Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Жаңалықтар 2288 0 пікір 17 Сәуір, 2012 сағат 14:12

Көршінің бағасы «селт» етсе, «елп» ете қалатынымыз қалай?

«Мұнайлы ел бола тұра жанармай бағасы бізде неге қымбат?». Қарапайым жұрт тұрмақ, көзі ашық дегеннің өзі жетесіне жетіп түсіне бермейтін өзектінің бірі - осы. Түрлі факторларды түрлендіретін министрліктегілердің бағаға қатысты ұстанымына да жұртшылық әбден көндіккен. Мәселен, жақында ғана бензиннің шекті бағасы көтерілді. Ендігі күні халық бензинмен бірге өсетін басқа бағаның әсерін де әртүрлі болжап жатыр. Әрине, баға жетіскеннен көтерілмейтіні белгілі. Дегенмен бензин бағасында қашанғы басқаның жетегінде кетеміз? Бұл да өзекті. Кеше мәжілісмендер алдында Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов есеп беріп, бағаға қатысты мәселені түсіндіріп беруге тырысты.

«Мұнайлы ел бола тұра жанармай бағасы бізде неге қымбат?». Қарапайым жұрт тұрмақ, көзі ашық дегеннің өзі жетесіне жетіп түсіне бермейтін өзектінің бірі - осы. Түрлі факторларды түрлендіретін министрліктегілердің бағаға қатысты ұстанымына да жұртшылық әбден көндіккен. Мәселен, жақында ғана бензиннің шекті бағасы көтерілді. Ендігі күні халық бензинмен бірге өсетін басқа бағаның әсерін де әртүрлі болжап жатыр. Әрине, баға жетіскеннен көтерілмейтіні белгілі. Дегенмен бензин бағасында қашанғы басқаның жетегінде кетеміз? Бұл да өзекті. Кеше мәжілісмендер алдында Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов есеп беріп, бағаға қатысты мәселені түсіндіріп беруге тырысты.

Баға демекші, бензиннің ай сайынғы та­рифін былтырдан бері Мұнай және газ министрлігі шекті етіп белгілеп, нарықты бір тізгінмен ұстап баққан болатын. Өткен айда ғана осындай «ұстап тұру» функциясын минис­тр­ліктен өз қолына алған Табиғи монопо­лия­ларды реттеу агенттігі шекті бағаны бірден шарық­татып тастады. Содан іле-шала авиа­керо­синнің жырын айтып, «Эйр Астана» ком­паниясы да әуе билеттерінің құнын арттырды. Бензин бағасына «бопты» деген сыңай таныт­қандай халық қалаулылары бұған дейін еш үн қатпаған еді. Бірақ әуе билеттерінің қым­бат­тауына келгенде депутаттар арасында қатты шам­данғандар болған. Сөйтіп, ұшақтан түспейтіндер қымбаттаған бензин бағасынан бұрын, аспанда ұшу бағасына сұрау жасаған. Біз де сол жүріспен кетпей, халыққа жақынырақ бензин мен азық-түлік бағасынан бастайық.

Мәжілісмендер алдында атқарылғанын айтып, алдағысын бағдарлап болған соң, агенттіктің жаңалау басшысы Мұрат Оспанов (ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап төраға қызметінде-авт.) «депутаттар не дейді?» дегендей кейіпте тұрған еді. Өткен бір апта бойы халықпен етене араласып келген қалаулылар алдына тұңғыш рет келіп отырған басшыны жасытпады. Басынан да сипайтындай қылық танытқан жоқ. «Біз кеше ғана өңірден оралдық. Барлығын, оның ішінде шаруаларды алаңдататын басты мәселе - бензин һәм дизельдік отын бағасы. Науқан сайын бағаны құбылту дәстүрі биыл да орын алды. Жанармай бағасының өсуі түсініксіз?

Дефицит болуы неден?» - дейді депутат Серікжан Қанаев. Жанармай бағасына қатысты агенттік басшысы шаруалардың «қам жемеуіне» жағдай жасалатынын, Ауыл шаруашылығы мен Мұнай және газ министрлігі тиісті шараларды қамтығанын айтады. Егін науқанына қатысатындар үшін баға басқаларға қарағанда арзанырақ бо­ла­тынын жеткізді. Бұл тұрғыдан еш қатер жоқ. «Агенттік жанар-жағар­майдың үш түріне шекті бағаны белгі­лейді. Бұлар: Аи-80, Аи-92-93 және дизельдік отын. Сәуір айының 8-інде біз бұған бағаны орташа алғанда 5-6 пайызға өсіріп белгілеу туралы бұйрық шығардық. Бұл бұйрық Мұнай және газ министрлігімен, Экономикалық даму және сауда министрлігімен бірлесіп шешілді», - дегенді айтқан агенттік басшысы Мұрат Мағауияұлы бағаға қатысты мәселе бір өзінің қолындағы дүние емес екендігін аңғартпақшы болғандай еді. Сосын төраға бағаны бағындырудың оңай емес екендігін, тіпті оны көтеру формуласы да күрделі екендігін сөз етіп, бұған депутаттардың басын ауыртқысы келмеген сыңайын да танытты. Қысқаша қайырып: «Мұндай формуланың негізгі бөлігін Мұнай және газ министрлігі беретінін» де қосып қойды. «Әрине, баға қалыптастырудағы негізгі көрсеткіш Brent мұнайының әлемдік бағасына байлаулы. Сол негіз­бен сараласақ, қосымшаларды ескер­сек, біз бағаны қазіргіден де көтеруімізге болатын еді. Дегенмен ұсынылған формуланы сараптай келіп, біз кейбір жағдайды растамадық, бірақ бағаны 5-6 пайызға өсіруге тура келді», - дейді Мұрат Мағауияұлы. Әлбетте, әлемдік бағаның баррелі 124 АҚШ долларынан асып түскенін, соның салдарынан елдің ішкі нарығындағы баға да өскенін бұған дейін мұнай-газ министрі Мыңбаев айтып ақталып еді. Сөйтсек, жаһандық өлшемдегі мұнай бағасының өсуі біздің бюджетімізге жағымды болғанымен, қарапайым халықтың күнкөрісіне жағымсыз сипатқа ие екендігі тағы да нақтылана түсті. Тағы бір қызықты мысал бар: егерәки, әлемде мұнай бағасы күрт түссе, онда елдің ішкі нарығындағы баға да қоса түсетініне кепіл жоқ. Бұны бұған дейін де бастан кешкен едік. Жанармай бағасына қатысты агенттік басшысын ақтайтын екінші дәлелі тапшылыққа келіп тіреледі. Бұл да бұрыннан белгілі дүние. Қазақстандағы айналдырған үш зауыт октанды бензинмен ішкі нарықты толық көлемде қамти алмайды. Сондықтан да  депутаттар алдында жоғары октанды 92-93 маркалы бензиннің 30 пайы­зынан астамы көршіден импорт­талатынын айтқан агенттік басшысы «егер біз бұған көндікпесек, онда нағыз тапшылыққа ұрынамыз, сосын әлеуметтік жағдайды да қыспаққа түсіруіміз мүмкін» дегенді алға тартты.

Дегенмен агенттік басшысы Мұрат Оспанов біртүрлі деректі меңзейді. Мәселен, оның сөзіне сенсек, нан, макарон өнімдері секілді жаппай азық-түлік бағасына қатысты проблемада жанар-жағармайдың да, электр энер­гиясы бағасының да әсері соншалықты емес көрінеді. «Мен де дүкенге барамын, бағаның өскенін мен де сезінемін. Бұған дейін өңірде жұмыс істеген едім, Астанада басқаға қарағанда баға сәл болса да жоғары екен. Жалпы айтарым, жанармай бағасы мен электр энергиясының азық-түлікке әсерін зерттегенбіз», - деген Мұрат Мағауияұлы нанның өзіндік құнына қатысты өзі шығарған есеп-қисабын саралап тастады. Түсінгенімізше айтсақ, нан өндірісіндегі электр энергиясының үлесі бар болғаны 6 пайызды ғана құрайды. Сондықтан да егер электр энергиясының бағасы 10 пайызға өссе, онда бұл нан өнімінің құнына тек 1 пайызға ғана әсер ете алады екен. Ендеше, агенттік басшысының есебіне салсақ, электр энергиясының бағасын 10 пайызға арттыру нан бағасын бірден шарықтатып жіберуге ешқандай да алғышарт болып табылмайды. «Әрине, бірқатар кәсіпкерлер пайдакүнемдікке барып жатыр. Электр энергиясының әсеріне салып, нанды да 10 пайызға көтеру керектігін айтады. Мұны құптамаймыз», - дейді ол. Дегенмен мұндай саралауға Рауан Шаекин мырза шүйлікті. «Аз үлес алады деген әңгіме емес. Әрине, жанармай азғантай, электр энергиясы сәл-пәл алсын, «Испат Кармет» өндіретін бөлшектердің үлесі де аз орын алсын. Сөйтіп, солардың бәрі жиналып келсе өзіндік құн 50 пайызға кетпей ме? Бұлай кетуге бола ма? Ендеше, ұсыныс беріңіз!» - деп кесіп айтты Шаекин мырза.

Ендігі кезек, депутаттардың басым бөлігін әбігерге салған авиабилет құнының өсуіне келсек, бұнда да өзіндік себепті оңай табуға болады. «5 сәуірден бастап «Air Astana» компаниясы бағаны 16 пайызға көтерді. Оған себеп - авиакеросин бағасы 65 мыңнан 185 мыңға дейін өсті. Біз әуе компаниясының ескерт­песіндегі олардың барлық шығындарын қарастырдық. Сосын өз позициямызды ұсындық. Сондықтан да саралай келе, алдағы уақытта авиаотын алымын заң жүзінде жалпы шығыннан алып тастауды қарастырып отырмыз», - дейді агенттік басшысы Мұрат Оспанов. Алайда депутаттар бұнымен тоқ­тамады, ішкі рейстегі «Air Astana» билеті «әкесінің құнын» сұрайтынын да айтысты. Мысалы, Ольга Киколенко үшін Қостанайдан Астана бағытына ұшу бағасы Мәскеуге ұшу бағасынан да қымбат екен. Не істеу керек? «Сұйық отын бағасы өзгерсе, ол арзандаса, сосын өңдеу көлемін арттырса, бағаны төмендетуді қарастыруға болатынын айтқым келеді», - деп құтылды агенттік басшысы.

Үнемдеген ұтады

Депутаттар сұхбат барысында агенттік төрағасынан коммуналдық тарифтерге қатысты мәселені де сұраған. Мұрат Мағауияұлы тарифке қатысты басты қағидатты берік ұстанды. Бұл қағидат «үнемдеген ұтады» дегенге саяды. Үнемшілдікті құптайтын сараланған тарифтің бұған дейін екі деңгейі енгізілсе, қазір үшінші деңгейі де жүзеге аса бастаған. «Тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілмейді.Сонымен қатар инфляцияның күрт өсуін болдырмау үшін біз сараланған тарифті енгізіп едік. Соның екі жылдық нәтижесі жаман емес. Біз мұны тереңдетуді көздеп отырмыз. Айта кетейін, 1 сәуірден бастап халықтың аз қор­ғал­ған санатына қатысты үшінші деңгейді енгізіп отырмыз. Кім үнемдемесе, сол көп төлейді, үнемдеген ұтады», - дейді агенттік төрағасы Мұрат Оспанов.

Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір