«Шешімі бардың» шапағатын көргендер
«Шешімі бар» ток-шоу жанрындағы әлеуметтік хабар. 2020 жылы жалпы саны 88 хабар көрермен назарына ұсынылды.
Бағдарлама аясында 4 отбасыға үй берілді және 1 отбасы 38 жыл көрмеген туысымен қауышты. 4 кейіпкердің құжатын жасауға көмек берілді. Тағы 1 кейіпкердің аяғына құны 3 млн тұратын протез салуға көмек берілді. Көптеген кейіпкерлердің еміне және тұрмыстық қажеттілігіне 4 млн-ға жуық қаражат берілді. «Шешімі бар» бағдарламасы шешімін таппай жатқан мәселелердің түйінін шешуге көмектесті.
«Шешімі бар» бағдарламасы «Тұмар – 2021» ұлттық телевизиялық сыйлығының Үздік ток-шоу аталымы бойынша шорт-тізіміне енді. «Шешімі бар» бағдарламасы арқылы көмекке қол жеткізген кейіпкерлерді назарыңызға ұсынамыз.
«Қарттықтың қағып есігін» хабарындағы Мәди Омаров 30 жылдан кейін өзінің жиен қарындастарымен кездесті.
79 жастағы кейіпкер.Қарттар үйіне келгеніне жарты жылға жуықтаған. 1983 жыл Алматы қаласы Әл-Фараби көшесіндегі өздерінің үйі өртеніп, сол өрттен әйелі екі қызы қайтыс болып кетеді. Содан бері өмірден түңіліп, Атыраудағы досының үйіне кетіп қалады. Ағайын-туыстарымен сол күйі байланысын үзген. Өзі негізі отбасында үш ағайынды. Мәди аға үйдің кенжесі болған екен. Өзінен үлкен ағасы мен әпкесі болған. Қазір екеуі де дүниеден өткен. Енді Мәди аға 30 жылдан астам уақыт көрмей кеткен туыстарын іздейтінін айтқан еді. Алматыға келгеннен кейін өзі іздеп барған. Бірақ бұрынғы мекенжайынан көшіп кеткендіктен таба алмаған. Мәди ата әпкесінің үш қызын көргісі келетінін айтқан еді. Бағдарлама ұжымы Мәди атаның 30 жылғы арманын орындап туыстарымен қауыштырды.
«Қамқоршы болған қаршадай қыз» хабарындағы кейіпкер Жәния Берікқызының отбасына 5 бөлмелі үй сыйлады.
Жания 3 сыныпта оқиды. Үйінде әкесі, анасы және інісі сөйлей алмайды, құлағы естімейді. III топтағы мүгедек. Тек Жанияның ғана дені сау, сөйлей алады. Ата-анасының, бауырының тілін өзгелерге түсіндіріп, оларға жеткізетін осы қызы. Жағдайы төмен, пәтерден пәтерге көшіп жүреді. Ерлі-зайыптыны ешқандай жер жұмысқа алмайды. Пәтерақысын төлей алмай бірнеше рет пәтерден шығарып жіберген. Жұмыс істетіп алып келіскен ақшасын бермеген жағдайлар жиі болған. Мүгедектігі үшін басынған адамдар көп болған. Қазір жәрдемақымен ғана күн кешіп отыр. Бағдарламадан кейін Жәнияның әкесі тұрақты жұмысқа орналасты. «Жақсылық жасаудан жарысайық» қайырымдылық қоры 200 000 теңге қаржылай көмек көрсетті. Әнші Роза Әлқожа, Айгерім Қайнарбек, Мәди Исатаев, Азат Оспанов сынды азаматтар осы отбасыға көмек ретінде конкурс ұйымдастырып, жиналған қаражатқа Жанияның отбасына Қарғалы ықшам ауданынан өздері ұнатқан 4 бөлмелі үйді сатып алып берді.
«Ұлымның дертіне дауа іздеймін» хабарындағы кейіпкер 4 жасар Ұлан Мұратбекке отандық компания 400 000 теңге тұратын дәрі дәрмек пен еміне керек су сүзетін аппарат алып берді.
Ұлан туғанынан «Ихтиоз» деген ауыр дертке шалдыққан. Бұл тері ауруы қазақша «балық ауруы» деген атпен белгілі. Бағдарламаға «G-TIME Corporation» компаниясы келіп, құны 400 000 (төрт жүз мың) теңге көлеміндегі дәрілері мен жағатын жақпа майларын берді. Нәтижесінде Ұланның жаралары азайып, алған дәрілері жақсы нәтиже беріп жатыр.
«Арманға қанат бітсе егер...» хабарындағы кейіпкеріміз Айдар Ережепов 30 жылдан кейін өзінің анасымен кездесті. Қазір Айдар қарындасы мен туған -туыстарымен танысып, жақсы араласып тұрады.
Ол туған кезінде анасы перзентханаға тастап, өзі қашып кетеді. Сол кезде баланың қолында биркасы қалып кеткен. Онда анасының аты-жөні жазылған. Содан бері анасы ұлын бір де бір рет іздеп келмеген. Айдар 18 жасына дейін балалар үйінде өскен. Ол анасын ешқашан көрген емес. Тек анасының аты мен фамилиясын ғана біледі. Бірақ осы аты-жөнін айтып қанша іздесе де анасын таба алмапты. Жақында үйленіп қызды болды. Енді ол өзінің тегін, руын білгісі келіп бізден көмек сұрады. Бағдарлама ұжымы Айдардың анасын Шымкент қаласынан тапты. Айдардың 30 жылдық арманы орындалып, анасымен қауышты. Бірақ анасы эфирге шығудан бас тартқандықтан, ұлы мен анасының кездесуін жасырын камера арқылы ғана түсіруге мүмкіндік болды. Және осы хабардағы Ақбота Қожагелиева деген кейіпкерімізге тігіншілікпен айналысу үшін ақын Мұратхан Шоқан тігін машинасын алып беруге уәде берді.
«Алданған арман» хабарындағы кейіпкер Индира Ғабдіғаниеваға «Бақытты отбасы» бағдарламасы тегін тұруға баспана мен мемлекеттен АСП алып беруге құжат дайындап берді.
Индираның әке-шешесі ажырасып, ата-әжесінің қолында өскен. 2005 жылы ата-әжесі қайтыс болып, Алматыға әкесінің туған ағасының қолына келеді. 11 сынып бітіргеннен кейін бір жігітпен кездесіп, азаматтық некеде тұрады. Ол жігіттен бала көтереді. Ақырында жігіті тастап кетеді. Баласын "Аналар үйінде" босанады. Қызы 2 жасқа келгенде тағы бір жігіті үйленемін деп алдап, бала көтергенін естіген кезде тастап кетіп қалады. Индира екінші қызын да босанып енді баратын жері болмаған соң бізден көмек сұрады. Бағдарлама ұжымы Индираның жергілікті әкімшілікке қарасты «Бақытты отбасы» аналарды қолдау орталығына хабарласты. Олар Индираның тұратын жерін, тамағына сертификат алып берді. Редакторлар Мемлекеттен алатын жәрдемақысы үшін керек құжаттарын өткізіп, үлкен қызын жекеменшік балабақшаға тегін орналасуына көмектесті. Әнші Жазира Байырбекованың сән салонына тегін сертификат берілді.
«Күрескер аналар» хабарындағы кейіпкерлер Малика Елеуова, Гүлдана Қалдыбаеваға 100 000 теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Екеуінің балаларына арнайы дамытушы ойыншықтар алып берді. 2019
Малика Елеуовамен 34 жаста үш баласы мүгедек. Екінші кейіпкер Гүлдана Қалдыбаева, 41 жаста жалғызбасты ана. Жолдасы 2013 жылы тоққа түсіп қайтыс болған. Үш баласы мүгедек. Аутизммен ауырады. Екі кейіпкерге де хабар барысында кәсіпкерлер 100 мың көлемінде қаржылай көмек берді. Аутизммен ауыратын балаларына арнайы ойыншықтар алып берді.
«21 мың теңгенің жыры» хабарындағы Гүлбахар Адыкенованың жолдасын әкімшілік тұрақты жұмысқа орналастырып берді.
21 мың теңге туралы заң шыққаннан бері атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүр. 4 баласы бар, бір баласы сал ауруымен ауырады. Жақында мүгедектікке шыққан. Барлығы да мектеп жасында. Өзі жұмыс жасамайды, балалары кішкентай болғандықтан үйде бала қарауында отыр. Алатау ауданында отбасылық жатақхананың бір бөлмесін 50 мың теңгеге жалдап тұрады. Бағдарламадан соң Гүлбахардың жолдасын әкімшілік жұмысқа орналастырып берді.
«Сағың сынбасын, Сабыржан» хабарындағы басты кейіпкер Сабыржан Кенжебековтың аяғына салынатын протезін жасап берді.
Сабыржан 29 жаста. Бірінші топтағы мүгедек.Туғаннан бір қол, бір аяғы жоқ. Анасы 2013 жылы қайтыс болған. Әкесі басқа отбасын құрып кеткен. Алматыда пәтер жалдап тұрады. Бір қол бір аяғы болмаған соң, жұмысқа да орналаса алмаған. Бағдарламадан соң Сабыржанның протезін тегін жасап беретін болды.
«Менде де, қалқам, арман бар» хабарындағы кейіпкер Нұрмұхамед Отыншиевке кәсіпкер попкорн жасайтын аппарат алып берді.
«Бейімдеу орталығына» 2 жыл бұрын барған. Алматы облысы, Кеген ауданында туған. Балалары қарамай, тастап кеткен. Еңбекқор, адал адам. Бұл кісі қиналса да, жалғыздықтан жабықса да қол жайып, қайыр тілегісі келмейді. Керісінше, осы қаңғыбастар үйінде жатса да кәсіп ашып, еңбек еткісі келеді. Бағдарлама ұжымы мен жеке кәсіпкердің көмегімен попкорн сататын аппаратқа қол жеткізді. Нұрмұхамед ата қазір попкорн сатумен айналысып жүр.
«Жарқ етіп жанса бір үміт...» хабарындағы кейіпкерлерге ИРМ эко орталығы оларға 50 пайыз жеңілдікпен ЭКО жасатуға мүмкіндік берілді.
Хабар бала көтере алмай жүрген отбасыларға жол көрсету, үміт сыйлауға бағытталды. 6 жыл бала көтере алмай жүрген ерлі зайыпты Жадыра Қуандыққызы мен Дастан Маратовқа ИРМ эко орталығы оларға 50 пайыз жеңілдікпен ЭКО жасатуға үлкен мүмкіндік берілді.
«Саңылаудан сәуле іздеп» хабарының кейіпкері Бибігүл Оспанованың құжаттары жасалды.
Бибігүл Оспанова өмір бойы құжаттары болмаған. Өзінің құжаттары болмағандықтан қызының да немерелерінің де құжаттары жоқ. Бағдарлама Бибігүлдің де қызы Тоғжан мен немерелерінің құжаттарын толық жасап берді.
«Жаңа күннің бастауы» хабарының кейіпкері Жанияға кәсіпкер сабақ үстелі мен кереует сыйға тартты. 2020
Алдыңғы маусымдағы «Қамқоршы болған қаршадай қыз» хабарының кейіпкерлері Жания Берікқызы келіп қатысты. Осы бағдарлама арқылы үй алғанына алғысын білдірді. Үйіне қонаққа барған бағдарлама ұжымы Жанияның сабақ үстелі мен жатын кереуітінің жоқ екенін байқаған. Атын атамауын сұраған кәсіпкер Жанияның бөлмесін жабдықтап берді.
«Жел өтіндегі шырақ» хабарының кейіпкері Светлана Шүкірбаеваға «Асар үме» қайырымдылық қоры 6 000 000 теңгеге Алматы маңынан үй алып берді.
Светлана 7 баланың анасы. Жолдасы тастап кетіп қалған. 7 баласын жалғыз өзі бағып отыр. 3 баласы интернатта жатып оқиды. Светлана үйде жұмыссыз отырған ана. Тігіншілікке қабілеті бар болған соң, бағдарлама ұжымы белгілі актриса Гүлшарат Жұбаеваның «Шабыт» шеберханасына тегін тігін курсын оқуға жолдама алып берді. Болашақта жұмысқа орналастырып беруге де мүмкіндік бар екенін айтты. Ал, ең кенже 5 жасар қызы Салтанатты «Арифа» балабақшасы өздеріне тегін орналастырды. Хабар соңында «Асар үме» қайырымдылық қоры үй алып берді.
«Контейнерде кешкен күн» хабарының кейіпкері Нұргүл Құрмашеваға кәсіпкер үйін толық аяқтап берді.
Ол жалғызбасты ана. Үш баласы бар. Жолдасы қайтыс болған. Балаларының бәрі мектеп жасында. Күйеуі тірі кезінде кредит алып, үй салуды бастаған бірақ қайтыс болған соң Нұргүлдің үй салуға шамасы келмеген. Тіпті пәтер жалдап тұруға да жағдайы жетпеген соң, контейнерде тұрып жүрген. Бағдарлама ұжымы кәсіпкер арқылы бір бір жарым айдың ішінде үйін толық бітіріп беруге уәде берді. Бірақ кәсіпкер өзінің атын атамауды сұрады.
«Адалдық жолы - ар жолы» хабарындағы бір млн теңге көлемінде қаражат тауып алып иесіне қайтарып берген Салтанат Әліпбекова деген кейіпкердің үйіне Алматы қаласы мәслихатының депутаты Ерболат Қасымов теледидар мен балаларына мектеп құралдарын табыстады.
«Бес балаға бассауға» Тимур Үсеновтың құжаттары толық жасап берілді.
Кейіпкер Тимур Үсеновтың құжаттарын жасау үшін кәсіпкер барлық шығындарын өтеп берді. Ол Өзбекстаннан келгеннен бері құжаттарын жасатпаған. Азаматтығы жоқ. Елге 1994 жылы келген. Үйленіп 6 балалы болады. Осыдан үш ай бұрын әйелі басқа еркекпен көңіл қосып балаларынан бас тартты. Енді әкесінің де құжаттары түгел болмағандықтан балалар балалар үйіне өтіп кетуі мүмкін. Бағдарлама ұжымы Тимурдың құжаттарын жасап берді. Тимур Үсенов енді ҚР азаматтығы мен жеке куәлігін алды. Құжаттарын жасауға қажет шығындарының барлығын төлеп, бастысы балалар әкесінің жанында қалды.
«Болмаған балалық шақ» хабарындағы Қамаш Бегімбетоваға үй сыйлады.
Кейіпкер Қамаш Бегімбетова ұлы екеуі бірнеше жыл бойы құлдықта өмір сүрген. Ұлы Санжар 10 сыныпта оқиды. Анасы жұмысқа жарамсыз болғандықтан, Санжар сабақтан кейін жұмыс істеп ақша тауып, пәтерақысы мен күнделі азық-түлігін алып келеді.
Құлдықта жүргенде мал бағып, үй шаруасының бәрін жасаған. Қашып кетпек болып қанша талпынса да, ұсталып қалған. Көп таяқ жеп, көрмеген корлығы жоқ. Соның әсерінен болуы керек Қамаш апайдың көзі жылдан жылға нашарлай берген. Бағдарлама дайындау барысында Қамаш айдың көзін тексерістен өткіздік. Бірақ дәрігерлер көзін емдеу үшін ешқандай үміт жоқ екенін айтты. Бағдарлама ұжымы Қамаш апайдың құжаттарын қалпына келтіру жұмысын бастады. Зағип ана мен баласы Санжар Бегімбетовке «Қарекет» қоры құны 6 млн тұратын 217 баспананың кілтін табыс етті.
«Өмір деген бір өзен» хабарында 7 баланың әкесі мүгедек Жомарт Жұмалиев деген кейіпкерге Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген 1 млн теңге көлемінде ақшалай көмек берді. 2020
Бұл қаражатты көп балалы отбасы үйінің жөндеу жұмыстарына жұмсады. Одан бөлек Жомарт ағаның аяғына құны 3 млн теңге көлеміндегі протез салып берілді. Протезге қолдау көрсеткен «Асар үме» қайырымдылық қоры.
«Жизнь без рамок» хабарында ДЦП-мен ауыратын жас суретші Ақбота Оңғардың өзі салған картиналары студияда сатылды. Алматы қаласы мәслихатының депутаты Константин Викторович болашақта да оның шығармашылығына қолдау көрсетілетін болды.
«Өмір есейткен өндір жас» хабарындағы кейіпкер Айжан Рахимоваға үй берілді.
Көп балалы ана Айжан Рахимоваға «Харекет» қайырымдылық қоры үй сыйлады. Екінші кейіпкер көпбалалы ана Дана Базарқұлованың отбасына 300 000 теңге көлемінде қаржылай көмек және кәсіпкер Жасұлан Денистанов спорт тауарларын сыйға тартты.
Үшінші кейіпкер Ғани Бейсеновке кәсіпкер Тілек Юсупов 100 000 теңге қаржылай көмек берді.
Abai.kz