«ЖАҢАӨЗЕН ІСІ»: ТҰТҚЫНДАРҒА ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ЖАСАҒАНДАРДЫҢ АТТАРЫ АТАЛА БАСТАДЫ...
Ақтауда өтіп жатқан сот процесінің 12-сәуір күнгі 13-ші отырысында, Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің сондағы мүшелерінің хабарлауынша, сотталушыларды сұрау жалғасып, кеше өзінің тергеу кезінде мұнайшыларға қарсы берген көрсетулерінен үзілді-кесілді бас тартқан және билік өкілдерінің өзіне қатысты қылмысты іс-әрекеттерін (қорқытып-үркіту, ұрып-соғу, азаптау) әшкерелеген Таңатар Қалиевтің сөздері бүгін өзгелер тарапынан келтірілген жаңа фактілермен одан әрі растала түскен.
Естеріңізге сала кетейін - бұған дейінгі сот отырыстарында тергеушілердің зорлық-зомбылық көрсеткен заңсыз іс-әрекеттері жөнінде Т.Қалиевтен басқа сотталушылар Есенгелді Әбдірахманов пен Нарын Жарылғасынов та айтқан болатын.
Әрине, әр сотталушының жағдайына олардың өз жеке бастарына байланысты ерекшеліктер тән, алайда баршасын «біріктіретін» ортақ факті - тергеушілердің көрсетулерді тұтқындардың қай-қайсысынан да күшпен алғандығы көрінеді.
Және бір назар аударатын жағдай - азаматтарды ұрып-соғушылар көбінесе беттерін маскамен жауып алғандықтан, сотталушылар олардың аты-жөндерін атай алмай, прокурорлардың мұны біле тұра соны талап еткен сұрақтарына нақты жауап беруге қиналып қалатындығы түсінікті болса керек.

Ал, өзіне сөз кезегі келгенде осынау объективті «дәстүрді» бұзған сотталушы Мақсат Досмағамбетовтің: «Мені ұрып-соққандар - Нұржан Жандарбеков, Жаңаөзен қалалық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Әбдірасул Өтешев және Каманбай Әуезов», - деп, анық көрсетуі - бүгінгі сот отырысының негізгі оқиғасы болды. Рас, ол соңғысының қызметін айта алмаған, бірақ аты-жөні аталған полицейдің қызметін анықтау қиын болмаса керек. Ал біріншісі - бастапқыда Талғат Сақтағановтың тергеу ісін жүргізіп, одан соң «жәбірленуші» болып мойындалуына байланысты осыған дейінгі репортаждарда әлденеше рет тілге тиек болған тергеуші Жандарбековтің дәл өзі.
Сондай-ақ, сот отырыстарында «жәбірленушілер» ретінде сұралған бірнеше полицейді сотталушылардың алаңда оқ атқандар және өздерін ұрып-соққандар ретінде танығандығы жөнінде ілгерідегі репортаждарда айтылғаны естеріңізде болар. Ал, бұған керісінше, сұралған полицейлердің басым көпшілігі 37 сотталушының ешқайсысын алаңда қандай да болса қылмыс жасады деп айта алмаған, тіпті, олардың не үшін жауапқа тартылғандығына түсінбеушілік, таңданыс танытқан. Кейбіреулері өздеріне тас лақтырғандардың мұнайшылар емес, мүлде басқа, әлдебір қара киім киген жастар екендігін айтқан. Сондықтан көбі өздерінің талаптарынан бас тартқан.
Құлаққағыс: Ақтауда он күн іссапарда болып қайтқан Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің төрағасы Рамазан Есіргепов пен «Правда Казахстана» газетінің тілшісі Шәріп Құрақбай 10-сәуір күні Ұлттық баспасөз клубында баспасөз мәслихатын өткізіп, сот процесінде көздері жеткен ақиқаттар жөнінде баяндап берді және сұрақтарға жауап қайтарды. Екі азаматтың ойларына түйген негізгі ақиқатты қысқаша қайырсақ, ол - 16-желтоқсан күнгі қанды сойқанды қазір сот өткізіп жатқан биліктің өзі алдын-ала дайындап, жүзеге асырғандығын және, бұған керісінше, сотталушы орнында отырған 37 мұнайшының ол сойқанға ешқандай қатысы жоқ екендігін дәлелдейтін мағлұматтар шоғырының күн өткен сайын молая түсуі...
Жасарал Қуанышәлин,
Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің
ақпараттық топ жетекшісі.
Алматы қаласы,
2012 жылдың 12-сәуірі.
«Абай-ақпарат»