Сенбі, 23 Қараша 2024
Дабыл 10009 20 пікір 4 Маусым, 2021 сағат 14:32

ЕАЭО-дағы көп «ортақ» - Тәуелсіздігімізге қарсы шабуыл!

Соңғы уақытта орыспен (Ресеймен – ред.) ортақ көбейіп келе жатқаны қазақ қоғамын алаңдатып отырғаны шындық. «Ортақ ақша», «ортақ спорт», «ортақ мәдениет», «ортақ медицина», «ортақ ақпараттық кеңістік», «ортақ зейнетақы», «ортақ еңбек күші», «ортақ сауда кеңістігі» т.б.

Арысын айтпағанда, кейінгі бір-екі жылдың шегінде Ресей тарапынан Қазақстанның территориялық тұтастығына қатысты агрессияның көбейгені де белгілі. Кремль билігінің түрлі лауазымды шенділері қазақ жеріне көз алартып, территориялық тұтастығын мойындамайтын, арандатушылық әрекеттерді үдетті. Олардың кейбіріне Ақорда реакция білдіріп, наразылығын да айтты.

Еуразиялық экономикадық одақтың түп мақсаты – КСРО-ны қайта құру екенін сарапшылар айтудай-ақ, айтып келеді. Шын мәнінде, бүгінгі Қазақстан пайдасынан пәлесі көп ЕАЭО-ның экономикалық тұтқынына айналған.  «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды», дегендейміз, қазір. ЕАЭО күн санап саясиланып бара жатқаны туралы сан рет жаздық. Дабыл қақтық. Нақты деректер келтірдік. Алайда, естір құлақ болса, кәне?..

Енді кеше Ресейдің «РИА Новости» агенттігі «ЕАЭО Батыс санкцияларына ұжымдасқан түрде жауап дайындап жатыр» атты мақала жариялады. Онда Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкиннің Петербордағы экономикалық форумда сөйлеген сөзі жазылыпты.

«Үшінші елдердің ЕАЭО-ға (одаққа мүше елдерге) қарсы санкциялық іс-әрекеттеріне жауап шаралары туралы мәселе күн тәртібіне қойылды. Бұл мәселе қарастырылып жатыр және алдағы уақытта да қарастырылатын болады. Бірақ біз бұл тақырып осындай санкциялардың нақты түрлерімен, масштабымен, көлемімен, келтірілген зиянымен және ДСҰ және басқа құралдар тұрғысынан заңды болатын мүмкін шаралармен байланысты болуы керек екенін түсінуіміз керек», - депті Паникин.

Ресей Сыртқы істер вице-министрінің бұл айтқандары - шын мәнінде Қазақстанды Батыс пен Ресей арасындағы санкция соғысына мәжбүрлі түрде араластыру әрекеті екені айдан анық. Сол үшін де вице-министр Панкиннің мияулап айтқан мәңкілі қазақ қоғамында қызу талқы болуда. Қоғам наразы. Қазақстан атынан мұндай қауіпті келіссөзді кім жүргізіп отыр? Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі үнсіз. Аталған ақпаратты растаған да, терістеген де сөз естілмеді.

Естеріңізге сала кетсек, Панкин кеше айтқан сөзді ЕАЭО-дағы Ресей делегациясы 2018 жылы да айтқан. «ЕАЭО-ға мүше елдер одақ мүшелерінің біріне үшінші бір санкциялары салынған жағдайда экономикалық қиындық тумас үшін, бірлесіп шара қолданудың жолдарын іздестіру». Сол кездегі ЕЭК-ның сауда жөніндегі министрі Вероника Никина осы мәселенің Парламентаралық кеңесте талқыланып жатқанын айтқан. Бұл мәселені талқыға ұсынған, инициаторлық танытқан тағы да Ресей.

Араға бірнеше жыл салып, Ресей бұл мәселені қайтадан күн тәртібіне шығарып отыр.  Біз бүгін қоғам қайраткері, саясаткер Мұрат Әбенов мырзамен осы тақырыпта азды-кем әңгімелескен едік. Мархабат...


Ресейдің геосаяси айқастарына қатыспағанымыз дұрыс

- Мұрат аға, ЕАЭО мүшелері АҚШ пен Батыс санкцияларына бірлесіп жауап беретіні туралы ақпарат шықты. Бұл дегеніңіз, АҚШ пен Батыстың санкция соғысына ЕАЭО дейтін «экономикалық» одаққа мүше Қазақстанды да мәжбүрлі түрде араластыру ғой?..

- Қазір жүріп жатқан «экономикалық соғыс» негізінен Ресейдің геосаяси әрекеттеріне байланысты. Ол 2014 жылдан бері жалғасып келе жатқан нәрсе. Оған Қазақстанның араласуының қажеттілігі жоқ. Біз ондай геосаяси әрекет жасаған жоқпыз. Сонымен қатар, біз әуелде бұл одаққа (ЕАЭО-ға – ред.) экономикалық одақ ретінде келістік. Ал енді саяси мақсаттарымыз бөлек болғаннан соң, Ресей қай мемлекетпен қарсылас болса да өз еркі. Біз Ресейдің геосаяси айқастарына қатыспағанымыз дұрыс. Алдағы уақытта Қазақстан санкциялар соғысына араласып, Батыс тауарларына шектеу қойып немесе біздің тауарларға Батыс шектеу қойып, біздің тауарларды өз елдеріне жібермеу әрекеттерін жасайтын болса, Қазақстанда экономикалық  проблемалар туындайды.

Біріншіден, шетелден келетін заттар бағасы қымбаттайды. Тек қана Ресейдің тауарына тәуелді болып қаламыз. Екіншіден, біздің тауарлар сыртқа шықпағаннан кейін, біздегі жұмыс орындары қысқарады. Сол себептен, оны да қазір шешіп алуымыз керек. Біздің экономикамыз ондай геосяаси ойындарды көтермейді. Одан да жоғары проблема – Қазақстан санкциялар туралы талқылау жасап, Ресеймен бірге ортақ пікірге тоқайласып жатыр, келіссөздер жүргізіп жатыр дегеннің өзіне АҚШ пен Еуропа мемлекеттері бізге қарсы шара қолдануы, бізбен сауда байланысын шектеп, жүргізіліп жатқан келіссөздерді тоқтатып тастауы мүмкін. Сол арқылы бізге беретін қаржылай қолдаулардың жолы кесіледі. Ол тек экономикаға ғана байланысты дүниелер емес. Біздің ғылыми байланыстар, білім саласындағы байланыстар, мәдени байланыстар т.б. қарапайым ғана барып-келуіміздің өзі шектеледі. Сондықтан, мұның салдары өте ауыр болуы мүмкін.

Мемлекет тарапынан қоғамға, оның азаматтарына айтпай, оның сыртынан осындай келіссөздерге қатысу, араласу, сөйлесу, ақылдасу – дұрыс емес.

Біздің биліктің атынан кім барды? Кім сөйлесті? 

- Санкциялардың салқыны Қазақстанға тиіп кетуі мүмкін екенін осыдан біраз уақыт бұрын АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі ескертті ғой. Ал Қазақстан билігі оның алдын алу үшін қандай да бір шара қолданды дей аламыз ба? Сондай әрекеттер жасалды ма?

- Алдын алу бойынша кейбір әрекеттерді байқадық. Қоғамда талқыланып жатқан тарихи, саяси әңгімелер, соның ішінде ашаршылықа байланысты мәселелер көтерілгені – біздің мемлекет тарапынан Батыс мемлекеттеріне берген сигналы десек те болады. Біз тәуелсіз саясат жүргізіп жатырмыз деген бір көрініс болды. Ол әрине, жеткілікті дей алмаймыз. АҚШ тарапынан біздің билікке алдын-ала мүмкін деген қауіптер ескертілді. Олар Ресейдің біздің мемлекетті өзінің санкциялық соғысына тартуға әрекеттеніп жатқанын алдын-ала байқап, бізге ескерту жасаған сияқты. Ал енді ол ескертуді түсіну я түсінбеу – біздің биліктің қолында.

Ресей ЕАЭО атынан осындай келіссөздер жүргізіп жатырмыз деді. Мәселе неде? Мәселе – ол келіссөздерді кім жүргізіп жатыр? Біздің биліктің атынан кім барды? Кім сөйлесті? Әрбір келіссөздің сыртында нақты фамилиялар бар. Біз сол адамдардың аты-жөндерін айтуымыз керек! Қазақстан халқының, мемлекетінің атынан өзіне жауапкершілік алған кім? Біздің экономикамызға, дамыған елдермен арадағы сауда-саттығымызға қауіп төндіретін мұндай келіссөзді кім жүргізіп жатыр? Оны қоғам да білуі керек, біздің өзге де әріптестеріміз білуі керек. Біздің әріптесіміз тек қана Ресей мен Қытай емес қой...

Жасырын түрде мұндай келіссөздер жүргізуге болмайды! Ашық болуы керек. Қоғамда талқылануы керек. Біз өз пікірімізді айтуымыз керек.

Сыртқы істер министрлігі жауап беруі керек

- ЕАОЭ мен ЕЭК-те Қазақстан мүддесін қорғауы тиіс, жауапты, лауазымды тұлғалар – ел мүддесін толық қорғап отыр ма? Олар тіпті, мемлекеттік тілде жарытып сөйлей алмайтын адамдар деген сөз қазақстандық БАҚ-та аз жазылған жоқ...

- Мен кім екенін танымай жатып, сыртынан бағаламас едім. Мүмкін қазіргі ресейлік БАҚ-та шыққан мәліметтер шындыққа жанаспауы да мүмкін. Дәлелі жоқ болуы да мүмкін. Біздің қазір дабыл қағып отырғанымыз – сол келіссөздерге қатысып жатқан адамдар естісін, біздің талапқа құлақ түрсін деген сөз. Бұл әңгіме тыныш қана басылып қалмайды. Біз ертең ол адамдардың аттарын атап, жариялаймыз. Егер қазір сол жердегі Қазақстанның мүддесін қорғайтын адам: «Жоқ, біз қарсымыз, біздің елде қарсылық күшейіп тұр. Біз қоғамға қарсы шыға алмаймыз», десе мен ол адамды қолдаймын. Дәл осы жердегі мәселе қазақ тілінде сөйлеген немесе сөйлемегендігінде емес. Мемлекеттің қауіпсіздігін, мемлекеттің болашағын ойлайтын азаматар болуы керек. Әрине, мемлекеттік тілді білмейтін, мемлекеттің ішіндегі қоғамның көңіл-күйін білмейтін адам дұрыс шешім қабылдайды деп, мен де ойламаймын. Ал дәл қазір мәселе – Қазақстан өз позициясын ұстай алуында.

Мысалы, мен орыс ақпаратында шыққан әңгімеге 100 пайыз сенемін дей алмаймын. Ресей арандатушылық жасап, әдейі бізді осы соғысқа тартуы мүмкін. Ақпараттық шабуыл, бұл да. Бұл біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігіне қарсы жасалып жатқан шабуыл. Себебі бұл: «Қазақстан қайда барады. Бізбен бірге қатысады», деген көрініс. Біздің Сыртқы істер министрлігі бұған жауап беруі керек. Ресми түрде: «Біз ондай келіссөздерге қатысып жатқан жоқпыз. Алдағы уақытта біз санкциялық соғысқа қатысуға мүдделі емеспіз», деген терістеме беруі керек. Сол кезде көп мәселе өз орнына келеді. Егер үндемей қалатын болса, алдағы уақытта бізде күдік қалады. Тек бізге ғана емес, АҚШ пен барлық Батыс елдерінде сондай күдік қалады.

Сол себептен, бұл мәселе – біздің саясаткерлерді оятуы керек. Біздің қолымызда нақты шешім жоқ. Министрдің пәлен деген орынбасары осындай келіссөздерге қатысты деген ресми ақпараттар да жоқ.

- ЕАЭО-ның экономикалық сипаттан алшақтап, күннен-күнге ортақтардың көбейіп келе жатқаны қоғамды алаңдатады. Енді міне, ортақ жауап деген шықты. Әлеуметтік желі мен кейбір БАҚ-та: «Қазақстан ЕАЭО-дан шығуы мүмкін», деген ақапарттар да жарияланып жатыр. Қалай ойлайсыз, бұл мүмкін бе?

- Көршімен жақын тұрып, онымен сауда жасаспай болмайды. Ол нарықты біз шектеп, жауып тастай алмаймыз. Демек, ол нарықты біз өзімізге тиімді пайдалануымыз керек. Ол экономикалық заңдылық. Біз оның тиімділігін жоққа шығара алмаймыз. Ал оны ары қарай саясиландырмауға біз қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Саяси мақсаттарын ортақтантыруға тырысатын мемлекеттер мен топтар осындай әрбір әрекеттің қоғамның қарсылығын тудыратын түсінуі керек.

Егер саяси жағын көп айта берсе, онда бұл одақтан шығуға ниеттілер де көбейеді. Сол себептен, дәл осы экономикалық бағыттан аспауымыз керек. Дәл қазір саяси одақ құруға қоғам қарсы және біздің билік ондай қадамға барады дегенге сенбеймін. Біздің биліктің басында отырған азаматтар Халықаралық жағдайды жақсы біледі және Қазақстанды ондай қауіпке апармайды деп үміттенемін.

- Ресей мен Беларусьтің ортасындағы «одақтас мемелкеттер» концепциясы бар. Украина президенті Владимир Зеленский жуырда осы «одақтас мемлекет» құрылымы Украина үшін қауіпті деді. Сұрақ: Бұл бірлестік Қазақстан үшін қаншалықты қауіпті?

- Оның екі жағы болуы мүмкін. Қазір Ресей Беларусьті өзіне қосып алса, өзіне толық тәуелді қылатын болса – Қазақстанға анық сигнал береді. Қоғамның бірігуіне және барлық қауіптерді түсінуіне жағдай жасайды. Екі көршінің бірі-бірін жұтып қойса, біз де алдағы уақытта кіммен жақындасуға болатын-болмайтынын жақсылап түсінетін боламыз. Егер бастапқыда, жанашыр болып, қарыз беріп, қолдаған болып, ал түпкі мақсаты ол мемлекетті жұтып қою болатын болса, біз де ойланамыз. Сол себептен, мен бұдан қауіп көріп тұрған жоқпын. Керісінше, бұдан біздің де мақсатымыз айқындалатын болады.

- Пікіріңізге рахмет!

Дайындаған Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371