Үлкен әдебиеттен үлкен киноға
Әдебиет мәселесінің айналасында бас қатыру керек болса, бүгінгі таңда оқылмай жатқан кітаптардың мұңын мұңдаймыз. Кино туралы сұрақ туындаса, отандық және бүкіләлемдік киноөнімдердің кассасы мен таралымы туралы статистикалық мәліметтерге жүгінеміз. Бірақ сол сөз өнері жайында да, оның экранизацияланған түрі турасында да жан-жақты талдап, алыс жақынды салыстырып, келелі әңгіме айта алмаймыз-ау. Асса, Кеңес үкіметімен салыстырып тынамыз. Одан қалды бүгінгі Ресей мен ТМД елдері. Тар ауқымнан сытылып шығып, барды бар, жоқты жоқ деп айтатын адам бар ма өзі?
Бар екен. Әне-міне Франция еліне кинофестивальға жол жүргелі отырған режиссер Ермек Тұрсыновпен әңгімелестік.
Әдебиет мәселесінің айналасында бас қатыру керек болса, бүгінгі таңда оқылмай жатқан кітаптардың мұңын мұңдаймыз. Кино туралы сұрақ туындаса, отандық және бүкіләлемдік киноөнімдердің кассасы мен таралымы туралы статистикалық мәліметтерге жүгінеміз. Бірақ сол сөз өнері жайында да, оның экранизацияланған түрі турасында да жан-жақты талдап, алыс жақынды салыстырып, келелі әңгіме айта алмаймыз-ау. Асса, Кеңес үкіметімен салыстырып тынамыз. Одан қалды бүгінгі Ресей мен ТМД елдері. Тар ауқымнан сытылып шығып, барды бар, жоқты жоқ деп айтатын адам бар ма өзі?
Бар екен. Әне-міне Франция еліне кинофестивальға жол жүргелі отырған режиссер Ермек Тұрсыновпен әңгімелестік.
- Алдымен «Шал» фильмі туралы айтсаңыз?
- Бұл - символикалық формулалар ағынына, жұмбақтарға, ребустарға тұнып тұрған фильм. Көрерменді пайымдау, ойлану қабілетін сынап көруге шақырамын. Өте қатерлі ойын. Өйткені, «кинодан ой түю керек» деген ұғымды баяғыда ұмытқанбыз. Попкорн қаужап отыратын ордаға айналған кинотеатрда миды іске қосу қажет болмай қалған. Керісінше, ойланар қабілеті жоқ бастар керек қазіргі киноға. Ал көрермен менің ұсынысымды қабыл алса, онда өз «менінің» тұңғиығына үлкен саяхат жасайды. Ол ізденіс-сапардың қазіргі қазақтың пайым-түсінігімен ғана шектеліп қалғанын қаламаймын.
Мен бар болғаны өзіме етене жақын ұлттық материал арқылы жалпыәлемдік ізденіс дәрежесіне жетуді көкседім. Ол мақсатқа қаншалықты жақындағанымды өзім айқындай алмаспын. Бір білетінім - әлем ұғатын тілде сөйлесең, әлемнің сені естіп-түсінуіне мүмкіндік те молая түседі. Қазір тұтас әлем жабайы урбанизация шыңырауына құлап кеткенін бар болмысыммен сеземін. Ол қасірет бізді-қазақтарды да айналып өткен жоқ. Жуырда картинаны Канн фестиваліне жолдадық. Іріктеу жүріп жатыр екен. Негізгі байқауға өтсек, жақсы болар еді. Өтпесек - өкінбеймін. Сол байқаумен өмір тоқтап қалмас.
- Сол «Оскар», «Канн», «Алтын пальма», секілді кинофестивальдар қаншалықты әділ өтеді?
- Адам төрелік айтқан жерде ешқашан әділдік болмайды. Әділдік Құдай төрелік еткен жерде ғана болады.
- Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесінің желісімен бұрын да әлем бойынша бірнеше фильм түсірілген болар? Олардың «шалынан» сіздің «шалыңыздың» айырмасы қандай?
- Айырмашылық көп. Шалдың өзі - көпқырлы белгі. Кішкентай, жұқалтаң. Ұлтымыз секілді. Ақкөңіл, сенгіш. Ешкімге зияны жоқ, мінезі жұмсақ. Аңғал, қонақжай. Бірақ оның ішінде басына күн туса, бұлқынып шыға келіп, айқаса кетерлік бір күш жасырынып жатыр. Ол кез келген жағдайға қарсы тұруға дайын. Тіпті, табиғатпен де тайталасып көруге бар, бірақ, оған бола ашуланып, қарғыс айтпайды. Табиғат анасы болғандықтан, оны жек көруге хақысы жоқ. Шал сол табиғаттың бір бөлшегі екенін, шалыс басса, табиғат-ана жазалауы мүмкін екенін жақсы түсінеді. Бірақ шалыс басып, жазаға ұшырайды. Аңшыларға жол көрсетемін деп, қасқыр-анаға қалай опасыздық жасағанын сезбей қалады. Ал түркі түсінігі бойынша бәріміз қасқыр-ананың құрсағынан тарағанбыз. Осы қателік жағдайды ушықтырады. Әуелде біздің шалды қаһармандық қырынан тану қиын. Рэмбоға ұқсап тұрған түгі жоқ. Алайда, «не сен, не мен» деген қилы кезеңге тап болғанда қария өзгеріп шыға келеді. Бойындағы ата-баба рухы мен күші оянады. Алтыншаш әулиенің мазарына түнеп, әруаққа сыйынуы тегін емес-ті (Бұл жерде Жаңару дәуіріндегі Інжіл мазмұнын ұстанған ұлы итальялықтардың картиналарына еліктегеніміз байқалар). Қария қой ортасында құрсақтағы перзенттей бүк түсіп ұйықтап жатыр. Қойлар ірі планда. Көздеріне үрей мен мұң ұялаған. Жалпы алғанда, қозы мен қой інжілдік жануарлар. Жаны қысылғанда Шал сасқанынан хайуандармен тілдесе бас-
тайды. Осы түсініксіз күш оның қатерден ықпауына көмектеседі. Тайсалмай қарсы тұрады. Ол біртіндеп көне тілде, өзіне ашуланған Дала-ананың тілінде сөйлеп кеткенін байқамайды. Ана оның үнін ести бастайды. Әуелде сене қоймайды: тұманда адастырып, боранда жауратып, қасқыр шаптырып, өксітіп, өкіндіріп әуреге салады. Шал осы сынақтың бәріне төтеп бергендіктен, Дала өз перзентін қайта қабылдап, өмір сыйлайды (Рембрант «Адасқан ұлдың оралуы»). Жарық сыйлар алдындағы тағы бір шарт - шал қалған өмірін немересіне арнауы керек. Ал немересі атасынан үйренген қасиетті өз ұрпағына сіңіруі керек. Осы сабақтастық жалғасқанда ғана бұл халық мәңгілік.
Картинамда біздің адасып кеткенімізді де айтпақ болдым. Біз өз жерімізде тұманда шатасқан шалдай адасып жүрміз. Дала жатқа айналды, оны тонағанымызға мәзбіз. Ана деп ардақтамадық. Сатып кеттік. Қыдырма қонақтар біз арзанға сатқан байлықты құныға сорып, тасып әкетуде. Өзімізден тек аздаған арсыз аңшылар ғана байып жатыр, қалған жұрт тиынын санап күнелтуде. Шын көрініс осы.
Оның үстіне біздің халықта ұйып тыңдайтын, аузы дуалы қарттар қалмады. Сөзден қадір кеткен. Менің киномда шалдың өз немересіне өмір құндылықтарын ұқтырып кетуі аса маңызды. Шал - жол сілтеуші. Ол білімді, сөзбен түсіндіру мүмкін емес бір кодты қалдырып кетуге міндетті. Код оған бабалар қанымен берілген. Өзінен басқа ешкім ұқтыра алмайды оны. Сол аманатты ту секілді, эстафета таяғы секілді өз ұрпағына ұстатып кетуі тиіс. Бірақ бұл да оңай шаруа емес. Біздің де түйсігіміз соған сай болуы керек. Қабылдауға дайын, лайық болуымыз керек.
Сонымен қатар, картина - қадірлі қарттармен қоштасу. Алыстағы ауылдарда қулық-сұмдықсыз, жер еміп ғұмыр кешкен қарапайым ақсақалдар баршылық. Уақыты келіп, біртіндеп келместің кемесіне мініп жатыр. Мына жалғанда көрген рахаты аз, соған қарамастан ардан аттамады, адал өмір сүрді. Мен сол лекпен қоштасып: «Сіздер жақсы әке бола білдіңіздер. Мың алғыс. Сапарға алаңсыз аттаныңыздар. Біз бәрін түсіндік, жерге қаратпауға тырысамыз», - дегім келді.
- Тақырыпты Хемингуэйден іздеуіңіздің себебі неде? Атақты жазушының аты арқылы фестиваль қазыларын үркіткіңіз келді ме, әлде қазақ әдебиетінде киноға айналдыратын шығарма жоқ па?
<!--pagebreak--><!--pagebreak-->
- Біріншіден, мен киноны байқауларда жүлде жинау үшін түсірмеймін. Ондай пиғылдағылар болған, жадатып жіберген. Екіншіден, Хэмингуэйдің дәл осы шығармасы қазақтың болмысына тура келіп тұр. Мен Хэмингуэй, Фолкнер, немесе Рембрандт, Караваджо, Веласкес, Ван Гог сынды жалпы адамзатқа ортақ кеңістікте еңбектенген алыптарды ұлттық шеңбер шектей алмайды деп санаймын. Сондықтан, олардың еңбектеріндегі ойларға нұқсан келтірместен әрі дамытуға ұмтыламын. Біздің мәдениет, біздің тарих адам баласы мақтанып жүрген ғаламаттардан артық болмаса кем емес дегім келеді. Жалпыадамзаттық құндылықтарға далалық, көшпенді, діни ұстанымдарымыз еш кедергісіз кірігіп жатыр. Тек осы күнге дейін не мүмкіндігіміз болмады, не баршамен тең дәрежеде тілдестіретін сөздер мен образдарды таба алмадық. Мен әлеммен кино тілінде сөйлесуге талпынып жүрмін. Себебі, киноның тілі - синтетикалық тіл. Онда әдебиет те, саз да, табиғат та, сөз де, ой мен мінез де бар. Бәрі тұтас. Сондықтан жапон киносын американдық туындымен шатастырып алу мүмкін емес. Кәрістікі немістікіне ұқсамайды. Дүниежүзінің кинолық картасында Үндістан деген ел барын жақсы білеміз. Қытай мен Иранды да. Еуропа мемлекеттері өзінше бір төбе. Әрқайсысының өз қолтаңбасы, айрықша стилі бар. Сол әлемдік кинематографияда қазақы бейне де пайда болатын уақыт баяғыда туған. Әлемдік өнерден ойып орын алуымыз керек. Сонда бізді Ауғанстан, Өзбекстан, Татарстан сынды көптеген «стандармен» шатастыруды қояды. Әзірге көп ортасында көміліп жатырмыз.
Ал қазақ әдебиетіне келер болсақ... Шынын айтқанда, әдебиет, кино сурет пен музыка жанрларындағы үлкен туындылар бай мемлекеттерде пайда болады. Бұл заңдылық емес. Дегенмен, тәжірибе соны көрсетіп отыр. Ал біз кедей елміз. Қай жағынан алсақ та - кедейміз. Макроэкономикамыздағы керемет жетістіктер туралы жылпос статистикаларға ешқашан нанбаймын. Мен өз көршім, зейнеткер Паша апайдың сөзіне сенемін. Бұрынғымен салыстырғанда, нан мен картоптың қаншаға қымбаттағанын сол кісі жақсы біледі. Сәті келгенде Дубайға барып тұрамын. Ол жерде де мұнай болып еді. Қазір Дубай мұнайы біткен, бірақ Әмірліктер тұтас өркендеп үлгерді...
Жапондықтарда «шын бай - бәрі бар адам емес, ештеңеге мұқтажы жоқ адам» деген мақал бар. Бізде көз тоймайды, сондықтан ешқашан байымаймыз. Аштықтың азабын тартқандар ашқарақ болады.
- Бұрынырақта берген бір сұхбатыңызда қазір әдебиет жоқ депсіз. Сонда әдебиет қоғамға керек емес болған соң жоқ па, әлде оны жоқ қылған жазушылар ма?
- Бұлай дегенде кітаптың төрден түсіп бара жатқанын меңзегенмін. Қалың кітап әдебиет болудан қалды. Мен өресі биік, шынайы әдебиет туралы айтып отырмын. Адамдар осы заман тудырған сұрақтарға кітап ішінен жауап таба алмайтын болды. Кітап деген қазір ақпарат көзі ғана. Бұл баршаға ортақ құбылыс. Интернет итеріп шығарып жіберді есіктен. Ол үшін жазушыларды да жазғыруға болмайды. Олар да құндылықтар өзгеріп, қайта бағаланатын кезеңге дөп келіп, құрбандық болып отыр.
- Ресей, АҚШ, Францияларда да солай ма?
- Ресейде де бұрынғыдай әдебиет жоқ. Ол жақта Ксения Собчактың анайы әңгімелері мен қылмыс әлеміндегі қырғындар көбірек қызықтырады елді. Басқа жауһарлар сынды әдебиет те о дүниеге аттанған. Ресейдің соңғы ірі жазушылары - Сергей Довлатов, Василий Аксенов, Иосиф Бродский және Фазыл Ескендір. Қалғаны - макулатура.
Америка мен Францияның да жетісіп тұрғаны шамалы. Мен АҚШ, араб елдерінде, Сирия, Иорданияда, Еуропа елдерінің біразында тұрып көрдім. Біразына сапарлап бардым, әлі де барып жүрмін... Не деуге болады? Елисей алқабы мен Манхэттендегі кітап дүкендеріндегі тауарларда еш айырмашылық жоқ.
- Әдебиеттің бүгінгі халі мүшкіл болса, мүмкін оның орнын кино басқан шығар?
- Үлкен кино қашанда үлкен әдебиет болған. Жақсы сценарий болмаса жақсы кино да болмайды. Сондықтан киноның ахуалы біздің ахуалымыздың айнасы. Картадағы әлем мемлекеттері арасында аутсайдер-елдердің бірі екенімізді мойындауымыз керек. Мен сыртта тұрып, туған топырақты аңсап оралған адаммын. Өз елімді кедейлігі мен қараңғылығына, дөрекілігі мен саудаға түсіп кеткеніне қарамастан шексіз сүйемін... Бұл мемлекетті қадірлегім келеді... Өкініштісі мемлекет өз азаматтарын қадірлемейді де, сыйламайды да... Дәлел ме? Мысалды мыңдап келтіруге болар. Тізбектеудің қажеті шамалы. Бәрімізге белгілі жайт. Бұған билік кінәлі емес, өйткені, билігіміз өзімізге лайық. Бұған президент те жазықты емес - оны да өзіміз сайлап алғанбыз. Біз парламент пен шенеуніктерді де босқа кінәлаймыз. Қасқырды қой жедің деп айыптауға бола ма? Бұның бәріне өмір формуласына айналып кеткен Өтірік кінәлі. Өтірік айту, алдау, кекесін. Осы үшеуі тіршіліктің үштағанына айналған. Осыған үйреніп кеттік. Ойыма еріксіз Ф.И.Тютчевтің мына сөзі оралып отыр: «Ұлы Петрге дейінгі орыс тарихы - жаппай жаназа, Петрден кейінгісі - өңшең қылмыстық іс». Тютчев сөздің қадірін біледі.
- Біз қазір киноны Қазақстан халқы үшін түсірсек, одан айтарлықтай пайда таба алмаймыз. Шетел үшін, кинофестивальдар үшін түсірсек, бас жүлде ала алмаймыз. Солай ғой? Осының себебі неде? Қазақстанның АҚШ, Жапония секілді алпауыт ел емес екендігінде емес пе? Әлде мәселенің бәрі киногерлердің нашарлығында ма?
- Батпақ болса, бақа табылады. Бізді батпаққа қуып тыққан. Сонда қуана өмір сүріп жатырмыз. Күткенің не? Соқырлар елінде бір көзі бар адам да көріпкел. Мылқаулар елінде кекеш те шешен. Айналаңа қарашы. Санымыз қанша? 10 миллион? Бәрімізді жинаса Пекиннің бір көшесіне сыйып кетеміз. Тіпті, орын артылып қалады... Қытайлардың: «Сендер бәрің бір-бірлеріңді танитын шығарсыңдар» деп жүргені тегін емес. Біз расымен де бір-бірімізді жақсы танып алдық, кімнен не күту керектігін де жақсы білеміз. Тәуелсіздіктің 20 жылында адасқаққа ұрынған, шаласауатты буын өсірдік. Олар өздеріне не керегін де білмейді. Өзгеге еліктегіш. Тыңдап отырып Бейонс пен Леди Гаганы ажырата алады, ал Құрманғазы мен Дәулеткерейді айыра алмасына бәс тігуге болады. Осылайша өз болмысымызды жоғалтып алдық, біреулерге ұқсауға құлшынып жүрміз. Ал әлемде ұлттық ерекшелік аса жоғары бағаланады. Әр ұлттың өз ұстанымы болуы керек. Бұлай кете берсе жағдайымыз бұдан әрі де нашарлай бермек.
<!--pagebreak--><!--pagebreak-->
Жуырда бір ақпарат елең еткізді. Салиқалы адамдар білім туралы баспасөз-мәслихатын беріп жатыр. Тақырыптар арасындағы «Қай Жоғарғы оқу орнын жемқорлық қатты дендеген?» деген сұрақ аса қызық көрінді. Біздің мықтылар жемқорлықты өлшейтін де құрал ойлап тапқан-ау. Мейманасы асып, дерті асқына бастағандарды көрсетіп, анықтап бере қояды. Яғни: жемқорлықтың шегі де болады-мыс. Біреулер сол шектен асып кетіп жазалануда, енді біреулер азырақ асағаны үшін жақсы атануда. Ең қызығы жемқорлар тізімі де бар. Басындағылар - жемқорлық жарысының чемпиондары. Ал халық үшін тізімнiң соңында салпақтап жүргендері тиімділеу болып шығады. Осы қисық ұғыммен жүре берсек, «әлеуметтанушыларға» ұры, парақор, алаяқтардың қайсысы жақсы, қайсысы жаман деп рейтинг түзу оп-оңай шаруа. Түбінде «қай соттың құлқыны кең», «ең ақымақ жол полицейі», «менттердің ең озбыры кім», «суайт саясаткерді атаңыз» деген тақырыптарда байқау өткізуі де мүмкін...
Мен әсіреміншіл адам емеспін. Студент кезімізде біз де ғылыми коммунизм ұстазының саяжайында ақ тер, көк тер болып бақша қазғанбыз. Сынақтан солай өткенбіз. Алайда, сынақ кітапшаларына бір мұғалім қол қоюы үшін бүкіл курс топ жетекшілеріне белгіленген мөлшерде ақша жинапты деген сұмдық үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген. Сондықтан біздің елдің жарқын болашағына деген сенімім шамалы. Тағы «кім кінәлі?» деген сұрақ алдыңнан шығады. Білім министрі ме? Бұл жерге оның қандай қатысы бар?
Сонда жоғарыдағы салиқалы адамдар мемлекеттің деңгейі қалай құлдырап бара жатқаны туралы баспасөз-маслихатын өткізген болды. Болашақ халықтың деңгейі туралы. Сол деңгей өте төмен екенін іш сезеді. Бұдан шығар қорытынды? Қорытынды біреу - қазіргі пассионарлардың сойы бөлек. Бізге өз ережелері мен өмір сүру үрдісін тықпыштап отыр. Біздің жеңістер өткеннің еншісінде қалғандықтан, тарихқа орала береміз, бүгінгімізде мақтанатын түк жоқ. Биік мінберлерден жоңғарды қалай жеңгенімізді лепіре айтып, батырларға ескерткіш қоюымыз - бұрынғы өрлігімізді жоқтау ғана. Әлсізге айналғанымыз жегідей жеп барады. Өткеннен еншілегеніміз өркөкіректік қана, осы күні оған тірек болар түгіміз жоқ. Өзгелер жасаған заттар әлемінде өмір сүріп жатырмыз. Солардың киімін киеміз, солардың керемет жабдықталған көлігімен жүреміз, телефондарымен сөйлесеміз, солардың оқу орындарына балаларымызды жіберуді армандаймыз. Соған қарамастан - реформашылмыз. Реформашылдық - ел билеу саясатының жоқтың қасы екенін жасыру үшін ғана жасалатын шаруа.
- Интеллигенция туралы айтыңызшы. Біз осы түсінікті қалай қабылдап жүрміз?
- Адам мың кітап оқуы мүмкін. Осыдан соң данышпан болып кетеді деп ойламау керек. Әрі кетсе екі аяқты анықтамаға айналар. Мәселен, Әлімжан деген қарт көршім болған. Бар ғұмырында екі кітаптан артық оқығанына күмәнім бар. Есесіне Әлімжан ата сөйлесе, айналасына жұрт жиылып, ауыздары ашылып қалатын. Дана сөздерді түйдегімен тастайды. Әрине, бұным сәтті мысал емес шығар. Мәселен, ұстазым атақты мәскеулік кинодраматург Валерий Фрид бір әңгіменің арасында: «Мәдениетті адамның үстелінде аса маңызды оншақты кітап жатуы керек», - деді. «Ол қандай кітаптар?» - деп сұрап ем, ұстазым: «О-о-о! Оны анықтау үшін қыруар кітап оқу керек!», - деп жауап қайтарды.
Зиялы дегенді әркім әр түрлі түсінеді. Өзім шынайы зиялы, жас әрі дарынды, қабілетті адамдарды білемін. Көбі шетелге кету туралы, ең құрығанда басқа бір мемлекетте келісімшарт арқылы жұмыс істеуді көксеп жүр. Басқаның туының астына жиылып, қызмет етуге даяр. Бұл үшін оны кінәлауға бола ма? Өзім шетелдерді аралап жүргенде өз дарыны қажет болмағандықтан амалсыз ауа көшкен ғалым, дәрігер, инженер отандастарымызды көп кезіктірдім. Барлығы дерлік қазақ тілін білмейді, бірақ, қазақылықты қатты сағынады. Қазақша сөйлесең естері кетеді. Рождествоға қатырып тұрып ет асады... Олардың біздегі Отанға деген махаббатын пайда табу құралына айналдырып алған жалған-зиялы, жалған-патриоттардан әлдеқайда адал, пәк ұстанымда екені анық байқалып тұрады. Біздегілер өз махаббатын жарнамалау арқылы жақсы ұпай жинауда. Ал, арды ойлағанның Отанға деген қасиетті сезімді айғайлап, жұртты жинап алып жарияламайтыны бесенеден белгілі.
Бұрындары зиялы деген түсініктің ақсүйек деген баламасы болған. Ақсүйектер - тектілердің билігі. Ұлттық элита. Ақсүйектер мемлекеттің бетке ұстары ғана емес, ел басына күн туса, бірінші болып басын бәйгеге тігетін топ болған. Қазіргі элитаның ішінен мемлекет болашағы үшін өмірі түгілі, жақсы тұрмысын құрбан еткісі келетін ешкімді көріп тұрған жоқпын. Түсінесің бе, қырандары жойылған далада құзғын қаптап кетеді. Неге бұлай қатты айттың дерсің. Орыста П. Я. Чаадаев деген атақты әдебиетші болған. Сол: «Өз ота-
нымды кекеткенді, күйіндіргенді жөн санаймын, бастысы алдамауым керек», - деген. Чаадаевті қоя тұршы! Пушкиннің өзі: «Әрине, мен өз Отанымды бастан-аяқ жек көремін, алайда, бұл сезімге шетелдік ортақтасса өзегімді өкініш өртей бастайды» деді емес пе...
- Байқағаным, сіз шетелдік тұлғалардан мысалды көптеп келтіреді екенсіз. Шыныңызды айтыңызшы, сіз Әлихан мен Міржақыптың еңбектерімен таныссыз ба? Жарасқан мен Сайынның жазғандарын оқыдыңыз ба?
<!--pagebreak--><!--pagebreak-->
- Жарасқан екеуміз дос болдық. Екеуіміз бірігіп алып ішетінбіз дей алмаспын, бірақ көкіректегі қимас сырды бөліскен кездеріміз көп болды. Менің пайымдауымша, біздегі ақындардың арасындағы ең сезімтал, қорғансызы сол еді. Қалжыңбас, езуі жиылмайтын жайдары мінезіне қарамастан оның қағілез болмысы мен шапшаң жүрісінен, жалбыраған шашынан бір нәзіктік байқалып тұратын. Ол - нағыз ақын. Болмысы шынайы. Қалай өмір сүрсе, солай жырлады. Сайын ағаны да өзімсініп «досым» деп атай алармын. Аға-дос. Мен Мәскеуде оқып жүргенде келіп тұратын. Бір-екі мәрте жатақханама да бас сұғып шықты. «Аштан қатып жүрме», - деп ақша ұсынатын. Бұндай жақсылықты ұмытуға бола ма? Ал, Әлихан, Мағжан, Ахмет, Мұстафа, Сәкендерге келер болсақ... Есіңде болса, біз 80 жылдардың соңы, 90 жылдардың басында Жазушылар одағы жанынан әдеби аудармаға арналған коллегия құрып едік. Біз деп отырғаным - Мұрат Әуезов, Бақыт Қайырбеков, Қайрат Бақбергенов, Бақытжан Қанапьянов, Сәтімжан Санбаев... Бәрін атап шығу мүмкін емес. Оған дейін бізде тек жолма-жол аударма кең қолданылып келіп еді. Қазақ жазушылары біздегі «шеберлерге» қолақысын төлеп, шығармасын қарадүрсін түрге аудартып алатын да, сол қолжазбаны Мәскеуге жіберетін. Ал, ол жақта ақылды еврейлер әдеби-мағыналық тәржімасын жасайды. Бұл қазіргі делдалсыз өркендемейтін саудамыз сынды мандымаған тірлік еді. Шығармадан қазақы иіс, тіліміздің шұрайы жоғалып кететін. Ал, біздер болсақ мәскеулік мықтыларды шаң қаптырып, түпнұсқадан тікелей тәржімаладық. «Шолпанның күнәсі», Шәкәрімнің «Үш анығы», Абайдың «Қара сөздері», т.б. көптеген шығармалар дәл сол кезеңде өзге тілде жарық көрді. Ақселеу Сейдімбеков екеуміз бір кабинетте оты-
ратынбыз. Жиі дауласып, тіпті, ұрсысып қалатынбыз. Бірақ ол даулардың жемісі жақсы, нәтижелі еді. Энциклопедиялық білімі бар адам болатын... Ал қазір біз «кім нағыз қазақ?» деген сынды тақырыптар төңірегінде көп шулаймыз, айғайласамыз. Ақымақтың өнбес дауы. Осының бәрін қорыта айтқанда, мені қазақ әдебиетіне өгей бала етіп көрсетудің орайы келе қоймас. Мен көбімен таныс-біліс болдым, көз жұмғандарының да, тірілерінің де, атақты-атақсыздарының да шығармаларын көзмайымды тамызып аударғандықтан, әр қайсысының қадірін білемін.
- Түсінікті. Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен Арман ӘЛМЕНБЕТ
«Қазақ әдебиеті» газеті