Шырынбек Қойлыбаев. Мырзатай Жолдасбеков қызметінен қалай кетті?
Мәжіліс сайлауынан кейінгі кадрлық сапырылыстардың салқыны Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығына да тиді.
2012 жылы қаңтардың 24 күні Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының директоры «өз өтініші бойынша» қызметінен босады. Өз өтініші бойыншаны тырнақшаға алуымыздың себебі бар. Қаңтардың 20 күні түс ауа, екіндіде бұрынғы Мәдениет министрі М. Құл-Мұхаммед Мырзатай ағаны өз кабинетіне шақырады. Әңгімені алыстан орағытып: Президенттік мәдениет орталығы бүгінде руханиятымыздың алтын бесігіне айналғанын, биыл Мырзекеңнің мамыр айында 75 жасқа толатынын, оны атап өтуге өзі атсалысатынын, бұл секілді ауызы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдардың қоғамымызда аз екені айтылады. Осылайша жұмсақ сөйлеп отырып, жұмыстан өз еркімен кету туралы өтінішті жаздыртып алады.
Сол өтініштің соңы Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының 354 қызметкерін әрі-сәрі күйге түсіріп отыр.
Ойламаған жерден Орталық базасында «Назарбаев орталығы» көпфункционалды ғылыми талдау және гуманитарлық ағарту мекемесін құру жөнінде Елбасының жарлығы шықты. 24 қаңтар күні Орталыққа басшы болып Саудабаев келе қалды. Сонымен қысқасы, Астананың төріндегі Президенттік мәдениет орталығының 354 қызметкерінің апам да аң таң, мен де аң таң болып отырған жағдайы бар.
Мәжіліс сайлауынан кейінгі кадрлық сапырылыстардың салқыны Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығына да тиді.
2012 жылы қаңтардың 24 күні Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының директоры «өз өтініші бойынша» қызметінен босады. Өз өтініші бойыншаны тырнақшаға алуымыздың себебі бар. Қаңтардың 20 күні түс ауа, екіндіде бұрынғы Мәдениет министрі М. Құл-Мұхаммед Мырзатай ағаны өз кабинетіне шақырады. Әңгімені алыстан орағытып: Президенттік мәдениет орталығы бүгінде руханиятымыздың алтын бесігіне айналғанын, биыл Мырзекеңнің мамыр айында 75 жасқа толатынын, оны атап өтуге өзі атсалысатынын, бұл секілді ауызы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдардың қоғамымызда аз екені айтылады. Осылайша жұмсақ сөйлеп отырып, жұмыстан өз еркімен кету туралы өтінішті жаздыртып алады.
Сол өтініштің соңы Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының 354 қызметкерін әрі-сәрі күйге түсіріп отыр.
Ойламаған жерден Орталық базасында «Назарбаев орталығы» көпфункционалды ғылыми талдау және гуманитарлық ағарту мекемесін құру жөнінде Елбасының жарлығы шықты. 24 қаңтар күні Орталыққа басшы болып Саудабаев келе қалды. Сонымен қысқасы, Астананың төріндегі Президенттік мәдениет орталығының 354 қызметкерінің апам да аң таң, мен де аң таң болып отырған жағдайы бар.
«Назарбаев орталығы» көпфункционалды ғылыми талдау және гуманитарлық ағарту мекемесін құру арқылы руханияттың алтын бесігіне айналған мекемені тарату қандай қажеттіліктен туындады? Біздіңше, бұл - Ақорданың Саудабаевтан құтылу үшін арнайы ашқан мекемесі ме деп ойлаймыз. Қанат Бекмырзаұлының айтуынша, бұл мекеменің мақсаты - Елбасы саясатын шет мемлекеттерге насихаттау болатын секілді. Біріншіден, Қазақстан Республикасының және Елбасы Н.Назарбаевтың ел бірлігін ту еткен саясатын насихаттайтын әлемнің 75 елінде елшіліктер мен өкілеттіліктер ашылған. Екіншіден, мұндай ғылыми жұмысты шетелдік мамандармен тығыз жұмыс жасап жатқан Назарбаев университетінің базасында жүргізуге де болатын еді.
Біздіңше, «Назарбаев университетімен» қоса «Назарбаев орталығын» құру дағдарысты тосып отырған қазіргі жағдайда, әрі Жаңаөзендегі жағдайдан кейін Елбасын халыққа жеккөрінішті көрсетпей ме? Ақордадағы ақылшылар осыны неге ойламады?
Қыстың көзі қырауда жұмыссыз қалғалы отырған Президенттік мәдениет орталығының 354 қызметкерінің тағдыры өз алдына бөлек әңгіме... Орталықтың жаңа басшысы Қ.Б. Саудабаев келген күні 354 қызметкерге «уведомления» таратып, қол қойдырып алғаннан басқа мекеменің болашағы туралы ұжыммен сөйлескен емес. Күн аралатып кабинетіне келіп кеткені болмаса, мұнда қандай құнды мұралар бар деп Орталық музейін аралап та көрген жоқ.
Сонау Кеңес Одағының айтқаны болып, атқаны тиіп тұрған заманда профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен 1967 жылы Байырғы түрк ескерткіштері тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, қазақ әдебиетінің тарихын 12 ғасырға тереңдеткен танымал түрколог ғалым, Елбасы Н.Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі ретінде тәуелсіз Қазақстан мемлекетін орнатуға «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай» еңбек еткен мемлекетшіл қайраткер Мырзатай Жолдасбеков ағамыз еш негізсіз қызметінен алып тастай салатын тұлға ма еді? Басалқалы сөз айтатын, ауызы дуалы, сөзі уәлі қарияларды пайдаланылған қалбырдай лақтырып тастай берсек, біздің елдігіміз қайда, аға сыйлаған, ақсақалын ардақтаған кісілігіміз қайда?
Осылайша 1986 жылы Дінмұхаммед ақсақал бюрода 18 минутта орнынан алынса, Мырзатай ағамыз 24 қаңтар күні 12 минутта қызметімен қоштасып, «кітап жазу үшін» зейнеткерліке шығып кете барды.
Барған жерін жандырып, жандандырып жіберетін Мырзатай ағамыз 2003 жылы Еуразия ұлттық университетінің ректорлығынан да «наша сатылды» деген жаламен негізсіз шеттетілген болатын.
Ат жалын тартып ел ісіне араласқалы еліміздің руханият саласының дамуына тер төгіп келе жатқан Мырзатай ағамыздың басшылығымен Президенттік мәдениет орталығында қандай игілікті шаралар жүзеге асты. Қысқаша тоқталып өтелік.
Мырзатай Жолдасбекұлы Президенттік мәдениет орталығын 2006 жылдың ақпан айынан бері алты жылдай басқарды. Бұл Орталықтың алты жылда алған асуларын алға тартсақ, ең бастысы - халық ұғымында музей деп ғана аталатын мекеме руханияттың ордасына, алтын бесігіне айналды. Бұрын бар-жоғы білінбейтін, «айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау» секілді Орталық Елорда зиялылары мен жұртшылығының іздеп келетін, жиі бас қосатын мәдени ошағына айналды.
Музей, кітапхана, ғылыми зертхана, концерт зал қызметі мен «Ұлттық дәстүрлер театры», «Мәдени мұра» журналы секілді бес саладан тұратын Орталық жұмысы жан-жақты жанданды.
Музей қоры ұлттық құнды мұралармен молыға түсті. Былтыр үш жүз жылдық мерейтойы атаусыз қалған Абылай ханның алтын зерлі қамқа тоны, қаз дауысты Қазыбек бидің шапаны, Балуан Шолақтың белдігі, әлемде аналогы жоқ Сақ заманы мен Түрк дәуіріне тән ескерткіштер орталық музейге тегін алынып, көрермендердің көзайымына айналды. Елімізге келген шетелдік қонақтар тамашалайтын мемлекеттік мазмұны терең тарихи музей толық жүйеленіп, «Жаңа заманның - жаңа тарихы», «Сақ заманы», «Қасиет», «Қазақ әлемі» көрме залдары қайта жаңғыртылып, жұртшылық назарына ұсынылды.
Шығыс Қазақстандағы Берел қорғанынан табылған, осыдан 2500 жыл бұрын салтанат құрған сақ патшасының асыл бұйымдары, Батыс түрк қағанатының ғажап ескерткіштері - бәрі де бүгінде осы Орталықтың музейін байытып әрі ажарландырып тұр.
2008 жылы Ақтөбеде президенттер Н.Назарбаев пен Д.Медведев барып ашқан «Нұр Ғасыр» мешітінің макеті музей қорына тегін алынды. Сол секілді Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретшы Тоқболат Тоғысбаевтың қазақтың кемеңгер билері - Төле-Қазыбек-Әйтеке портреттерінің триптихы және қазақ хандығы дәуіріне қатысты аса құнды мұра - итальян суретшісі Джузеппе Кастильонидің «Қазақтардың Цин Императорына сәйгүлік сыйлауы» картинасы негізінде салынған өнер туындысы Орталықтың музей қорына сыйға алынып, халқымыздың рухани қазынасына қосылған қымбат жәдігерлер болып отыр.
2005 жылы қазақ қазақ болғалы өз тарихында тұңғыш рет Ақ Орда ашылғанда Елбасының арнайы шақыртуымен Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбек секілді руханият қайраткерлері Ақ Орданы ашып, Елбасына бата бергені көпшілікке аян. Сол тарихи оқиғаның куәсі ретіндегі Елбасы сыйлаған үш тарихи шапанды да Орталық музейінен тамашалауға болады. Оның үстіне Мырзатай ағамыз өзінің өмір бойы жиған байлығы - бай кітапханасын да, шет ел басшылары сыйға тартқан асыл, құнды мүліктерді де ел, ұрпақ пайдалансын деп 2008 жылы осы Орталыққа тегін тапсырған болатын.
2007 жылдан бері музей қорын құнды экспонаттармен толықтыруға бюджеттен ешқандай қаражат бөлінбегенін ескерсек, бұл игілікті істің бәрі тек Мырзатай ағамыздың бедел-абыройының арқасында жүзеге асқанын аңғару қиын емес.
Сонымен бірге, Орталықтың көрме залдары 2009 жылы қайта жөндеуден өтіп, атақты қылқалам шеберлері: Гульфайрус Исмаилова, Айша Ғалымбаева, Камил Муллашев, Ерболат Төлепбай, Бәтима Зауырбекова, Азат Әкімбектің көрмелері табыспен өткізілді. Орталық музейі осы салада шетелдік әріптестермен де тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Орталықта Мәскеудегі «Кремль» және Санкт-Петербургтегі «Эрмитаж» мемлекеттік музейлерінің көшпелі көрмелерінің табысты өтуі осының айғағы. Бүгінгі таңды бұл көрме залы өзінің салтанаты жағынан әлемдік талаптарға жауап беретін Астанадағы бірден-бір көрме залы болып отыр.
Президенттік мәдениет орталығы соңғы үш жылда ғылыми жұмыспен де табысты айналысып келеді. Орталықта 2007 жылы қазақ мемлекеттілігінің тарихы және тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құрылу және қалыптасу тәжірибесін саралау мақсатында ғылыми зертхана құрылған болатын.
Қазіргі таңда Елбасының қолдауымен жүзеге аса бастаған маңызды жобалардың бірі - «Қазақстан Республикасы. Тәуелсіздік шежіресі» дерекнамалық көптомдықтарының 29 кітабы жарық көріп отыр.
Орталық қазақ мемлекеттілігі тарихын бүгінгі заман тұрғысынан зерттеп, зерделеу мақсатында соңғы үш жылда үш үлкен халықаралық конференция өткізді.
Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығы кітапханасы да Астана қаласындағы кітап қорына бай кітапханалардың бірі болып саналады. Кітапханадағы кітап қорының жалпы саны - 603 000 дананы құрайды. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының саны 3000 данадан асады. Орталық кітапханасы жыл сайын 8000 оқырманға қызмет көрсетіп келеді.
Орталықта 2008 жылы «Русский мир», 2010 жылы «Түрк дүниесі» кітапханалық ақпараттық-анықтамалық оқу залдары ашылды. Бұл орталықтар Интернетке қолжетімді компьютерлік жабдықтармен, спутник антеннасымен, фото-аудио-бейне аппаратураларымен жарақтанған. Кітап қорында славьян-орыс және түрк әдебиеті мен мәдениетінен мол мағлұмат беретін 2500 еңбек бар.
Президент Н.Назарбаевтың Орталықта «Ұлттық дәстүрлер театрын» құру жөніндегі 2000 жылы берген тапсырмасы да 2006 жылы жүзеге асты. Театр сахнасынан «Ұлбике», «Алпамыс», «Абылай аманаты», «Бәйтерек» спектаклдері мен «Қазақ жырының - Хан тәңірі», «Абаймен сырласу», «Әсет пен Дәнеш», «Бұлбұл еді, дүлдүл еді Кенекең» секілді жұртшылықтың жүрегіне жол тапқан шығармашылық кештер өткізілді. «Бәйтерек» спектаклінің премьерасына Елбасы Н.Назарбаев келіп қатысты. Мұның бәрін қазақ баспасөзі кеңінен жазған болатын.
Сонымен бірге Орталықтың концерт залында Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Кенен Әзірбаев, Әбділда Тәжібаев, Міржақып Дулатов, Бауыржан Момышұлы, Шыңғыс Айтматов, Ғарифолла Құрманғалиев, Зәмзәгүл Шәріпова, Олжас Сүлейменов секілді ұлт қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-музыкалық, тағылымды кештер өтті.
Аз ғана уақыттың ішінде атқарылған осындай игілікті жұмыстардың арқасында Президенттік мәдениет орталығы көпшілік күткендей, Астанамыздың, Отанымыздың шын мәніндегі рухани Ордасына, ресми іссапармен келген шет ел басшылары тамашалайтын бірден-бір қасиетті шаңыраққа, тәрбие университетіне айналған еді.
Біздің Назарбаев орталығының ашылуына еш қарсылығымыз жоқ, Елбасы Н.Назарбаевтың салихалы саясатын насихаттау, халыққа кеңінен түсіндіру ешқашан көптік етпейтіні анық. Алайда, бір адамның лауазымы үшін Астананың төрінде жұмысы жан-жақты жолға қойылған «руханияттың алтын бесігінің» шаңырағын ортасына түсіріп, 354 қызметкердің тағдырын тәлкекке айналдыру еш ақылға сыймайды.
2001 жылы Елбасының өз қолымен сызылып салынған, Астананың қазақылануы мен ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуде он жыл бойы өзінің миссиясын атқарып келген бұл тарихи ғимаратты жаңа келген басшылық жекешелендіріп алады деген де сөз шығуда. Мұны шенеуніктер қаласындағы онсыз да шекесі қызып тұрмаған қазақ руханиятына, мәдениеті мен өнеріне жасалған сорақы соққы деп білеміз.
Шырынбек ҚОЙЛЫБАЕВ,
Қазақстан Республикасы
Президенттік мәдениет орталығы
директорының ғылым жөніндегі орынбасары,
филология ғылымдарының кандидаты
«Абай-ақпарат»