Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 1972 0 пікір 7 Наурыз, 2021 сағат 21:46

Қазақстан әскерилерінің бітімгерлік жолы

Қазақстан әскерилері түрлі бітімгерлік миссияларға қатысып, өзге елдегі қақтығыстарды тоқтатып, татулық туын тігуге атсалысты. Атсалысып келеді. Өйткені бітімгерлік дегеніміз тек жақсылық емес, ұлттық және мемлекеттік қауіпсіздіктің бір бөлшегі. Бітімгерлік күштері қақтығыс ошақтарынан түрлі тәжірибе жинап қайтады. Жарылғыш заттарды залалсыздандыру, әлеуметтік апат кезінде қызмет ету, қақтығыс ошақтарында ұрыс қималдарын бағамдау. Бұл әскери әлеуетті көтерудің бір жолы. Бітімгерлік күштеріміздің тарихына тоқталып өтсек.

1992 жылы Орталық Азиядағы ең қанқұйлы соғыстың бірі басталды. Тәжікстанда азамат соғысы бұрқ ете қалды. Мемлекет бейбітшілікті өз қолымен қамтамасыз етуге қауқарсыз еді. Сондықтан да Тәжікстандағы соғысқа Ресей, Өзбекстан, Қазақстан және басқа да посткеңестік елдер бітімгерлік күштерін жіберуді жөн деп тапты. 1992 жылы 10 қыркүйекте қазақстандық 300 сарбаз Тәжікстанға келді. Артынша олардың саны артып, 2000 жылға дейін 10500 сарбаз Тәжікстандағы бітімгерлік миссиясын атқарды. 1995 жылы 7 сәуірде Қазақстан бітімгерлік күштері содырлардың қоршауында қалып, 4 сағат бойы кескілескен шайқасқа түсті. Шайқаста 17 отандасымыз оққа ұшты. Ал жалпы Тәжікстандағы бітімгерлік миссиясында 54 қазақстандық жауынгер қаза тапты, жоғалып кетті.

Артынша Қазақстан жауынгерлері Ирак соғысында бітімгерлік миссиясын атқарды. НАТО аясында ұйымдастырылған "Иракқа еркіндік" операциясының бір мүшесі болып, 2003-2007  жылдары Ирак аумағын жарылғыш заттан залалсыздандырды. 4,5 млн минаны залалсыздандырған біздің жауынгерлеріміз талай бейбіт тұрғынның өмірін сақтап қалды. Бітімгерлік миссиясына 270 жауынгер қатысты, бір жауынгер жарылғыш заттың жарылуынан қаза тапты.

2015 жылы 15-маусымда Қазақстан бітімгерлік күштеріне қатысты арнайы заң қабылданды. Қазіргі таңда бітімгерлік күштеріміз Ливанда, Батыс Сахарада және басқа елдерде миссияларға қатысуда. Бітімгерлік күштерінің толағай тәжірибесі маңызды. Бұл заманауи әскерді қалыптастырудың бір аспектісі.

2018 жылы қазақстандық бітімгерлік күштері Ливанға аттанған болатын.
Қазақстанның Ливандағы бітімгерлік күштері БҰҰ тарапынан ұйымдастырылған «RITEX» жаттығуына қатысты. Жаттығудың мақсаты қауырт жағдайда жылдам шешім қабылдауды, жауға соққы беру мен тез әрекет етуді тексеру, өзара тәжірибе алмасу болып табылады.

Жаттығу барысында қазақстандық бітімгерлік күштерін майор Жанат Бирбаланов басқарды. «Алты ай ішінде біз түрлі жаттығуларға ұдайы қатысып отырдық. Ол жаттығулар Үндістан тарапынан да, БҰҰ тарапынан да ұйымдастырылды. Қазақстандық бітімгерлік күштері өздерінің жоғары дайындықтарын көрсетіп, БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері тарапынан жоғары бағаға ие болды. Бұл Қазақстан әскерилерінің өте жоғары қабілетке ие екенінің айқын дәлелі», - деді Жанат Бирбаланов.

Біздің Ливандағы бітімгерлік күштері тек қана тыныштықты күзетіп қоймай, өздері де ұдайы қауіптің ішінде жүреді. Өткен жазда Бейрут қаласында болған жойқын жарылыс кезінде де бітімгерлік күштері қалаға жақын маңда болған. Жарылыстың жойқын болғаны соншалық, 113 адам қаза тауып, 4000 адам жарақат алған еді. Ал жоғалып кеткендер бірнеше жүзді құрайды. Қаланың жартысы тас-талқан болды. Қазақстандық тарап бітімгерлік күштерінің өміріне алаңдаушылық білдірген болатын, алайда біздің жауынгерлеріміз аман-есен, жарылыс ошағынан алыста екені анықталды.

2019 жылдың 19-мамырында Қазақстанның бітімгерлік күштерінің алғашқы легі Ливаннан оралды. Олардың қызметін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалап, алғыс білдірді.

Қазақстандық бітімгерлік күштері Қара құрлықта да өз міндеттерін атқарып жүр. Сондай аймақтың бірі Батыс Сахара. 1975 жылдан бастап Батыс Сахара аумағында әскери қақтығыс болып жатыр. Этникалық және діни алауыздық бір сәтке тоқтаған емес. Батыс Сахарадағы халықтың тәуелсіздік жолындағы күресін қолдайтын Полисарио фронты о баста Испаниядан тәуелсіздік алу үшін соғысса, артынша Марокко мен Мавританиядан азаттық алу үшін арпалысты. 1991 жылы соғыс тараптардың келісімге келуімен аяқталды. Міне дәл осы жылдан бастап БҰҰ аталмыш аймақта бейбітшілікті сақтау үшін бітімгерлік миссиясын бастады. Оның мақсаты Батыс Сахара халқының дұрыс таңдау жасауына көмектесу. Халық Мароккоға қосылуды таңдаса да немесе тәуелсіздік алуды қаласа да бастысы қан төгілмей, процесс бейбіт мақсатта іске асуы тиіс. Қазақстан 2013 жылдан бастап осы миссияның бір бөлшегі болып келеді.

Тіпті отандасымыз подполковник Ерлан Жортанов Батыс Сахарадағы әскери базаның командирі болып тағайындалып, бітімгерплік миссиясын жоғары дәрежеде абыройымен атқарып шықты.

Ерлан Жортанов өзінің миссия барысында атқарған қызметі жайлы былай дейді: «Түрлі ұлттар, түрлі тілдер мен діндер. Әрқайсысының тілін тауып, ішкі мәселесіне үңіле білу керек. Сондықтан мен 24 сағат бойы, аптасына жеті күн қатарынан, демалыссыз жұмыс істедім. Ұжымда әр азамат бір-бірін сыйлауы тиіс деген принципті қойдым. Басқару барысында айтарлықтай қиындықты тіл жағы ғана туындатты. Батыс Сахарада көбіне араб, испан және ағылшын тілдерінде сөйлейді».

БҰҰ-ның «Бирлау» әскери бақылау базасына ең жақын елді-мекен 500 шақырым жерде еді. Солтүстік Африкада борышын өткерген әскерилердің денсаулығы бір айдан кейін нашарлап, психологиялық ауырлықтар пайда болған. Сондықтан ұжымды серпілтіп алу мақсатында Ерлан Жортанов түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырып отырған. Әскерилер арасында әйел азаматтар да болған. Себебі БҰҰ-ның бітімгерлік миссиядағы гендерлік саясаты былай бөлінген: 80% ерлер мен 20% әйелдер қауымы болуы тиіс.
«БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларында бірнеше жыл қызмет атқарған әскерилер бар. Олар барлығын білеміз деп селқостық танытатын. Ұйықтап, өз шаруаларын жасауды ғана ойлайтын. Олардың әрқайсысымен жеке сөйлесіп, мәселені шешуге тура келді», - дейді Ерлан.
Бітімгерлік күштерінің қызметі демалыссыз жүзеге асады. Әр күн таңғы сағат 06:00-де жаттығу жасаудан басталады. Артынша бақылау жүргізу үшін көліктерді дайындайды.

БҰҰ бітімгерлік күштерінің басты міндеті өздеріне қарасты аймақты бақылап, көлікпен барлау жасап, жағдайға мониторинг жасап отыру. Офицерлер күніне үш мәрте көлікпен бақылау жасап шығады. Бірінші бақылау құмды далада 200-300 шақырым жолды жүріп өтуді талап етеді. Екінші бақылау кезінде жергілікті халыққа қажетті қоймалар мен БҰҰ бітімгерлік күштеріне қажет резервуарлар толтырылады. Ал үшінші бақылау тікұшақ арқылы іске асады. Онда бітімгерлік күштері аймақты тұтас айналып өтіп, жағдайды қарайды. Түскі асты әскерилер әскери базадан ішеді. Әр әскеридің тамағына күніне 24 долларға жуық қаржы жұмсалады. БҰҰ бітімгерплік күштеріне қатысатын сарбаздар тамақты алдын-ала тапсырыс беру арқылы да ала алады.
Түскі астан кейін құжаттармен жұмыс жасалып, жағдай бойынша орталық штабқа хабарлама жіберіледі. Артынша екі сағат демалыс, одан кейін спорттық ойындар болады.

Кешкі астан кейін әр офицер өзінің жеке жұмысын атқара алатын. Олардың әр біреуінде өзіндік міндеті болатын. Мысалы ақпаратпен жұмыс істеу немесе анализ жасау.

Бітімгерлік күштеріндегі ең маңызды дүние ол темірдей тәртіптің болуы. Жыл бойы күн сайын бір жұмысты қайталап жасай беру кез келген жанды қажытып, психологиясын шаршатып жібереді. Сондықтан база командирі оны біліп, сарбаздарды үнемі қанаттандырып отыруы міндетті. Ерлан Жортанов ол қызметін өте жақсы атқарып шыққан.

Қазақстан Африкадағы бітімгерлік күштері бойынша миссияны осымен тоқтатпайды. Бізге құмды Африкада әскери тәжірибе жинау маңызды. Себебі еліміздің кей жерінің ландшафты осыған өте ұқсас болып келеді.
БҰҰ әскери полиция, саперлар мен әскери медиктердің қажеттілігі бойынша үндеу тастады. Қазақстан осы үндеуге сәйкес бітімгерлік күштері ретінде әскери медиктерді жіберуді көздеп отыр. Медицина қызметкерлері түрлі жарылыстан жарақат алған, вирустық ауруға шалдыққан халық пен әскерилерді емдемек. Бұл біздің елімізге қажет тәжірибе. Бұл жолы да Қазақстанның бітімгерлік күштері Африка аймағына аттануы мүмкін.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385