Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 12784 12 пікір 21 Қаңтар, 2021 сағат 10:42

Ашаршылық – геноцидтік қатыгездіктің салдары

І. Құрбандар рухына тағзым

Ашаршылық жайлы сөз қозғалса: – Бұл тақырыпқа мен алғаш барғанмын, – дейтіндер табылып жүр. Шындығына келсек, аталған зұлмат туралы талай қаламгер сол – қиын жылдардың өзінде жазған.

Торғайлық ақын Нұрхан Ахметбековтың «Күләндам» дастаны 1932 жылы туған жыр. Ол ақиқатты ашық айтқаны үшін түрмеге тоғытылды.

Бұдан соң Жақан Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімесі», Шахан Мусиннің «Сөнбеген сенім», Бүркіт Ысқақовтың «Тас еден ызғары» дастандары жазылды.

Бейімбет Майлиннің «Айт күндері» әңгімесінен де ашаршылықтың салқыны сезілетін.

Қатерлі кезеңде зұлматты баяндаудан жасқанбаған бұл қаламгерлердің бәрі дерлік большевиктердің қаһарына ұшырады.

х х х

Сталин келмеске кетіп, Хрущев таққа отырған соң ауылдағы қариялар кәмпеске, жер аудару, аштық жайлы айта бастады. Солардың шапанына оралып жүріп, небір үрейлі оқиғаларды естідік.

Атам Смайыл малдан айырылған соң Қарағанды қаласында тұратын, шахталардан көмір таситын көлік мекемесін басқаратын үлкен ұлы Арыстанды сағалайды. Ол шаһарға жан-жақтан шұбырған аш-арық елге арба-шанаға жегіп жүрген аттың біреуін сойып, етін таратып бергені үшін сотталады. Қарағанды лагерінің Долинкадағы бөлімшесіне айдалады, кіші ұлы Зейнолла панасыз жетімдерге еріп, Ташкенттен бірақ шығады. Екі інісінің біреуін қызылдар атып кетеді.

Міне, осы оқиғалар көкейде күмбірлеп жүріп, жетпісінші жылдардың орта шенінде көркем шығармаға айналды. Бас-аяғы жинақы ықшам повесть еді, соған әңгімелерімді қосып 1974 жылы «Жазушы» баспасына тапсырдым.

Арада екі ай өтті ғой деймін, кері қайтарылды, ашаршылық жабық тақырып көрінеді.

Кейін 2002 жылы оны толықтырып, «Тамұқтан келген адам» деген атпен қайта жаздым. Романға 2006 жылы Мемлекеттік сыйлық берілді.

Содан бастап осы зұлмат жайлы мәлімет жинаумен келемін. Әсіресе Парламент Мәжілісінің депутаты болған жылдары көп зерттедім. Аталған нәубетке мемлекет билігінің назарын аударуды ойлап, Республиканың Премьер-министріне үш рет депутаттық сауалмен шықтым. Алғаш 2007 жылы.

«Биыл 1932 жылғы алапат аштыққа 75 жыл толады, – деп басталатын бұл сауалдың мақсаты Республика Жоғарғы Кеңесі 1991 жылы құрған комиссияның шешімі бойынша қабылданған қаулыны қайта жаңғырту болатын. Естеріңізде шығар, 1992 жылы 31-мамыр «Ашаршылық құрбандарын еске алу күні» деп белгіленген еді. Алайда неге екені жұмбақ, бұл күн 1997жылға дейін ұмытылды. Осы жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» түрінде алғаш рет аталды.

Осыған орай депутаттық сауалдың соңында: «Атажұрттың азаматтары! Дүние жалғаннан күңіреніп көшкен миллиондардың рухына тағзым етіп, республикалық деңгейде еске алайық! Құрбан айтта Құран бағыштайық. Қорлықпен өткен бейбақтардың рухы үшін! Тарихи сананың сабақтастығы үшін! – деп өтінгем.

Осы ұсыныс-талапты ілтифатқа алдыртамын деп Мәжілістің басшыларына да, «Нұр Отан» партиясының сондағы фракциясына да, Үкімет жетекшілеріне де бардым.

Көзім мынаған жетті: билік өкілдері миллиондарды жалмаған зұлматқа ресми мән беріп, жекедара атап өтуге құлықсыз. Өтініш-тілегім қанағаттандырылмады.

Сол күндері мынандай ой мазалайтын: Россия Федерациясы Қазақстан мен Украинадағы ашаршылықты коммунистік диктатураның осы елдерге қарсы қасақана жасаған қатыгездігі деп танылуын қаламайды. Себебі – ондай жағдайда аталған республикаларға моральдық-материалдық қарыз болып қалады. Мәселен, Германия Федералдық Республикасының фашистік Германия еврейлерді миллиондап қырғаны үшін Израильге айып төлеп келгені секілді. Осыны ойлап, біздің тарапқа: – Тарихты қозғап қайтесіңдер, қазбаламаңдар, – деуі мүмкін ғой.

х х х

Бұл күдік 2010 жылғы әрекетімнен соң күшейе түсті.

Осы жылғы сәуірде Еуропа кеңесі Парламенттік Ассамблеясы Кеңес одағы республикаларында 30-шы жылдарда болған жаппай аштық құрбандарын еске алу туралы резолюция қабылдаған еді. Онда: «Белоруссия, Қазақстан, Молдавия, Россия мен Украинаның миллиондаған адамы Кеңес Үкіметінің қатыгез саясатының салдары болып табылатын жаппай ашаршылықта көз жұмды» – делінген.

Осыны негізге ала отырып Премьер-министрге зардабы «Ақтабан шұбырындыдан да» асып түсетін қасірет құрбандарына ұлт болып тағзым етейік деген ұсыныспен тағы да шықтым. Сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтен төмендегідей жауап келді.

«Азаматтарды «аштық құрбандары» деп жаңа санатқа жатқызу, әлеуметтік кепілдіктер беру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етеді, – делінген онда. – Бұл орайда қаржы шығындарын айқындау үшін аштық құрбандары деп танылған адамдардың нақты санын анықтау мүмкін емес. Сондықтан 31-мамыр күнін «Жаппай қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні» деп қайта рәсімдеу мәселесі құқықтық тұрғыдан жан-жақты пысықтауды қажет етеді».

Бұған қанағаттана алмадым. Себебі, біріншіден, ашаршылықта көз жұмғандар үшін ел өтемақы сұрап отырған жоқ. Екіншіден, зұлмат құрбандарының санын анықтау қолдан келмейтін шаруа емес. Үшіншіден, жаппай қуғын-сүргін құрбандарының саны қанша екені нақты әрі толық анықталмаса да оларды еске алу күнін ресми атап өтіп жүрміз ғой.

х х х

Жылжып 2012 жыл да келді. 32-ші жылғы ашаршылыққа 80 жыл толмақ.

Бұл кезде Парламент Мәжілісіндегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева еді. Сол кісіге бардым. Ашаршылық жайлы деректерді айта келіп: – Осы нәубетке арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізейік, – дедім.

– Айтқан деректеріңізді жазбаша беріңіз, – деді.

Сол күні бәрін рет-ретімен тізіп қолына ұстаттым.

Арада екі-үш күн өткенде шақырды.

– Конференцияны өткізейік, жоспарын берсеңіз, – деді. – Негізі баяндама Мәжілістен болуы керек, сіз жасаңыз.

Міне, осылай қазақ Парламентінің тарихында алғаш рет ашаршылық туралы республикалық ауқымдағы конференция ұйымдастырылды. Оған қос палатаның депутаттары, тарихшылар мен саясаткерлер, түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері, журналистер қатысты.

Конференцияны Дариға кіріспе сөзбен ашты. Негізгі баяндамадан соң Қазақстан тарихы институтының директоры, ғылым докторы Бүркіт Аяған, осы зұлматты зерттеп жүрген басқа да тарихшылар мен қаламгерлер ойларын ортаға салды. Ондаған адам жарыссөзге қатысты.

Республика Үкіметіне үш ұсыныс-талап қабылданды.

Бірінші, 31-мамырды ресми түрде «Жаппай қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» деп жариялау.

Екінші, Ашаршылық құрбандарына Астана мен Алматы қалаларында ескерткіш тұрғызу.

Үшінші, Ашаршылықтың себеп-салдарын анықтау жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыру.

Қуанышымызға қарай бұл ұсыныс-талаптар дерлік қабыл алынды.

Шындығын айту керек, бұған аталған конференцияның парламентте Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен ұйымдастырылуы ықпал еткені анық.

Осы іс-шарадан соң БАҚ арқылы құлақтанған ел алғысын жаудырып жатты.

ІІ. Қанша қазақ болған?

Ашаршылық жылдарында көз жұмғандардың санын неғұрлым дәл анықтау үшін соған дейін республика территориясында қанша қазақ тұрғанын нақты білуіміз керек. Ал тарихшылар мен былайғы зерттеушілер келтіріп жүрген деректер әрқилы. Олардың кейбірі жобаға келсе, кейбірі негізсіз.

Менің қолыма түскен деректердің көнесі – Еуропа тарихшысы Уильям Кэртистің дерегі. Ол «Түркістан – Азия жүрегі» атты еңбегінде: «ХVIIІ ғасырдың аяғында қазақтардың саны 2 миллионға жетті, олардың 300 мыңдай әскері болды» – дейді (К.Есмағанбетов «Қазақстан шетел әдебиетінде», 36-бет).

Халқымыздың саны жөніндегі бұдан кейінгі мәліметті Шоқан Уәлихановтың «Сот реформасы жайында хат» деген мақаласынан таптым. «Россия империясының құрамына еніп отырған барлық бұратана тайпалардың ішінде халықтың санының көптігінен, байлығы жөнінен біз бірінші орын аламыз, – деп жазады ол. – Меніңше алдағы өркендеу де біздің қазақтың үлесіне тиеді. Біз ұланғайыр территорияны алып жатырмыз. Біз орыс қол астында 800 мыңдай болсақ, әлі оған бағынбаған тумаларымызбен миллионнан астамбыз. Ал Еуропа Россиясындағы барлық татарларды, оған башқұрт, ноғайларды, Бөкей ордасындағы қазақтарды қосқанда 1 миллионға азар жетеді». «Таңдамалы. Алматы. Жазушы. 1995 жыл. 129-130 беттер).

Мақала 1864 жылғы 26 ақпанда жазылған.

Әр байлам мен дерекке аса жауапкершілікпен қарайтын Шоқан бұл мәліметті аспаннан ала салмаған. Орыс империясында дүркін-дүркін болып тұрған санақтардың қорытындыларына жүгінген. Ал Россия билігі қол астындағы ұсақ ұлттардың қатары қанша екенін барынша дәл білуге тырысады. Себебі, бұлардың арасында қандай саясат жүргізетіндігін олардың санына қарай анықтайды.

Осы екі деректен нені аңғарамыз?

Қазақ халқы Жоңғар шапқыншылығы, «Ақтабан шұбырындыда» азайған. Майдан даласында көз жұмды, – жоқтық, жұқпалы індет мыңдаған адамның өмірін қиды. Уильям Кэртис атап көрсеткен 2 миллион жанның жартысы қалған.

х х х

Қолға бұлардан кейін түскен деректер жүрісіңнен жаңылдырады. Қай жерден алынған, қандай құжат-дәйектерден табылған, бірде айтылады, бірде жоқ. Тапқан мәліметтерін сараламай, салыстырмай осы ғана дұрыс дейтіндер де бар.

Сонымен мәліметтер не дейді?

1860 жылы Цюрихте «Шығыс әйелдері» деген атпен француз тілінде жарық көрген екі томдық еңбекте: «ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарында қазақтардың саны 2-2,4 миллион болды» делінеді («Қазақтар шетел әдебиетінде», 36-бет). Сонда Шоқан Уәлихановтың дерегі күмәнді ме? Әлде шетелдік зерттеушілер қателесіп отыр ма? Бәлкім Шоқан қазақ даласындағы ағайындарды, ал еуропалық тарихшылар жалпы Орта Азиядағы қандастарымызды тұтас қамтып отырған шығар?

Тегінде солай сияқты.

Міне осыдан соң елдің саны жайлы деректердің ала-құлалығы көбейеді.

Этнограф М.Чеплика қазақ пен қырғызды қосып есептеп 4,1 миллионға жеткізген. Ал белгілі тарихшы Н.Е.Бекмахановтың мәліметі бойынша ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарының аяғына қарай Ақмола, Орал, Сырдария, Торғай, Семей, Жетісу облыстары мен көршілес аудандарда 2 миллион 499 100 қазақ болған. Ғалым кезекті дерегінде қазақ тұрған өңірлерді кеңейтеді. Жалпы алғанда, Россия империясында (Қырғызстан, Қазақстан, Төменгі Еділ, Оңтүстік Урал мен Сібірде), – дейді ол, – 1897 жылы –3 миллион 881 000; 1915 жылы – 4 миллион 678 800; 1917 жылы – 4 млн 061 мың қазақ тұрған; («Капитализм дәуіріндегі Қазақстан мен Қырғызстанның көп ұлтты халқы», 37-бет).

Енді Л.Н.Асылбеков пен А.Б.Галиевтің «Социально-демократические процессы в Казахстане» (1917-1980 гг.) деген еңбегіне назар аударайық. Одан мынандай жолдарды оқимыз: «1897 году по данным Н.В.Алексеенко, Г.К.Кронгардт, Ф.Н.Базановой и др. составленным на основе сведений всеобщей переписи население Российской империи 1897 год, казахи – 3 392 800; русские – 454 800, другие национальности – 300 600 человек (Первая всеобщая перепись населения Россияской империи 1897 г. Г.Х.Тетрадь 2. Стр.42).

Осылардың қайсына тоқтаймыз?

Меніңше, соңғысына! Нақты ресми құжатпен расталған алғашқы империялық санақтың дерегіне жүгінген жөн. 1897 жылы өз жерінде қазақтар 3 392 800 болған.

х х х

Енді келтірілген деректерді қорытып зерделейік.

Шоқан Уәлиханов 1864 жылы 1 миллиондай деп жобалаған қазақ араға 33 жыл салып қатарын едәуір қалыңдатқан. Табиғи өсіммен бірге Жоңғар шапқыншылығында өзбек, қырғыз, басқа да елдерге ауғандар елге оралып, солармен және толыққан.

х х х

Бұдан кейінгі нақты ресми негізделген деректі Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан келтіреді. Ол «Қазақ» газетінің 1913 жылғы №8 санында жарияланған мақаласында былай деп жазады: «Біздің қазақ баласы орыс патшасының қаласында мына 9 облыс, 1 губернияда:

  1. Семей облысында – 655 971 адам
  2. Ақмола облысында – 484 654 адам
  3. Торғай облысында – 422 401 адам
  4. Орал облысында – 466 000 адам
  5. Закаспий облысында – 71 367 адам
  6. Сырдария облысында – 888 000 адам
  7. Жетісу облысында – 844 405 адам
  8. Ферған облысында – 374 981 адам
  9. Самарқанд облысында – 79 038 адам
  10. Астрахан губерниясында – 213 000 адам.

Бәрі, бұл 1908 жылғы губернатор құзырындағы есеп, 4 миллион 624 мың адам» (Әлихан Бөкейхан. Толық жинағы ІІІ том. Сарыарқа 2009. 398-бет).

Осындағы Ферған, Самарқанд облыстары мен Астрахан губерниясындағы қазақтарды бөлек алып қарасаңыз – 666 019 адам болады. Сонда қазақтың 1908 жылы өз территориясында тұрғандары – 4 006 981 жан. 1897 жылғы ресми санақтағы көрсеткішке қосылғаны – 614 181.

х х х

Инженер-этнограф Мұхаметжан Тынышбаевтың бүгінгілер жиі келтіретін дерегін жоғарыдағы мәліметтермен салыстырсаңыз, дәйексіз болып көрінеді. Ол 1897 жылғы халық санағында қазақ жерінде 6 миллион адам болды дейді. Аштықта соның 1 млн. 700 мыңы өлді, Қытай мен Моңғолияға 1 млн. 200 мыңы, іргелес республикаларға 795 мыңы көшіп кетті деп және қосады.

Көріп отырсыздар, Тынышбаев 6 миллион қазақ деп отырған жоқ, сол тұста елде кімдер тұрып жатты, бәрін қосып есептеген.

Бұл дерекпен танысқан Әлихан Бөкейхан оның дұрыстығына күмән келтіріпті. «Жаңа мектеп» журналының 1925 жылы шыққан №2 санындағы «Санақ пен жұртшылық» атты мақаласында: «Қазақ өзі туралы сөйлегенде «7-8 миллион қазақ еді» деп сөйлейді. Кітап жазған инженер Тынышбай баласы 5-6 миллион шамасы дейді. Мұның қайсысына нанасың? Қай санды қолға алып, қоныстандыру жұмысына аттанасың?

Олай болса, Қазақстандағы адамның санын дұрыс біліп алмай тұрып, елді қоныстандырып болмайды, – дейді Әлекең. – Бұл есептің терістігіне кім айыпты? Қазақ па, Тынышбай баласы ма? Орталық есеп мекемесі ме? Бірі де айыпты емес. Бұған айыпты қазақтың Октябірден бұрынғы... қожасы – Патша өкіметі, Патша өкіметінің жалшылары – переселен шенеуніктері. Қазақ қанша надан, соқыр болса да «арбаған сұр жыланның» шағатынын білген, есепке келген переселен мекемесінің шенеуніктеріне өтіріктен басқаны айтпаған. Көп өтірікпен қазақ шатасқан. Шатасқан қазақтың санын азайтып, жерін көбейтіп, учаскесін алып шенеуніктер де қайқайған.

Орыспен, орысша оқыған төрелермен ұшырасқан жерде сенбеу, өтірік айту қазақтың бойына сіңген. Сондықтан Кеңес өкіметінің сұраған есебіне бұ күнге дейін қазақ өтірік айтумен келеді. «Өкімет мата, астық береді» деген уақытта, «жас балаға киім-тамақ береді» деген уақытта «есеп берген қазақ қатынын қойдай қоздатқан. «Өкімет еңбек қарызын (Трудовая повинность) өтетеді» деген уақытта, «сарқыт алар» деген уақытта қазақ баласын «шыбындай қырған», ұлын қыз қылған, 30 жасар баласын 5 жасар, 5 жасар баласын 40 жасар қылған. Осы қуалаған өтіріктің нәтижесін «құшақтап» Тынышбайұлы отыр.

Қазақтың саны көп пе, аз ба? Бұл екінші мәселе. Тынышбайұлының, жолдас Сириустың, Есеп мекемесінің құшақтап отырған сипырлары (цифрлары) өтірік» (Әлихан Бөкейхан. Шығармаларының толық жинағы. Астана. Сарыарқа баспасы. 2013 ж. ІХ том. 170-бет).

х х х

Осыдан кейін дәйексіз деректерді қозғай берудің қажеті жоқ. Алайда ашаршылық құрбандарын көбейте түскісі келетіндер ақылға қонбайтын мәліметтерге үйір.

Жазушы Смағұл Елубай сүйеніп жүрген Чулошников дегеннің 8 миллионы, Табыл Құлиясов Могалевтың кітабынан алдым дейтін 8-12 миллионы қиялдан туған деуге келетін болжамдар. Егер осынша қазақ революцияның алдында шыныменен ғұмыр кешсе, белгілі этнограф Мақаш Тәтімов қалай ғана: «1916 жылдың ортасында, ұлт-азаттық көтерілісі басталғанда жалпы қазақтың саны 5 млн. 600 мың адамға жеткен болатын» – деп көрсетеді.

Ғалымның дәлелдеуінше: «1916 жылғы көтеріліс, ақпан, қазақ төңкерісі, азамат соғысы жылдарында шаруашылықтардың күйзеліске, ашаршылыққа душар болуынан 950 мың қазақ, елдің 18-19 проценті опат болды. 7-8 проценті, 480 мыңы шетелге ауды. Сөйтіп қазақтың саны 1 млн. 350 мыңға кеміді. («Қазақ», Алматы. Білім. 1994 ж. 65-70 беттер).

Мақаш Тәтімов осылай десе, Н.Э.Масанов Ж.Б.Абылхожин, И.В.Ерофеева, А.Н.Алексеенко, Г.С.Баратовалардың авторлығымен жарық көрген «История Казахстана. Народы и культуры» академиялық еңбектегі ресми дерек, онымен үйлеспейді. Онда: «Перед превой мировой войной численность населения Казахстана постоянно возрастала за счет притока переселенческого крестьянства. И если 1911 г. она состоавляла 5 млн. 408 100 человек, за годы первой войны численность населения Казахстана несколько сократилась, и в 1917 г. здесь проживало 5 млн. 753 500 человек» делінген (Алматы. 2001. 367 бет).

Мұнда қазақтың саны көрсетілмеген, Мақаш осы жалпы санды қазаққа теліген секілді.

Ал шын деректі, төңкеріс жылында қазақ қанша болғанын 1917 жылғы санақтың қорытындысынан білеміз. Бұл санақ «Количество киргиз-казаков на 1917год. По родам и уездам» деп аталады.

Осы жылы Дулат – 460 мың, Албан – 80 мың, Суан – 40 мың, Сары Үйсін – 10 мың, Шапырашты – 70 мың, Ысты – 50 мың, Ошақты – 70 мың, Қаңлы мен Шанышқылы – 190 мың, Сіргелі – 70 мың, Жалайыр – 130 мың болыпты.

Орта Жүзге келсек, Арғын – 890 мың, Найман – 530 мың, Қыпшақ – 160 мың, Керей – 160 мың, Уақ – 70 мың, Қоңырат – 210 мың.

Кіші жүз: Байұлы – 880 мың, Әлімұлы – 530 мың, Жетіру – 350 мың.

Бәрін қосқанда – 4 миллион 980 мың.

Санақта Россия империясына енген елдердегі қазақтың саны да көрсетілген. Соларды қоссақ 5 миллион 480 мың болады. Осы тұста Қытайда 450 мың қандасымыз тұрыпты.

Жиынтық сан – 5 миллион 930 мың.

Ашаршылықтың алдында елдегі қазақ қанша болды деген сауалға нақты жауап осы.


Жалғасы бар...

Алдан Смайыл: Тәуелсіздігімізді баянды ете білгеніміз – үлкен ерлік | TÚRKISTAN

Алдан Смайыл,

жазушы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлық лауреаты

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404