Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Алаң 4257 3 пікір 25 Қаңтар, 2021 сағат 12:36

Ресей өзі жасасқан келісімдерді орындай ма?

Соңғы кездері Ресей Мемлекеттік думасының бірнеше депутатының еліміздің жеріне қатысты білдірген пікірлері халықтың арасында кеңінен тарап, көптеген наразылық тудырып келеді. Елге жанашыр азаматтар әлеуметтік желілерде өз көзқарастарын білдіріп жатыр. Олардың ішінде түрлі пікірлер кездеседі, бірақ басым көпшілігі еліміздің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету қажетілігіне көңіл аударуда.

Осыған қатысты Қазақстан мен Ресей арасында соңғы 30 жыл ішінде жасалған екіжақты құжаттардағы екі елдің аумақтарының тұтастығы мен шекараларының мызғымастығын бекітетін ережелерге ерекше назар аударылуда. Соның ішінде 1994 жылдың желтоқсан айында Будапешт қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері болып табылатын және ядролық елдер мәртебесіне ие әлемнің 5 алпауыт мемлекетінің (АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Қытай, Ресей) Кеңес Одағынан қалған ядролық қарудан бас тартқан үш мемлекеттің – яғни, Қазақстан, Украина және Беларусьтің – аумағының тұтастығы мен саяси туелсіздігіне кепілдік берген Меморандумына да сілтеме жасалып жатыр. 

Осыған орай, бұл құжаттарға біздің сенгеніміз дұрыс па әлде олардың орындалуына байланысты басқа да мәселелер бар ма, - деген сұрақ туындайды.

Еске түсіретін болсақ, 2014 жылы Украинаның құрамындағы Қырым Ресейдің құрамына күштеп алынды. Сол кезде Ресей мен Украина арасында да көптеген екіжақты халықаралық келісімшарттар болған еді және осы құжаттарда да екі елдің аумақтық тұтастығы мен шекараларының мызғымастығы туралы нақты ережелер бар болатын. Украина сол уақытқа дейін осы құжаттардың күшіне және Украина аумағының тұтастығына кепілдік беретін Будапешт меморандумына сеніп келді. 

Әрине, Қазақстанды бұл елмен салыстыруға болмайды, өйткені Украина Кеңес Одағының таратылуына үлкен ықпалын тигізді және КСРО орнына Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы пайда болған кезде де оған белсенді қатысудан бас тартып, көп жағдайларда Ресейге қарсы саясат жүргізіп келді. Қазақстан болса, Ресейдің әскери одақтасы (біз Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына басынан бастап қатысамыз) және ең жақын экономикалық серіктесі (Еуразиялық экономикалық одақтың Қазақстан бастамасы негізінде құрылғанын ұмытпайық). Осы күнге дейін біздің еліміз Ресейдің мүдделерін үнемі есепке алып келді, оларға ешқашан ашық түрде қарсы шыққан емес. Сондықтан, Ресейдің саяси басшылығы үшін Қазақстанның орны ерекше екендігі түсінікті. 

Украиналық Қырым мәселесі 2014 жылы болған жағдай. Одан бері, 2020 жылы Ресей өзінің Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізді және сол өзгерістердің ішінде халықаралық заңнамадан, халықаралық келісімшарттардан және халықаралық органдардың шешімдерінен Ресей Конституциясының басымдығын белгілейтін ереже пайда болды. 

2020 жылдың қаңтар айында Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы Ресей Конституциясына енгізілуге жоспарланып отырған бірқатар өзгерістерге құқықтық баға беру жөніндегі өтінішін «Құқық арқылы демократияға жету жөніндегі Еуропа комиссиясына» (конституциялық құқық бойынша кеңесуші мәртебесі бар бұл органды Венециялық комиссия деп қысқартып атайды және мұның жұмысына Қазақстан да қатысады) жолдаған еді. Маусым айының 18 күні бұл орган өз шешімін шығарып, Ресейдің халықаралық шарттары ережелерінің негізінде қабылданған мемлекетаралық органдардың шешімдерін Ресейге орындамауға мүмкіндік беретін Конституцияның 79-бабын өзгертуден бас тартуды ұсынған еді.

Нақтылап түсіндіретін болсақ 79-бапқа енгізілген өзгерістер, ең алдымен, Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотының шешімдерін орындамауға (немесе ішінара орындауға) бағытталған еді. 2018 жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша Ресейге қарсы қабылданған бұл сот органының 2 380 қаулысының Ресей мемлекеті тек 608-ін ғана орындаған болатын (25,5 %). 

Еуропа Кеңесіне мүше болып қабылданған кезде Ресей 1950 жылғы Адам құқықтары туралы Еуропа Конвенциясын ратификациядан өткізген еді, ал сол Конвенцияның 46-бабы аталған сот органының шешімдерін орындау міндетті деп нық белгілейді. 

Өзіне керек болған кезде халықаралық міндеттемелерін ысырып қойып, үлкен маңыздылққа ие Еуропа Кеңесі сияқты халықаралық ұйымның және осы ұйымның үлкен беделге ие халықаралық сот органының шешімдерін орындамай отырған мемлекет, Қазақстанмен жасаған екіжақты шарттарын орындайтынына ешкім де толық кепілдік бере алмайды. Сондықтан, саяси әсері болса да бұл келісімдерге үлкен сенім артудың қажеті жоқ деп есептеймін. 

Ресейде біздің еліміздің стратегиялық қате жіберуін күтіп, тілеп отырған, және оған жол берілсе жағдайды тез арада өз пайдасына шешіп, Ресейдің ресми басшылығын Қазақстанға қарсы айдап салып, біздің мемлекетке украиналық сценарийді іске асырғысы келетін саяси күштердің бар екендігін әрдайым есте ұстап отыруымыз керек. Сондықтан, біздің еліміз өте жауапты саясат жүргізуі тиіс. 

Көршілес елдің ұлтшыл саяси күштерінің көзіне сүйел болып отырған жерлерді, керек болса сол жерлерге жанасып жатқан көршілес аумақтарды да өз азаматтарымызға толтыруды, сол жерлердің халқына ерекше экономикалық, ақпараттық және т.б. саясат жүргізуді де қолға алу керек сияқты. Осылар барлығы, елдің саяси басшылығының ойында бар деп сенемін. 

Ал, Қазақстан мен Ресей мемлекеттері арасында тату көршілік және достық қарым-қатынастарға сәйкес келмейтін, әсіресе, мемлекеттік билік органдары өкілдері тарапынан осындай іс-әрекеттерді жасауға тыйым салуды көздейтін ережелерді болашақта жасалатын екі жақты келісімшарттардың мазмұнына енгізуді қарастыру қажет деп есептеймін. 

Айдарбаев Сағынғали Жоламанұлы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1542
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3329
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6087