Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3107 0 пікір 24 Сәуір, 2012 сағат 05:56

Бақтыбай Айнабеков. Жарты ғасырға көмілген бұлақ көзі, жарымжан орталық

Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың назарына!

 

Құстың қос қанатындай қазіргі медицина мен  баламалы немесе халықтық медицина  қазір бір ведомство -  Денсаулық сақтау министрлігінің қол астында.  Екі қайнар көз де халыққа қажет екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Солай бола тұра осы екі бұлақ көзіне министрлік тарапынан көрсетіліп отырған көзқарастың арасалмағы жер мен көктей. Біріне жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қаншама қаржы бөлініп, сол қаржының  кей бөлігі толық  игерілмей де қалып  жатса, халықтық медицина  тағдырына  қаржы  түгілі, соңғы уақытта  жылы көзқарас түгілі көріп жатқан тәпірештерін айтудың өзі ауыр.   Әрине,  атқарып отырған жұмыс ауқымдарына орай қалыптасқан жүйелі сала қазіргі медицинаға үкімет тарапынан жоспарлы түрде жасалып отырған осындай ықылас  дұрыс та болар, бірақ егіздің сыңарындай, кейінгі жылдары ғана елімізде өз кеңістігіне шығып, қатарға қосылған халықтық медицинға  қағажу көзқараспен қарау келісетін жағдай емес. Бұл бұлақ көзінің көміліп, толық ашылмауы әр түрлі ойға жетелейді...

Бұлай айтып отырғаным, соңғы он-онбес жыл көлемінде  әр министр ауысқан сайын мен осы өзекті мәселені үнемі көтеріп, алдарына мәселе етіп қоюмен келемін. Бірақ «баяғы жартас - бір жартас»,  еш бірі осы мәселеге емшілер күткендей назар аударып, жанашырлық ықылас таныта қойған жоқ...

Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың назарына!

 

Құстың қос қанатындай қазіргі медицина мен  баламалы немесе халықтық медицина  қазір бір ведомство -  Денсаулық сақтау министрлігінің қол астында.  Екі қайнар көз де халыққа қажет екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Солай бола тұра осы екі бұлақ көзіне министрлік тарапынан көрсетіліп отырған көзқарастың арасалмағы жер мен көктей. Біріне жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қаншама қаржы бөлініп, сол қаржының  кей бөлігі толық  игерілмей де қалып  жатса, халықтық медицина  тағдырына  қаржы  түгілі, соңғы уақытта  жылы көзқарас түгілі көріп жатқан тәпірештерін айтудың өзі ауыр.   Әрине,  атқарып отырған жұмыс ауқымдарына орай қалыптасқан жүйелі сала қазіргі медицинаға үкімет тарапынан жоспарлы түрде жасалып отырған осындай ықылас  дұрыс та болар, бірақ егіздің сыңарындай, кейінгі жылдары ғана елімізде өз кеңістігіне шығып, қатарға қосылған халықтық медицинға  қағажу көзқараспен қарау келісетін жағдай емес. Бұл бұлақ көзінің көміліп, толық ашылмауы әр түрлі ойға жетелейді...

Бұлай айтып отырғаным, соңғы он-онбес жыл көлемінде  әр министр ауысқан сайын мен осы өзекті мәселені үнемі көтеріп, алдарына мәселе етіп қоюмен келемін. Бірақ «баяғы жартас - бір жартас»,  еш бірі осы мәселеге емшілер күткендей назар аударып, жанашырлық ықылас таныта қойған жоқ...

Қазір менің қолымда есімін өзімізден бұрын әлем мойындаған қазақтың қадірменді емші қызы Күлтай Әлиеваның атына жыл басында келген Баламалы медицина Әлемдік интерноциональдық ашық университетінің (Шри Ланка, Коломба) 2012 жылдың он екі, 2013  жылдың  алты айында дүние жүзінің әр тарабындағы он сегіз қаласында өтетін, он екі ашық семинарына, бес аймақтық, бір әлемдік Үлкен конгресіне қатысуға шақырту хаты тұр. Күлтай осы қыруар жұмысты жүйелі ұйымдастырып отырған Әлемдік қауымдастықтың Құрметті президиум мүшесі. Түрлі түсті бояумен әсемдеп шығарған осы семинарлар мен конгрестің жұмыс жоспары мен шақыру хаттарының алғашқы бетінің маңдайшасындағы (CHARTER OF MEDICINA ALTERNATIVA ALMAATA DEKLARATION 1962) - деген сөйлем әрдайым менің көзіме  ыстық көрінеді. Демек, осы жарнамаға сенсек баламалы медицинаның  бұлақ көзі әлемде алғаш рет, осыдан жарты ғасыр бұрын өзіміздің Алматы шаһарында өткен конгресте құрылғанын  бүкіл жер шары танып-біліп отыр. Жарты ғасыр! Демек, осынша уақыттан бері әлем халық емшілерінің Меккесі - Алматы қаласы! Осы қалада халық емшілерінің алғашқы ұйымдастыру шаралары іске асқан. Осы конгресте қабылданған "Әлем халықтарына арналған декларация" негізінде дүние жүзінде баламалы медицинаның тұсауы кесілген. Содан соң барып, көптеген мемлекеттерде университеттер мен институттар, арнайы халықтық емдеу орындары мен Орталықтары ашылған. Әлемнің Алматыға рахметі жауған.

Осылай бола тұра әлем танып-біліп тіршілік етіп отырған осы тарихты, оның маңызын - біздің халқымыз, Үкімет, тіпті Денсаулық сақтау министрлігі біле ме?!... Ел медицинасының тарихына  назар аударсақ, бұл игі тірлік белгілі мемлекет қайраткері, үлкен ғалым, профессор, өз кезінде екі рет Денсаулық сақтау министрі болған марқұм С. Қарынбаевтың кезінде ұйымдасқан екен. Бірақ  аяулы азаматтың  осы игі шараға нақтылы қатысқан- қатыспағандығы туралы қолымызда әлі күнге дерек жоқ және іздестірген пенде де болмапты...

Менің білетінім, 1991 жылы 4  қаңтарда Мәскеуден шығатын "Медицинская газетада" украйындық академик-дәрігер  В.Кандыбаның "Халықтық медицина ғылыми медицинаға балама бола алады!"- деген мақаласы жарық көргенде,  сол кезде кеңес үкіметі тұсындағы осы саланың жанашырлары, қалпақтарын аспанға атып, жерден жеті қоян тапқандай академикті құрмет тұта дүрлікті. Ал бұл мәселе, одан отыз жыл бұрын, қазақ жерінде бастау алып, әлемдік маңыз алып кеткенін сол кезде еске алған ешкім болмады. Бұл жағдайға қанық болатын себебім, сол кезде  осы салада  журналист есебінде  ерекше ықыласпен біршама тіршілік жасаған едім. Республика Журналистер одағы сыйлығының алғашқы лауреаттығын да осы тақырыпта жазған мақалаларым мен  телехабарларым үшін иеленгенмін.

1989 жылы 14 қазанда республикалық теледидардан  "Халықтық медицина, қалің қалай?" атты алғаш рет проблемалық хабар ұйымдастырып, соңынан сол кездегі "Социалистік Қазақстан" газетінің бетінде "Халықтық ем клиникасы қажет-ақ" (1989 жылғы 10 қараша) - деген тақырыппен мақала жарияладым. Республика ғылым академиясының академиктері М.Әлиев пен С. Балмұқановтың алдарында бірнеше ерекше қасиеті бар халық емшілерінің сынақтан өтуіне дәнекер болдым. Сол кездегі Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Г. Урмурзинаның басшылығымен 11 медицина ғылымының докторлары қатынасқан сынақта Сайрамдық Ж.Ергешәлиев деген ағамыз өзінің түскі үзіліске дейін алдына келген сырқаттардың көзіне қарап отырып-ақ, дәрігерлер жетілген техникамен апталап анализ алып жүріп әзер қоятын сырқат диагнозын бір сәтте жаңылмай қоятынын, тіпті соған дейін қандай сырқаттармен ауырғанын, отаға түскен-түспегенін де жаңылыспай   айтып бере алатындығын жеткізумен бірге, сынақ соңында сынақ жетекшісі  Гүлшара Урмурзинаның  үйінде сал болып ауырып жатқанын жолдасын айтпай-ақ көріп-біліп, үйіне  алып барса алғашқы өз көмегін бере алатындығын айтқанда, сынақ алып отырған ғалымдарымыздың өздері де таңырқаныстарын жасыра алмағандығы күні бүгінге дейін менің көз алдымда тұр. Осы қасиетті азаматтың академик  С.Балмұхановтың үйінде алманиядан келген ерлі зайыпты екі профессор достарына да өзінің осы бір ерекше қасиетін көрсеткенде, шет елдік қос мейман  ауыздарын ашып, бастарын шайқасып еді. Тіпті осы ағамыздың, қыста үй төбесінен тайып құлап екі өкшесі сынып, сегіз айға жатқызып тастаған баласының аяғындағы гипсті алдырып тастап, он күндік  емінен соң, аяғын жайлап басып, жүріп кеткенін көргенде Сайын ағамның көзінен аққан қуаныш жасы да көз алдымда...   Осындай сынақтардан соң, жоғарыда есімдері аталынған қос академик ағалармыз Қытай, Монғолия, Англия, Жапонияға барған сапарларында  ондағы халықтық емдеу орталықтарының тәжірибелерімен танысып, олардың халыққа қаншалықты қажетті жұмыстар атқарып жатқандықтарына  көздерін жеткізіп қайтты. Содан шығарған қорытындылары болар, сырқаттарға қажет осы салаға жанашыр болып, сол кездегі Премьер-министр  Ұ. Қараманов мырзаның атына  Алматы қаласынан Халықтық емдеу орталығын ашу туралы Ұсыныс хатпен кірді. Қос академиктің ұсынысы  мақұлданып, кеңес үкіметі кезіндегі бауырлас елдер арасында біздің елде алғаш 1990 жылы 19 маусымда Денсаулық сақтау министрлігі жанынан шаруашылық есеппен жұмыс жасайтын Республикалық халықтық емдеу Орталығы ашылып, оның жарғысы бекітілді. Мекеме үшін  қала орталығындағы, ең тыныш, ең көрінекті жерге орналасқан бұрынғы Республикалық Акушерлік-генакология ғылыми зерттеу институтының босаған мекен жайы берілді. «Жыртық үйдің де құдайы бар»- деген осы, осылайша керегесі сөгіле бастаған кеңес үкіметінің өмірінің соңғы екі-үш жылына дейін көзге түрткі болып күн кешіп келген халық емшілігі қос академик ағамыздың табандылығы арқасында мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұған дейін емшілер ел арасында жасырын тіршілік жасап келді. Жасырынбағанда қайтсін, сол кезде ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері соңдарына шам алып түсіп, көзге түсіп қалғандарын  «заңсыз ем жасағандары үшін» ҚР ҚК-нің 209 бабымен жауапқа тартып отырды. Олар «Отырса опақ, тұрса сопақ» күн кешті...  Мен өз басым  тележурналист ретінде арнайы тапсырыспен  Гурьев ,  Қазалы, Шымкент қалаларында өткен  осындай бірнеше соттарға қатыстым. Соттар заңсыз ем жасағандарға, тергеу орындары қалай  қорытынды дайындап берсе, солай  үкімдерін шығарып жатты. Шығарылған сол сот үкімдеріне орай кезінде мен дайындаған хабарлар да эфирден өтті... Көре көре - көзіміз ашылды. Емшілер соты үстінде олардың тыныс тіршілігімен танысып, басқаша ой түйдік. Тәжірибе жинақтадық. Бойына тылсым қасиет жыйнаған халық емшілерінің кім екенін, олардың жан дүниесін, болмысын ұғына бастадық...

Бұл емдеу орталығын ашқандағы басты мақсат - ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бізге жеткен бағалы мұра халықтық медицинаға қамқор болу, оның жұмысын жолға қою болатын. Халықтық емнің тәсілдерін меңгерген ерекше қасиеті бар сынықшылардың, оташылардың, көріпкелдердің, бақсы-балгерлердің, бойында биоөрісі бар экстрасенстердің, аян иелерінің басын бір жерге шоғырландырып, одан әрі олардың жұмыстарына ғылыми-практикалық зерттеулер жасау белгіленген.

Несін жасырамыз - сол кезде халық емшілерінің дәрігерлер емдей алмаған небір ауыруларды жазып, жылдар бойы шор болып бітіп кеткен сынықты қайта сындырып салып, қисық біткенін көз алдымызда қалпына келтіріп бергенін талай көрдік. Олар осы қызметі үшін үкіметтен марапат түгілі көп қаржы, не құрал жабдықтар алып беруді қажет те еткен жоқ. Өз әдіс тәсілдері,  жинаған дәрілік шөптері жетіп жатты. Мұның өзі - қазіргідей экономикалық, экологиялық қиыншылық кезінде халықтық медицинаның мейлінше тиімді жақтарын көрсетті.

Әрине, бұлай  әңгіме өрбіткенде халықтық медицина ендігі  жерде ғылыми медицинаны барлық жағынан басып озып, оны жоққа шығарады деген ой тумаса керек. Дегенмен, мақала басында өзіміз әңгіме еткен әлемге әйгілі академик дәрігер В.Кандыба мырзаның "Халықтық медицина ғылыми медицинаға балама бола алады!" деген жүрек жарды пікірімен санаспасқа да болмайтындығын тіршілік көрсетіп берді.

Алматыда халықтық медицина Орталығын ашу өз кезегінде еліміздің үлкен жетістігі болумен қатар көрші елдерге үлгі өнеге болды. Жаңа Орталыққа халықтық медицинадан хабары бар, тәжірибесі бай, өзінің  ұйыдастыру қабілетін көрсете білген  байсалды азамат басшылық етуін күткен едік.  Бірақ осы басшы  мәселесі күні бүгінге дейін өзінің оңды шешімін таппай келеді. Осыған орай кезінде (11 сәуір 1991 жылы) "Социалистік Қазақстан" газетінде менің "Орталық жұмысы ойымыздан шықпады. Неге?"- деген тақырыппен республика Ғылым академиясының академиктері М.Әлиев пен С. Балмұқанов мырзалар атына Ашық хатым да жарияланды.

Мақаладан соң Орталықтың алғашқы басшысы ауыстырылды. Бірақ жаңа басшысы Е.Әбілқасымов та емшілер көңілінен шықпады. Министірлікке  халық емшілерінің қаншама шағымы  түсті. Жаңа басшы  халық емшілері мен сырқат жандардың жайын ойлаудың орынына тиыннан сом шығарудың  «шебері» болды. Ә дегеннен, келісім шарт бойынша тапқан табысының елу пайызын алып келген халық емшілерінің еңбек ақыларын 25 пайызға түсірді. Бұл жағдай адам еңбегін қанаудың  бұрын соңды болып көрмеген көрінісі болатын. Бұл қысымға көнбеген Орталықты алғаш ашуға атсалысқан бірсыпыра халық емшілері ренжіп, сүйікті жұмыс орындарынан қол үзулеріне тура келсе, қалғандары жаңадан ашылған  шаруашылық есеппен жұмыс жасайтын ортақ шаңырақтарының болашағы үшін  келісім шарттағы көрсетілген  бұл жалақыға да лажсыз, мақұлдаған сыңай танытты. Жаңа басшы мұнымен де тоқтамай  республика көлемінде емшілікпен тек қана Орталықта  жұмыс жасап, одан соң жоғары атағы бар ғалым дәрігерлер алдында аттестациядан өткен емші ғана емшілікпен айналыса алады деген ұсынысын Республикалық Денсаулық сақтау министрлігіне арнайы жарлықпен заңдастырып, бекіттіріп алды...

Емшілік пен көріпкелдік, аян алу - ерекше қасиет иелерінің еншісі. Солай бола тұра, осындай қасиет иелеріне, бұл саланы терең ұғына бермейтін маман дәрігерлер баға беретін болды! Кеңес үкіметі кезінде бұрын соңды көрмеген кесапаттықты көріп жаншылып қалған халық емшілері  бұл тәртіпке де көндікті. Барлық емшілер еріксіз Республикалық халықтық емдеу Орталығына  қайта оралып, мезгіл-мезгіл айтқан сынақтан өтіп тұруға тура келді. Артынша құжат беру жүйесі тікелей министрлікке өтті. Бұл жүйе жұмысты тіптен босаңсытып жіберді. Ақыр соңында емшілердің тадыры - емшіліктен ещ хабары жоқ, Орталық жетекшісі, жеке бір бастықтың  қолына өтті. Өйткені, бастықтың келісімінсіз ешкім де емшілік құжатқа қол жеткізе алмайтын... Іле елімізде жекешелендіру жұмыстары басталды.  Осынау ту-талапай кезде Денсаулық сақтау министрлігінің Е.Әбілқасымов басқарған тобы ешкімді ортақтастырмай, еліміздің халық емшілері үшін бөлінген  қала орталығындағы, ең көрінекті жерге орналасқан бұрынғы Республикалық Акушерлік-генакология ғылыми зерттеу институты ғимаратын  өз еншілеріне қаратып ала қойды... Қандай қиянат!.. Күн түн қатып, қадірменді қос академикті алдымызға салып жүріп қол жеткізген  қасиетті шаңыраққа қасиеттен хабарсыз жандар қол салды. Бұл бетімен кетушілікке  кезінде «Әй, дейтін әже, қой дейтін қожа табылмады...». Орталық жарымжанданды...

Міне, осындай оспадар жағдайлар республика халық емшілерін қоғамдық негізде ұжымдасуға жұмылдырды. 1991 жылы 20 - 23 желтоқсанда  Қазақстан халық емшілерінің Республикалық бірінші құрылтайы өткізілді. Құрылтай өз қаржысы есебінен жұмыс жасайтын оның жоғарғы  қамқоршы органы Республикалық Халық емшілерінің қауымдастығын құрып, оның Президиумы және басқару органдарын сайлады. Құрылтайға Денсаулық сақтау министрлігі өздері ұйымдастырушы болу орынына өкілдерін де жібермеді.  Ал  көрші ресейде өткен осындай құрылтайдың  негізгі жанашыры, ең алдымен сол елдің Десаулық сақтау министрлігі мен танымалы ғалым қайраткерлер болды. Әдетте, ел болатын ұлттың тірлігі осылай болу керек қой. Елімізде үкімет қамқорлығынсыз құрылған біздегі бұл қауымдастық күні бүгінге дейін ит ырғылжың жұмыс жасап отырғанымен, тындырып отырған шаруасы көңіл көншітпейді. Оның үстіне соңынан Орталық жанынан арандатушы топ ұйымдастырған емшілердің тағы бір қауымдастығы құрылып, екі қауымдастық  бірінің жұмысына бірі бөгет болып абройларын түсірді. Бірігіп, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару» орынына, араларында орын алған бақталастық  емшілердің есін шығарды. Қауымдастық - күш! Бұл күш - біріккенде ғана алға қойған мақсат мүддеден шығады. Осы қауымдастықтар ынтымақпен жұмыс жасаса Орталықтың бас дәрігерін өздері сайлап  қоюға қол жеткізіп, қасиетті шаңырақтың  жұмысына да ықпал еткен болар еді. Ондайлық қауқар байқалмады. Араларындағы орын алған алауыздық бүкіл емшілер болып атқарар қыруар жұмысқа өз кедергілерін келтірді. Ақыры, осылай айтуға тура келеді, Орталықты жарымжан етуге әкеліп соқты. Жарымжан Орталықтан толымды тірлік күтуге бола ма?...

Ашып айтар жағдай, о бастан-ақ, Орталықты ашуға дәнекер болған қос академик ағамыздан басқа,  еліміздің есігінен инабатпен енген халықтық медицинаға Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан оң көзқарас болған емес. Қасиетті шаңырақты -  ел таныған қасиеті бар адам басқаруы керек еді және ондай тұлға ең алдымен емшілер арасынан іздестірілгені мақұл болатын, бірақ олай жасалмады. Қайбір сала болмасын, сала тізгіні  білгір басшысы қолына берілмесе одан оң нәтижие күтуге болмайды ғой...  Емшілер көңілінен шықпаған Е.Әбілқасымов мырза Республика Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланып кеткеннен кейін, бұл Орталық басшылығын қолына алған Шәкен Шынтаев мырза да  пәлендей шаруа тындыра алмай жүр.  Ғалым, медицина ғылымының кандидаты бұл ағамыз өз кезінде бар қажыр қайратын  еліміздің денсаулық саласына бергенін біз жақсы білеміз, еңбегін құрметтейміз. Бірақ «көтере алмас шоқпарды қарына ілу» қай батырға, қай заманда аброй әперіп еді?.  Әрине, ағамыз өзі Орталықта басшылық еткен тұсында, Түркияның Кемер қаласында түркі тілдес елдер халық емшілерінің симпозимуын өткізгенін, Алматыда өткен емшілердің кезекті сьезіне 18 елден қонақтар қатыстырғанын, Қазақстан-Ресей медицина университетінде шығыс медицинасы факультеті ашылғанын алға тартуы мүмкін. Бұл халық емшілері үшін жеткіліксіз, өте кемшін жұмыс. Орталыққа осы саланы жетік меңгерген  жігерлі жас басшы керек.  Шаңырақ - ерекше қасиет иелері жұмыс жасайтын орын болғандықтан, өз бойында осындай ерекше жігер қасиеті бар басшының қолына өтуі тиіс.

Осы орайда мақаламыздың басында келтірген, қазақтың қадірменді емші қызы Күлтай Әлиеваның атына жыл басында келген Баламалы медицинаның Әлемдік интерноциональдық ашық университетінің шақырту хаттарының алғашқы бетінің маңдайшасындағы «1962 жылы Алматыда өткен баламалы медицинаның (халықтық медицина) Әлемдік тұңғыш конгресінде ұйымдастырылған»- деген жарнамаға қайта оралуға тура келіп отыр.  Мен осы хатты Республикалық халықтық емдеу Орталығының басшыларына да, Денсаулық сақтау министрлігінің салалық басшыларына да кезінде бірнеше рет көрсеттім. Ел абройын көтерер осы бір өзекті мәселеге әлі күнге тиісінше мән берген  жан баласын көргенім жоқ. Мән берілсе жарты ғасыр бұрын Алматыда құрылған осы қауымдастықтың Колумбы қаласында орналасқан орталығымен күні бүгінге дейін тығыз байланыс орнатуға болар еді ғой. Ал бұл қауымдастықтың жұмысы бүгінгі таңда әлемдік жоғарғы дәрежеде жолға қойылған. Бұны,  осы хаттың иесі, аталынған қауымдастықтың президиум мүшесі Күлтай Әлиевамен таяуда болған сұхбаттасуымдағы мына әңгіме үзіндісінен де аңғаруға болады;

- ... Қазіргі ғылыми медицинаның түп негізі халықтық медицина екені дау тудырмас. "Бұрын туған құлақтан кейін шыққан мүйіз озады" демекші, әлемде өркениеттің өріс алуымен, қазіргі ғылыми медицина өзінің шыққан тегі халықтық сауықтыруды өз жолынан белгілі уақыт көлемінде ығыстырумен келді. Оның жарқын көрінісін біздің мемлекетімізден  қазіргі уақытта да көруге болады. Бұл - бір, екінші Сіздер халықтық ем атап жүрген атауға сиыспайтын сауықтыру жолы мен түсіндіруі шешімін  таппаған тылсымдар бар. Мысалы - көріпкелдік немесе  әруақтармен тілдесу. Кейбір қасиет иелері сырқат жандардың диагнозын қазіргі жетілген техникаларсыз-ақ қойып емдеумен бірге, осы жерде отырып басқа бір жерде болып отырған көріністерді айны қатасыз көретін кездері болады немесе сіздің өзіңізден басқа ешкім білмейтін, өткен өміріңізде басыңыздан өткен оқиғаны сол қалпында көрген куәгерлей айтып береді. Мұндай тылсым көріністі, қалай жеткізіп айтуға болады? Бұл құпиялық тарихы күні бүгін  басталған тірлік емес. Анау, әлем болып бес жүз жылдығын атап өткен Настарадаумыс, кеше ғана өмірде өткен Болгарлық Ванға, өзіміздің Мөңке мен Тәуке ханның тұсында үш жүздің әйгілі үш биінің көзінше сайысқа түсіп, жеті адамға жан беріп, ханның діни уәзірі атанған Мүсірәлі піріміз ше? Әр заман өзінің  осындай қасиетті перзенттерін әр кез  өмірге келтіріп отырған. Олар қазір де  арамызда баршылық...

Қай жылы менің қолыма сіз сұрап отырған Әлемдік ұйымның жетекшісі, профессор Хилер Антон Жаясуридің   Баламалы медицинаның  Әлемдік Үлкен конгресі алдында Нобель қорының атқарушы директоры Михайл Солман мен Нобель қорының Президенті, профессор Самуэльсон Бенгтің атына жазған хаты тиді. Осы хаттағы деректерге сүйенсек қазір бұл ұйымның есебіне тіркелген әлемде 1,7 миллион халық емшілері бар көрінеді. Осыншалықты емшілер мен сауықтырушылар 15 000 институттар мен ұйымдарға біріккен. Хатта  дүниежүзінің 140 елінен 1810 делегат қатысқан соңғы әлемдік Конгресте ендігі Нобель сыйлығын халық емшілері мен сауықтырушыларына беру туралы Нобель сыйлығы Комитетіне бір ауыздан қабылданған шешім жолданғаны айтылған. Осындай аброй биігінен көрініп отырған  бұл  ұйым 1962 жылы Алматыда  әлемнің 67 елінен арнайы келген делегация мүшелері қатысқан  халықаралық медицина қызметкерлерінің конференциясында құрылғандығын ешкім еске алмай отыр. Бұл - әрбір қазақстандық үшін мақтаныш болуы тиіс дерек. Солай бола тұра біздің дәрменсіз Үкіметіміз бен Денсаулық сақтау министрлігі осы уақытқа дейін бұл мәселеге нақтылап назар аудармай келеді. Аударған болса осы ұйымның биылғы жарты ғасырлық  юбилейін осында өткізіп, кезінде қолдан шығарып алған, құдай берген абройды кері қайтарып алмағанымен осы жұмысты дұрыстап қайта жолға қойып алуға болар еді ғой...

Біз демократиялық мемлекетпіз.  Халық қандай емді қабылдайтынын өздері шешуі тиіс. Үкімет шамасы келгенше соған жағдай жасауы керек. Кішкене ған  Шри Ланка мемлекетінде мемлекет басшысы халықтық медицинаны алақанына салып отыр. Жылына бір рет осы мемлекетте өтетін әлем емшілерінің конгресіне өзі бас болып қатынасады...

Соңғы он жылда, әлемнің 180 қаласында өткен халық емшілерінің Үлкен конгрестеріне шақырту алған Күлтайдың осы пікірін, осыдан 20 жыл бұрын Алматыда бейүкіметтік "Мәдениет арқылы бейбітшілікке" ассоциациясы ұйымдастырған бүкіл дүние жүзілік рухани келісім конгресіне қатынасқан австралиялық ғалым Арнольд фон Кейсерлингтің, Дели метрополиті Паулос Мар Трегориос, Рама Кришны миссиясының президенті Джоржио Бонджовании, германиялық доктор граф фон Донхофф, "Мәдениет арқылы бейбітшілікке" ассоциациясының  Европалық бөлімшесінің президенті Вилли Аугустат, жапондық оқымысты Саския Ишиказа ауыздарынан да естіген болатынбыз. Оны кезінде жарасымды жаңалық ретінде БАҚ беттерінде жазғанбыз да. Бірақ әлі күнге сол пікірлерге назар аударылып қорытынды болған емес. Болмаған соң елу жылдық юбилейді алға тартып тағы да жазып отырмыз. Бұрынғы құлақтарға жетпесе, соңғы құлақтарға жетер...

Түсінген жанға, Күлтайдың сұхбат барысында айтқан осы әңгімесі  біз айтқымыз келген біраз әңгімені жеткізіп қойған секілді. Толықтырып қосарымыз, бүгінгі таңда  елімізде кезінде жекешелендіру науқанымен  сатылып кеткен біраз балалар бақшалары, клубтар мен мәдениет үйлері, медицина орталықтары қазір кері қайтарылып жатыр.  Осы орайда саудаға түсіп кеткен Республикалық халықтық емдеу Орталығы да кері қайтарылуы тиіс деп ойлаймыз. Қасиетті шаңыраққа қомағайлықпен қол салғандар, осы күнге дейін тапқан табыстары бойларына құт, енді бұл шақырақты жақсылықпен кері қайтарғандары мақұл. Үлкен билікке ие Денсаулық сақтау министрлігі  республикада ғылыми медицинаға балама бола алатын халықтық медицинаға қамқорлықты барынша күшейткені жөн. Үкімет  дәрігерлер құқығын қорғаумен қатар  халық емшілері құқығын да қорғайтын да арнайы заң қабылдау қажет. Жоғарыда аты аталынған есімдері әлемге мәшһүр шетел ғалымдары осындай жұмыстың белортасында жүрсе, біздің ғалымдарымыздың мұндай жұмыстан үркектей жүруі қалай?  Мұндай жағдайда медицинадағы әлі түрен тимеген ғылымның бір жұмбақ саласы, сол жұмбақ күйі кенжелеп қала бермей ме?

Сосынғы бір айтар жайт осы саланың кадр мәселесін түбегейлі қайта қарау керек. Бұл үшін Орталық жанынан республикалық ғылыми зерттеу институтын, академиясын ұйымдастыратын уақыт әлде қащан толғағы пісіп жетті. Мұнымен қабат кәделі іс осы Алматыдан бастау алған Дүниежүзілік баламалы медицина интерноциональдық университетін өзімізде қайта ашуға да толық негіз бар.  Оған үкімет тарапынан нақтылы көмек қажет.

Осы шаруалар жүзегеасып жатса емдеу орталығындағы емшілердің шетелдерге шығуына жағдай жасалар еді. Қазақ емшілері Күлтай Әлиева сияқты өз қасиеттерін әлемдік дәрежеде көрсетер еді. Қазір біздің Орталықтағы емшілер алыс шетел түгілі көршілес елдердегі халық емшілерімен де жөндеп тәжірибе алмаса алмай келеді.

Мақала соңында айтарымыз, өз тарихы, өз дәстүрі бар қазақ халқы үшін, халықтық ем өгейсімеуі керек. Ол үшін осыдан жарты ғасыр бұрын ашылған бұлақ көзі қайта тазаланып, халықтық медицина емін еркін  өркен жаюы тиіс. Бұған Денсаулық сақтау министрлігі, ең алдымен министрдің өзі мән беруі керек. Тіпті жарты ғасырлығына орай ұйымдастыру мәселелерін шешіп, қаржысын тауып, Алматыда әлемдік халық емшілерінің юбилейлік конференциясын өткізіп жіберсе нұр үстіне нұр болар еді-ау. Бірақ...

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,

«Халық емі» газетінің бас редакторы

Алматы қаласы. Тел; 8 701 7430 979

«Абай-ақпарат»

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371