Лукашенконы тұтқындаған адамға 11 млн еуро беріледі
Беларусь оппозиционері Валерий Цепкало елдің қауіпсіздік қызметкерлеріне президент Александр Лукашенко қамауға алынса 11 миллион еуро төлеуге уәде берді. Бұл туралы Цепкало YouTube-тағы видео-хабарламасында мәлімдеді.
Ол «бірінші нөмірлі қылмыскерді» ұстағаны үшін сыйақы аударуға мүмкіндік беретін арнайы технология жасалғанын айтты. Яғни, Лукашенко ұсталғаннан кейін ғана арнайы шотқа ақша (11 миллион еуро) түседі.
Цепкало жоспарларының сәтті болатынына сенетінін айтқан.
«Мен беларусьтің мемлекеттік жүйесіне көптеген лайықты, принципті адамдар бар екеніне сенімдімін, олар үшін халыққа қызмет ету, заңға қызмет ету бос сөз емес», - деді ол.
Жоғары технологиялар паркінің негізін қалаушы Валерий Цепкало Белорусияда 2020 жылы өткен президенттік сайлауға қатысқысы келген. Алайда, тіркелмеген. Артынша өзіне қарсы тергеу басталған соң елден кетіп қалған.
Беларусь президенті Лукашенко жаңа санкциялар мен өркениетті әлемнен оқшаулану қаупіне қарамастан, өз елінің ішіндегі «бұрандаларды қатайтуды» жалғастырып жатыр.
Журналист Роман Протасевич отырған ұшақты мәжбүрлеп қондырғаннан кейін, оның басқа әріптестеріне де қатысты сот басталды. Ал, Беларусь азаматтары өз билігін нығайту үшін Лукашенко ең қатаң шараларды қабылдауға дайын екеніне көздері жеткен.
Осыған қарап Беларусь президенттік режиміне қарсы жаппай наразылықтар қайта жалғаспайды деуге негіз бар дейді сарапшылар. .Сондай-ақ олар екі негізгі себепті атайды: 1. Лукашенко елдегі билікті сақтап қалуға көмектесетін күш блогын күшейтті; 2. Наразылықтардың белсенді кезеңі 2020 жылы болды, бірақ белорустар нәтиже шықпаған соң психологиялық тұрғыдан шаршады, -дейді.
Керімсал Жұбатқанов
Abai.kz