Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
2359 0 пікір 29 Мамыр, 2021 сағат 23:14

Тіл тірегі – этимон: Кірме сөздер әліпбиге ықпал етпеуі керек

Әзіргі жазу практикамызда сөздерді оқығанда жазылым бойынша айнытпай оқуға тура келгендіктен, қарапайым халық «соқыр көргенінен жазбайдының» кебін киіп жүре беретін күйде қалды. Бұл жетпегендей буынға бөлу деген атпен сөздерді мағанасыз бөлшектерге бөліп – бөліп тастадық, сонан барып тіліміздің тереңіне бойлаудың жолы кесіліп, тілдік сана салғырттанды, өз тілі өзіне қиын сезіліп, тілге деген самарқаулық белең алды, тілдің қыры мен сырын игеру тек ғана саусақпен санарлық мамандарға ғана бұйырды.

Осындай жағдайда, этимологиаға мән берілген жазудың ең тиімді болатыны туралы мақала Abai.kz-те «Ана тілі дегеніміз ауызекі тіл» деген атпен жариаланған еді. Мақалада «ішқұр» деп жазып «ышқыр» деп оқу, «қолқап» деп жазып «қолғап» деп оқу, «іштон» деп жазып, «іштан» деп оқу... жөніндегі сөз қозғалып, этимонға мән берілер болса адамдар әр сөздің жай-жапсары туралы білімдерді біртіндеп қабылдап отыратындығы айтылған еді. Сөздерді құраған әрбір мағаналы бөлшектер айқын болса, көптеген сөздердің ішкі заңдылығы былайғы жұртқа кәдімгідей таныс болып кетер еді. Мысалы:

«Қайын жұрт»: ертедегі «адақ» сөзі қазір «айақ» болған («д» дыбысы өзгермей жеткен «адым» сөзімен салыстырыңыз), мініс көлігі саналатын «ат» сөзі де осы «айақ» сөзімен байланысты, «д-т» дыбыстары «й» дыбысына өзгере алады екен, онда «қайын жұрт» деген сөздің «қатын жұрт» деген сөзден келгені түсінікті болады, бұл «й» дыбысының дауыссыз дыбыс орнында жүретіндігінің жене бір дәлелі. Буынға мағаналы бөлшектері бойынша бөлгенде «қат+ын» болып, өз қатарына қосылғандықты, өмір сапарына бірге қатысатындықты білдіретіндігін бұрынырақтағы мақалада айтқан болатынбыз, сонда «қайын жұрт» дегеніміз қатын жұрт, араласып-қатынасып тұратын жұрт дегендік болып шығады.

«Нағашы» деген сөздің алдына «а-та, а-па, а-на, а-ға» деген сөздердегі сыяқты «а-» дыбысын қоссақ «анағашы» болып шығады, бұл «ана-қасы» яғни «ананың қасындағылар, шеше жағындағылар» дегендік, мұнда «ш» «с» дыбыстарының бір бірінің орынына ауыса алатындығы білініп тұр. Орыс тіліндегі «ц» дыбысы да осы «с, ш» дыбыстарымен негіздес, мысалы, продав+ец -- сату+шы,    владел+ец -- иелену+ші (ие+сі),  пев+ец – ән+ші, мұнан «ш» дыбысымызға латынның «с» әрібі тура келетіндігі көрініп тұр.

«Сыйыр»: «сығыр» сөзінен келген екен, түбірі «сық», яғни емшегін қолмен сығып, сүтін сауып алады. Осы сөзді «сиыр» деп жазғанда, мұның түбірі «сық» екендігі көмескіленіп қалады, бұл адамдардың қазақ тілін меңгеруіне орны толмас зиан әкеледі. Сонау заттық байлық тапшы болған ықылым замандарда адамдар жартасқа, қышқа, сүйекке, былғарыға, қамбат-қымбат заттарға жазу жазғанда тілдің тәбиғатын сақтап жазып, дыбыстар мен әріптерді үнемдеп қысқартып жүрмеген еді, заттық байлық молайған мына заманда үнемшілдікке салынудың тіптен қажеті жоқ, компютер технологиясы үшін бір әріп пен он әріптің парқы теңіз жанындағы бір тамшы су мен он тамшы судың парқындай ғана болып қалады. Үнемшілдік қажет болып бара жатса, айтар ойымызды ықшамдап жеткізе алсақ солда жетер еді.

«Құралай»: Islam.kz сайтындағы «құралай деген қандай жаратылыс» мақаласынан осы сөз төңірегінде әртүрлі анықтамалар бар екенін білдік. Осы сөзді буынға «құ+ра+лай» деп емес, басқы буынды мағаналы етіп «құр+алай» деп бөлсек, соңғы бөлігі «алай» болады. Шыңғысханның тоғызыншы (кейде оныншы дейді) бабасының әйелінің аты «алан гоа» делінеді (дұрысы «алан хуа»), «қой» сөзінің төркіні «қон» екендігін ескерсек «алай» сөзі әсілі «алан» еді деуімізге болады, «алан» сөзін қазақ ғалымдары «марал» деп түсіндіреді, сонда «құралай» сөзі «құр+марал» деп болжау айта аламыз, сонымен аталған мақаладағы анықтамалардың ішіндегі «киіктің лағын құралай деп атайды» деген болжам дұрыс деп болжауға болады, кейін келе көз жанары тұңғиық қара, әдемі жаратылған басқа жануарларды да «құралай» деп атай бастаса керек, «құралайды көзге атқан» дегенде аңшының жай мерген емес «суық мерген» «сезімсіз мерген» екендіген қоса білдіріп тұр.

«Қотан қарағай»: бірде қытайдың алтайынан келген қазақтар «қотан қарағай» деп сөйлеп отырды, ал шығыс қазақстанда «Катон қарағай» ұлттық саябағы бар, «қотан» сөзі «мал қоралататын орын» дегенді білдіреді (википедияға қараңыз), этимонға мән берілмегендіктен осындай жаңсақтықтар әліде сақталып келеді.

«Өнер»: «өн» түбірі байырғы индо-европеандық «бір, бірегей, жалғыз» дегенді білдіретін «oi-no-» сөзімен тамырлас, ертеде «14» дегенді «төрт жыйырма», «27» дегенді «жеті отыз», «8» дегенді «сегіз он» деп айтқан екенбіз (осы заманғы санар – цифровое  технологиасында оннан төменгі сандарды «01, 02, 03...» етіп жазатынын еске алыңыз), яғни «он» сөзі сандардың басталуы болған, «өн» сөзі аздың өсіп-өніп көбейуін білдірген.   «oi-no-» сөзіне «қайыру, бұру, аудару, ійіру» деген мағана беретін “wer-” жалғанып «univer» болыпты, «өн» сөзімізге «жас өсер, жарлы байыр» дегендегі өзгерісті білдіріп тұрған «-р» жұрнағы жалғанып «өнер» сөзі жасалған. Сондағы айтпақшымыз «univer» сөзі мен «өнер» сөзінің жасалу жолы бірдей, сондықтан «univercitet» сөзін «өнерістет» деп айта берсек жаңылған болмаймыз әрі тіліміздің дыбыстау заңдылығын сақтап қаламыз.

«Міністер»: байырғы европада судияны, дін басын, оқымыстыны «magister» деген екен («mag - max» үлкен дегендік), төмен дәрежелі қызметкерлерді «minicter» деген екен, осындағы «min» дегеніміз «minus» дегендегі «min» болып «кіші» дегенді білдіреді. Тіліміздегі «мінсіз сұлу асыл тас» дегенді «зәредейде дағы жоқ әдемі асыл тас» деп ұғамыз, бұл «мін» сөзінің бізде де «кішкене» деген мағанасы барын білдіреді, халыққа қызмет ететін атқа мінерлерімізді «министр» демей, «міністр» десек осы сөздің этимонына жақындай түсеміз, сонымен бірге математика, фияика сыяақты түрлі ғылымдарда қолданылатын «min» термині де тілімізге тән сөздердің бірі болып шығады. Ғылми терминдерде «мін» немесе «мин» болып ерікті оқыла берсін, «ministir» дегенді біреулер  «міністір» деп оқыса, біреулердің «министир» деп оқуларына ерік берілсе «і» дыбысымызды жоғалтып аламыз деп уайымдау «шегірткеден қорыққан егін екпептінің» кері ғана болмақ. Халықтың парасатын төмен санау өз бойымыздағы сенімсіздіктің салдары болып табылады.

Elon Muck деген адам атын «Илон Маск» деп жүрміз, латын әліпбиіне көшкен соң қалай жазамыз? «Ilon Mask» деп жазамызба?

Онда қателескен боламыз. Есім иесіне құрмет үшін әрі цитаталық қағидат бойынша әрине «Elon Muck» деп жазылады, ал айтқанда қазақ тілінің заңдылығы бойынша «әлен мәск» деп айтып жұрттың құлағын үйір ету керек, түкте сөкеттігі жоқ. «тарихи, иса, нәзирә» қатарлы сөздер бейне «физика, пушкин, цвета» деген сөздер сыяқты кірме сөздер қатарына жатады, қазақ тіліннің әліпбиін түзу барысында мұндай кірме сөздер әліпбиге ешқандай да ықпал етпеуі керек, қазақ тілінің қағидалары толық ескерілген соң ғана бұларды қосымша ескере кетсе болады, мұндай сөздерді жазу, оқу, буынға бөлу қатарлы істерді ең соңында барып ойластырған жөн.

Уәлихан Ғабиденұлы

Abai.kz

0 пікір