Сенбі, 23 Қараша 2024
Біртуар 5451 2 пікір 3 Ақпан, 2021 сағат 12:10

110 жыл бұрын жазылған хат...

Алашты қолдаушы: Сатыбалды Нұрбекұлы

(110 жыл бұрын Қытай қазақтары атынан оқу-білімге көмек сұрап Ресей қазақтарына арнаулы хат жазған: Сатыбалды Нұрбекұлы)

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр басында ресейлік түркілер арасында «жәдитизім» деп аталатын жалпы қоғамдық-саяси және ағартушылық қозғалыс орын алғаны белгілі. Бұл қозғалысқа үн қосушылар қатарында қазақтар да болды. Қазақ зиялылары ұлттың бірлігін, жердің тұтастығын ойлап, халықты өркениетті елдер қатарына қосу үшін ағартушылық және іскерлік жолға салуды көздеді.

Қазақтар арасындағы жәдитизім кейін алаш қозғалысна ұласты. Ұлттық қозғалыстан шетелдегі қазақтар да қағыс қалмады. Алғашында татар газет-журналдарына жазылу арқылы «жәдитизім» қозғалысымен етене таныс болды. Кейін, «Айқап» пен «Қазақ» сынды ұлттық басылымдар арқылы алаш қозғалысының біртұтас ұлттық идеяларына топталды. Ұлттық басылмдарға қолдап көрсетіп, хабарлар жазып, көмекке ақша жіберіп тұрды. Бұлардың қатарында Іле уалаятындағы жәдиттік оқуға жанашырлық танытып, өзі бас болып мектеп ашып, алашты қолдап «Азамат» серіктігіне мүшелік жарна қосқан Сатыбалды Нұрбекұлы да бар еді. 

Сатыбалды Нұрбекұлы Оспанов деректерде 1870 жылы Күнес ауданында дүниеге келді делінеді. Сатыбалды есімі де ырымдап қойылған-ды. Қазақтың ескілікті ырымы бойынша «Сатыбалды» баласы тоқтамаған адамдардың әдейі қоятын есімі болатын. Нұрбек баласы тоқтамаған соң дүниеге жаңа келген нәрестесін қырық үйдің жабығынан түсіріп, қырық кемпірдің тақымынан өткізіп, бөгде бір кемпірге бақтырады. Кейін нәрестенің әкесі Нұрбек пен шешесі Күнгей мойындарына құрым киіз іліп, екі арқа шөмшек көтеріп барып баласына баққан кемпірден қайтадан ырым бойынша сатып алады. Сонымен бұл балаға «Сатыбалды» деген есім қойылады.

Сатыбалды Нұрбекұлы іргетасын қалаған «Талды мектебінің» директоры Имаммұхамет ақсақал: «Нұрбектің балларының ішінде Сатыбалды өте зерек болған, сондықтан нағашылары оны арнайы ауылдарына апарып, балаларын оқыттырған еді», дейді. Сатыбалды 16 жасында Шапшалдағы Темір руы Өтеген (атақты Бәкей батырдың әкесі) деген нағашысына барып бала оқытады. Келер жылы 1887 жылдан бастап ауылына қайтып ел басқару ісіне араласады. Қызай болысы управителінің жәрдемшісі болады. Қызай болыстарын ұйымдастырып Орынбордан шығып тұратын татардың «Уақыт» гәзетін және  «Шура» журналының 10 жуық санын арнаулы жаздыртып алып тұрады. 

1909 жылы Сатыбалды Орал өңірінің тумасы, өзінен 5-6 жас кіші Молдағали Бектұрлыұлымен танысады. Молдағали Кіші жүз Алшын ата ұрпағы, Түркияда оқып, Еуропаны аралап қайтқан жігіт еді. Сатыбалды да Молдағалидың қатардағы адам емес  көргені, көкейге түйгені көп зиялы екенін бірден біледі. Күнеске мұғалім болуға ұсыныспен шақырып, кейіннен өз қарындасын қосып отау тігіп береді. Молдағали Бектұрлыұлы 1932 жылға дейін Іле уалаятында, Сатыбалды ауылында тұрып ағартушылықпен айналысады. «Айқап», «Қазақ» басылымдарына қызай хабарларын жазып тұрған тілшісі болды. 1926 жылы туған жері Оралға барады. 1927 жылғы Орал губернесінің өлкелік газеті «Қызыл тудың» кей сандарында халқаралық тілші ретінде қытайдан жіберген хабарлары кездеседі. 1932 жылы Іле уалаятында қайтыс болып, Жайық бойында туылған алаш азаматына Іле бойынан топырақ бұйырады. («Алаштың алыстағы тілшісі - мұғалім Молдағали»). 

Сатыбалдының ұсынысымен барған Молдағали мұғалімнің таныстары да кейіннен Іле уалаятының өзге аумақтарында мұғалім болды. Мысалы: татар мұғалім Әсламді Шапқыдағы Қуан зәңгіге таныстырады, Сәлахи деген мұғалімді Шапқыдағы Сәді руына таныстырады, Сәлахи мұғалімді кейіннен Ноғайбек Естемесұлы (Алматыдан, кейіннен Түркиядан оқыған Іле уалаятының зиялы қазағы) өзі салдырған мектепке ұсыныс етеді. Жәдиттік оқу мен қатар алаш идеясының да таралуына бастамашы болады. Ал Молдағали солардың алғашқылары еді. «Бұл күнде қызайда үш мұғалім бар. Екеуі ноғай, біреуі қазақ. Қазақ мұғалім Молдағали (Моллағали) Бектұрлин деген жігіт. Күнесте Сатыбалды Нұрбек ұлының қолында тұрған. Бұл мырзаның тәрбиесінде 4 жылдан берлі әбтданы (бастапқы) бөлімді 80 бала бітірді. Табылса да қазіргі күнде оқушы да һәм оқыттырушы да шамалы. Хүкүметтің әмірі бойынша мектеп медреселер салынған соң көбейер деп ойлаймыз» («Айқап». № 11. 1913). 

Сатыбалды ауылында Молдағали Бектұрлыұлы 1909 жылдан 1926 жылға дейін мұғалім болып тұрды. Бұл туралы «Күнес тарихи материялдары» жинағында мынадай деректер бар: «Моллағали Бектұрлин атты оқымыстыны Сатыбалды Нұрбекұлы ұсыныс етіп әкеліп, халықты ұйымдастырып Күнестің Алмалы деген жерінде 1926 жылға дейін бала оқытқан. Нүсіпқан Көнбайұлы, Әбеу Құдышұлы, Қожахмет Сатыбалдыұлы, Дәуітбек қатарлылар осы Молдағалидан оқып сауаттанды» (Күнес тарихи материялдары (Ұлттық оқу-ағарту тарихы және ағартушылары) №12 том. 2012. 2 б). Бұл мектептен талабын ұштап, түлетіп ұшырған шәкірттері кейін айтулы тұлғаларға айналады. Айталық, Шыңжаңдағы алаш идеясының ізін жалғаған саяси ұйым – қазақ-қырғыз ұйышмасын, одан кейін өлкелік оқу-ағартуды басқарған Әбеу Құдышұлы, өлкелік жауапты қызметтерде елге еңбек сіңірген Нүсіпқан Көңбайұлы қатарлылар бар еді.

Сатыбалды Нұрбекұлы 1910 жылы Қытай қазақтары атынан оқу-білімге, ағарту істеріне көмек сұрап Ресей аумағындағы 6 миллион қазаққа арнаулы сәлем жолдайды. Бұл кезеңде қытай аумағында 35 болыс қазақтар тұратын-ды. Сол 35 болыс қазақтың атынан жазған хат Орынборда шығып тұрған татардың «Уақыт» гәзетінің 1911 жыл 27 ақпанындағы №738 санында «Қытай қазақтары» деген атпен басылды. 

«Біз Рос қазақтары секілді көп емесміз. Бүкіл Қытайда иағни Шәуешек, Үрімші, Алтай һәм Құлжа жағында барлығы 35 волыс қазақ бар: лікін ілгері басу һәм мәдениет жағынан халіміз жаман» - деп күйініш білдіре келіп, Алты миллион қазаққа сәлем айтып, рухани көмек, азаматтық қолдау күтеді. 

«Біз қытай қазақлары ілгері кету һәм мәдени болу қимылын росиядағы қазақ қарындасларымыздан күтеміз. Олар онда алты милиондап бар. Әсіресе Орал һәм Торғай қазақларының рос мектеплерінде һәм Бұхара медреселерінде оқушылары көп. Бұхара медреселерінде оқығанларндан дүниеге көп қызметлар күте алмасақ да, рос мектеплерінде оқушыларының қазақларға көп қызметі тиер, олардың мәдени болып ілгері кетуіне себеп боларлар деп үміт етеміз. Олардан көріп біз қытай қазақларыда көзімізді ашып, дүние көре бастар едік». 

Хат соңында, «Бірақ біз өзіміздің надандығымызға, бейғамдығымызға өкінеміз. Біздің барлық кемшілігіміздің басы сол. Халқымыздың алдында жүріп хзмет етушілеріміз жоқ. Болмаса халық жақсы жаманды тез айыратұғын».

 Жаңаша оқуды қолдап, ұлттық идеяны ұстаным ете отырып жазылған бұл хатты қазақтың тұңғыш журналын шығарушысы Мұхаметжан Сералин мырза арнаулы түрде «Айқаптың» №3 санының «Сыртқы хабарлар» бөлімінде көшіріп жарияласа, Алматыдағы «Семиреченские областные ведомости» газеті, мұсылманша бетінің жауаптысы, Жетісудағы алаш қайреткері Ыбрайым Жайнақов мырза да көшіріп басып, азаматтық пікірін айтып, қытайдағы қандастарына қолдау көресеткен-ді. 

Іле уалаятындағы қызайлар жоғарыда айтылғандай татар гәзет-журналдарынан сырт қазақтың алғашқы ұлттық басылымдары «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеттерін жаздырып алып тұрды. «Айқап» журналын, Сатыбалды ауылындағы Молдағали Бектұрлинның бастамасымен 1912 жылдары қытай қазақтары он бас шамалы адам жаздырып алып тұрғанын Сералин мырза арнаулы атап өтеді. Қызай болыстары қиыр қонып, шет жайлап  жүрсе де елдегі әр өзгеріске сергек қарап, барынша үн қосып, белсенділік танытып, тілеулес болып отырды. Қарға тамырлы қазақты Алаш туы астына бірігуге шақырды. Айталық, 1916 жылы қызай елінің игі-жақсылары «Азамат» серіктігіне жарна қосып, газет ісінің ақсамауына барынша атсалысады. Мақсұд Сасанов, Сатыбалды Нұрбекұлы, Құсболат Байболатұлы, Жайырбек Сасанұлы, Молдағали Бектұрлыұлы Ракхим Ақылбекұлы һәм Жиенәлі Мейірманұлдары қатарлы азаматтар Құлжадан ақша жинап жібереді. Бұл туралы «Қазақ» газетінің №222 санында «Баспахана туралы» деген хабар басылады. «Алаш ұранды қазақ баласы «Әу» десіп, қолға алған ісінен бізде құр қалмалық дедік» -  дейді. Туы бөлек болса да тілегі бір, жұрт бөлек болса да жүрегі бір екендіктері және алаштың тұтастығы туралы былай дейді: «Алаш туының астына бізде қосылдық. Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда, басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз». Осылай, барша алаш ұранды қазақ халқын алаш туының астына бірігуге үндеу тастайды.

Іле уалаятында жәдитизімді қолдап жаңаша мектеп ашып, алашқа ұрандас Сатыбалды Нұрбекұлы 1930 жылдардан кейін Күнес қазақ-қырғыз ұйышмасын басқарып тұрған уақытында ауыл сайын мектеп ашу жұмысын барынша жалпыластырады. Сол жылдары құрылған Талды «Тұран» мектебі, Ұшбұлақ «Мыс» мектебі, Аралтөбе «Жалшы» мектебі, Үшкептер «Қанабай» мектебі, Қарабура «Сүйінбай» мектебі, Қызылтал «Есімбек» мектебі, «Ақбұрқан» мектебі, Ақбұлақ саға «Қасымбек» мектебінің шаңырағы көтеріледі (Қабимолла Мәнжібаев. «Қазақ оқу-ағарту тарихынан қысқаша деректер». Шынжаң халық баспасы. 2009 ж. 338 б). Осылайша, қазақ халқының оқу-ағартуы медресе түріндегі мектептен замандық арнаға түскен, ғылыми білім үйрететін, жаңаша мектептке айналады. 

Қорыта келгенде ескі оқу мен қараңғылық жайлаған қоғамда қиыр қонып, шет жайлаған қазақ даласның бір шетінде алғаш жаңаша оқуды жалпыластырып, бастамашы болған, түгел қазақты алаш туы астына бірігуге үндеген – Сатыбалды Нұрбекұлы сияқты ағартушылардың еңбегі, игі істері ұрпақтарға өнеге болып қала бермек...

Абай Мырзағали

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371