Жұма, 22 Қараша 2024
Тамыр 7479 74 пікір 30 Сәуір, 2021 сағат 14:12

Шыңғыс ханды неге жатсынамыз?

Қарап отырсақ, біздің мемлекет басшылары қызметтерін бастағанда Ұлытаудағы  Жошы хан мазарының басына барып ізет етіп, алдағы  болашақтарын айқындайтын әдеттерін ақпарат көздерінен біліп жатамыз. Алдыңғы жылы президентіміз  Қ.Тоқаевтың алғашқы сапарларының бірінде осы Ұлытаудағы Жошы хан мазарының басына  арнайы барғанын естідік.

Сонда деймін-ау, Жошы хан атамыздың басына барып ізет етеміз де, оның  туған әкесі – Шыңғыс хан бабамызды моңғолға теліп қоямыз (әлемге  әйгілі  бабамыздың  төрт ұлының:  Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле – осылардың  үлкені Жошы хан емес пе?) Бұл қалай? Қазекеме салсақ, алты Алаштың  ардақты тұлғаларының бірі – Кенесары хан бабамыздың  бас сүйегін Ресейден  елге  қайтарсақ, халқымыздың рухы  көтеріліп, бір жасап қалар едік дейді, өте орынды. Ал енді хан Кененің түпкі бабасы, әлемге әйгілі Шыңғыс хан бабамыздың қыпшақ – қазақ екенін бүкіл  Жер шарына паш етсек, рухымыздың  көтерілгенінің  көкесі сонда  болады. Алаштың рухы жанып, одан әрі асқақтап, еліміздің  тірлігінде жаңа  леп пайда болып, одан әрі де  кемелдене  түсер едік.

Сенаттағы халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Ресей думасының депутаты В.Никоновтың арандатушылық сөзіне қарсы пікір білдірген болатын. Оның «Жас Алашта» жарияланған ұстанымынан үзінді келтірсек, мынадай жолдарды көреміз: «Алтын Орданың негізін қалаған Жошы хан – Керей мен Жәнібектен Абылайға дейінгі барлық қазақ хандарының атасы. Жошы ханның мазары Ұлытауда, Орталық  Қазақстанның аумағында орналасқан». Бұл азаматтың кезінде үкімет мүшесі болғанын т.б. жауапты қызметтер атқарған, тарихтың қыр-сырын білетін, яғни қара жаяу емес шенеуніктің пікірі. Қалай ойланбайсың? Егер Жошы хан қазақ хандарының  атасы болса, оның әкесі – ұлы Шыңғыс хан бабамыз кім болғаны?

Соңғы кездері «Жас Алаш» газеті Шыңғыс хан бабамыздың айналасындағы  пікірталастар жөнінде көп жазып, жұртшылыққа ой салып жүр. Әсіресе қазіргі қазақ қоғамының заңғар жазушысы Мұхтар Мағауин мен аталмыш басылымның белсенді авторларының бірі, Қазақстан журналистер  одағының мүшесі, замандас ініміз Бейсенғазы Ұлықбектің Шыңғыс хан бабамыз жөніндегі келтірген дәйек-деректері көңілге қонымды, яғни шындықты  айғақтай түседі. Олардың тарихи құжаттарды пайдаланып зерделеген  дәлелдері қарапайым оқырманға тарихи шындықты біртабан жақындата  түскендей. Әрине, бұл менің жеке пікірім. Енді ақпараттарда жарияланған  кейбір маңызды деректерге үңіліп көрейік.

Мысалы, қазаққа қатысы жоқ орыс ғалымдарының зерттеулерін алайық. Бейсенғазы Ұлықбек бір мақаласында («Жас Алаш» №53, 02.07.2020 ж.) мынадай құнды деректерді келтірген. Мәселен, орыстың зерттеуші ғалымы, академик В.Федоровтың «Записки о границах окружающие государствами Россий» деген зерттеу кітабында былай делінеді: (93-бет, 1997 жыл) «В современной Монголии, хотя они  называют себя  монголами, фактически  они принадлежат народам Бурятии. Когда-то русские  установили границу, народ бурят раскололся на две части, лесные и степные. У них общие  традиции, обычаи, язык и даже одинаковая одежда. Оба народа веры будды. Их население  очень малочисленно. Слово «Мон – голл»  является  китайским словом. В переводе  как «скотники». Бурят – монголы не могли  выступать против других государств, таких как великий Китай и других империй. Поэтому буряты в данное время (монголы) не в состоянии были тогда образовать мировую державу, так как они были очень малочисленны. А Чингис хан и подчиняющиеся ему  роды, племена были только кипчаками. Они говорили на кипчакском языке (древнеказахском языке)» деп көрсетеді. Байқасаңыздар, бабамыз жөніндегі дәлелдемелер көп жайттан хабар бермей ме?

Профессор Талас Омарбековтің «Жас Алашта» жарияланған көлемді мақаласында «Шыңғыс ханның ататегі туралы не білеміз?» деген жолдар  бар. Қазақ хандарының арғы бабасы Шыңғыс хан болып табылатыны  тарихта дау туғызбайды. Алайда Шыңғыстың руы бөржығын-қият болғанына  қарамастан, қазақ арасында одан тараған ақсүйек әулет өкілдерінің  осы руға жататыны айтылмай, олардың, яғни қазақ хандары мен сұлтандарының  рулық шежірелерде төрелер деп аталатыны тағы белгілі. Олай болса Шыңғыс хан да төре емес пе? Бұрын қияттан тараған Шыңғыс хан ұрпағы  қалайша төре атанып кетті деп көрсетеді. Бұл фактілер жөнінде зерттеуші  ғалымдар бір мәмілеге келер деп ойлаймын. Ал енді осы қият руына біршама тоқталайық.

М.Мағауиннің «Қазақ елі kz» газетінде (№1, 18.03.2020 ж.) «Шыңғыс ханды  мен қазақ үшін жаздым» атты мақаласы көп жайларға жетелейді. Онда  Дегин деген француз оқымыстысы Шыңғыс ханды түркі деп жазды. Кейін біздің империялық саясат үшін түрік болмауы керек болды. Осы мақалада және былай деп көрсетілген: «Ал біздің қазақтарға таңғаламын, жүз рет «Шыңғыс хан – қазақ» деп айтсаң да, миына қонбайды. Шыңғыс хан қазақта  асыл нұрдан жаралған әулие саналады. Алтын Орданы есептемегенде, қазақты неше жүз жыл Шыңғыс хан ұрпақтары биледі. Арыдан бастасақ, Мұрат ақынның, Мағжанның, Шәкәрімнің өлеңдері, Абайдың айтқандары бар. Ғұмар Қараш: «Шыңғыс хандық құрған ел – Қарақыпшақ Қобыландылар туған ел», –  десе, ал Мұратта «Ойыл да, Қиыл, Жем, Сағыз, Қайран Саланың жатқан аңғары-ай, Ақ сәлделі пірлердің мешітке жаққан шамдары-ай, Кәпірден теңдік алуға қайтып та туар деймісің, Мұсылманның баласы  Шыңғыстан туған хандар-ай» деген жолдар бар». Одан бөлек, заңғар жазушымыз «Шыңғыс хан қият руынан шыққан. Қият қазақтың шанышқылы  руының құрамына енген. Сондай-ақ адай да ежелгі қият есімінде. Шыңғыс хан әулеті «төре» атанды, Алтын Ордаға жалғас Қазақ ордасының барлық ханы – Жәнібек пен Керейден  бастап, Кенесарыға дейінгі аралықтағы қазақ ұлтының аруағын көтерген ұлы тұлғалар тағы бар. Бұлардың ішінде Алаш арыстарының көсемі Әлихан Бөкейхан да бар» дейді.

Әрине, ақпарат айдынында Шыңғыс хан бабамыз туралы айтыс-тартыстар жетіп-артылады. Менің арманым – жарты әлемге үстемдік жүргізген ұлы Шыңғыс хан бабамызды өз ұрпақтарымен қауыштыру қарекеті қана. Әрі  қарай бір түйінге келу зерттеуші, тарихшы ғалымдардың еншісінде. Тарихи  шындықты жасыруға, қорлауға  болмайды. Тіпті Жаратушының, керек  десеңіздер, өткен тарихтың алдында күнәға батпаймыз ба? Кезіңде  славяндарды үш жарым ғасыр бодандықта ұстағандықтан, бүгінгі күні Ресей  елінен қорқасоқтап, әйгілі Алтын Орда империясын біз мемлекетіміз деп, ал Шыңғыс хан бабамызды ашық түрде біздің ата-бабамыз деп айта алмай келеміз. Неге? Бір жағынан, қара қытайдан да ығысамыз, оларды да батыр бабаларымыз бір жарым ғасыр өзіне тәуелді етіп бағындырған. Енді келіп бұл орекеңдердің құқайынан қорлық көріп отырмыз.

Бұрындары Жириновский, Лимонов дегендер қазақ жеріне көз алартып ұлитын болса, бүгінде Ресей думасының депутаттары В.Никонов, Е.Федоров  дегендер де айтақтайтын болды. Көршілес, тату доспыз деп жүрген мемлекеттің президенті В.Путин олардың қолтықтарына су бүркіп, «қазақта  бұрын-соңды мемлекет болмаған» деп сандырақтағанын қайтеміз?! Мен айтар едім, бұл арандатушылықтар әдейі ұйымдастырылған қитұрқы  әрекеттер деп. Сондықтан бұлардың көздерін бақырайтып қойып, ұлы Шыңғыс хан бабамыздың қыпшақ – қазақ екенін бүкіл әлем алдында паш  етуіміз керек (олар XІV-XV  ғасырларда Қазақ хандығының құрылғанын  тарихтан біле тұра, осындай иттік жасап отыр). Сонда ғана бұл сабаздар сабасына түседі деп есептеймін. Қалай  болғанда да, бұндай қоқан-лоқы әрекеттерін жалғастыра беретін болса, бұл елмен арамызды шорт үзіп,  тереземіз тең болу үшін тайталасуымыз керек. Біздің қауқарсыз билік өткен  отыз жылда өскелең ұрпақтың санасын әбден улады. Бүгінде бұл  орысшыл  билік үштілділікті ұрандатып, жас өрендерімізді мәңгүрт қылып болды. Астанамызға барсақ, жастарымыз тек қана орыс тілінде шүлдірлеп жүреді.  Қалай қазақы ел боламыз? Бұлардың басқыншы әрекеттеріне тойтарыс  бермесек, қоқаңдауын үдете береді.

Ресейде біздің қазақтардан қамқорлық көрген халықтар аз емес. Ондағы   түркітілдес бауырлар да қазақтың басына ауыр күн туса, ат-тонын ала қашпас (орыстардың әлімжеттік тірліктерінің түбі түркі әлемінің қайта жандануына әсер етуі бек мүмкін). Оның үстіне бұл елде өз бауырларының тағдырына  араша түсіп, араағайындыққа барып, әлемдік  қауымдастықтың  назарын аударып, ықпал ететін миллионан астам қандастарымыз тағы бар. Егер де басқыншылықты көздейтін бұл  арсыз мемлекет қара ниеттерін жүзеге асыруға әрекеттенетін болса, онда Кеңес Одағының кебін киеді. Яғни өз-өзінен ыдырап тынады.

Сөз соңында айтарым, егер жоғарыда көтеріліп отырған мәселе оң шешімін  тауып жатса, елімізде тіркелген барлық елшіліктерден өкілдер, Шыңғыс хан бабамыз жөніндегі зерттеуші ғалымдарды әр тараптан жинап,т.б. шенді-шекпенділерді шақырып, орталық қаламызда халықаралық ғылыми  конференция өткізіп, шешімін бүкіл жаһанға паш етуіміз керек. Мәселенің түйіні шешілсе, астанамыздың көрікті жерінде ұлы Шыңғыс  хан  бабамызға  зәулім ескерткіш орнатылғаны абзал. Яғни халқымыз баба рухынан нәр алып, сусындап жүрсін. Сіздер не дейсіздер?

Қамысбай Бесенбергенұлы

Abai.kz

74 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320