Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
ІІ
«Соғыс қылмыстылары» қамыс арасында да тыныш жата қойған жоқ. Тынышымызды ендігі алғандар жергілікті хұйзулар болды. Еті тірілері ыңғай атқа мініп келген еді. Аттарынан түспей күндіз-түні керілдесті де жүрді олар. Бұрыннан сүзісіп үйренген, бір-біріне бағынуды жеңілгендей көретін өңшең тоқты қошқар шақ-шұқ, шарт-шұрт сүзісумен болды.
- Күркіремеде жата тұрамыз, арбаны солай тартыңдар! - деп айқайлайды біреуі. Ол «күркіреп қалғырының» қай жер екенін біз қайдан білейік, боса беруден аза бойымыз қаза болса да, орнымыздың жан-дәрмен тағы түрегелеміз де солай бет аламыз.
- Мойынталға паналай тұрамыз, былай тартыңдар! - деп айқайлайды енді біреуі. Біз бетімізді батыстан шығысқа бұрамыз.
- Дурак! Хунқузының үстіне апарып түсіріп, халықты қырғызбақсың ба! - деп ақырады біреуі. Оған және бірі тебініп жетіп барады:
- Сен дурак!
Хұйзулардың «дуракты» қайдан үйренгенін біле алмай аң-таң болып тұрғанымызда, шарт-шұрт қамшыласып ала жөнеледі. Қамшылар батысқа қарай сілтенеді сонан соң, қамысты салдырлатып, сатырлатып солай қарай жөнелеміз.
- Тоқтаңдар!... Қайтыңдар! - деп қайта ақырады біреуі. Арбалар шықырлап, бишіктеп шатырлап, шығысқа қайта бұрылады...
ІІ
«Соғыс қылмыстылары» қамыс арасында да тыныш жата қойған жоқ. Тынышымызды ендігі алғандар жергілікті хұйзулар болды. Еті тірілері ыңғай атқа мініп келген еді. Аттарынан түспей күндіз-түні керілдесті де жүрді олар. Бұрыннан сүзісіп үйренген, бір-біріне бағынуды жеңілгендей көретін өңшең тоқты қошқар шақ-шұқ, шарт-шұрт сүзісумен болды.
- Күркіремеде жата тұрамыз, арбаны солай тартыңдар! - деп айқайлайды біреуі. Ол «күркіреп қалғырының» қай жер екенін біз қайдан білейік, боса беруден аза бойымыз қаза болса да, орнымыздың жан-дәрмен тағы түрегелеміз де солай бет аламыз.
- Мойынталға паналай тұрамыз, былай тартыңдар! - деп айқайлайды енді біреуі. Біз бетімізді батыстан шығысқа бұрамыз.
- Дурак! Хунқузының үстіне апарып түсіріп, халықты қырғызбақсың ба! - деп ақырады біреуі. Оған және бірі тебініп жетіп барады:
- Сен дурак!
Хұйзулардың «дуракты» қайдан үйренгенін біле алмай аң-таң болып тұрғанымызда, шарт-шұрт қамшыласып ала жөнеледі. Қамшылар батысқа қарай сілтенеді сонан соң, қамысты салдырлатып, сатырлатып солай қарай жөнелеміз.
- Тоқтаңдар!... Қайтыңдар! - деп қайта ақырады біреуі. Арбалар шықырлап, бишіктеп шатырлап, шығысқа қайта бұрылады...
Құралды соғыс болған Шәуешектің өзінде де дәл осы қамыс арасындағыдай ойран-асыр дүрлігіс болмаған шығар-ау! Еміл бойы түгел құтырып, байлауға түсіп жатқандай, ту талақай болды да жатты. Қоржа жақтарынан хабар алып тұратын хұйзулар осылай екі күн өткенде тым-тырыс тыныштала қалды. Жеке шығып алып мәжіліс ашты да, сүзісуді қойып, сүмірейісіп тарқасты. Шекарадан өтіп кетудің қамына көшті бәрі де.
«Аңысын аңдап, болмай бара жатса» артымыздан қуып жетпек болған әкем мен Бигелді әлі жоқ. Олардың неге келмей жетқандығының «аңысын» енді шешем «аңдады»:
- Олар сірә, қоржада тұра беруге болатын жағдайды байқап жатқан болар, - деді шешем. - Біз де қайтып барайық енді! Болмаған күнде де оларсыз шекарадан өтіп кете беруіміздің жөні жоқ. Дүнген емеспіз ғой, қайтер дейсің.
Басқа хұйзулар бөлініп-бөлініп батысқа қарай тартты да, біздің хұйзулар күн еңкейе арбаларын айдап қоржаға тартты. Қалдырып кеткен нәрселері мен азын-аулақ малдарын айдап, шекарадан біржолата өтпек екенін естідік.
Іңірде сенделектеп әрең жеттік жер үйімізге. Әкем бізді іздеп кетіпті.
- Бармады ма? - деп бізден сұрады Бигелді, - қарсы кездеспей, басқа жолмен өтіп кеткен ғой, қайтып келеді. Орыстар құңқузыны тізгіндеген көрінеді. Әр он құңқузыға бір орыс қосылып, қоржалардан дүнген іздеп жүр екен. Енді қазаққа тиістірмейтін болды дейді. Смайылдар кетсе кете берсін, біз тұра тұрайық... Жігіттер Сақабайдан Жебесіннің кегін мықтап қайырды! - деп күлді сонан соң. Бірақ, не істегендіктерін айтпады. - Ізі басылсын, кейін айтайын!
Сол түні Смайыл, Смазы семьялары жиылмаған бормиынан басқа еш нәрсесін қалдырмай алып, шекарадан өтіп кетіпті. Жағдай тынышталысымен қайтып келеміз деп есіктерін құлыптап тастаған екен. Олармен бірге кеткен Әспет шешеміз ескі киізі мен екі көрпесін бізге қалдырыпты. «Біздің үйге де киіз бен көрпе бітті» деп біз қуансақ, «осылармен бірге біз де қайтып кететін едік» деп әкемнің келмей қалғанына шешеміз ренжіді.
- Биыл қыстық соғымымыз да бар! - деп Бигелді күлді, - бір қора сиырды Сақабайдікі деп ел талап әкетті. Менің қолыма ең семіз бір ту сиыр түсіпті. Боршалап тұздап, жер асты клетке іліп тастадым. Майының өзі кере бір қап! - Шешеміз шошынып қалды:
- Сақабай келіп енді боршаламай ма, сорым-ай!
- Басқасын тапса да, біздікін таба алмайды, қорықпай-ақ қой!
Және Сақабайларға сасқалақ қатты жетіп, елден бұрын босып жоғалыпты. Ел құңқузыдан босса, ол маңайындағы тепкіленген қазақтарынан босқан дейді. Ол жуырда орала алмайды енді, оның жауы қасында ғой!
Әлгі Жебесін бейшаралар бар ма екен?
Жоқ, олар өгізді болып, Дөрбілжінге тартты дейді. Тегі Сақабайдың бар сиырын базарға салып кеткен сол жігітім сықылды. Сайдың тасындай іріктеліп, осы қоржаға сау ете түсті де, сендердікімін дегендей кетпей жатып алды. Екінші күні әкем кетісімен жәркемдеп салдық!
- «Ел қақсатқан қан қақсайды» деген осы! - деп құптады шешем, - сол сарыға қарсы істің бәрі оң!...
Түс ауа бере қоржа тағы дүрлікті. Кейдей-кепшік қазақтардың Әлімжан қожадан басқасы түгел-ақ қайтып келген көрінеді. Үйлерінің төбесінен қаруылдап, елеңдесіп тұр. Қайрат-қуаты бар ел адамдары бірлеп-екілеп өзен жарларына түсіп кетіп жатты. Мұны көрген шешеміз Бигелдіні де қуып түсіріп жібереді. Жер үйіміздің төбесінде біз де үдірейістік.
- Бәрі құңқузы! - деді Биғаділ, - әне, қоқшаңдап келе жатыр! Ат үстіне құйрықтары тоқтамайды олардың, атқа міне алмайды емес пе!
Тізілген жиырмадай салт атты үлкен жолмен расында да қоқшаңдап желіп келеді екен. Жүрегіміз тітірей қалды.
- Қызыл шүберектен ту жасап алдынан шығайық, - деп айқайлайды бір қарт, - сонда қоржаға қаратып оқ атпайды!
- Кей кемпірлер сампылдап оған қарсы дау айтты:
- Оларды жалау бұлғап өзіміз шақырғандай болмай тұра тұрайық, қоржаға беттесе көрерміз!
Өгізге мінген бір бала үлкен жол жағасындағы диірменінен шығып, соларға қарсы кетіп бара жатыр еді. Келе жатқан әскерлерді алғашында байқамай қалған екен, қарап тұра қалды да, өгізін кілт бұрып, шығыс жағындағы далаға қарай тебіне жөнелді. Артқы қатарда келе жатқан бір құңқузы тұра қалып, мылтығын кезене қойды.
- Ей бала, қашпа! - деп біреуі дабыстағанша болған жоқ, мылтық тарс ете түсті. Алдында келе жатқан басшысы сонда ғана артына жалт қарап зекіп жіберді. Мылтық атылысымен бала ұшып түсіп еді. Басшының не деп зекіргенін біз ұқпай қалдық. Құңқузының үш-төрті шауып барды да, жығылған баланы қылышпен көсіп-көсіп өте шықты. Артынан қарғып түскен біреуі өлген баланың басын кесіп, аяғымен теуіп домалатып жіберді!
Біз қалшылдап кеттік. Еңкейіп қалған күн де, лүпіп тұрған бала-шаға да, сарғайып қалған теректің жапырақтары да, төңіректегі сирек ши мен мия да қып-қызыл шұбар тарғыл түске айналып, қалтырап кеткендей көрінді маған. Шешеміз Биғайшаның бір кішкене қызыл көйлегін ұзын сыраққа байлап ұстап тұр еді. Құңқузылар қоржаға қарай бұрылғанда сол «туларын» көтеріп алды. Бірақ өзі де, сырық та қалтырап кетті.
Қоржаның шетіне іліне бергенде «құңқузылар» мылтық шақпақтарын шақ-шұқ қайырды.
- Нельзя! - деп қалды алдындағы басшысы. Оның зірк ете түскен жуан дауысы жып-жылы естілді құлағыма. Жазғытұрым шешем екеуміз шекарадан қорғанып төрт құлақты бейіттің түбінде бұғып жатқанымызда үрген итін екі солдат осы сөзбен шектеген еді. Бұл ретке «нельзя» қатты ашумен шыққандай болды да, құңқузылар шақылдауын қойып, үнсіз ілесті. Сонда да қалтырап барамын. Әйелдер мен балалардың әр тобынан бір-бір жалау көтеріліп тұр екен. Құңқузылар Смайыл қақпасының алдына келгенде тағы шақылдады. Балдыр-бұлдыр етіп қақпаны ашты да, мылтықтарын кезеніп кіре берді. Жапа-тармағай қайта шығып, Смазы қақпасына ұмтыла бергендерінде әлгі бастық шақырып алып, сапқа тұрғызды. Орыс екені енді танылды. Қарап тұрған топтардың бәрін Смайыл қақпасының алдына шақырды ол. Шешем ту көтеріп, біз тізіліп, қалтылдай жеттік. Ту көтерушімізден кейінгі «жауынгер» - Биғайша, ең артымыз - Биғазы. Іркіліп тұрған топтарды орыс қазақша сөйлеп шақырды.
- Корыкпандар, корыкпай келиндер, тиспейди. Бир адам калмасын, калса булар атады! Бир адам калмай мунда келсе атпайды, сураймыз!
Бәріміз сол орыстың алдына келіп, тығыла тоқтадық. Оның да бешпеті мен қалпағы сұр болғанымен, әскери галапасымы мен етігі совет солдаты екендігін танытады. Бәріміздің көзіміз істік тұмсық, тоқ денелі, орта бойлы орыста ғана болды. Шағыну ма, қорқыныш па, бірнешеуміз жылап та жібердік.
- Мунда дунган бар ма? - деп ол бәріміздің бетімізге қарап шықты, - жыламаңдар, корыкпандар, тиспейди!.. Бул коржада дунган бар? Кайда олар?
Әйелдер жамырай жауап қатты:
- Дүнгендер кетіп қалған, қашып кеткен, кеше кетті.
- Бұл қоржада Смайыл, Смазы дейтін екі дүнген бар болатын, - деп жауапты қариямыз толықтай қайтарды енді.
- Екеуінің әйелі де қазақ, кеше бала-шаға, мал-мүлкімен, арбаларымен Советке кетті. Басқа дүнген келмеген бұл қоржаға! Егер осы қоржада дүнген болып, табылып қалса, мені атыңыз, бастық! Мен бұл қоржаның көне тұрғынымын, бәрін білемін, жасырған болсам, мені атыңыз!
«Құңқузылар» балдырлап, тепсіне бастады. Кейбірі мылтығымен нұсқап ақырды.
Орыс оларға қарап басын шайқады да, қайта сұрады:
- Мунда сендерден баска адам бар ма? Ынгай айел, бала, шал... осы ма? Жигиттер кайда?
- Бастык, біз осы бәріміз де қоржадан қашып кеткенбіз. Мына кісілер халықты қырып жүр деп естіп, қорқып кеткенбіз. Кешеден бері ғана қайтып келіп жатырмыз. Жігіттеріміз әлі Еміл жақта қашып жүр. Сіздер келді деп естіген соң ғана бала-шағаны ертіп біз қайтып келдік, олар да қайтып келеді енді. Бірақ, бұл қоржаның дүнгендері шекарадан өтіп кетті. Орыс «құңқузыларға» қарап басын шайқай ымдады да жүре берді. Олар ілесе жөнелгенде біреу сөйлеп қалып еді, екі әскер бөлініп Смазының қорасына қарай шапты. Орыс та тоқтап, олардың артынан көз алмай қарап тұрды. Олар қайтып келіп, сапқа тізілген соң орыс бізге қарап күлімсірей сөйледі:
- Мунан кейін аскер келсе сендер кашпай турындар! Кашкан адамнан булар корыкпайтын батыр, атып тастайды, - ол атын тебініп қалып келе жөнелді, - үйге бара берсеңдер болады!
Әскерлер аттарының жалынан ұстап қопақтап алыстай берді. Бет алыстары төменгі көп қоржа. Олардың қарасы үзілгенше біздің «жауынгерлер» тараған жоқ. Сөйтсе де, бәрінің шырайы қалпына келді. Өгіз мінген баланың басы кесілгендегі менің көз алдыма қалтыраған тарғыл-шұбар дүние өз өңін қайта тапқандай, күн-күнше жарқырап, аспаны-аспанша көк зеңгір түске енгендей болды. Аспан тіпті биіктеп, дүние кеңіп келе жатқандай сезілді.
«Жауынгерлер» өз көтерген туларына енді қарасып, күлісе бастады. Бір жас әйелдің көтеріп тұрған туы өзінің ескі іш киімінің бір балағы екенін көріп күлісті.
Жолда басы кесілген бала сүйегін жылап еңіреп орап жатқан кемпір-шалдың зарын естіген көпшілік тұнжырап тұра қалысты. Ешқайсымыз қыбырламай ұзақ тұрдық. Шешем бірнеше кемпірге ілесіп солай кетті.
- Лағнет, құңқузы! - деп салып, шал да жөнелді солай. Әлгі әскерлер барысымен көп қоржының түтіні бұрқ етіп аспанға бір-ақ көтерілді.
- Ма Шың шаңянның клеттері кетті!
- Неше склад сірескен бұл, шай еді, бір-ақ кетті-ау, әттеген-ай! - деп жардан шыққан азаматтар жамырай өкіністі.
-Япырмай, - бекер өртенгенше, мына аш-жалаңаш халықтың алуына бермеген-ай!
- Ма Шыңның жиған бұл шайы базарда да жоқ еді!
- Сатып алар жер де қалмады-ау енді!
- Япырмай, не деген қаскүнем еді бұл иттің балалары. Әлгі орыс қалай өртетті екен оны! Бұл өкінішті сұраудың жауабы іңірде жетті бізге: орыс қалған қоржаны тінтіп, адам табуға әскерінің жарымын таратып жібере қойған екен. Олардың бірге кеткен екі-үшеуі өздерінің бұрынғы жендеттік тәртібі мен шынжырын үзген итше арсылдай барыпты да, үлкен қойманы бұрқ еткізіпті. Орыс қанша бақырғанымен қайта өшіре алмай қойыпты. Алаулай жөнелген қойманың маңы адам бара алмастай болыпты. Әскерлер қоржаның өрттен аулақ бір тамына барып аттарынан түсіпті. Кеш батқандықтан қайта алмай, сонда түнемек көрінеді.
Сол маңда тығылып жатып ымырт түсісімен осылай қашқандар айтты бұл жайды. Әкемді сұрап едік, ешкім білмеді, әйтеуір көп қоржа маңында адам қалмағанын ғана айтты. Шекарадан өтпегендері Емілде сияқты.
- Түн ауа барып сол қаскүнемдерді қырып салсақ қайтеді? - деп жінікті жігіттер, - кешке дейін ат соққан құңқузылар, тұяқ серіппей ұйықтайды, құдай біледі! Орысты өлтірмей, жалғыз қоя бере салмаймыз ба?
Бұл дүрілді қария шорт тыйды:
- Қойыңдар, жігіттер, бұл сөзді! Ертең бар құңқузы шығып бүкіл Ергейтіні бір-ақ қырады!
Сол қазына түтінін аспанға ғана ұсынып, жарым ай бойы күйіп жатты. Түтіні күн көзін қапса, күлі желмен ұшып адам көзін, өкпесін қапты. Өртеушілердің өздеріне де одан басқа пайдасын тигізе қойған жоқ. Киімнен жүдеген жалба-жұлба егіншілер қынжыла қарайды оған. Шайы таусылғандықтан басы ауырған әйелдер сол түтінен тым болмаса шайдың иісі келер ме екен деп күтетін тәрізді. Ұзақ қарап тұрады. Бірақ, рақымсыз өрт түтінін де адамзатқа қимай аспанға итермелеп, тықпалап жатты.
Әкеміз қайтып келмеді. Әскерлер өлтіріп тастады ма, әлде шекарадан өтіп кетті ме, дерек жоқ, біз түтін жаққа сол үшін көп қарайтын болдық. Бигелді іздеп екі күн жүріп қайтты. Емілде жоқ сияқты. Ілушіннен ондай адам естілмепті. «Шекарадан өтіп кетсе қайтып келер» деген ұйғарымға үй ішімізбен келдік.
Астық жиып алу жұмысы өте асықтырып әкетті бізді. Өйткені, әкемізге алаңдап жүргенімізде, Смайыл мен Смазының атызда қалған бормиын тік тұрған күйінде маңайдағылар тонап әкеткен екен. Бигелді мен Биғазы тездетіп, өздеріне тиесілі жалақы бормиын орап алуға кірісті де, Биғаділ екеуміз Смайылдың борми сабағын аралап, масақ тердік. Әлі де бірдеме табылатындай көрінеді, құныға кірістік. Бұл құнығуымыз қоржадағылар сабақты талапайлап орып, аңыздар тап-тақыр болғанда ғана тоқтады. Екі ешкіден басқа малымыздың жоқтығына қарамай, борми сабағын да үйіп тастадық. Бұған да тояр емеспіз.
Таптама тезекті баса үйген борми сабағы мен ши, қияқ таудай мая болғанша, борми қуырылып, иесіз қалған диірменге тартылып жатқанда, аспан сұрланып, қарлату мен борандатудың қабағы көрінгенде, мен де бой жаздым. Шешем тігіп берген қысқа тонды қиып алып, «шаруашылығымызды» қорғаудан басқа жұмыс қалмады маған. Жаз, күз әуреленіп әрең үйген бұл байлығымызға сиырлар сұғын қадап, маза бермейтін болды. «Помещик» мұндай сумақылыққа төзген бе, мен момын тайыншаларға маза бермейтін болдым. Мініп аламын да, сол тұтқынның өз тұмсығын ғана аяға тығып қойып, басқа «арамтамақтарын» жолатпаймын. «Помещик» деген мойынға бір мініп алса, өз еркімен түсуші ме еді. Мен де түспей қойдым. Тіпті сол момынның арқасында жатып алдым.
Солай жатып басымды бір көтеріп алған кезімде, көзім жарқ ете түскендей болды. Ергейтінің суынан өтіп, әкем сияқты жарбиған біреу келе жатыр! Үстінде маған таныс қаптал шапан, басында көне елтіре тымақ, бірақ, өзі жалаң аяқ... тайыншадан түсе жүгірдім. Судың бергі жағасына өте бере мені құшақтап алып бауырына басты.
- Үй іші аман ба?
- Бәрі аман... байып алдық! Әне... отын-шөпті көрдің бе, бәрі біздікі! Астында тезек тіпті көп! Үш қап талқан, үш қап бормиымыз бар! Бір киіз, екі көрпеміз бар! Және үлкен бір сиыр сойып алғанбыз, майы бір қап!
Әкем жаман етігін киіп үлгергенше, мен осы байлығымызды толық баяндап үлгердім.
«Тергеушім», мен сол күзде меншікті жерім болмағандықтан, помещик қатарына толық қосыла алмасам да, бай шаруаның жуан ортасынан орын алған едім. Мұншалық өзімшілдік пен бас пайдаға өлермендік мені буржуазия қатарына қоспай қойсын ба. Шынжаңдағы Шың Сысай сынды «данышпан» өз жауларының бәрін жайпап таққа шығарда, әйелдің іш киімінің балағын ту етіп көтеріп, әжуалай шыққан «кертартпа» топтың бір мүшесі болған менің аз күн ішінде-ақ мұншалық асқындап, байып кетуім неден болды? Әрине, қылмыс, қылмыс, тағы да қылмыс.
ІІІ
Қапалақтап қар жауып тұрды. Аяз соңында артын күтіп тұрған сияқты еді. Қарны жуан сары қазақ біздің қоржаға енді білегіне қызыл шүберек киіп келді бір күні.
- Елубасы келді, ой, халайық, елубасы мырзаның өзі келді! - деп Әлімжан қожа кәукелектей жүгіріп алдынан шықты. Сары қазақ оған бір қарап қойып, тоқтамай жорғалата өтті де, Смайыл қорасының қатарындағы аласалау ақ тамды үйге барып түсті. Сонда да Әлімжан қаршығадай ілді барып, сарыны қолтығынан демеп түсіріп, атын байлады. Кеңкілдеп күле амандасты да, өзіне бөгде үйдің есігін ашты. - Бір көруге зар болып жүр едім. Алла нәсіп айлап, мырзаның өзі келді-ау! Үйге, үйге, кіріңіз!
Тереземізге екі көзді әйнек салып, сылап тұрған әкем Әлімжанның қимыл-әрекетіне тұнжырай қарап қалды. Шешем күрсіне сөйледі:
- Япырмай, елубасылыққа мына қансұйықты тапқан болса, «жүз басы», «мың басы» болып қандай немелер сайланады екен?!
- Бигелді! - деді әкем терезеге үңіліп, - әлгі сиырыңды мына Әлімжан біле мен?
- Ақырын сөйле! - деп қалды шешем, - өзің жар салғаның не! Өзінің аңқаулық еткеніне әкем күлімсірей түсті де, онысын ақтай салды:
- Е, құдай көріп тұрған ұрлықты ақырын айттың не, қатты айттың не!
- Әлімжан сізден екі күн бұрын қашып, үш күн бұрын қайтпады ма, - деді Бигелді, - сиырды оның жындары да көрген жоқ!
- Болды онда!... Қалғанын сыбырлап сөйлесерміз, мына шешең ұрысып тұр маған!...
Жел қуған ебелектей елпілдеп шыға келген Әлімжан есік ашып тұрып жуан сарыны шығарды. Елпек қағып атын әкелді де, қолтығынан көтерді. «Ұлықтың» үзенгісі мен тізесіне екі қолдап жабысып ере жүрді. Иіле алмайтындай қақшиып алған сарыға жалбарынышты күймен шалқалай қарап, жабысып алған кішкене қожа шоқтай ғана иек сақалын шошаңдатып, бүлкілдеп сөйлеп өтіп бара жатыр. Әр есіктің алдында қар күреп жүргендер түгел қарап қалыпты. Ол екеуі Смазының дуалынан айналып, арт жақтағы Бекбосын молданың үйіне беттеді. Шығыс жағымыздағы іргелес жер үй алдынан Нұрғазы атты жігіт бірдеме деп қалып еді, келіншегі сыңғырлай күліп ала жөнелді. Сол күлген сөзден бу алған болса керек:
- Біздің қожа күшікше еркелеуге де шебер екен-ау! - деп ар жағындағы жирен сақалды шал сыңғырлағанда, күлкі
Батыс жағымызда қожаның жер үйінен кемпірі мен келіні шығып тұрғанын енді көрді білем, сөйлеген шал оларға үңіле қарап қойып, үйіне кіріп кетті. Көптің күлкісіне шыдамаған бейнемен түйіліп, қожаның жуан кемпірі де ғайып болды, енесінен екі еседей денелі, қара келіні әркімге бір қарап, тамағын кенеп-кенеп жіберді. Дауысын жас әйелше сыпайы шығаруға ашуы бағынбаған сияқты, шарқ-шұрқ ете түсті.
- Адам мен адам сөйлеседі, сақалды басымен не деп шатып тұр!
- Мына қаншығы қабаған екен! - деп қалды Нұрғазы күрегін қоя салып, үйіне кіріп кетті. Оның күлкішіл келіншегі тағы күлді. Қоржа күлкісі тағы өрлей көтерілгенде, қожа келіні үйіне кіре жөнеліп еді. Бірақ, қалған сөзі бар сияқты, ақ жаулықты басы есіктен қайта көрінді.
- Боқ сақалдың бақылдауына күйлей қалған ба, анау ешкі! - деп шаңғырлап тастап жоғалды. Келіншегі тағы күлгенде ері үйіне шақырып алды. Биғазы мен Биғаділдің күлкісі әлі қана қоймаған еді, әкем ақырып қалып үйге қуып тықты. Бірақ, көп өтпей қайта шықты. Үйіне елубасы түсіп аттанған ақсақалды қария әкеммен сөйлесіп тұр еді:
- «Үркіншілікте бір қора сиырым жоғалды!» дейді ұлық, «егер із-түзін білетін біреу шығып, маған айтатын болса, сиырларымды өндіріп алысымен бір сиыр сүйінші беремін!» деді. - Қария елубасының осы бұйымтайын міндет ретінде көтеріңкі үнмен хабарлады.
- Оған сіз не айттыңыз? - деп сұрады әкем. Қария үні енді бәсеңдей шықты:
- Мен ол пәлеге не айтады дейсің, түйені жел ұшырса, ешкіні аспаннан ізде деген, сіздер үріккенде бізде не жан қалды дейсің, қоржамызда адам қалмаған, білмейміз дедім...
- Ұлығыңыздың басқа не сөзі бар екен?
- Ұлықтың өз сиырынан басқа ойы көрінбейді. - Әлімжан қожа жұлығын жалап, әурелей берген соң, сиырларының ізін байқай жүруді сол екеумізге мықтап тапсырып аттанды.
- Қожа он басылық «мансап» сұрады одан, - деп мырс ете түсті қария! - Атақты Әлімжан қожаң - мен. Смазының үйін ашсақ мешіт те, медресе де болады. Имам боламын, бала да оқытамын. Алла тағала тілеуімді қабыл етіп, сіз ұлық болдыңыз, енді қарап жатамын ба, сіз үшін, халқыңыз үшін қызмет етемін! - деп жабысты.
- Бұдан шайтандық үйренуге береміз бе баламызды, Бекбосын оқытса болар!
Әлімжан қожа елубасының аяғына жабысқан қолын енді артына қайырып, кісіліктене қайтқанын көрген қария, шығыс жақтағы үйлерге қарап кете барды. Қожа жол-жөнекей бес үйге кіріп, алтыншыда өз үйіне кірді.
Қожекеңнің орынбасары «онбасы» болып сайланғаны гу ете түсті қоржаға, күлкімен қосылып гуледі. Апанынан жирен шал да, қушыкеш Нұрғазы да қайта шықты:
- Қожекең орынбасарлыққа ғана жетсе, одан асып онбасы болған қай дәу екен?!
- Одан сұмпайырақ біреу табылыпты да, «онбасы» сайланыпты.
- Әттеген-ай!-деді жирен шал қайтадан, - есіл Қожекеңнің сұмдығы жетсе де сұмпайылығы жетіңкіремей қалған екен -ау!
Сайлауда маңайлап жүрген бір жігіт анық жауабын ар жағындағы жер үй алдынан қайтарды:
- Жоқ, Қожекеңнің онысы да жетеді әлі! Ұлықтың жоғын іздесу үшін орынбасралыққа сайланды. Сиырларын тапса, нақтылы дәу онбасының өзі болып сайланбақ. Бұл шартты Қожекемнің құлағына ұлық нығарлап тұрып қойды!
- Қожекелеріңе осы мансап та жетер, - деді ақсақалды қария, - «бала да оқытамын, имам да боламын» деп елубасыдан рұқсат алып шықты.
- Е, онда кішкене басына үш үлкен мансап жетер-ақ! - деді жирен шал, - сол кісі тіпті басқасын қойып, бақсы ғана болса деймін ғой, осы қоржада жыннан көп нәрсе жоқ, алақ-жұлақ қағып қуаласын да жүрсін сонысын!
- Қыстай қууға мына келіндеріңіздің жыны-ақ жетеді! - деп тиянақтандырды Нұрғазы. Келіншегі сыңғырлап тағы күлді:
- Дәу келіні дәуперім бақсы екен, мана арс ете түсіп, менің үлкен жынымды қауып алды. Содан бері жөндеп күле алмай қойдым.
Бұл сөзге ешкісін қамап жүрген шешем де күліп еді.
- Осы күлкіге араласпа, - деп тойтарды әкем, - бұдан бір шатақ шықпай қоймайды, қожаның бағанағы сиқынан қорықтым мен, дүниедегі бар пәле осындай адамнан туады. Мұндай арсыздың жаны сірі, оны ешкім жеңе алмайды, әлі көресің...
Бигелді қалаға апарып отын сату үшін, ортаққа бір өгіз шана тауып әкеліп еді. Ертең алдымен бір шана қиды өзіміз үшін апарып сатпақ та, бүрсікүні өгіз шана иесіне бір шана ши апарып бермек. Ерте аттану үшін шанаға күн бата тезек тиеп жатты. Әлімжан қожаның есігінен қарайған басы қылтыңдап, біз жаққа бір-екі рет үңілді де, іле-шала «орынбасар-онбасының» өзі шықты. Шағын денесін дүрдитіп, таудай адамша кісіліктене жетті.
- Ой, апақ-сапақта шанаға басып жатқандарың немене бұл?
Ұлықси келуіне қарап әкем де, Бигелді де үн қатпады. Келіп жәрдемдесіп жүрген Нұрғазы ғана жауап қайырды:
- Бәсе, ұлық болған кісінің алдымен көзі кетеді, сізге көзәйнек керек енді! Тұңғыш тергеуіңіз ғой, бір жәрдемдесіп қояйыншы, - деп, бір таптаманың үстіндегі қоқырын төкпей апарды да, лып еткізіп қожаның мұрнына тигізе қойды! Қожа шегініп барып әкеме тығылған соң ғана құтылып еді, сол тығылған панасын тықсырып тергей жөнелді бір сәтте:
- Жәке, осы сіз қайда барып келдіңіз, соны айтыңызшы?!
Бала-шағасын «шекарадан өтіп кетті» деп естіп, Мұқаншыға дейін барып келгенін айтты әкем.
- Ал, сонда қоржадан қай күні кеттіңіз?
- Қоржадан... ел үркіген соң екі күннен кейін кеттім.
- Не үшін қалдыңыз мұнда?
- Совет әскері келіп, соғысқа орыстар араласқан соң қырғын тоқтар деген оймен қалып едім. Бала-шаға тоқтамай, Емілге кетіп қалған соң мен де тұра алмадым.
- Сақабайдың сиырлары жоғалған күні кеттім деңізші?
Мына сұрақтың қатерінен әкем қысылыңқырап қалғандай болды. Бигелді де жерге қараған бойы бүгежектей берді.
- Ол кезде Сақабай қайда, сиыры қайда еді, қайдан білейін. Мен жалғыз таяқпен ғана кетіп бара жатқанымды көп адам көрді ғой.
- Емілден мен де көргенмін! - деді Нұрғазы. Ол кезде өзі Бигелдімен бірге қоржада болса да, Емілден көрдім деп әдейі айтты, - сонан соң екі мықынын тірей, «тергеушінің» алдына келді. - Жы... а...а, сол сиыр туралы мен өз білгенімді айтайын, тексеріп көріңіздер! Қожеке, сіз сол «іслам лашкеріне» немене апарып бердіңіз? Соны айтыңызшы!
- Астағыпыралла, ол қанқорлармен менің не байланысым бар еді! Ондай адамға өкімат құрметтеп бәдал бере ме, кіммен ойнап тұрсың өзің!
- Ей, қожа, аузыңнан иман, қолыңнан құран түспейді, Алладан қорықсаң ақ сөз айт! «Ислам хукуматына бәрімізді бағышылайық» деп шапқылап едің ғой, сонда «жамағаттан» не жиып бердің?
- Қарағым, соған жәрдем деп бергендеріңді айт онда маған!
- Сенің жиып бермек болғаның рас та, біздің бергеніміз рас... Рас қой? - «орынбасар онбасы» басын еріксіз изеді. Нұрғазы төне түсті. - Олай болса, халықтан еш нәрсе жиып бере алмай, өзіңіз айтқан «хазыраты әли Шахимарданнның» рухына, «оқ дарытпайтын» «хазыраты» Ма Сылиң «Шахимарданға» Сақабайдың сиырын айдап апарып бергенің де рас! Дүнген лашкерінің жеп жатақанының барлығы сиыр еті екені де рас емес пе еді!
«Орынбасар онбасы» алғашында не дерін білмей қалды да, әкемнің қолтығына кіре түсті:
- Ой, Жаппар, ой Жәке, мына пәле не тауқымет артып тұр маған?! Хақ тағаланың халал құлына бұ қадар нақақ пәле арта ма екен, бірдеме десеңші мынауыңа!
Әкемнің өзі пәлеге қалғандай есі шығып тұр еді. «Сиырлардың жоғалған күні кеткендігінен қорқып отырғанда, пәленің нақ өзі-ақ пәледен қайтіп құтқармақ.
- Әй, қожа, - деді есін әрең жиып, - өзің пәле іздеп, мені тықсырып тұрсың, өзің маған пәле боп төніп тұрып, пәледен құтқар деп жалынасың. Сол сөздерді маған да айтып едің ғой, қайтіп құтқарармын мен сені?! Құран ұстаған адамсың, өтірік байбалам салмай айтқаныңды айттым десеңші!
- По-по-по! Алла сақтасын, Алла сақтасын! Қойдым енді, қойдым, пәледен машайық қашқан!
- Жоқ, хақ-алал дауды енді біз қоя алмаймыз! Алланың алал құлы сен емес, міне, мына кісі еді, өзі не тауқымет артып тұрсың бұған!
- Қойдым, шырағым, қойдым енді!... Бейуақыт қой, қойдым деп қасам етейін!... Жүр, Жәке, үйіңізге кіріп ақшам оқып алайық! Әкем сыпайылық үшін бе, қорқынышынан ба белгісіз, үйге қожамен бірге кірді. Жайнамаз жоқ екенін айтып, шапанын жайды.
- Ал өзің оқып ал, қожа!
- Сіз де намаз оқитын едіңіз ғой, кел бірге оқиық, ұйып оқыған намаздың сауабы он хиса артық болады!
- Жоқ, мен сізге ұйымаймын, оқи беріңіз, - деп әкем басқа бір шапан жайды да дербес оқыды. Құбылаға қарап әкем бесінші деп жығылып болғанда, қожа үшінші рет әрең жығылды. Оның әлі екі рәкағаты бастаусыз еді. Әкем өз «жайнамазын» жиып алып, далаға шығып кетті. Қалған екі жығылуын асықпай өтеп болған қожа енді ұзақ сонар батаға түсіп, кейде күбірлеп, кейде әндете жөнелді. Әдемі мақамның ол жер, бұл жерін тыңдауға менен басқа үйде ешкім қалмады. Қожа ақырғы «Аллаһуакпарын» айтқан соң кірді шешем.
- Алла тағала ғұмыр-хаят берсін, мына балаң өте салмақты бала екен! - деп «жайнамаз» жиған қожа енді малдасын құрып, орынға отырды.
- Осы қыс мен бала жиып оқытамын. Осы балам маған шәкірт болсыншы, Алла қосса үлкен молда болып шығады!
Шешемнің не жауап қайтарарын тоспай-ақ ұшып тұрып, мен жөнелдім. «Сенен оқып не оңармын» дей шықтым ішімнен.
- Әлі оқып отыр ма? - деп Бигелді менен сыбырлап сұрады. Оқып болса да орнығып отырғанын Нұрғазы менен еңкейіп тыңдады.
- Мынау сиырдың етін енді иіскелеп таппақшы болып отырғаны, көже ішіп, турамыш етін жеп көрмек қой! Мен қуалап шығарайын! - деді ол. Бигелді оны тоса қалды:
- Алдымен әкем кіріп, қасына отырсын, асықпа, әйтпесе содан көреді!
Бигелді бірдеме айтып әкемді үйге кіргізді, мен де кіріп әкемді жанасалай отырдым.
- Жәке мен медресе ашпақшымын, кел отыршы. Әңгімелесейік! - деп қарсы алды қожа, - балаларың оқысын, «тілашар мен «Жұмалықты» бұл балалардан сұрамаймын! Кімки берсін-бермесін өз ықтиарыңда, халайықтың шама шарқына қарай!
- Жоқ, сенен оқудан құдай сақтасын! - деп бір-ақ тойтарды әкем, -жаңағы намазда саған надан әкесі де ұйымады ғой, балалары Алланың сөзін сеннен үйренсе тозаққа кететіні хақ.
- Астағыппыралла! - деп кеңк-кеңк күлді қожа, - бұ қадар менен неге нәпратләндыңыз, соны айтыңызшы!... Бала оқытсам...
Нұрғазы кіріп келді де, қожа сөзі шорт үзілді. Оның көкшіл көзі мен тотыққан қоңырша жүзі ерекше суынып, сұрланып алыпты.
- Е, бала оқыту дәмесінде ме едіңіз әлі, оған мұрсаңыз жете қояр ма екен, Ма Сылиңге тартқан сиырыңыз азғантай сиыр ма еді!... Жүріңіз, Бекбосын молданың құраны алдында мойындатамын!... Жәке, сіз де жүріңіз, «Орынбасар онбасының» сол кездегі айтқанын сіз де әшкерелейсіз! Айтпасаңыз, өзіңіз бірге айдаласыз! Мұның сол сөзін естіген адам көп, жүріңіздер!
- Ей, қарағым, бәріміз бір мұсылманбыз ғой.
- Енді айтпа мұсылмандығыңызды, жүр былжырамай, мәселені құңқузы шешеді:
- Қарағым, ата-бабаларыңа құран бағыштап тұрайын, өмірімде ұмытпайын, осы сөзіңді қойшы енді! Ал, ал, ал, жүрейін! - Қожаны дедектетіп ала жөнелді Нұрғазы.
- Япырмай, япырмай, япырмай! - деп алып, әкем Бигелдіні сыбай жөнелді, - енді қартайғанда ұры еттің-ау божбиған әкеңнің аузын! Мына қожа бір тықырға таямай тоқтамайды!
- Өй, не болды саған сонша, - деп шешем ұрысты оған, - Нұрғазы болмаса өзің-ақ мойындай саласың ғой мына қалпыңда!
- Құдай көргенді адам мойындамай құтыла ма, бәйбіше!...
- Көп ұзамай қайтып кірді Нұрғазы.
- Бар иманын бір-ақ сыпырдым! - деп күлді ол, - енді қымырлай алмайды, жолда жалынып, жылап отырып алды да, қасам ішті! Басқаларымыздан еш нәрсе таба алмайды бұл! Сіздердің момындық-аңқаулықтарымызды пайдаланып кетер ме екен деп қауіптеніп жүр едім, бүгін мен барда келгені жақсы болды! Аға, сіз қорқа бермеңіз бұдан, қабаққа қарап басатын албастының өзі осы!
- Нұрғазы, шырағым, дәл осы ұрлықтарың болмаса мен дипаңгуңнен[1] де қорықпаймын! Өзі ұры болған соң адамның арты қылпылдап кетеді екен, осы істі бекер-ақ істепсіңдер, рас аман құтыламыз ба, жоқ, ашылып қала ма?
- Бұл сөзге Нұрғазы ішегі қатқанша күлді.
- Құтылғаныңыз осы, аға! - деді артынан Аллаға сенсеңіз, құтылдым деп қорғанбай жүре беріңіз, қасамын ұмытайын дегенде құңқузы болып бас салып, бұтына жібертемін!
- Олай болса құтқарушым болдың!.. Осы алақұйрық шайтан медресе ашып балаларымызды жынды етер ме екен деп те қорқып едім, енді бұл қауіптен де құтыламын, ертең-ақ аластаймын!
Ертеңіне әкем ақсақалды қартпен сөйлесті де, үш-төрт шал бірлесіп, арт жақтағы Бекбосынның үйіне барды. Бекбосын ешкімге зиян салмаған, «ақ-хақ» деп алдамайтын едәуір сауатты молда еді. Соны бала оқытуға көндіріп шығыпты. «Молда сабақ ұқпаған шәкіртті тілін созып дүрелейді, шәкірттің еті молданікі, сүйегі ғана әке-шешенікі» деген сөздерді естіп жүретінбіз. «Оқымаймын, молда болмай-ақ қояйын!» деп Биғаділ азар да безер болды. Оны оқуға зорлап берген күннің өзінде қағаз-қарындаш сатып алу, әр жұма сайын беріліп тұратын «жұмалық», «тілашар» сияқты шығындарды әке-шешемнің әл-ауқаты көтере алмайтын болды. Ал Биғазының Бигелдіге көмектесуі, ши оруы тұрмысымыз үшін өте зәру. Үйіміз ақылдасып, биылша мені ғана оқытуға келісті.
Сұңғыла Биғаділдің азар да безер болуынан маған тілім жұлынып, қамшы тиіп, арқам ашып бара жатқандай сезіліп еді.
- Жақсы оқыса, тәртіпті болса молда ұрмайды, - деп сендірді шешем, - ешкім оқытпай-ақ латынша жазуды үйреніп алып едің ғой, ал қазір ондағыдан үлкейдің, оның үстіне молда үйретеді.
Сөйтсе де, құранның «быжықы-тыжықы» жазуы елестеп көз алдым шұбарта берді. Қалаға отын сата кеткен Бигелді екі дәптер, бір қарындаш әкеліп бергенде, жүрегім тіпті алай-дүлей борандатып әкетті. Сол түні ұйықтай алмай шықтым. Бұл оқудың ең қиын көрінгені Әлімжан қожаша әндетіп оқу еді. «Үнім қалай шығар екен... Жалғыз жерде өзім ғана айқайласам онда болар еді, молда бақырайып отырып алады ғой. Қорыққаннан үнім шықпай қалса қайттым!»
- Ел шайын ішіп болғанда әкем мені жетектей жөнелді.
- Әке, мен үндемей оқысам жақсы ұғамын. Молдаға айт, дауысым жаман, «үндемей оқысын» деп айтшы! - деп жеткенше жалындым.
Бекбосын молданың үйі кең, үш бөлмелі әрі кірпіштен қаланған биік еді. Іші таза ақталған екен. Жасаулы үйінің дәл төріне қабат-қабат көрпе салып отырып алыпты. Ең жақсысы, маңайынан қамшы, иә, таяқ көрінбейді, шағындап қана тегістелген әдемі қара мұрты бар, ұзын бойлы ақсұр өңді адам еді. Бұрын бұл қалада тұрған деп естігенмін. Үй іші де, киімі де өте таза екен. Он шақты бала - босағадан төрге дейін созыла терезе жақ қабырға іргесінде қатар отыр. Астына үш жерден кірпіш қойған екі тақтай, парта болып бәріне жетіпті. «Шәкірт жүгініп отырады деп» еститінмін. Сол тақтай «партаның» артына отырғыш етіп дөңбек қойылыпты. Жалғыз-ақ қорқынышты жері - молдамыздың екі әйелі де сол үйде жүр. «Ойпырмай, мыналардың көзінше әндету - алдарында тырдай жалаңаш болып шешінуден де қиын ғой!. Осылардың алдында құйрықты түріп қойып дүреленгенде әндетсем не оңдым!» деп ойладым мен. Бұл қорқынышымды молдаға әкем айтып жатты:
- Сізге ең үміткер баламды әкелдім. Бірақ, өзі өте ұялшақ, «әндетпей ішімнен оқимын, сонда жақсы оқимын, молдекеңе айтшы!» деп жеткенше жалынды маған. «Дауысым жаман» дейді.
Молда жымиып қана күле қарады маған. Бұл кісінің үн шығарып күлгенін қоржада ешкім естімегенін айтатын. Осы жымиюы маған жетерлік сияқты болды.
- Олай болса, сен маған жақынырақ, мына жерге отыр! - деп бірнеше оқушыны төменірек ығыстырды да, мені өз тұсына, ортаға отырғызды.
Әкем өзінің төтесінен бір-ақ қоя салатын әдетімен рақметін айтып шықты.
- Алғашқы ұстазы шайтан болып қалар ма екен деп қорқып едім, баламның бақыты бар екен, сізді кезіктірген Аллаға ырзамын!..
«Әліп», «би», «ти» - деп бастадық біз алғашқы оқуды. Молда әрбіреуіміздің дәптерімізге арабша алпауитінің тәртібімен алты әріп жазып, әрбір әріпті бір-бірден көрсетіп үйретіп шықты.
- Енді өздерің дауыстап оқи беріңдер, - деп маған бір қарап қойды да, көрпесіне барып отырды. Балалар дуылдап ала жөнелді. Олар оқығанда мен аузымды ғана жыбырлатып, әрбір әріпке анықтап қараумен болдым. Нағашы ата мен шешемнен бұрын құлағыма сіңгені бойынша бұл алтауының атын да біліп алдым. Жазу да оңай сияқты. Бірақ молда бізге жаз деген жоқ. «Басқалары жазса мен де жаза аламын» деп ойлап әрқайсысына көзімнің қиығымен қарасам, сабақтастарымның жазғаны сол, тіпті қағаздарына қарамай зулатып отыр. Кейбірі үңіліп отырған болып, көздерін тарс жұмып алыпты. Бәрінің дауысы әдемі. Ал молдамыз олардан да қуырақ сияқты. Үндерін ғана тыңдап отырғандай болса да, көз астымен білдірмей көріп отыр екен. Ол «сиқырлығын» біле қойдым да, қағазымнан көз алмай, сыбырлап оқи бердім. «Мұндай сиқырдың қамшысы өзінің көзі сияқты ұрланып көрпенің астында тұрған болар, шарт ете түскенін білмей қалмайын!»
Неден екенін біле алмадым, сабақтастарым жым бола қалды бір кезде. Мен үн шығармай, аузымды ғана жыбырлатып отыр едім, әшкере болдым да қалдым. Жалт қарасам, молданың көзі де, әйелдерінің көздері де менде отыр екен. Сабақтастарым сықылықтай күлді, бетім ду-ду ете түсті. Молда орнынан тұрды да ең бастағы шәкіртке келді.
- Қане, оқышы, - деді ақырын ғана. Ол зулатып айта салды. Молда ортадағы бір әріпті нұсқап, - мынау не? - деді. Ол айта алмай отырып қалды. Сөйтіп, молда бәрін жаңылтып маған жетті. Әріпті қанша ауыстырып оқытса да мен жаңылмай, дәл-дәл атап бердім. Егер үндемей отырғаныма қарай білмей қалсам маған жаза бар сияқты еді. Ұстаз жымиып қана өтті менен.
Молдаға ма, ия молдалықтан ба, әйтеуір әйелдері өте ықыласты көрінеді. Емтихан комиссиясынша молданың артынан олар да қалмай сығалап жүрді. Әріп ауыстырып оқытқанда менен басқа жаңылмағаны қалмады. Бірақ, «жақсы-жаман» деп ешқайсысымызға айтқан жоқ. Сонысының өзі жақсы болды, өйтетін болса менің бетім және дуылдар еді. Бет дуылдаудан жаман құбылыс жоқ. Ол ұялғанымды білдіріп, одан әрмен ұятқа қалдырады ғой!..
Түсте үйге қайтқанда тындырып тастағандай тез жеттім, Шайымды іше салып, молда тапсырмаса да үйренген әріптерімді жаман қағазға жаза бердім. Кешке шейін жаздым. Үй іші қараңғы тартқанда далаға шығып қарға жаздым. Ертеңіне таңертең молда сұрағанда, менен «жетілгені» болмай шықты да, маған он неше әріпті бір-ақ жазып беріп, неше рет қайталап үйретті. Басқаларының кейбіріне бес әріп, кейбіріне үш әріп қосып, кейбіріне жаңа әріп қоспай кешегісін оқытты. Менің үйге қайтқанда жазатын жазуым тағы көбейіп, кешегіден де тез жеттім үйге. Сөйтіп үш күн ішінде арабтың негізгі алпауитын бітіріп шықтым.
Молданың тапсыруы - әріпті тани, оқи алатын болу ғана еді, мен жаза да алатын болып алдым. Жазып үйренбесем, оқуды ұмытып қалатындай қауіп астында үйрендім.
- Жаппардың баласы үш-ақ күнде сауатын ашып, молда болып шығыпты! - деп гулетті қоржа желауыздары. Әкем Бекбосын молданы шақырып, сойып берерлік жарамды мал таба алмай қиналды. Маған ұстаздың батасын әпермек сияқты. Бірақ бұл табыс молданың еңбегі мен менің ерекшелігімнің бодауына келген емес, ұялшақтық пен қорқақтыққа қосылған бұрынғы құлақ молдалығымыздың бодауына келген еді. Білетін латын әріптерімнің ізін тілге жаттаулы араб әрпімен бастыра қойып едім, бұл жайымды шешем ашты. «Көз», «сұқтан» қорқатын көне сеніммен ашты:
- Тіл өтіп кетпесін, көз тимесін, сақтай гөр, құдай!.. Ту фа! Ту фа! - деп үйде біраз сыйынып алды да, әр үйге кіріп «телефоншы», «тілші» әйелдерге «мәлімдеме» жариялады.
- Ол бұрын оқыған бала, мектепті арғы бетте көрген. Енді мұнда келе салып ұмытып кететіндей не көрініпті. Әлі сол ізі!
Кейбір тілші оған сенбейтіндігін білдірді: арғы бетте оқи қоятындай неше жаста еді сонша!
- Одан да тіл, көз сұғынан сақтасын деп тіле, Мадиян!.. Өмірі ұзақ болсын!
- Оның бойы шарға, биыл он бір жасқа шықты! - деп салды шешем...
Бұл сөзді естіп жүрсем де, мен қорлана да, қуана да қоймадым, арабтың жалаңаш әріптерін латын әрпі сияқты тез үйренгеніммен, ескішенің «тон киген», «басына қазан төңкерген», «айбалта-қылыш» көтерген, тіпті «қос қанжар», «қос шоқпар» ұстаған қиқы-жиқылары әлі алдымда еді. Оны Ақтай, Санатпай ұстаған құраннан көріп, Тауқұмдағы қыста басым әңкі-тәңкі болған ғой. Енді сонымен көрісемін-ау деп қайғыға түстім. Ол маған бүтіндей бейтаныс, шытырман орман сияқты, басымды бір айналдырса шыр айналдыратындай көрінді.
Сол шытырманға молдекем мені ертеңіне-ақ сүйрей жөнелді. Молда жетектеген соң менің желмесіме лаж бар ма? «Молда куда, мен туда» деп ере жөнелдім, «әлпісін-ә» деді молда... Бір «әліптің» үстіне қылыш, бір «әліптің» астына қылыш, бір «әліптің» маңдайына шоқпар тіреп жазды дәптеріме: «әлбусын-ә, әлбасын-и, әліптұр-ө-ә,и,ө». Бұл қиынырақ тиді маған, молда оқытқанда тілімді келтіре алмай, әрең айтып шықтым. «Биөсін-бә, биясын-би, битүр-бө-бә-би-бо». Шатақ осыны ертеңіне оқығанымда шықты.
Молданың өзіне сұрақ қойғандай-ақ тұқырып алып «бисің бе» деп қалдым. Молда жымиып қана қойған сияқты еді. Тәртіпті үлкен әйелі бұзды.
- «Би емес, молда ғой!» деді анадай жерде бірдеме істеп отырып, кіші әйелі күліп жіберіп еді, бетім ду ете түсті. Молда артына әйелдері жаққа жалт қарап, есікке қарай иегін бір-ақ қақты. Байқасам, өңі бұзылып кеткен екен, екі әйел бірдемелерін жиыстырып алып, қарсы үйге шығып кетті. «Көмекейімді енді суырады-ау» дедім ішімнен. Қалтырап кеттім.
- Қорықпа, қорықпа! - деп қалды молда ақырын ғана, - «биөсін-бә...» деп түзеп қайта оқытты. Бұл рет аман қалғанымды біліп, жан-дәрмен дауыстап оқи жөнелдім. - Ие, ие, міне үнің ашылды! Осылай оқысаң тілің тез үйлеседі!..
Мұны жазып үйренудің қажеті жоқ екен, күндіз-түні бақылдап жүріп, алпауит бойынша бар әріпті осы ежікпен қайта оқып шықтым. Күндізгі бақылдауым жетпегендей, түнде ұйықтап жатып та бақылдап қоятын болдым. Өлермендене жүріп, бұл сатыдан да тез өтіп едім, бұл жай ғана екен, үшінші сатыдан бұдан да сойқаны шыға келді. Қос қылыш, қос шоқпар ұстаған жойқындардың дәл өзі! Мұны да «әліптен» қайта бастады: әлбекесін-ән, әлбақасын-ен, әлбба күтір-үн-ән, ен, үн... Май тілесең міне құйрық, тілімді келтіре алмай төбемнен түтін шықты. Бұл «егіз пәлені» тілге жеңіл «әліп» пен «биге» қоса алмай соншалық тайталақтанғанымды, «ұстат», «ұзат» дейтін дәулерге қосып оқуым тіпті машақат көрінеді. Мына қалыпта тіліме де, арқама да бір сойқанның бар екені қақ сияқты.
«Шын жыласа соқыр көзден жас шығады», жол-жөнекей де, тамақ үстінде де үздіксіз бақылдайтын болдым. Талай рет «ұса тексун-ұсан» деп қалып, аузымыздағы талқанды бүркіп шашып алғаным бар. Илла, иллалап жүріп бұл асудан да астым.
- «Әлбосын-ә, биге сәкін-әп», - деп бастады бір күні молда, - жемөсін-жә-әбжа, далға сәкін-абижат. Ежіктеп шығаратын бұл бейтаныс сөзді қазақша «әпсат» деген ұқсатып үйренген едім. Тілім соған да дағдыланып қалыпты сол «әбжатты» молда алдында да «әбсат» деп оқып қалдым, екінші рет қайталап сұрағанда тағы солай айтыппын.
- Саған не болды?! - деп қалды молда. Әп-сәтте-ақ өн бойымнан тер бұрқ ете түсті. Молданың үйретуімен қайта бір айтқанымша киімімнің су болып кетерін сездім. Өзім өте жақсы көріп қалған ұстазымнан естіген осы сөз жүрегіме күрзідей тиді.
Әр күні бұдан да қатты сөз естіп, қату қабақ көріп жүріп, кей сабақтастар еш нәрсе болмағандай әп-сәтте жайраң қағып шыға келетін. «Молданың таяғы тиген жер тозаққа күймейді» деген ұғым бойынша кейбірі тіпті арқасын тосып беруге, тілін шығара ұстата қоюға дайын отырады. Ал мен әлгіндей сөз естіп қалудан да сақтанып келіп едім. Енді тағы естуден мыжылып кететіндей қорқып, қатты түйіліп оқыдым. Сол күні молданың алдында ғана емес, үйге қайтқанда да басымды қағаздан алмай, тұнжыраған күйі пысықтаумен болдым. «Ұстаздың таяғы тиген жер тозаққа күймейді» деп көңіл аулағаннан гөрі, «ұстаздың таяғы тиген жер тозаққа алдымен өртенеді» деп сақтануды абзал көрдім. Ал бұдан да абзалы - «таяқ еттен өтеді» деген мақал екен. Бұл маған өзінің нұрлы шындығымен ұнады: сол бір реттен кейін «саған не болған?!» - дегендей сөзді сол сабырлы ұстаздан қайталап естімедім.
-Балаңызға бір «әптиек» иә, «кәлам шарип тауып беріңіз», -депті молда бір күні. Әкем таяғын алды да ел кезе жөнелді.
- «Қалам ақысына» өзімді алса да табайын! - деп жүгірді. Оқып жүрген «иман шартымның» екі-ақ беті қалып енді. «Әптиек» - «кәләм шариптің» қысқаша курсы! Демек, надан Жаппардың баласы құранға түсуі ата-ана үшін ұлы мерекенің бірі. Бардам әке-шешем болса баласын құранды оқуға жеткізген ұстазға «тілашар» үшін кемінде бір жақсы ат мінгізер еді. Амал қанша. «Барға мәзір», шешем шайлық сүт беріп жүрген екі ешкісін жемдеді. Бірін сойып маған кемпір-шалдардың батасын әпермек, қалған біреуін ырым үшін Бекбосын молллаға ұсынбақ. Бірақ, Бекбосын болған адамды жалғыз ешкімен алдаудан қатты ұялып жүрді өзі.
Бұл сыңайды байқаған құдай тағала бір ақылға келген көрінеді. Мен үшін жанын шүберекке түйіп жүрген мейірбан ата-анамды шығыннан мүлде құтқарғысы келді ме, әлде мені жақсы көріп қалып, өз дәргайына әкеткісі келді ме, білмедім. «Иманшартты» бітірген күнімнің кешінде ауырып домалап түстім, оң жақ қабырғамнан құдіретті бір «темір шеңгел» бүріп ала жөнелді. Жаяу үш күн сандалып, азып-тозған әкем әрең тапқан жалба-жұлда «кәлам шарипін» әкеліп, арсы-күрсі болып жатқанымда басыма жастады.
Құрметті «тергеушім», мен ислам оқуын итере алмай қалудан өлімді абзалырақ көретін осыншалық мүрит талип болғанмын. Әр қандай мұраттың алға итермелеуші күші - арман. Арманым - исилам туын көтеру болмаса мұншалық өлермендікпен оқыр ма едім. Бірақ, өзін соншалық сүйген құлын, өз әмірін өлермендікпен қорғауға дайындалған алал қолғанатын Алла тағаланың өзі қолдамай, мойнын астына келтіре құлатты. Улығы паруардигар өзін сүйген құлымен осылай ойнайтын, жақсы көргенін жалп еткізіп, тіпті күнге де көрсетпей ала жөнелетін ежелгі әдетін істеді. Ең сенген, ең ұлы қолдаушым сәтті кезеңімде осылай домалатқанда, оның дұшпаны болған сіздер аярсыздар ма мені? Ол үшін маған не істесеңіздер де рауа! Менің денемде құдайдың сіздерге қаратып қылмыс тамырларынан құрған торы бар шығар, сондағы өліп-өшіп оқығаныманың барлығы қылмыс емес пе?
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
[1] Қытайша жергілікті өкімет бастығы деген сөз