Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3759 0 пікір 2 Наурыз, 2012 сағат 06:39

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IV

Шешесінің талабын орындап, Жәмішпен бірге суға барып тұрдым. Ол да менің айтқанымдай, бұрымын бешпетінің ішіне салып, кір-кір болып шығып жүрді. Суға барарда мен оның бетіне әдейілеп қараймын, ол күліп жібереді. Таяқ жегеннен кейінгі бір кешке жақын қызыл келіншек су көтеріп келеді екен, біз суға бара жатып қарсы ұшырасқанда көрдік. Оның, оң жақ көзінің маңайы түгел көгеріп кетіпті.

-  Мұны Ілдәй ұрған! - деп сыбырладым Жәмішке.

- Неге

- Әдемі болған соң ұрды!

Қабағын түйіп ап келе жатқан қыз күлкі қысып, бір қолымен аузын басты:

- Әдемі болса ұра ма екен?

- Әдемі болған соң бәрі соның үйіне келеді. - Әкесі де, Ілдәй да келеді. Тіндәйдің келгенін көргем жоқ. Әкесі ұрмады. Ілдәй қатты ұрды, көзі содан көгерді.

Қыз сұп-сұры болып, тез жүріп кетті. Суды іліп ала қашты. Мен артынан ере тоңпандап едім, Тіндәй шақырды. Қайырыла қарап едім, қыз бет бұрмай бұйырды маған:

- Жүр, қарама оған, барма!

IV

Шешесінің талабын орындап, Жәмішпен бірге суға барып тұрдым. Ол да менің айтқанымдай, бұрымын бешпетінің ішіне салып, кір-кір болып шығып жүрді. Суға барарда мен оның бетіне әдейілеп қараймын, ол күліп жібереді. Таяқ жегеннен кейінгі бір кешке жақын қызыл келіншек су көтеріп келеді екен, біз суға бара жатып қарсы ұшырасқанда көрдік. Оның, оң жақ көзінің маңайы түгел көгеріп кетіпті.

-  Мұны Ілдәй ұрған! - деп сыбырладым Жәмішке.

- Неге

- Әдемі болған соң ұрды!

Қабағын түйіп ап келе жатқан қыз күлкі қысып, бір қолымен аузын басты:

- Әдемі болса ұра ма екен?

- Әдемі болған соң бәрі соның үйіне келеді. - Әкесі де, Ілдәй да келеді. Тіндәйдің келгенін көргем жоқ. Әкесі ұрмады. Ілдәй қатты ұрды, көзі содан көгерді.

Қыз сұп-сұры болып, тез жүріп кетті. Суды іліп ала қашты. Мен артынан ере тоңпандап едім, Тіндәй шақырды. Қайырыла қарап едім, қыз бет бұрмай бұйырды маған:

- Жүр, қарама оған, барма!

Мен жүгіріп Жәмішті қуып жеттім де, еріп қайта бердім. Күн бір түрлі күңгірт тартып батып барады екен. Аспан буалдыр, бұлт па, шаң ба белгісіз, сұрғылттанып алыпты. Жел ішіне тартып тұншығып тұр. Шөп басы үлп етпей ойлана қалған сияқты... Жәміш қақпасына кіргенде мен де ойланып тұрып қалдым. Ешкіні айдап қайтатын уақыт болған екен. Соған барғым келді. Тіндәй маған бір түрлі жылы жүзбен қарап, қарсы жүрді.

- Ей, ана қыз сенің неменең?

- Іштемем емес, көршіміз.

- Ыңғай сені ертіп, сөйлесіп жүреді ғой өзі, не айтады?

- Ештеме, ол емес, мен айтамын.

- Ей, сен екеуміз жақсы болайықшы! Сен менімен де бірге жүр! Мен бақшаға ертіп апарамын. Ешкіңе ешкімді тизгізбеймін, мыналарға бақтырамын. Үйіңе бірге айдасып апарып беріп тұрамын. Екеуміз бірге жүрейік, бола ма?!

Мен не дерімді білмей, басымды изеп қойдым. Тіндай ешкіні менімен бірге айдасып келіп дуалға кіргізісті де ертең келетінін, бақшасына баратынымызды айтып қайтты. Мұнысынан қуанарымды, қорқарымды білмей кірдім үйге. "Өзі жақсы жігіт сияқты ғой!" Шешем Биғайшаны алып келген соң шекарада екі рет "ақсарбас-ниаз" айтқанын есіне түсіріп еді. Біреуін мені бұқтырып, төрт құлақты бейіттің түбінде жатқанда айтқан. Биғайшаны әкеле жатқанда тағы қорқып, тағы айтыпты.

- Екі рет айтып едім. Құдайды алдамайықшы! Пальтомды сатып, сарбас болсын-болмасын, әйтеуір, бір ақ қой тауып келші! - деп әкеме айтқанын естіп едім.

Шешемнің сол жалғыз шапанына кішкене қара қой келіп қалыпты.

- Табылғаны осы, - деді әкем, - құдай біздің қорамызда қой жоқ екенін білмей ме! "Барды жоқ деген - кәпір, жоқты тап деген - кәпір" деп айтқан құдайдың өзі болатын. "Барға қанағат, жоққа салауат" осыны сояйық та мүсәпірлердің бірнешеуін шақырып, балаларға батасын әперелік, бәйбіше, жоққа қиналып қайтесің!

- Япырмай, тым болмаса қылаң сұрамай, қас қылғандай қап- қарасын әкелуіңді қарашы!.. Енді майына шелпек пісіріп, "жеті шелпек" бере тұрайық", құдай беріп орайы келгенде ақсарбастың дәл өзін-ақ тауып шалармыз, қайтерміз енді.

-  Ұн керек қой, оны қайдан табамыз?

- Мұқамәдидің үйінен бір табақ үн әкелгенмін. Балаларға көрсетпей, әдейі сақтап отыр едім.

- Ақылды енді таптың, бәйбіше! - деп әкем серпіле кетті де, пышақ қайрауға кірісті. - Өзіміздің жердің ұнымен тілеу жасау бәрінен сауапты!.. Ал, енді бір жағынан, ақсарбас қойды табу - Алланың өз қолынан ғана келеді. Қайткенде де өзіне арналған қойдың қисынын өзі келтірмей ме. Мұның да ақыл тапқандық!.. Үшінші, қазір балалар да, өзіміз де аш. Қара қойдың етімен өзіміз бір қаужанып алалық! Оның сорпасымен Биғаділ жазылады. Көптен ұстап көрмеген қойдың басын ұстап, мен қопиямын. Бір жағынан бір-ақ ұтқан өзің. Тіпті, түпкіш екенсің! Сөйтіп қара қойды бас салған әкем майшамның жынды көбелектей дірілдеген сәулесімен лезде мүшелеп шығара салды. Сол түні мия төсенішіміз құс төсектей тиді жамбасымызға. Ертеңіне шайдан соң шешем май шыжғырып, шелпек дайындығына кірісті. "Жеті шелпек" жеті ғана емес, қырық шақты шелпек болып шығатын көрінеді.

- Апа, жеті шелпегінді анау үйдегі ауру шалға берейікші! -дедім мен, - басқасына бермесең берме, соған берші!.. Өзің апарып өз қолына бер!

Соны айтып жалынып тұрғанымда, Тіндәй есіктен қарап маған ымдады. Шелпек пісіріліп жатқанда кісінің үйден шыққысы келе ме, қаншалық тырысқаныма қарамай шақыра берді. Бір сылтау ойлап таба бергенімде, оның талабын шешем қолдады:

- Алаң болма, сенікін алып қоямын, ана бала жақсы көріп қапты ғой сені!.. Бара ғой!.. Ойна, жақсы, тату жүріңдер!- деп сөзін Тіндәйға қаратты шешем, - шырағым, менің бұл балам қорқақ, бір нәрседен қорқып қалмасын! Және өте ұялшақ, онысына қарап, бұртыңдаған тұйық бірдеме екен деп қалма! Үйренісе келе онысын қойып, шешіліп кетеді. Жазғыз-ақ, әке-шешеңді боқта демесең болғаны бұған! - шешем күле айтты бұл сырымды. Тіндәй да күліп тұр.  -  Басқасының бәріне көнімді, бәрін де түсінеді. Үлкенсің ғой, ойыңды жақсылап үйрет, балам!

Тіндәй мені күле ертіп шығып, өзінің бақшасы жаққа бастады.

- Сен неден қорқасың?

- Мен иттен қорқамын.

- Одан басқа.

-  Одан басқа, - деп бөгеліп қалдым "Ілдәйдан қорқамын" демекші едім, ол Тіндәйдың ағасы болғандықтан айтқым келмеді. Бірақ, біз соның үй жағына бара жатырмыз. Дәл қазір иттен гөрі содан қорқынышым көбірек еді. Соны айтып қоймай үрекпеген қаупім басылар емес.

- Ие, одан басқа? - деп Тіндәй қайта сұрады.

- Одан басқа... сенің ағаң ба, Ілдәйдан қорқамын.

-  Ол - менің ағам, одан қорықпа... Ол қалай қорқытты сені?

- Әнеукүні қызыл келіншекті қиын ұрды... және
боқтады, мен үндемей қашып кеттім.

Тіндәй күлімсіреп біраз ойланып қалды.

- Одан қорықпа, енді тиіспейді! - мен тигізбеймін!..  Ал, одан басқа кімнен қорқасың?

- Ақтай, Санатпай дегендерден қорқатынмын. Әкем оларды ұрған соң қатты қорықпайтын болдым.

- Әкең мықты ма?

- Қиын мықты. Қасқырды тірі сояды, қорықпайды.

- Ал онда сен неге қорқақ болдың!.. Және басқа неден қорқасың?

- Бір қыздан да қорықтым.

- Неге?

- Қабағы өте суық көрінеді екен.

Тіндәй күліп жіберді. Мен Шәуешектен алғашқы көрген қыздың қабағын меңзеп едім. Тіндәй Жәміштің қабағы деп түсінген сияқты. Бұл жәйт менің есіме енді түсті.

- Қыздың қабағынан жігіт қорқа ма екен? - деп күлді ол.

- Мен жігіт емеспін, баламын ғой!

- Әлгі өзің бірге жүрге қыздан қорқамысың?

- Жоқ, одан қорықпаймын, ұяламын.

- Неге ұяласың?

- Мен жақсы адамдардан ұяламын.

- Ал менен шы?

- Сенен... біраз қорқатынмын. Қазір біраз ұяламын.

- Мен біраз жаман, біраз жақсы болдым ғой онда?! - деп Тіндәй тағы күлді.

- Жоқ, жақсы сияқтысың.

- Сен бір қу екенсің! - деп ол жымиды да, қулығымның қайда екенін түсінбей мен жымидым.

- Сен қорықсаң бақшаның артынан түсеміз! - деп ол биік дуалдың артына келді. Бір ағаштың сыртқа салбырап тұрған бұтағынан ұстап өрлеп дуалға мінді де менің қолымнан көтеріп шығарып, сол бойы дуалдың ішіне түсірді. Бақша деген біздің үйіміздің артындағы тәрізді сәйлік екен. Бірақ, мынаның төңірегі қатар тізілген биік ағаш, біз Шәуешектен алғаш келгенде көрген "қоршаулы жәннаттың" біреуі осы екен. Демек, біз "жәннатқа" кірдік! Қалың жапырақ басқан кең сәйліктің ауыз жақ шетінен қатар тізілген биік үйлер көрінді. Қара-сұрылардың үйі сол сияқты. Жап-жасыл қалың жапырақ, қара жерді көрсетпей, көздің жауын алғандай. Тал түске көтеріліп жарқыраған ашық күннің ыстығын жұтқан дымқыл ауалы бақшаның әр түрлі иісі бірігіп, сап-салқын самалмен желпиді. Осындай кең бақшаны кемелдендіріп берген кім екенін толық айыра алмасам да, малайларының қыз-келіншектерін қуалап сабап жүретін қара-сұрылардың қолы бұған тимейтінін біліп келе жатқандаймын. Малайлар әйелін сақтайтын берігірек үй таба алмай жүргенде, бұлардың тегін егілген жапырақтарын да мықтап сақтайтын биік қорған соқтырып алуларын қарашы!.. Мына ағаштарының саясына адам келтірмеу үшін істеген қулығын көрдің бе! Тіндәй қалай жомарттық көрсетіп жүр маған?! "Сен қу екенсің" дейді өзі. Ал, мұның әкесінен сыған, ағасынан жауыз ешкім жоқ. Өзі қандай екен?..

Бақшаның кей жерінде көкпеңбек қалың сояулар көрінеді. Ол біздің Серек тауындағы қалың сарымсақ сияқты менің көзіме өте ыстық көрініп кетті де, солай беттедім.

-  Ей, мына жақта лобы бар, қазір тәтті уакыты, содан жейік! -деп бастай жөнелді мені Тіндәй, - сәйді аяғыңмен басып алмай, мына қырымен жүр! - Ол кішкене бір тақтаға келіп отыра қалып, бір жапырақтың қып-қызыл тамырын жұлып алды. Жапырағымен сүртіп тастап күртілдете бастады. - Сен де алып же, қанша жесең де болады, жей бер! - қатарындағы бір тақтаға отыра қалып, мен де біреуін жұлып алдым. Бұл да қып-қызыл екен. Соның көзінше сүртіп аузыма салып көрсем ап-ащы, теке саситын бір дәм білінді. Түкіріп тастадым.  -  Үй, ол шамғұр емес пе, мына тақтадан алып же! - деді Тіндәй. Көрсеткен тақтасына және біреуін жұлып алып көрдім. Оңып тұрған ештеңесі жоқ, мұның дәмі де сол "шамғұры" сияқты татиды. Әлгі теке иісті суы тіпті молырақ екен, оны да түкіріп тастадым.

- Мынау теке жейтін шөп пе?! - деп таңдана қарадым өзіне.

- Жоқ, лобы емес пе. Мұны қазақ та жейді ғой!.. Жемейсің бе?.. Онда қайсысынан жегің келеді?

- Анау тұрған сарымсақ па?

Тіндәй үй жағына бір қарап алды да, жүгіріп барып екі талын жұлып әкелді. Бұл әлі өскен жоқ...

Сол "жәннаттың" ішінен сарымсақтан басқа мен бұрын жеп көрген ештеңе таба алмайтынын білген соң, дуалдан қайта асып шығып кеттік.

- Ертең итті байлатып қоямын, сонан соң қақпадан кіретін боламыз!.. Сен Ілдәйдан қорықпа, оны да тиіспейтін етіп
қоямын! - дегендей нашаттарымен шығарып салып, Тіндәй үйіне қайтты. -  Ей, түстен кейін көкмайсада ойнаймыз, ә!

Мен түстен кейін көкмайсаға қорықпай келдім. Тіндәй да, оның нөкерлері де мені бауырларына тартқандай бейне білдіріп жүрді. Мал қайыртпады да, күрестірмеді де. Әскер болып тізілгенімізде нөкерлеріне қатты сақылдап кететін "қолбасшы" маған келгенде:

- Биғабіл, сен де түзу тұр! - деп күлімсіреп қойды. Ал, басқаларына бар айбарын көрсетіп, шекшие қалды. Ол бұлай шекшигенде біз қаққан қазықтай қатып қаламыз. Жақсы көретін ең ересек нөкерлерінің біреуі күліп қойып еді, ыршып келіп шапалақпен тартып жіберді. "Қолбасшы" сұрланып алған толық жүзі де оталып, қызарған көзі де найзадай қадалып, соның алдында тұрып алды. Шапалақ тигенде босап  кеткен болуы керек, қылмысты мұрнын тартып қалып еді, шапалақ тағы шарт ете түсті. Ешқайсысы енді мұрнын жия алмай қалды білем, көзімнің қиығымен қарасам, бірнешеуінікі салбырап та кетіпті. Ыңғай жалаң аяқ, жалаң бас "әскер"
демдерін де ала алмай сіресіп тұр, мен де сірестім. Қылмысты жылап жіберер ме екен деп күтіп едім, ол "қолбасшыға" итағатпен қарап қатып қалыпты. Жазаланған адамға тиісті тәртіп солай еді. Қайсар жауынгер екенін білдіру үшін, ол мұрнын қайтып тартпады. Мен оған үңіле қарадым. Мұрнынан шығып тұрған "сүңгі" тіпті ұзын екен. Көз алмай қарап қалған болуым керек. "Биғабіл, түзу тұр" деп маған тағы жұмсақ қана бұйырды да, "тартыңдар мұрындарыңды!" деп ақырып қалды "қолбасшы". Нөкерлер пырылдап ала жөнелді. Жиіркенген "қолбасшы" шегініп, алысырақ барып тұрды. "Жиесән"[1] деп бұйырғанда, барлығы арттарына қайырылып тарай жөнелді де, бүкшиіп алып мұрындарын мыжыса берді, бәрі де қорлықты мұрындарынан көрген екен.

Мен ешкімді қарап келейін деген сылтаумен шықтым да, үйге тарттым.

- Қайда барасың? - деп сұраған «қолбасшыға» үйге барып қайтып келетіндігімді айта зыттым, - мақұл, қайтып кел!.. Екеуміз доспыз енді, менен ұялсаң ұял, қорықпа! - деп қалды артымнан. "Ұялмаспын, бірақ қорқамын-ақ!" дегендей зыттым...

Жәмішпен бірге суға келгенімді ол тағы көрді, тағы да көз алмай қарап қалды. Күн бата қайтып барып, ешкімді айдай жөнеліп едім, "қолбасшы" менімен бірге айдасып келді:

- Әлгі қыз бүгін не айтты саған?

- Ештеме айтпады.

- Басыңды көп сипады ғой, сені жақсы көреді екен өзі... Менің басымды солай сипасашы! Сен менің осы сөзімді оған ұмытпай айтып қой!.. Мақұл ма?

Үндемедім, басымды да иземедім, мұның мені жақсы көріп жүрген себебін енді түсінгендеймін. "Жәмішті жақсы көреді екен деп, мені бұл да жақсы көрсе не зияны бар. Ешкім бағулы, өзім сыйлы болмаймын ба... Бірақ Жәміш бұдан тіпті қорқады, айтпаймын оған!.. Ие, бұл Жәмішке жақсы көріңбек екен ғой, енді тіпті де айтпаймын!" Осы оймен келе жатқанымда Тіндәй тақауырлай түсті:

- Менің сөзімді ұқтың ба!.. Менің басымды да солай сипасашы дедім ғой! - мен үн қатпай тұқыра түстім, - сен мені жақсы көремісің!

"Қорыққан адамын жақсы көре ме екен!" деп ойладым ішімнен.

- Сен менен ұялып келемісің?

- Жоқ, - деп жауап қайттым, - Жәміштен ұяламын! "Қолбасшы" күліп жіберді:

- Сен одан ұялма, ол саған ұрыспайды?.. Қыздан жігіт ұяла ма екен! Осы сөзімді айтып қойсаң болды! Ертең біздің үйге барамыз, сен қонақ боласың! Сен қорқатын нәрсенің бәрін мен қорқытамын! - деп қайтты ол. Расында да солай сияқты, мені де қорықсын деп бар баланы қорқытты бүгін.

Тіндәй ертеңіне сәскеде біздің үйге тағы келді. Оның келе жатқанын көріп. Биғаділдің қасына жатып алып едім, тағы қолқалады,. "Ерегіссе ешкімге маза бермейді, өшіктірсең ұрады!" деп Биғаділ сыбырлады бір жағымнан!

- Бара ғой! - деп қалды әкем де, сонан соң Тіндәйға тапсырды, - мырза, бұл балаға ешкім тиіспесін, бұл өзі ешкімге соқтықпайды, жуас бала!

- Жоқ, бұған мен ешкімді тиістірмеймін, - деп күлімсіреді Тіндәй,   - өзіне де айтқанмын.

Ескі дуалдан шыға келгенімізде батыс жақтан құйын соғып өте шықты да, арты салқын желге айнала бастады. Көп шынардың ар жағынан қара бұлт көрінді, күн жүзі ашық тұр. Екеуміз кешегі көшемен жүріп барып, қалың қарағай есікті үлкен қақпадан кірдік. Бірқатар биік үйлердің алдыңғы жағы арттағы бақшасынан сәулетті, тым әдемі бақша екен. Күс-күс жалаң аяғыммен кір-кір көйлек-дамбалшаң ғана соншалық сәулетті үйге кіруден қатты жасқанып, өзімнен-өзім қорланып келе жаттым. Әртүрлі гүл ашылып жайнап тұр. Тіндәй маған "алма" деп бірнеше түп аласа ағашты көрсетті. "Пысқанда" ертіп келіп жегіземін! Жолдан шыға беріп, екі тал қызыл гүл жұлып алды да, бірін маған берді, өзіне алып қалғанын иіскей жүріп келіп, уқалай-уақалай лақтыра салды.

- Иісі жақсы! - деді сонан соң. Расында да иісі өте жағымды екен, мен тастамадым, Биғайшаға апарып бергім келді. Бір есікке жақындай бергенімізде бақшаның бір жағынан Ілдай көріне қалды. Мен жалт беріп Тіндәйдың далдасына өттім.

- Қорықпа, итті байлатып қойғанбыз, басқа ит жоқ! - деп Тіндәй жан-жағына қарады да, ағасын көрді, - ол тиіспейді!

Ілдай расында да үндеген жоқ. Қолын артына қайырып алыпты, бізге қарамай бақша аралап кете барды. Тіндәй мен Ілдәйдің киімі ұқсас еді, түрі де ұп-ұқсас екен. Екеуі де төбесін теп-тегіс қырықтырып, қысқа шаш қойған, екеуінде де көк сұры бешпет-сым бар. Балақтарын әкесінше байламапты, айдар да қоймапты. Екеуінде де қара барқыт шақай. Тіндәй секілді оның да "қаппайтындығын" ұққаныммен, табалдырығынан қорқалақтай аттадым.

Біз кірген үй шығыс жақ шеткі кішкене үй еді. Оның батыс жақ қарсысындағы үлкен үйдің есігі ашық тұр. Ол үйге кіруден "құдайдың сақтағанына" қуандым. Көз қамайтын қып-қызыл гүлді кілем оның төріндегі есікке дейін жайылыпты, төр есіктен өтсек, ар жағы тіпті «қиын» сияқты көрінді. Ол үйде қандай пәле жатқанын кім білсін. Әйтеуір батыс жақ есікке кірсем, барлық масқаралық менің басыма орнап, бұрын өзім сезініп көрмеген ең жаман мүсәпірлік халге түсетінімді біліп едім, бар қоршылық аяғымда тұрмай ма!

Біз кірген үй ондай емес, үй тағанының жарымын алған сәкінің үстінде ғана кілем бар, қалғаны мұздай жалтыр көк ала кірпіш төселген еден екен. Соны да жаман аяғым тайғанақтап әрең бастым. Сәкінің шетіне қана ілініп, аяғымды салбыратып отыра кеттім. "Жоғары шығып отыр!" деп қонақ иесі айтпады да, өрлеп шықпауға мен бекіндім.

Қарсы үйден қандай пәле шыға келер екен деп аңдып отырғанымда, тал шыбықтай бұралған, сұңғақ бойлы, ақ келіншек кірді. Сопақша келген аппақ бетінің ұшы нарттай қызыл, дөңгеленген үлкен қара көзімен Тіндәйға күле қарады. Мен одан қымсынып қалып едім, қаупім бекер екен, маған пысқырып та қарамады ол.

- Шай ішемісің? - деп Тіндәйға қазақша сөйледі. Киімі де, жүрісі де "қытайша". Осы сөйлеумен ғана маған жылы көріне қалды. Аш беліне түсетін топ-тоқ қос қара бұрымының ұшын қызыл лентамен түйіп, қызыл гүл порымына келтіріп қойыпты. Етегінің екі жаны жырық, ұзын ақ жібек көйлегі жерге тиер-тимес. Қызыл қатипа шақайының тұмсығы жүргенде ғана көрінеді. Көйлегі соншалық ұзын болғанымен тарлығына таңданғандайсың, етімен ет болып жабысып тұр. "Егер етегі жырылмаса, тұсалып жығылар еді де, өзі үзілейін деп тұрған аш белінен екіге бөлініп түсер еді" деп ойладым мен.

Тіндәйдің не айтқанын ұқпай қалдым. Жібек көйлек жабысып алған құйрығы екі айрық болып, бұлтыңдап шыға жөнелді келіншек. Мен үйдің төбесіне қарадым, сыртынан қарағанда үйлерінің арты соншалық биік, алды аласалау, кірпіш дөдегелі еді. Төбесінің ішкі жағы біркелкі тегіс, әдемі қызыл көк гүлді қағазбен безелген екен. Кішкентай үйде үлкен-үлкен екі терезе тұр. "Әрбір көзі біздің үйге үлкен терезе болар еді шіркін!"

- Әлгі келіншек - менің жеңгем, - деді Тіндәй, мен жалт қарадым. Ілдайдың келіншегі бар екеніне, болғанда да ерекше сұлу келіншегі бар екеніне сенбей қалғандаймын.

- Ілдайдың келіншегі ме? - деп сұрадым да, ол басын изегенде төмен қарап кеттім. "Мұндай келіншегі бар адамның елдің қатынында несі бар, неге жабысады оған, неге ұрады оны?!" деген ой келіп еді.

- Мұны да ұра ма? - деп қалғанымда Тіндәй күліп жіберді. Подносқа момы мен бір тарелке турамыш лобы салып, жеңгесі кіріп келді.

- "Ілдай қатынын сабай ма" деп сұрайды мына бала! - деп күлді Тіндәй.

Келіншек те күліп жіберіп маған қарады. Мен тұқырып алдым, бетім оттай жанды.

- Неге сабайды екен?.. Ол сабаса мен де сабамаймын ба!.. Оны неге сұрадың? - деп келіншек көзін аудармай маған қарап тұрып алды, бұл көз - өте өктем көз еді, мен қатты қысылып терлеп кеттім. - Біреуді сабағанын көрдің бе?..

Жауап бермесең болмайтындай, Тіндәйға саса қарадым мен. Тіндәй шытылып қалды, екінші рет қарағанымда көзін қысып қалды. "К...ынды қыс" дегені екенін сезе қойдым мен. Жауап қатпай мен де күлімсіреген сияқты болдым. Менікінің өте қиюсыз, қысылыстан болған күлімсіреу екенін білемін, дөңгелек аласа столдың ернеуін сызғылай бердім.

- Бұл өте ұялшақ бала, бірақ, сөйлей қалса тіпті қызық сөйлейді екен! - деп Тіндәй келіншекті өзіне қаратып әкетті.

- Кімнің баласы өзі?

- Жаңа келген бір көршінің.

Келіншек жыпылықтата сөйленетін бір тілде сөйлеп алды да, соңына қазақша жалғады:

-  Біз әдемі киіндіріп, мырза қып қояр едік!  -  Жеңгесі шай құйып беріп шығып кеткен соң, Тіндәйдан оның солаңша не деп сөйлегенін сұрадым.

- Сені  "біздің солаң сияқты екен, әке-шешесі бізге берсеші, көп ақша берер едік!" дейді... - Бұл келіншек солаңдардың үлкен бір байының қызы. Әкесінде ұл жоқ. Сен оған бала болсаң, әдемі мырза болар едің, әкең де малды болар еді!

Менің жүрегім аузыма тығылып дүрсілдеп кетті. Қолыма алып бір ұрттаған шайды қоя салдым, шығып кеткім келді. Бұл жайымды сезгендей, Тіндәй сөзін жайма шуақтай берді:

- Қорықпай-ақ қой, әкеңнің сені бермейтінін білемін. Әкең де, шешең де өте жақсы көреді екен сені, барған сайын маған тапсырады ғой... Көңіліңе алма, бұл қатын былжырайды!.. Шай іш, мынау жақсы сәй, момымен қосып жеп, тойып ал!

Мен шай ұрттай бердім, лобы жеуге көңілім алай-дүлей. Кешегі лобы дегенін шикі күйінде турап-турап үстіне май сияқты қоңыр бірдеме құйыпты. Одан да жемедім. Сырланған екі шыбықпен қалай іліп алып жейтінін білмеймін. Тіндәй сонымен алып соғып отыр. Ол тіпті зорлай берген соң лобысынан бір үзіп жедім. Жаныма қойған гүлімді алып, қарай бердім, ол алғашқыдай емес, солыңқырап қалыпты. Тіндәйдың жаңа үзіп алған гүлін уақалап-уақалап салғаны есіме түсті. "Өйтетіні бар неге үзіп алды?" деп ренішпен ойладым. "Ал Ілдайы өзінің мынадай әдемі қатыны бола тұрып, елдің қатынына жүгіреді? Бұл да сол үзіп алған гүл сияқты уақалап-уақалап тастай салғаны емес пе. Жоқ, бұл келіншек құлпырып тұр, бейшара қызыл келіншекше көзі көгермепті. Мықты байдың қызы болған соң ұрғызбаған да, уқалатпаған да ғой тегі... Бірақ, бұлар үзіп алады да қадірсіз тастайды. Мына Тіндәйдың "иісі жақсы" деп тастай салуын көрмеймісің, тоқ қасқыр сияқты!.. Әкем: "өзі тойса да көзі тоймайды" дейтін. Олар тоқ болса да қойды қыра береді екен, ал бұлар өздеріне керексіз болса да жұлып тастай береді. Осылардың "тегі қасқыр" екен!.

- Сен қонақ болып келіп отырып, неге тамақ жемейсің! - деп қалды Тіндәй.

- Жеп болдым, қайтамын?

- Әй, сен әлгі қатынның сөзінен қорқып қалдың ғой!.. Мына момыны ал, кейін жейсің. Жан қалтаң бар ма?

- Менде жан қалта бола ма,  - Тіндәй қалпағымды алдырып, мен үзген момыға екі бүтін момы салып берді. Мен еріп шығып қайтуға бет алдым. Балағын айдарлыша таңып алған, ұзын жыртық көйлекті семіз әйел шықты бір есіктен. Аяғы кішкентай "ши аяқ" екен. Сондай торғын киімді, жастау бір әйел ар жағында бір есікте тұр. Таңып алған аяғы мен желкесіне түйіп қойған шаштары болмаса, екеуі де өңді адамдар екен. Семіз әйел Тіндәйға, онан соң маған қарады.

- Мына балаң кім? - Тіндәйдан жауап күтпей-ақ, алшаңдап жүре берді ол.

- Сенің апаң ба? - деп сұрадым мен.

- Ие... арғысы кіші шешем.

"Ең қиын қасқыр - әкесі екен!" деген ой келді маған. "Ілдай біреуін тастап жүгірсе, ол кәрі басымен екеуін тастап жүгіріпті қызыл келіншекке. Баласынан аш көздігімен тартып әкеткені ғой!.. Ілдай сабағаны да жөн екен. Бірақ, өз әкесін қоса сабаса әділдік болар еді ғой! Әлсіз деп малайдың қатынын ғана сабауын қарашы иттің баласының!"

Үш момының үстіне қойып әкеле жатқан гүліме қарап, Тіндәй тағы да екі қызыл гүл үзіп берді. Маған арнаған сыйын осымен аяқтатқандай болды да, қақпадан шыға бере енді менен сый күткендей:

- Менің кешегі сөзімді айттың ба? - деді.

- Кімге?

- Үй, кеше қызға айт дегенім қайда?

- Өзі сұрамады.

- Ол сұрамайды, Тіндәй былай деді деп сен айт!  - Мен жалтара сөз таба алмай ойланып қалдым, тұра қалдым да қақпаның босағасына қарай бердім, берген "сыйлығын" сол жерге үйіп қойып құтылғым келіп еді, олай етуден қорықтым да ойлана түстім:

- "Кеше қыз не айтты" деп сен менен сұрадың ғой. Ол да менен сұраса айтайын! Сұрамаса...  сұрамаса...  қайтып айтамын!

Тіндәй санын шапалағымен бір салды. Жүзі суылып, қабағы түйіле түсті. Мен төмен қарай бердім. Маңдайымнан тер ағып кетті.

- Өзің ынжық екенсің ғой!  -  деді ол.  - Алдымен жігіт сөз салмаса, қыз сұраушы ма еді!

- Ие, алдымен сен айт, сонан соң менен сұрарсың! - дедім оған жалынышты шыраймен қарап қойып, сонан соң қалпағымдағы "сыйлыққа" үңіле тұрып сөйледім. - Мен мынаны алмаймын!.. Керек емес, үйіңе апарып қойшы!

- Оны мен не қыламын, алып кете бер!

- Итіңе берерсің, не малайларың жер, мен алмаймын!  - Тіндәй күліп жіберді де, жұмсара қалды.

- Бізде момы көп, алып кете бер, керек емес!.. Сенің үйіңде астық жоқ шығар, қызға әлгі сөзімді айтсаң көп ұн апарып беремін!.. Жүр, үйіңе мен апарып салайын.  - Мен еріксіз ілесе жүрдім, - сен ол қызға былай де: Тіндәй саған айт деп тапсырды де? Жақсы көріп қалдым, су бойында болса да, бір сөйлессін!.. Ұқтың ба?.. Сен бұл сөзді айта салып кете берсең, үндемейді ол. Ұрысса маған ұрысады... Осыны айт, ие!.. Бүгін айт!

- Сұраса айтам!

- Сұрамаса да айт!.. Айтасың!.. Айтпасаң... мен өкпелеймін.
Осылай қадағалап тапсырды да үйіне қайтты ол. Мен өз үйіме ауыр жүк көтергендей қинала кірдім. Әкем үйде жоқ екен. Табысымды жерге қоя салғым келді де, Биғаділ мен Биғайша қарай берген соң бір момыға бір гүлден қосып үлестіріп бердім. Артылған бір «парын» шешемнің алдына қоя салып едім, күліп жіберді.

- По, табыспен қайтыпсың ғой өзің!.. Не болды ызалысың ғой?... Тамақ берді ме өзі?

- Жемедім, - деп тұнжырай түстім мен, - Жәмішке айт дейді!

- Не айт дейді? - деп ойлана қалды шешем. - О, адыра қалғыр-ай, бәсе! Сені не қып құрметтеп кетті десем... Онда мына немелерін неге әкелдің?

- Зорлап берді, әкеп салды өзі?

- Дәндеуін иттің балаларының!

- Сен не дедің? Айтайын дедің бе?!

- Жоқ, «өзің айт» дедім!

- Ие, дұрыс айтыпсың! Өз намысыңды жібермепсің! Бұзықтан туған немені қарашы! Енді онымен бірге жүрме! «Ұшынғаннан құтырған туады» деген осы!

- Ол: айтасың, айтпасаң өкпелеймін деді!

- Жоқ, сен айтпа! Мен Жәміштің шешесін сақтандырып келейін! - деп сөйлей шықты шешем, - біреудің бүлдіршіндей жалғыз баласын қорламақ қой енді!

Қызыл келіншектің көзінің көгерген себебін мен шешеме де айтқан едім, содан болу керек, ол қатты ширап шықты.

Биғаділ сорпа ішкелі біраз әлденіп қалып еді. Бет сүйегі сойдиған арық жүзіне бір қайғы орнай қалғандай болды:

- Бұл жақтың байының балалары өте бұзық болады екен, сені ұрады-ау енді ол! Ешкіге маза бермейді енді! - деді уайымдап.

Мен де осы қайғымен әлдиленіп ұзақ отырдым. Шешем қайтып келіп шай қайнатты.

- Сен ешкіге үйдің төбесіне шығып қарайтын бол, - деді шешем, - ол жаққа бармай-ақ қой, мен өзім айдап әкеліп тұрамын!

Осы ұйғарыммен төбеге екінші рет шығып қарауылдағанымда үйінен Жәміш шығып тұр еді, маған қолын бұлғады. Мен жалма-жан жерге түсіп, шешемнен рұқсат алып шықтым. Жәміш өңін мен айтқаннан да бетер бұзыпты, күйелеш-күйелеш. Басымды күлімсірей сылап тұрып, Тіндәйдің не сұрағанын, менің не дегенімді бір-бірлеп сұрады. Оған менің қайтарған жауабыма күлумен болды, ақырында мені де қорғау шарасын айтты ол.

- Қазір мен сені шыбық алып қуамын, сен өзендегі балалар жаққа қашасың, ұялмай-ақ жылай қаш, күлме! Шыбық біраз қаттырақ тиіп кетсе де шыда! - деп күрсінді, - сені сол ит қапқаннан менің ұрғаным жұмсақ емес пе!... Мен ұрған соң саған ол тиісе қоймас. «Сенің Жәмішке айт дегеніңді айтып едім, қотиын қыз екен, қатты ұрды» деп бар! Онан кейін сен оған Жәміштен «ұяламын» демей, «қорқамын» дей бер, мақұл ма?

Мен бұл амалға разы болып басымды изеп-изеп қалдым. Ол бір шыбықты дайындап терезеге сүйеп қойған екен, ұш жағына қалың шүберек орап тігіп тастапты. Сонысын алды да, «ал, қаш» деді. Мен зыта жөнелдім. Қақпадан шыға қарасам Тіндәй нөкерлерінің қасында екен. Соларға қарай тура тарттым. Таяқ жегізбей құтылып кеткен болайын деп қаншалық құйындатсам да қыз қоймады, қатты ұрғандай шыбығын бар пәрменмен сермеп қалып бір кідірді. Бастырмалата қайта қуып жетіп және қырқа салып жіберген болатын. Шыбық кейде дарымай ысқырып қалады да, кейде дарығанмен жұмсақ тиеді. Жылай алмадым, дауысым қатты шықпай күлкіге айнала берді. Шындап жылағым келгендей «қаттырақ!» деп қалдым мен. Қыз мырс ете түсті де, өзенге таяй бергенімде салып-салып жіберді. Расымен-ақ шыңғыра жөнелдім, қыз өзенге түспей тоқтап қалды да, мен суды кешіп өте шықтым.

- Не болды, не болды! - деп Тіндәй орнынан атып тұрды. Мен қашқан бойы ар жағына ешкі жүрген жаққа өтіп кеттім.

- Сендер не үйретіп жүрсіңдер бұған? - деп шақ ете түсті Жәміш. - Бұзықтарың өздеріңмен кетсін! Екінші рет мұндай сөз айтқызатын болсаңдар, ешкіміңді аямаймын. Мені кімге ұқсатып жүрсің?

Қыз кілт бұрылып қайтып кетті. Шешесі қақпадан шығып қарап тұр екен. Тіндәй ауыз аша алмай қалды. Мен басқалардың көруінен ұялып, ешкінің қасына барып жатып алып едім. «Қуғыншы» мен «қарауылшы» үйіне кіріп-кіріп кеткен соң ғана шақырды Тіндәй, бармадым. Мені расында қорқудан ұят меңдетіп алғандай. «Осы неме үшін қыздан таяқ жегендей көріндім-ау мен!... Сырттан көргендер болса не дер екен?» деген намыспен бүрісе түстім. Тіндәй қасыма келіп түрегеліп тұрды.

- Айттың ба?

- Айттым.

- Ол не деді? Күлді ме?

Арқама екі шыбық қатты тиіп еді, өзім тілеп ұрғызсам да титығыма жеткендей болған.

- Таяқ күле ме екен! - деп шытына қарадым оған, - үн-түнсіз шыбық ала сабады мені, әрең құтылдым!

Маған Тіндәй суына қарады:

- Менің сөзімді ғана айтпай, қопал сөйлеген шығарсың! Тіпті шағыстырған болуың керек. Әйтпесе мұншалық ыза болмайды! Оған мендей жігіт табыла бере ме?! Неге тулайды? «Бұзық сөз үйреттің» деді ғой. Мен саған қашан бұзық сөз үйретіп едім?!

- Жоқ, сенікінен басқа бұзық сөз айтпадым!

- Не деп айттың?

- «Жақсы көрдім... судың бойында сөйлессін, басымды сыласын дедің ғой» соны айттым!

Тіндәй шытынап қалды:

- Бәсе, бұзып айтыпсың ғой! «Сені жақсы көріп, басыңды сипайды екен ғой, менің басымды да сипасашы деп айт» деп едім ғой!

- Осылай айттым! Сен бағана... «осылай айтсаң, саған тиіспейді, ұрысса маған ұрысады, деп едің, мені ұрды ғой!  Қотиын қыз екен, қатты қорықтым.

Тіндәй үйіне қайтты. «Қолбасшының» түсі бұзылғанынан үн-түнсіз отырып қалған балалар, оның қарасы көрінбей кеткен соң ғана тарай бастады. Кешегі таяқ жеген ересек «нөкер» қасыма келіп есіркей қарады маған.

- Сені ана қызға ұрғызған Тіндәй ғой, - деді ол түрегеп тұрған бойы, жан-жағына қарап, - Жәміш жақсы қыз еді, ол Тіндәйға ыза болған соң ғана ұрды. Тіндәйді ұра алмаған соң сені ұрмай қайтсін, «таз ашуын тырнадан алады» Мені де талай келіншекке сөз айтып бер деп ұрғызған Тіндәй, кеше өзі ұрды. Сенің бұл көргенің ештеңе емес, керегі жоқ, үндемей жүре бер!

Мен әлгі намыстану жайымнан азат болғандай бойымды жиып, ширақы қайттым үйге. Ешкімді айдап қораға кіргізген соң Жәміштің шақыруымен дуалдан асып, сонда бардым. Қолымнан жетектеп үйіне кіргізіп әкетті де, жалма-жан арқамды ашып қарады. Кейінгі ұрылған екі шыбықтан өзі де қауіптеніп қалған екен.

- Ойбай-й... таңба түсіп қалыпты, - деп өзінің артынан қарап тұрған шешесіне жалт қарады да, мені құшақтай алып отыра кетті. Маңдайымнан қатты-қатты сүйді. Көзінен жас шығып кеткен екен.

- Мұның жазығы не еді, қуалаған болып қана қоймай, неге ұрдың мұнша? - деп шешесі оған ренжи қарады.

- Өзі, - деп күліп жіберді қыз. Өзі «ұр, қаттырақ ұр!» деген соң судан өте бергенінде екі рет ұрып қалып едім, қатты тиіпті!

- Ауырған жоқ... Еш нәрсе болған жоқ! - дей бердім мен.

- Өзін-өзі  сойғызған деген осы! - деп кемпір қатты күрсінді.

- Қорқа берсеңдер біріңнің етіңді біріңе жегізеді әлі, әзер болса мына моласынан көшіріп жібереді. Онан басқа несі бар бізде. Қорықпаңдар ешқайсысынан. - Кемпір сөйлей жүріп, үлкен бір қарма нанын орамалға орады, - мынаны Мәдиянға ала баршы, балам!

Үйге кіріп барғанымда шешем басы-көзіме анықтай қарады.

- Тіндәй тиіспеді ме саған? Өлкеге кетіп қалыпсың ғой!

- Жәміш маған ұрысқан болып, ұрған болып, қуалап апарып тастады, Тіндәйға ұрысты.

- Амалын тапқан екен, - деп күліп жіберді шешем, - жарайды, қызың қу екен, адам болады екен!

Әкем болған істі шешемнен сұрап ұқты.

- «Төреге ерген ерін арқалайды» деген сөз бар балам, ендігәрі оған ерме! Жай ғана жауап беріп үндемей жүре бер! Жағымсысаң жаныңды да, арыңды да суырып алады. Қазір жамандасатын кез емес, «күштінің арты диірмен тартады», не десе де үндемей құтылып жүре бер. Ал, мұндай арсыз іске араласушы болма!

Әкемнің бұл кеште маған айтқаны осы ғана болды. Ертеңіне таңертең жалғыз ешкінің соңына еріп көк майсаға бардым, қорқынышсыз бардым. Тіндәй үшін қыздан таяқ жеп алдым ғой, енді мұның ұрарлық себебі жоқ қой! Нөкерлер қораланып алып, әңгіме айтысып отыр екен. Келе жатқан маған «қолбасшы» бір қарап алды да, өзі алдыңғы күні шапалақтаған «нөкерін» оңашарақ шығарып, оған бірдеме айтып жатты. Күн буалдыр еді. Батыс жақтан сүркейлеу соққан жел жаңа көтеріліп келе жатқан күннің жылуын қайтара айдап, келтірмей тұрған тәрізді. Қораланып отырған «нөкерлердің» қонжауы бүгін тым төмен екен. Сырттарына келіп отыра кеттім. Ешқайсысы маған қарамады, ығысып орын берер түрлері де тіпті жоқ.

Топқа қайтып келген Тіндәй маған қарап та қоймады. Келісімен екеуіне топ-топ бір жағы жарыла орын берді. «Қолбасшының» танауы ісініп алыпты, қара сұр жүзінен ызғар шашылып тұр екен. Қиық көзінің құйрығынан бір рақымсыз күш тартып тұрғандай, екі көз екі жаққа қиыстап, жыртия қалыпты. Бүгінгі күннің сүркейлігі де «қолбасшының» осы ызғарынан болып тұрғандай білінді маған. Топ жым-жырт, бәрі төмен қараулы, әлгі оңаша шығарып сөйлескен «нөкері» сөз бастады. Жеген таяғы бүгін есінде жоқ сияқты, сарынды көсемше кейпіне келе қалды:

- Биғабіл, - деді төмен қараған бойы, - Тіндәй мырзаны сен қатты өкпелетіпсің. Бәрімізге белгілі қайырымды мырза еді, көңілін қалдырыпсың. Бұл кісінің талабын орындамайтын ешбір қыз да, келіншек те жоқ еді, кеше әнеу үйдегі бойжеткенге шағыстырып ұрысқызыпсың, құрметті мырзаның сөзін бұзып жеткізіпсің! Сол үшін мырза сені бұл жерден бөлініп кетсін дейді. Ешкісін бізден аулаққа бақсын деп бұйырып отыр.

Менің өрекпіп соққан жүрегім су сепкендей суынып барып, басыла қалды. Мырзасынан да, бәрінен де айнығандай, осы топ түгелімен бір түрлі нәжістің үлкен үймесіндей көрініп кетті. Кеше кеште маған тәп-тәуір демеу беріп, бұл мырзасы өзін де талай келіншекке ұрғызғанын айтқан осы «нөкер» - бұл үйменің қазақ ортасындағы ең сасық, адам қарамастай, нағыз жүзіқарасы болып байқалды. «Аузының дереу арт жағына орнай қалғандай құбылуын қарашы!»  Жиіркеніштен тыжырынып, мұрным қисайып кеткендей болды өзіме. Бұрын өзіме бітіп көрмеген ерлік, батырлық дарығандай бола қалғаны байқалды. «Мұншалық пәлелі топтан бөлініп кетсем өлем бе екен!» дегендей егеспен тұра жөнелдім, ешкіні ұстап алдым да, жоғары жаққа жетектей әкеттім. Кішкене ешкі дедектеп, лағы маңырап артынан еріп келеді. Бұрын жоқ күш те біткендей болды өзіме, тартынғанына, төрт аяғын бірдей тіреп тас табандауына титтей де бөгелмедім. Ешкіні бір иеліс, ойық жардың шөптесін тұйығына таман апарып, ашық жағына отырып алдым, ешкі біраз маңырап тұрды да, жайыла бастады. Сонысына қуандым, жалғыз жайылып көрген жуас ешкі сияқты.

Менің бөлінісіп кеткенімді шешем көрген екен, Биғаділді жіберіпті. Бір лақты ешкіге екі қойшы қосылып жақсы жайылдық. Оның үстіне бұл жерде зорекер үкімет жоқ, өзімізді-өзіміз еркін сезіндік.

Біз жүрген жерге ертеңіне Тіндәй келді. Жүрегіміз зырылдай жөнеліп еді, ақыраңдамай, сынықтау келді. Мені анадай жерден шақырды да отыра қалды. Қасына мен барып тұра қалдым.

- Ей, сен отыршы! - деді, мен тұра бердім. Нақақ соттағанына қарай, оған артар айыбымды ойлап тұрдым, - сен ана қызбен қайтадан сөйлестің бе?

- Неге сөйлесем, ол ұрды ғой! Енді оның қасына бармаймын.

- Біздің қасымызға барасың ба?

- Сендер қудыңдар ғой!... Бармаймын!

- Неге?

- Барғым келмейді, қорқамын!

- Сен ана қызбен енді бір сөйлес! Менің сөзімді туралап айтып қой!

- Бір айттым, енді айтпаймын! Әкем мұндай іске араласпа деді, араласпаймын!

Ол үндемей, суық қарап қайтып кетті. Сол күннің кешінде бұл суық бізді бүре кеп түсті. Көже ішіп отырғанымызда Ілдай есіктен үңіліп қарай қалды да:

- Көшіңдер! - деп қолын бір-ақ сермеді! - Ертең басқа адам түсіремін бұл үйге!

Әкем далаға шығып сөйлеспек болып, орнынан атып тұра, басын төбеге тағы соғып алды. Әдеттегісінше оған кейімей төбесін сипайлай шықты.

- Мырза, бұл үйді Мақұлбек сұрап алдым деп бізді кіргізіп еді. «Мырзаларға мен айтқанмын, бір жылға дейін қуаламайды» деген. Сіз неге ашуландыңыз, соны айтшы!

- Жоқ, ит деген себеп айтып тұрмайды, бас салып жұлады, көш деген соң көш!

- Ойпыр-ау, кім айтты ит деп?

- Әнеу балаң, «ит пен Ілдайдан ғана қорқамын!» депті ғой. Көш енді көш деген соң! - Ілдай сөзді тыңдамайтындығын білдіре бұрқырап, қолын сермей-сермей жөнелді.

- «Ит пен бала бірдей» деген емес пе еді. Ей, мырза! Оны ересек біреуімізден естімей, баланың сөзімен жазаламақпысың! Бала мен бала болғаның ба?

Ілдай дуалдан шыға бере қатты ақырады:

- Кет бұл жерден, кет дегенде ит те кетеді!

Әкем қалшиып тұрып қалды. Шағын қара сақалы дір ете түсті де, үн қатпай қала берді. Сол орнында көп тұрды. Мен шешеме қарай бердім.

- Сен қозғалмай тамағыңды іше бер, - деп қойды шешем. Әкем қайта кіргенде өңі бұрынғы қалпында екен, еш нәрсе болмағандай бейғам қарап қойып отыра кетті.

- Сен оны кімге айтып едің?

- Тіндәйға, - дедім мен, - ол менің неден қорқатындығымды сұраған соң айтқам!

- Не деп айттың?

- Бір сұрағанда, «иттен» дедім: және сұрағанда сенің «ағаңнан» дедім: сонан соң «Ақтай, Санатпайдан» дедім, және «бір сарт қыздан қорықтым» дедім және бір дию сарт бар еді, оны ұмытып қалғанмын.

Әкем мен шешем күліп алды.

- Сен өзің қорқатыныңның бәрін осылай тізіп айта бер, - мұнан соң еңкілдеп күлді әкем, - қорықпай-ақ айта бер, алдымен иттен бастасаң болғаны! Қорқытатын адамдар ит болмаса, өзі қорқады, онда! О, тіліңнен, бал тамған қоңыр қозым! Оқасы жоқ, көш десе көше береміз! Кіндік кесіп, кір жуған жерімізден, туған елімізден айырылған соң, зорекердің Ілушінінде қимайтын неміз бар!

Бұл сөздегі менің айыра алмағаным «тіліңнен бал тамған қоңыр қозым» деуі болды. Бұл жолы менің тілімнен бал емес, у тамғанын енді түсіндім. Әкеме қалайша бал болып ұғылады?

Әкем дереу Мақұлбегіне кетіп еді, оның көшірмей алып қалу қолынан келмейтінін білген соң, тез қайтыпты. Алып келген ең жақсы хабары - ешкінің бізге басымен тигендігі болды. Ауруы ада-күде жазылғандықтан разы болып, сауынға берген лақты ешкісін бізден қайтарып алмайтын болыпты.

Енді Ергейтіге - Бигелді тұрған Смайыл хуйзудың қасына көштік. Көшу дегенім - Ілдәй енді қол бастап шығып, анықтап жазаламай, неғұрлым ұйқысынан оянбай тұрғанында кішкене қазанымыз бен жалғыз қабымызды көтере қашып, кетіп алу еді. Таң бозынан тұрдық та солай тартып бердік.

Құрметті «тергеушім», «ит үреді, керуен көшеді», біздің керуеніміз, түйе тізбегі емес, әрине түймедей-түймедей ауыздарын бақаша ашқан кішкене балалар тізбегі. Бұл керуенді де, бар жүкті көтеріп көш бастап келе жатқан әке шешемді де сорлатып, солай көштірген - менің қылмысым. Жан-денем түгелімен қылмыс болмаса, кішкене жүрегімнің шын қорқатын жәндіктерін шыншылдықпен айтар ма едім! Шынымызды айтамыз деп у шашып алып, ұрлана қашып шыға беру - Биғаділ екеумізге тура біткен қасиет болды. Ал әке-шешеміз бұл қасиетімізден қаншалық сорланып келе жатса да «тіліңнен бал тамған қоңыр қозым» деп сүйеді, «осыныңнан танба, қорықпай айта бер!» дейді тағы да. Біздің тілімізден желкесіне у тамып, өзі жауыр болып келе жатса да, олар уымызды бал деп есептеуден айнымайды. Қылмыстың қайдан туып, қалай асқынып келе жатқанымен ісі де жоқ, соған жігерлендіреді бізді, біз қайткенде қылмыстан тазарамыз!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


[1] Жиесән - (қытайша) тараңдар деген сөз

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5304