Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2870 0 пікір 4 Мамыр, 2012 сағат 06:55

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІІ

Асыға күткен 17 сәуірімізді қадір түніндей күзетіп өткіздік. Үміт-тілегіміздің орындалмайтын болған хабарын бар класс естіп болса да, күдерлерін үзе алмай, тыңдай күзетеді, Үрімжінің тұс-тұсынан тарс-тұрс ете түссе екен деп елеңдейді. Сөйтіп, күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер өтті. Басқа ұрған балықтай мең-зең сенделіп мен жүрдім.

Нұриядан дерек жоқ. Азын-аулақ дерегінің өзі ауыр дерттей тиді. Жендеттердің жайын тұрғындардан аулақ, тұйық көшедегі сол бір сақшы бөлімшеге апаруы мүлде дерексіз жоғалтудың көріндей елестейді көзіме. Ақылбай сақшы қызметкерлерінің өз ішіндегі сыбайластарын салып тексеріпті. Олардың көше күзетшілерінен сұрастырып жүріп тапқаны тым суық жұмбақ болды:

Нұрия кіргізілген сақшы бөлімшесіне ертеңіне ымырт үйіріле ұзын-қысқалы екі қазақ пен бір сақшы ханзу жігіт барып, жарты сағаттан соң шығыпты. Сонан  соң үшеуінің тым асығыс жүріспен сақшы басқармасына барып кіргенін де көргендер бар екен. Бүгінгі жиырмасыншы сәуірге дейін Нұрияның Үрімжідегі сақшы орындары мен Түрмелердің ешқайсысында жоқ екені анықталыпты.

ІІІ

Асыға күткен 17 сәуірімізді қадір түніндей күзетіп өткіздік. Үміт-тілегіміздің орындалмайтын болған хабарын бар класс естіп болса да, күдерлерін үзе алмай, тыңдай күзетеді, Үрімжінің тұс-тұсынан тарс-тұрс ете түссе екен деп елеңдейді. Сөйтіп, күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер өтті. Басқа ұрған балықтай мең-зең сенделіп мен жүрдім.

Нұриядан дерек жоқ. Азын-аулақ дерегінің өзі ауыр дерттей тиді. Жендеттердің жайын тұрғындардан аулақ, тұйық көшедегі сол бір сақшы бөлімшеге апаруы мүлде дерексіз жоғалтудың көріндей елестейді көзіме. Ақылбай сақшы қызметкерлерінің өз ішіндегі сыбайластарын салып тексеріпті. Олардың көше күзетшілерінен сұрастырып жүріп тапқаны тым суық жұмбақ болды:

Нұрия кіргізілген сақшы бөлімшесіне ертеңіне ымырт үйіріле ұзын-қысқалы екі қазақ пен бір сақшы ханзу жігіт барып, жарты сағаттан соң шығыпты. Сонан  соң үшеуінің тым асығыс жүріспен сақшы басқармасына барып кіргенін де көргендер бар екен. Бүгінгі жиырмасыншы сәуірге дейін Нұрияның Үрімжідегі сақшы орындары мен Түрмелердің ешқайсысында жоқ екені анықталыпты.

Кешінде мектептің дауалынан секкіріп шығып барғанымда Күләннің айтқаны - осы құрдым сұм хабар. Нұрияш екеуміз бір-бірімізге жабыса отыратын қатарлас орындықтарда енді Күлән екеуміз үн-түнсіз сопидық. Мен өксіп-өксіп қалғанымда, Күлән солқ-солқ ете түсті. Екеуміз бірге солқылдастық сонан соң. Мен Күләннің алдына жығыла солқылдадым да, ол басымды екі алақанымен сипалай солқылдады. «Бауырым» деп те, «ағатайым» деп те аялай жылады ол. Екеуінің қайсысы екенімді ойлауға мұрсам жоқ, әйтеуір енемдей қамқор бейнеге келіп сөйлеп отырғанын ғана естідім.

- Жыламашы, сабыр етші ағатайым! ...Тірі тұрғанында басқа ешкімге көне алмайды ол... Сені таппай тоқтамайды. Оның жүрегі солай бекіген, аса қуатты жүрек болатын бауырым!...

«Саяпыл» желі саябырлау соғып тұр. Шаңытты қараңғы іңірде мектепке қайта өрледім. Көшедегі электр бағаналарының шамы алакеуім ғана қызғылт сәуле шашады. Нанлиңның ұзын бойынан ешкім көрінбеп еді. Жел жақтан маған қарсы келе жатқан бір адамның байсалды қадам дыбысы естілді. Сұр киімді жуан біреу құлдап келеді екен. Электр шамы орнатылған бір бағана түбінен өте бергенімде таныды білем, қырық-елу метрдей жақындағанда бәсең дауыстап сөйледі.

- Тұсыңдағы қақпаға тез кіріп ал!

Жел жақтан анық естілген сөзінен мен де тани қойдым, Репқат екен. Қақпаға лып беріп кірдім де, қайрылып тұра қалдым.

- Тазды ертіп келе жатырмын,- деді Репқат жақындап келіп, артынан баспалап келе жатқан шпионды бері жүргізбей тоқтата тұру үшін болса керек, артына қайрылып тұра қалып, жел жаққа естілместей үнмен жалғастырды сөзін. - Бұл таз деректі бүгін тапты. Сол үшін өзім көрініп, қызықтырып ертіп келемін. Бұл бүгін менің тұрағымды таппақ. Сәті болса, үнін өшіріп, сендерді жей алмайтын етіп кетемін. Сәті келмесе, хабары жетеді. Белгілі болып қалғандарың қашып құтылып шығарсыңдар. Ал, қош! Енді арырақ барып жасырын.

Соңғы сөзін жүре айтты да, құлдай жөнелді. Мен қараңғы босағаға жабыса кеттім. Жиырма шақты секунттан соң аяғының ұшымен жүгіріп келген біреу қақпа алдындағы жуан үйеңкіні далдалап тұра қалды да, қақпадан үңіле қарап тағы ырши жөнелді. Баспалай қарасам, тағы бір теректің далдасына жеткен екен. Біраз алыстатып алып, мен де сол әдіспен ілесе бердім. «Сәті келген-келмегенін» біле қайтқым келді....

Артына қайтып қарамай, суық жүріске түскен Репқат Ырдашаузыдан батыс жақ сырт көшеге бұрыла тартқан сияқты. Көше күзетшілері мен сақшы бөлімшелерінен тазды алыстатып әкетуі керек қой; Ғұпыр сол көшенің мүйісінен қылтыңдап тұрды да ырши жөнелді.

Бірнеше қысқа көшеден осылай ыршып өткен таз үлкен төрт көшенің батыс жақ тармағына шыға келіп, түлкіден көз жазып қалған тазыша алақ-жұлақ қарады жан-жағына.

«Репқат сол жарық көшеден анық көріп тұрып атпақ болар, сол маңдағы бір далдаға тұра қалған шығар» деген оймен тоқтай қалдым. Көшенің екі басына кезек қарап, қалт тұрып қалған таз төрт көше жаққа жүгіре жөнеліп еді, шақ ете түсті жан құрал дауысы.

Мылтық шақ еткенде-ақ мықты шпион жалп ете түспесе, іле-шала тағы бір шақ ете түспей қояр ма?»

Қараңғы көшелер арқылы өзен бойына түсе зытып, Нанлиңның басынан бір-ақ шықтым да мектептің шығыс жақ іргесіне жоңышқалықпен жетіп, дәретқана дауалынан секірдім. Терден малмандай болған киімімді шешіп, жатақханада керме арқанға жайып жүргенімде, ұйқысыз аунақшып жатқан сабақтастар түгел қарады жүзіме. Абдығұпырды өзім атқандай-ақ сұрланып, тым суық көрінген сияқтымын. Көрпеге кіріп мен де аунақши түстім.

- Не болды?- деп қасымда жатқан Қуат қана сыбырлап сұрады. Жайшылықси қайтарған жауабыма қанағаттанбай, анықтап қайталады сұрауын, - тым қатерлі жол басып келген сияқтысың ғой?

- Жоқ, қатер жоқ, қамсыз ұйықта,- дей салып, жауабыма өзім де қанағаттанбай, ең жақын сырлас туысқанның көңілін тыныштандырғым келді. - Қатерлі жауың өлтірілді,- деп үстемелегеніме елең қақты Қуат.

- Таз ба?... Кім өлтірді?

- Басқа біреу өлтіріпті... қалғанын кейін естірсің, үндеме...

Ертеңіне таңертең Ынтықбайға да осыны айттым.

- Япыр-ай, жақсы болғаны-ай!- деп қуанды ол. - Тірі тұрса көбімізді қиратар еді ол шошқа!...

Сол күннің кешінде жеткен анық хабар біздің бұл қуанышымызды құлдыратып, тағы да күдікке салды:

Таз мүлде тілсіз кетпепті. Үлкен көшеге едәуір бұрын шыққан Репқат төрт көше жаққа сәл ойыса барып, қарсыдағы тағы бір қараңғы көшенің мүйісіне далдаланған екен, алақ-жұлақ жүгірген Ғұпыр тазды өзінің тұсынан өткізіңкіреп барып атыпты. Ту сыртынан жүрегін көздей атылған оқтан шалқалап барып құлапты жауы. Мылтық дауысын естіп, ысқырық тарта жүгірген үш-төрт сақшы іле-шала жетіпті. Бірнеше рет жұлқылап сұрағанда, «Репқат» деген бір ауыз жауап шыға қалмасы бар ма! «Ол қай жаққа кетті» деген сұрауларына тіл қата алмай үзіліпті, қолы қаймана ербең етіпті де, сылқ түсіпті.

Бұл хабар Репқаттың аман құтылуынан дерек бергендей үміттендіріп еді. Бұл үмітіміз тағы бұлдырып барып өшіп, өлім дерегіне айналды.

Күні бұрын дайындап қойған атына міне қашқан Репқат Оспанның Боғда теріскейінде жүрген бір тобына қарай жөнелген екен, таң ата Жемсарыдан ұсталыпты. «Әттегенені» екінші рет айттым мен.

Осы «әттегене» екінші күні таңертең тағы қайталанды: өткен кеште әскери мектептен екі ұйғыр жігіт тұтқындалған екен. Қасымыздағы Шинжяң Институтына ежелден таныс қара машина түн ортасында тағы келіп, Махмұт аттас екі оқушыны ала жөнеліпті.

Бұл «әттегенелер» үшінші күні таңертең тіпті үдей түсіп «қаш-қашты» ала жетті.

Жексенбінің таңертеңі еді, мектептегі барлық оқушыны «Шүймогу арасанына» апаратын болып, тамақты ерте берген. Сапқа тізілуге ысқырық тартылды. Жатақханадан шыға келгенімде, өткен күзде Әлменге жолықтырған тілші қолымнан ұстай алды. Аты Иысқан екен, кейінірек толық танысып алғанбыз. Алаңға қарай өтіп жатқан сабақтастардан оқшаулап шығарып, асыға сөйледі маған:

- Екі-үш күннен бергі ахуалды естіген шығарсың. Қара машина осы өткен кеште біздің заводтан үш жұмысшыны әкетті. Әскери мектептен тағы екі оқушыны, «Жаңа нұр» электр стансиясынан бір жұмысшыны әкетіпті. Алдағы кеште осы мектепке келмек екен. Аңдуға көбірек түсіп жүргендерің тезірек құтылып кетіңдер. Хайыр, қош!

Иысқан осыны айта сала жүріп кетті. Бет-жүздігі сияқты бір книшкасын қолына ұстай жөнелді. Сабақтастардың сапқа тұрып қалғанына «әттегенені» тағы бір айта жеттім мен. Тізіліп көшеге шықтық. Жяугуандар сөйлестірмей сақылдап келеді. Совет елшілігінің қақпасы мен қорғанын тұс-тұстан әскер аңди қалғанын көріп, «әттегенені» тағы айттым. «Шүймогуден келе сала соған кіріп, құтқаруын өтінсек, бір жөнін айтар еді ғой... Бірақ, қайткенде де.. Нұрияшым іздеусіз қалғаны ма енді?!... Қайран Нұрияш!... Нұрияшым! - деген зәрдей ащы өкініш азабынан қиналып маңдай терім бұрқ ете түсті. - Жоқ, тірі болса таппай қоймаспын!...»

Жүрегімді қатер мен қасіреттің құйынындай жұлқылаған бір жарым сағаттық жолды басып, бұрала толқыған мөлдір бұлақты сайға түстік. Ерке назды бұл сұлумен де, бүршік атқан қалың терегі бар жасыл пұлыстей жасаңмен де шаруамыз болған жоқ. Көктемнің сәскеге көтерілген жайма-шуақ күні жадыгөйше өтірік күліп, кеш батқанша осылай алдай тұрайық дейтін сияқты.  Көңілімдегі алай-дүлей боран осылай сезіндірді.

Ынтықбай мен Қуатқа айтып, тұтқындалар деген бірнеше сабақтасты жоғары жақтағы оңаша бір қойнауға бір-бірден шақырып жиюға келістік. Юсуф Қасым  да хабардар екен. Олар өз жағдайларымен санасып көрмек болды. Юсуф Қасымның өзінен басқасы тым көзге түсе қоймаған сияқты.

Қойнаудағы қалың тоғай арасына түске  жақын жиырма шақтымыз жиылдық та, бар қатерді ортаға жиып салып, талқылауға кірістік. Қашып құтылмаса болмайтын айқын хауіптілер он ғана екенбіз. Бірге қашқан көп адамның көзге түсуі оңай ғой. Басқасын қозғалмай оқи беруге көндіріп, қош айтыстық. Ынтықбай өзінің қалада қалатын жантекей туыстарына Кәменді мықтап аңдып ұстауды тапсырды. «Ұрланған қыздың» туысқандығы жөнінен Кәменді олай тұсаудың ешқандай қорқыныш емес екенін, бас қылмыстың ізі соныкі екенін мен де дәлелдеп, толық түсіндірдім.

Қалатын сабақтастар жылай-жылай түсті сайға. Біз онымыз бірден-екіден бөлініп, қалаға қайта зыттық. Жатақханадан алатын киім-кешегіміз, ыңғайластыратын мүлкіміз бар ғой. Мен алдымен Күләнға қош айтып, шыға қалса Нұрияның мені алаңсыз күтуін тапсырып шықтым...

Екінді кезінде Ынтықбай екеуміз мектептің сыртындағы Бахулан сайын серуендеген бейнемен өрлей тарттық. Мақталы мешпет киіп алғанбыз. Сабақтастардың жастығы астынан екі-екіден алған төрт қана момыдан басқа жүгіміз жоқ. Олар да жан қалтада. Сонда да қала шетіндегі қарулы қарауылдардан өту қиын көрінді. Сайдың екі жағындағы екі төбеден екі потай төніп тұр. Қалың қара ағаштың далдасымен өтіп кетпекші едік, дәл сол тұсқа келгенде тоғай сирей қалады екен, алаңқыға шыға келдік.

- Қуып бер мені, шыбық жұлып ала қу! - деп кейін қайта қаштым. Солай ойнап жүрген бала болып, қалыңға қайта кірсек, бізге баспалай еріп Әмірқан келеді екен.

- Қалмаймын сендерден,- деп жылап жіберді ол. Ары айтып, бері айтып көндіре алмаған соң, қоса жыластық та, талабын қабыл алып, әрең уаттық.

- Жә, Ынтықбай, енді осы екеуміздің шапкымызды бұлаңдатып ала қаш, әлгі жерден өтеміз!- дей салып, екі шапкыны екі қолына ұстата қойдым. Бірімізді біріміз қуып жетіп, әлгі қатерлі алаңқыға қайта шықтық. Ынтықбайды қуып жетіп, әдейгідей алыса түстім. Ол жұлқынып шығып, тағы қаша жөнелді. Қос қарауыл арасынан солай өте шықтық та тағы бір қалыңға сүңги жүгіріп белден астық.

Басқа жолдастары күтетін уағдалы жеріміз «Тақыр көлдің» шығысындағы құрғақ тоған еді. Арттағыларымыз қарауыл бекіністерінен іңір қараңғысында өтіп, әрең тапты. Көнбей еріп шыққан тағы бір сабақтасымызбен он екі болып, қалай жүру туралы талқынды бастағанымызда тасыр-тұсыр ат дүбірі естілді. Ынтықбай жата қалып тыңдап, «бес атты қуғыншы» екенін айтты да, жанымыздағы құрғақ тоғанға құлай кетті. Бәріміз соған бүк түсіп жата қалдық.

Екі жағасына мықыр шегіршіндер өскен терең тоған еді. Қуғыншылар жаяулап түсіп тінтпесе, қараңғыда ешқайсынымыз көрінбейтіндігімізді біле жатсақ та, жүректеріміз сол аттардың тұяғымен бірге дүрсілдейді. Бес атты әскер дәл жанымыздан шапқылап өте шықты. Іле-шала екінші жағымыздан да сондай дүрсіл шығып, тағы бес атты әскер шауып өтті. Сабақтастар арасында күбір үдей түсті де, үшеуі тоғаннан шыға қашты.

- Із тастап шығыстағы қызыл бөктерге шығып алайық,- дейді біреуі. Жап-жазық тастақ тақырда бадырайып кем болғанда екі сағат жүрер едік оған дейін.

- Атты әскерлер бассалмай ма?- деп үшеуін өзіміз бассалдық та, тоғанға қайта түсіріп жатқыздық.

- Енді аттарынан түсіп, осы тоғанды тінте құлдилады, - деді Серәлі.

- Гоминдан әскерінде ондай жүрек болушы ма еді? - деп Шақан зықынады оған. - Онан да ірі-ірі тас жиып жатыңдар қастарыңа... Таяп келе қалса бастарына періп-періп жіберіп, мылтықтарын тартып алайық!

- Сөйлеме! - деді Ынтықбай оған зекіп. - Қайта құлдап келеді.

Мен Шақанның пікірін қуаттадым:

- Иә, сақтықта қорлық жоқ, тас жия жатыңдар... Біз акоптамыз ғой, олардың мылтығынан біздің тасымыз дәлірек тиеді. Бірақ, қоянба-қолтық келмей көрініп қоймаңдар!...

Бес-бестен шұбырған екі тізбек әскер екі жағымыздан тасырлатып қайта қайтты.

- Енді бұлар қайтады, «маңайдың бәрін тінтіп шықтық, бұл жақта ешкім жоқ» деп баяндайды шырақтар, деп Қуат орнынан тұрды, - оған бастықтары сене қоймайды. Қалғанын мына қызылға шығып алып сөйлеселік!

- Жат! - деді Ынтықбай оған. - Көл жақтан жаяу әскерлер өрлеп келеді.

Бәріміз тым-тырыс тыңдай қалдық. Батыс жақтағы тастақ арқылы жаяу адамдардың өрлеп келе жатқаны рас екен. Шығыс жағымыздан да екі адамның сөйлескен дыбыры естілді.

- Осы тоғаннан шықпай өрлеп кетейік,- деп алдыға түсе жөнелдім мен, - қоршауда қалатын сияқтымыз.

Бәріміз бұғына шұбай жөнелдік. Дыбырымызды білдірмей он минуттай жүгіріп, тоғанның бір бұрылысына жеткенде сұр киімді бір дәу шыға келді алдымнан. Қолымдағы таспен салып жіберуге оңтайланып, шоқшия қалдым. Арт жағымнан Шақан ыршып өтіп, дәудің алқымынан ала түсті.

- Үй-үй, - біз,- деп қазақша сөйлей қырылдады дәу. Оның артынан тағы бірі шыға келді.

- Үй, Шақанбысың?...

Үңілісе қарап күлістік. Әскери мектептен қашқан екі жігіт екен. Сұр киімді дәуі - Ақай, артындағы қара киімдісі - Мақай болып танысты. Отыра қалып, қалай қашарымызды енді ақылдаса бастағанымызда жоғары жағымыздан тағы бір күбірлер естілді. Көл жақтан шыққан «жаяу әскер» тобы осылар шығар десіп, үн-түнсіз тыңдадық. Олар алғашқы байқалған орнынан алыстамады да жақындамады. «Жанбағар шеріктің бір тобы шығар, отырып-отырып уақытты толғанда қайтар» деп топшыладық. Тоғаннан шыға жөнелсек, күрсілдетіп жіберер деген оймен ұзақ тыңдап едік, олар қозғала қоймады. Таң қылаңынан асығып, сыбдырсыз шықтық та, екіден-үштен ғана сытылып тауға қарай тарта жөнелдік...

Бізді қатты қауіптендіргендер қарусыз төрт-бес қана адам екен. Олар да сол тоғаннан шығып бізге еппен ілесе берді. Біздей қашқын екенін білсек те, таң ағарып, Қызыл таудың екі-үш қырқасынан асқан соң ғана тіл қатыстық, Шинжяң Институтының оқушылары, Мұса атты қазақ жігіт пен екі татар, екі ұйғыр жігіт екен. Олар да бізді біліп ілесіпті.

Отыра қалып бағдарымыз туралы сөйлестік. Санымыз оннан отызға бір-ақ шықты ғой, құралы да, көлігі де жоқ мұншалық көп адамның бірге жүруі апатты екенін айттым мен. Тамақ табу да, тіпті жасырынып жүру де қиынға түсетін сияқты. Менің өз ойым төрттен-бестен ғана бөлініп кету еді. Сонда ғана шағын топпен тау бөктеріндегі қазақтарға паналай жүріп Жемсары жаққа өтсем, жанашыр-жақын да, солар арқылы Нұрияш та табылатын сияқты сезіледі.

Бұлай бөлінуге жолдастар көне қоймады, жол бағыты жағынан екі түрлі пікір қойылса да, «мынадай әжептәуір  қуатты топтың» бөлінбеуі жағына бәрі бір-ақ ауды. Енді жол бағытын белгілеу жөнінде кеңестік. Серәлі бас жеті-сегізі Еренқабырғаны бөктерлей барып, Манастан өтуді қуаттады.

- Ол жақ соғыс майданы,- деп қырма сақалды, сары Ақай гүж ете түсті, - ол жаққа қашып барып ұсталсақ, Гоминдан табында атып тастайды.

- Бірнеше күндік ұзақ жолға азық та табылмайды, - деп Қуат құптады оны, - ұрласаң-ақ қолға түсесің, мұны түсініп қойыңдар, шырақтар!

Осыны бәрі түсініп, «мына Боғдадан ғана асып түсе салуға» түгел разылық білдірді. Төтенше риза болғаны - Ақай мен Мақай. Боғданың теріскей бөктерінде Оспан партизандары көп екен. Мыналар Оспанның жақын туыстары болып шықты.

- Мұсылмандық әсіресе шашымызды жұлудан, «теріс оқыған» деп ұрудан, «көменес» деп құртудан қорғайсыңдар ғой, - деп қалжыңдасып, күлістік. Бұл күлкіге татар, ұйғыр жолдастар көп үлес қосып, ашыла түсті.

- Ол жағына мына Мұса да мықты кепіл, - деп Ынтықбай таныстыра сөйледі. - Алтайдың мықты «біреуінің» баласы екен. Бұл бізді осы жолда азықпен де қамдай алады. Осы тауда әкесінің тамыр-танысы көп көрінеді:

- Жолдастар, осы таудан асып түскенше ешкімге көрінбейік, - деп өтіндім мен. - Қазақтың «ұзын құлағы» телефоннан да жүйрік екенін білеміз ғой, бір тыңшының құлағына сүрінсек-ақ әскер сүйреп ала жөнеледі.

Бұл пікірімді танысы көп делінген Мұса да құптады.

- Бұл тау биыл қыстан жұтап шыққан. Көтеріп жүре алатын атты былай қойып, жілігі татитын ұсағы да жоқ... Күн бата аттанып, түн ортасына дейін Шолақтерекке жетсек, ертең сәскеде Сәнгесарыға жетіп тамақтанамыз. Сенімді ауылдар бар. Бірақ, Шолақтерекке жеткенше шөлге шыдаңдар,- деп көсіле сөйледі орта бойлы, жарау қара Мұса, - бұл Қызыл - құрғақ тау. Кейбір сайындағы кішкене бастауды қоршап ауылдар отырады. Оған түссек-ақ көрініп қаламыз.

Осылай келістік те, күн батқанша ұйықтап алу үшін, желкеміздегі биік жотаға қос-қостан кезектесіп қарауыл қойдық.

Ұйқы келер емес, көңілім ұйқы-тұйқы болды да жатты. Көзімді жұмсам-ақ қара киімді жендет Нұрияшты қылқындырып жатқандай, кейде жібек бұрымын қанды қолына орап алып, сүйретіп жүргендей әртүрлі елес пайда болады да басымды көтеріп аламын. «Нұрияш... жаным» деп айқайлап жібергім келеді. Тағы бір мезетте ақыл қайнарындай кең көгілдір көз жаспен мөлтілдеп, кірпік қақпай қадалады маған. Енді ашылып келе жатқан қызыл гүлдей ерні әлде бір ойын білдірмек болып айта алмай тұрғандай емеуірінмен бүріледі. Онысынан «сүйші» дегендей ерке наз сезіледі. «Кетейікші, тауға шыға тұрайықшы» деген сыбыр естілгендей болады. «Әттегене» деп отырған жерімдегі тасты да қойып жіберемін. - «Соның айтқан жеріне бара тұрсақ, мұндай дерексіз айрылу болмас еді ғой, дүние!... Құтылудың сәтті бір жолы сол жерден-ақ табылар еді ғой!...»

Өкінішпен ойран-ботқам шығып отырғанын қарсы тұсымда жатқан Мұса көріпті. Қасыма келіп отырып, темекі орап ұсынды. Тартпайтынымды айттым.

- Бір сорып көрші, сенде бір ауыр өкініш бар сияқты, - деп күрсінді, - тасты жұдырықтап отырсың?

Темекісін алып, шаққан шырпысына тұтаттым. Құсалығым ашылса да, құпиялығымды қазірше сақтағым келді. Нұрия жайын Жемсарыға жақындағанда бір жөнін тауып айтсам, көмегі тиетіндей, қабілетті өткір жігіт екенін байқадым. Менен жасы да үлкен, көргені көп азамат сияқты.

Неше күннен бері ұйықтамай, қатты шаршаған басқа жолдастарым түгел қорылдап жатыр. Атымның Биғабіл екенін бағана танысқанда естіген Мұса мені өткен күзден бері білетінін айтты. Өзін де қысқаша таныстырып, Шинжяң институтындағы жасырын ұйымның ұйтқысы екенін сездірді. Мұны мақтан үшін емес, менің ауырымды жеңілдету үшін айтты. Сөйлеген сайын көзінен от жанып, жүзі нұрлана түсіп, туған еліне арнаған кіршіксіз таза жүрегін жайып салып, тамсандыра үйіріп әкетті. Тархшы екен, қазақтың өткен, апатты ғасырын біраз сөз етті.

- ...Біз дүниежүзі шиыршық атып шиеленіскен, азаттық пен апаттың ең ауыр, ең жауапкер күресі өршіген ғасырда туылыппыз,- деді сөзінің соңында. - Туған еліміздің өмір сүру болашағы біздің, біздей саналы, көзі бар ұрпақтарының осы күресіне ғана байланысты. Ең баянды бостандық марксизм мұратында болса, бізге ең үлкен апат Американ қаруландырған Гоминдан шовинизмінен төніп тұр. Біз осы күрес міндетін өз еркімізбен арқалаған жандармыз. Бұл - туған еліміздің артып отырған міндеті. Азамат саналатын адамға дәл қазір бұдан ұлы міндет жоқ. Бұл жолда өлсек өкініш те болмақ емес. Өмірдің өлімді жеңуі үшін қажымас қайрат керек....

Қаншалық сүйіне тыңдап отырсам да, мынау үгітке ішімнен намыстанғандай болдым. Өзімнің үйреншікті тұжырымым есіме түсе кетті.

- Дұрыс айтасыз, күрессіз күн жоқ,- деп изектеп, ширай қостадым оны. - Күн жоқ болатын себебі, ел жоқ!

- Міне, жарадың!- деп Мұса мұныма разы бола күлді. - Олай болса, осы жұдырықтарымызды тасқа ұрып қор етпей, жаудың басына ұралық!

Мен жеңілгенімді сезіп, іштен моий күлімсіредім.

- Өз тағдырым үшін ашуланып отырған жоқпын... Кейін түсінісерміз,- деп жеңіл көтерілдім орнымнан.

Күн батысымен Боғданың оңтүстік қойнауындағы Шолақтерекке қарай тартып бердік. Құрғақ Қызылдың қырқаларынан асып, жазыққа шыға жөнелгенімізде Мақай ілесе алмай, артта қала берді. Сүзектен тұрғанына екі-үш күн ғана болғанын Ақай енді айтты. Кезектесіп екі-екіден қолтықтай жүріп едік, шойдай қара жігіт тіпті ауырлай түсті. «Біраз дем алып, Үрімжіге қайтып кетейін, мен үшін бөгелмеңдер, жолдарың болсын» дей береді. Оның жалғыз қалуына Ақай көнер емес. Екеуін де қалдырайық десек «Оспанға апаратын бет-жүздігіміз» деп Ынтықбай бастатқан көпшілік ауылдастары көнер емес. Айтыса-айтыса түннің жарымын өткіздік.

- Енді мына мидай далада таң атқызсақ, ұсталамыз,- деді Мұса, ешбір лаж таба алмай, қатты сасқанын білдірді. Дағдарып тым-тырыс отырып қалдық. Айсыз қараңғы аспан да тым-тырыс, жұлдыздар жүдеп, нәрсіз, күңгірт қарайды. Теріскей жағымыздан ит үргені естілді.

- Осында «сары дүкеннің» бірнеше қора қойы көктейді,- деді Ақай, - содан бір ғана қой ұрлап жеп, Мақайды дем алдырайық та, ертең жүрейік!

- Су қайда?- дедім мен. Бұған Мұса жауап қайырып, Ақайдың пікірін еріксіз қуаттағанын сездірді:

- Әнеу биік қызылдың теріскейінде сүрі қар мол болушы еді. Ол әлі еріп бітпеген шығар...

Сол биікке қайта өрлеп барып «Мақайды қалжалауды» құлшына құптады көпшілік. Оны Қуат пен Серәліге қолтықтатып, төте жөнелттік те, басқамыз ит үрген жаққа тарттық.

Жартас түбіндегі жалғыз киіз үйдің алдында бір қора қой жатыр екен. Осы ең шеткі қораны торыдық, амалсыздан осы «кәсіптің» шеберін іздестіріп, бәрінің де қыран ұры болып белсенгеніне қуаныппыз, шықпай жатып түп-түгел ашыққанын білдіруі тіпті «қуаныш» сияқты. Таңдап жүріп үш қойды бір-ақ көтеріп шықпақ болған Шақанға Ынтықбайды қосып, «бірегей біреуін» ғана әкелуді тапсырдық.

Қотанның ар жағынан көрініс беріп, ит алдандыруға екі татарымызды жіберіп едік, олар үш итті шулата шұбыртып тұп-тура өзіміз жаққа ерте қашты да баспалап жатқан «ұрыларымыздың» үстінен түсірді.

- Үй, бүйтіп ұры болғаныңды... - деп оларға «ең мықты ұрымыздың» өзі ақырып жатыр, - ары қарай қаш!

- Бәле... ұры қотан шетінде осылай ақыра ма? - деп Шақанға Ақай даңғырлады.

Мұса екеуміз «ұрыларды» да, қара көрсетушілерді де шегіндіріп жіберіп, бір қиырдан мешпет сүйрете қашып едік, иттер енді біз жаққа жүгірді. Қотанның аржақ сыртына әкетіп, алыстата бердік.

Үш ит пен екі «философтың» қанша «ырылдасқанын» кім санапты, әйтеуір еңбегіміз жанғандай, шығар тұсқа қайтып келсек, бір топ «сайыпқыран» ұрының ортасында сүйегі арсиған бір саулық тұр екен. Бауырына кезек-кезек қол жүгіртіп күңгірлеседі. Желіні салақтаған жануардың қозысы бар екенін, артына қарап маңырай беруінен түсіне қойсақ та, «ұрыларымыздың» көзі сенбей немесе қимай тұрғандай.

Киіз үйдің бер жағындағы белеңге ұзын бойлы біреу шығып қарап тұрғанын көрдік. Қотан шетінде шуылдасып жүрген «епті» ұрылардың соншалық даңғырынан өлі қойшы да тіріледі ғой. Арттарынан ере келіп қарап тұрған қойшының өзі екен.

- Ей ағайындар, анау, қозылы саулық еді, жас қозысына обал ғой,- деді ол. - Орнына бойдақ қой шығарып берейін, қоя беріңдерші!

- Иә, солай екен,- деп күрсінді Ақай, - бізге бір ғана еркек қой керек еді. Алыстан арып келе жатқан жолаушымыз, ең семіз біреуін беремісің?

- Мақұл, ағатайлар, мақұл, ең жіліктісін әкеліп берейін.

Қойшының осы уағдасымен саулықты қоя беріп едік, маңырай жөнелді қотанына. Қойшы да қайтты. Бізбен айқасып жүріп әбден шаршаған иттер де, біз де тым-тырыс шоңқиып отырып қалдық. Қотанның аржағындағы белден қараңдап біреу асып кеткендей болды. Қой да жоқ, қойшы да жоқ, тым-тырыс сызылып таң көрінді. Енді қайта барып қорқыту емес, қашуымыз жөн сияқты; «белден асып кеткен қойшы болды, арғы ауылдарынан қол жиып келмек» деген қортынды шығардық та, зытып бердік...

Қайқайған кер жотаға күн сәскеге көтеріле бере еңбектеп әрең шықтық. Шақшырая жарқылдаған күн, жалындай жалаңдаған аңызғақ таңдайымызды қуырып әкетті. Бара сала қарға басымызды тығармыз деген үмітіміз өшіп, көздеріміз шүңірейіп барады. Бұрын келіп алған жолдастар тас-тастың түбінде бұралып жатыр. Осы жотаның теріскейін кезіп-кезіп, бір шөгім қар таба алмапты. Кеше кеште аттанған жұртымыздың тұсындағы бір биікке қайтып келіппіз.

Жуан түйе тастың астындағы бір үңгірге кіре жығылып, дымды топыраққа көкірегімді бастым. Бүгін де кешегідей жатсақ, шөлден қырылатындаймыз. Тырналап жатып, бір күректей салқын топырақ босаттым да, көйлегімнің омырауынан қарныма құйып алып қайта шықтым. Осы бір тәуліктің ішінде-ақ бір-бірімізді тани алатындай семіппіз. Көбінің сөйлеуге де халі жоқ, тілі күрмеле берді.

- Мұса-еке, әлгі айтқан ақсақалыңызға тез жете көріңіз!- дедім мен Мұсаны бір тастың астынан әрең тауып. Жотаға өрлеп келе жатқанымызда, осы елдің мұсылманға қастық істеуден Құдай алдында қорқатын бір ақсақалын айтып еді. Соған баруды өтіндім. - Осы бүгінгі шөлден ғана құтқарсын, басқа ешкімге білдірмей қамқорлық етсін!

Сол қарттан бір көмек болмаса, мына ыстық желден бүгін-ақ қырылатын иә жанталасып барып қолға түсетін жағдайға тап болғанымызды жолдастар түгел-ақ түсінген екен. Бәрі шулай қостады бұл пікірді. Мұса мешпетін тастай салып, сайға қарай көйлекшең домалай жөнелді. Әр тастың далдасында үнсіз жатырмыз бәріміз. Нұрияның қатерлі жұмбақ тағдыры жүрегімді қатты тулата берді. «Осы Боғданың Жемсары жақ бөктерінде шығар ол. Сақшы басқармасы Кәменнің нағашысына ұрлап беріп жіберген болса, сөзсіз осында... Мына Мұсалардың көп туысының бірі болмаса бірі білмес пе? Осы таудан аман ассам, табармын-ақ!»

Осы үміт демеуімен орнымнан тып-тың адамша ыршып тұрдым. Түс ауып қалыпты. Әр тасқа бір отырып, бір тұрдым. Су есімнен шығып, Нұрия елестей берді көзіме. Тағы да атын атап айқайлап жібергім келеді. Жемсары тұсына тура қарап отырмын. Қарсымдағы аласалау тұрғыдан ақ көйлекті біреу қол бұлғады. «Нұрияш болсашы, - деп үңілдім оған, - ұшып-ақ жетер едім ғой!» ... Қарсы тұрғыдағы адам қолына шапкісін алып бұлғай берді, бұлғап-бұлғап алады да, арамыздағы терең сайды нұсқайды. Мұса есіме түсе қалды, сол екен, «сайға түсіңдер» деп тұрғаны түсінілді.

Дауыстап жолдастарымның бәрін тұрғыздым да, сырт көзге айқын шалынбаулары үшін, әр түстен бірден-екіден ғана бөлініп-бөлініп түсуді айтып, өзім ең соңынан құлдадым.

Қиялай құлдап келіп, бір мойынақтан асып едім, алдымдағы қия соқпақта біреу шалқасынан жатыр екен. Мақталы мешпеті көп жоғары қалғанына қарағанда недәуір домалаған сияқты. Қасына жетіп келсем, Әмірқан болып шықты. Аузы бүрісіп бір кішкене тыртықтай ғана көрінді. Отыра қалып құшақтап, басын алдыма алдым да оятқандай атын атап, шайқай бердім. Бар денесі былқ-сылқ етеді. Көзін ашып қарасам, қарашығы байқалмай, кірлеген сұп-сұр томпақ «әйнек» қана көрінді, ағы мен қарасы араласып кеткен сияқты.

Құрғап кеткен аузымнан жалма-жан түкірік жинап, ерніне жағып едім, аузын жас балапанша ашып, тамсанып-тамсанып жұтынды. Тірі екенін сонда біліп, тастақты екі қолдап тырналай бердім. Дымы бар топырақты әрең ашып, бауырын жалаңаштап соған бастым.

Біреуіміздің құлап түскенімізді қарсы жақтан көрген Мұса жан ұшыра жүгіріп жетіпті. Қолында бір бөтелке сүт бар, жете бере өзі жығылып, бөтелкені маған ұсына берді. Әмірқанды алдыма қайта алып, аузына сүт тамызып едім, екі қылғыған соң көзін сығырайтып әрең ашты да бірдеңесін іздегендей жан-жағына қарана түсті. Сайдың тұсымыздағы бір жырасын күбірлей нұсқап қалып, көзін қайта жұмды. Бір бөтелке сүтті жұтқызған соң ғана есін толық жиғандай болған ол жерге екі қолын тіреп, орнынан күрсіне түрегелді.

Әмірқанның нұсқаған жағына құлдап түсіп, шөңкесін таптық. Өзі алғаш құлағанда, онысы домалап ылдиға кеткен екен. Шіркін тіршілік, су аңсап келе жатып, соны ішетін ыдысы қолынан шығып кеткенде, ең аяулысынан айрылғандай сезініпті ғой! Жан үзерде сол құрғақ ыдыс қолында болса, құшағына қысып өлуі де мүмкін-ау!...

Мұсаға Әмірқанды таныстырып, бір жесір кемпірдің жалғызы екенін сыбырлап айттым. Екеуміз қосыла еңкілдеп, сай табанына дейін тілсіз жылап түстік.

«Жәннәт» пен «жаһаннамның» арасы жарты шақырымдай ғана екен, біз түскен бүргенді сайдың көлеңкелі тұйығы қармен сіресіп жатыпты. Келе соған бас қойып едім, іле-шала шелек-шелек тары көже жетті...

Сеніп барған қарты Мұсаға зор сенім орнатыпты: Боғданың бұл күнгейінде қастандық етерлік ешкім жоқ екеніне «Алланың хақтығын» қоса ант етіпті. Биылғы қыстан күш-көліктерінің «сіңірі әрең қалып, әлі де жіліктене алмай тұрғаны» болмаса, арғы бет деген екі-ақ түндік жол екен. «Сонда да жеткізіп салуды ойластыратын азамат көп» екенін, оларға хат жазып беретінін айтыпты.

- «Теріскейде бұл үкіметтің Қабдолла атты ғана иті қалған. Ол орынбасар район бастығы. Соның құлағын қақас қалдырсақ болғаны. Бір ауылдан бір ауылға жылжытып отырып жеткізіп салады. Бүгін кешке жақын осы ауылға бөлініп-бөлініп келіп, ыстық тамақ ішіп шығыңдар да ақшам бата Сәнге сарыға жөнеліңдер!... Ауру жігітке ат беремін және жол бастаушы қосамын», - деп қайтарыпты...

Біз мұны қуана тыңдап, сүт қатқан тары көжемен малшына терледік те, лық толтырылған торсықтай теңкиісіп, бүрген арасына құлай-құлай кеттік...

Ымырт жабыла бере бабына жете жаралған аттай заулата жөнелдік. Бар бөгетіміз болған Мақайдың аңшы атына қонып алға түсуі, жол бастаған сида қара жігіттің жасынан тауешкі атып өсуі бізді жақпар тастардан текеше орғытты.

Шолақтеректен Сәнгесарыға баратын тау соқпағының үрейді ұшырғандай ұшпа жар, қысаң қияларынан ертеңіне күндіз өттік. Аңшы аты өткен жерден бізді ар-намыс әрең өткізеді. Сыңар табан ғана сиярлық аттамасы бар ұшпаның жарына жабысып, ары да, бері де өте алмай «Аллалағандарды» тері шақайлы аңшы жігіт тәйтәйлаған баласынша жетектеп ала жөнеледі.

- Сендер партизан да, құйыршық та бола алмайсыңдар-ау осы!- деп күледі келіп.

«Аллалап біз өте алмай жүрген жерден - «Әиялаған» сары аяқтар қалай өтпек, енді ұстала қоймаспыз» деген еркінсу пайда болды бізге. Не дәуір озып кеткен жолбасшымен атты Мақайдан басқа жолдастар ұйқыдан мас адамша сенделектеп, андыздап әр жерде келді. Бірнеше тәулік ұйықтамаған мені де жайдақ жолға шыға ұйқы жеңді.

Жүріп келемін, жолдың екі жағына кезек ауып, ұйықтап келемін. Биғаділдің «Қырау қайда барасың» деп жыламсыраған дауысы естіледі. «Балам-ау, не болған саған осынша!- деп маған ренжігендей шешем көрінеді. Көзінің алдына іркілген тамшысын сүрте тұрып, - қайтсаңшы, бізді ұмытқаның ба?» дейді. Көзімді аша күрсінемін, бұл - өңім, «Алтайды айнала өтіп, Қобықтан түсемін ғой апа!... Сендерді құтқаруға қол ертіп барамын» деп күбірлеп алып, қайта ұйықтаймын. Қызыл кофта жарқ ете түседі, жалт қараймын, бірақ, сол кофтаның өзі ғана бір көрініп ғайып болады. Басымды шайқап қойып, көзімді қайта жұмамын.

Бір кезде тым жарасымды ұзын ақ көйлек киіп нұрлана түскен Нұрияның өзі кірді түсіме: әудем жерде ғана құшақ жайып тұр екен. Ұйқым шайдай ашылды, ғайып болды, тұра жүгірдім сонда да. Сол жердің мөлшеріне бара етпеттеп құладым. Солқылдап жатқанымда арт жақтан жүгіре жеткен біреудің аяқ дыбысы естілді. Әмірқан екен:

- Биға, Биға! ... Не болды?- деп, басымды тізесіне қойды.

- Жоқ... жетемін саған!- дей тұрдым орнымнан, менің жығылғанымды көріп, арттағы жолдастар түгел қоршай қалыпты....

Ұйқымыз осылай ашылып, заулата жөнелдік.

Озып кеткен атты-жаяу екеуі көп бұрын барып, қонатын аулымызға хабарлап қойған екен. Күн бата біз де жеттік. Келіскен жуан басына көне тақия киген, селдір ғана шоқша бурыл сақалды төртпақ қара шал қарсы ала шығып, сәл қиықтау үлкен қоңыр көзі күлімдей амандасты. Бар тұлғасы жас  шағында мығым күштің иесі болғанын байқатқандай. Алты қанат қоңырша үйіне нан, құрт-ірімшік салған мол-мол дастарқандар жайылды. Орташа ғана ешкілі ауыл сияқты. Мүйізі қарағайдай ақ серкені кіргізіп, бата сұратты да, біздің сойғызбайтын ниетімізді байқап, өзі бата қылды. Біреуіне бата сұратып, алтауын жыққызғанына аяныш білдіріп едік:

- Етті болса екеу-үшеуі ғана жетер еді ғой, шырақтарым,- деп ақтарыла жөнелді үй иесі, - биыл мал тым арық, күйлірек болса осы жолдарыңа атан өгіз сойып берер едім! Сендерден немді аяйын, елім деген ер азамат не көрмейді. Кейде осылай азады, осылай тозады. «Темір етік теңгедей, темір таяқ тебендей болғанша» дейтін бұрынғы батыр бабаларың талай жорық кешкен ғой. Тоздым деп қажи көрмеңдер әйтеуір!... Қажу-қайту - ердің ісі емес, елдерің бар, ер ағаларың бар, бәрінің тілеуі сендермен бірге. Ертең-ақ көресіңдер сол бірлікті. Бірлік болмай тірлік жоқ екенін бәрі біліп болған... Баратын жерлеріңе, қосылатын қолдарыңа өзіміз-ақ жеткіземіз... Бәріңнің де маңдайларың жазық балалар екенсіңдер, «ақыл жастан, асыл тастан» дейді, үкімет сырын сендер білесіңдер, бастай беріңдер азаматтарым, халқың міне,- деп үзіліссіз зулата келіп, бір дем алды шал, - «қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар» деген екен. Бір кезде арғымақтай арыным, қара нардай қарымым бар еді. Мөрті енді келгенде мерт болғандай мезгілсіз қартайып жанбасымнан жантайып жатқаным осы...

Сергек ойлы, шешен қарт мұнан соң арғы-бергі өткен батырлардың сайысын әңгімеледі. Оның бәрінде де батырлыққа баулу, қайратымызды қайрау бар. Сол түнгі әңгімеден недәуір күш алып, баулынып ұшқан бала құстай серпіліп аттандық. Бұл кедей елдің ең жиын жері Ақсу өзенінің бас жағы екен. Қаһары бар қарлы таудан солардың бірлескен көмегі ғана асыратынын білдірген қарт бізге тағы бір жол бастаушы қосып, солай жөнелтті.

Ақсу бойына кеш іліндік те, шеткері отырған бір-екі үйдің пысырған сүтін бөліп ішіп, паналы тоғайдың арасына түнедік. Терең қайыңды, нулы өзен екен. Түні тым зәрлі тиді. Бұдан жоғарылап қарлы тауға кіргенде халымыздың не боларын ойлап, дірілдеп таң атырдық.

Қайырымды қарттардың қағазы бойынша ауыл бастығының үйіне бірнеше ілікті азамат жиналыпты. Біз сәске көтеріле жетіп, топты тоғай арасына қалдырдық та, үйге төрт-бесіміз ғана кірдік. Жиналған ауыл адамдары арасында отырған мысық мұртты, сары шегір ауыл бастығы мен ұзын бойлы ат жақты, қызыл күрең мектеп меңгерушісі өздерін таныстыра амандасты. Мектеп меңгерушісі бізді күле құшақтаған қапсағай қара мен екі-үш қара қошқыл атпал азаматтың атын атап өтті. «Бұрын аңшылық істеуші еді, қазір сары аяқ аулайды» деп жымыңдады соңында.

Тау кезіп жүрген бұл үшеуі асуларды әлі қар алып жатқанын, олай болмағанда арғы бетке жаяу адамның екі тәулікте ғана асып өтетінін әңгімелеп еді. Мұса екеуміз бір-бірімізге қарап қынжылыса қалдық. Ақай тік мінезді төтешіл жігіт екен:

- Олай болғанда, бұл тұйыққа ұсталу үшін келгеніміз бе?- деп турасынан қойып қалды.

- Жоқ, бауырлар, біз тұрғанда бұл ауылдан сендерді ұстап беретін ешкім шықпайды,- деді қапсағай қара, томпақ көзі жалтылдап, насыбайлы ернін жымқыра түсті, - өзіміз де осы үкіметке... қанымыз қарайып отырған халықпыз. Жолдарыңа құрбандыққа шалып, бауыздай салармыз. Бұл бекім бұрын-ақ айтылып болған...

- Таңертеңнен бері сөйлесіп отырғанымыз осы жәйт болатын,- деді мектеп меңгерушісі, аңғарлы, ойлы пішінмен баяу сөйледі. - Бұл ауыл қаншалық сенімді болса да, сыртымыздан тіміскілеу арқылы аброй тапқысы келетін ел басылары жоқ емес. Біреу жығылмай, біреу үстіне шыға алмайды ғой, сөздің шынын айтайық, өздерің алғаш көрген ақсақалдың мойнына мінгісі келетін орынбасары бар. Оған төте қарасты ауылдар Боғданың батыс солтүстік тұмсығында ғана отырады. Сіздерді соның құлағына шалындырмай тезірек өткізіп жіберу туралы таң атқалы сөйлесіп жатырмыз. Мына елу басы - үкіметтен елу тиын алып күн көргісі келмейтін сенімді кісі. Тезінен күйлірек көлік табуға бекіді. Бірақ, жиырма шақты аттың бүгін-ертең табыла қоюы қиынға соғатын сияқты. Күтіп мінетін бір-бір жарамды атымызды Гоминдан сыпырып әкеткен, тағы сол қанқұйлы орынбасардың кесірі. Онымен туысқандығын ту қып көтеретін жендеттер бар. Олай болмағанда мына азаматтар оның басын әлдеқашан кесіп тынар еді ғой... Мен ғой, өз ағаларыңмын, сендердің тілектеріңдемін, тұп-тура мұраттастарыңмын, мына Мұса біледі!...

Мұса маған қарап басын изеп қалды да:

- Шинжяңдағы тұңғыш Марксшілдердің бірі,- деп сыбырлады.

- Қандастығымыз тағы бар,- деп мектеп меңгерушісі өз сөзінің түйініне кірісті, - бірде-біріңе қастандық істеуші шықса, ол өзінің қанымен жауап беретіні сөзсіз. Бұған сертіміз берік!... Осы ауыл болып қолымызды қанға малып ант ете аламыз.

Сөз осы жерге келгенде кешегі қарт жанбастай басып кіріп келді. Бәріміз ыршып тұрып амандасып, ол төрге жайғасқан соң ғана отырдық. Мектеп меңгерушісі ендігі сөзін асыға айтты:

- Ылғи жалаң киіммен шығыпсыңдар, қазір бұл таудан көліксіз өту өте қатерлі. Көлік дайын болғанша күйлірек үйлерімізге бір-бірден тарап, екі-үш күн жата тұрасыңдар, басқаша шара жоқ... жататын үйлеріңе тапсырамыз, сырт біреу келе қалса, пәлен туысымның баласы деп қисынын таба салады.

- Менің ойлағаным да осылай еді, көлік бір-екі күнде жиылып қалар,- деді қарт. - Ал жігіттер, бұған не дейсіңдер?

Біз бір-бірімізге үнсіз қараса бердік.  Бөлінбесек тобымызбен бір-ақ көзге түсуіміз мүмкін, «бір-бірден тарап жатсақ бөріге оңай азық боламыз ба, ұлысып табыса-табыса тарпа бассалар ма» деген ой алаңдата берді мені. Ынтықбай да осыны айтқандай сүзіле қарады маған. Бұл ойымды айтудың ебін Мұса тапты:

- Қанымыз бір, оның үстіне туыс тартып бастап келген мен едім. Сөздеріңізге сендік, ып-рас,- деп күрсінді де сөзін күлімсірей жалғастырды. - Бір-екі күнге бөлінбей бір жерде тұрсақ, екі-үштеген алдашы келсе алдырмас едік. Ол қол жиып келгенше жолымызды табар едік. Бір-бірден тарап жатқанымызда, қару-жарақты бір жендет те, екі жендет те бір-бірден байлап әкете алады!... Егер солай бола қалса, мына жиырма шақты азаматтың қан қарызы ертіп келген маған және ел деп паналаған сіздерге артылады ғой!

- Бір-бірден солай ұстала қалсақ, бір-бірден байлатқан сіздерді Құдай мен аруаққа тапсырайық па? - деп қалды Ақай.

- Іздеусіз, иесіз кететін азамат сендер емес,- деп мектеп меңгерушісі еселей бергенде сөзді қарт жұлып әкетті:

- Біздің ауыл ұстап берсе кімге тапсырсаңдар да сияды, оны қазір шешеміз. Бірақ, осынша көп азамат тобыңмен бір ауылда тұрғанда кім көрмей қалар. Өздерің құтылсаңдар да мына ауылдарыңды жауға құртқыза кетпейсіңдер ме?... Олай болғанда біз кімге тапсырармыз?

Қарттың тарпа бассалып жеңуіне бәріміз күлдік. Қапсағай қара Қали маған сыбырлады:

- Құралымыз аз, «банды жасырған ауыл» деп көп әскер шығып қоршай қалса, ең зор қорқыныш сол ғой, бауыр. Азамат басына бір-бір бесатарымыз болса, дәл қазір айниық деп те тұрғанымыз жоқ...

Біз бас изеп мақұлға келдік.

- Қалған күмәндарыңды мен шешейін... әумин! - деп қол жайды қария. Үйдің іші-сыртындағы ауыл адамдары түгел қол жайды. Қарт жылай отырып бата емес, ант берді. - Алаштың осы алал азаматтарын қастық ойлап, ұстап беру ниетінде болғандарды Алла Тағаланың қаһары атсын, ел-жұрт алдында беті қара, қатын-баласы қара болсын! Қабанбай мен Жәнібектің аруағы атсын, Аллаһу әкбар!...

Бұл көне сенім адамының мызғымас, аудырмас анты еді.

- Рахмет әке, мың жаса!- деп қалдым мен. Бөлініп-бөлініп жата тұрудан басқа жол да жоқ сияқты.

- Біз де ант етейік,- деді біздің үлкеніміз Ақай. Бізде қол жайдық. - Қандай кесірге ұшырасақ та осы ел қамқорлығын үкіметке бірде-біріміз әшкерелеп, титтей кір жұқтырсақ, сол Алла мен аруағы бізді де атсын!...

Осы анттардан соң әр ауылға бір-бірден тарап орналастық.

Көреген тергеушім, оң жақ қырыңыздағы әйнектер быжынап-құжынап, бандыға толып-ақ кеткен шығар. Міне, ой мен қырдан қаптаған қалың жау, жерлік ұлтшыл залым жау, қара жау, ақ жау, қызыл жау, аралас бояу сары жау, бала жау, жас жау, кәрі жау, малшы, жалшы, аңшы, әнші, малды, малсыз, надан, баран, құдайлы, құдайсыз... «төрт теңіз, бес құрлықтан» табысып, бірін-бірі жасырып жүрген зәрлі жау, неден бұлай бәрі жау!...

Гоминданның осыларды көрмеген көр соқырлығына, жазасын бермеген көк соқырлығына қаныңыз қайнар-ақ! Бар салмақты сізге тастап кеткен жоқ па!

Осының бәрін көреген өзіңіз ғана жиып құртпасаңыз, қылмыс тұралатқан есалаң дүниенің құрттап кеткені ғой!... Алдымен көзіңізге көп түскен мені!... Мені!:..

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371