Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 8022 7 пікір 9 Ақпан, 2021 сағат 12:06

Мұқағали Мақатаев. Елім, саған ғашықпын!

9 - ақпан. Қазақтың Ұлы ақыны Мұхаммедқали Сүлейменұлы Мақатаевтың туған күні. Жарық дүниеде туған халқын шексіз сүйген ақынды артындағы елі, сансыз ұрпақ жүрегіне салып әлдилеп келеді. Әлдилей береді. Мұқағали - әр қазақтың өзімен өзі мұңдасуы, сырласуы. «Өмір» деп соққан әр жүректің айнымас асыл серігі. Солай болған. Солай мәңгілік жалғаса бермек.

***

Елім, саған ғашықпын!
Елім!
Саған ғашықпын.
Ғашықпын саған:
Құмарымды қандырмап едім.
Батыр болып, бақ қонып, асып тұрса да адам,
Қаруы жоқ құлың ғой алдыңда сенің.
Мен іздеп жүрген жер-көкте,
Арманым менің, ақылым менің.
Елім - уілдеп жатқан жөргекте
Сәбиім менің, батырым менің.
Өмірдің қосын доғарып,
Бітсе екен сенің туыңда демім.
Жүз рет өшіп, жоғалып,
Қайыра тағы оңалып,
Табылған елім!
Бауырмал елім!

***

Жарамсақ бұлақ барып құйды құмға,
Құм оған бұлғаған жоқ құйрығын да.
Рас қой, «Су аяғы - құрдым» деген,
Құм қайтсін жарамсақтың сыйлығын да.
Тал жанасар жағынып, терекке кеп,
Тамыры әлсіз тал байғұс...
Терек бөлек.
Жағынудан жатады жер өкпелеп,
Жағынулар бірақ та керек... керек...
Терек байғұс несіне жағынады?!
Жағынатын нәрсе іздеп аңырады.
Сыбырлайды жағымпаз самал келіп:
- Жағына біл, жағынсаң,- табылады.
...Дауыл-долы ұрынар еменге кеп:
-  Асқақтамай иілгін төменге! деп.
Арасында арпалыс басталады,
Себебі, дауыл бөлек,
Емен бөлек.
Емен тек жерге ғана бас ұрады!
Дауыл оны күндейді, ашынады.
He еменді құлатып басылады.
He құйрығын қысады, қашып әлі...

***

Табиғат,
Жанымды алсаң,
Алшы менің.
Бір түйір жерге түскен тамшың едім.
Мұқағали жоғалса қайтер дейсің,
Артымда қалсын жерім,
Қалсын елім.
Мен де бір жүріп кеткен сағымдаймын,
Қалдыр деп,
Саған, сірә жалынбаймын,
Мәңгілік мекеніме жету үшін,
Күніне қаншама рет адымдаймын.
Кім білсін,
Қаншама әлі шырқарымды,
Кім білсін,
Қай күні сен қырқарыңды.
Мұқағали жоғалса қайтер дейсің,
Жоғалтпасам болғаны ұрпағымды.

***

Ей, өмір
Дүниенің ағын да, қарасын да,
Мыңқ етпейсің, қабылдап аласың да.
Қарасымен шамаң жоқ таласуға,
Ей, өмірім, зымырап барасың ба?
Жер мен көктің желпініп арасында,
Желігесің, түсесің қара суға.
Құйын қуған қаңбақтай аласұра,
Ей, өмірім, зымырап барасың ба?
Мен отырмын теңіздің жағасында,
Бересім де жоқ оған, аласым да.
Мені тастап, толқындар, ағасың ба?
Толқынданып, өмірім, барасың ба?
Шаң шығарып ізінен құйындаған,
Барасың ба, өмірім, қиындаған?
Сыйын  маған,
Ей, өмір, сыйын маған,
Сыйыңды алам мен сенің бұйырмаған

***

Адамзаттың ұрпағы
Дәл осы көшеменен кім жүреді,
Он жылдар, жүз жыл өтер, кім біледі.
Оны тек сол шақтағы күн біледі!
Оны тек сол кездегі түн біледі.
Бұлардың уақытпен бір жүрегі.
Кім салқындап отырар мына бақта?
Ойын-сауық ана жақ, мына жақта.
Сонда қалай?
Осы бақ орынында,
Адамдар алма-кезек құламақ па?!
Талай тарлан жақсыдан тірі адастым.
Мен сенен мәңгілікті сұрамаспын.
He айтам саған, табиғат, адамдарға,
Қимадың ғой өмірін бір ағаштың.
Адам байғұс жер бетін жасандырып,
Жасамайды өзіңе асау қылық,
Тек ескерткіш орнатар өздеріне,
Тау-тасты тыным алмай қашап жүріп.
Талай нөсер төгілер, болар жасын,
Алапат күн әйтеуір жолалмасын.
Мына нұрлы өмірге тірек болған,
Адамзаттың ұрпағы жоғалмасын!

***

Адамды адам түсінбеу - бір ақырет.
Ойлы жас, түсініпсің, рақмет!
Рақмет!
Жассың ғой жалыны мол,
Жалыны мол және де қуаты көп.
Ойлы жас!
Өлең - менің бар тынысым,
Жақсы сөзім - жаны игі халқым үшін.
Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып,
Біреулерден жүргем жоқ арту үшін.
Оңашада ойларын тыным еткен,
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.
Ақындар бар амалсыз бұғып өткен,
Ақындар бар ішінен тынып өткен.
Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.
Бізді олардың балама біріне де,
Ұлыға да санама, іріге де.
Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын,
Абай, бірақ қайтадан тіріле ме?..
Ойлы жас!
Өлең менің сырласымдай,
Сырлассам да құмарым жүр басылмай.
Айтып өткен ақында арман бар ма
Жүрегінің түбіне кір жасырмай...

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1467
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5387