Амангелдi Кеңшiлiкұлы: Бiз өте қорқынышты жағдайда өмiр сүрiп жатырмыз
- Амангелдi аға, Жаңаөзен көтерiлiсi кезiнде "менменсiген талайдың" үнi шықпай, билiктiң жастарды "бұзақылар" деп айыптағаны белгiлi. Осындай алмағайып шақта Сiз алғашқылардың бiрi болып Жаңаөзендегi жағдайға байланысты өз ұстанымыңызды бiлдiрiп, халықтың сөзiн сөйледiңiз, батырлық таныттыңыз. Атағынан ат үркетiн аға-апаларымыздың ендiгi аз ғұмырында абыройдан жұрдай болмай ең құрмаса үндемей қалуға неге шамасы келмедi?
- Ұлтымызға қасiрет жамылдырған сол бiр қаралы күнi жазықсыз қаны төгiлген жастарға жаным ашып, жанайқайымды бiлдiргенiм рас. Бiрақ мен оны батырлық та, үлкен ерлiк те санамаймын. Мен саясаткер де, оппозиционер де, халық қалаулысы да емеспiн. Қарапайым әдебиетшiмiн. Қазақ деген ұлы халықтың бiр кiшкентай перзентi болғандықтан, билiктiң зорлық-зомбылығына төзбей, анама араша түстiм. Егер бiздiң қоғамда анаңа араша түсу де асқан ерлiк болып саналса, ол ешқандай да батырлық емес, заманымыздың керi кеткенiнiң, азып-тозғанының белгiсi шығар мүмкiн.
- Амангелдi аға, Жаңаөзен көтерiлiсi кезiнде "менменсiген талайдың" үнi шықпай, билiктiң жастарды "бұзақылар" деп айыптағаны белгiлi. Осындай алмағайып шақта Сiз алғашқылардың бiрi болып Жаңаөзендегi жағдайға байланысты өз ұстанымыңызды бiлдiрiп, халықтың сөзiн сөйледiңiз, батырлық таныттыңыз. Атағынан ат үркетiн аға-апаларымыздың ендiгi аз ғұмырында абыройдан жұрдай болмай ең құрмаса үндемей қалуға неге шамасы келмедi?
- Ұлтымызға қасiрет жамылдырған сол бiр қаралы күнi жазықсыз қаны төгiлген жастарға жаным ашып, жанайқайымды бiлдiргенiм рас. Бiрақ мен оны батырлық та, үлкен ерлiк те санамаймын. Мен саясаткер де, оппозиционер де, халық қалаулысы да емеспiн. Қарапайым әдебиетшiмiн. Қазақ деген ұлы халықтың бiр кiшкентай перзентi болғандықтан, билiктiң зорлық-зомбылығына төзбей, анама араша түстiм. Егер бiздiң қоғамда анаңа араша түсу де асқан ерлiк болып саналса, ол ешқандай да батырлық емес, заманымыздың керi кеткенiнiң, азып-тозғанының белгiсi шығар мүмкiн.
"Әдебиетте құлдық болмауға тиiс" деген аталы сөздi кезiнде Достоевскийдiң күнделiгiнен оқығанмын. Өкiнiшке қарай талай қазақ ақындарының билiктiң, байлықтың, атақ-даңқтың, мансаптың, пендешiлiктiң, даңғойқұмарлықтың құлына айналғаны қай заман. Ақиқатында бұл өте қорқынышты құбылыс. Құлдыққа мойынсұнып, рухын жоғалтқан әдебиет әдемi идеалдардың бәрiн күйретiп, ұлтымызды ұлы армандарының жолынан адастырады. Ойдың бұлағы суалып, жанымыз қурайды. Ұлттық рух эрозияға ұшырайды. Әдебиетiмiзге құлдық қамыттың киiлуi билiк үшiн де қауiптi. Өйткенi ондай сөз өнерi өмiрдiң жабайы шындығына шырмалып, ақиқатты қапысыз тану мүмкiндiгiнен айырылады, қоғамға төнiп келе жатқан қайғы-қасiреттен сақтандыра алатын көрiпкелдiк қасиетiн жоғалтады, қалың бұқараның iшкi мәдениетiн төмендетiп, жұртты жаппай тобырға айналдырады. Ал мәдениеттен жұрдай халық аталы сөздiң алдында тоқтайтын қабiлетiн жоғалтып, бүлiк бастап, билiктi төңкерiп тастап, қоғамды ұзақ жылдарға созылатын қайғы-қасiретке ұрындырады. Және дүркiн-дүркiн ұрындырып отырады.
Әлем әдебиетiнiң жарқыраған жұлдыздары Шекспирдiң, Байронның, Гюгоның, Бальзактың, Достоевскийдiң, Толстойдың, Ремарк, Абай, Мағжан, Мұқағали, Жұмекен немесе өткен жылы ғана Нобель сыйлығын алған Марио Варгос Льоса сияқты азаматтық үнi биiк тұлғалардың туындыларын қайта оқып шыққан соң, мен осындай қорытындыға келдiм. Олар көп нәрсеге менiң көзiмдi ашты. Шекспир қоғамдағы ұлы қасiреттiң адамның екiжүздiлiгiнен басталатынын айтса, Байрон рухы кiсенделген халықтың бақытты бола алмайтынын жырлады, Гюго, Бальзак, Достоевский, Толстой, Ремарк пен Абайлар маған ақынның кеше де, бүгiн де, барлық уақытта да наразы болуы тиiс екенiн үйреттi.
Бiз, қазақтар, өте қорқынышты жағдайда өмiр сүрiп жатырмыз. Бүгiнiмiз - бұлыңғыр, келешегiмiз - тұманды. Бағытымыз айқын емес. Сол бағытты айқындап беруге тиiс, халықтың көз алдында жүрген, танымал тұлғаларының өздерi мәдениеттен жұрдай болып кеткен.
Таяуда "Түркiстан" газетiнен Алматыдағы Балалар мен жасөспiрiмдер театрының директоры һәм көркемдiк жетекшiсi Талғат Теменовтың сұхбатын оқып, қатты қапаландым. Газет тiлшiсiмен әңгiме-дүкен құрған үлкен мәдени мекеменiң бiлдей басшысы, өнерiн сынағаны үшiн ақын Мырзан Кенжебайға қаратып, аузына не келсе соны сөйлеп, жеке басына тиiсiп, адамның ар-намысына тиетiн сөздердi армансыз тоғытыпты. Бұл не деген астамшылық? Мырзан Кенжебай асылық айтқан күннiң өзiнде, оның жеке басына тиiсуге Талғат Теменовтың қандай құқы бар? Қызды-қыздымен, ақыр соңында ол ақынға "мырзанщина" деп "ен" тағыпты. Ұлы жазушымыздың атындағы бiр үлкен театрдың көркемдiк жетекшiсiнiң iшкi мәдениетiнiң сиқы осындай болса, жетiскен екенбiз.
Жаңаөзен оқиғасынан соң тiршiлiкте араласып жүрген ақын-жазушыларымның талайынан көңiлiм қалды. Дегенмен, көп нәрсеге көзiм ашылғандай. Ұзақ жылдар бойы жанымды мазалап жүрген "неге бiзде Батыс елдерi немесе Ресей мемлекетiндегiдей үлкен әдебиет жоқ?" деген ұстара сауалдың жауабын тапқандаймын. Әдебиетiмiздiң көсегесiн көгертпей жатқан бiр-ақ кесел бар. Ол - құлдық сана. Құлдық сана-сезiмнен арыла алмаған ақынның жанында халықтың жүрегiн нұрландыратын ұлы идеяның өмiр сүруi де беймүмкiн.
Мемлекетiмiздiң, тiлiмiздiң, дiнiмiздiң, мәдениетiмiздiң, әдебиетiмiздiң, президентiмiздiң.., бәрiмiздiң де түбiмiзге күндердiң-күнiнде құлдық сана жетедi. Жастарды қызыл қанға бояған Жаңаөзен оқиғасы - құлдық сананың салдарынан туған трагедияның тәуелсiз Қазақстандағы алғашқы көрiнiсi. Осылай жалғаса берсе екiншi рет ол трагедияның қашан және қандай формада қайталануы мүмкiн екенiн көзiңе елестетпек түгiл, ойлауға шошисың.
- Қазақ тарихындағы маңызы зор факторлардың құнын түсiрiп, оны әбден арзандатып алғандаймыз. Мәселен, әлi күнге дейiн 1986 жылғы қанды қырғын мен Жаңаөзен көтерiлiсiн "оқиға" деп жүрмiз. Неге бiз Желтоқсан ұлт-азаттық көтерiлiсi" немесе Жаңаөзен көтерiлiсi" деп айта алмаймыз? Әлде әр нәрсенi атымен атауға да батылдық керек пе?
- Мезгiл мұнарасынан көз салсақ, 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсi бiраз алыстап кеттi. Сондықтан мына билiк тұрғанда ол уақыттағы толық шындықтың ашыла да, айтыла да қоймайтынын бес жасар балаға дейiн жақсы бiледi. Ал Жаңаөзен - әлi қайғысы бойымыздан тарқамаған, жарасы жанымызды сыздатып тұрған күнi кеше ғана болған ұлттық қасiрет. Менiң ойымша, оның көтерiлiс, қанды қырғын немесе оқиға аталғанында тұрған дәнеңе де жоқ. Ең бастысы, бiз оны ұлттық идеяға айналдыра бiлуiмiз қажет. Қанымыз да, жанымыз да бiр қазақ екенiмiздi дәлелдеп, жұдырықтай жұмылып, өркениеттi жолмен Маңғыстау халқына һәм қазақтың рухына араша түсейiк. Жаңаөзен шындығын "жер тiтiркенiп, аспан терлейтiндей" (Толстой) етiп айтайық. Тобыр емес, халық екенiмiздi дәлелдеп, жастардың жазықсыз сотталуына жол бермейiк! Намысымызды билiкке таптатпайық!
Күнi кеше ғана Жаңаөзендегi көтерiлiске байланысты өткен форумдағы Әбдiжәмiл Нүрпейiсов, Қабдеш Жұмадiлов, Мұхтар Шаханов, Тұрсын Жұртбай сияқты қазақтың марғасқа қаламгерлерiнiң сөзiн тыңдағанымда көңiлiм толқып, қатты риза болдым. Iшiм жылып қалды. Бiз (ақын-жазушыларды айтам) осы уақытқа дейiн өнбейтiн дауға таласып, пендешiлiк мәселелер төңiрегiнде айтысып-тартысып келдiк. Ел басына мынандай қиын заман туған шақта соның бәрiн ұмытып, халықты қорғауға бел шешiп кiрiсуге тиiспiз. Санамыздың сiлкiнетiн уақыты келдi. Азамат болсақ, рухымыздың өлмегенiн көрсетейiк. Халықты емес, соттаса бiздi соттасын. Жазықсыз жастарды емес, қамаса бiздi қамасын түрмелерiне топырлатып.
Мұрат Әуезов Жаңаөзендегi жағдайды саралай келiп, "қазақтың қазаққа оқ атуы иттiк" деген пiкiр бiлдiрдi. Мен бұл пiкiрмен келiспеймiн. Қазақ қазаққа ешуақытта да оқ атқан емес. Қандай нәубет болса да Алаш азаматтары бiрiн-бiрi жамандыққа қимаған. Қыз алысып, қыз берiсiп нағашылы-жиендi болып кеткен үш жүздiң азаматтары ел шетiне жау тигенде жұдырықтай жұмылып, Алаштың кең байтақ жерiн бiрге қорғасқан. Қазақ емес, билiк халыққа оқ атты. Билiк! Жаңаөзендегi оқ Маңғыстау халқына ғана емес, қазаққа қаратылып атылды. Бiз осы ақиқатты ашық және батыл айта бiлуiмiз қажет.
- Мұндай жағдай қайталанбауы үшiн қайтпек керек?
- Билiктiң iшiнде ревизия жүргiзiп, өтiрiктiң батпағына батып кетпей тұрғанда бiр тазартып алған абзал. Жағымпаз, алаяқ, екiжүздi шенеунiктерден арылып, қолынан iс келетiн мемлекетшiл азаматтарды билiкке көбiрек тартқан жөн. Бiрақ мен билiктегiлердiң бәрiн жаппай жамандаудан аулақпын. Некен-саяқ болса да, онда да қазаққа жаны ашитын азаматтар бар.
- Мысалы кiмдердi айтар едiңiз?
- Айталық, Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтi ұлтқа жаны ашитын, мемлекетшiл азамат санаймын. Бұл азамат туралы неше түрлi қаңқу сөздер желдей гулегенде оған араша түсiп, "Алтын Орда" газетiне мақала жазғанмын. Шаңырақ оқиғасынан соң Имекеңе қара күйе жағыла жаздағаны да рас. Дегенмен Иманғали ашынған жұрт полицейдi тiрiдей отқа өртеп жiберсе де, халыққа қарсы оқ атуға бұйрық берген жоқ қой.
Мәдениет және ақпарат министрi Дархан Мыңбай да бiлiмдi, тектi азамат. Шенеунiк болып шiренбейдi, өзiн өте қарапайым ұстайды. Астанаға келгенiмде мен онымен кездесiп, ұзақ сөйлестiм. Көп нәрседен хабары бар және ұлтқа шын жаны ашитын азамат болып көрiндi маған ол жiгiт.
Билiкте жүрген Дархан Қыдырәлi деген талантты iнiммен танысқаныма бiраз уақыт болды. Мұстафа Шоқай туралы жазған кiтабын аса үлкен сүйiспеншiлiкпен, қызыға да, қызғана оқып шықтым. Билiкте осындай сәулесi бар жiгiттердiң жүргенiне iштей қуандым. Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойын атқаруға Арман Қырықбай деген азаматтың қандай еңбек сiңiргенiн "Жас Алаш" газетiнде Әмiрхан Меңдеке жақсы жазды.
Өкiнiшке қарай мұндай азаматтар билiкте өте аз, саусақпен санарлықтай. Ұлтқа жаны ашитын, бiлiмдi жiгiттердi билiкке көбiрек тарту қажет. Бiзде бәрiн де билiк шешедi ғой. Бiлiмдi азаматтар билiк басында көбейсе, қоғамда жақсы өзгерiстер жасай алатынына сенемiн. Төңкерiс қазаққа еш жақсылық әпермейдi. Бәрiн де ұстамдылықпен, парасатпен, заң жолымен шешейiк.
- Таяуда ғана өткен жас ақындардың бас қосуында Сiз Жаңаөзен көтерiлiсi жайында өлең жазбаған iнiлерiңiзге ренiштi екенiңiздi бiлдiрдiңiз. Жас ақындардың Жаңаөзен жайында өлең жазбауы олардың жасықтығын көрсете ме, әлде аға буыннан жұққан жағымпаздық дерт пе? Қазiргi жас ақындардың арасында кешегi Махамбеттер мен Мағжандардың күрескерлiк рухы неге жоқ?
- Неге екенiн бiлмеймiн, ақын-жазушыларымыздың бойында кешегi кеңестiк дәуiрден қалып қойған бiр үрей бар. Мұның сыры әрiде жатыр деп ойлаймын. Өйткенi өткен ғасырдағы әдебиетiмiз қанға тұншыққан қайғы-қасiрет пен азапты жағдайда жасалды. Әдебиетiмiздiң алтын дәуiрiнiң iргетасын қалай алатын тұлғаларымыздың бәрiнiң басы шабылды. Сiбiрге айдалды. Рухымыз кiсенделiп, қоғамдағы шындықты, ұлтымызға жасалып жатқан қиянатты ұзақ жылдар бойы айта алмадық. Ақын-жазушыларымыздың рухы азат болмады.
Қазақстан тәуелсiздiкке қол жеткiзгенiмен, рухымыз әлi де азаттық алған жоқ. Мiне, сондықтан тәуелсiздiктi жырлаған жас ақындарымыз шын ниетiмен оған сенбейдi. Рухани азаттыққа қол жеткiзе алмағандықтан олардың санасы дағдарысқа ұшырағандай көрiнедi маған. Бәрi де аспанға қарап, көкбөрiше өтiрiк ұлиды, болмайтын нәрсеге торығады. Баспанасының, жағдайының жоқтығын айтып қана жылайды. Үлкен, келелi мәселелерге араласудан қорқады. Өкiнiштiсi, бүгiнгi таңдағы жастардың поэзиясы қалыптасу кезеңiнен өте алмай жатыр. Бiзде жас ақын болудың мерзiмi тым ұзаққа созылып кеткендей көрiнедi маған. Әдебиет емес, әдебилiк басым бiзде. Сөз өлiп қалған. Ол сенi ендi толғандыра алмайды. Шебер жасалған, бiрақ жаны жоқ, сенiң сезiмiңдi селт еткiзбейтiн өлеңдер қаптап кеттi. Жас ақындарымыз бiр-бiрiнен аумай барады. Бiрiнiң қолтаңбасын екiншiсiнен ажырата алмайсың. Егiз қозыдай ұқсас.
Рухты поэзия жоқ бүгiн. Поэзия мiнезiнен айырылды. Бiрақ, ол үшiн жастарды жазғыра беруге де болмайды. Өйткенi қазiр бiздiң әдебиетiмiзде жастарды рухтандыратын үлкен идея болмай тұр. Оны жақсартқысы келетiн пиғыл да, ұмтылыс та жоқ қоғамымызда. Ал әдебиетiмiздегi өлi классик, тiрi лауреаттарымыз жастарды жағымпаз, сатқын, екiжүздi, алаяқ, дүниеқоңыз етiп тәрбиелеуде. Мемлекетiмiзге оттай жанған мiнездi жастар керек болмай қалды. Өйткенi бiздегi билiк үнемi бетi жылтырап, бәрiн өтiрiк мақтайтын жастарды көтермелейдi. Жанына жақындатып, қызмет бередi. Қазба-байлықтарымызды қалай арзанға сатсақ, жастарымызды да дәл солай арзанға, тым арзанға сатылуға үйретiп жатырмыз. Өнер адамы жұмсалмауға тиiс. Жүрегi кiрлеген ақынның жан әлемi де былғанады, рухы да өледi. Ұлы жазушы Гогольдiң бұл туралы "Портрет" атты керемет повесi бар. Мiне, осы повесiнде ұлы жазушы: "Қарапайым адамдарға кешiрiлетiн пендешiлiк, талантқа кешiрiлмейдi" деп жазады.
- Президентке арнап ода жазғандардың жаман болғаны жоқ. Бәрi де үй алып, әр түрлi сыйлықтарға ие болуда. Осы үрдiс ақындардың қолына қалам алып ода жазуға мәжбүрлейтiн тәрiздi ме қалай...
- Оған соншама таусылудың қажетi жоқ. Патшаны мақтап ода жазған ақындар қай заманда да болған. Шын талант әдебиетке қошемет көру үшiн емес, адамгершiлiк мұраттарды жырлау, қоғамдағы әдiлетсiздiктермен күресу үшiн келедi. Әдебиет - адамтануды ғана емес, адам болып қалуды да үйрететiн ұлы өнер. Бiз Абай мен Мұқағалиды қара тобырдың ортасында да адам болып жарқырап жүргенi үшiн ерекше жақсы көремiз ғой.
- Жазушының беделiн көтеру үшiн не iстеген ләзiм?
- Бiз көбiнесе жазушы беделiнiң құлдырауын материалдық жағдайының төмендеп кеткенiмен ғана байланыстырып жүрмiз. Әрине, мұндай пiкiрдiң де жаны бар. Кеңес одағы күйремей тұрған жылдары қаламгер билiкке тәуелдi болмай, рухани әлемiнде өмiр сүрiп, қомақты қаламақы алып, жазушылықпен армансыз айналысты. Дегенмен, сол жылдардағы жазушының абыройлы болуы - оның тұрмыс-тiршiлiгiне жеткiлiктi ақша тауып тұрғанымен ғана байланысты емес. Ресейдiң сөз өнерiне елiктегендiктен бе, әлде ұлыларына ұқсағымыз келгендiктен бе, бiлмеймiн, сол заманда бiздiң бойымызда орыстың үлкен ақын-жазушыларының табиғатынан жұққан бiр асыл қасиет болды. Өтiрiк сөйлеуден ұялатынбыз, ардан аттап кетудi өлiм санайтынбыз, билiктiң аяғына жығылып, қолын сүймейтiнбiз. Ал тәуелсiздiк алғаннан бергi жиырма жылдың iшiнде бiз барымыздан айырылып, билiкке құлдық ұрып, күннен-күнге керi кетiп, ұятсыздықтың батпағына батып барамыз. Билiктiң тастаған сүйегiне мәз болып, табанын жалауға дайын тұрған әдебиетте қандай ұлы рух пен идеал болуы мүмкiн?
Нобель сыйлығының иегерi, жазушы Марио Варгос Льоса сонау 1967 жылы Ромуло Гальегоса атындағы сыйлықты алып тұрып: "Жазушы кеше де, бүгiн де, ылғи да наразы болуы тиiс. Өмiрдiң жабайы шындығын қабылдаған және онымен келiскен адамнан жазушы шықпайды" - деген едi. Мұны айтып отырған себебiм, билiкпен ауыз жаласқан немесе келiсiмпаздыққа барған әдебиет мәңгiлiк қасиетiн жоғалтып, қоғамның уақытша ғана қажетiне жарайтын арзанқол дүниеге айналады. Барша режимдердiң репрессиялық цензураны енгiзiп, еркiндiктi аңсаған жазушыларды түрмеге қамап, жағымпаздар мен алаяқтарды көтермелеп, рухы азат ақындарға қарсы неше түрлi арандатушылық әрекеттердi ұйымдастырып жататынының себебi неде екенiн ойланып көрдiңiз бе? Өйткенi жазушы шығармасындағы үлкен идеядан рухтанған халық қоғамдағы әдiлетсiздiкке, ұятсыздыққа, арсыздыққа қарсы бүлiк бастап, режимдi төңкерiп тастауы ықтимал. Азаматтық үнi биiк әдебиет барлық уақытта да өмiрдiң жалған көрiнiсiн әшкерелеумен келедi.
Суреткерлiктiң тiл, форма, стиль, сюжет т.с.с өнердiң формальдық жағына ғана назар аударған адамнан ұлы ақын немесе ұлы жазушы шықпайды. Ондай адамда бедел де болмайды. Болған күннiң өзiнде ол өтiрiк, ертеңгi күнi-ақ ұмытылатын баянсыз бедел. Жазушылық - сенiң азаматтық позицияң. Азаматтық үнiнен айырылған әдебиет - өлi әдебиет. Өкiнiшке қарай бiздiң бүгiнгi әдебиетiмiздiң азаматтық үнi жылдан-жылға бәсеңсiп барады. Ондай сөз өнерiнде ұлы бедел қайдан болсын?! Әдебиетiмiз рухсыздық дертiне шалдықты. Көрсеқызарлық, жағымпаздық, алаяқтық, арсыздық, даңғойқұмарлық, екiжүздiлiк сияқты жаман әдеттер ұлттық мiнезiмiз болып кеттi. Қоғаммен бiрге ақын-жазушыларымыз да азып-тозып бiттi. Халықты биiк мақсаттарға құлшындыратын ұлы идеялардың бәрi өлiп, әдебиетiмiз ұмтылысы жоқ, идеалсыз әлемге айналды.
- "Күнiне тоқсан түрлi пәле көрсең, Сонда да күдер үзбе бiр Алладан" дейдi ғой дана халқымыз. Келер күннен ненi үмiт етесiз, неден секемденесiз? Жалпы, қазақ халқының болашағы бар ма?
- Келешектен үмiт күтпесем, бұл сұхбатты саған бермес едiм. Күннен-күнге ұсақталып бара жатса да бәрiбiр мен осы байғұс қазағымды шексiз сүйемiн. Егер мен өз ұлтымды соншалықты қатты жақсы көрмесем Жаңаөзендегi жастар қанға тұншыққанда жаным ауырмас едi. Орыс ақыны Андрей Вознесенский бiр өлеңiнде "Ресей мен сенiң бiр тамшы қаныңмын. Сен ауырсаң, мен де дертке шалдығамын" деген екен. Мен қазiр қазақтың байлары құлдыққа сатып жiберген Отанымдай сырқатпын. Бiрақ бұл жаман дерттен жазылудың қандай жолы, амалы бар? Бiлмеймiн. Билiктегiлер халықты сүлiктей сорып, тонаудан басқаны ойламайды. Зиялыларымыз кiмнiң тарысы пiссе, соның тауығы болып жүр. Анау жоғарыдағы кiсiге өлгенше тақта отырғаннан басқа ештеңенiң де керегi жоқ. Ұлтқа үлгi қылатын адам қалмады қоғамда. Бәрi құрдымға кетiп барады. Тiл де, дiл де, рух та, ар-ұятымыз да, әдебиетiмiз де.
Дегенмен, мен ұлтымыздың бақытқа жетiп, шын тәуелсiздiк алатын күнiнiң жақын қалғанына сенемiн. Рухымыз тiрiлiп келедi. Жаңаөзендегi болған жағдай - соның айқын көрiнiсi. Абай атамның айтатыны бар емес пе: "Жамандықты кiм көрмейдi? Үмiтiн үзбек - қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екенi рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсiң? Қары қалың қыстың артынан көгi мол, жақсы жаз келмеушi ме едi".
- Әңгiмеңiзге рахмет!
Әңгiмелескен Серiк ЖОЛДАСБАЙ.
«Жас Алаш» газеті