Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6013 0 пікір 2 Шілде, 2009 сағат 19:35

Төрегелдi ШАРМАНОВ: ҚАЗАҚТЫҢ ТАҒАМЫН ДӘРIПТЕГЕН МЕНДЕЙ-АҚ БОЛСЫН

Белгiлi академик-ғалым Төрегелдi Шарманов отызында доктор, қырыққа жетпей профессор әрi медицина институтының ректоры болып үлгерiптi. Бұдан бөлек толып жатқан атақ-дәрежесiне қарамастан, бүгiнге дейiн 150-ге жуық кандидат пен 50-ден астам доктор дайындап шығарған. Қазақ медицинасының қалыптасу мен даму жолында айтарлықтай еңбегi сiңген ғалымның әр кезде де сөзi ұтымды, пiкiрi өтiмдi. Салауатты өмiр сүрудiң қағидасын сөзбен емес, өз iсiмен дәлелдеп жүрген, Қазақ Тағамтану академиясының президентi Төрегелдi ағамен болған аз-кем әңгiмемiз бүгiнгi күн тақырыбына арналып едi.
- Төрегелдi аға, бүгiнгi таңда сiз басқаратын Қазақ тағамтану академиясы қандай игiлiктi iстердi қолға алып жатыр?

Белгiлi академик-ғалым Төрегелдi Шарманов отызында доктор, қырыққа жетпей профессор әрi медицина институтының ректоры болып үлгерiптi. Бұдан бөлек толып жатқан атақ-дәрежесiне қарамастан, бүгiнге дейiн 150-ге жуық кандидат пен 50-ден астам доктор дайындап шығарған. Қазақ медицинасының қалыптасу мен даму жолында айтарлықтай еңбегi сiңген ғалымның әр кезде де сөзi ұтымды, пiкiрi өтiмдi. Салауатты өмiр сүрудiң қағидасын сөзбен емес, өз iсiмен дәлелдеп жүрген, Қазақ Тағамтану академиясының президентi Төрегелдi ағамен болған аз-кем әңгiмемiз бүгiнгi күн тақырыбына арналып едi.
- Төрегелдi аға, бүгiнгi таңда сiз басқаратын Қазақ тағамтану академиясы қандай игiлiктi iстердi қолға алып жатыр?
- Қазiргi жұмысымыздың бәрi қазақ тағамы, кәдуiлгi адам денсаулығына байланысты және жалпы демографиялық сипаттағы тағамның қандай орны бар деген сияқты мәселелерге арналып отыр. Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) бағдарламасының қорытындысы бойынша әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен сараптама жүргiзгенде, бүкiл әлем бойынша түрлi аурудың 60 пайызының өлiмi дұрыс тамақтанбауға байланысты туындайды. Бұл өте ауыр көрсеткiш. Халық денсаулығының деңгейiн анықтайтын негiзгi фактор - тағам проблемаларымен астасып жатыр. Мысалы, дәл қазiргi кезде белең алып отырған жүрек-қан тамырлары аурулары да осы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан өсу үстiнде. Тәжiрибе бойынша, әрбiр екi өлiмнiң бiреуiнiң өмiрiн дұрыс тамақтануға байланысты сақтап қалуға болады. Бұл, әсiресе, 50 жастан асқан адамдарға қатысты. Осы қауiптiң алдын 40-тан 50 пайызға дейiн тек тамақ арқылы алуға болады. Сосын сүйек сынғыштық, қант диабетi аурулары, бәрi айналып келгенде, "Ас - адамның арқауына" байланысты. Мiне, осы қорытынды қазiргi заманда ғылыми жетiстiктер арқылы дәлелденiп келе жатқан жайттың бiрi. Сондықтан бiз осы мәселеге көңiл бөлiп отырмыз. Мәселен, жалпы демографиялық жағдайда ересек адамдардың арасындағы науқастың, екiқабат әйелдердiң жағдайы қалай? Оның тамақ iшуi ше? Анасының қандай тамақ iшкенi жатырда жатқан балаға әсер етедi. Егер анасы жүрек-қан тамырлары аурыуымен сырқаттанса, баласы да ауыруы мүмкiн. Қаны аз болады немесе дәл қазiр ой жүйесiнiң жетiспеуi де үлкен мәселеге айналды. Бiз барлық қалада, оның аудан орталықтарында дұрыс тамақтанудың, былайша айтқанда салауатты тамақтану (арақ iшпеу, темекi тартпау, нашақорлыққа салынбау) орталықтарын ашып жатырмыз. Америка темекi тартудың әсерiнен болатын аурумен күресу үшiн жылына 47 миллиард доллар шығындаса, семiздiктен тарайтын ауруларға қарсы 100 миллиард доллар бөледi. Бұл деген өте көп қаржы. Ал, бiз дүниежүзi бойынша алдыңғы қатарға шыққан қант диабетi, жүрек-қан тамырлары ауруларын қайда қоямыз? Осы тұрғыда ерекше мән берiп отырғанымыз - ана мен бала денсаулығы.
- Былтыр Елбасының жеке қабылдауында болғаныңызды бiлемiз. Сонда осы мәселелер жөнiнде ой қозғай алдыңыз ба?
- Әрине. Дұрыс тамақтанудың ұзақмерзiмдiк мемлекеттiк саяси бағдарламасы қабылдансын дедiм. Қазақстандықтардың денсаулығы сапалы тағамға өзара байланысты екендiгi жөнiнде мәселе көтердiм. Соған байланысты Денсаулық сақтау саласы кодексiнiң бiлдей 27-бабы тарихта тұңғыш рет "дұрыс тамақтануға" арналды. Осыған орай, республиканың әр жерiнен орталықтар ашу жоспарланып, оның алғашқы нәтижелерi де көрiне бастады. Мысалы, мұндай орталық Қарағандыда, Астанада, Ақтөбеде, Қостанайда ашылып үлгерсе, келесi жылдың аяғына дейiн барлық жерде есiк ашады. Екiншiден, былтырдан берi әрекет етiп, Талғар қаласынан зауыт салуға өзiм жер сатып алдым. Инвестор таптым. Қазақ Тағамтану академиясының көмегiмен 10 млн.долларға бұрын-соңды, тiптi, Кеңес Одағында болмаған балалардың тұңғыш зауыты салынып жатыр. Күнiне 15 тонна тағам өндiредi. Бұл өмiрге келген нәрестеден 18 жасқа дейiнгi балалардың (мектеп жасындағы балалардың) жасушалық ауруларын болдырмау үшiн балалар тағамын байытатын алғашқы зауыт болады. Құдай қаласа, алдағы күз айларында iске қосылады деп отырмыз. Бұйырса, қалада Қазақ Тағамтану академиясының "Амиран зауыты" деген көлiктер жүре бастайды.
- Тағамтану институтының ұсынысымен тағамды байыту туралы Парламентте екi заң қабылданған болатын. Бiрiншiсi - тұзды йодпен байыту заңы, екiншiсi - ұнды байыту заңы. Алайда, тұзды йодпен байыту ұсынысы қолдау тапқанмен, жұртшылық тұтынатын ұнды байыту мәселесi түрлi пiкiрталасқа алып келдi.
- Иә, бұл мәселенi талайдан көтерiп жүргенiм рас. Тұзды йодпен байыту елiмiз бойынша жаппай қолға алынды. Ал ұнға келгенде бiраз кедергiлерге бой ұрғанымыз бар. Әрине, бұл ұн шығарушы жеке меншiк комбинаттар үшiн үлкен шығын. Жекеменшiк диiрменшiлерге бәрiбiр. Олар ұнды оңай жолмен шығара салуға машықтанған. Ал, құнарсыз ұн жеп отырған адамның ағзасы түрлi ауруларға бейiм болады. Қазiр ендi қайтадан нұсқау берiлiп жатыр. Ұнды темiрмен байыту керек деген ұзақмерзiмдi бағдарлама қабылданбақ. Демек, дұрыс тамақтану үшiн денсаулық сақтау кодексiнде ұнды темiрмен мiндеттi түрде байыту мәселесi қарастырылады деп есептеймiз. Негiзi бұл жобаны осыдан төрт жыл бұрын Азия Даму банкi және ЮНИСЕФ-пен бiрiгiп жасаған болатынбыз. Адамдардың арасында темiр жетiспеушiлiгi салдарынан ауруға шалдыққандар көбейiп кеттi. Бұл ауру эпидемияға айналуда. Сондықтан елiмiздегi комбинаттар ұнды саудаға шығармас бұрын тағамтану институты бекiткен рецептура бойынша байытып отырулары тиiс. Бiз осы рецептураны жасау үшiн үлкен жұмыстар жүргiздiк.
- Сiздiңше, бұл өмiрге келетiн сәбилердiң денi сау болып туылуына әкелетiн алғышарттардың бiрi ғой...
- Ағзада темiр мен фоли қышқылының жетiспеуi балаларды ақыл-ой кемiстiгiне апарады. Сондай-ақ, азық-түлiктiң байытылмауы әйелдердiң жүктiлiгiне де жағымсыз әсер етедi екен. Демек, ұнды байытсақ, ауруды алдын-ала болдырмауға, өмiрдi сақтап қалуға болады. Әуелгi кезекте ана мен баланың тамағына ерекше мән берген дұрыс.
- "Жас қазақ" газетiнде журналистiң: "Ұлттық тағамдарымыздың тарихын зерттеу - бiздiң Тағамтану академиясының еншiсiндегi шаруа болуы керек. Ол кiсiлердiң қазiр немен айналысып жүргенiнен хабарсызбын... Әйтеуiр, бiрде журналистiк сапармен барғанымызда, Төрегелдi Шарманов ағамыздың орыстың кашасын мақтап отырғанын көргенiм бар. Қадiрлi ақсақалымыз сонда "ет жемеңдер балалар, ет жемеңдер, асқазанға ауыр тиедi" деген едi. Қазаққа ет жеме деу - қазақты қорлап өлтiру деп ойлаймын өз басым" деген пiкiрiн оқып едiм. Аға, осы сөзде бiр шындық бар ма?
- Мен бұл сөздi еш жерде айтқан жоқпын. Бұл жала. Қазақтың тағамын дәрiптеген мендей-ақ болсын. Орыстың кашасын емес, үнемi көкөнiс, жемiс-жидек жеудi айтып келемiн. Расында да, майлы тамақ жеу әсiресе жүрек-қан тамырлары ауруларына зиян. Ал ботқаны өзiм де жемеймiн, өз балаларыма да же деп айтпаймын. Құдай сақтасын, өмiрi бұлай айтқан емеспiн.
- Қазақ тағамтану академиясы бiраз шаруа атқарып жатыр дегендi айттыңыз. Ал Сiздер қазiргi кезде қаптаған шетелдiк өнiмдердi толықтай тексеруден өткiзе аласыздар ма?
- Тексеремiз. Жақында бiздiң ғалымымыз, медицина ғылымдарының кандидаты Айгүл Сыздықова: "Жажда-ничто, имидж - все? Кока-кола: угроза для здоровья нации" деген еңбегiнде "Кока-коланың" зиянды жағы туралы жазып шықты. Бұл материал газет беттерiнде жарияланды. Бiз бiрақ заң жүзiнде олардың iс-әрекетiне тыйым сала алмаймыз. Есiңiзде болса, кезiнде "Гербалайф", "Саншайн" компанияларын жауып тастадық. Тағы бiрде Американың бiр компаниясының өнiмiн тiркеуден өткiзуге тыйым салып, сатуға рұқсат бермей қойғанымызда наразылық танытып, күш көрсетуге дейiн барды. Тұтынушыға ұсынып отырған өнiмдерiнiң зиянсыздығы жөнiнде күмәндi пiкiрiмiздi бiлдiргенде "Тяньши", "Кока-кола", "Пепси-кола" секiлдi алып компаниялар дүрлiгiп кеттi. Оларды да жабу керек.
- Егер шындыққа жүгiнсек, қазiр денсаулық сақтау мекемелерi мен дәрiгерлерге халықтың көңiлi толмайды. Ақ халаттыларға деген сенiм азайып бара жатқан сияқты.
- Дәрiгердiң алатын жалақысы өте аз. Жылдан жылға үстеме ақша қосылып жатқанмен, мардымсыз. Жетпейдi. Мәселен, Еуропадағы дәрiгерлердiң еңбекақысымен, әлеуметтiк жағдайымен салыстырғанда өте төмен. Амал жоқ, күн көру керек. Өзi дәрiгерлiк мамандықты қаншама жыл жүрiп, қымбат ақшамен алады. Ал ендi сырқат өзiнiң емделгенi үшiн өз ризашылығын бiлдiрiп, сый-сияпат жасап жатса, оған қарсылық танытудың керегi жоқ. Тiптi, емдегенi үшiн де азын-аулақ ақша алса да, айыптап, оны сыбайластық жемқорлыққа жатқызу әбестiк. Егер мұндайды болдырмаймыз десек, дәрiгердiң жалақысы жоғары болуы тиiс.
- Бiрақ көбiнесе өздерiнiң ойына келген ақшаны сұрап жататыны қарын аштырады ғой...
- Сұрайды, қайтедi ендi? Бәлкiм, тұрмыстық жағдайы соған мәжбүрлеп отырған шығар. Отбасын асырай алмай жатқан болар. Бiр өкiнiштiсi, қазiр осы пәленбай жыл оқыған мамандығын тастап кетiп жатқан дәрiгерлер көп. Былайша айтқанда, еңбегi еш, тұзы сор деген сөз.
- Ал, Оңтүстiк өңiрде аналар мен сәбилерден анықталған ВИЧ дертi Қазақстанды ғана емес, бүкiл әлемдi дүр сiлкiндiрдi. Бұған дәрiгерлердiң салғырттығы себеп болғанын мойындайтын шығарсыз...
- Ең бастысы, ұйымдастырушылық жағы нашар болған. Сорақылықтың шарықтау шегi - дәрiгердiң дұрыс ем көрсете алмағандығы. ВИЧ-пен ауыратын науқастың қанын сап-сау балаға құю деген үлкен қылмыс. Әрине, бұларды ақтап алу мүмкiн емес. Керiсiнше, қатал жазасын беруi тиiс. Қазiр кесiлген жазаларын алып та жатыр ғой. Басқасын қайдам, денсаулықтан ақшаны аяп қалуға болмайды. Министрлiк қал-қадiрiнше облыстық, аудандық ауруханалардың жағдайын мейлiнше жақсартуға, дәрiгердiң жалақысын көбейтуге барын салса екен деймiз.

<!--pagebreak-->
- Ұлттық медициналық холдинг құрылып жатыр. Мұның медицина саласын дамытуға тигiзетiн пайдасы бар ма?
- Әрине. Сол арқылы ең алдыңғы дәрежедегi сапалы әрi қауiпсiздiк жағынан да алдыңғы қатардағы мемлекеттердiң тәжiрибесiн жинақтап, қай елдiң құрал-жабдықтары жақсы, соған байланысты мамандандырылған дәрiгерлер дайындап, нақты жұмыс iстейтiндей мүмкiншiлiк жасау керек. Бұл елiмiздiң медицинасына үлкен көмек. Тек бiр ғана қала емес, бүкiл Қазақстан қорғалады. Әзiрдiң өзiнде холдинг бiр жылдық жұмысын қорытындылады. Сол кезде осы мәселенiң бәрi айтылды.
- Былтыр осыдан 30 жыл бұрын Алматыда медициналық-санитарлық көмек жөнiнде өткiзiлген Халықаралық конференцияға арналған басқосу болып өттi. Онда қандай мәселе көтерiлдi?
- Кезiнде соны ұйымдастырған мен едiм. 1978 жылы осы конференция Ташкентте өткiзiледi дегенде, өзiм күресiп жүрiп тартып алғам. Оның маңызын, абырой-беделiн министр ретiнде бәрiнен де айқынырақ сезiнгендiктен Д.Қонаевқа кiрiп, "Дiнмұхамед Ахметұлы, сiздiң өз дәрежеңiз биiк болғанмен, астанамыздың дәрежесi төмен. Ташкент қай уақытта да, не мәселеде де бiзден әрдайым алда жүредi. Орта Азияның кiндiгi деген атты иемденiп алып, бүкiл халықаралық мәртебедегi жиынды өткiзудi өздерiне алған. Бұл - әдiлетсiздiк. Қазақстанның аты үшiн, Алматының даңқы үшiн осы конференцияны бiз өткiзейiк. Бұл - Қазақстанның атын көтередi, тарихта аты мәңгi бақи қалады" деген едiм. Шынында да, оны бүкiл мемлекет мойындады. Сондықтан әр жыл сайын оның мәнi мен маңызы арта түспек. ХХ ғасырдағы денсаулық сақтаудың ұлы хартиясы деген атпен тарихқа енген Алматы декларациясы дүниежүзiлiк денсаулық сақтаудың iргетасын қалаған құжаттардың бiрi болып табылып, алғашқы медициналық-санитарлық көмектiң ұлттық жүйесiн ұйымдастыру тұжырымдамасы алғаш рет құжатпен бекiтiлдi.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек - жекелеген тұлғалардың, отбасының және қауымның денсаулық сақтау жүйесiмен алғашқы деңгейдегi қарым-қатынасы - медициналық-санитарлық көмектi адамдардың тұрғылықты мекенiне және жұмыс орнына барынша жақындататын, халықтың денсаулығын қорғау процесiндегi ең әуелгi кезең. Мысалы, қазiрдiң өзiнде алғашқы медициналық көмек дер кезiнде жасалынбай жатады. Тiптi, қаладан шеткерi тұратын жерлерге көлiк бармайды. Әдiлетсiздiкке жол бермес үшiн мүмкiншiлiк туғызу керек. Әрбiр ауырған адам медициналық көмек алуға құқылы. Бұл мемлекеттiң мойнындағы шаруа, сондықтан да мемлекет жасап беруi тиiс. Егер болашақта дүниежүзi халқының денсаулығы жақсы болсын десек, алғашқы медициналық көмекке қол жетiмдiлiктi күшейту қажет. Жер-жерден келген мамандар осыны дамыту жағдайын ортаға салды. Қазiрдi айтпай-ақ, 1978 жылдың өзiнде Алматы конференциясында қабылданған декларацияның мәнi осы қажеттiлiктi мойындаған едi.
- Төрегелдi аға, өзiңiз 1972-1981 жылдары денсаулық сақтау саласын басқардыңыз ғой. Жалпы, сол кезде осы салада Денсаулық сақтау министрлiгi қандай шаруалар тындырды дер едiңiз?
- Көп нәрсеге мұрындық болдық қой. Қазiр мақтанып айтуыма болатын шығар, сол кезде, iрi-iрi ауруханалар iске қосылды, балалар емханалары, Тағамтану институты, Шымкентте, Павлодарда, Ақтөбеде медициналық жоғары оқу орындары, көптеген инситуттар ашылып, республикалық аурухана мен емханалар есiк ашты. Сол кездiң өзiнде кәдуiлгi балалардың тағамы жөнiнде мыңның үстiнде асханалар ашылды. Бiрақ сапасы жағынан сондай бiр жақсы деп айтпасақ та, әйтеуiр өз жемiсiн берген едi. Мiне, осының өзiн мақтаныш сезiммен айта аламын. Себебi, сол тұста қазақтар көзге көрiнiп, қазақтың медицинасы кеңестер одағы бойынша бағытталған медицина деген бағаға лайық болды.
- Кейiнгi жылдары министрлiк тiзгiнiн ұстаған басшылардың қолға алған реформасы аяқсыз қалып жатты ғой...
- Мысалы, Ерболат Досаевтың енгiзген реформасы дұрыс болғанмен, оны алып кетуге уақыт жетпедi. Бiрақ, ол медицина саласының маманы болмаса да, не қажет екенiн егжей-тегжейлi түсiнген өте бiлгiр азамат едi. Досқалиев та бiлiктi, жергiлiктi медицинаның мұқтаждығын бiлiп, жан-тәнiн салып жұмыс iстейтiн маман. Шын мәнiнде, бiздiң медицина саласының артында да, алдында да әлсiздер бар. Көшербаевтың тұсында Кеңес одағы тарап, экономикалық жағдай қиындады. Әсiресе, әлеуметтiк ахуал, оның iшiнде медицина үлкен күйзелiске ұшырап, көптеген медициналық мекемелер жойылып кеттi. Көшербаев соны қайта қалпына келтiргiсi кеп, Төлебай Рақыпбековпен бiрге жұмыс iстедi. Ең қиын әрi қолайсыз жағдайға ұшыраған, қолынан ештеңе келмейтiнiн көрсеткен Дерновой болды. Осы саладағы кез келген мәселенiң шешiлуiне пәрменсiздiк танытпай, ұятқа қалдырып кеттi. Өзi дәрiгер болса да, тiптi Елбасының алдында сұрақтарға жауап бере алмады ғой.
- Соңғы кезде денсаулық сақтау саласының өзектi мәселесiне айналып отырған - ана мен бала өлiмiнiң көбейiп кеткендiгi. Мұның шешiмiн қалай табуға болады?
- Бұл тек медицинаның әлсiздiгiне ғана байланысты емес, сол сияқты ұйымдастыру жағы мен мемлекет тарапынан көмектiң әлi де дұрыс жетiспей жатқандығынан да орын алуда. Дәлiрегiн айтқанда, ана мен баланың денсаулығын толыққанды сақтау тек министрлiкке емес, бүкiл Үкiметке жүктелген мiндет. Егер бұған селқос қараса, баланың өлiмi көбеймесе, азаймайды. Бүгiнгi таңда бала өлiмiн азайту мәселесi қатты қолға алынып келедi. Нәтижесi де байқалып жатқан сияқты. Денсаулықтың жақсаруының бiр көрiнiсi - адам жасының ұзақтығы көбейiп келедi. 2000 жылы адамның өмiр жасы 70-тен асып, тiптi 80-90-ға жеттi. Бала өлiмiнiң көрсеткiшi бұрынғыдай көп емес. 1978-жылы жылына 15 млн. бала көз жұматын болса, 5,5 млн.-ға төмендептi.
- Сiздiң саясатқа да ара-тұра араласатыныңызды бiлемiз. Кезiнде партия iшiнен "Ақ жол" партиясы құрылғалы берi бiрге келе жатқаныңызды айтып едiңiз. Жалпы, саясатқа қалай қарайсыз?
- Саясатқа деген көзқарасымды бiлгiң келсе, өзiм саясат қуған адам емеспiн. Мен - маманмын. Саясатқа кезiнде амалдың жоқтығынан барған едiм. Неге десеңiз, денсаулық сақтау саласы құлдырап кеткенде, мемлекет тарапынан ақпараттық қолдау бола ма деген оймен араластым. Әйтпесе, үкiмет басына бару үшiн жасаған ештеңем жоқ. Бар мақсатым - қазақ медицинасын көркейту, соған жан-жағынан ықпал ету және алға қойған шаруаларды орындау. Бұл менiң ел алдындағы, ар алдындағы нағыз азаматтық борышым. Сондықтан мен саясатқа да, оппозицияға да кiрiспеймiн.
- Бiрақ елiмiздегi саяси партиялардың жұмысына көзқарасыңызды бiлсек?
- Әрқайсысы өз бетiнше жұмыс iстеп жатыр ғой. Бiрақ айқайлап кетушiлiк, асырасiлтеушiлiк көп. Әуелгi кезде жап-жақсы бағдарлама жасап, түп-түзу жолмен келе жатады да, бас пайдасының көзiн күйттеп кетедi. Партиялардың осы жерi пәрменсiздiкке апарып соға ма екен деп ойлаймын. Сондықтан да оларға игi бастама, игi iстер жасау үшiн әдiлеттi түрдегi объективтi көзқарас қажет.
- Құдайға шүкiр, атақ-даңқтан кенде емес ғалымсыз. Бiрақ неге ғылыми атақтың, сыйлықтың көбейгенiне қарсылық танытып жүресiз?
- Оны мен тойынғандықтан айтып жүргенiм жоқ. Өйткенi, орынсыз атақ берiп, дәрежеге ұсынып жататындар көп бiзде. Түрлi диплом мен медальды сатып алып, "мен кереметпiн" дейтiндер жетерлiк. Былайша айтқанда, олар шынайы емес, әйтеуiр атағым болса екен дейтiндер. Бiр сөзбен, қазақтың бүгiнгi дарақы тойы мен шендiлерiнiң мансапқорлығына, жалған ғылыми атақтардың көбеюiне қатты наразымын. Жұрттың ас та төк боп той жасауы - ұлтты үлкен қатерге ұрындыратын дерт. Қаншама қаракөздер тойып тамақ iше алмай, жарытып киiм кие алмай жүргенде, қанша дарынды балалар қаржының жоқтығынан тиiстi бiлiм ала алмай жүргенде, жан баласына пайдасы жоқ нәрсеге ақша шашамыз. Бұл экономикаға, моральдық жағдайға үлкен ықпал жасайды. Өзiм алған ақшамның бәрiн жетiм балалардың оқуына бердiм. Туған күнiмдi де тойламаймын. Ондайға қарсымын. Жетпiске келгенде, "Сiздердiң маған деген құрметтерiңiзге ризамын, мерейтойға берем деген қаражаттарыңызды лейкозбен (ақ қан) ауырған балаларды емдету үшiн ашылған қордың есепшотына аударсаңыздар ырза боламын. Маған ештеңенiң қажетi жоқ" деп газетке арнайы хабарландыру жаздым. 2003 жылы алған Тарлан сыйлығын (10 мың доллар) республикадағы төрт медициналық жоғары оқу орындарында оқитын жиырма студентке, жетiм балаларға стипендия етiп таратып бердiм. Мемлекеттiк сыйлықты да жетiм балаларға үлестiрдiм.
- Демек, сiздiң өмiрлiк кредоңыз адам баласына жақсылық жасау ғой...
- Адамның негiзгi мақсаты - бiр-бiрiне қызмет ету, жақсылық жасау. Осы тұрғыдан алсаң, сенiң азаматтық қасиетiң де жақсарады. Сол себептен де өзiмдi бақыттымын деп санаймын. Бiреуге көмектессем, үнемi жақсы сезiмде жүремiн. Тамағым тоқ, көйлегiм көк болса болғаны. Қолыңда бiрдеңе болса, алған адам емес берген адам бақытты. Бiреуге жасаған жақсылықты есте ұстама. Жақсылық жасадың ба, сол адамды ұмыт. Егер бiрдеңе дәметiп жүрсең, ол жақсы емес. Осылай өмiр сүрiп, осылай өмiрден өтем деп ойлаймын. Бұл менiң кредом.
- Төрегелдi аға, жасыңыз болса сексеннiң сеңгiрiне келiп қалыпты. Осындай мекеменi басқару қиынға соғып жүрген жоқ па?
- Менiңше, әлi жұмыс iстеуге денсаулығым бар. Себебi, алдыма қойған кез келген мәселелер iске асып, орындалып жатады. Ойға алған шаруаларды алдын-ала Парламентке, Үкiметке, жергiлiктi әкiмшiлiкке, Президент әкiмшiлiгiне айтамын. Бәрi менi жақсы түсiнедi, құлақ асады. Ешкiм қарсы болған емес. Соған қарағанда жұмыс iстеуге деген қабiлетiм бар шығар. Оның үстiне бұл шақта екi тiзенi қусырып, тып-тыныш отыруға болмайды.
- Қаражат болса, атқаратын шаруа шаш-етектен дейсiз ғой...
- Ең алдымен балалардың тамағын қалай дұрыстау керектiгiне аса көңiл бөлер едiм.
- Балалардың тамағы демекшi, балалар үйiндегi жетiм балалардың не iшiп, не қойып жатқанын қадағалайсыздар ма?
- Әрине. Тiптi, америкалықтар бiзге келiп, осы тұрғыда Тағамтану академиясының жасап жатқан жұмыстарына ырза болып кеттi. Демек, Үкiмет басшылары да менiң айтқанымды қолдайды. Яғни, қолдап, көмегiн берiп жатқаннан кейiн бәрi де дұрыс болады деп ойлаймын. Үкiмет мүшелерiнiң, министрлiктердiң алдында осы мәселенi қояйын деп отырмыз. Қауiпсiз, денi сау қоғам құрамыз десек, жетiм балалардың да денсаулығы сырт қалмауы керек. Олар да өседi, елiмiздiң азаматтарының қатарына қосылады. Егер оларға көмектеспесек, қатiгезденiп, қауiп төндiретiн жағдайға жеткiзуi мүмкiн. Олар да халықтың мүшесi. Сол үшiн де оларға елiмiздiң азаматтары қатарынан көрiнетiн мүмкiншiлiктер жасау қажет.
- Сiз 70 жылдығыңызды тойлауға қатты қарсылық танытыпсыз. Бәлкiм, 80 жас мерейтойыңызды атап өтетiн шығарсыз?
- Жоқ, ешқандай той жасамаймын. Болмайды. Егер өзiмдi сыйлап, құрметтейтiн жандар ақша жинап берсе, түгелдей ауру, жетiм балаларға беремiн. Баяғыдан солай келе жатырмын, солай жасаймын.

 


Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

«Түркістан» газеті» 2 шілде 2009 жыл

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371