Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
ҮШІНШІ БӨЛІМ
ҮЙІРЛІ ҰРЫ
I
Құдіретті "тергеушім", өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз! Бақты тауының шығыс жақ етегіндегі жап-жазық далаға шыққанда шешемнің "тезек теруі" қиынға соқты.
- Шекараға келіппіз, - деді шешем, - анау тұрған шекара күзетінің үйі! Қарасам, Бақтының бауырынан көп терезе бізге қарап төніп тұр, біз одан өтіп дәл көз алдына келіп алыппыз. Көп көз араларында Камал, Мәкен тәтелерімнің де әдемі көздері бар сияқты, барлық көз бізде! Бұрын күлімдеп, сүйіспеншілікпен қарайтын көздер енді сұстанып, суық қарап тұрғандай. "Жақын арада бір үй жоқ, тезекті қайдан келіп теріп жүрсіңдер, қайда апармақсындар?! Қанеки, енді қайтер екенсіңдер, көрелік!" дегендей. Күн еңкейіп қалған, аспан ап-ашық. Сол көп терезе жақтан салқын ғана самал жел келіп тұр. Мен қаншалық қорқынышты екенін білмей, ұялған сияқты болдым. Шешем сұп-сұр болып кетті. Тезек терген болуды қойып, білегімнен ұстады да, мені жағасына тобылғы өскен бір арықтың ішіне түсірді. Тобылғы бүрлеген кез. "Еңкейіп жүр!" деп күбірлеп өзі де бұға жөнелді. Алдымызда қорғаны төрт құлақты бейіт тұр еді, соның далдасына келдік. Шешем бейіттің ішіне кіріп, күн батқанша тасаланбақ болып еді, мен қорқатындығымды білдіріп қыңқылдадым. Мені дедектетіп қайта шықты да, әлгі арықтың ішіне түсірді. Желкемнен басып жатқызып, өзі жан-жаққа баспалай қарады.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
ҮЙІРЛІ ҰРЫ
I
Құдіретті "тергеушім", өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз! Бақты тауының шығыс жақ етегіндегі жап-жазық далаға шыққанда шешемнің "тезек теруі" қиынға соқты.
- Шекараға келіппіз, - деді шешем, - анау тұрған шекара күзетінің үйі! Қарасам, Бақтының бауырынан көп терезе бізге қарап төніп тұр, біз одан өтіп дәл көз алдына келіп алыппыз. Көп көз араларында Камал, Мәкен тәтелерімнің де әдемі көздері бар сияқты, барлық көз бізде! Бұрын күлімдеп, сүйіспеншілікпен қарайтын көздер енді сұстанып, суық қарап тұрғандай. "Жақын арада бір үй жоқ, тезекті қайдан келіп теріп жүрсіңдер, қайда апармақсындар?! Қанеки, енді қайтер екенсіңдер, көрелік!" дегендей. Күн еңкейіп қалған, аспан ап-ашық. Сол көп терезе жақтан салқын ғана самал жел келіп тұр. Мен қаншалық қорқынышты екенін білмей, ұялған сияқты болдым. Шешем сұп-сұр болып кетті. Тезек терген болуды қойып, білегімнен ұстады да, мені жағасына тобылғы өскен бір арықтың ішіне түсірді. Тобылғы бүрлеген кез. "Еңкейіп жүр!" деп күбірлеп өзі де бұға жөнелді. Алдымызда қорғаны төрт құлақты бейіт тұр еді, соның далдасына келдік. Шешем бейіттің ішіне кіріп, күн батқанша тасаланбақ болып еді, мен қорқатындығымды білдіріп қыңқылдадым. Мені дедектетіп қайта шықты да, әлгі арықтың ішіне түсірді. Желкемнен басып жатқызып, өзі жан-жаққа баспалай қарады.
- Астағыпыралла, келіп қалды! - деп менің басымды баса түсіп құлады. - Қыбырламай жат, иті бар екі әскер келіп қалды!
Мен де шешем сияқты етпеттеп қыбырсыз жатып қалдым. Біз көрмесек олар да көрмейтіндей. Көзімді шарт жұмып алыппын. Жүрегімнің қатты соғуынан жер дүрсілдеп кеткендей сезілді. Сөйтсем, аттың аяқ дүбірі екен. Біз келген жақтан бейітке келіп, аттан түскендей болды. Ит шәу ете түсті.
- Нельзя! - деді бір жуан дауыс. Иттің үні екінші шықпады.
- Қыбырлама, - деп сыбырлады шешем, - жел соғар жақтан қимылдамасақ сезбей қалар!.. Аттары ар жағына жайылды... Бұл жаққа беттемесе екен! А, құдай, ақсарбас!
Тобылғының арасынан сығалаған шешем екі солдаттың енді бейіт қорғаны үстінде отырғанын айтты. Арамыз жиырма адымдай ғана жер. Олар даңғырлап сөйлесумен болды да, шешем сыбырлап, құдайға жалбарынумен болды. Көзімді шарт жұмып алып мен жаттым. Көзімді ашсам-ақ көріп қоятындай, башпайымды жыбырлатсам естіп қоятындай, тірлігім жүрегімнің соғуынан ғана сезіліп жатты. Бір шақта оны да сезбей ұйықтап қалыппын.
Мылтық тарс ете түскенде, селк етіп оянып кеттім. Шешем желкемнен баса қойды. Күн батып, қараңғы түсе бастаған екен, мылтық және екі рет атылды. Құлағым бітіп қалғандай бетіме бетін төсеп жатқан шешемнің ернінің жыбырлауын ғана көрдім. Ол бір кезде басын көтеріп мойнын соза-соза орнынан тік тұрды.
- Тұра ғой, жарығым, кетті, - деді шешем, - бейіттің ішінде болсақ, қолға түседі екенбіз, сенің сәби жүрегің сезініпті!.. Жүрейік енді!
Солдаттар батыс жақтағы заставаға кетісімен, біз шығыс жаққа тарттық. Жер бетін дүлей қараңғылық басты. Жұлдыздарға қарап бағыт түзеп, алдыда шешем келеді. Оған ілесе алмай дедектеп жүгіріп шаршап та қалдым. Шешем сәл озып барып жер сипайлайды. Тегіс далада жусаннан басқа еш нәрсе жоқ екені байпақшаң аяғыма айқын білініп келеді.
- Немене, апа? - деймін. Енді жеткенімде дем алдырмай ол тағы жүріп кетеді.
- "Шекарадан өткен соң шөп сұйылып кетеді. Шәуешек жеріне өткеніңді жердің тақырлығынан білесің" деген нағашың.
Шешемнің аяғы жерге тимейтіндей, ұшып барып қонатын алдамшы торғай сияқты лып етіп тағы озып кетеді. «Қона қалғанында» жан-дәрмен борсаңдап тағы қуып жетемін. Қыс бойы жеген бөлкем осылайша қуалаумен тер болып ағып, бір кезде ада-күде біткендей көрінді. Енді жүре алмайтындай халге түстім. Бірақ, шешемнің арқасында жарты қап жүк бар, жарымы - менің киімім. Оған қоса мені арқала деуге тілім бармай, арық шешемді аяймын. Артта қалудан қорқамын - екеуі де қиын болды.
- Ақырын жүрші, апа! - дедім бір кезде, - шаршап кеттім!
- Біраз шыда, жарығым, аз қалды!.. Бұл жерде ақырын жүрсек ұсталып қаламыз, таң ағармай тұрып өтіп алуымыз керек.
Шешем қолымнан жетектей зытты. Еркіңмен дедектеуден еріксіз дедектеу қиын болады екен.
- Жүре алмаймын, апа, сен жүре бер! - дедім де тартынып тұра қалдым. - Артыңнан барайын!
- Қасқыр жеп қояды!
-Жоқ, оған көрінбей жатып аламын! - деп отыра қалдым. Шешем күрсінді де, дағдарып тұрып қалды, отыра кетті өзі де. Алдыңғы жағымыздан бырылдап екі үйрек ұша жөнелді.
- Әне жерде су бар екен жүр, сол жерге жетіп демалайық!..
Шешем мені арқалап алды, салмағымды жеңіл түсіруге барынша тырысып көтерілген болып келемін. "Өзі арық, өзі кішкене шешем ғой, өліп қалса қайтермін" деген оймен жаным қанша ашыса да лажым қалмап еді.
Әлгі үйректер арықпен ағып жатқан судың бір жайылмасынан ұшыпты. Шешем мені жерге қоя салып, қабын жастана қисайды. Оның да қатты шаршағанын енді білдім. Недәуір үнсіз отырып демалды.
- Мынау жер суаруға келтірілген су ғой тегі, Шәуешектің егіндігі болар, өткен сияқтымыз, енді демалайық! - деді де, әрең қозғалып қабынан орамалға ораулы бөлкені алды. Су ішіп, бір жапырақ нан жеуімді ғана білемін, ұйықтап қалыппын, шешем жұлқылағанда әрең ояндым.
- Қабыкен, Биғабіл!.. Ұйқынды ашшы!.. Әне Кәкең келе жатыр! Анықтап қарашы! Бізді іздеп келе жатқан әкең мен Бигелді емес пе!..
Таң қылаңдап қалыпты. Алдыңғы жағымыздан екі баран көрінді, бірінен-бірі сәл биіктеу, қатар келе жатқан екі адам тәрізді. Аласалау, кең иықты, жуаны - әкем сияқты, биіктеуі желемікпен ырғалып тұрғандай, еңкеңдеп, түйеше адымдап жүретін Бигелдіге ұқсай қалыпты. Мен де сол екеуіне ұқсатып, қадала қарадым.
- Екі терек қой, апа, - дедім бір кезде, - әне, мына жағында да сондай көп терек тұрмай ма!
Шешем терек екеніне сонда сенгендей болды. Мен мылқау жайшылықтай көрсем де, бұрын көрмеген жат елге келе жатқанымызға қамшыл шеше қатты аландап, жүрек тоқтата алмай қалған екен. Кірпік ілмей, тік отырып таң атқызыпты. Дереу менің байпағымды тазалап, қағып, етігімді кигізді. Түйе жүнінен шешемнің шебер қолымен бойға шақ тоқылған бешпет-сымы бар еді, оны да қағып-тазалап, беті-қолымды жуғызды. Тағы да жүріп кеттік. Бірақ, түндегідей асықпай, жай жүрдік. Алдымыздан Шәуешек қылаңдады, көп шынарлы-теректі қала көрінеді. Дәл басып тауыппыз. Шешемнің айтуынша, нағашым бұл қалаға екі-үш рет келіп қайтқан екен. Жолға қанықтығымен дәл нұсқапты.
Көп теректі қоржадан алысырақ жүрсек те, ит үріп андағайлай жүгірді бізге қарай.
- Бұл жақта ит не деген көп, апа?! - деп мен шешеме тығыла
бердім. Шешемде таяқ жалғыз, ал иттердің аузы тым көп.
Олар қаптап, ауыздарын аша, байбаламға баса жетті, қатты састым.
- Отыра қал! - деді шешем. - Отырған адамды ит қаппайды.
Өзі отырып алды, оған тығыла отырдым мен. Жан-жағымыздан арсылдай берді иттер, атып тұрсақ бас
салатындай, өршелене үріп, тыпыр еткізбеді. Бар үлкен ауыз,
бар улы тіс бізге төніп тұр, бейтаныс жердің иттерінің
ортасында бүрістік енді. "Бұл жерде ит көп екен, сорымызды
қайнатып, әлі талай қабады ғой!" дегендей оймен жүрегім
зырылдап отырды. "Отырған адамды ит қаппайды" деген
шешемнің әлгі сөзі расталғандай болды. Бір шақта иттер бір-бірден кете бастады. Ең соңғы көк ала төбет пен қара қаншық
қыбырсыз бізден зеріккенде бір-ақ қайтты. Олар алыстап
енді жүгірмейтін болғанда ғана қозғалдық орнымыздан.
"Отырған адамды ит қаппайды" деп күбірлей ердім шешеме. Бейтаныс жердің табалдырығын осы сөзбен аттадым. "Ендігі жерде иттен қорқудың жөні жоқ екен!"
Шәуешектің шеткі тамдарына да іліндік... Етектей қара сақалды бір дәу адам жыртқан жерден арық жасап, қыр соғып жүр екен. Соған беттедік. Оның қолындағы "тесесі" де дәу, етектей екен. Мен алдымен соған таңдандым:
- Апа, тесесіне қарашы, не деген үлкен?!
- Кетпен деген осы, - деді шешем.
Егінші бізге қарады да күлімсіреп, жыртылған жердің шетін нұсқады. "Шетімен жүріңдер дегені екен". Шешем кілт бұрылып шетке тартты, мен де бұрылдым. Дегенмен екі көзім егіншіде болды. Пішіні бір түрлі, бүкіл алқымына, тіпті кеудесіне де сақал өсіпті.
- Мынау қандай адам, апа?!
- "Сарт" дейтін халық осындай болады.
- Бұл да сарт па, жуас қой өзі!
Шешем мырс етіп күліп жіберді. "Ойбай-ай, сарт келе жатыр!" деп бала қорқытатын кейбіреулердің сөзі есіне түскен сияқты.
Әлгі "жуас сарттың" жүзінен жылынғандай, біз көшеге кірдік. Күн жаңа шығып өрлеп келеді. Үп еткен жел жоқ, әлі жапырақ жая қоймаған сұп-сұр терек бізге жатырқай қарап, бейтаныстықтың белгісін көрсеткендей болды, десе де тым-тырыс. "Кел" дейтіндей де, "кет" дейтіндей де ешкім жоқ сияқты. Ұйқылы-ояу, алаң ашық жатқан шет көшеден жалғыз қыз көрінді. Мәкен пішіндес, бірақ, одан киімі де, тазалығы да жүдеуірек, тақтайлары арса-арса, тозғын қақпаның алдында ұйқыдан жаңа оянғандай манаурап отыр. Шешем соған бұрылды, сірә Мәкендей көзіне жылы көрінгендіктен бұрылған болса керек.
- Жарығым, Қайысбек дегеннің үйін білемісің! - деп сұрады одан. Қайысбек - баяғы Күмісжан марқұмның ағасы, Бигелдінің нағашысы еді.
- Білмеймін! - деген қыздың ерні бұртия қалды.
Шытынаған қабағы мен шікірейе қараған көзі көңілге
тікендей тисе де, қақпаның ішіне қарады шешем.
- Әке-шешең бар шығар, солардан сұрайықшы!
- Сұмалак қалендырлар қайдан келеді осында!
- Қалендыр емеспіз, олай деме, шырағым!.. Еш
нәрселеріңнің керегі жоқ, жөн сұрайық, - деп, шешем
назалана кірді аулаға.
- Қалендыр деген немене, апа?! - деп сұрай өттім қыздың алдынан.
- Қайыршы дегені болар!.. Құдайдың уақытысы ғой мұны естірттірген!.. Келмей жатып естідік-ау!
- Қазан-ошақты лапас астында тұрған бір кекселеу қызыл-сары әйел шешемнің сөзін естіп күлімсірей қарады.
- Келіңіз! - деп алып амандасты. - Не дейді менің қызым?
- "Қалендыр" деген сөзді енді естіп, кейіп келе жатырмыз! - деді шешем.
- Кейімеңіз!.. Қайыршы тым көбейіп кетіп, жақыннан бері ығыр болып қалдық. Бейшаралардың бәрі де "қайыршы" десе шамданады. Ешқайсысы қайыр тілеп көрмеген адамдар көрінеді. Сіздердейдің мән-жайын талай рет түсіндірдім, сонда да айта береді бұл қыз, мейжазы солай. Қапа болмаңыз, отырыңыз, шай демдеп берейін? Нандарыңыз бар шығар? - деді әлгі әйел.
- Шайымыз да бар, - деп шешем ескі киіз үстіне барып отырды.
- Сіздің шайыңыз - қағаз шай, болмаса памила шай шығар? Жың қара шай ішіп көріңіз енді, қазақтар құнан шай дейді ғой, соны ішіңіз! - деп сары әйел шәугімге жуан-жуан бұтақ араласқан қара жапырақ сияқты шайды бір уыс қып бір-ақ салды.
- Басым ауырып келіп еді, жақсы болды-ау, - деп күрсінді шешем.
Самай шашын шықшыттан төмен түсіріп тегістеп қырқып қойған, тасырайған жуан қара көзді, жастау қара әйел келіп амандасты. Маған бір түрлі жат көрінгенімен, ол да біздің жайды толық білетін бұрыннан таныс адам сияқты сөйлесті. "Гыфулар", "солдаттар" дегендей кей сөздері болмаса, мұның тілінде де мүкіс жоқ. Қазақша сөйлеп, біздің жердегі жәйтті сөз етті.
- Апа, бұлар да сарт па? - деп сыбырладым шешеме. - Бұлар бізді қайдан біледі?!
- Біздің ел көп келіп жатыр ғой, солардан естіген шығар.
- Мына бала бек пакыз екен, - деді үй иесі әйел самай кекілді әйелге қарап, - Матіриым бай "бір ұл бала бағып алсам!" деп жүр еді. Осы баланы сатып берші!
- Саламаттілігі якшы, шырайлық бала екен... Бірақ, шоңырақ!.. бала болмайды, сәл кішірек болса!
- Мына балаңыз неше жаста?-деп сұрады шешемнен. Шешем не дерін білмегендей аңқиып қарап қалды. Мен шешеме қарай бердім.
- Сұмдық-ау, лақ емес, қозы емес, бала сатқаны несі!- деп шешем екеуіне кезек қарады. Екі қатын қатар күлді.
- Балаңызды бізге берсеңіз, іздеген адамыңызды тауып беріп, жақсы жерге орналастырып қояр едік, ақша берер едік!
- По, құдай сақтасын! - деп күрсініп қалды шешем. - Оны айта көрмеңіздер!.. Ондай халге жеткеміз жоқ!
Шешем ішіп отырған шайын қоя салып, орнынан тұрды, мен де тұрдым.
- Шошымаңыз, алдырамай шай ішіп шығыңыз, - деді үй иесі әйел, - арғы беттен келгендерден бала сатып жүргендер көп болған соң сұрап едік, бермесеңіз ықтиярыңыз!.. Шай ішіп бір-ақ шығыңыз, шаршап келіпсіз!..
- Сұмдық екен мыналарыңыз, - деп шешем қайта отырды, - сегіз жаста өзінің кіші әкелеріне де, нағашысына да бермей әкеле жатып, енді жолда сатпақпын ба мұны!.. «Құлақ естімегенді көз көреді» деген осы ғой!
- Қапа болмаңыз! - деді самай кекілді қара. - Көшеге
шыққанда көріп те қаласыз. Қашып келе жатқан бейшаралар бек қиыншылықта қалды, ашаршылық, кәсіп табылмайды. Қиналып қалмасын деп айтқанымыз!.. Бұл жерде кіміңіз бар еді? Білсек жеткізіп қояйық!
Әкемнің туыс, жекжат таныстардың бәрінің атын айтып шешем бір-бірден сұрай берді. Шай ішпей кекжиген бойы мен отырдым. "Құнан шайыңды!" деп қоямын ішімнен. Бүйрек бетті бір әйел лапастың қарсы жағындағы бір кішкене тамнан шығып қарап тұрды да, бізге қарай ақырын басып келді. Әжімі мол, жүзі тотығып қара-қоңыр тартқан қазақ әйелі екен.
- Кімді іздейсіз! - деді қарай қалған шешеме ерін ұшымен ғана амандасып. Жаңа айтып шыққан адамдардың атын, түр-түсін шешем толығымен қайта айтып шықты.
- Қайысбектің үйін білемін, жүріңіз апарып салайын, - деп қалғанда, көзім жарқ ете түскендей болды. Ере жөнелдік. Күн шақырайып ыси қалыпты. Сәскеге өрлеп қалған сол күн маған батыстан өрлеп келе жатқандай сезілді.
- Апа, Шәуешектің күні батыстан шыға ма? - дедім мен. Бастаушы әйел күлімсіреп маған аяй қарағандай болды:
- Күн батыстан шықпайды, балам, шығыс жақ осы!.. Жат жерге келген соң күн де жат болып көрінді-ау. Қайтсін бейбақ, басы айналып қалған ғой, - деді шешем.
Екеуі күрсінісе, мұңдаса аяңдады. Жаңа әйелдердің "балаңды сат" деуін шағынып, жылай айтты шешем. Көздерін екеуі де жаулықтарының пұшпағымен сүртті. Бірі мұңын айтып жыласа, біреуі қосылып жылайды. Біріне-бірі бұрын мүлде бейтаныс адамдар, ата-бабаларын айтып таныспай жатып-ақ жүректері лезде табыса қалуын қарашы! Ие, адам баласын мұңдастық таныстырады, мұңдастық достастырады, мұңдастық бірлестіреді ғой. "Бұл әйел де біз сияқты екен ғой" дедім ішімнен. Ол біздің ел жақтан келіп сатылған жас ұл-қыздардың көп екенін, жергілікті ұйғыр, ханзу, күйзулардың да, тіпті бұрын келіп орын теуіп қалған қазақтардың да бұл "саудаға" әдеттеніп қалғанын айтты.
Екі көшені айналып, бір ашық қақпаның алдына келгенімізде бастаушы әйел, сол есіктің түп жағындағы кішкене қарақұрым киіз үйді көрсетті де қош айтты. Біз аулаға кірдік, көзіміз киіз үйде ғана болып, жан-жағымызға қарамай жүре беріппіз. Дәу ақ төс қара ит арс ете түскенде бір-ақ білдік те, отыра алмай қалдық. Шешем еңкейгенше болмай, ит иығынан ала түсті. Киіз үйден жүгіре шыққан Қайысбектің әйелі шаңқ ете түскенде ит тайқап жөнеле берді. Нағашы жеңге амандасудан бұрын шешемді үйіне қолтықтай кіргізді. Шешемнің сол жақ топшысына ит екі тісін батырып үлгерген екен. Жарақатты көрді де қайта жүгіріп шығып, сол иттің жүнінен жұлып әкелді. Отқа шала күйгізіп, тіс жаралаған жерге басты да, шүберекпен таңды. Амандасу да, жай-күй де содан соң басталды. Қайысбек жоқ екен. Әйел далбырақтап бізді күтумен болды.
"Отырған адамды ит қаппайды" деген сөзді мен ішімнен қайтадан тексерумен болдым. "Біз отыра алмай қалдық-ау!" Олай емес, біздің отыруымызды ол тоспады... Орай бермей орала салатын ит екен!.. Әлсіздікке, әділдікке қарамай, тек тісінің күшіне ғана сүйенетін әулекі ит көп сияқты бұл жерде! Бағанағы қыздың қылығын көрмеймісің, біз оған не іздеп келгенімізді айтсақ та, ''қалендыр" деп салды ғой. Бұл да әй-шайға қарамай "ап" деп қаба салу емес пе!..
- Қабаған ит, - деді Қайысбектің әйелі бізге шай құйып беріп отырып. - Байлаулы болатын, қайыршы келмесін деп қоя беретін болды. Иттер қайыршыға өш болады ғой, біз жақтан келгендердің баспана таппағандары бір нәрселерін көтере жүреді. Тұрғындар оның бәрін де қайыршы деп біледі. Бұл жерде иесіз кедейдің өлімі сұраусыз болған соң, итін әдейі қоя береді. Ит иесі де қорасына адам кіруді жақтырмайтын Итбай. Басқа кәсіп табылмаған соң, әйтеуір күн көре тұру үшін лажысыздан тегін жалданып отырмыз...
Мен бай емес, ит жайында ғана ойландым: "иттер қайыршыға неліктен өш болады екен деші?! Өзі тамақ таба алмай сандалып, аш жүрсе, оның үстіне иттердің бәрі өш болса, қалай күн көрмек!.. Оларға өзінің итінің өш екенін біле тұрып неге қоя береді, тегі иесі де өш болғандықтан қоя берген ғой. Өзінің тісі өткір емес, қаба алмайтын болған соң, тым болмаса итім қапсын дейді ғой. Рас, ит иесіне тартады екен!"
- Ол жақтан ашығып қашқан бейшара халық, бұл жерге келіп аштан қырылып жатыр деші! - деді шешем, - "қайыршыға жел қарсы" деген осы да!
"Бәлә, қайыршы болса бәрі қарсы болады екен, қайыршы болмау керек екен. Онан да апамның мені сатып жібергені жақсы екен! Байқап жүріп, қашып келе салмаймын ба!.." деп ойладым мен.
Әкем Дөрбілжін деген жерге кетіпті. Қайысбектің әйелі мен шешемнің әңгімесін осы сөзге келгенде тыңдай қалдым. Өткен бір жұманың ішінде Ақтай, Санатпайлар да қашып келген екен. Елді сойқанмен тоздырып болып, шоқпар өздеріне тиерде қашқан көрінеді. Әкемнің Шәуешекте екенін біреуден ести салып, Санатпай Дөрбілжінге зытыпты да, Ақтай Шағантоғай деген жерге безіпті. Әкем Дөрбілжінге алдымен Санатпайды өлтірмек болып кетіпті. "Оралып келіп, Ақтайды өлтіремін де, Мәдиян келіп қалмаса, балаларды ертіп елге қайтамын" деп жүр екен. Бигелді төменгі жақтағы Ергейті деген жерде Смайыл атты дүнгенге малайлыққа тұрыпты. "Биғазы Ілушінде бір қазақтың қозы-лағын бағып жүр" дейді. Биғаділ қайда екенін Қайысбектің әйелі анық білмейді, біреуден естуінше ол осы Шәуешекте сияқты.
- Әспет апасының қолында ма, иә Қуандықтың иелігінде ме, әйтеуір осында жүр деп естідім, - деді. - Бірақ, олардың өз үйлері де быт-шыт. Біреуі ойда, біреуі қырда қаңғып жүр. Олардың да ешкімге қарайласар күйі жоқ.
"Биғаділімді ит талады-ау!" деген оймен денем тітіркеніп кетті.
- Бұл жаққа келіп ерінен бұзылған әйелдер көбейіп кетті, - деп Қайысбектің әйелі тағы бір тақырыпқа көшті. Күн көре алмаған соң қайтсін, сендердің туыстарыңнан Нұржанның інісі Жұмабектің әйелі бұзылып, қытайға тимекші болып жүр. Құлназардың үлкен қызы - Балбике бұзылып, ол әлгі Бигелді тұрған Смайыл дүнгенге тимекші деп естідім. Ол өз күйеуі Төреханнан жасырынып, бір жерде тығылып жатыр дейді. Жұмабек те, Төрехан да дал болып қаңғырып жүр.
Шешем ауыр күрсінді. Шай ішіп тыныққаны сол, шаршап өңі қаша түсті. Ширығып қозғалақтай берді.
- Ал, енді маған Қуандықты тауып бер! Көшеге шығайық, кім кездесер екен.
Қайысбектің әйелі тынығуға шешемді көндіре алмаған соң, түс ауа көшеге өзін ертіп шықты. Үлкен көше қым-қуыт, қайшалыс жүріс. Адамның көбі босқындар көрінеді. Қайда барарын білмегендей, сенделіп бекер жүр. Тымырсық-ыстық қуырып жатқандай, базар баж-бұж етеді. Түкке тұрмайтын бірдемесін тік көтеріп, "арзан, арзан" деп айқай салады. Кейбірінің көтерген нәрсесі мен айқайынан адам ұялғандай, ал өздері шімірікпейді.
"Шаншар рру...у" деп ұрандаған ащы дауысқа жалт қарадым, оның кәсібі тіпті "әбүйірсіз" екен: бір бұрышта қаңылтыр астауға от жағып алыпты. Темір істікке жанышқан турамыш еттерін желпіп қақтап, құныперен айқайға басып бір "сарт" отыр. Темір істіктен ет жұлмалап жеп бірнешеуі түрегеліп тұр. Ыстық істікті аузына сұғып, жарытымсыз етін тістеп алып қалады да, істікті тұмсығына көлденең тоса қояды. Мұрнына сұғып алар ма екен деген қауіппен тұрып қалыппын, шешем озып кеткен екен. Қайта оралып келіп жетектей жөнелді. Ығы-жығы базардан бас айналғандай, аң-таң болып әрең шықтық. Енді адам сирей бастады. Қатар тізілген сауда дүкендерінен маған мүлде бейтаныс иістер сезілді. Бірде жағымдырақ сезілгенімен, бірде сасық, шіріген шөптің иісі ме, сасыған көк даттың иісі ме күлімсі бірдемелер мөңкиді. Ондай дүкен ашып тұрғандарды "қытай" деп таныстырды. Оларға таңырқап көбірек қарап өттім. Олардың нелер үлкен, нелер әдемі дүкен ұстап тұрғандарын көрдім. Кейбіреуі сондай сәнді бай болғанымен, көбі жүдеу, арық, ұсақ-түйек нәрселер сатып жүреді екен...
Сөйтіп бар көрініске таңырқай да, жатырқай да қарап келе жатқанымда, артымнан аса бір таныс дауыс шаңқ ете түсті.
- Апа, апа! - деп ұшып келеді тыртиған жалаңаш қара бала. Оның артынан төрт-бес бала қуып келеді екен. Қашып келе жатқан таныс дауысты баланың тұла бойы қожалақ-қожалақ, қап-қара. Бұтында боршаланған штаны ғана бар. Танымасам да қайырылып қарап тұрып қалдым.
- Қырау, аналар мені күнде ұрады! - деп маған жыламсырай шағынып өте шықты да, шешеме барып тығылды.
- Биғаділ!.. Қаденім! - деп шешем құшақтай алғанда әрең таныдым. Қуып келе жатқан "иттерге" жұдырығымды түйіп, қарсы жүгіріп едім, жалт беріп қаша жөнелді олар. Бой тұрықтары Биғаділдің өзіндей болғанымен, киімдері бүтін екен олардың. Өшіге қудым мен. Солақай қолын түйіп алған. Етікті, шекпенді, балпанақтай бір жуан ұрарманды көргенде баяғының батырларын көргендей болдым. Алды-арттарына қарамай зытты әлгілер. Бірақ, шешесінен ұзап қуа беруге батырға да жан керек сияқты, тез қайтты. Аяй қарадым Биғаділіме. Бойы менімен теп-тең еді, күйген картоп тәрізді мұжырайып, семіп қалыпты. Шешем Биғаділді бір қолынан жетектегенде, екінші қолынан менің де жетектегім келіп, бір жағында қатар жүріп отырдым. Тіпті құшақтағым келді. Бірақ батылым жетпеді. Бірдемеге асыққанда бұрын ол мені жетектей жөнелетін еді ғой. Кең қарындағы ұраның үстінде ойнақтағанымыздан кейінгі бірге жүргеніміз осы. Ол енді менен кішірейіп, інім деп еркелетсем болатындай, тіпті, көтеріп алсам да икемге көнетіндей көрінді. Бірақ, үсті-басы өте былғаныш. Шешем сүйген бетіне, көзіне, аузына көп қарадым оның. Адам жеуге келмейтін әлденені жегендігі басын күнге қойып ұйықтағандығы, былапыт жердің иісі балғын денесіне толық сіңіп, тіпті көзіне де кіріп алғандығы көрініп тұр. Көзі ауырып, былшық басып алыпты. Беті мен қолы, кеудесі мен арқасы айғыз-айғыз. Аямас жыртқыш тұяқтың ізі сау тамтығын қалдырмапты! «Ит талады ма» деп сұрайын деп едім, аузым жөнге көнбей, қисая берді. Шешем де, Қайысбектің әйелі де үнсіз жылап келеді. Биғаділ қалыңдау қабағы бырысып, шағынуын кеңкілдеп жылауымен ғана білдірді. «Иттің балалары, осындай күйдегі баланы аямай тағы ұрғалы қуып келе жатыр-ау!» деген оймен бар денем қалшылдап кетті. «Несін алды екен?!» жат жерде қаңғыған әлсіз-қорғансыз жетімнің күні осы болғаны ғой!.. Ақтай, Санатпайлар да ақырғы кегін осы кішкентай Биғаділден алыпты-ау!.. Соларды тауып өлтіріп қана келсе екен әкем!.. Осылай болуына Биғаділдің өзі де себепші болды ғой. Ол астық қоймамызды айтып қоймаған болса, өзі де, біз де осылай қаңғымас едік! Өзінен болды, осы сор түрткен ғой өзін!..
Құрметті "тергеушім", қылмыссыз адам жазаланбайды. Егер Биғаділ өзі осылай қаңғымай, жейтін еш нәрсесі қалмаса да қозғалмай жатып алып, шағы жеткенде тып-тыныш қатып қалса, ит талап, осыншалық жаза көрмеген болар еді. Оған біздің жанымызды аштықтан таңба-белгілердің барлығы - қылмыстардың белгісі. Осыншалық қылмыстыға мендей қылмыстының ғана жаны ашып, мендей қылмысты ғана онымен бірге жыласады.
П
Шешем Биғаділді көше арығының суына жуындырып алмақшы болып еді.
- Келініңнің үйі мұнда! - деп Қайысбектің әйелі бір қораға кіргізіп әкетті.
Бізді оң жақ бетінде меңі бар, қып-қызыл болып боянып, жақсы киінген, кейкіш мұрын Рақима дейтін жеңгеміз қарсы алды. Нұржанның Кенжесарыдан туған інісі Жұмабектің әйелі осы еді.
- По-о! - деп кекете кірді шешем оның үйіне. Тап-таза сыпырылған кішкене ғана бір ауыз үйдің жарымын алып жатқан сәкінің үсті қызылды-жасылды, әлем-жәлем, үй ішін арзан қолды бірдемелерімен безендіріп қойыпты. Сөйтсе де, мүңкіген бір шірік иіс шығып тұр. Бәріміз Рақиманың бетіне қарай бердік. Бұрыннан қып-қызыл, болат бетті қызыл сары әйел, оның үстіне далап жаққан соң не онсын, шүкірмен боялған терідей қою күрең жиреннің өзі бола қалыпты.
- Жұмабек қайда? - деп шешем қатандау үнмен соза сұрады. Рақима үндемей төмен қарап кетті де, есік көзіне таман барғанда жауап қатты:
- Білмеймін, - деп шәугім алып шай қайнатуға дайындалды.
- Ішпейміз, қайнатпай-ақ қой! - деді шешем. - Жаңа ішіп шықтық!.. Онан да су берші, мына баламды жуындырып алайын.
Шешем Биғаділді жуындырып болғанша Рақима шайды қайнатып үлгіріпті. Дастарқан жасап, шай құйды. Дастарқанға салғаны - доп-домалақ ақ сабынға ұқсайтын сарғыштау нәрсе. Нан болса да шикі нан ба екен деп қалдым мен.
- Қытайдың момысы, - деді Биғаділ. - Буға пісереді. Жеші, Қырау, тәп-тәтті... бірақ. Тұзы жоқ!
Мен біреуін қолыма алып көріп едім, жұм-жұмсақ үлбіреп тұр екен. Бір үзіп алып аузыма салсам, жып-жылымшы татыды. Зорланып жұттым да, қалғанын жемей қойдым. Биғаділ жайпай соғып отыр. Жым-жыртықты Рақима өксіп қалып бұзды да, солқылдап жылап ала жөнелді. Шешемнің шай да ұрттамай қойғанына жылаған көрінеді.
- Жылама, бояуың ағып кетеді! - деп қалды шешем.
- Күн үшін күліп жүргенім болмаса, не сәнім тасып жүр дейсің! - деп бырқылдай жалғады сөзін.
Ол биыл жыл басынан бастап бір ат диірмені бар ханзуға даяшы малай болып тұрыпты. Онысы әйелі ауру, орташа бай екен. Алдымен Рақимаға біраз ақша беріп, оны "көңілді жүруге", опа-далап алып безенуге зорлапты. "Егер толық жасанып келмеген күніңді көрсем, шығарып жіберемін де басқа даяшы аламын!" деп шарт қойған екен. Содан бері әр күні жасанып, қып-қызыл бояуға малшынып баратын болыпты. Бүгін де түс уақытында келіп боянып шыққаны осы екен, біз келіп қалыппыз.
- Жұмабек қайда, ол не істейді? - деп шешем қайта сұрады.
- Білмеймін... Екі ай болды іс таба алмай қаңғып кеткен...
- Бұған зорлықпен боялып жабысқанша, онымен неге бірге кетпедің?! Он жылдан бергі құдай қосқан қосағың еді ғой!
- Күн көре алмаймыз, аштықтан қатты қиналдық!
- Оған кәсіп табылғанша, сен дұп-дұрыс жүріп малайлығыңды істей берсең, бірге күн көріп кетпес пе едіндер!
- Оған жаңгүдейім[1] көнбеді. "Екеуіңді бірдей баға алмаймын, сен өз жөніңді тап!" деп қуалады, мына үй де соған қарасты ғой!
- Соған тидім десеңші одан да!
- Қазір некелі емес... Әйелім өлген соң аламын дейді.
- О, арсыз, азғын жүзіқара! - деп орнынан тұрды шешем. - Алал аштықтан өлсең еді бұл қорлыққа көнгенше!.. Енді бір бейшара әйелдің өлімін тілеп, тап-тарғыл бетіңмен көкке қара да отыр!..
Шешем шыға жөнелді, біз де шықтық. Рақима үн салып жылаған бойы есігінен шығарып салды да, тез басып қайта кіріп кетті үйіне. Сірә, сол жылаған бойы айнасына қарап қайтадан боялмақ шығар, бұл бояуын көз жасымен ағызып жіберіп, тағы да бояп алар. Шешем аяусыз тілдеді. Егер басқа әйелдердей оның да көз жасы көп болса, бояудың соры, алдымен өзінің соры екендігінің белгісі сияқты.
- Не жеп семірдің ей, Қырау?! - деді Биғаділ былай шыға бере. Момыға бір тойып алған соң ес жиып, менің семіріп кеткендігімді енді ескерді-ау деймін. Әлі жалаңаш келе жатқандығы есінде де жоқ, жайнаң қақты...
Балтырын тізесіне дейін сұры шүберекпен таңып тастаған ыңғай сұры киімді, шошиған кішкене сұры қалпақты, өңдері де сұп-сұр "шөжебас" әскерлер үштен-төрттен қатарласып, базар жаққа ағылып жатыр.
- Көшеден Сәйзіге[2] адам ұстағалы шықты! - деп маған Биғаділ күбірледі.
- Сәйзі деген немене?
- Көшеде бос еркектің бәрін айдап апарып, бекер
жұмысқа салады. Ыңғай жаман киімді адамды ұстайды.
Жүрмесе қылыш-мылтықпен қатты ұрады.
- Ар жағындағы көшемен бәрі қашып кетсеші! - деп артыма қарадым мен.
- Қайда! Қазір ол жаққа да әскер келіп алды, қаша
алмайды. Байлар ие болып сұрап әкетпегендерін қайтармайды.
Жұмысы біткенше істейді, тамақ та бермейді екен!
- Өліп қалмай ма онда?!
- Құңқузыға[3] өлгені не керек... Өліп қалса жамбылдың артына көмдіре салады.
- Құңқузы деген немене?!
- Осындай әскердің бәрін құңқузы дейді... Қырау, Қырау, қарашы әне! Елдің дүркіреп қашып бара жатқанын қарашы! Не анау ақыл тапты! О, о, бәрі де!.. Қораларға, дүкендерге кіріп кетіп жатыр, артқы есігінен шығып кетеді!..
Сөйтіп Биғаділ өзінің көше "саясатына" менен әлдеқайда қырағы, әлдеқайда жүйрік болып алғанын көрсетті. Тұра қалады да әлденені көрсетіп, маған түсіндіреді. Тұрып қалған екеумізді шешеміз неше шақырып, неше жетектей жөнеліп, Қуандық тұрған үйге апарды. Мен пысынап терлеп кірдім ол үйге.
Кең мандайы дүңкиіп тұратын қызыл шырайлы, ақ бөрте Қуандық ағамыз тотығып, арықтап қалған екен. Сонда да әлі әдемі. Етегінің екі жағы жырық, сырма шүберек шляпа киіп алыпты. Басқа киімі де бүтін, бірақ, бұрынғыдай сәнді емес, мені құшақтап бетімнен сүйді де, шешемнен қысқаша хал сұрап амандасты.
Оның қарсы жағында сирек қана шоқша қара сақалды, сырма шляпалы, қара мәуіті пәлтелі, қызыл қоңыр, семізше біреу отыр.
- Смайыл дүнген осы, - деп сыбырлады Биғаділ маған, - Бигелді аға осыған малай болды.
Қуандықтың әйелі Қайныш Еміл жақта төркінінің қолында тұрады екен де, өзі көбінесе осы Шәуешекте жүреді екен, үй ұстай алмапты. Бұл үй - Әспет апамыздың үйі болып шықты. Оның Болтай атты мырза ұлы да малайлыққа тұрып кетіпті. Балбике деген үлкен қызы күйеуін тастап осы құйзуға тимекші екен, оның сөзіне Қуандық ағамыз қатынасып отырыпты. Балбике әпкеміз көрінбейді, бұрынғы күйеуінен жасырынып бір жерде тығылып жатыр деген күбір естілді.
"Тістеуік" шешеміз бұл рет мені тістемеді де шымшымады. Күлімсірей қарап қоя салды. Биғаділдің айтуынша, бұл үйдің астығы қазір тақа таусылып отырыпты. Шай қайнату ыңғайы көрінбейді. Шешем Әспет енесімен кімдердің қайда, қалай тұратындықтары жайлы біраз әңгімелесті де, шығуға беттеді. Ұяшықтай тар үйде "осында бол" деуге орын жоқ екенін де, "шай іш" деуге шайнама жоқ екенін де жаңа күйеуі алдында жайып салғызбай іштен білісіп, іштен күрсінісіп, сырттай күлісіп айырылысты. Тұрмыс жоқшылығының туыс жоқшылығына да саятынын сәби жүрегім осы салқын лептен сезе шықты.
- Қазіргі тірі жүрген туыстарың осылар ғой, - деді
Қайысбектің әйелі, - амал қанша, өздері аш отыр! Мұндайда кімге-кім қарайласа алмақ. Қазір бұлар Балбике жайлы оңаша сөйлесу керек болғандықтан үндеспей қалды. - Смайыл дүнгеннен бірдеңе алып, қаптарыңа астық түскенше бұларға туысқаншылауыңды қоя тұр. Жәкең қайтып келгенше біздің үйден шықпай-ақ қой! Жарты қалашымызды жарып жесек те өлмеспіз.
Екі "қалендыр" байып үшеу болып Қайысбектің үйіне қайта кірдік, Ақтөс қарадан аман алып кірген ақкөңіл әйелі дереу қожайынның үйіне мәлімдеп қоюға кетті. "Қайыршы емес" Қайысбектің қарындасы екенін, "қорада қожайынның еш нәрсесіне зиян салмауына өзінің кепіл болатынын айтып шықты. Менің шешем Күмісжан марқұмның орнына түскен әйел болғандықтан, оның екі ағасы - Қарысбек, Қайысбектерге шын ниетімен қарындас ретінде болып, оларды да жалғыз ағасы Мұхамәди сияқты төркін тұтып келген болатын. Олар бізді де туған жиені Бигелдімен тең еркелететін.
Біздің келгенімізді Қайысбек мен құралыптас жалғыз ұлынан естіп, қожайыннан рұқсат алыпты да, қонағасылық бірдеме іздеп базарға шығып кеткен екен. Ол күн бата шаршап түтігіп келді. Бір қойдың бас сирағы мен ішек-қарнын әрең тауыпты. Келе Биғаділ екеумізді бетімізден сүйіп, тізесіне қондыра отырды. Өзі байыпты шешен адам еді. Асықпай сыздықтата сөйлеп, шешеме бар жайды түсіндірді. Ат жақты арық, сіріңке қара өз елі, өз жеріндегі шырайлы қалпын сақтапты. Бұрын толып көрмеген оның ұрты, мұнда келіп ауыр жалшылық жұмысқа түскенде толмапты да солмапты, бет сүйегі әлі шығып тұрғанымен шыры бұзылмапты.
- "Кең жерде тар отырсаң, тар жерде кең отырасың" деген мақал бар еді, - деді ол бір сөзінде, - өте дұрыс мақал екен. Біздің жерден ауып келгендердің ішінде не құйлысы бар ғой байқасаң, кең жерде бұрын кең отырып, керіліп өскен адамдар бұл жерге келген соң тұншығып қуырылып қалғандай, ес жия алмай жүр. Ал, бұрыннан таршылық көріп, кең жерде біз сияқты тарығып өскен адамдар созылғанымен үзілмей қалқақтап бұрынғы қалпында жүріп жатыр әйтеуір. Қайысбек ағаң да Дөрбілжінде. Бір Қытайға жалшылыққа тұрған. Қартайып қалса да қалпын бұзбай жүрген адам сол.
Біздің бұрынғы бай туыстар бұл жаққа әлдеқашан өтсе де, әліге дейін ес жия алмай, қызының қияға, келінінің керге қашып жүрген себебіне шешем Қайысбектің осы сөзінен жауап тапқан сияқты. Бар ықыласымен басын изеп, ұйи тыңдады.
Қайысбек әйелінен ұлының бір көйлегін сұрап алып, Биғаділге кигізді де, әкемнің күн көріс жағына көшті.
- Жаппар недәуірде мықты емші болып шықса да, ол кәсіпке көп бой ұрмаушы еді ғой. Енді ауруды өзі іздеп барып емдейтін болды, - деп күлді Қайысбек, - көбінесе құрт ауруы тәрізді сүзілген салмақты науқасқа тәуір еді өзі. Қыс бойы сондай екі аурудың үйінен күн көріп шықты. Қараған аурулары жазылып қалыпты. Бірақ, ол аурудан ақы сұрамады да, ауру одан ақы сұрамады.
- Дәріні қайдан тауыпты? Ыңғай улы дәрімен емдеуші еді.
- Аздаған алмасы, кепіреші, сынабы бар екен.
- Жеген тамағы үшін дәрісі мен өнерін сатып жүр деші, қасындағы жалғыз Биғаділді де баға алмапты.
- Қаңғыған "қалпеде" құн бола ма!.. Әйтеуір дәрісінің есебін жібермейді, қулығы оған жетеді екен, берген дәрісін "біреуден қарызға алдым деп" аурудың өзіне тапқызып алады екен.
Әкем екінші күні түстен кейін келді. Ақтөс қараны қатты арсылдатып кірді қораға. Басқа шапшып, балтырға кимелей өрмелеп жүрген өктем итке жуан ақ таяғын бір тигізбей, қорғанып қана келді. Қасқырға көрсететін өнерін көрсетпей, иә саспай теңселіп кірді үйге. Егер өз елінде болса мұндай шектеусіз итті қара тұмсықтан көз ілестірмей тық еткізіп қана жер қапқызар еді. Теңселуінен-ақ жолы болмай жасып, ауыр "жүк" көтере алмай келгені байқалды: Ақтай, Санатпайлар Ресейге қайта қашып, құтылып кетіпті.
- Дөрбілжінде іздеп жүргенімді бір қу ауыз тағы айтып қойыпты, амал қанша! - деді ол мені құшақтап отырып. Кеберсіген ернін дәміл-дәміл жалады, - Шағантоғайға шейін ізіне түсіп барып, жатқан орындарын таяқтап қайттым. Менен бір күн бұрын шекарадан қайта өтіп кетіпті!..
Шай ішіп болған соң шешем әкеме, әкем шешеме жүдей қарасып алды. "Мына аядай қара үйшікке паналай келген үш қайыршы енді төртеу болдық. Мұнда мүлде сыймаспыз, қайда болса да кетелік!" дескендері екен. Биғаділ екеумізді екеуі жетектеп көшеге шықты. Үй иелеріне көп рахметтерін көлите айтып шықты. Күн екінтіге ауып қалған екен!
- Алдымен бүгінше түнейтін баспана тауып алайық! - деді шешем.
- Базар жабылмай тұрғанда, алдымен балалар жейтін бір нәрсе сатып алалық!
Әкем теңселе тартты базарға қарай: өзі ғана емес, төрт адамның жұтқыншақ талабы «тұқыр»! деп төбесінен басып келе жатқан сияқты, басын төмен салған бойы ілби берді, қиын есепті шығара алмай қиналғандай қабағы қарс жабулы еді оның.
- Сатып аларлық бірдеме болса, ірке тұр, ертең алармыз! Бүгінше жейтін біраз қатқан бөлке, ертең жейтін біраз тары бар. Әкем басын көтеріп, жадырай қарады шешеме. Есебінің шығатын жолы біраз сәулеленгендей болды білем.
- Азын-аулақ тиынды бүгін кеште жеп алсақ, балалар ертеңгі жолда қайтып жүре алар екен деп қауіптеніп келе жатыр едім.
- Ал, ертең қайда бастамақсың?
- Ілушінге бармасақ болмас... Биғазы жылап әрең қалып еді. Ол жерде мен емдеп жүрген бір ауру бар, құдайға қараса, күйлері жақсы. Соған сүйене барып отырсақ!.. "Бала-шаға келе қалса дос солаңымнан бір ауыз үй де сұрап алып берейін!" деп еді.
- Елге қайтып кетеміз бе, не көрсек те шыдап тұра
тұрамыз ба?
- Әлгі қуларды өлтіре алмай қалдым!.. "Жуанның тұқымы" аталған соң қайтып барсақ, олар енді айдатады ғой!..
Қаланың бір шеткі жағына күн бата шықтық. Құлаған кетік дуалдардың сыртында, ойпаңға салынған үлкен мал қора бар екен. Әкем соған бастап кірді. Қора толған адам, бәрі босқындар көрінеді. Сыртта әр жерге от жағып, шай қайнатып жүргендер де бар. Кейбір тобы алаша, иә киіз салып, тәп-тәуір отырса, кейбір тобы сабан шөп-шалаң төсеп, еш нәрсе таба алмағандар малдастарын құрып құр жерде отыр. Кейбір топ мелшиіп үн-түнсіз отырды да, кейбірі күбірлесіп, кейбір топ тіпті гүжілдесіп кісілік құрысып отыр. Мұндайда әйелдер жыламай, биғам отырған ба, кей бұрышта үн салып жоқтау да бар екен. Әкем ең төрге - түпкірге тартты да үлкен шапаны мен қапты жайды. Демек, үй болып қайта құралдық деген осы. Бірақ, шай қайнатып ішу жөнін құдайым білсін, шәугім де, шыны да жоқ еді. Сол қаммен болса керек, шешем "әлемді" аралай жөнелді де, арғы бұрыштағы бір топ әйелдің қасына барып отыра қалды. Недәуір отырып қалды.
- Ей, құдай тағала-ай, - деді әкем көршілес отырған топтың бір кәриясына қарап, - қатындар қыдыруға әлі тоймапты! Сонан соң Үржардан бері қарай қыдырып келіп, Шәуешекті аралап болса да менің қатынымның әлі де қыдыра түскісі келетін тәрізі бар. Қарашы изектесіп отырғандарын!
- Мына "үйлерінің" иә жұмысы, иә қызығы болмаған соң оларды кім бөгесін, - деп күлді шал, - менің кемпірім де сонда кеткен. Бас қосып алып жыламаса іштері кебеді бұлардың! Қарағым, өзің Үржардан келген екенсің ғой, қайсы туыстан едің?..
Сөйтіп, ата-бабаларын айтысып, таныса кетті де, табыса қалды. Тарбағатай сыртынан қашып өткен Омар дейтін кісі екен, Омардың кемпірі мен шешем бұлардың сөзін жылай келіп бұзды.
- Айттым ғой, - деп мырс-мырс күлді олар. Өсек таппаса өксіп жылап қайтады бұлар.
Естіп отырғандардың күлкісі тез жиылды. Әйелдердің бұл жолы жыласатын жөні бар екен, қыдырып қайтқан екеуі еріндеріне ие бола алмай кемсендеп, әрең айтып шықты: сол бұрыштағы бір әйел кішкене ұлын бүгін ғана сатып, бір дорба талқан әкеліпті, сонысын жей алмай жылап отырғанын көріп бәрі жыласыпты. Енді бір кемпір бойжеткен қызынан қан базардың ортасында айырылып қалыпты да, кешке дейін іздеп таба алмай, жалғыз өзі жылап еңіреп жаңа қайтып келіпті. Ол да сол бұрышта сылқ түсіп жатыр екен.
Хабарларды естіп болғанымызша, сол қос сорлының қосыла аңыраған зарлары естілді. Езіліп-егіліп жоқтау айтады да, енірей жөнеледі екі ана! Біреуі қолынан беріп, құнына келген бір табақ талқанға қарап жоқтаса, біреуі жолынан беріп, қаңғырып қалғанын айтып қақсайды. Маңында отырған өзінің мұңдасы халқына шағынады. Көпшілік тым-тырыс. Иектері ғана дірілдеп, селкілдейді: кейбір тамақ, көмейлер шиқ-шиқ ете түседі, кей мұрындар бырсылдап кетеді. Тіпті, бар мұрынға тұмау тиген бе деп қалғандайсың. Тоқтау-сабыр айтарлық біреу жоқ сияқты.
Қызын жоғалтқан кемпір шағынып жалғыз қалғанын, кім "пана боларын" айтып, "көктегі" құдайға шертеді мұңын.
Бірақ, көкте де мұңына ортақтасар ешкім көрінбейді. Қора төбесінің өзі түксиіп, өзі басып қалғалы тұр. Қабағын қарс жауып қатулана төнеді... Аспаннан да медет жоқ сияқты, Кім ара түсе алар бұл қайғы-зарға?! Ара түсе алмасын біліп бәрі де жылайды, адам шарасыздықтан, әлсіздіктен жылайды. Тіпті, осы қораның өзі көз жасының зор бір бөшкесі сияқты лықсып барады көз жасына.
Биғаділ екеуміз түйілген бойы сыбырласып "түзге" шықтық. Қырат кенересіндегі дуалдың бір кетігінен асып барып, қатар отыра қалып едік, біреудің қараңғылықтан шыға келіп, арқама шапалақпен салып жібергенін бір-ақ білдім мен. Етпеттей беріп, тұра жөнелгенімде сымымның ауына тұсалып қалып, ұшып түстім. Жан дәрмен қайта тұра салып ыршыдым да, дуалдың сыртына шығып алдым. "Анаңды!" деп Биғаділді бас салған әлгі "дию" бірнеше ұрып жіберді. Биғаділ шыр қағып ұшып, артымнан жетті. Қораға үнсіз қашып кіріп, әке-шешеміздің арт жағына отырып алдық. Әлгі мықты "дию" емес, қарны кебежедей жуан қара сақалды ұйғыр екен. Ырсылдай кірді қораға. Бірдеме деп ақырып қалып еді, бар адам тұқырып жым бола қалды. Жылау мен жоқтау да кілт тоқтады.
- Қалаймақан жүріп атызға дәрет қылмандар, қалаймақан шуламандар!.. "Қорадан әммаңды қуып шығамын, анаңды"! Дуалдан бір-бірден атып өтемін! - осы "есиетпен" қолын сермеп-сермеп шықты.
- Осы жердің қожасы, - деп таныстырды Омар, - қора иесінің өзі! Кім шығып еді далаға?
Ешкім жауап қатпады оған. Екеуміз бөденедей бүрісіп тығыла түстік. Еш жәбір көрмегендей, көмпістігін білдіріп, көзі жайнап Биғаділ жатыр да, үнсіз жылап мен жатырмын. Бұл менің жат қолдан тұңғыш жеген таяғым еді. Қатты шапалақ та, ауыма тұсалып жығылған аса ұятты қорлық та ыза-намысымды құйындай ұйытқытып тұншықтырып әкетті. Биғаділге жаным ашыды сонан соң. Оның әлгі аянышты шырылы құлағымнан кетер емес. Ол маған қарағанда сорлы, арық қой! "Сорлыға сойыл өш" барлық қырсық біткен қырына сорлыны, әлсізді алады. Отырған адамды ит қаппайтыны қайда бұл, қайта әлсізді талайды екен ғой. "Иттің жауы - диуана", "қайыршыға жел қарсы!" Алдымен маған келсе де, азуын Биғаділге басқанын көрмеймісің!.. Қарақшы қырсықтың көзіне басқа қыз көрінбеді ме, қайдағы әлсіз, сорлы кемпірдің қызын әкетуін қарашы!.. Әлгі мес қарынның несін алдық осы біз?!".. Шәуешекке кірердегі "сарт" егінін басып келе жатсақ та жай ғана күліп еді. Ол "сартқа" бұл сарттың сақалы ұқсағанымен сапасы ұқсамайтындығы байқалғандай болды маған. "Ие, сарт деген дәл осы бейкүнә дәретте отырған адамды сарт-сұрт сабай жөнелгенін көрмеймісің! Әнеукүнгі егінші қандай болғанда да сарт емес! Егер ол да сарт деп аталса, мынау - сарттың ішіндегі қырсығы болса керек!"
Қожайын кетсе де, қора да сол бойы жым-жырттық орнап қала берді. Үн салып жылаудан қорқып, үнсіз қыстыға шиқылдаумен болды екі әйел. Еркімен жылап шерлерін тарқатуға да тыйым салынған жағдайда бырсылдау да, өксуі де қалып, көпшіліктің қысылыс-қыстығыстары соза-соза күрсінулерінен ғана білініп жатты. Қорадан айдалудан бәрі қорықты. Бәрі босқын, бәрі қылмысты.
"Тергеушім", бұлардың ішіндегі осы жолы жазаланғаны - ағалы-інілі біз екеуміз. Оның үстіне мына жұртты жаппай жәбірлеткен де, қыспаққа ұшыратқан да, тіпті жылау еркіндігінен айырған да біз. Сондықтан бәрінен үлкен қылмысты ағалы-інілі екеуміз. Жазаланып келген қылмысымызды жасыру үшін жатып алмадық па.
(жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
[1] Жаңгүдей - қожайын
[2] Сәйзі - тонаушы, қарақшы
[3] Лау мағынасындағы сөз