Болат Төлепбергенов. Ресейдегі президент сайлауының Қазақстанға әсері бар ма?
Бұл сұраққа жауап беру үшін Ресей сияқты алып көршіміздің бүгінгі хал-жайы мен ішкі, сыртқы саясатын шынайы бағамдап, біліп алғанымыз дұрыс.
Орыс халқы алғашқылардың қатарында атом бомбасын жасаған, бірінші болып космосқа адам ұшырған дегенімізбен бүгінгі күні жаңа технология, экономика, рухани даму жағынан алдыңғы қатарлы елдерден қалып қойды. Сондықтан да бүгінгі РФ дамыған елдердің қатарында емес, дамушы елдердің қатарында тұр.
Оған тікелей себеп - Ресейдің өткені мен бүгінгі тарихындағы орыстық-державашылдық көзқарасы. Ресей Кеңес Одағы тарағаннан кейін де екі таңдаудың ортасында тұрды. Біріншісі, империялық әрекет пен орыстық астам пиғылдан бас тартып, бұрынғы қол астындағы елдермен, Еуропамен санасу. Екіншісі, орыстық өркөкіректікті әрі жалғастыру. Өкінішке орай, Ресей екінші жолды таңдады. Ол ниетін жасыру үшін билік басындағылар мен идеологтары үшінші жол - "ресейлік жол" дегенді ойлап тапты. Ол деген - орыс мінез-құлқының, мәдениетінің Еуропаға да, Азияға да келмейтіндігі. Оған өздері сенді, қазір басқаларды да сендіру мақсатында жұмыс істеуде.
Бұл ескі державашыл көзқарас Ресейдегі жаңашыл көзқарастарды тежеуде. Мәселен, жаңашылдықтың басты қозғаушы күші - демократия болатын болса, Ресей оның кең етек алуынан қорқады.
Бұл сұраққа жауап беру үшін Ресей сияқты алып көршіміздің бүгінгі хал-жайы мен ішкі, сыртқы саясатын шынайы бағамдап, біліп алғанымыз дұрыс.
Орыс халқы алғашқылардың қатарында атом бомбасын жасаған, бірінші болып космосқа адам ұшырған дегенімізбен бүгінгі күні жаңа технология, экономика, рухани даму жағынан алдыңғы қатарлы елдерден қалып қойды. Сондықтан да бүгінгі РФ дамыған елдердің қатарында емес, дамушы елдердің қатарында тұр.
Оған тікелей себеп - Ресейдің өткені мен бүгінгі тарихындағы орыстық-державашылдық көзқарасы. Ресей Кеңес Одағы тарағаннан кейін де екі таңдаудың ортасында тұрды. Біріншісі, империялық әрекет пен орыстық астам пиғылдан бас тартып, бұрынғы қол астындағы елдермен, Еуропамен санасу. Екіншісі, орыстық өркөкіректікті әрі жалғастыру. Өкінішке орай, Ресей екінші жолды таңдады. Ол ниетін жасыру үшін билік басындағылар мен идеологтары үшінші жол - "ресейлік жол" дегенді ойлап тапты. Ол деген - орыс мінез-құлқының, мәдениетінің Еуропаға да, Азияға да келмейтіндігі. Оған өздері сенді, қазір басқаларды да сендіру мақсатында жұмыс істеуде.
Бұл ескі державашыл көзқарас Ресейдегі жаңашыл көзқарастарды тежеуде. Мәселен, жаңашылдықтың басты қозғаушы күші - демократия болатын болса, Ресей оның кең етек алуынан қорқады.
Ал, демократия қоғамның барлық саласына ауадай қажет. Бұл жердегі демократия ұғымы өз мағынасында айтылып отыр. Қазір бұл ұғымды жете түсінбейтіндер арам ойлы мемлекет басшылары мен жеке саясатшылардың сасық пиғылымен шатастыратын болды.
Ресейге саяси демократия ұнамайды. Ал, демократия бөлшектеуге көнбейтін тұтас құбылыс. Ол қарапайым тілмен айтқанда: адамның жан-сарайының толық ашылуы, ол деген - шабыттың оянуы, сондай-ақ, айналасына деген көзқарас пен ойдың бүкпесіз ашық айтылуы.
Ресей билігі қол астындағы орыс емес ұлттар экономиканы, технологияны жасап қана қоймай, тәуелсіздікті де талап етеді деп қорқады. Осыған байланысты, Ресей Федерациясында қандай болмасын жаңартулар (реформалар) жарым-жартылай жүреді. Жартылай жасалған кез келген дүние орнықсыз немесе әсері әлсіз болатыны белгілі.
Ресей осындай шала демократиясы мен державалық көзқарасы арқылы ішкі, сыртқы саясатын жүргізіп келеді. Бұл мәселеде демократиялық әдіс-тәсілден гөрі, ыңғайына жылдам келетін патшалық Ресей мен Кеңес Одағынан қалған державашыл әдетіне жиі жүгінеді. Басқа халықтарға өз тілін күшпен тықпалауы да - содан. Басқа елдердегі өз қандастарын қол шоқпар ретінде қолдануы да - осыдан. Сол үшін оларға идеологиялық-рухани, материалдық-қаржылық көмек беріп, табиғатына жақын авторитарлық үкіметтерді қолдауының бәрі - ескі әдеттері. Ресей аса зор ядролық ел болғандықтан, амал жоқ, оның қоқан-лоқысын ескермесе тағы болмайды. Оның үстіне онысын Жириновский сияқтылардың аузымен Думаның мінбесінен дүниежүзіне ашық айтады.
Дегенмен, соңғы кезде Ресей халқының біраз бөлігі биліктен басқаша ойлай бастағаны рас. Оппозиция өкілдерінің соңынан ерген халықтың қарасының көбеюі осының айғағы. Бірақ, бұл күштер таяу уақытта Ресейді түбегейлі өзгертуге жеткілікті ме? Ондай мінез бүгін орыс халқы мен интеллигенциясының жаңашыл бөлігінде бар ма?
Ресей федерация болғандықтан оның құрамында өзінің ата-бабасының мирасқа тастап кеткен байырғы жерінде тұрып жатқан ұлттар көп. Олар қазір ашық демократияны күтуде. Бірақ олардың Мәскеуге жағымпаз басшылары Путинді қолдайды. Сондықтан, ұлт мәселесі қозғалғанша, Ресей тағдырында алғашқы кезде олардың шешуші рөлі анықталмайды. Алғашқы өзгерісті бастайтын Ресейдің ірі қалаларындағы көзі ашық жастар мен қалай болғанда да ойындағысын бүкпесіз айтқысы келетін, ашық қоғамды аңсайтын халықтың бір бөлігі.
Орыстың жаңашыл пікір туғызатын демократияшыл интеллигенциясы үлкен негізгі екі топқа бөлінеді: оң өзгерістерді жылдам шешкісі келетіндер және табиғи жолмен шешкісі келетіндер болып. Жылдам шешкісі келетіндер - билікті қайткенде өзгерту керек деушілер. Табиғи жолмен шешкісі келетіндер - жаңа заманға үйренудің өзі белгілі бір дәрежеде болатын қақтығыс пен шығынды (адам, экономикалық, рухани) қажет ететінін түсініп, барлығының есеппен, шығынсыз болғанын қалайтындар. Оның үстіне қарапайым халық дәл бүгін өзгерісті бастайтын шынайы көсем іздеуде. Өйткені орыс халқы (бұрын да, қазір де) көсемсіз қозғалмайды. Қазан төңкерісін көсем (лидер) жасаған. Ол - (әзірше) жоқ.
Енді державашылдардың күш-қуаты қаншалықты дегенге келейік.
Бұл жайтты анықтау үшін Ресей халқының басым бөлігі болып табылатын державашылдардың бүгінгі көңіл-күйі мен өткен тәрбиесін қатар қарау керек.
Ресейдің өткен тарихына көз салсақ, орыс санасы 1861 жылы ғана құлдықтан (крепостнойлық праводан) босады. Одан ес жия бергенде большевиктер аяусыз жаныштады. Кеңес Одағы Бас секретарлары құрғақ қияли (утопиялық) насихаттарымен миларын су қылды. Кеңестік дәуірден кейінгі жиырма жылдық уақыт та орыс санасын әрі-сәрі қылды. Ресейдің бұл кезеңі - бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліп, қорланған Германияның күйіне тең еді. Ұлы империядан айрылды, ұлыорыстық кеуделері жер болды. Сондықтан олар бүгінгі күйіне ренішті.
Державашылдар нағыз ұлтшылдар мен "орыс жолын" ұстанғандар болып ішінен бөлінеді. Олардың біріншісі - Кеңес Одағын қайта құрғысы келетіндер. Екіншілері - державашылдық пиғылдары мен жеке бастарының мүддесін қатар қоятындар. Өйткені, олар социалистік теңгермешілдік заманы жоғалғаннан бері белгілі бір дәрежеде материалдық құндылықтарға ие болғандар. Оларға жинаған дүниесін қызықтауға мүмкіндік беретін өздеріне таныс державашыл, авторитарлық, тыныш, ескі жүйе оңтайлы. Путин осыны қапысыз білгендіктен бұларды өзінің айналасына тартуда.
Путиннің сайлауда жеңуін қамтамасыз ететін де осы - орыстық державашылдық. Ол идея орыс халқына, орыс интеллигенциясына Путин тарапынан түрлі тәсілдермен жеткізілуде. Мәселен, АҚШ-пен текетірес. Ол үшін, әрине, ұлы держава керек. Держава болу үшін Кеңес Одағы сияқты саяси-экономикалық ұйым қажет. Оның алғашқы қадамдары жасалып та жатыр (Қазақстан, Ресей, Белоруссия,). Мұның бәрі державашылдарға ұнайды. Ілгеріде Кеңес Одағы құлауына орыс халқы өкпелеулі дегенді тегін айтпаған едік. Бүгінгі Ресейдегі халықтың тең жартысы сол Одақтың кезінде өмір сүргендер. Дүние жүзіндегі ең білімді неміс халқының өзі ұлтшылдық тегеуіріне шыдай алмаған. Оппозицияның жығылатын жері де - осы. Оның үстіне оппозиция әлемдік құндылық - демократияны қолдайды. Ал демократияда ұлтшылдыққа орын жоқ. Оның үстіне сайлауда әкімшілік күштер де (административный ресурс) өз рөлін ойнайды. Сондықтан Путиннің жеңісіне күмән келтіруге болмайды. Бірақ, бұнымен Ресейде жаңашыл үдеріс (процесс) тоқтайды деген сөз емес. Ол жаңа қарқынмен көрінеді.
Оған себеп болатын халық пен оппозицияның күткені, тіпті, Путиннің өзінің жақтастарының қалауының болмауы. Державашылдардың күткені батыл ұлтшылдық қадамдар, бірақ, Ресей оған бара алмайды. Сирияға байланысты т.б. ұстанымдары дүниежүзіндегі саяси беделіне нұқсан келтіреді. Оның үстіне үдеп келе жатқан ішкі демократиялық талаптарға өз деңгейінде жауап бере алмау - Путиннің беделін одан сайын шайқай түседі.
Дегенмен Путин екі жақтың күшті және әлсіз жағын ескере отырып, Ресейде біраз өзгерістер жасаған болады. Мысалы: парламентте декларативті түрде біраз нәрсе айтылып (шенеуніктерден артықшылықтар мен мигалканы алу деген сияқты маңызы төмен шаруалар шешіледі), әлеуметтік заңдар қабылданады. Бірақ іс жүзінде орындалмайды. Себебі, оның халыққа берген уәделеріне Ресейдің шикізаттан ғана түскен қаржысы жетпейді. Жарым-жартылай демократия экономиканың қарыштап дамуын тежейді. Губернаторлар сайлауы сияқты маңызды шаруалар барынша кешеуілдетіледі. Өйткені, парламентте өзгерістерді түбіне дейін апаратын шынайы оппозициялық партия жоқ. Коммунистердің өзі шынайы қарсылықты сайлау кезінде ғана көрсетеді.
Ал, енді Ресейде алдағы наурыз айының 4-і күні өтетін президент сайлауының Қазақстанға әсер-ықпалы бар ма деген сауалға келейік. Біздіңше әсері бар және болмай қалмайды.
Ең алдымен екі ел басшыларының бір-бірін қабақтарымен түсінісуі. Оппозиция мен қазақ интеллигенциясының орысты үлгі қылуы әлі бұрынғысынша екендігі. Екі елде де бірдей авторитарлық жүйенің болуы. Бірдей идеологияның жүргізілуі. Оның дәлелі - Қазақстанның сыртқы, ішкі дүниетанымының тоқсан пайызы орыс тілі, орыс көзқарасы арқылы насихатталынуы. Тәуелсіз телеарналар мен хабарлардың жоқтығы. Халықтың басым көпшілігінің анық ақпарат алмауынан азаматтық еркін көзқарастардың болмауы. Ішкі қайнауын басып отыратын, оны сыртқа шығаратын өркениетті әдіс-тәсілдердің қарастырылмауы. Жалпы біз барлық жағыдайда Ресейді қайталаумен келеміз. Мен ол жөнінде өткен мақалаларымда ("Иістенген интеллигенция", "Тіл мәселесі және сауда" abai.kz сайты) ежіктей айтқанмын. Сондықтан орыс саясаты мен көзқарасы болашақта қай бағытта жылжиды, біз де солай жылжимыз. Мүмкін, шамалы мерзімге кейіндеу болар, бірақ орыстың ізін баса жүретініміз анық.
«Абай-ақпарат»