Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2851 0 пікір 5 Сәуір, 2012 сағат 11:01

Думан Анаш. Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің орны әлі бос тұр

Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің орны әлі бос тұр немесе аяқсыз қалған іс Президенттің пәрменді тапсырмасымен қайта жанданады деген үміттеміз

Қазақ «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» дейді. Ал, бір күн емес, жылдар бойы бүкілхалықтық ашаршылыққа ұласқан нәубеттерден кейін ұлттың ұлт болып сақталып қалғанының өзі асқан ерлік, ғасырлар бойы қалыптасқан ұрпақ жолындағы жанкештілік. Әгәрәки, қазақ халқы кеңестік кезеңдегі екі бірдей сұрапыл ашаршылықты бастан өткермегенде, тіпті, репрессия мен Кеңес Одағы құрамында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандағы шығындармен-ақ, бүгінде Орталық Азиядағы көпшілік ұлтты құрап отырар еді. Онда дәл қазіргідей дін мен ділге, тілге есе жіберген халық болмас едік. Дегенмен, тарих өз дегенін жасады, қазақ талай шырғалаңнан шығып, ХХІ ғасырға Тәуелсіздігіне қол жеткізе отырып, аяқ басты. Әлемде 2 мыңнан аса ұлт пен ұлыс болса, соның ішінде жеке мемлекет болып отырған 200 ұлттың қатарында болу қазақтың маңдайына қайта жазылғанына мың қайтара шүкіршілік айтамыз.

«Құпия санақтар»

Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің орны әлі бос тұр немесе аяқсыз қалған іс Президенттің пәрменді тапсырмасымен қайта жанданады деген үміттеміз

Қазақ «Бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» дейді. Ал, бір күн емес, жылдар бойы бүкілхалықтық ашаршылыққа ұласқан нәубеттерден кейін ұлттың ұлт болып сақталып қалғанының өзі асқан ерлік, ғасырлар бойы қалыптасқан ұрпақ жолындағы жанкештілік. Әгәрәки, қазақ халқы кеңестік кезеңдегі екі бірдей сұрапыл ашаршылықты бастан өткермегенде, тіпті, репрессия мен Кеңес Одағы құрамында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандағы шығындармен-ақ, бүгінде Орталық Азиядағы көпшілік ұлтты құрап отырар еді. Онда дәл қазіргідей дін мен ділге, тілге есе жіберген халық болмас едік. Дегенмен, тарих өз дегенін жасады, қазақ талай шырғалаңнан шығып, ХХІ ғасырға Тәуелсіздігіне қол жеткізе отырып, аяқ басты. Әлемде 2 мыңнан аса ұлт пен ұлыс болса, соның ішінде жеке мемлекет болып отырған 200 ұлттың қатарында болу қазақтың маңдайына қайта жазылғанына мың қайтара шүкіршілік айтамыз.

«Құпия санақтар»

Қазақ елі Тәуелсіздігін алып, қуанып жатқан тоқсаныншы жылдардың басында көпе-көрінеу жасалған адамзаттық қылмыстардың бүркемеленіп келген ақтаңдақтары ашылып, ұлттық санаға селкеу түсірген-ді. Сол деммен түсірілген режиссер Қалила Омаровтың «Нәубет» фильмі еске түседі. Осы ескі бейнетаспада бүгінде арамызда жоқ тұлғалар сөз қозғайды. Мәселен, тарихшы Манаш Қозыбаев 1921-1922 жылғы аштықта орталықтан келген Дзержинский басқарған 11 мың әскері бар азық-түлік отряды Ақмола, Семей губернияларындағы азық-түлікті жинап әкеткенін айтады.

«Соның нәтижесінде, 2 млн. 300 мың адам аштыққа ұшыраған. Ал, келесі 1931 - 1933 жылдары орын алған ашаршылық коллективтендіру саясатының қателігі ғана емес, кеңестік биліктің халыққа жасаған қатаң жауыздық саясаты деп білемін. Жергілікті тұрғындардың төрттен үш бөлігі көшпенді ғұмыр кешкендіктен, жаппай қырылуға мәжбүр болды. Бір ғана мысал, Шу өзенінің бойында колхоз құрамыз, көше саламыз деп февраль айында екі көше киіз үй тікті. Оның бір қатарына адамдарды, бір қатарына малдарды әкеп қамады. Бір айдан кейін келгенде онда адам да, мал да болмады», - дейді аталған фильмде Манаш Қозыбаев.

«Менің әкем Әбіш, Әбіштің әкесі Жұматай, Жұматайдың әкесі Жолдыбай, сол төртінші атамыз Жолдыбайдың кіндігінен тараған ұрпақ 1931 жылы 94 адам еді. 1933 жылы сол 94-тен қалғаны жетеу ғана», - деп еске алады Қазақстанның Халық жазушысы Әлжаппар Әбішев.

Ұлт басына төнген қатер жөнінде Тұрар Рысқұлов Сталинге үш рет хат жазды, әйгілі «Бесеудің хатының» жөні бөлек. Сонда да селт етпеген сталиндік режім халықтың қолындағы соңғы дәнді, соңғы аша тұяқты зорлықпен тартып ала отырып, шет мемлекеттерге тонналап астық сатуын доғармады.

Мына бір дерекке қарасаңыз, сол тұстағы Кеңес Одағының индустрияландыру саясаты сәтімен жүзеге асып жатқан сыңай танытады. 1932 жылдың алғашқы тоқсанының өзінде Қазақстанның 14 ет комбинаты елдің ең ірі өндіріс орталықтарына 14 мың тоннадан аса ет жіберіпті(!). Бірақ, бұл ел ішіндегі тігерге тұяқ қалдырмаудың басы ғана еді.

1928 жылы Қазақстанда жалпы есеппен 40 миллион бас мал болса, 1933 жылы оның 4 миллионы ғана қалды. Осыған орай, қазақ даласының әр түкпірінде Созақ, Адай, Жетісу көтерілістері сияқты бас көтерулер өрши түсті. Тек 1929 - 1931 жылдар аралығында елімізде 80 мыңнан астам адам қатысқан 372 көтеріліс орын алды. Бірақ, оның бәрі қызыл чекистер тарапынан аяусыз басылды. Жан сауғалап, ұрпақ сақтау қамымен шарасыз түрде Қытай асқан бейбіт халықты шекара асуларынан НКВД жендеттері қарумен күтіп алып, аяусыз қырғынға ұшыратты.

Мемлекеттік жоспарлау комитетінің мәліметінше, 1930 жылы 121 мың 200 адам, 1931 жылы 1 млн. 74 мың адам өз атамекенінен ауып кетіпті. 1 млн. 700 мың адам оба мен аштықтан көз жұмды. Тек 40 жыл өткен соң ғана, 1970 жылдары қазақтар өздерінің 1926 жылғы санына әзер жетті.

Жалпы, Кеңес өкіметінің 1926, 1937 және 1939 жылдары халық санағын жүргізгенін білсек те, олардың нәтижесі құпия саналып келді. Яғни, тоталитарлық режім «ұлы социалистік жеңістерді» жарияламақ болса да, оған халық санының айтарлықтай кемуі мұрсат бермеді. Сондықтан, белгілі болған деректердің өзі бұрмаланған, жасанды жұт шығыны әдейі кемітілген сандық көрсеткіш болуы әбден мүмкін. Тіпті, 1937 жылы санақ жүргізген адамдар тобы да «құпия мәліметті» әшкере қылады деген күдікпен «халық жауы» ретінде сотталып, жазықсыз атылып кете барды.

Әлихан Бөкейхановтың облыстық шолуларға сүйеніп алған мәліметтеріне қарағанда, Ресейдегі қазақтардың саны 1908 жылы 4 млн. 499 мың 664 адам, ал, 1913 жылы (Жетісудағы қырғыздарды қоса есептегенде) 5 млн. 64 мың адам екен. 1939 жылғы жалпы Кеңес Одағындағы қазақтардың саны 3 млн. 1 жүз мың 949 адам ғана болып, 1926 жылмен салыстырғанда 21,7 пайызға азайып кетіпті.

«Бір адамның өлімі - трагедия, миллиондардың өлімі - статистика»

Құпия санаққа айналған 1939 жылғы көрсеткіштер бойынша Қазақ КСР-ның 1929 жылдан бастап астанасына айналған Алматының тұрғындар саны 1926 жылмен салыстырғанда 1939 жылы 5 есе өсіп, 230,5 мың адамға жетті. Әрине, бұл белгілі деңгейде басқа өңірлермен салыстырғанда өзгеше көрсеткіш болғанымен, оның негізгі себебі - қаланың астанаға айналуына байланысты ішкі көші-қоннның артуынан болуы да мүмкін.

Статистикалық деректерді оң-солынан келтіре беруге де болады. Кейбір дерек көздері сол жылдары қазақтың 4 млн. 100 мың адамынан айрылғанын айтады. Сталиннің өзі айтыпты деседі: «Бір адамның өлімі - трагедия, миллиондардың өлімі - статистика».

Бейімбет Майлин жарықтықтың 1922 жылы жазған «Күлпәш» әңгімесі аштықтан жапа шеккен қазақтың басына қойылған ең құнды ескерткіш. Оқуға дәтің бармайды, елін сүйген ер еңіреп отырып жазған болар осы шығарманы...

Ескерткіш демекші, осыдан біраз уақыт бұрын «Бізге ұлттық драма керек» деген жазбамыз жария көрген («Алматы ақшамы», №72, 18-маусым, 2011 жыл). Аталған мақаламызда Қытайдың Таншан қаласында бар-жоғы 1 жарым минутқа созылған жойқын зілзаладан қаза тапқан халықтың кейінгі мұң-наласы арқау болған «Зілзала» фильмі туралы сөз ете келіп, біздің бүгінгі ұрпақтың санасын түртіп оятарлық осындай ұлттық драма түсіру керектігін айтқан едік. Оның тақырыбын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бір ашаршылықтың өзін түрлі ауқымды, кең тынысты ұлттық драмалық көркем туындыға айналдыруға болады. Сол кезде айтқан сөзімізді тағы айтамыз: «Қазір ұлттық киномызда ұлтаралық келісім саясатын нығайту барысында елімізге депортацияланған өзге ұлыстардың келу тарихы сәтті бейнеленіп жатыр. Бұл да керек шығар. Дегенмен, бұл өзгенің тарихы. Қазақ үшін бұл фильмдердің пайдасы - өзге ұлысқа кімнің қайдан келгенін ескерту ғана. Ал, қазақты ойлантатын, бүгінгі байлық пен қызыққа дарақыланған қазақты ойлантатын әлгіндей ұлт қасіретін сомдайтын фильмдер деп ойлаймын».

Ұлттық катаклизм - жалғыз қазаққа емес, отаршылдық кебін киген бар ұлт пен ұлысқа тән. Бірақ, солардың ішінен өз қолы өз аузына жетіп отырған бүгінгі Қазақстан мән-жайдың басын ашып, өз өткеніне үңілсе қанеки деген сөз, ой барша адамның көкейінде-тін. Жуырда Елбасы осы елдің көкейіндегіні тап басты. «Назарбаев Университеті» студенттерімен әңгімелесу барысында: «Бiздiң халқымыз басынан көп қиындықты өткердi. Осы жылы мен елiмiзде ашаршылықтың 80 жылдығын атап өтуге тапсырма бердiм. 1929 - 1933 жылдары аштықтан қазақтың 40 пайызы қырылды. Егер бұл нәубет болмағанда қазiр 45 - 50 миллионды құрайтын ұлт болып отырар ма едiк?!» деді Елбасы сөзіне күрсініс саялап.

Президент пәрменді сөзін айтты.

Қалған іс - тапсырма ала жүгіретін атқамінерлерде, қоғамның қолында.

Кеңес кезіндегі алғашқы ашаршылықты есепке алғанда - 90 жыл, кейінгісімен - 80 жыл толып отырған бұл азалы уақытты қалай атап өтпек керек?..

Бізде бастаған істің аяқсыз қалатын бір жаман ғадеті бар. Мәселенки, 1992 жылы Алматыдағы бұрынғы НКВД-ның «сұр үйі» жанынан  «Осы жерде 1931 - 1933 жж. Ашаршылық құрбандарына ескерткіш қойылады» деген қара тас орнатылған болатын. «Баяғы жартас - сол жартас», әлгі қара тас сол орнында әлі тұр міз бақпай. Қазақтың «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөзі бар ғой. Арада 20 жыл өткен уақытта зиялылар мен баспасөз өкілдері қанша айтса да, аяқсыз қалған іс Президенттің пәрменді сөзімен қайта жанданады деген үміттеміз.

Орта Азия көлемінде 33 концлагерь болса, соның 22-сі Қазақстан аумағында болды

Сондай-ақ, Алаш қаласы атанған Семейде Алаш зиялыларына қойылатын ескерткіш жобасына қарап, оның зиялы емес, қарадүрсін, рабайсыз, апайтөс пролетариат бейнесін беретінін айтқан болатынбыз. Ал, Астанада жуық арада Ашаршылық құрбандарына арналған монумент кешенінің таныстырылымы болғанынан хабардармыз. Сондай-ақ, 1959 жылдың 27-шілдесінде жабылған, қазақтың отанасы, зиялылардың жары, әйел заты қамалған ҚарЛАГ-қа да үлкен мән беруіміз қажет. Жалпы, зұлмат жылдары Орта Азия көлемінде 33 концлагерь болса, соның 22-сі Қазақстан аумағында орын тепкенінің өзі байтақ территорияның иесі болып отырған халықтың көзін жою мақсатты түрде жүргізілгенінен хабар бермей ме?! Қолында кетпені бар, тарысы мен жүгерісінің арқасында жан сақтаған өзбек халқы көшпенді, малға қараған қазақтай емес, ашаршылықтан дәл біздей қырылған жоқ. Соның өзінде Ташкенттегі Шыршық өзенінің жағасына күмбезді, әсем монумент соғып, «Өзбек мемлекетінің тәуелсіздігі үшін күрескен өзбек қайраткерлерінің рухына бас иеміз» деп жазып қойды. Өткен жылдары Ташкентке жол түскен бір сапарымызда жол бастаған гидіміз көзі жасаурап тұрып, өзбек қайраткерлерінің (ішінде қазақ қайраткерлері де болған) түн баласында Мәскеу - Ташкент пойызының вокзалға келіп жетер тұсындағы ақырған даусымен мылтық тарсылы естілмейтін кезге туралап, дәл сол жерде НКВД жендеттерінің «тир» ұйымдастырғанын айтқан болатын. Ату жазасына кесілгендердің сүйегін Шыршық өзеніне ағызып жібереді екен. Міне, өткен тарих ізсіз қалған жоқ. Бүгін бүкіл өзбек халқы, сырт қонақтар сол жерге келіп, бас иіп отырады. Ал, «голодомор» деп ұлардай шулаған украин халқы Ющенконың кезінде ашаршылықтан қырылған ата-бабасын орнымен жоқтап, азулы Ресейден кешірім сұрауды талап етті...

Шерлі тарих бір шешіліп кетсе тоқтамайды. Жыл сайын алматылықтар қаладан біраз қашықтықта орналасқан Жаңалық ауылындағы алып монументке барып тағзым етеді. Көмусіз қалған көп тектінің рухына арнап ас береді. Ілекеңнің баласы Саят ақсақал Жансүгіров сол жақта берілген ас үстіндегі бір сөзінде айтып еді: «Жаңалық ауылының балалары кейінгі жылдары топырақ бетіне шығып қалған адамның бас сүйектерін допша теуіп жүретін. Бабамыздың басын допша тепкен ұрпақ болдық қой» деп.

Иә, кеңес өкіметі осындай ақ сөңке сүйектердің үстіне құрылған мемлекет болғандықтан да көп жасай алмаған шығар...

Азалы тарихтың қаралы беттері қала ішінде болуы қажет. Бұл - келешекте өткеннің сабағын ұмытпауды қамтамасыз етеді. Сырттан келген туристер де мұндай жерге бір аялдамай кетпейді. Қазақстан саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Әшуұлымен әңгімелескенімізде, ол бұрынғы «НКВД-ның ішкі түрмесі» атанған ғимараттың Наурызбай батыр мен Қарасай батыр көшелері қиылысында әлі тұрғанын, осы ғимарат аумағында тарихи мұражай ашудың мүмкін болмай отырғанын жеткізіп еді. Өзіміз әрі-бері өткенде осы ғимаратқа қарап, іш суып сала беретінін байқаймыз. Әлгі ашаршылыққа қойылатын «алып ескерткіш» орны да осы маңайда. Яғни, осы аумақты сталиндік режімнің, голощекиндік геноцидтің, алапат ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарының кешенді мемориалдық мүйісіне айналдыруға әбден болады.

P.S: Әрине, «қызыл террор» атанған қырғынның, оның ішінде құшағы ашық, аңғал да бейқам қайран қазақтың шеккен жапасын таңды таңға ұрып айтуға болады. Біз алдағы уақытта бұл тақырыпқа оралып отыратын боламыз. Алматы қаласында ашаршылық зұлматын еске алуды қалай, қандай деңгейде атап өтеміз? Осы іспетті сауалдарға құзырлы органдардан жауап іздейміз. Сондықтан, құрметті оқырман, сіз де ой қосыңыз, ұсынысыңызды жолдаңыз.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369