Сейсенбі, 28 Сәуір 2026
Ел іші... 159 0 пікір 28 Сәуір, 2026 сағат 13:32

Дәстүрлі ауыл шаруашылығы – тиімді

Сурет: semeynews.kz сайтынан алынды.

Мал шаруашылығы – қазақ қанымен біте қайнасқан тіршілік көзі. Кең даланы еркін жайлаған халық үшін жер мен мал – ұлттың болмысы мен дүниетанымының бір бөлігі. «Мал-жан аман ба?» деп қазақ алдымен малдың жайын сұрайтыны бекер емес. Алайда халқымыз «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп малдың, яғни материалдық капиталдың орнын нақтылап қояды. Бүгінгі күні де бұл сала өз маңызын жоғалтпай, жаңа экономикалық жағдайда стратегиялық бағыттардың біріне айналуы тиіс. Қазақстанның табиғи кеңістігі, жер ресурстарының молдығы ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше мүмкіндік береді.

Ежелден қазақтардың тіршілігінің басты көзі мал өсіру болды.  Ата-бабамыз жері кең болған соң малдың жайылымына жайлы жерге көшіп жүрген: күзеуге, қыстауға, көктеуге, жайлауға. Көшпелі мал шаруашылығы дегеніміз осы. Яғни көшпелілік деген – бұл мәдениеттің, өркениеттің жаңа қырқасы, жаңа сатысы емес, бұл – шаруашылықтың түрі. Түрі болғанда да, ең рентабельді, ең тиімді әрі адам денсаулығына пайдалы түрі. Көшпелі мал шаруашылығы – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне толықтай бейімделген жүйе. Жыл мезгіліне қарай қоныс ауыстыру арқылы мал да, адам да табиғатпен үйлесімде болған. Әрбір жайылым өз уақытымен пайдаланылып, жердің тозуына жол берілмеген. Бұл ата-бабамыздың табиғатты ұтымды пайдаланудың, оны сақтап, қамқорлық көрсетуінің өзіндік үлгісін қалыптастырғанын көрсетеді.

Қазақ үшін көшпелі мал шаруашылығының екі пайдасы бар. Біріншісі – оның экономикалық тұрғыдан тиімділігі. Бүгінгі таңда әлемнің кейбір елдерінде, мысалы Израиль сияқты мемлекеттерде жер көлемінің шектеулі болуына байланысты мал шаруашылығы көбіне қамап ұстау немесе интенсивті әдіспен жүргізіледі. Бұл тәсілде мал белгілі бір орында ұсталып, арнайы азықпен қоректендіріледі. Малдың тез салмақ қосуы үшін азық рационына құрама жем, сүрлем, пішендеме сияқты азықтар қосылады. Әрине, мұндай жүйе өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді, алайда ол қосымша еңбек пен шығынды талап етеді. Жұмыс күші де көп кетеді. Бордақыланған бір малдың салмағы жайылымдағы үш малдікін берсе де таза, сау әрі нәрлі ет жайылымдағы малда.

Мал, мысалы, жайылымдағы қой үш жүз алпыс түрлі шөп жейді екен. Дәрумен өсімдікте болса, қазақ дәрумен жемейтін, аз жейтін сияқты. Бірақ дәруменнің бәрі етте. Әрбір өсімдіктің өзіне тән өсіп жетілу кезеңі және жайылым ретінде пайдалануға қолайлы уақыты болады. Сол мезетті тиімді пайдалану қажет, әйтпесе оның құнары төмендейді. Ең дәмді, ең құнарлы ет қорада тұрған емес, жайылған малдың еті. Міне, малды жайылымда бағудың екінші пайдасы осында.

Ұлт ұстазы төртінші сыныптың балаларына арналған оқу құралында былай дейді: «Адамның қарны мен тісі кез келген шөпті бұралап соғып тамақ қыла алмайды. Табиғатта не бары 50 мың түрлі өсімдік бар. Соның ішінде адамға ас болатыны 300-ақ түрлісі. Бұлардың кейбіреулері шикі, бірқатары пісі күйінде тамақ болады. Басқа өсімдіктің ішінде де адамға тамақ болатын нәрселері бар, бірақ оларды адам қарны пісіре алмайды. Сонда да сол жеуге келмейтін шөптер адамға тамақ болады. Жеуге келмейтін шөп болғаны қалай, оның тамақ болғаны қалай? Бұл шөптер адам жеуіне келмегенмен мал жеуіне келеді. Малдың тісі ағаштың қабығын да, бұтағын да, жапырағын да, өсімдіктің қалған қатты сабағын да, жемісін де шайнауға келеді, қарны пісіруге келеді, жұтқан шөп мал ішіне барған соң қан, ет, май болады. Ет пен майды адамның қарны оп-оңай пісіреді.

Сонымен, мал адам жей алмайтын шөпті жейді. Мал етін адам жейді. Өте ерте заманнан бері қарай адам барлық шөпті малдан пайдалануға дағдыланған. Шөптің көбін адам өзі жейді. Өзі жей алмағанын мал арқылы жейді. Мал адам жей алмайтын өсімдігін ет пен май қылып беретін машина сықылды».

Қазіргі әлемдік ас мәзірінде етті түрлі дәмдеуіштермен, соустармен байытып дайындау кең таралған. Мысалы, французша немесе тай тәсілінде дайындалатын ет тағамдары арнайы тұздықтар мен қоспалар арқылы ерекше дәмге ие болады. Бұл – сол халықтардың аспаздық мәдениетінің бір қыры.

Ал қазақ халқының еттен тағам дайындау дәстүрінде еттің табиғи дәмін сақтау басты орында. Еш дәмдеуішсіз, қара суға қайнатып пісірілген еттің өзінен-ақ оның нәрі мен хош иісі анық сезіліп тұрады. Бұл малдың табиғи жағдайда өсіп, сапалы азықпен қоректенгенінің белгісі. Тіпті француз аспаздары мен гастрономдары қазақтың ет тағамдарын, әсіресе жылқы етін жоғары бағалайды. Олардың пікірінше, қазақ еті – экологиялық таза, өте дәмді және сапалы өнім екен.

Сондықтан бізде атадан қалған көшпелі шаруашылық жалғасуы керек. Өйткені бұл жүйе ғасырлар бойы қалыптасып, қазақ жерінің кеңдігіне, табиғатына толық бейімделген. Ал бүгін көш жолының барлығы меншікке беріліп кеткен.

Ұлы Ақаң: «Мал баққан жұрттар жер тарылған кезде, жер жарасы егін кәсібіне түседі. Әуелі көшпелі күйіндегі егін егеді. Сонан соң жер бірте-бірте тарылып, көшуге тығыз болған соң отырықшы болады. Сөйтіп ел өсіп, адам көбейіп, жер тарылуы адам баласының шаруалық тұрмысын өзгертуіне себепкер болады» деген тұжырым жасаған. Осыдан-ақ көшу мен отырықшылықтың кездейсоқ емес, жер жағдайына байланысты қалыптасқанын аңғаруға болады. Шын мәнінде, кезінде Еуропа халықтары да көшіп жүрген. Жер кең, мал жайылымы жеткілікті шаруашылықтың негізгі түрі – мал бағу. Мұндай жағдайда адамға ауыр еңбек қажет бола бермейді. Мысалы, мың жылқыны бір топ жігіт қана баға алады: мал өз аяғымен жайылады, тек қарап жүру керек, төзім керек. Қой да солай, жылқы жүріп өткен жерде тебіндеп жайылады, оған арнайы шөп шауып, жем жинаудың қажеті жоқ. Қазақтың қойының тұқымы табиғатқа бейімделген, шыдамды болған.

Бүгінгі ауыл шаруашылығына керегі басты екі нәрсе, өнімді өткізуді үкімет өз мойнына алуы керек және ең құрмаса бір жылға баға тұрақтылығына кепілдік беруі керек. Жалпы біздің ойымызша, ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысы көңіл көншітпейді. Ең тиімді көшпелі мал шаруашылығына қарай бет бұруға не кедергі? Отандық өндірушіге деген қамқорлық неге жүйесіз, тиімсіз? Өндіруді шаруаға қалдырып, сол жылғы өнімді тұрақты бағамен өткізуді мемлекет мойнына алуына болады ғой!? Жыл бойы шаруаның керегіне сатып алатын құралдарының бағасын үкімет ұстап, қымбаттатпай тұруы керек. Нарық өзгеріп кеткеннің өзінде айырманы үкімет төлеуі керек. Шаруаға тұрақтылық керек. Нағыз науқан басталғанда жанармайдың қымбаттауы, оған үкіметтен еш қайранның болмауы сұмдық қой. Қамқорлық емес, жаулық!

Екінші істелетін нәрсе – ауыл шаруашылығын инновациялық технология- мен қамтамасыз ету. Дронмен қой (мал) қайыру. ЖПС-пен түліктің қай жерде жүргенін үйден бақылап отыру және т.б. сол сияқты түрлі жаңа технологиялар ауыл шаруашылығына жаппай үкімет тарапынан қамқорлықпен жеткізілуі керек.  Тамшылатып  суаруға,  малды  асылдандыруға,  бордақылауға  есепсіз бөлініп жатқан субсидиялар ауылды, ауылды болғанда мал шаруашылығын жаңа технологиямен қамтамасыз етуге жұмсалуы керек. Күн батареясын пайдаланып, жарық мәселесін ғана жартылай шешумен іс бітпейді. Жеріміз кең, жайылым мол, бірақ егінге жарамды жер аз, ал малға жарамды шөлді, шөлейтті жерлерде аяқты малдың артынан көшіп отыратын дәстүрлі мал шаруашылығын Қазақстан қалпына келтіруі керек те, оны жаңа технологиямен жабдықтауы тиіс.

Мал бақпайды дейміз, біз мал баққан елміз. Бірақ қазіргі ондағы жұмыс жағдайы, тұрмыс жағдайы он тоғызыншы ғасыр болса кім бағады? Электр бірінде бар, бірінде жоқ. Теледидар қаладағыдай емес, онлайн байланыс бар, көп жерде жоқ. Жақындарымен оффлайн байланыс шамамен жетісіне бір рет қана. Жеке гигиенаны сақтау, медициналық көмек дегеннің ауылы алыс. Қожалық басшысы қаладағы орташа айлықты беріп отыр. Бірақ мал бағуға ұмтылушы жоқ. Ынталандырып отырған үкімет те жоқ.

Біздің жейтін етіміз малдың аузындағы шөпке байланысты. Етті, ондай геномодификацияланбаған, таза да дәмді етті өзіміз жеп, артылғанын көк қағазға шетке сатуымыз керек. Үшжүз түрлі шөп жеп, дәруменмен әбден қаныққан біздің еттің бағасы өзгенікінен, әсіресе салмақ қуып бордақыда тұрған малдікінен әлдеқайда қымбат болуы керек. Салмақ қуып, аса семіз ет жеу зиян екендігін бар әлемге білдіру керек. Ен-тегін жайылым тұрғанда, жаппай мал бордақылап, субсидияны да соған қарап беруді де тоқтатқан жөн. Сырттан қандай түрде болсн ет өнімдерін әкелуді де тоқтатқан жөн. Жалпы ауыл шаруашылығы министрлігі өзінің стратегиялық жоспарларын (ондайлары бар болса) қайта қарағаны жөн.

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

0 пікір