Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 19471 28 пікір 15 Қаңтар, 2021 сағат 13:23

Орыс тілінде ант бергендер қазаққа адал қызмет ете ме?

Бүгін Мәжілістің жетінші шақырылымы өз жұмысын бастады. Мәжіліске жаңа кірген депутаттар Конституцияны ұстап тұрап, Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант берді.

«ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі» туралы Конституциялық Заңының 6-бабы, 3-тармағына сәйкес, Мәжіліс төрағасы сайланғанға дейін, төрағалықты ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы атқарады. Соған сәйкес, ҚР ОСК төрағасы Берік Имашев бүгін жаңа сайланған депутаттардан ант қабылдады.

Ант қабылдау рәсімін бастау үшін жаңа депутаттар дауыс берді. Қатысып отырғандары 94 екен. Оның біреуі әлдеқандай себеппен дауыс бермепті.

Сонымен, су жаңа сайланғандар не деп ант берді, қай тілде сөйледі? Қараңыз:

Ант мәтіні:

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен тұтастығын нығайтуға, оның Конституциясы мен Заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін!».

Осы бір аз ғана сөйлемді бүгін жап-жаңа депутаттар әртүрлі айтты. Депутаттардың тоғызы орыс тілінде ант берсе, қалғандары қазақша сөйледі. Рас, біреулері 26 сөзден тұратын ант мәтінін ежіктеп, әрең оқып тұрды. Енді біреулері сөзден сүрінген өздеріне өздері күліп тұрды. Ал енді біреулері алдарындағы аз ғана мәтінді (антты) жатқа айтуға тырысты.

Жаңа депутаттардың дені қазақ тілінде таза сөйлей алмағанынан өзге масқаралық болған жоқ. Тек... Тек Буларов Ильяс деген азамат қана екі мәрте ант берді.

Әуелде мінберге шыққан Буларов: «Қазақстан халқы... адал... қызмет етуге, Қазақстан Республикасы тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, онын Конституциясы мен Зандарына қатан бағынуға, депутатын өзіме мәртебелі міндетерін адал атқаруға ант беремін...», - деп мінберден түсе беріп еді. Төраға Имашев: «Қайтадан айтып жіберіңіз, асықпай...»,- деп қайта ант қабылдатқызды.

Сосын ол: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, ҚР тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, онын Конституциясы мен Заңдарына қатаң батуға, бағынуға, депутаттын өзіме жүктелген мәртебелі міндетерін адал атқаруға ант бере, өтемін», - деп түсті. Мәтіндегі қателерді ант берушің өз аузынан қалай естідік, солай қалдырдық.

(Буларов Конституцияға қол қойған жоқ)

(Екінші жолы қол қойды)

Буларовтың екінші мәрте ант беруінің себебі бұл да емес еді. Алғаш ант бергенде Буларов мырза Конституцияға қолын қоймапты. Айтпақшы, осы Буларов өзі ант берерден аз бұрын үстелінің астынан ант мәтінін қайталап отырған еді.

Ал Қазақстанның негізгі Заң шығарушы органы саналатын Мәжіліс мінберінен Қазақстан халқына орысша ант бергендер кімдер? Қараңыз:

АМИРХАНЯН Аветик Рубенович – ҚХА мүшесі.

КОЛОДА Дмитрий Владимирович – Нұр Отан мүшесі.

ЛИ Юрий Виссарионович – ҚХА мүшесі.

ЛИННИК Андрей – Ақ жол мүшесі.

ОСИН Шамиль Абзалетдинович – ҚХА мүшесі.

ПАВЛОВЕЦ Лариса Павловна – Нұр Отан мүшесі.

ПАНЧЕНКО Игорь Иванович Нұр Отан мүшесі.

РШЕТНИКОВ Сергей - ҚХП мүшесі.

СМЫШЛЯЕВА Екатерина Васильевна – Нұр Отан мүшесі.

Айтпақшы, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Нұрлан Нығматулин Мәжіліс Төрағасы лауазымына сайланды.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кеетйік, осыған дейін біз: «Тәуелсіз Қазақстанның Парламенті қазақ тілді, яғни мемлекеттік тілде сөйлейтін Парламент болуы керек! Бұл Қазақстан халқының 80 пайыздан астамын құрайтын, мемлекетті құрушы ұлттың талабы», - деп жаздық.

Бүгін жаңа депутаттардың дені мемлекеттік тілде, қазақ тілінде ант берді. Олардың арасында Әбілпаз Хамедов, Вакиль Набиев, Наталья Деменьтева, Ильяс Буларов секілді өзге ұлт өкілдері де қазақшаға тілдерін бұрады. Ал кейбіреулері (жоғарыдағы тоғызы) Қазақстанның ең басты Заң шығарушы органының мінберінен өзге елдің мемлекеттік тілінде, орыс тілінде Қазақстан халқына ант берді.

Біздегі жалқы сұрақ - орысша ант бергендер Қазақстан халқына, қазақ халқына адал қызмет ете ме?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512