Серік Қирабаев. «Қолымның сыртынан сүйді...»
Серік Қирабаев,
Филология ғылымының докторы, профессор ҚР ҰҒА-ның академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері
Қазақтың бағзы бір ақсақалы туралы сарғайған парақтар сыр шерткенде бүгініңнен сол мінез бен қасиетті шарқ ұрып іздейсің. «Келместің кемесінде» кеткен көп жоқтың орнын сипап, жетімдік жайлаған көңіл-күйден арылу қайда бұндайда?!
Серік Қирабаев бойындағы біз іздеп жүрген ата қасиеті «бір әңгімелессем» деген ойға сәт сайын кіріптар етуші еді. 23-наурыз күні сексен беске келіп жатқан ақсақалға қолқа салып, ойымыз орындалғандай болып қайттық...
- Балалық шағыңыз бен жастық көктеміңіз адам психологиясына қатты әсер ететін аштық пен соғыс сынды аса ауыр күндерге дөп келіпті. Әңгімені сол кезден бастасаңыз...
Серік Қирабаев,
Филология ғылымының докторы, профессор ҚР ҰҒА-ның академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері
Қазақтың бағзы бір ақсақалы туралы сарғайған парақтар сыр шерткенде бүгініңнен сол мінез бен қасиетті шарқ ұрып іздейсің. «Келместің кемесінде» кеткен көп жоқтың орнын сипап, жетімдік жайлаған көңіл-күйден арылу қайда бұндайда?!
Серік Қирабаев бойындағы біз іздеп жүрген ата қасиеті «бір әңгімелессем» деген ойға сәт сайын кіріптар етуші еді. 23-наурыз күні сексен беске келіп жатқан ақсақалға қолқа салып, ойымыз орындалғандай болып қайттық...
- Балалық шағыңыз бен жастық көктеміңіз адам психологиясына қатты әсер ететін аштық пен соғыс сынды аса ауыр күндерге дөп келіпті. Әңгімені сол кезден бастасаңыз...
- Біздің балалық, жастық шағымыз отызыншы жылдардан бастап, соғыс кезі, соғыстан кейінгі кезеңді қамтиды. Отыз екінші жылғы аштықта шешемнен айырылдым. Сол жылдары ауру да көбейіп, шешектен қарындасым көз жұмды. Әкем ағайынды үшеу, мен ортаншысының баласы едім. Мені әкемнің ағасының әйелі бауырына салып алыпты. Сөйтіп, Смайыл деген кісінің баласы болып кеттім. Әкем еш нәрседен мұқтаж еткен емес, қолынан келген жақсылығын балаларына жасады. Бірақ жетім, анасыз баланың көңілінен бір мұң сейілмейді екен. Ойласам, бала кезімде қатты қуанып, ойнап-күліп жүрген кезім тым аз болыпты. Әжем марқұм да «бала боп ойын қуып, жүгірмей, ойға батып отыра беруші ең», - деп айтып отыратын. Мектепке барғаннан кейінгі кәсібім кітап оқу болды. Негізіміз осындай атмосферада қалыптасты ғой. Біздің ауылымызда мектеп болған жоқ, алты жасымда көрші ауылда алғашқы ашылған мектептердің біріне барып (әкеміздің бір інісі сол ауылда қызмет істейтін еді, сол кісінің қолында жүрдім) оқыдым. Келесі жылы ауыл-дардың бәрінде жаппай мектеп ашылды. Бір жыл бұрын оқыған соң, әкем мені ауданға апарып оқытты. Мектеп бітіргенше кісі үйінде жатып жүрдім. Бұл да балалығымның оңашалануын туғызды. Өз үйі, өлең төсегінде, ата-анасының қасында аунап-қунап өспеген баланың көңілінде бір жүдеулік болады. Менде осы күнге дейін бейсауат жүре беретін әдет жоқ.
Ал сол ашаршылық жылдары жұрт көргендей қатты қиыншылық шекпедік. Құдайға шүкір, аман өттік. Одан кейін соғыс басталды. 1943 жылы мектеп бітірдім. Ары қарай оқуға барам деген үмітім үзілді, оқуға құмар едім. Әкем марқұм асырап алған баласы, оның үстіне балалардың үлкені болғандықтан ең алдымен жалтақтап маған қарайтын. Қамқорлығын аямайтын. Үйге қонақ келсе де мені ғибрат алсын, ақыл-кеңес ұқсын деп, кісілермен бірге отырғызатын. Сондықтан ұзынқұлақтау, көп елмен таныс болып өстім. Мектеп бітіргеннен кейін мұғалім болдым. Тіпті, 10 сыныпта оқып жүрген кезде мұғалімдерді әскерге алып кетіп, 5-6 сыныптарға қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бере бастадым. Оқытушы жетіспейді. Тұрмыс ауыр. Қайда барсаң ыңыршағы шыққан ел. Сөйтіп, қыстың ортасында мектеп бітірмей жатып мұғалім болып, аттестатты мамыр айында бірақ алдық. Ары қарай оқуды жалғастырсам деген ой үнемі мазалайтын. Мен өскен жер Сәкен Сейфуллиннің туып-өскен елі. Сәкен екеуміз бір елміз. Кезінде Сәкен шығармаларын оқи алмадық. Өзі де елге көп келе алмай, сыртта жүрді. Кейін Сәкен ақталып, шығармаларын толық оқыдық. Сәкен жазған ел, жер суреттерінің бар-
лығы менің бала күнімде көз алдымда өткен өмір екен. Біздің Жаңарқа деген аудан ән мен жырға бай, сауықшыл ел еді. 37-жылдың кәріне де көп ұшырады. Сәкен Сейфуллин, Жаңайдар Сәдуақас шыққан жер. Үкіметтің назарынан қалай тыс қалсын. «Қарағанды пролетариаты» деген газетке «Қирабаев халық жауының қалдығы» деген мақала шығып, әкемді де талай жауапқа тартты. Бала кезімізде отырған ортамызда Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамырын», Мағжанның «Батыр Баянын», Сәкеннің «Көкше-тауын» жатқа соғып отыратын адамдар көп болатын. Ешкімнің аты аталмайды, шығармаларының аты ғана айтылатын Құлағымызға құйып, көкейімізге тоқып өстік. Күні бүгін сол кезде айтылатын қисса-дастан, өлең-жырларды ұмытқан жоқпын, жатқа білем. Осылар біздің рухымызды көтерген дүниелер. Қалыптасуыма үлкен ықпалын жасады...
- «Менің әкелерім» атты естелігіңізде әулетіңіздегі қазақы туыстыққа байланысты, ағайындық барыс-келісті әсерлі оқиғалармен жеткізесіз. Мұның ұрпақты жатбауырлықтан сақтауда үлкен рөлі болғанын да айтасыз. Өткенге сәл шегініс жасап, бүгінгі туыстың туысқа, ағайынның ағайынға жұғымы, қарым-қатынасы туралы ойыңызбен бөліссеңіз...
- Қазақ - қарға тамырлы, алысты жақын, туыс қып жүретін ел ғой. «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деп сарысүйек құдасын ұрпақ алмасса да ұмытпайды. Кейінгі жастардан, өзімнің туыс, жақын балаларымнан кейде жатбауырлықты сезінгендіктен «Менің әкелерім» атты естелік, толғаныс-тарымды жаздым. Сонда айттым ғой, біздің әкелерімізде бала асырап алу дәстүрі ерекше еді. Ағайынды үшеуі отырып (Смайыл, Жәкен, Жаман) бірінің баласын бірі асырап алған. Мен Алматыда қызмет істеп, балалы-шағалы болғанда әкем келіп (екінші баламды) «мына балаңды мен үйге алып кетейін, маған бер», - деді. Балалардың үлкені, ойымды еркін айтып үйренген мінезім бар: «Осы біреудің баласын біреуің асырап жатбауыр қылғанды қайтесіңдер. Бала көп қой ауылда. Солардың біреуін алсаңшы», - дедім әкеме. Ол кісінің көңіліне кеп қалған болу керек: «Ой, сендер не білесіңдер. Біздің саясатымыз сендерді жат қылмау ғой», - деді. Шынында мен Жәкеннің баласымын, Смайылдың бауырында өстім. Смайылдың балаларымен бір төсекте тебісіп есейдім. Олардан жақын ешкімім жоқ. Ал Жәкен қанша дегенмен туған әкем, оның балалары маған бөтен емес. Сөй-тіп, екі-үш үйдің баласы байланып-маталып, бір-бірімізге өте етене болып өстік. «Біздің саясатымыз» деп отырғаны сол ғой әкемнің.
Қазіргі біздің қазақы тәрбиемізді жаңартып, қазақтың психологиясында ұмытылып бара жатқан осындай дәстүрді қайтадан қалпына келтіреміз деп жүргеніміздің бәрі де ұлттығымызды сақтап қалу емес пе. Осыны біреу түсінбейді, жек көреді. Мысалы, қазақ немере-шөберелерін де асырап алып, өзінің атына жаздырып жатады. Ана жылы Әбу Сәрсенбаев (ер баласы болған жоқ) қызының баласын өзінің атына жаздырып, тәрбиеледі. Кейін бәріміз бір үйге кірген кезде (қазіргі Мәуленов көшесіндегі жазушылардың үйі), Әбекеңнің бауырына салып алған баласын «сенің балаң емес» деп тіркемей қойды. Әбекең есік-тесікті тоздырып жүріп, үлкен шумен әзер жасатты прописканы. Орыстың заңы мен қазақтың қазақтық психологиясының келіспеген жері осы тұста анық байқалды...
Әкелердің дәстүрі қандай еді? Бір бірін сыйлауы, құрметтеуін айтсай! Туған әкем өмірінде менімен оңаша отырып бір ауыз сөз сөйлескен кісі емес. Асырап алған әкемнің көңіліне келеді деп, менен аулақ жүретін. Смайыл әкем о дүниелік болғанда да осы әдетінен жаңылған жоқ. Кейін өзі төсек тартып, қайтыс болар алдында көңілін сұрай барғанымда: «Әкеңнің көңіліне келер деп жақын тартып, бетіңнен сүйіп көрмеп едім. Қолыңнан сүйейін», - деп қолымның сыртынан сүйді. Аруақты сыйлайтын, антына адал жандар еді ғой. Осы күні Жәкеннің кейбір балалары туыстарына кеткен балаларға жоқтаушы болып, олардың ұрпақтарын Жәкен атына (әкесі Жаман атында болса да) жаздырып жүр екен. Бұл күнде адамдар аруақты сыйлауды, дәстүрді сыйлауды ұмытып барады...
- Жаңарқалықтар «Қирабаевтің бұзауына дейін оқыды» деп аңыз қылысады екен...
- Жаңарқадан Сәкендерден кейін оқыған адамдар онша көп болмады. Сәкен ұсталып кеткеннен кейін бір інісі қайтыс болды. Тағы бір інісі елден көшіп кетті. Одан кейінгі оқығандарды соғыс құртты. Жаңарқада мен мектепке барған кезде бас-аяғы жеті жылдық ғана мектеп болды. 2-3 сыныпта оқып жүрген кезімде жеті жылдық мектепті бітірген 4-5 бала Алматыға оқуға барамыз деп кетті. Жеті жылдық біліммен қай оқу орны ала қойсын дейсің, дайындық курсына түсіп оқыпты. Ол балалардың ішінде Ислам Жарылғап, Әбутәліп Жобаев деген азаматтар болды. Бас-қалары әскерге кетіп, қайтып оралмады. Соғыстан кейін оқығандар біздің қатарымыздан шықты. Оқыдық. Ел көрдік, жер көрдік. Қызметке іліктік. Көп өмірім ҚазПИ-де өтті. Елден оқуға түскісі келетіндерден көмегімді аямадым. Тіпті мектеп бітірген соң үйленіп кеткен келіншектер де сырттай оқып, диплом алды. «Серіктің арқасында Қирабаевтың бұзауына дейін оқыды», - деп жүргені сол ғой елдің. Азаматтық парызымызды қолдан келгенше өтеуге тырыстық. Оқуға түскендер ары қарай алып жүре алатынын, жүре алмайтынын өздері шешті. Онысына араласпадым. Істеген жақсылығымды қарыз қылған кісі емеспін. Ғабит Мүсіреповтың «дос болмайтын адаммен, дос кезіңде айырылыс» деген бір жақсы сөзі бар еді. Күнделікті қарым-қатынаста осы сөзді негізге алған адам өкінбейді деп ойлаймын.
- Өткен ғасырдың елуінші жылдарындағы ұлтшылдықты әшкерелеу науқаны кезінде М.Әуезов, Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмаилов, Қ.Аманжолов секілді алыптарға тағылған пәле-жаланың талайын көзбен көріп, құлақпен естідіңіз. Бүгінгінің көзімен қарап отырып, талғам таразыңызға тартқанда айтпауға болмайтын қандай сырлар мазалайды?
- Ол кезде заман қатты, ер сыналатын шақ болды. Алдында да қазақ Кеңес өкіметінен зардапты көп шекті. Халық не бір тауқыметті көріп, саясатқа иліккіш боп кеткен. Сондықтан да жұрт партияның айтқанынан шықпайтын. Соғыстан кейін Сталин «идеологиялық жұмысты күшейту керек», - деп мезгіл-мезгіл қаулылар қабылдап отырды. Барлық өнер саласында бұл қаулылар атқарылып жатты. М.Әуезов, Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмаилдердің соңынан шырақ алып түсті. Тіпті бірінші дәрежелі сталиндік сыйлықты алған Әуезовтың «Абай» романын қайта қарауға тырысты. Әуезов пен Мұқанов шығармашылығы туралы зерттеу кітаптар жазған З.Кедрина мен Т.Нұртазинді «сынау орнына орынсыз мақтаған», - деп айыптады. «Буржуазиялық ұлтшылдық қателіктері үшін» М.Әуезов университеттен, Академияның тіл және әдебиет институтынан жұмыстан шығарылды. Академия президиумының құрамынан босатылды. Біз де «Совет өкіметінің, партияның айтқаны дұрыс», - деп өстік қой. Әдеби кітаптарды оқып, шығармаларға алғаш сын көзбен қарай бастағанда осы идеологияның ықпалына көп ұшырадық. Бірақ мен алғашқы көзқарастарымнан көп сабақ алған сияқтымын. Қасым Аманжолов жөнінде мақала жазғам. 1951 жылы желтоқсан айында ауруханада жатқан Қасымды «партиялығын қараймыз», - деп Жазушылар одағына алып келді. Ол кезде мен «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында істейтінмін. С.Мұқанов Жазушылар одағын басқарып тұрған кез. Ұйымның таңдауы маған түсті. «Қасым жөнінде мақала жазған, баяндама жасауға ылайық», - деп шешті. Қашқақтап ем, болмады. Ол мақалам ақынның өлеңіндегі жекелеген сөздерді сынаған «қазақты көп айтады. Біз қазір бір ыңғай қазақ емеспіз, тұтас Совет халқымыз», - деген секілді жалтақтау жазылған дүние еді. Үлкен бір концепциялық жамандауға құрылмаған. Қасымның ана түрін көргеннен кейін, баяндаманы мүлде басқа арнаға бұрып жібердім. Қасымды көруге бет-жүзім шыдамады. Баяндама жасап болған соң, жи-налыстың артына қарамай кетіп қалдым. Баяндамада «кемшілігі, қателігі бар», - деп айтып келіп, басқаша құрып шықтым. Қасым марқұм қатты риза болыпты. Оны мен білген жоқ едім, кейін естідім. Есмағамбет Ысмаилов досы еді, сол кісі түрмеден босап келгенде Қасым сол кісіге айтыпты. «Жас сыншы Қирабаев таразы басын тең қоя білді», - депті. Қасым сұмдық жақсы көретін ақыным еді. Алғаш әдеби кітаптарды оқи бастағанда, елде жүрген кезде осы Қасымның шығармалары қолыма көбірек түсті. «Құпия қыз» деген поэмасын сол кезде тұтастай жаттап алған едім (Қасым жөніндегі бір мақаламда осы поэманың толық нұсқасы қалпына келмегенін жазғам). Сосын Қасымның 38-ші жылы Жамбылдың мерейтойында жазылған «Жамбыл тойында» атты поэмасының да бүгін көптеген шумақтары түсіп қалған. Жүсіпбек Қожаның: «Басында менен жайылды қисса болып бұл Жібек, енді бүгін қарасам, еңіреп жылап, жүр жүдеп», - дегені секілді, Қасымның өлеңдері еңіреп, жылап жүр... Қажым, Есмағамбеттер ұсталып кеткен соң, фамилиясы тұрған жерлерді алып тастады. Қайтып келген соң да аттары орнына қойылған жоқ. Әлі күнге шейін сол қалпында. Иесі жоқ. Қасым мұрасына иелік ету мүмкіндігі болған Ғафу ақын да оны ескермеді. Мен оны өзіне де айтқам. «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаев пен Ғафу Қайырбеков екеуі: «Жинақты құрастырғанда сенің сөзіңді ұмытып кетіппіз», - дей салды бір әңгімелесіп отырғанда...
Елуінші жылдардағы саяси тақырыптағы бірер мақаладан соң, таза әдебиеттік тұрғыдағы шығармаларды талдауға ауыстым. Саясатқа көп бармауға тырыстым. Қасым қайтыс болған кезде ақын шығармашылығы жөнінде бір мақала жазып, жіберген қателіктерімнің орнын толтыруға тырыстым. Сын қайыры аздау болатын нәрсе. Әдеби процесс қалай кетіп барады? Әдебиет дамуының тенденциясы қалай? Осындай мәселелерді көбірек жазуға, әдебиеттік, көркемдік тұрғыдан осының құны қаншалықты дегенге көбірек көңіл бөлетін болдық.
- Сіз «Пионер» журналында редактор болдыңыз. Сол кезде Жұмабай Шаяхметов, Сағындық Кенжебаевтар ағалық қамқорлық көрсетіпті...
- Кеңес өкіметі кезіндегі кадрлардың бәрін жоққа шығаруға болмайды. Жұмекең үлкен ақсақал еді. Жұмабай Шаяхметовтердің билікке келуі кездейсоқтық емес. Сталин қазақтармен алысып өтті. Кешегі Ә.Бөкейханов, Т. Рысқұлов, С.Сәдуақасовтар Сталинмен талай айтысқан адамдар. Алаш ордашылар Совет өкіметі орнаған соң бірден «біз осы автономия қалпымызда Россияның қарамағына кіреміз», - деп ашық сұранды. Ахмет Байтұрсынов бастап Сталинмен талай келіссөз өткізді. Сталин келіспей, ақырында Алаш орданы таратып жіберді. Артынан Советтік автономия болған кезде де Ахмет, Әлімхандар Қазақстанның шекарасын бекіттіру жөнінде Сталинмен тағы да айтысты. Онымен және келісе алмай, ақырында бұл мәселені Ленин шешіп берді. Сол заманнан бастап Сталин қазақтарды өлердей жек көріп, азуын қайрап жүрді. Ленин кезінде барлық Республиканың басына өз ұлтының өкілдерін қою саясатын ұстанған-тұғын. Ленин өлді. Қазақстанды алғаш құрылғаннан бастап, 1946 жылы Жұмабай Шаяхмет келгенге дейін бір қазақ басқарып көрген емес. Бізді еврей де, орыс та, грузиндер де, армяндар да биледі. Сталинның пейілін түзеген соғыс. Соғыс кезінде немістер Мәскеудің түбіне шейін келді. Ал сол кезде Мәскеу үшін кім жан аямай шайқасқанын Сталин көрді. Соғыс басталған кезде негізі қазақтан әскер алмаған, оны сендер білмейсіңдер. Кейін немістер жаналқымға алған тұста Совет халқын жаппай әскерге әкетті. Соғыстың өзінде ерлік көрсеткен қазақтарға батыр атағы кешіктіріліп беріліп жүрді. Баспасөзден үлкен қару жоқ. Майдан даласындағы қазақтың жан қиярлық рухы жөнінде газет-журналдар жарыса жазып жатты. Үлкен-үлкен Совет жазушылары қалам тербеді. Қазаққа деген көзқарас өзгерді. Қазақстанға соңғы келген Барков гуманист адам еді, кетерінде «Қазақстанға сырттан кісі апарудың керегі жоқ. Қазақтар жетілді, Шаяхметов дайын», - деп айтып кетіпті. Жұмабай Шаяхметов солай келді. Елуінші жылдардағы «Ұлтшылдықпен күрес» кезі Шаяхметовке оңай тиген жоқ. Елу жылдығында Сталин Шаяхметовке Ленин орденін беріп, қорғап қалды. Сол кездегі үлкен бір съезде Шаяхметовтің Сталинды құшақтап түскен суреті жарияланып, абырой болған...
1952 жылы мені «Пионер» журналына редакторлыққа шақырды. Орталық Комсомол Комитетін идеология жөніндегі хатшысы Сағындық Кенжебаев: «Біз бұл жұмысқа негізі Зейнолла Қабдоловты шақырғанбыз. Артынан арыз қарша борады. Арыз жазған өзіміздің жігіттер. Бұл бір ұлттық интеллигенцияға сын кез болып тұр ғой», - деп ағынан жарылып еді. Редактор болып бекіген кезде Шаяхметов айтқан бір-ақ ауыз сөз есімде өмір бойы қалып қойды. «Сен жас жігіт екенсің. Кішкентай болса да коллектив басқарасың. Коллективке барған адам маңайымен жұмыс істей білу керек. Бастық екеніңді білдіріп алма», - деп еді жарықтық. Менен бұрын бұл журналда Төкен Әбдрахманов редактор болған. Ұлтшыл аталып, жұмысынан кетті. «Совет пионерінің көзін малдың көзіне теңеді» деген айдар тақты. Орысша оқығандар қазақтың образды сөзін қайдан ұқсын, «ботакөз» деген теңеуі үшін пәлеге қалды.
- «Пионерден» алмасып «Социалистік Қазақстанға» барған кезіңізде әдеби ортада қандай құбылыстар болды?
- Брежнев таққа отырды. Жағдай қалыпқа түсе бастады. Әуезов қайтып келді. Сәтпаевты өзінің орнына қайта қойды. Жер аударылған Кеңесбаев оралды. Жұбанов, Тәжібаевтарға тағылған айыптар алынды. Қасым секілді біраз адамдар марқұм боп кеткен. Орталық комитеттің бекітуімен «Социалистік Қазақстанға» жұмысқа барған кезім сол шақ қой. Редактор Қасым Шәріпов деген кісі еді, ой-пікірімді ірікпей айтып жүрдім. «Біздің үлкен қателігіміз - жазушылардан, авторлардан айырылып қалдық. Интеллигенция бізді ылғи жамандайтын газет деп қарайды. Осылармен қарым-қатынасымызды жөндеуіміз керек», - деп ұсыныстарымды білдірдім. Ол кісі де теріс көрген жоқ. Жаңа шығармалар жинап, қауырт жұмысқа кірістік. Әуезовке телефон шалып, жаңа шығармаларынан үзінділер бастық. Қалижан Бекхожин да көп сыналғандардың бірі еді, ол кісіге хабарласқанымда: «Ой, сендер бізді баспайтын едіңдер ғой», - деп сәл ренішін білдірді де, артынша топтама өлеңдерін алып жетті. Әбділда да кішкене тулап, өкпе-ренішін айтқан соң барып шығарма берді. Сөйтіп елдің бетін ақырын-ақырын бері қарата бастадық. Өнердің түрлі саласын қамтитын мақалалар ұйымдастырып, серпіліс жасадық. Біздің үлкен жазушыларымыз жылы сөз естімей өсті. Өмір бойы солай кетті. Сол кісілер жайлы көп тоқталатын дәстүр қалыптастырдық. Сондай замандар өтті...
- Қайнекей Жармағанбетовтың есімін жиі ауызға аласыз...
- Ол кісі - менің ұстазым. Мені әдебиетке алып келген де сол кісі. Соғыс басталған жылы КазПИ-ді бітірген. Сосын комсомолдың Орталық комитетінде хатшы болды. Біз студент кезімізде (1947 жылы) комсомол жас жазушылардың алғашқы кеңесін ұйымдастырды. Сәбит Мұқанов (Жазушылар одағын басқаратын), сосын Қайнекей баяндама жасады. Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, Х.Ерғалиевтер бар, майданнан келген кезі. Осында әдебиетке араласып жүрген З.Қабдолов, А.Шәмкеновтер бар. Осы кеңесте бұл жастардың шығармалары талқылауға түсті. Кеңестің қоры-тындысы ретінде төрт адамды (Зейнолла, Тахауи, Әбдіжәміл, Аманжол) Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдады. Ол кезде олардың кітабы да шығып үлгермеген. Қайнекей осылардың барлығына мұрындық болды. Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов және де басқа ақын-жазушылар Қайнекейдің қасынан табылатын. Бізге сабақ берген, екі тілге бірдей шешен, өте білімді кісі еді. Елуінші жылдардың аласапыранында аздап саясаттың ыңғайында кетті. Бастық қой. Мен жазған мақалаларымды осы кісіге көрсетіп, ақыл-кеңесін тыңдаймын. Біздегі әдебиет үйірмесін басқарды. «Жаңа кітап шықса, алып келіңдер», - деп тапсырып отыратын. Жақсы кітаптар төңірегінде талқы ұйымдастыратын. Баяндама жасататын. Жақсы баяндамаңды толықтыртып, газет-журналға өзі ұсынатын немесе біреуге тапсыратын. Жазушылар одағында хатшы, «Жұлдыз» журналында редактор. Бастан асатын шаруасы болса да, кешке үйіне шақырып, жазған-сызғанымызды көріп шығады. Әйелі Қаныш Сәтпаевтің үлкен қызы, анамыздай болып кетті. Қайнекейдің маған жасаған қамқорлығы, біздің буынға жасаған жақсылығы өте көп. Аузымнан тастамайтыным сол.
- «Қирабаев деген біреу келіп, қиратып жатыр», - деп әзілге басатын Тайыр Жароковпен өте жақын қарым-қатынаста болғансыз-ау. Қай мінезін қатты ұнаттыңыз?
- Бұл да Қайнекейдің еңбегінің арқасы. Студент кезімде бұл кісі мені Жазушылар одағына алып барып, баяндама жасататын. 1948 жылы «Мектеп» баспасы қайта ашылып, жастарға, балаларға арналған кітаптар көп шықты. Бір жиналыста Асқар Тоқмағамбетов: «Осы ақын-жазушылар бұрын басылып кеткен дүниелерін қайта-қайта бастыртады. «Мынау жаңа кітабым» деп қалтасынан шығару үшін жасайды осының бәрін», - деп сынады. Сосын Қайнекей маған: «Мектеп» баспасынан шыққан кітаптар-дың барлығын көріп шығып, баяндама жасашы. Шығарып жатқандары шын балалар әдебиеті ме, емес пе?», - деді. 1949 жыл болатын. Бетің-жүзің демей сынадым-ай келіп. Жұмағали Сайын кешігіңкіреп, менің сөзім аяқта-лып қалған кезде кіріп келе жатса, алдынан Тайыр кездесіп қалады. «Не боп жатыр», - деп сұрамай ма Тайырдан. Тәкең: «Қирабаев деген біреу шетінен қиратып жатыр», - деп әзілдепті. Баяндамамды алып, көріп шыққан Жұмағали марқұм сөз алып: «Сыншыл болған жақсы, сын керек. Бірақ бәрін шетінен сынай беру әдебиетті бағалау емес. Белинскийді көп айтады екенсің, оларды біз де оқығанбыз, қарағым», - деп басу айтты.
Тәкең керемет кісі еді ғой. «Мағжанның өлеңін оқыды» деп айыпталған Қажымның сотында куәлікке тартылған Тәкең: «Мен сол кеште көп ішіп қойып, ұйықтап кетіппін, естіген жоқпын», - деп азаматқа арашашы болмаса да, күйе жақпады. Жігіттік қой. Тәкеңнен қалған қанатты сөз, әзіл сөз көп.
- Ғабит Мүсіреповпен араңызда сәл дүрдараздық болған ба?
- Бұрын, соңды жазып жүрген мақалаларымды жинақтап, бір сын мақалалар жинағын құрастыруды ойлап жүруші ем, соны «Жазушы» баспасына ұсынған болатынмын. 1959 жылғы жоспарға кірген. Кейін жоспардан сызылып қалғанын естідім. Ғабит Мүсірепов баспаның жоспарын қарап, көп нәрселерді алып тастапты. Менің ұсынған кітабымды көріп: «Бұндай мақалалар әркімде бар, менің жазғандарымды жинаса да бір кітап болады», - деп жоспардан алып тастапты. Көп өтпей жазушылар съезі болды. Сол съезде Қазақстанда әдебиет сынының дамуына жағдай жоқтығын, сыншылар кітаптарының шықпайтынын, әдеби сынға өмірлерін арнаған Б.Кенжебаев, Е.Ысмаилов, Т.Нұртазиндердің осы күнге шейін бір жинақ шығарып көрмегенін, осы тақырыпта әңгіме болса, Мүсірепов өзін көлденең тартатынын айттым. Жоспардан шығып қалған алты-жеті жас ақынның тағдыры жайлы да сөз қозғадым. Ғабең менен бұндай сөз күтпе-ген болу керек. Зал толы адам, сөйлеп болғанымда ду қол шапалақтады. Ғабең мен сөйлеп болған соң, мінберге көтеріліп, жұртқа арамызда бұрыннан салқындық бар секілді қылып әңгіме бастады. «Менің ЦК-м Қирабаев болды», - дегенде шапалақ қайта залды жаңғыртты. Съездің соңында қайта сөз сурап алып, Ғабеңнiң шындықты бұрмалап айтқанын түсiндiрдiм. Залда жазушылар ғана қалған, сөз қуған жұрт ол кiсiнiң сөзiне сенiп кеттi. Аға жазушылардың көрмегенi жоқ қой. Олардың жақсылығын да, жайсыз мiнездерiн де заманы тудырды. Кескiлескен тартыстарда көптi сендiрiп, аудиториядан үстем шығуы үшiн жалған сөйлеудi де оларға өмiр үйреттi. Ғабең бұл жолы сол ескi әдiстi қолданды. Мен осыны айттым. «Жарайды, мен қойдым. Бiрiмiзден соң бiрiмiз справка берiп жатпайық» - дедi ол мен сөйлеп болған соң.
Бiраз күн өткен соң Сафуан Шаймерден қонаққа шақырды. Сәбең мен Ғабең екен. Сәбеңе бас тартты, тiлдi Мәриям апайдың алдына қойды. «Сен екеуiң бiрiң бас, бiрiң тiл жейсiңдер. Бiз не жеймiз, - деп Ғабең Мәриямның алдындағы тiлдi өзiне тартып алды да, ұш жағын үлкендеу қып кесiп маған ұсынды.
- Мә, тiлi өткiр болсын! Ендi татуласайық, - дедi.
«Дұрыс» - дедi, Сәбең Сафуан да қуанып қалды». Осылай болар деп едiм өзiм де» - дедi де, «Қолын ал, қолын ал» - деп менi асықтырды. Мен Ғабеңнiң қолын алдым. Сөйтiп достасып кеттiк.
Мен Ғабеңнiң жазушылығына, қайраткерлiгiне шәк келтiрген адам емеспiн. Ол жөнiнде талай жаздым да. Бiрақ кiм-кiмге болса да, сын көзiмен қарайтын адам есебiнде, көп жыл араласа жүрiп Ғабеңнiң өз ұғымына сыймайтын, ұлы жазушының үлкен тұлғасына мiн болып көрiнетiн қызықтарын да байқайтынмын. Оны мен естелiктерiнде жаздым да. Олардың үлкен басы кiшiрейтпей-ақ, пендешiлiк қызықтарын айтқан да терiс емес деп ойлаймын.
Бұл жағынан таба, пендешiлiктен өзiн жоғары ұстайтын орнықты Ғабиден едi ғой марқұм.
- Қазақстан Жазушылар одағын басқарған Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Әдилерден кейінгі Әнуәр Әлімжанов пен Олжас Сүлейменовтың басшылық қызметке келгені көңіліңізден онша шықпапты. Неге?
- Оларға көңілім толмағаны - екеуі де орысша жазады. Қазақ әдебиетін білмейді, оқымайды. Қазақша білмейтін, бір қазақ жазушысының кітабын оқымаған адам қалай Қазақстан жазушыларын басқарады? Олжас та, одан бұрын істеген Әнуар да қазақ жазушыларының жиналысына бармайтын. Орыс жазушыларының секциясына ғана қатысатын. Олжаспен бірге жүретін Әлжаппарға: «Олжасқа айт, сөйлей алмаса да, қазақ жазушыларының жиналысына қатыссын. Қазақ жазушыларының аты мен кітабын біліп жүрсін. Құлағына сіңсін», - деп талай айттым. Әлжаппар: «Айттым, келетін болды», - дейді. Бірақ Олжастың төбесін де көрмейсің. Мен Олжастың кезінде Жазушылар одағының хатшысы болдым. Сын кеңесін басқардым. Президиум мүшесі болдым. Әнуар да, Олжас та одақтың ішкі тірлігіне дендеп кіре алмай кетті. Өмірлерін Мәскеуде, шетелде өткізді. Бұған Ғабит те, Ғабиден де қарсы болған кезінде. Сол кезде орысша жазатындарды басшылыққа қою «мода» болды. Мынау қырғыздар да, түркмендер де солай істеді. Келешек орыста деген түсініктің ықпалы ғой. Оған риза болмағандардың ішінде Әбдіжәміл де, мен де болдым. Өз басым қарсылыққа шығып, жағаласқан жоқпын.
- Кезінде алыптарымыз негізін салған, тұғырын қалаған әдебиет ғылымының бүгінгі жағдайы туралы не айтасыз?
- Қазіргі әдебиет ғылымы публицистикаға қарай кетіп барады. Оған да түсіністікпен қарау керек шығар. Белинскийдің «әдебиетте жанрлардың шекарасын мемлекеттің шекарасын көрсеткендей сызып көрсету қиын», - дегені бар. Бір жанрдың бір жанрға ықпалы манның үні. Бірақ бізде әде-биеттің ғылыми мазмұнын ашудың орнына баяндау басым. Ғылымның адамы азайып кетті. Кадр жоқ. Әдебиет ғылымы солай күн көріп жатыр. Біздің заманымызда, бізден кейін де қаншама жап-жас жігіттер осы салаға ойысты. Б.Майтанов, Б.Ыбырайым, Қ.Әбдезұлы, Ж.Дәдебаевтар қандай жақсы келіп еді ғылымға. Осыдан кейінгі буыннан бұндай шоғырды көре алмай жатырмыз. Әдебиетті зерттеп бір баспа табақ мақала жазу үшін, кемінде жүз баспа табақ кітап оқуың керек. Олар жөнінде жазылған еңбектермен танысу керек. Елдің бәрі содан қашады. Қашқаннан соң өткен тарихты білмей шығады. Әдебиет зерттеушінің тарихи мәліметтерді, әдеби процесті жақсы білу қажет. Екі күннің бірінде теледидардан, газеттен түспейтін кейбір жас әдебиетшілер кешегінің бәрін игеріп алды деп айта алмаймын. Олардың өздеріне де талай айттым.
Ал енді осы ғылымға көңіл бөлмеуіміздің ұлттығымызға, елдігімізге тигізер зардабын мөлшерлеудің өзі қиын. Ғылымды ғылым деп қарап, тереңірек барлауға ешкімнің барғысы жоқ. Ашығын айтайын, біз осы деңгейге оп-оңай жеткендей көрінеміз, жастарымыз бірден біздей бола салғысы келеді. Біз кішкене бірдеңе танысақ, білсек алпыс-жетпіс жыл ғұмырымызды арнап жеттік. Сосын ғылымға бүгінгі таңда мемлекет тарапынан дұрыс көңіл бөлінбей жатқаны жасырын емес. Былтыр «Нұр Отан» партиясында ғылым жөніндегі заңды талқылау болды. Бармайын деп ем, марқұм Салық Зиманов: «Барып қайтайық, ойымыздағының барлығын бір айтып қалайықшы», - деген соң бардым. Қатты-қатты сөздер айттым. Олар «ғылымға ақшаны бөліп жатырмыз», - дейді. «Мен ғылыми қызметкердің қалтасына ақша түскен жоқ» деймін. Өлшем ғылыми қызметкердің қолына тиген қаржымен бағаланады емес пе. Жақсы айлық төленсе, қарқынды жұмыс істеледі. Басқаға алаңдамайды. Қазір бірнеше жерде жұмыс істеуге елдің бәрі үйреніп алды. Әр жерде істеген жұмыста не береке болсын. Мен институттан директорлықтан кеткенде бөлім басқаруға бардым, кейін оған Құлбекті ұсындым, «жөнді ақшасы жоқ» деп ол кетті. Онан кейін Бекен келіп, ол да аялдамады. Докторлар тұрақтамайтын болған соң кандидат болса да Нұрдәулетті шақырып алдым. Жағдай осы...
- Сыр-сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Ырысбек Дәбей.
«Қазақ әдебиеті» газеті