Сенбі, 23 Қараша 2024
3415 6 пікір 22 Қаңтар, 2021 сағат 11:45

Вакциналау пандемияны ауыздықтай ала ма?

Елімізде ақпанның алғашқы күнінен коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакциналау басталатыны белгілі. Қоғам бұл жайтты әртүрлі қабылдап жатыр. Екпеден кейін індеттен келетін қауіп шынымен сейіле ме, әлде жағдай басқаша өрбуі мүмкін бе деген сауал көпшілікті елең-алаңға түсіргені анық. Осыған қатысты пікір білдірген С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының маманы Ләззат Умешова вакциналау ауру апанынан шығудың төте жолы деп есептейді.

«COVID-19 – вирустық инфекция. Сондықтан вакцина коронавирус инфекциясына қарсы күресте жағдайды жақсартуға көмектеседі», деген маман әлемдегі эпидемиялық жағдайдың нашарлауы мен коронавирус инфекциясының жаңа штаммының таралуы аясын­да халықты КВИ-ге қарсы вак­ци­налаудың маңыздылығын атап өтті.

– Ақпарат құралдарынан көріп-біліп отырғанымыздай, Ұлы­британияда коронавирустың жаңа штаммы пайда болды. Ол агрессивті түрде өтуде. Біздің елдегі вирус осы деңгейге дейін мутацияға ұшы­рай ма, жоқ па деген сұраққа жауап беру қиын. Дегенмен елге бұл штаммды Еуропадан біздің азаматтар әкелуі мүмкін. Өйткені қазіргі коронавирус та бастапқыда шетелден келген азаматтарымыз арқылы тұтас ел аумағына тараған болатын, – дейді ол.

Оның айтуынша, алдын алу­дың негізгі ережелерін сақ­тау­ды жалғастыру маңызды. Меди­ци­налық бетпердені талапқа сай тағу әрі жиі жаңалау, қолды сабындап жуу мен дезинфекциялау арқылы жеке гигиенаны сақтау, ауа алмаспайтын орындардан алшақ болу, ауру анықталған науқасты бірден оқшаулау сынды басты талаптарды жіті қадағалаған жөн.

Сарапшы соңғы күндері Алматыда КВИ-мен сырқаттану жағ­дайлары еселеп өсіп жатқанын атап өтті. Халықты тұмауға қарсы вакциналау туралы қабылданған шешім айтарлықтай нәтиже бергенін, сол арқылы көптеген науқаста індет жеңіл түрде өтіп жатқанын тілге тиек етті.

–Тұмау – ауыр респира­тор­лық вирустық инфекция, инток­си­кацияның айқын белгі­лері­мен жүреді. Ал соңғы жылдары пандемиялық тұмау жағдайлары тіркелді, бұл да ауыр вирустық пневмонияны тудырады. Менің ойымша, мемлекет тұмауға қарсы вакциналауға көп қаражат бөлгені дұрыс болды. Егер адамдар тұмау және COVID-19-бен қатар ауырса, не боларын елестетудің өзі қиын. Әлем ғалымдары осы ба­ғытта жұмыс істеп жатыр. Әзірге вак­циналау қиындықтан шы­ғу­дың ең оңтайлы жолы ретінде қарастырылып отыр», дейді ол.

Айта кетер болсақ, Алматы қа­ла­сының әкімі Бақытжан Са­ғын­­­таевтың тапсырмасы бойынша ЖРВИ-мен жаппай сыр­қат­та­ну­шылықтың және COVID-19-ға тұмау вирусының қабат­тасуының алдын алу үшін жер­гі­лікті бюджеттен тәуекел то­бын­дағы адамдарды тегін вак­ци­на­лау мақсатында «Гриппол Плюс» тұмауға қарсы үшвалентті вакцинасының 430 мың дозасы сатып алынған болатын.

Түпнұсқа: egemen.kz

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5401