Түркия әуелі түркіні емес, түрікті құтқарады!
Байқасам, Қытайдың сыртқы істер министрі Уаңийдің Түркияға сапарын әлеуметтік желіде бүкіл түркі жұрты қызу талқылап жатқан көрінеді. Көп пікір «Түркия неге Қытайдың аяғына жығылды?» дегенге сайып жатқан секілді.
Бұл тақырыпты жұрттың, әрине, қызу талқылайтын жөні бар. Батыстың алпауыттары түріктің қандас бауыры болған Шығыс Түркістандағы ұйғыр, қазақ, қырғыздарға «геноцид жасады» деп шулап жатқанда, Түркия басшысының Қытай сыртқы істер министрін дипломатияның жоғары құрметін көрсетіп, жайылып жастық, иіліп төсек болып күтіп алуы түркі туыстардың көзіне ерсі көрінгені анық. Сонымен бірге, күллі түркі баласының болашақта Түркияның басшылығында «Тұран одағын» құрып, әлемде есесі кетіп, еңсесі түскен түркілердің айдарынан және бір рет жел естірсек деген үміті мен арманы сетінеп кеткендей болды. Бар үміт артып отырған Түркияның Қытайдың құшағына құлауы – «сенген серкем сен болсаң, сидиған мүйізіңді сындырайын», дегізбегенімен, оларды шамдандырғаны рас. Сондықтан, түрікшіл белсенділердің түрік басшыларын жерден алып, жерге салуы, бір қарағанда, орынды сияқты.
Қазақта «ойлаған ойды қыстаған тұрмыс билейді», деген сөз бар. Біз алдымен ешқандай эмоцияға берілмей тұрып, Түркияның қазіргі саяси экономикалық жағдайын зерделеп, ағымдағы хал-жағдайын ғылыми түрде сараптап көрейік. Сосын бұл сұрақтың жауабы табиғи түрде табылатын болады.
Түркия әлемде экономикасы дамыған, әскери қуаты күшті елдердің қатарына жатады. Бірақ, ол бүкіл әлемге өз үстемдігін жүргізе алатын жойқын күш-қуатқа ие алпауыт ел емес. Соңғы он жылдан бері Түркияның саяси жүйесінде бірқатар тұрақсыздықтар жүз берді. Естеріңізде болса, 2016 жылы Анкарада саяси, әскери төңкеріс болып, соңында Ердоғанның жеңісімен саяси төңкеріс сәтсіз аяқталды.
Түркиядағы күрт сепаратистерінің елдің іші-сыртындағы опасыздықтары толастамады. Ал, Түркия билігінің оларға қарсы қолданған шаралары АҚШ-қа жақпай қалды. Түріктердің гректермен теңіздегі мұнай мен газға таласы Еуроодақ елдеріне ұнамады. Қысқасы, қазір Түркия саяси жақта Батыспен қырғи қабақ болып отыр.
Соның нәтижесі АҚШ-тың санкциясы мен Еуроодақтың саудада шектеулеріне алып келді. Сонымен, Түркия экономикасының дамуы тежелді. «Өзі сиқысыз туған бала еді, оны ит қапса не болды», дегендей, өзі шатқайақтап тұрған экономикаға әлемдік пандемия қосылды. Бұл Түркия экономикасына тіпті, үлкен соққы болды. Бәрімізге белгілі, түріктердің негізгі кіріс көзі – туризм. Әлемді жайлаған бұл індет түрікті сол кіріс көзінен айырды. Соңында түрік орталық банкінің валюта қоры шұғыл азайып, 2020 жылы түрік лирасы 20%-ға құлдырады. Түрік лирасы онсызда 2012 жылдан бері жылдық орташа құнсыздану мөлшері 10%-дан артып, үздіксіз құлдырап келе жатқан болатын. Лира сегіз жылдың ішінде жалпы 300%-дан артық құнсызданды. (2012 жылы бір АҚШ доллары 1.8944 лира болса, 2020 жылға келгенде бір АҚШ доллары 7.6239 лираға тең болған). Валюта қоры былтыр жылдың басында 80 миллиард доллар болса, жылдың соңында жартысына жуығы жұмсалып, 45,38 миллиард АҚШ долларына азайған. Бұл соңғы 15 жылдан бергі ең төменгі деңгей.
«Moody's Investor Service» халықаралық рейтинг агенттігі осы көрсеткіштерге негізделіп, Түркияның валюта резервтерінің үздіксіз төмендеуі халықаралық төлем балансын қауіп-қатерлерге ұшыратып, экономиканы құрылымдық қиындықтарға апарып соқтырады және қаржылық көпіршіктер тудырады деп болжады. Сонымен Түркияның егемендік кредиттік рейтингін B1-ден B2-деңгейіне төмендетті. Бұл соңғы 20 жылдағы ең төменгі деңгейдегі көрсеткіш.
Түркия дәл қазір осындай «ары тартса арба сынатын, бері тартса өгіз өлетін» қиын жағдайда тұр. Енді не істеу керек?
Әрине, экономиканың заңдылығы бойынша, «таңдаудың өзіндік құны» төмен жағын қарастырады. Яғни, түркіні қоя тұрып түріктің жағдайын ойластырады.
Ал, Түркияның көңіл-күйін дөп басқан Қытай осындайда Түркиямен экономикалық ынтымақтастықты жоғары деңгейде дамытқысы келетінін білдіріп, қарыздан-қарызды беріп, кеудесін батысқа бастырмаған батыр Ердоғанды ақыры аяғына жықты.
Дәл қазір Түркия президенті Ердоғанға бұдан басқа таңдау жоқ. «Сауда да дос та, дұшпан да жоқ, тек пайда ғана бар». Бұны түріктер әбден жақсы біледі. Сондықтан, Қытай мейлі ата жау болса да түрік бәріне келісуге дайын.
Мен Түркияның бұл қарекетін дұрыс деп есептеймін. Мемлекет эмоцияға емес, мүддеге құрылады. Әлбетте, ең бірінші өз халқының мүддесін ойлауы қажет.
Түркия – төрт жүз жыл үш құрлықты билеген ұлы империя болған ел. Осман империясы құлағаннан бастап, 1991 жылға дейін азуын айға білеген алпауыттармен жалғыз алысып келе жатқан түркілердің ішіндегі бірден-бір көкжал. Ол осы уақытқа дейін, мұндай қиындықтың талайын бастан өткізді. Өзінің мемлекеттілігін сақтап қалу үшін бетегеден биік, жусаннан аласа болып, жан алысып жан берісіп келді. Құдай кесірінен сақтасын, Түркия бұл сынақтан да аман өтеді.
Сондықтан әлемдегі түркілер Түркияны айыптауды доғарып, қайта Қытаймен саудада Қытайға қалай жем болмаудың жолын көрсетуі керек!
Ербосын Нұрмұханұлы
экономист
Abai.kz