Жапаровты қанша адам қолдады?
Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы 20 қаңтарда "Қырғыз республикасының мерзімінен бұрын өткен президент сайлауының қорытындысы жөнінде" қаулыны бекітті. Былайша айтқанда дауыс берудің ресми қорытындысы жарияланды.
Ресми нәтиже бойынша, Қырғызстанның президенті болып Садыр Жапаров сайланды. Жапаров 1 млн 105 мың 248 (79,20%) сайлаушының дауысын алып жеңіске жеткен.
Екінші орында Адахан Мадумаров 94 741 (6,79%) сайлаушының дауысын алған. Одан кейін Бабыржан Төлбаев 32 979 (2,36%), Арстанбек Мыктыбек 23 583 (1,69%), Абдил Сегизбаев 20 335 (1,46%), Имамидин Ташов 16 383 (1,17%), Клара Сооронкулова 14 005 (1%), Аймен Касенов 12 684 (0,91%), Улукбек Кочкоров 9 397 (0,67%), Канатбек Исаев 8 038 (0,58%), Бактыбек Калмаматов 6 893 (0,49%), Элдар Абакиров 6 996 (0,50%), Курсан Асанов 6 885 (0,49%), Равшан Жээнбеков 2 652 (0,19%), Каныбек Иманалиев 2 490 (0,18 %), Женишбек Байгуттиев 1 327 (0,10%), Арстанбек Абдылдаев 1 157 (0,08%) дауыс алған. Бәріне қарсы 18 673 (1,34%) адам дауыс берген.
Жалпы дауыс беру үшін 3 млн 563 мың 574 азамат тіркеліп, 10 қаңтарда 1 млн 395 мың 513 адам сайлауға қатысқан. Бұл сайлаушылардың 39,16% құрайды.
Президент болып сайланған Садыр Жапаровтың инаугурациясы 28 қаңтарда өтетінін президенттің баспасөз хатшысы Галина Байтерек мәлімдеді.
(Дереккөз: Centralasian.org)
Abai.kz