Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 5439 4 пікір 24 Мамыр, 2021 сағат 18:01

Көшке жауапты қос ұйымның жұмысы неге тұралап тұр?

Елбасы, Дүниежүзі қазақтары
қауымдастығының төрағасы Н.Ә.Назарбаевқа

Ашық хат!

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қазақстан Республикасы өзінің азат ел, тәуелсіз мемлекет болып жатқан сонау қиын-қыстау, қилы заманда әлемнің 43 еліндегі қандастарыңызға үндеу жасап, атамекен, Отанына шақырып, 1992 жылы Алматыда дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтай жиынын өткізіп, ұлтымыздың ұлылық құндылық қасиетін әлем еліне танытқан ерен еңбегіңіз арқылы алыс-жақын шетелдегі қазақтардың «Нұрағасы» болып, ұлы көш тарихи дерек қорында есіміңіз қалғаны өмір шындығы.

Өзіңіз құрып берген Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына (ары қарай ДҚҚ-ы) құрылтайда Сізді басшы етіп сайлаған еді. Содан бері 5 рет әлем қазақтары қазақ елінде бас қосып, талай түйінін күткен түйкілді мәселені талқыға салды. Нәтижесінде қазақтың ұлы көші көптеген игі істерге қол жеткізді. Алматы қаласындағы ДҚҚ-да шетелден келген этникалық қазақтар бас қосып, дөңгелек үстел, жиындар, алқа кеңестер өткізуі - олардың Отанына деген сүйіспеншілігін арттырып, арқа сүйер елі бар екеніне куә болып, күш-қуат беріп, рухтанып жаңғыруына себепкер болып жататын еді.

2017 жылғы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында қауымдастықты Нұр-Сұлтан қаласына көшіріп, «Отандастар қорын» құрып, «қандастарымызға қолдау көрсете жұмыс жасауды жүйелеп, жандандырыңдар», деп тапсырма бергеніңізде шеттегі этникалық қазақтар мен елге оралған қандастарыңыз бір марқайып қалғаны да шындық.

Өкінішке орай осы екі ұйымның аражігін ажырата түсіну қандас ағайындар емес өз маман-қызметкерлері арасында бүгінгі таңда бір кем дүние болып тұрғаны жасырын емес...

Екі қоғамдық ұйымда штаттық кесте бойынша 40-қа жуық қызметкерлер тұрақты жұмыс істейді. Ал, нағыз қандастармен күнделікті қоян-қолтық араласып, олардың мүддесі тұрғысында жергілікті атқарушы мемлекеттік мекемелермен мәселелерін оңтайлы қарап, қолдау көрсетуге міндетті кадрларда штат жоқ. Олар тек қана «Отандастар қоры» мен қысқа мерзімге келісімшарт жасасып, жүктелген міндетке сай қызмет атқарады. «Отандастар қоры» қаржы көзін таба алмаса келісімшарт тоқтайды. Қауымдастықта қаржы көзі жоқ. Ал, қандастарымыздың тағдыр тауқыметі, құжаттануы, келген ортаға оңтайлы бейімделуіне келісімшартпен қызмет жасап, жүйелеп жолға қою қаншалықты шынайы және Қазақстан Республикасының барлық заң аясында жауапкершілігі - қоғам талабы, тағдыр тарабы деген ұғымдарға сай екенін түсінудің өзі кейбір жандарға қиындық туындататыны да бар.

Шындығына келер болсақ, қандастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, ортасына оңтайлы орналасып кетулеріне қамқор болудан гөрі, келісімшартта көзделген айлық жалақы үшін құлшыныс жасайтын маман-кадрлар да жоқ емес. Себебі - қандастарымыздың шетелден алған болмыс, тәлімін бағалай алмауы, қамқорлық ниет таныта білмеуі, таланттарынын оята алмағанын қандас ағайындар арыз шағымынан білуге болады.

Оған негіз - қандастарымыздың қауымдастықтың қызмет көрсетуін соңғы кезде бұқаралық ақпараттық құралдары арқылы ашық екі сынға алып, жоғарғы билікке ұсыныс-өтініш жасап жатқандары. Ал Алматыдағы ДҚҚ-а барып, ойын ортаға салып, айтып жатқан қандастар жоқтың қасы.

ДҚҚ-ын, «Отандастар қорын», қандастарымыз кез келген уақытта қоғамдық ұйым ретінде кезексіз қабылдайтын, бас қосып, шешімін күткен түйінді мәселені талқыға салғанда, басшылық жасап, бастамашы болатын бас кеңсеміз деп сезінеді және сенім артады. Бірақ та, қауымдастық осы сезім мен сенімді ақтай алмай отырғанын қандастардың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жазып жатқан ұсыныстарынан білу қиын емес. Жүздеген адамдар қол қойып, «қауымдастықты тарату керек» деуі де кейбір кадрларға наразы болуларынан деуге саяды.

Халық айтса қалт айтпайтынын ескере отырып, сізге төменгідей ұсыныстар айтқымыз келеді:

1. Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы РҚБ, «Отандастар қоры» КеАҚ екеуі қоғамдық ұйым ретінде мемлекетіміз бен Үкімет және жергілікті атқарушы билік арасында қоғамдық бақылауды жүйелі жүргізіп, Елбасы және Президентіміздің көші-қон саясаты, бағыт-бағдарлама, тұжырымдамалары негізіндегі талаптардың орындалуын,  жасалып жатқан жұмысын Президент пен Үкіметке тікелей ай, тоқсан сайын статистикалық мәлімет, ақпарат негізінде есеп беріп отыруға міндеттеу керек;

2. Халыққа көрсететін қызмет қолдауды отандастарымыз бен Қазақстанда өмір сүріп жатқан ұлт-ұлыстар арасы мен қандастар арасындағы қатынас, татулық, бірлік, ынтымақ мәселесін, ұлттық идеология, ұлттық құндылық мүддесін қазақ қоғамында қалыптастыруға, ел ішінде еңселі өрелі еңбектенуіне бағыттап мүмкіндік жасау;

3. Шетелдік компаниялар Алматы шаһарында отырып-ақ алпауыт табысқа кенеліп, жұмыс жасап отырғаны ой салады. Ендеше әлем елдерінде орналасқан 7 милион этникалық қазақ пен өздерінің тарихи Отанына келіп, қоныстанып алған милионнан астам ағайындардың өзара күнделікті қатынастарын ұтқыр да ұтымды пайдалана отырып, озық үлгідегі оңтайлы жүйе қалыптастыруға болатыны да айқын сезіледі.

Осы үрдісті жүзеге асыруға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы қаласындағы аумақтық ғимаратын жөндеуден өткізіп, қандастар мен отандастар бас қосатын бас кеңсе орда жасауға неге болмасқа? Тоғыз жолдың торабында орналасқан ғимарат тоқтаусыз торқалы іс-шаралар ордасы болып, шешімін күткен түйткілді мәселелерге жол ашылары анық.

Бұл игі іске де үлкен қолдау қажет-ақ дер едік. Нұр Сұлтан қаласында отырып, бар мәселені онлайн режимде шешіп, «қандастарға қолдау көрсетіп қамқорлық танытып жатырмыз» деп мәлімет берудің өзі кейде өз-өзімізді алдап, нарық жүйесіндегі қағида-ережелерден қалыс қалып жатқанымыз, қандастардың тағдыры, әлеуметтік жағдайы, ортаға бейімделуі, құжаттануы деген мәселелерге заң талабы негізінде сай келмейтінін өмір өзі көрсетіп отыр. Өйткені ол кәсіп немесе мәдени іс-шара емес.

4. Қоғамдық ұйымдардың басты мақсат-мүддесі - шаруашылық іс-жұмыстарымен айналысып, қала салып, халыққа қолдау көрсету емес, еліміздің қолданыстағы заң талаптары өмірде ел игілігі үшін, халықтың мүдде-мақсатына сай қалай жүзеге асып жатқанына қоғамдық бақылау жүргізу - жаңа заман, жаңа қоғам талабы екенін өркениетті елдер әлдеқашан мойындаған. Ендеше қазақ еліндегі қоғамдық ұйым, бірлестіктерде өз миссияларын қоғамдық бақылау, іс-әрекеттерін жүйелеуге жұмыла кірісіп, кейбір заңдардың бап-тармақтарына енгізілер өзгеріс-талаптарын қолға алып, ел игілігі үшін нәтижеге жетсе нұр үстіне нұр болары анық.

5. Республика көлеміндегі қандастардың бейімделу және уақытша орналастыру орталық-қоғамдық мекемелерін бір жүйеде - «Қандастар үйі» немесе «Қандастар орталығы» деген атаумен қайта өзгертіп, тек өз мақсатында ғана жұмыс жасауына ықпал етсек. «Қандастар үйіне» келген ағайындардың барлық құжаттарына тегін аударма жасалып, мекеменің мөрімен куәландырылып, ХҚКО арқылы қажетті мемлекеттік мекемелерде қабылданатын болса, қандастарға бұдан асқан нақты қолдау, қамқорлық болмас еді. Және де қандастардың әрбір құжаттарын бақылаудың жүйесі өздігінен қалыптасар еді. Осы ұсыныстарымыз жүзеге асатын болса бүгінгі қазақ елі, қазақ қоғамындағы халықтың көші-қоны ішкі көші-қон бойынша қоныс аудару мәселелеріндегі және көші-қон туралы ҚР-ның заңы, осы заңға тікелей қатысты қолданыстағы заң талаптарына қатысты, басқа да келеңсіздіктердің жолын кесіп, алдын алуға көптеген мүмкіндік жолдары ашылатын болады.

Құрметбек Сансызбайұлы,

қазақ көшін зерделеуші, саясаттанушы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052