Әмірхан Балқыбек. Қазақ жазушысы Нобель сыйлығын қашан алады? (жалғасы)
Бiрде Францияның ұлы әдебиетiнiң тарихында адам күлерлiк һәм қынжынарлықтай оқиға болыпты. Поштаға маңдайшасында «Au plus grand poete de France» - «Францияның ең ұлы ақынына» деген жазуы бар хат келiп түспей ме? Поштадағылар хатты атақты «Аласталғандардың» авторы Виктор Гюгоға жөнелтедi. Қайран тектiлiк, Гюго хатты ашпастан Альфред де Мюссеге, Мюссе өз кезегiнде сырбаздық танытып Ламартиннiң үйiне жiберткiзедi. Ламартин де өзiн ұлы ақын санамаған ба, хат ақыры айналып Гюгоның өзiн тапқанда, конверттi амалсыз ашуға мәжбүр болған әйгiлi романтиктiң таңқалғанын көрсеңiз. Сөйтсе хат бiр белгiлi газеттiң жексенбiлiк нөмiрiне ұйқаспен жазылған фельетондары жарияланып жүретiн өлеңшiге арналған екен. Талғамға талас жоқ деген рас болса керек. Уақытында париждiк әдеби ортада бiраз күлкi тудырған оқиға осындай.
Бiрде Францияның ұлы әдебиетiнiң тарихында адам күлерлiк һәм қынжынарлықтай оқиға болыпты. Поштаға маңдайшасында «Au plus grand poete de France» - «Францияның ең ұлы ақынына» деген жазуы бар хат келiп түспей ме? Поштадағылар хатты атақты «Аласталғандардың» авторы Виктор Гюгоға жөнелтедi. Қайран тектiлiк, Гюго хатты ашпастан Альфред де Мюссеге, Мюссе өз кезегiнде сырбаздық танытып Ламартиннiң үйiне жiберткiзедi. Ламартин де өзiн ұлы ақын санамаған ба, хат ақыры айналып Гюгоның өзiн тапқанда, конверттi амалсыз ашуға мәжбүр болған әйгiлi романтиктiң таңқалғанын көрсеңiз. Сөйтсе хат бiр белгiлi газеттiң жексенбiлiк нөмiрiне ұйқаспен жазылған фельетондары жарияланып жүретiн өлеңшiге арналған екен. Талғамға талас жоқ деген рас болса керек. Уақытында париждiк әдеби ортада бiраз күлкi тудырған оқиға осындай.
Бiз бұл мысалды не үшiн келтiрiп отырмыз? Әрине, көпшiлiк дауысқа салсақ, Нобель сыйлығын алуға лайық қазақ жазушыларының тiзiмi кемi жиырмадан асып жығылатындығын аңғарту үшiн. Олардың қатарында қызық-шыжық газеттердiң ортақол жазғыштарының есiмдерi кездесiп қалып жатса және күлмеңiз. Көпшiлiк Бальзак пен Гюголардан гөрi соларды жақсы бiледi. Жоғарыдағы оқиға поляк жазушысы Ян Парандовскийдiң «Сөз алхимиясы» атты кiтабынан алынғанын айта отырып, осы кiтаптан тақы бiр дерек келтiре кетсек. Бiздiң әдетте жүз жылдық, он жылдық әдебиеттi қорытындылап жататынымыз бар емес пе. Бұл үрдiс әдебиетi дамыған барлық елдерге жат емес көрiнедi. Сондай сауалнаманың бiрiн, әдебиеттiң жиырма ғасырын қорытындылауды «Britan Today» - «Бүгiнгi Ұлыбритания» журналы да өткiзiптi. Сонда оқырмандарға бiздiң дәуiрiмiздiң басынан бергi қырық үздiк әдеби туындыны атаңыз деген өтiнiшi бар анкетаға әлемнiң төрт тарапынан келген жауаптар нәтижесi төмендегiдей болып шыққан: бiрiншi орынды «Дон Кихот», екiншi орынды «Соғыс және бейбiтшiлiк» иемденсе, «Гулливердiң саяхаты» мен «Аласталғандар» өзара жетiншi орынды бөлiскен. «Бовари ханым» он бiр, «Кандид» он жетiншi боп орын тепсе, үздiк қырықтықты Дюманың «Үш нояны» түйiндеген. Ал Бальзак пен Стендальға бұл төрт ондықтың соңынан болса да орын тимеген.
Әдебиеттiң Прометейi атанған Бальзактың тағдыры осылай шешiлiп жатқанда, басқаға не жорық дегiң келгенмен, сөз өнерiнiң Олимпiн жаулағысы келетiндердiң адамзат барда бәрiбiр бола беретiндiгi және аян. Қазақ жазушысы Нобель сыйлығын қашан алады деп сауал тастайтынымыз да сондықтан. Тура бiр Нобель сыйлығын алғандардың барлығын оқып тастағандай шiренетiнiмiз және бар. Жер бетiнде бес миллиардтай халық, жүздеген мемлекет, мыңдаған тiл бар екендiгi, олардың барлығының жақсылы-жаманды өз әдебиетi барлығы есiмiзге де кiрiп шықпайды. Бiр сәтке он миллион қазақтың он бес миллион тұрғыны бар Қытайдың Шанхай секiлдi қаласын да толтыра алмайтындығын ұмытамыз. Қарап отырсақ, бiр ғана Шанхайдың өзi Нобель сыйлығын бiзбен бiрдей армандауға қақылы екен-ау деген ой басымызға да келмейдi. Көбiмiздiң Батыс әдебиетiн аз-маз бiлгенмен, Оңтүстiк-Батыс және Оңтүстiк-Шығыс Азия мен арал мемлекеттерiнiң әдебиетiнен түк хабарымыз жоқ екендiгi де рас қой. Сөйте тұра көзжұмбайлыққа барамыз. Бәлкiм, үлкен әдебиеттiң соңғы ошағы сонда қайнап жатқан шығар? Әлде Африкада ма?
Иә, қолына қалам ұстаған пенденiң көбiне бақ-атақ көзi тiрiсiнде-ақ жоламаса, бiразы одан өлгесiн айырылмақ. Бiрiнiң ныспысы өлген заматта-ақ ұмытылса, бiрiнiң есiмi ұрпақ жадында он, жиырма, арысы отыз жыл, ендi бiрi бiр-екi ғасыр сақталмақ. Он ғасырға қалатындары некен-саяқ. Ал Гомер, Овидий, Фирдоуси секiлдi араға мыңжылдықтарды салып та ұрпағымен табыса беретiндерi - миллиардтардан бiреу ғана. Галактиканың алыс түкпiрiнде жаңа жұлдыз пайда болғанындай сирек оқиға. Қорқынышты болғанымен ақиқат осындай.
Қазақ жазушысы Нобель сыйлығын қашан алады деген сауалды естiгенде басыңа осындай ойлар келедi. Бүгiн еленбей жатқан еңбегiңдi ертең ешкiм елемесе тыраштанып не керек дейсiң. Қолыңнан келер қайран болса, бәрiн тастап безiп кеткiң бар. Бiрақ қайда? Бала-шағаңды қандай күйде тастамақшысың? Әлi де жанарың үмiтпен қарайтын ана қолжазбаларың кiмге мұра болмақ? Кiм бар сенi көзiң тiрiсiнде ашып беретiн? Шөлiңдi басатын. Саусақпен санарлықтай ғана сыншылар ма? Том-том кiтаптардың арасынан олардың саған жете қоюы қиын-ау. Жеткенде де сен дiттеген мақсатты сезбей айдалада лағып кетсе ше? Ғабеңнiң, Ғабит Мүсiреповтiң өзiнiң өлеңдерiн талдап, мақтағанына риза болмай, «Шал түсiнбедi, түсiнбей талдады» демеп пе едi Тоқаш Бердияров. Мұндай сөздi Гарсиа Маркес те айтқан. «Сыншылар сенiң ойыңда болмаған нәрсенi бөсе бередi екен» деген. Ғабеңнiң талдауына Тоқаштың көңiлiн толтырмаған не нәрсе сонда? Жоқ, сен Нобель сыйлығы туралы ойлап отырған жоқсың, шығармашылығыңның болашағы жайлы толғанудасың. Осылай отырғанда осы мен не бiтiрдiм деген ой санаңды найзағайдай тiлiп өтсе жаманы сол. Соңы күйзелiске, тоқырауға, аяғы аурухананың төсегiне алып жықпақ. Құдай сақтасын!
Осы тақылеттес ойлар қолына қалам ұстаған қай жұмыр басты пенденiң басында болмады дейсiз. Болған, бiрақ болдырта алмаған. Әрине, мықтыларын. Әлсiздерi сынып кеткен. Сол бәрiмiз тамсанып айта беретiн Гарсиа Маркес Парижде дүкенге шиша өткiзiп жан сақтапты. Сонда да мұқалмаған. Он жетi жыл санасында пiсiрген романның толғағы келген сәтте он алты ай бойы тапжылмай жұмыс үстелiне отыруға күш-жiгер тапқан. Бәрiн ұмытқан. Бәрiн ұмыттырған әйелi болған. Тек романын ойлаттырған. Тек романымен жұмыс iстеттiрген. Қазiр Маркес шиша жинаған күндерiн сағынышпен еске алады. Атақ-даңқтан (Еске Жұмекен Нәжiмеденовтiң романы түседi) жалыққан. Нобель сыйлығын алып берген сол «Жүз жылдық жалғыздығынан» гөрi «Ел ағасының еңкейген шағындағысын» жоғары қояды. Асылы, артықтау болып кетсе атақ-даңқ та адамды шаршататын болса керек. Бүкiл тiршiлiгiң, жүрген-тұрғаның жұрттың көз алдында болғанның несi жақсы дейсiз.
Тағы да со Парандовскийден оқыдым, кезiнде Франция газеттерiнде «Аптаның кiтабы» iспеттi рубрикалар болыпты. Бiздердегi «Аптаның айтулы оқиғасы» деген айдар секiлдi болса керек. Ғасырдың емес, жылдың емес, аптаның. Бiр-ақ апта «билiк» құрады, сосын орнын басқа кiтапқа бермек. Газет бетiнде осындай айдардың ашылуына қарсы болмаған қаламгерлердi аяйсың. Шамасы, солары қаламгер емес, демеушi тауып, не өз ақшасына кiтабын бұрқылдатып бастырып шығара беретiн бiздегi халтурашылар сияқты болар-ау. Ешкiмге керегi жоқ, тоғышарлықтан тырсиған, түртiп қалсаң, жарылып кете жаздайтын осындай кiтаптарды көргенде газеттiң мардымсыз жалақысына күнiң түскен өзiңдi де аяйсың. Түкке керегi жоқ ағымдағы мақалаларды жазуға кеткен есiл уақытыңа қынжылатының бар. Есiңе Бальзактың «Үзiлген үмiттерi», талапкер ақын Льюсеннiң тағдыры түседi. Иә, өлеңiн шыңдаудың орнына бар талантын газеттiң интриган (Еске тағы да Жұмекеннiң өлеңi түседi) мақалаларына ысырап қып, ақыры тақырға отыратын Льюсен. Атаққұмар Льюсен. Дў Артез болуға шамасы жоқ Льюсен. Аннан-мұннан қосымша жұмыс тауып жан бағамын деу бүгiнгi шығармашылық адамына қайыршылықтың қамытын мойынға өз еркiмен iлуге келiскенмен бiрдей. Басқа түк те емес. Бүгiнгi талант торығуда емес, зорығуда деп ұғынсақ жөн-ау, асылы. Бiлсеңiз, кешегi бес адам отырған бөлiмде бүгiн бiр-ақ адам. Бiрақ жалақыны кеңес кезiндегiден кем болмаса, артық алмайды. Қаламақысы ол кездiң қаламақысының қолына су құюға жарамайтыны және рас.
Анда-санда есiңе Көшiм хан туралы роман жазғың келетiнi түспесе, басқа рақат сезiм жоқ. Мұхтар Мағауиннiң «Аласапыран» романының Алматы-Көктөбел-Касимов-Алматы деп аяқталатын жерiне сондай тұста бiр қарап қоятының бар. Көктөбел өзi де ақын-визионер Максимиллиан Волошиннiң ақындарды қонақ қылып күтетiн жерi. Касимов - Рязаньның маңы. Айтпақшы, Сергей Есенин осы «Аласапырандағы» Есенейдiң ұрпағы емес пе екен. Олай болмағы да мүмкiн-ау. Осылай, санаңда ой сәулелерiн шағылыстырып отырып, өзiңнiң роман жазу үшiн Iбiр-Сiбiрдi аралауың керек екенi есiңе түседi. Анау Жайықтан бастап. Өйткенi Көшiм хан тағдырын Ермактың жүрiп өткен жолынсыз көзге елестету қиын. Бiрақ қаладағы жағдайың сенiң тау-тас пен дала кезуiңе мүмкiндiк бере қояр ма екен. Әлi мардымды ештеңе жазбағаның да мұндайда көңiлге жұбаныш-ау. Ешкiм саған үмiт артпайды. Яғни, мойныңа жүктелген жауапкершiлiк те жоқ.
Бiр бiлетiнiм, Нобель сыйлығы қазақ жазушыларынан алыстап барады. Алпысыншы жылғылардың бiрқатары лайық деуге болар едi, ендiгi олардан да қайран қалмағандай. Ауруын жасырған өледi демекшi, ендiгi тұста ұлы Гюгомен атақ-даңқ таластырған қарапайым газет фельетоншысының күнi туып келе жатқан секiлдi. Солай болуы заңды да шығар. Өйткенi кейiнгi толқын қазақ жазушыларының барлығы дерлiк редакциялар мен баспалардан нәпақасын тауып жеп жүр. Бұл жағдай еске ОўГенридiң әңгiмесiн түсiредi. Иә, иә,газеттен бақытын тауып масайраған әзiлкеш туралы әңгiменi. Ақырында апта сайын жазылуға тиiс әңгiмесiне өзек табу үшiн анау не айтады, мынау не айтады, балам не айтып жатыр, қызым не деп жүр деп әрқайсысының аузына құлағын тосумен жүрiп, туған-туысын түгелiмен жалықтырып бiтетiн сықақшы жайлы әңгiмесiн. Ал бiзге қаламгердiң өзi де жалығып отырып жазған, өзгенi де зерiктiрiп бiтiретiн бұндай шығармалары қажет емес.
Әрине, бұл қазақ әдебиетi тоқтап тұр деген сөз емес. Әлем әдебиетi тоқтап тұр деген сөз емес. Соңғы жаңалық. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша, әдебиет саласында Нобель сыйлығын ағылшындық еуропашыл үндi Видьядхару Найпол иемденiптi. Академиктер оның «нәзiк баяндау мәнерiн, туындыларындағы шыншылдығын, езгiдегi мәдениеттердiң хал-жағдайын суреттеу арқылы оқырмандарын ойландыратын пәлсафасын» алға тартыпты. Бiлетiндер бұл жерде саяси да астар бар деген әңгiме айтады. Өйткенi Найполдың соңғы «Сенiмнен де биiк» атты кiтабы ислам фундаменталимзiне арналған көрiнедi. Бұл тұста бiздiң айтпағымыз, қазақ әдебиетiне саясатпен берiлетiн Нобель сыйлығы керек пе деген сөз ғана.
Сонымен төтелеп болса да, тұспалдап болса да бiраз әңгiме айттық қой деймiн. Айтылған әңгiмемен бiреу келiсер, бiреу келiспес. Бiреу пiкiрiн бiлдiрер, бiреу ойын қағазға түсiрiп үн қатар, сөз соңына жүйелi сөзге ден қоюға бiз қашанда құлдық екенiмiздi айтқым келедi...
Сосын, әдебиет, үлкен әдебиет ешқашан Нобель сыйлығымен өлшенбейдi ғой.
2001 жыл.
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»