына араласқан емеспін. Көбіне-көп Төлепберген ақсақал мен Алтынбек Құрмановтарға (өлкетанушы) көрсетіп, білетінін сол кісілерге айтушы еді. Соңғы рет бірнеше дәптерге жазылған бір валетка қолжазбасын Мақсат Алпысбеске (тарих ғылымдарының докторы, профессор) сұрап келгесін бергем. Кейіннен Мақсаттан өзіме қайтарып бер деп сұрағанымда, ол қолжазбаларды архивке өткіздім деп жауап берді. Сондықтан білсе, сол Мақсат, не Алтынбек білуі керек, – деді. Сол ізбенен Алтынбекпен хабарласқанымда, ол «ондай болжау айтқан жазбасын кездестіргенім жоқ. Бұл әңгімені айтып жүрген Төлепберген ақсақал еді ғой», деп қысқа қайырды. Сондықтан қолымызда нақты дерек болмағандықтан бұл туралы кесіп айту мүмкін болмай тұр. Оның үстіне Төлепберген ақсақал «қазаққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман» нақты 2021 жылы болады деп кесіп айтқан емес.
Ал енді Мәшһүр бабамыздың өзінің 73 мүшел жасында 1931-ші жылы дүниеден өтетінін,1932-ші жылы ашаршылық болатынын, денесінің 40 жылға дейін бұзылмайтынын айтқанын 1952-ші жылы коммунистер зиратын бұзып тастағанға дейін бүкіл ел көрді, оның алдында байлардың мал-дүниелерін үкімет тартып алып кәмпескелейтінін көзбен көргендей нақты болжап айтқаны дәл келді. Оны мына өлеңі дәлелдеп тұр:
«Байлар ау жиған малың жанның қасы,
Беріпсің садақаңды атаң басы.
Байлардың жиған малы дүниесі,
Кем-кетік кедейлердің сыбағасы»
Осындай алдағы болатын оқиғаларды көзбен көріп қолмен ұстағандай дәл болжап айтқандарын естіп, оқып көргеннен кейін басқа болжамдарына да сенгің-ақ, келеді. Біздің қазақ халқы негізінен болашаққа үнемі жақсы үмітпен қарайтын, әрдайым Алладан тілеп, келешек өмірден жақсылық күтіп жүретін ырымшыл елміз ғой.
Ал бірақ Төлепберген ақсақалдың айтқан Мәшһүр бабамыздың кейінгі болжамдары нақты бар ма, әлде жоқ па, қолда дәлелдейтін құжаттар болмаған соң бірдеңе деп те айту қиын. Мұны болашақта Мәшһүр бабамыздың еңбектерін зерттеп жүрген ғалымдар мен тарихшылар анықтай жатар.
Абай Төлеубайұлы Шарапиев,
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туған шөбересі
Abai.kz