«Жаужүрек мың бала» – азаттықтың айнасы
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының биылғы жылғы ең ірі жобасы «Жаужүрек мың бала» картинасы жақында көрерменге жол тартты. Мамыр айы бойы еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілетін тарихи экшн-фильм - белгілі режиссер Ақан Сатаевтың туындысы.
Жоңғар шапқыншылығы - азаттық үшін жан берісіп, жан алысқан әрбір қазақ баласының қанымен жазылған тарих. Есімі кейінгі ұрпаққа тарихи жырлар мен аңыздар арқылы жеткен ержүрек сарбаздың бірі - Сартай. Әкесі мен анасын жоңғар әскері көз алдында аяусыз өлтіріп, бауырларымен жетім қалған Сартай кек алсам деген мақсатпен ержетеді. «Жаужүрек мың бала» фильмі Сартай сынды жүздеген боздақтың тағдырынан сыр шертіп, бүгінгі ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, намысын шыңдай түсуге түрткі боларлықтай.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының биылғы жылғы ең ірі жобасы «Жаужүрек мың бала» картинасы жақында көрерменге жол тартты. Мамыр айы бойы еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілетін тарихи экшн-фильм - белгілі режиссер Ақан Сатаевтың туындысы.
Жоңғар шапқыншылығы - азаттық үшін жан берісіп, жан алысқан әрбір қазақ баласының қанымен жазылған тарих. Есімі кейінгі ұрпаққа тарихи жырлар мен аңыздар арқылы жеткен ержүрек сарбаздың бірі - Сартай. Әкесі мен анасын жоңғар әскері көз алдында аяусыз өлтіріп, бауырларымен жетім қалған Сартай кек алсам деген мақсатпен ержетеді. «Жаужүрек мың бала» фильмі Сартай сынды жүздеген боздақтың тағдырынан сыр шертіп, бүгінгі ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, намысын шыңдай түсуге түрткі боларлықтай.
Картинада XVIII ғасырда қазақ даласында билік құрған хандық, атақты билер, Әбілқайыр, Бөгенбай сынды хандар мен батырлардың бейнесі де тыс қалмаған. Алайда режиссердің көркемдік шешімі, идеясы бойынша өрімдей жас батыр Сартай мен оның жасағына баса назар аударылып, осы жасақтың атақты «Аңырақай» шайқасында жоңғардың туын жыққаны фильмнің негізгі жүгін көтереді. Қысылтаяң уақытта қазаққа қашанда бірлік пен ынтымақтың жетіспей жататыны фильмнен анық байқалады. Ел басына күн туған заманда елдің тағдырын шешуге жиналған билер, хандар, батырлардың сөздері бір жерден шыға бермейді. Сол уақытта жоңғардың кесірінен жетім қалған Сартай, Таймас, Құралай сынды боздақ қыз-жігіттердің буындары қатып, жауға деген өшпенділіктері артып, кек алудың қамымен жүрген еді. Олар кезінде ата-анасыз қалғанда өздеріне пана болған ақсақалдан тәлім алып, тау-тасты паналап, соғыстың тәсілдерін үйреніп, шынығумен болды, сәті түскенде әр жерде қостарын құрып, алаңсыз жатқан жоңғарларға тұтқиылдап тап беріп, өздерінше соғысып жүрді, өздері сынды жетім қалған жасөспірім балаларды жасақтарына қосып алып, күннен-күнге көбейе берді. «Сартай деген батыр жасақ жинап жатыр» дегенді естіген жастар өз еріктерімен келіп жасаққа қосылып жатты. Осы кезде Сартайдың кішкентайынан бірге өскен Таймас досы қызғаныштан жарыла жаздап, атақ пен даңқтың тек Сартайға бағышталғанына күйініп, тіпті досын өлтіруге әрекет жасайды. Алайда Сартай аман қалып, кейін Таймас «Аңырақай» шайқасында Сартай үшін жан беріп, өздерінің «жаудан кек аламыз» деп бір-біріне берген сертін орындайды.
Ермек Аманшаев, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті:
- Ақан - бүгінде алдыңғы қатарлы режиссерлеріміздің бірі. Дәл осы жолы бұған дейінгі тарихи тақырыпта фильм түсірген режиссерлердің жете алмаған биігіне Ақан жеткен секілді. Ал «Жаужүрек мың бала» бұған дейінгі картиналар көтере алмаған жүкті арқалауға тырысты. Біз үшін әр адамның айтқан пікірі, сыны маңызды. Өйткені сын арқылы мін түзеледі. Мені қуантқаны - «Жаужүрек мың бала» фильмінде 99 пайыз өз еліміздің мамандары, актерлері жұмыс жасады, қазақ киносына жаңа есімдер қосылды. Басты рөлдерді ойнаған жастар Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген, Құралай Анарбековалар аға буын актерлер Досқан Жолжақсынов, Төлеубек Аралбай, Болат Әбділманов, Берік Айтжанов, Нұрлан Әлімжан сынды актерлерден еш кем түскен жоқ. Әр актер туралы жеке-жеке толассыз айтуға болады. Әсіресе қазақтың батыр қызының образын жасаған - Құралай, Сартайдың рөліндегі Асылхан - қазақ киносының болашақ жұлдыздары. Ал фильмдегі Таймастың рөліндегі Аян кезінде Бекежанды ойнаған Асанәлі ағасындай жетістіктерге жететініне сенімім мол.
Ақан Сатаев, режиссер:
- «Жаужүрек мың бала» фильміне басты рөлдегі және екінші дәрежедегі актерлерді таңдау мақсатында жарияланған кастингке 22 мыңнан астам үміткер қатысты. Түсірілім алаңында бес жүзге тарта отандық БАҚ, сонымен қатар «The Independent», «Hollywood Reporter», «Variety» секілді әлемдік ірі медиа өкілдері де болды. Фильм түсіру барысында ауа райына қатысты кейбір кедергілер болды. Өйткені түсірілімнің 90 пайызы далада жүргізілді. Актерлер екі ай бойы актерлік шеберліктерін шыңдап, атпен шабуды, садақ тартуды меңгерді. Фильмді дайындауға жалпы саны 15-тей мемлекет атсалысты, соның ішінде дыбыс монтажы Францияда жүргізілді.
Қинаят Зардыханұлы, тарих ғылымының докторы, профессор:
- «Жаужүрек мың бала» - тарихи деректі емес, көркем фильм. Сондықтан картинада тарихи оқиғалар образды түрде берілді. Мұнда көркемдік әрлеу, мәнерлеу және сюжет бар. Тарихта нақты «Мың бала» деген оқиға жоқ. Бұл - арманнан туған аңыз. Алайда жер-жерде ауыздан ауызға тараған жырларда Сартай батыр туралы, «Мың бала» оқиғасына қатысқан адамдар туралы аңыздар бар. Мен бұл фильмге кеңесші ретінде қатыстым. Осы фильмді жасаған топтың ең үлкені - мен. Негізінен, «Жаужүрек мың бала» режиссердің, актерлердің қабілеттілігінің арқасында сәтті шықты деп ойлаймын. Қазіргі жастарымыздың қабілет-қарымына шын риза болдым.
Біз осы уақытқа дейін голливудтық тарихи экшн фильмдерді көріп, ондағы актерлердің костюміне, соғыс көріністерін түсірудегі мамандардың кәсіби жұмысына, актерлердің түр-тұлғасына, сюжеттің тартымдылығына қызыға қарайтынбыз. Енді өзіміздің де мамандарымыз осындай биік дәрежеде фильм түсіре алатынына көзіміз жете түскендей. «Жаужүрек мың бала» фильміндегі актерлердің келбеті, киімдері өте жарасымды. Сондай-ақ нағыз жоңғарларды көз алдыңа әкелетін образдар, костюмдер өте сәтті таңдалған. Сондай-ақ фильмде жоңғар әскерінің ескі моңғол тілінде сөйлеуі картинаны шынайы ете түседі. Фильмнің шешуші кезеңіндегі «Аңырақай» шайқасы нағыз қызыл қырғынды көз алдыңа әкеледі. «Жаужүрек мың бала» продюсерлерінің бірі Әлия Уәлжанованың айтуынша, фильмге шетелдік дистрибьютерлер мен сауда агенттері үлкен қызығушылық танытып отыр. 17 мамыр күні Канн фестивалі аясындағы кинонарықта жаңа қазақстандық туынды алғашқы драфт нұсқаларымен-ақ 20th Century Fox, Universal Pictures секілді халықаралық ірі дистрибьютерлерге таныстырылмақ.
Бүгінде соғыстың қорлығын, жоқшылықтың ащы дәмін татып көрмеген ұрпақтың болмашы қиындыққа сағы сынып жатады. Осындайда адамды бір сілкіп, тәубесіне келтіретін фильмдердің болғаны жақсы-ақ. Біз үшін ең маңыздысы, «Жаужүрек мың бала» - қазақ халқының рухын биіктететін, ынтымағын нығайта түсетін нағыз патриоттық фильм. XVIII ғасырда қазақ халқының рухы осы фильмдегідей биік болғанын қазақ киносына жаңа келген буынның бейнесі арқылы көрдік. «Біз жүз болсақ та, әрқайсымыз он жоңғарға төтеп береміз, сондықтан біз мыңбыз», - деп Сартай батырдың жасағына қарата айтқан сөзі фильмді көргендердің көзіне жас үйірілтері анық. Ендеше, бүгінгі қазақ жастары осындай фильмдермен рухтанып өссе екен деп тілейік...
Айнұр СЕНБАЕВА
"Алаш айнасы" газеті