Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2349 0 пікір 6 Сәуір, 2012 сағат 13:36

Бұлқыныс бар, жұлқыныс жоқ...

Әлемде адам атаулыны бірден жақындастырған да, ортақ тіл табыстырған да әдебиет екені даусыз. Өнердің осы түрі адамзатты рухани дамуға жетеліп, ынтымақ пен бірлікке шақырды. Жақсы мен жаманды, жауыздық пен жанашырлықты ажыратып, ақылдылық пен нақұрыстықтың аражігі қаншалықты қашықтығын қарапайым түрде ғана түсіндіретін, бірақ содан керемет ләззат алдыратын әдебиеттің саналы пендеге берері шексіз. Алайда әдебиет туралы түсінік сан алуан. Орайы келсе, ортақ та, ыңғайы келмесе олақ та пікір айту - табиғи заңдылық. Сондықтан да болар, пікір алуандылығы қазақ әдебиетшілерінің арасында да бар. Әрине, мұны терең түсіністікпен қабылдаған жөн. Бүгін «Әдебиет әлемі» айдарына атсалысушы қаламгерлердің айтар ойлары да әдебиеттің бүгіні мен келешегі туралы болмақ.

Герольд БЕЛЬГЕР, жазушы, аудармашы: Мемлекеттік сыйлықтың сыры...

Әлемде адам атаулыны бірден жақындастырған да, ортақ тіл табыстырған да әдебиет екені даусыз. Өнердің осы түрі адамзатты рухани дамуға жетеліп, ынтымақ пен бірлікке шақырды. Жақсы мен жаманды, жауыздық пен жанашырлықты ажыратып, ақылдылық пен нақұрыстықтың аражігі қаншалықты қашықтығын қарапайым түрде ғана түсіндіретін, бірақ содан керемет ләззат алдыратын әдебиеттің саналы пендеге берері шексіз. Алайда әдебиет туралы түсінік сан алуан. Орайы келсе, ортақ та, ыңғайы келмесе олақ та пікір айту - табиғи заңдылық. Сондықтан да болар, пікір алуандылығы қазақ әдебиетшілерінің арасында да бар. Әрине, мұны терең түсіністікпен қабылдаған жөн. Бүгін «Әдебиет әлемі» айдарына атсалысушы қаламгерлердің айтар ойлары да әдебиеттің бүгіні мен келешегі туралы болмақ.

Герольд БЕЛЬГЕР, жазушы, аудармашы: Мемлекеттік сыйлықтың сыры...

- «Мемлекеттік сыйлық әділ беріледі» дегенге, менің үлкен күмә­нім бар. Өйткені осы сыйлықты жұртқа беретін комиссияда мен біраз жыл, яғни он-он бес жыл жұмыс істедім. Ол жерде өзімді де екі рет ұсындым. Сосын ол жердегі тірліктен әбден түңілгеннен кейін, мақала жазып, онда комиссия де­геннің маңайына қайтып жоламай­тынымды, өзімді түбінде ешуақытта сыйлыққа ұсынбайтынымды ашық айттым. Неге түңілдім дейсіз ғой, бұл комиссия өте формалды түрде ғана жұмыс істейді. Алғашқы кезде менің таңғалғаным, жұрт ұс­ы­ныл­ған шығармалардың бәрін оқып келіп, отырыста егжей-тегжейін шығарып талдап, бағалап, лайықты­сын көрсетеді екен десем, олай емес екен.

Комиссия жиналады екен де, «ал, дауыс берейік» деген әңгіме­ден бастайды екен. Алғашында мен жан-жақты даярланып келген едім, сол кезде марқұм Қадырдың айт­қаны бар: «Ау, Герольд, сен немене шығармаларды талдау үшін келдің бе? Жоқ, олай болмайды. Сен не де­сең де, қалай талқыласаң да қа­лыптасқан жүйені өзгерте алмай­сың. Осы бағытпен жүреміз» деген соң, ойланып қалдым. Ра­сын­да, солай екен. Ол жерде еш­қандай тал­қылау жоқ. Қазір де солай. Де­мек, мен бұл Мемлекеттік комис­сиядан әбден түңілдім. Әділ қоры­тындыға келіп, сыйлықты әділ бе­реді дегенге сенгім жоқ. Барлығы күні бұрын белгіленеді екен де, соның ыңғайымен кетеді екен. Сен дауыс бердің бе, бермедің бе, мәселе онда емес. Мәселе жоғары­да отыр­ғандардың шешіміне бай­ланысты. Айтарым - осы.

Танакөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ, ақын: Ақынның қолында құдірет тұр

- Кейбір жас ақын-жазушылар үкімет жағдай жасамай отыр, әйтпегенде «қа­тырар» едім деп жататыны бар...Кезінде сен де осы рәуіште әңгіме қозғап едің.

- Жалпы, ақын өзінің бойынан «мем­лекетті» қуып шығуы керек. Әрине, ол на­ғыз ақын болғысы келсе... Және бұл жер­де бір нәрсені ашып айту керек. «Мем­лекеттік» санадан емес, «мем­ле­кетке» тәуелділіктен арылу қажет. Ақын­ның қолында бір сәтті мәңгілікке ай­налдыра алатын құдірет бар. Сондай құ­діреті бола тұра, уақытша өмір сүретін үкіметке тәуелді болудан асқан қорлық бар ма? Мен де кезінде «үкімет бізге тегін үй беруі тиіс» деп ашық хат жазғандардың бірімін. Бірақ мен «Қазақ әдебиеті» газе­тіне берген сұхбатымда: «Үкімет менің ақын болғандығым үшін емес, менің қазақ болғандығым үшін, осы жердің иесі мен болғаным үшін ғана үй беруі тиіс» деп жазып едім. Қазақтардың кірме ұлт болып күн кешетініне қорланатынмын. Әлі де сол пікірдемін. Ал ақынның үкіметке тәуелді болуы, берген азын-аулақ материалдық көмегі үшін шындықты айта алмай өмір сүруі қиянат емес пе? Өнер сарайға қызмет ете бастағанда өледі. Бірақ тағы бір шындықты ескеру керек. Ақын өз мемлекетінде кірме ұлт сияқты кіріптар психологиямен өмір сүрсе, онда қандай ұлы шығармалар тууы мүмкін? Сондықтан ұлтын ойлайтын ел ағалары ақындарын міскін етуден сақтануы керек. Ақын­дарының тұрмысына қарап мем­лекеттің бет-бейнесін анықтай салуға болады. Сондықтан үкіметтен келетін кө­мектің екі жағы да болатынын ұмытпауы­мыз керек.

- Жас ақындар жырларында өмірден түңілу жиі кездеседі... ненің белгісі?

- «Өзіне-өзі қол салу туралы бұл өмірде ең болмағанда, бір рет болсын ой­лама­ған адам жоқ шығар» деген екен Уильям Джеймс. Өзіне-өзі қол салу - ол өзіне кө­мекке шақырған жанның соңғы жан ай­қайы. Өкінішке қарай, ешкім естімейді. Егер олар өлім туралы жазса, өлгісі келе­тін­діктен емес, өзіне көмекке шақырғаны, әлдекімнен жан жылуын күткені болар. Ал шынтуайтына келсек, мына заманда өмір сүрудің өзі ерлік! Жүрек қайшы­лық­тарға толы болса, ал өлеңі шындықты та­лап етсе, көңіліндегіні жазбағанда қайт­еді? Бірақ поэзиясы жүз пайыз өмірден түңілуден тұрмайтын болар. Өмірдің өзін­дей әркелкі болар. Жалпы, поэзия түңілу, түңілмеуден емес, шынайы, шынайы емес деген ұғымдардан тұратын сияқты. Бұл - менің жеке пікірім. Егер өлең сіздің қаныңызда буырқаныс тудыра алмаса, ол - өлең емес. Ешкімге еліктемейтін ақын мық­ты емес, ешкім еліктей алмайтын ақын мықты. Сон­дықтан өз жолын тап­қан ақындар сізде мұндай сұрақ тудыр­мауы тиіс. «Неге ол бұлай жазды, неге қара бояуы басым?» деп бас қатырмайсыз. Тек сенесіз, бас шайқайсыз. Ол мың жерден түңілсе де, сізді иландырса, міне, сол нағыз поэзия болып шығады.

Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, сазгер: Өзің үшін жұмыс істе!

- Кейде қолына қалам ұстаған жастарға қарап таңғаламын. Ақыны бар, жазушысы бар, не болмаса сазгері, я әнші бәрі биліктен бір нәрсені дәметеді де жүреді. Неге? Уақытында, соғыстан кейінгі кезде, одан бергі 60-70-жылдары әдебиетке келген бір шоғыр талантты аға-әпкелеріміз үкіметтен ешнәрсені талап етпей-ақ, қазақ әдебиетін көкке көтеретін керемет шығармалар жазды. Олар да қаңғып, әркімнің босағасында пәтерде жүрді. Бірақ тауы шағылған жоқ. «Өлең жазуға, не ән шығаруға жағдайымыз жоқ» деп ешкімге мұң шақпады. Сүйте жүре иісі қазақтың өнеріне, әдебиетіне үлес қосты. Қабырғасын қаласты. Елім дейтін азаматтар - осылар.

Қазіргі жастар ше? Шикілі-пісілі бір шимақтарын жазады да, «маған пәтер бер, жағдайымды жаса» деп алақан жаюға көшеді. Осы жөн бе? Әрине, тұрмысы жақсы болғанға не жетсін! Бірақ мен тұрмыс түзелісімен керемет туынды жазып кетеді дегенге сенбеймін. Тума талант иесі жер кепеде тұрып та, түрмеде отырып та жаза береді. Бұған мысал көп. Кейде біреулер «мен халық үшін жаздым» деп жатады. Мұны да қабылдай алмаймын. Бұл - баяғы кеңес заманындағы «бәрі де халық үшін» деген қағиданың сарқындысы. Соны қайталаумен келеміз. Сәтті шығарма, тамаша ән, бәрі - дарынды адамға берілетін Алланың сыйы. Ол толқып сыртқа шығады. Жаныңды нұрға бөлейді. Оның бәрін қалай «халық үшін жаздым» деп айтасың. Өзгеге де хақым жоқ. Мен әнді өзім үшін жазамын. Ішімдегі бұлқынысты сыртқа шығарамын. Қағазға түсірем, не болмаса ән болып төгіледі. Жанымды рахатқа бөлейді. Ал оны қалай мен «халық үшін жаздым» деп көлгірсимін.

Әмірхан БАЛҚЫБЕК, ақын, әдебиетші: Оқырманмен қарым-қатынас аз

- Сүзгiден, дәлiрек айтқанда, ауытқымалы сандық көрсеткiштен тұрақты сапалық дең­гейге өтiп жатыр. Кеше­гi кеңес дәуiрiнде кiтап бiр қабырғаны тұтас алып тұратын пұтқа ай­налып кете жаздап едi. Қазiргi оқырман ондай асыра сiлтеушiлiктен ада, есесiне сұранысы да шынайы. Мына көр­шi Ресей әдебиетi орыс мұжығы сауатсыз бол­ған кезде де әлсiз болған жоқ. Шамасы, әдебиет­тiң мықтылығы оқыр­манның көптiгiмен анықталмайды ғой деймiн. Атақты Дос­тоевскийдiң романдары 80 миллион орысқа 3 мың данамен таралған кезi болған. Бiрақ сол Достоевс­кийлердiң тұсы басқа емес, орыс әдебиетiнiң дәл алтын дәуiрi болып саналады. Кiтабының саудасын жүргiзiп, сол Достоевскийдi жоқтықтың құрсауынан алып шыққан кiсi әйелi болғандығын да ұмытпаған жөн. Бiзде осы кiтаппен сауда мәселесi, оқырманмен қарым-қатынас дұрыс жолға қойылмай жатыр десек болады.

Қалихан ЫСҚАҚ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Жазатын нәрсе көп

- Жазатын нәрсе көп екен. Бірақ жас келіп қалған соң, оның бәрін қағазға түсіру оңай емес. Бәрін жазып тастауға мүмкіндік кел­мей тұр. Осы жасқа дейін, бірге қызмет істеген, бірге жүрген заман­дастар, қимас ағалар бар. Сондай ша­пағаты тиген азаматтар жөнінде бір нәрсе айту керек болды. Сосын бәрін сыпырып тастадым да, естелік жазуға отырдым. Оным «Жұлдыз» журналында «Келмес күндер елесі» деген атпен екі жыл болды, жарық көріп жатыр. Қазір жазып бітір­дім десем де болады. Алайда «бітірдім» деген бер жағы, әлі де олар жайында айтатын, жазатын нәрсе жеткілікті. Қа­зір кейбір жерлерін толтырып, кейбір жерлерін түзетіп деген сияқты тірлік жасаудамын. Әзірге баспаларға бер­мей, ұстап отырмын. Түбі үлкен, сүбелі дүние болып жарық көрері хақ. Жалпы, жас ұлғайған соң, адамның «ананы айтсам, мынаны айтсам» деген мақсаттары көп болады екен. Бірақ оның бәрін бір дүниеге сыйғызу - қиынның қиыны. Қазірдің өзінде әлгі жазғандарым бес жүз елу беттей болды. Бұл дегенің отыз бес баспа табақтай ғой. Мінекей, менің істеп отырған шаруам, соңғы кезде бітірген үлкен тірлігім - осы..

Аманкелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ, сыншы: Әдебиеттің құны Нобель сыйлығымен өлшенбейді

- Тәуелсіздікке дейін ең көп мақталған, жолы болған ақын-жазушы? Не болмаса, ең көп датталған кім?

- Мақталғандар - Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Серік Қирабаев... болып кете береді. Датталғандар - Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Қасым Аманжолов болып жалғаса береді.

- Әдебиетте тәуелсіздікке дейін құбы­лыс жасаған шығарма? Не болмаса тәуел­сіз­дікке қол жеткізген кездегі туынды?

- Прозада - Мұхтар Әуезовтің «Көк­серек» пен «Қараш-Қараш» повестері мен «Абай жолы» романының бірінші кітабы, Бейімбеттің, Төлен мен Тынымбайдың әң­гімелері, поэзияда - Ілиястың поэма­ла­ры, Мұқағалидың сыршыл лирикасы мен Жұмекеннің ойлы өлеңдері, Кең­ші­ліктің балладалары, сында - Тәкен Әлім­құловтың «Жұмбақ жан» және Тұр­сынжан Шапайдың «Шын жүрек - бір жү­рек» кіта­бы, публицистикада Марат Қа­бан­байдың мақалалары. Балалар әде­бие­тінде тыңнан түрен салған жазушымыз - Бер­ді­бек Соқпақпаев. Драматургияда - Иран-Ғайыптың шығармалары.

- Нобель сыйлығы неге жоқ? Себеп? Әлде ондай туынды жоқ па?

- Әдебиеттің құны Нобель сыйлығы­мен өлшенбейді. Жалпы, мен осы бір өн­бейтін дауға қызылкеңірдек болып ай­ты­сып-тартысып жатқан сын­шы­ла­ры­мызды түсінбеймін. Әлемде Нобель сыйлығынан басқа да беделі зор халықаралық сыйлық­тар көп. Өкінішке қарай, сол сыйлықтар­дың бірде-біреуін алған қазақ жазушысы жоқ. Әуелі Дублин, Сервантес, Пультцер, Бу­кер, Гете, Кафка, т.с.с халықаралық сыйлықтың біреуін қазақ жазушысы алса да тақиямызға тарлық етпес еді. Жоқ, біз бірден Нобельге қол созамыз. Нобель сый­лығына үміткер ең құрығанда осы ха­лықаралық сыйлықтардың бір-екеуін алып, әлемге танылуы керек екенін ойла­ғымыз да келмейді.

Таяуда бірнеше қазақ басылымдары­ның бетінен қазақ жазушылары Әкім Тарази, Асқар Алтай мен Роза Мұқановаға әлем әдебиетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Франц Кафка атындағы халықаралық әде­би сыйлығының берілгені туралы ақпаратты оқып, таңғалдым. Бұл - нағыз өтірік. Ақиқатында есімдері аталған үш жазушыға да, бұдан бұрын да оны алған Төлен Әбдікұлы, Шөмішбай Сариев пен Немат Келімбетовке берілгені Кафка атын­дағы халықаралық әдеби сыйлық емес, әйгілі жазушының атындағы алтын медаль. Халықты алдап, оқырманды адас­тырудың қажеті қанша? Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлық 2001 жылдан бастап әлемдегі танымал жазушыларға беріліп келеді. Қазақ жазушыларының бірде-біреуі Кафка сыйлығын алған емес. Нобель сыйлығын қазақ жазушысы алып жатса, құба-құп. Берілмесе, оған бола са­ры уайымға салынудың қажеті қанша? Би­ыл оны ақын Томас Транстемер алды. Алайда ол оған бірден қол жеткізген жоқ. Оған дейін ол 1981 жылы Петрарка, 1990 жылы «Нейштад», 2003 жылы «Алтын тәж» ха­лық­аралық әдеби сыйлығын ие­лен­ген болатын. Былтыр жазушы Марио Варгос Льосаға бұйырды. Бұл жазушы да қара жаяу емес. 1995 жылы «Иерусалим», 1996 жылы «Бейбітшілік» халықаралық сыйлы­ғын алған қаламгер. Дегенмен та­лант­тары бұл екеуінен әлдеқайда күшті Ев­гений Евтушенко мен Валентин Рас­путинге осы сыйлық бұйырмай келеді. Өйткені Нобель сыйлығын беруде барлық уақытта әді­лет­тілік болмайды, комиссия мүшелері белгі­лі бір принципті де ұстана бермейді. Мы­са­лы, осыдан жүз он жыл бұрын Швед Академиясы орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойға христиан дінін жоққа шығар­ғаны үшін осы сыйлықты бергізбей таста­ды. Бір ғасыр өткен соң керісінше, Жозе Сарамаго христиан әлемін шулатқан «Еван­гелие от Иисуса» романы үшін Но­бель сыйлығын алды. Бұл сый­лықтың төңірегінде қитұрқы саяси ой­ын­дар көп. Ұлы жазушылар Хорхе Луис Бор­хес, Шервуд Андерсен, Франц Кафка, Джей­мс Джойс, Марсель Пруст, Грэм Гриндерге де объективті және субьективті себептерге байланысты бұл сыйлық беріл­ген жоқ. «Нобель сыйлығы кімге керек?» атты ма­қаламда ол туралы егжей-тегжейлі жазған­мын.

- Дарынды бола тұра, еленбей жүр, ең­бегі ескерілмей жүр деп кімді айтар едіңіз?

- Тынымбай Нұрмағамбетов. Әдебие­тіміздегі үлкен жазушымызға Мемлекеттік сыйлықтың берілмей, оның талантымен салыстыруға да келмейтіндердің оны алып жатқанына қатты қынжыламын. Бірақ кей­де ол кісінің сол сыйлықты алуға ұм­тыл­май-ақ қойғаны да дұрыс па деген ойға батамын. Шынымды айтсам, соған жету үшін ар-ұятын сатып жатқан жағым­паз­дар мен алаяқтардың арасынан Ты­ным­бай ағамды көргім келмейді

Беттi дайындаған Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ,

Айтжан Салықұлы (фото)

«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5405