Жанболат Мамай Байбекті тағы да дебатқа шақырды
Демократиялық партия бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай Nur Otan партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбектің талап арызы негізінде өткен азаматтық процессте Байбек тарапымен татуласудан бас тартты.
Азаматтық белсенді Қазақстан сотына сенбейтінін, бұған дейін өзіне қатысты қозғалған істер мен өзге де процесстерде әділ шешім шыққанын көрмегенін жеткізіп, ұстанымынан қайтпайтынын мәлімдеді. Ол бұған дейін де айтқанындай Бауыржан Байбекті ашық, тікелей эфирде өтетін дебатқа шығуға, сол жерде өз ойын айтуға шақырды. "Сонда ғана халық өз бағасын береді" дейді ол.
Байбек-Мамай текетіресі белсендінің NurOtan партиясы төрағасының орынбасары туралы видеоматериал жариялауынан басталған. Жанболат Мамай ол жерде UZUN Qulaq телеграм каналындағы, ашық дереккөздердегі, бірқатар баспасөз беттерінде жарияланған ақпараттарды негізге алып, Байбекті "бюджет ақшасын "жеп" миллиардер атанды" деп айыптайды. Бұған жауап ретінде Байбек NurOtan партиясының экс-депутаты, бүгінде youtube желісінде видеоблог түсірумен айналысып жүрген Тәңірберген Бердоңғарға сұхбат беріп, оппозиционердің айыптарын терістеп, оны сотқа беретінін мәлім етті. Мұнан соң Мамай Қазақстан соты өзін жығып беретінін мәлім етіп, Байбекті тікелей эфир режимінде ашық дебатқа шығуға шақырды. Ұзамай NurOtan партиясы атынан мәжіліс депутаты атанған Елнұр Бейсенбаев Qazaqstan арнасының журналисі Нартай Аралбайұлының youtube арнасына сұхбат беріп, Мамайдың Байбекті дебатқа шақыруын сынап, Мамайдың өзін дебатқа шақырады. Бұған жауап ретінде Мамай дебатқа басқа-басқаны емес, өзінің сөздерін "өтірік" деген, сотқа беретінін айтқан Байбекті шақырғанын мәлім етеді.
Abai.kz