Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
46 - сөз 3790 5 пікір 10 Наурыз, 2021 сағат 17:12

Жер заңын талқылағанда туындайтын мәселелер

Бүгінгі жазбамда «Шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге тыйым салынады» деген заң қабылданған күннің өзінде, шетелдіктердің бұл заңды айланып өтіп ҚР-ның АШ жерлерін иеленуіне мүмкіндік беретін қандай жолдары барына тоқталмақпын.

Президентіміз 25-ші ақпан күні Ұлттық сенім кеңесінің кезекті отырысында «...Шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын», деген болатын.

Осыған орай «Президенттің Жер туралы жарлығы бізге не береді?» деген тақырыппен өз ойыммен бөлісіп, президентіміздің осы тапсырмасының қаншалықты құндылығына жан-жақты баға бергенмін.

Алдағы осы мәселеге байланысты құрылатын «Жер комиссиясы» нүктесін қоюы керек болатын бірнеше мәселелер бар.

Бірінші мәселе:

Шетелдік азамат ҚР-ның азаматтығын алған жағдайда, біздермен тең құқылы болып шыға келмейді ме?

а) Жерімізді иемденгісі келген шетелдік азаматтың осындай «жоспарынан» қорғайтын қандай заңымыз бар?

б) ҚР-ның азаматтығын алған шетелдіктер үшін ҚР-ның АШ жерлерін жекеге немесе жалға алуына тыйым салатын заң қабылдасақ, халқаралық заңдарға қайшы келмейді ме?

Халқаралық заңдармен қайшылығы болған жағдайда не істеуге болады?

г) Егер де, осындай заң қабылдасақ, отанымызға оралып жатқан қандастарымызға әсері қалай болмақ? Олар да ҚР-ның азаматтығын алып жатқан шетел азаматтары емес пе? Бұл жағдайда қайтпек керек? Бұлай біз қандастардың біздің елдегі құқығын шектеп қоймаймыз ба?

Екінші мәселе:

Шетелдікке тұрмысқа шыққан (немесе керісінше) азаматтарымыздың АШ жерлерін иемдену құқығы қалай реттелмек?

а) Осындай жағдайда шетел азаматы өзінің жұбайы арқылы АШ жерлерін иемденіп отырмасына кім кепіл?

б) Осындай жағдайдан АШ жерлерімізді қорғап қалар қандай заңдарымыз бар? Жоқ болса, осы мәселеге байланысты қандай заң қабылдауымыз керек?

г) Егер де, «Шетелдікке тұрмысқа шыққан ҚР-ның АШ жерлерін сатып немесе жалға алуына тыйым салынады» деген заң қабылдасақ, онда, ҚР-ның азаматтарының да құқығын шектеп қоймаймыз ба? Бұл мәселені қалай реттемекпіз?

Үшінші мәселе:

Қос азаматтығы бар ҚР-ның азаматтарының АШ жерлерін иемденуге мүмкіндіктері қандай? Қалай қарасақ та, бұлар да ҚР-ның азаматтары. Сондықтан, бұл мәселе қалай шешілгені дұрыс?

Міне азаматтар! Осындай ойланатын мәселелер бар. Ертең АШ жерлеріне қатысты заңдарға өзгерістер енгізерде туындайтын сұрақтардың тек бір бөлігін ғана жариялап отырмын.

Біз тамыз айына дейін АШ жерлерін пайдалануға байланысты осындай күрделі мәселелердің нүктесін қоюымыз керек. Ал, осындай күрделі сұрақтар мен мәселелерді көшеде жүріп бос ұранмен шешеміз деу қаншалықты мүмкін дүние?!

Менің ойымша мұндай сұрақтарды «Жер коммисиясы» құрылмай, құрамына сауатты мамандар мен адал қоғам мүшелерін ендірмей, АШ жерлерін шетелдіктердің иемденуіне мүмкіндік беретін заңдардың «жыртық-тесігін» бітеп шығу мүмкін емес.

Сондықтан, ағайын-бауырлар! Айқай-шумен келетін жерге келдік. Бұдан былайғы жерде тек сауатты қимылға көшуіміз керек Қосар ойыңыз болса пікір қалдырыңыздар!

Рустем Ашетаев

Abai.kz

5 пікір