Шығыста үш ішекті домбыра сыныбы бар
Үш ішекті домбыраның жаңа өмірі басталды
Ұлы Абайдың 175 жылдығы бүкіл әлемде атап өтіліп, жер-жерде ескерткіштер, тас мүсіндер қойылып жатқанда, жармалықтар бұл мерейтойды рухани мұра - Абай шерткен үш ішекті домбыраны жандандырумен атап өтуді жөн көріпті. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының өнер мектебінде ашылған үш ішекті домбыра сыныбы республика көлеміндегі тұңғыш әрі бірегей үйірме.
Соңғы кездері үш ішекті домбыра туралы көп әңгіме айтылып жүр. «Қазақта мұндай музыкалық аспап болмаған», «ойдан шығарылған» дегендей сөздер де естіліп қалады. Алайда осы көне аспапты насихаттап жүрген өнер зерттеушілерінің пікірі басқадай. Хәкім Абайдың айналасы күні кешеге дейін қолданып келген осы көне музыкалық аспаптың шығу тарихы, қолдану аясы мен насихатталуы жайында Жарма аудандық өнер мектебі директороның міндетін атқарушы Ернат Еркінұлы мен онлайн сабақты жүргізіп жүрген белгілі өнер зерттеушісі Рүстем Нүркенов әңгімелеп берді.
Тамыры көне түркі дәуірінде жатыр
Ернат Еркінұлының пікірінше, үш ішекті домбыра тарихы тереңде жатыр. Көне түркі дәуірінен, тіпті сақ-ғұн кезінде музыкалық аспаптар үш ішекті болған деген деректер кездеседі. Жетіген, сазсырнай, шаңқобыз сынды қазақтың музыкалық аспаптарын қайда жаңғыртқан ғалым Болат Сарыбаевтың жазуы бойынша, үш ішекті домбырада күй тарту өнері орындаушылықтың алғашқы кезеңдеріне жатады. Яғни, үш ішекті домбыра қазіргі екі ішектен де көне түрі деп айтуға болады. Ал, аңыз бойынша екі ішекті домбыра Шыңғыс хан заманынан бастау алған екен. Атақты Ақсақ құлан аңызын білесіз ғой? Әуелі домбыра үш ішекті болыпты. Күй де үш ішекте орындалған. Кейін ашуланған Шыңғыс хан домбыра көмейіне қорғасын құйғанда бір ішегі үзіліп кеткен деседі. Сөйтіп қазіргі түрі, яғни екі ішекті домбыра пайда болған.
Үш ішекті аспаптың қазақ даласында пайда болуы жайында осы көне аспапты насихаттаушылардың бірі Рүстем Нүркенов былай деп толықтырды.
-Үш ішекті домбыра қазақ жерінің барлық аймақтарында қолданылған. Егер бір аймақта кеңінен қолданса, басқа аймақта ұмылып кеткен. Үш ішекті домбыра жайлы кездескен ең ертерек мәлімет көзі қазіргі Батыс Қазақстан облысының жеріне тиесілі. Ол жайында белгілі өнер зерттеушісі Болат Сарыбаев өз еңбегінде жазып кеткен. Кейін Оңтүстік Қазақстанның аумағында да болғаны көнекөз қарттардың аузынан жазылып алынған деректермен дәлелденді. Шығыс өңіріне келер болсақ, ел арасында үш ішекті домбыраны арнайы Абайдың өтінішімен Мұқа жасаған деген деректерді кездестіруге болады. Абай Мұқаға «домбыраға үшінші ішекті тағып көрші, қалай болатынын көрейік» деп тапсырма беріпті. Кейіннен Абай бұл аспапты мақұлдап, жақындары үш ішекті домбыра тартуға көшіпті. Казақтың көне музыкалық аспаптарын зерттеуші, ғалым Болат Сарыбаевтың өз еңбектерінде «бұл көнеден келе жатқан аспап түрі» деп атап өтуі, үш ішекті домбыраның базғы заманнан бізге жеткен Түрік халықтарының ортақ жәдігер екенін көруге болады. Жалпы, үш ішекті аспаптар Алтай тауының айналасында мекен еткен барлық халықтың музыкалық мәдениетінде кездесетінін атап кеткен жөн, - дейді Рүстем Шахымұранұлы.
Рухани ескерткіш
Ұлы Абайдың мерейтойын республика, тіпті әлем көлемінде әртүрлі шаралармен атап өтіп жатқанда, Ернат Еркінұлына «Абай шерткен, Абай айналасы күні кешеге дейін қолданып келген үш ішекті домбыраны неге насихаттамасқа» деген тамаша ой келеді. Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка колледжін домбыра күй маманы бойынша бітірген, кейін Семей педагогикалық институтын тәмамдап, балалардың музыка мектебінде халық аспаптары бөлімінің меңгерушісі болып істеген Ернат Еркінұлы Жарма ауданына қызметке былтыр тамыз айында ғана келіпті. Өзі күйші, Күйшілер одағының облыстық филиалының жетекшісі. Жаңағы ойын әуелі аудан әкімі Ахметқали Нұрғожинге жеткізеді. Ол кісі қызметіне енді кірісіп жатқан жас маманның батыл идеясына қолдау көрсетіп, облыс емес, республика көлемінде алғаш рет қолға алынатын іс болғандықтан, жұмысты тыңғылықты орындау туралы қатаң тапсырма береді. Кейін ауданның білім бөлімі басшысы Қанат Шаймұратовпен ақылдаса отырып, осы істі бастап кетіпті.
-Басында, әрине, оңай болған жоқ. Осы үш ішекті домбыраны 50 жыл насихаттаған Жарқын Шәкәрім атамыз дүниеден озып кетті. Оның артынан ерген Нүргүл Әкімқожина апайымыз да қайтыс болды. Дегенмен осы аспапты насихаттап жүрген, өзіңіз тілдескен Рүстем Нүркеновтің көмегі зор болды. Рүстем мырза Нұр-Сұлтан қаласында отырып, Раиса Қазатайқызы, Миргүл Секенқызы, Гүлжан Медеуханқызы сынды ұстаздарымызға ZOOM платформасында онлайн сабақтар өткізіп жүр, - деп сабақтады сөзін Ернат Еркінұлы.
Үш ішекті домбыраны үйренуге ниет білдірген жармалықтардың қаншалықты жолдары болғанын өздері де әлі түсінбеулері мүмкін. Өйткені, олардың ұстазы -қарапайым музыкант емес, еліміздегі Күйшілер одағының алғашқы төрағасы әрі құрылтайшысы, белгілі өнер зерттеушісі, өнер тану ғылымдарының магистрі Рүстем Нүркеновтың дәл өзі. Атылмыш аспапты ғылыми түрде зерттеп, үш ішекті домбыраға арналған «Шәкір Әбеновтің күй мұрасы» деген кітап жазып шыққан өнерпаз. Абайдың үш ішекті домбырада орындалатын «Тор жорға» күйіне бейнебаян түсіріп, Абай ТВ телеарнасынан насихаттап жүрген күйші. Сабақтың ұйымдастырылуы жайында бізге танымал өнер зерттеушісінің өзі баяндап берді.
- Алдын ала нотасын жіберген бір күйді шәкірттеріммен бірлесіп талдаймыз. Жарма ауданында қазір үш мұғалім мен бірнеше оқушы үйреніп жүр. Екі ішекті шерткен адам үш ішекті де тез үйреніп алады, одан қорықпау керек. Әрине, орындауында өзіндік бір ерекшеліктері, құпиялары, былайша айтқанда «фишкалары» бар, сабақ барысында соны айтып отырамын. Алдын ала жіберілген ноталарды талдау кезінде шәкірттеріме қай жерде қай нотаны алу керек, қай ішекті басу керек екенін таза кәсіби тұрғыда түсіндіріп беремін, -дейді ұстаз.
Бұл аспаптың сонда кәдімгі екі ішектісінен қандай айырмашылығы бар дегенімізге ұстаз былайша жауап берді.
- Бұл аспаптың үнінде өзгешелік бар,- дейді Рүстем Нүркенов,- үш ішек болған соң бір дыбыс әрдайым артық тұрады. Музыка тілімен айтсақ, аккордтар алуға болады, мысалы, екі ішекті домбырамен тартқан күйді үш ішекке салса, ол тіпті құлпырып кетеді. Дегенмен кейбір күйлерді үш ішекке салу мүмкін емес. Мысалы, танымал «Адай», «Балбырауын» сияқты күйлерін тек оригинал түрінде орындауға болады. Үш ішекті домбырада орындауға Алтай жақтың сарындары жақсы келеді. Бұдан басқа Шәкір Әбенов, Мұсахан Әзілханов, Жарқын Шәкәрім сияқты күйші аталарымыз шығарып кеткен арнайы күйлері бар. Жас композиторлар арасында да осы аспапқа лайықтап күй шығарушылар жоқ емес.
Өнер зерттеушісінің түсіндіруінше, аспаптың жасалуындағы айырмашылығы тек мойнында ғана, үш ішек болғаннан кейін мойыны біраз жуандау келеді. Ал шанағын енді шебердің қиялына, фантазиясына байланысты әртүрлі жасауға болады, дейді. Мысалы, қалақ домбыра сияқты, арқа домбыра деп те жатады. Немесе Батыс Қазақстанда кездесетін қазіргі стандартты домалақ домбыра, қауақ домбыра деп бөлінеді ғой. Үш ішекті домбырада шертпе күйлерді де, төкпе күйлерді де екі шекті домбырадағы сияқты орындай беруге болады.
Рүстем Нүркенов бүгінгі таңда үш ішекті домбыраның көбінесе әншілік дәстүрде қолданылып жүргенін айтады. Бекболат Тілеухан, Ерлан Рысқали, Бағлан Бәбіжан сияқты әншілер, Семейде Гүлдана Ноғайбаева орындап жүр, Алматы мен Нұр- Сұлтана қалаларында да осы көне аспаптың сүйемелдеуімен ән салып жүрген жас орындаушылар жоқ емес.
-Ал енді үлкен сахнаға шығып, күй шертіп жүрген өнерпаздар саусақпен санарлықтай ғана екені шындық. Қазір жастарымыздың қызығушылық танытып жатқаны қуантады. Әсіресе әлеуметтік желіде маған қайта-қайта жазып, құлақ күйлері қандай, қайдан алуға болады деп, тарихын сұрап жатқан, қызығушылық танытып жатқандар өте көп. Міне, Шығыста тұңғыш үш ішекті домбыра сыныбының ашылғаны да керемет! Соған қарап үш ішекті домбыраның жаңа өмірі басталды, екінші тынысы ашылды деп ойлаймын, - дейді Рүстем Нүркенов.
2020 жылы Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында «Ұлы даланың көне сарындары» атты антология дайындалған болатын. Рүстем Нүркенов осы жинақты дайындаған жұмыс тобының мүшесі және жинаққа күйшінің орындауындағы бірнеше күй енген. Бұл кезінде шыққан «Қазақтың дәстүрлі мың күйі» жинағымен парапар дүние.
Өнер мектебінің басшысы Ернат Еркінұлы үш ішекті домбыра сыныбының болашағы зор екеніне сенімді. Қазір осындай бірегей үйірменің ашылғаны туралы басқаны қойып, ауданның өзінде де барлығы хабардар болмаған сияқты. Біреу естісе, біреу естімеген. Алайда көне аспапты меңгерсем дегендердің қазіргі аяқ алыстары жаман емес сияқты. Қызығушылардың саны да артып келеді.
-Бұйыртса үш ішекті домбыра сыныбына алдағы қыркүйектен бастап оқушыларды қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз. Өнер мектебінде скрипка классы, домбыра, қолөнер, дәстүрлі ән сыныптары баяғыдан жұмыс істейді. Айтпақшы, қазір Рүстем Нүркеновтің редакторлығымен үш ішекті домбыраға арналған арнайы оқулық та дайындап жатырмыз. Бұйырса ақпан айында бір жаңалық тағы естисіздер, - деп бөлісті алдағы жоспарларымен өнер мектебі директорының міндетін атқарушы.
Айна Ескенқызы
Abai.kz