Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3065 0 пікір 26 Наурыз, 2012 сағат 10:22

Жазушы беделі – ұлт беделі

 

 

Әдебиеттің киелі табалдырығынан аттау маңдайға сирек жазылады-ау... Иә, қазақ үшін халық көкейіндегіні қаламымен қанаттандырған жазушылар қауымына деген құрмет те, ілтипат та өзгелердікінен бөлек болатын. Кезінде ұлт жанашырларының қазақтың тұңғыш романына бәйге жариялап, қомақты сыйлық тағайындағаны да дертпен тең өнерді қиыннан қиыстыру екінің бірінің қолынан келе бермейтініне о баста-ақ олардың көздерінің жеткендіктерінен болса керек. Демек, өнерді құрметке бөлеуді бағзы дәуірден-ақ жадында ұстаған ұлтымыз жаны нәзік, жүрегі таза сөз иелерінің қашан да қолдауға зәру келетінін жақсы түсінген. Қоғам дамып, әркімнің еңбегі «көк қағазбен» бағаланатын бүгінгі заманда, бабаларымыз қасиет тұтқан сөз өнеріне деген құрмет-қошеметіміз әлсіреп бара жатқаны рас. Осы оймен ел еркелерінің шығармаларының бүгінгі күні елеусіз қала беретін себебін іздестіріп көргенде, ел руханиятына деген немқұрайдылық ел ертеңіне деген селқостықпен пара-пар екенін түсінесің. Сөйтесің де, қаламгерлердің қордаланған көп мәселесін бір шешсе, қаламақы мәселесі ғана шешеді-ау деген тұжырымға келесің. Қалам иелерінің маңдай терін бағалауды баяғыда-ақ реттеп қойған шетел әдебиетінің қай-қайсысымен болсын, иық тірестіруге қауқары бар қазақ әдебиетінің өкілдері де ой еңбегінің адал ақысын алуға құқылы еді ғой дегенді шегелеп айтқың келеді. Әдебиет өкілдерінің өзі не дер екен?..

Әкім ТАРАЗИ, жазушы:

-Жазушылардың бұрынғы беделін жоғалтуы қоғамның өзгеруіне байланысты. Баяғыда: «біз феодолизмнен социализмге бірақ секірдік, ортасында капитализм қалып қойды», - деп «мақ­танатынбыз». Кейін социализмнен ортасында қалып қойған капитализмге қайта оралдық. Бұл жерде қай қоғамның озық, қай қоғамның қалық екенін емес, заманның өзгергенін айтайын деп отырмын. Кеңес одағы кезінде ең алдымен, 1930 жылдары жазушыларды қырды, жойды, соттады. Бірақ кейін олармен тіл табысу керек екенін ұқты. Сөйтіп, партия жетекшілері жазушы­ларға жағ­дай жасай бастады. Ол кезде біз қо­ғам­ның еркесі едік. Жазушылар ода­ғының беделі орталық партия коми­тетінен кейінгі екінші орында болды. Жазушы әлдебір бастықты баспасөзде сынаса, көбіне әлгі байғұс қызметімен қош­тасатын. Кейін не болсаң, о бол деген заман келді. Бір жүйеден екіншісіне ауысқан кезде осындай келеңсіздіктер болады. Біз де «ал кеттік» деген кезде көптеген қарақ­шылыққа жол бердік. Сондықтан, жазушы көзге сүйел болып қалды. Енді-енді ғана қайта бедел жинап келе жатқан секілдіміз. Бірақ заман түзелмей, біздің беделіміз қалпына келеді деп ойламаймын. Сол аласапыран кезде Жазушылар одағын таратқысы келгендер де, оларды бір-біріне айдап салғандар да болды. Құдай оңдап, Қазақстанда бұл саясат іске аспай қалды. Ал біраз респуб-ликаларда жазушылар бөлініп-бөлініп өз одақтарын құрып, өзара айтысып кетті. Қазақ жазушылары бұл тұста беделдеріне нұқсан келтірмей, абыройларын сақтап қала білді. Ал қазіргі күні біздегі әдебиеттің дамуына кедергі болып отырған ең бірінші мәселе - қаламақы саясаты. Негізінен нағыз таланттар жазбасам болмайды деп қалам ұстайтын болса, кейбіреулері күнкөріс үшін жазады. Жазушылықты сол күн­көріс көзіне айналдырғандардың көбі алғашқы кездері базарға шығып кеткені рас. Кейбір басылым беттерінің жартысы ақылы болғандықтан қазіргі күні көптеген дарынсыз жазушылар өздерін мақтатуға кірісті. Ал ұяты бар жазушы ондайға бармайды. Сол себепті олар туралы көп пікір айтылмай қалды. Газет бетін саудаға салған қоғам оңа ма?
Жазушылар ұсақталып кетті деген пікірмен де келісемін. Біздің буынның, бізден кейінгі екі буынның ұсақталғаны тұрмысқа байланысты болатын. Ал одан бертінгі жас жігіттер мен қыздар шын мәнінде көп жағдайда ұсақталып кеткені рас. Себебі, оларға әдебиет де­геннің не екенін ешкім түсіндірмейді. Мүшәйраларда шала-шарпы, ұйқасы жоқ, өлең емес бірдемелерге жүлде бере салады. Кейде ұйқасы болса болды дейді, кейде тіпті ұйқасы болмаса да ойы жақсы екен деп бәйге беретіндерді көріп жүрміз. Осылайша, ардың ісін ойын­шық санайтындар көбейді. Мұның бәрі әдебиетті бұзып барады. Әдебиетіміз қазір қатты ақсап тұр.
2007 жылы жаз айының бірінде Елбасымыз 10-15 жазушыны қабылдап, екі жарым сағат әңгімелесті. Сонда тағы қандай мәселе бар, не айтасыздар деп асықпай бізді тыңдады. Сайып келгенде, біздің әңгімеміздің барлығы қала­мақымыздан айырылып қалғанымыз турасында болды. «Үлкен романымыз шықса, 150-200 мың теңге аламыз, министрдің есігін аңдып отырған хатшысы айына одан әлдеқайда көп алады. Ал роман 5-6 жыл жазылады. Пьеса жазу үшін бірнеше жыл ізденесің, іздеп жүріп тауып, жазғаннан кейін алатын қаламақың 120-150 мың теңге», - деп ағымыздан жарылдық. Сонда Президент отырған қызметкерлеріне қаратып: «Әрбір баспа табағына 100 мың теңгеден қаламақы қойыңдар», - деп тапсырма берді. Біз қабылдаудан қуанып шықтық. Бұл жөнінде «Қазақ әдебиеті» газетінде мақала жарияланып, жазушылардан сүйінші де сұралды. Кейін ақшаның бөлінгенінен де хабарымыз бар. Бірақ, жылдың соңына келгенде министр «ақша жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп шыға келді. Сөйтіп, баспа табағына 5 мыңнан 7 мыңға дейін, аса бір сыйлы деген жазушыларға 15 мыңға дейін қаламақы қоятын болды. Бұнымен жазушылар қай жыртығын жамамақ? Сонымен, біз қазір күлкілі жағдайда тұрмыз. Жамандайын десең - өз елің, жазалайын десең - өз елің, күйінейін десең - өз елің. Кімге өкпелейсің?.. Басқа елдерде шетелге қашып кетіп жатады. Қазақ болғаннан кейін шетелге қашып та кете алмаймыз. Себебі, қазақ деген - елге, жұртқа, отанға деген сезімі өте күшті халық.

Әлімжан ӘШІМҰЛЫ, сыншы:

-Көркем әдебиет оқырмандарының азаюы - жазушы беделінің тө­мен­деуінің басты себебі. Қазір халықтың әдебиетке деген құлшынысы бәсеңдеген. Бұрынғыдай бә­ленбай кітап, бәлен мың тиражбен шығыпты, оны халық іздеп жүріп оқыпты дегенді осы күні естімей­сің. Екіншіден, жазушы­ның мәселесінен бұрын қазақ тілінің мәселесін шешуіміз керек сияқты. Өйткені, қазақ тілді оқырман аз. Болған күннің өзінде қазақ авторларына қызығушылық төмен. Қаламақы мәселесі өз алдына үлкен әңгіме. Басылып шыққан кітапты сату ісі де жазушы үшін қиын.
Осы күні жазушылар арасында бұрынғыдай байланыс жоқ. Тіпті, бірінің кітабын бірі оқымайтын болды. Жазушы шығармасына пікірді өзі жазып апарып, ғылым докторы, профессорларға қол қойдырып алады. Шығарманы оқыды ма, оқымады ма - ол жағы белгісіз. Кілең жерлестер мен руластардың бір-бірін мақтап жатқанын көреміз. Ал әділ төрелік айтатын нағыз сыншылар жетіспейді. Кейде, тіпті бір-бірімен өштескен адамдардың баспасөз бетінде айтысып жататындарының куәсі боламыз. Ал шығарма мен авторға шынайы жанашырлық танытатындар аз. Жазушылардың беделіне нұқсан келтіріп жатқан және бір мәселе - кімде ақша болса, соның кітабы шығатын заман туды. Шығарманың көркемдігі қандай екеніне баспагерлер де бас ауыртпайды, қаржысын төлесе болды, кітап дайын. Мұның өзі кітаптың қадірін кетіріп жіберді. Тағы бір мәселе қазақтың бұрынғы шұрайлы тілі бүгінгі жазушыларда жоқ. Біз қазір «Абай жолын» оқыса, түсінбейтін ұрпақ өсіріп жатырмыз. Осыдан қорқуымыз керек. Қазақтың дәстүрі мен менталитетін ұрпақ бойына кітап арқылы енгізу ендігі күні қиын, сол себепті жазушыларға кино немесе телехикая сценарийін жазуды қолға алу керек шығар. Шетелде қазіргі күні жазушылар киносценарий жазуға беталды. Сөйтіп, сол ұлттық тәлім-тәрбиені жас ұрпақтың санасына сіңіруде. Біз де жастарға кітап оқы деп желкелей бергенше, көркем әдебиетті көгілдір экранға алып келуіміз керек шығар, мүмкін.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ, сыншы:

-Біз көбінесе жазушы беделінің құлдырауын материалдық жағдайының төмендеп кеткенімен ғана байланыстырып жүрміз. Әрине, мұндай пікірдің де жаны бар. Кеңес одағы күйремей тұрған жылдары қаламгер билікке тәуелді болмай, рухани әлемінде өмір сүріп, қомақты қаламақы алып, жазушылықпен армансыз айналыс-
ты. Дегенмен, сол жылдардағы жазушы мерейінің үстем болуы - оның тұрмыс-тіршілігіне жеткілікті ақша тауып тұрғанында ғана емес. Ресейдің сөз өнеріне еліктегендіктен бе, әлде ұлыларына ұқсағымыз келгендіктен бе білмеймін, сол заманда біздің бойымызда орыстың үлкен ақын-жазушыларының табиғатынан жұққан бір асыл қасиет болды. Өтірік сөйлеуден ұялатынбыз, ардан аттап кетуді өлім санайтынбыз, биліктің аяғына жығылып, қолын сүймейтінбіз. Ал, тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жылдың ішінде біз барымыздан айырылып, билікке құлдық ұрып, күннен-күнге кері кетіп, ұятсыздықтың батпағына батып барамыз. Биліктің тастаған сүйегіне мәз болып, табанын жалауға дайын тұрған әдебиетте қандай ұлы рух пен идеал болуы мүмкін?
Нобель сыйлығының иегері, жазушы Марио Варгос Льоса сонау 1967 жылы Ромуло Гальегоса атындағы сыйлықты алып тұрып: «Жазушы кеше де, бүгін де, ылғи да наразы болуы тиіс. Өмірдің жабайы шындығын қабылдаған және онымен келіскен адамнан жазушы шықпайды», - деген еді. Мұны айтып отырған себебім, билікпен ауыз жаласқан немесе келісімпаздыққа барған әдебиет мәңгілік қасиетін жоғалтып, қоғамның уақытша ғана қажетіне жарайтын арзанқол дүниесіне айналады. Ұлы қаламгерлер Сервантес.., Шекспир мен Байрон.., Пушкин, Лермонтов.., Бальзак пен Гюго.., Толстой мен Достоевский.., Гауптман мен Ремарктардың.. өнердің аспанындағы жұлдыздары әдебиеттегі азаматтық үнінің асқақ болғанынан ерекше жарқырап тұрған жоқ па. Біз жүрегімізді мәңгіліктің сәулесімен жылытқан Асан қайғы мен Махамбетті, Абай мен Мағжанды, Мұқағали мен Жұмекенді азаматтық рухының биік болғаны үшін жақсы көреміз ғой. Отарлық, сталиндік, тоталитарлық қысымның рухымызға төндірген қаупін алдын-ала сезген олардың азаматтық үні қаттырақ шықты. Билік біреуінің басын шапты, екіншісін ату жазасына бұйырды, үшіншісін қорлап өлтірді, төртіншісін...
Барлық режимдердің репрессивті цензураны енгізіп, еркіндікті аңсаған жазушыларды түрмеге қамап, жағымпаздар мен алаяқтарды көтермелеп, рухы азат ақындарға қарсы нешетүрлі арандатушылық әрекеттерді ұйымдастырып жататынының себебі неде екенін ойланып көрдіңіз бе? Өйткені, жазушы шығармасындағы үлкен идеядан рухтанған халық қоғамдағы әділетсіздікке, ұятсыздыққа, арсыздыққа қарсы бүлік бастап, режимді төңкеріп тастауы ықтимал. Азаматтық үні биік болған ұлы әдебиет барлық уақытта да өмірдің жалған көрінісін әшкерелеумен келеді.
Суреткерліктің тіл, форма, стиль, сюжет т.с.с. формальдық жағына ғана назар аударған адамнан ұлы ақын немесе ұлы жазушы шықпайды. Ондай адамда бедел де болмайды. Болған күннің өзінде ол өтірік, ертеңгі күні-ақ ұмытылатын баянсыз бедел.
Жазушылық - сенің азаматтық позицияң. Азаматтық үнінен айырылған әдебиет - өлі әдебиет.
Өкінішке қарай, біздің бүгінгі әдебиетіміздің азаматтық үні жылдан-жылға бәсеңсіп барады. Ондай сөз өнерінде ұлы бедел қайдан болсын. «Әдебиет - ардың ісі» болудан қалып, қоғам рухсыздық дертіне шалдықты, көрсеқызарлық, жағымпаздық, алаяқтық, арсыздық, даңғойқұмарлық, екіжүзділік қоғамның бойына кесел болып жабысты. Қоғаммен бірге ақын-жазушыларымыз да азып-тозып бітті. Халықты биік мақсаттарға құлшындыратын ұлы идеялардың бәрі өліп, әдебиетіміз ұмтылысы жоқ идеалсыз әлемге айналды.
Байқайсыз ба, біз соңғы жылдары аузынан түсіп қалғандай, Гогольдің өлі жандарының кейіпкерлерінен аумай барамыз. Үйде отырғанда Собакевичке ұқсап біреудің шығармашылығын жер-жебіріне жеткізіп жамандаймыз, сол адаммен көшеде кездесе қалсақ, құдды Маниловтай аузымыздың суы құрып, өтірік мақтаймыз. Плюшкин сияқты түкке қажеті жоқ дипломдар, құрмет грамоталары, медаль мен ордендерді жинаймыз. Байлығы тасып бара жатқандарымыз Ноздрев секілді жұртты ақымақ қылып ойымызға келгенін істейміз. Әдебиет саласындағы түрлі шаралардың көзбояушылық үшін жасалып жатқанын көре-көре көзіміз үйреніп, етіміз өліп кетті.
Өзіміздің құлдық болмы­сымызға қарамастан өнердің биік аспанында жарқыраған жұлдыздарына еліктеп, бәріміз де шетінен псевдо Гете, псевдо Есенин, псевдо Чаадаев, псевдо Абай, псевдо Әуезов немесе псевдо Хемингуэй болып рөл ойнап жүрміз. Жанымызды қинамай-ақ сол ұлыларымыздың рухымен теңескіміз келеді.
Бальзак әйгілі романдарының бірінде мынандай ой айтады: «Данышпандық - қорқынышты ауру. Әр жазушы өзінің жүрегінде туа салысымен барлық сезімін жалмап тастайтын құбыжықты өсіріп отыр. Кім кімді жеңеді: ауру - адамды ма, әлде, адам - ауруды ма?».
Бальзак өкінішке қарай, данышпандық ауруының неде болып табылатынын айтпай, ойын аяқтамай тастайды. Айтпаса да данышпан адамдардың елден ерекше болып жаратылатынын бәріміз жақсы білеміз. Олардың бәрі шетінен қоғамға - ыңғайсыз, қалыпқа симайтын бүлікшіл болады.
Әдебиетке жанашырлық дегеніміз - халықты алдап, бір-бірімізді өтірік мақтау болмаса керек. Келісімпаздықта емес, теке-тіресте, мамыражай тіршілікте емес, дауылды стихияда, рахатқа белшеңнен батқан ләззатта емес, жаның қиналып, тозаққа түскенде, қалың тобырдың қошеметіне бөленіп, ортасында жүргенде емес, жалғыздығыңмен бетпе-бет қалған шақтарда, қуанышта емес, қайғы-қасірет пен азапты ізденістерде ғана ұлы өнер туады.

Дайындаған Айнара АШАНОВА.

«Қазақ әдебиеті» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369