ЕАЭО-дан қазір шықпасақ келесі кезең ортақ валюта құру болады
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер одақ мүшелерінің біріне үшінші бір тараптың (әзірге АҚШ пен ЕО елдері) санкциялары салынған жағдайда экономикалық қиындық тумас үшін бірлесіп шара қолданудың жолдарын іздестіруде.
Тиісті тапсырманы Қазақстан, Ресей, Армания, Белоруссия мен Қырғызстан премьерлері сөйлесіп үлгерген. ЕЭК сауда жөніндегі министрі Вероника Никишинаның айтуынша, бұл мәселе қазір Парламентаралық кеңесте талқыланып жатқан көрінеді. "Известия" деген басылым солай деп жазды.
Иә, бұл мәселені талқыға ұсынған, инициаторлық танытқан тағы да Ресей.
"Біз қазір нақты бір шара туралы сөз етпейміз. Тек, одақтасып жұмыс істеудің жолын іздестіріп отырмыз. Одақтың кез келген мүшесіне экономикалық қысым болған жағдайда ұжымдаса отырып қарсы шара қолдану мәселесін жалпылама талқыға салдық. Өйтпеске шарамыз қалмады", - дейді Никишина. Деп қана қоймай, ЕАЭО-ға мүше кез келген мемлекеттің үшінші тараптан алалаушылық көріп отырғанын айтады.
Сонда не істемек? Жаңағы "Известия" жазған ақпаратқа қарасақ, ЕАЭО-ның бір мемлекетіне санкция немесе басқа да жолдармен экономикалық қысым жасалған жағдайда оған қарсы сол мемлекеттен келетін тауарға міндеттемелерді ұлғайтуды бірлесіп қолға алу керек дейді. Яғни, санкцияға санкциямен жауап беруді ұсынып отыр. Бұл жолы жеке-жеке емес, бірлесіп санкция салуды ұсынған.
Яғни, Ресейге АҚШ немесе ЕО елдері санкция салған жағдайда, ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекет АҚШ пен ЕО-дан келетін тауарларға қарсы санкция салуы міндетті болады. Парадоксы сол, бұл қазіргі жағдайда - Ресейдің мүддесін одақ болып қорғауды ашық әрі коллективті түрде жүзеге асыру болып табылады.
Мұны да ашық жазып отыр. АҚШ экономикалық санкция салып, Ресей тауарларына міндеттемелерді көтерген. Есесіне Ресей де жауап санкция жариялаған. Сөйтіп, АҚШ тауарын РФ аумағына кіргізбеудің жолын қарастырған. Алайда, ЕАЭО өзге мемлекеттері АҚШ санкциясына ілінбегендіктен, АҚШ тауарлары ЕАЭО-ға мүше емлекетер арқылы Ресей аумағына өткен. Яғни, ЕАЭО-ның өзге елдері ортада транзиттік аймақ қалыптастыру арқылы пайда көрген.
Еуразиялық экономикалық одақ - өлі одақ және одан біз қып-қызыл шығынға батып отырмыз. Сөзіміз сұйық шықпас үшін бірлі-жарым дерек келтірейік.
"Finprom.kz" дейтін сайт "Қазақстанның арзан-құрзан тауарлары ЕАЭО-ға қызық емес" деп жазды. ЕАЭО-дан Қазақстанға кіргізілетін импорт тауарлардың бағасы күрт өскен. Өткен жылы импортты шикізат 14,7%, жартылай дайын өнімдер, 9,5%, дайын өнімдер 14% өсім берген. Бұл 2016 жылғы дерек. Қазір де пәлендей өзгеріп кеткені шамалы.
2017 жылдың 28-наурызында "Abai.kz" ақпараттық порталында "ЕАЭО бізді қып-қызыл шығынға батырып отыр" атты мақала жария болды. Жоғарыдағы шығынның нақты қанша сома екенін сонда анық жазылған.
2017 жылдың 4-сәуірі күні ресейлік саясаткер Збигнев Бжезинскийдің эксклюзивті сұхбаты жария болды. "Abai.kz" аталған сұхбатты аударып басты. Оқимын деген кісіге міне сілтеме: "ЕАЭО - өлі одақ".
«Мен Еуразиялық экономикалық одақ 10-20 жыл өмір сүреді дегенге сенбеймін. Қазірдің өзінде оның лидерлерінің көзқарастары өзгере бастады. Ресей Еуропаның батыс бөлігіндегі елдермен қарым-қатынасын ретке келтіргеннен кейін және Ресей өзінің Еуразиялық емес, Еуропалық мемлекет екенін мойындағаннан кейін бұл одақтың түкке де керегі болмай қалады. Бұл -өлі одақ», - дейді саясаткер.
РФ мен арада кедендік кедергілер көп. Қазақ кәсіпкерлерінің орыс кеденінде айлап тұрғанын талай рет жаздық. Тіпті, Ресей санкцияланған тауарлар тізіміне қазақстандық тауарларды да кіргізіп жіберді. Бұған да қыңқ демедік. ЕАЭО-дан бізге келген пайда мен Ресейдің табысын салыстырып жатудың өзі артық.
Естеріңізде болса, қайсыбір жылы Астанада өткен ЕАЭО саммитіне қатысқан Атамбаев пен Лукашенко одақтың жұмысы тұралап қалғанын айтып, шамданған еді. «Как бы наше объединение ни эволюционировало - сначала Таможенный союз, потом Единое экономическое пространство, сейчас ЕАЭС - количество торговых ограничений не изменилось, так и осталось на уровне 600. Более того - после подписания договора наш внутренний торговый оборот только падает».
ЕАЭО құрылған алғашқы жылы тауар айналымы 26%-ға, одан кейінгі жылы 30%-ға құлдыраған. Сондай-ақ, одақтас саналатын Қазақстан мен Армения немесе Белоруссия мен Қырғызстан арасында сауда саттық мүлде жоқ. Бұл өз кезегінде ЕАЭО-ның саяси мақсатта әм Ресейдің мүддесіне құрылғандығын дәлелдейді. Себебі, одақтас елдердің тауарлары тек Ресей территориясы арқылы ғана өтеді екен. Мұны «Московский комсомолец» басылымы жазып отыр.
Жалпы псевдоэкономикалық, шын мәнінде саяси одақтың құрылымы көптің көңілінен шықпайтыны белгілі. Одан шығу және интеграцияның өзге алтернативтерін іздеу туралы ұсыныс қазақстандық БАҚ-та жиі жазылып жүр. Саясаткерлер де, экономистер де осыны айтуда. Одақ ортақ емес, орыстікі болса, онда неге ол одақтан шығып кетпеске? ЕАЭО монополистік жүйеге жұмыс жасайтыны белгілі. Мұны Белоруссия Президенті бірнеше мәрте ескертті. Лукашенко елді қып-қызыл шығынға батыратын одақтан кететінін айтқанда, Кремль қоқан-лоққы жасауға кірісті. Бішкекте өткен жиылыста РФ Премьері Дмитрий Медьведев, «одақтан кетсеңдер газ бағасын көтереміз» деп шорт кесті. Бұл ЕАЭО-ны псевдоэкономикалық дегеніміздің дәлелі әм бесеудің бұл одағының берекесі кеткенін білдірсе керек. Ал бізге бұл одақ керек пе?
Бүгінгі біздің "Бір сұрақтың төңірегінде" айдарының сұрағы да осы болды.
Сұрақ: ЕАЭО-дан біржола шығып кетуге кім немесе не кедергі?
Жауап берушілер: Айдос Сарым, саясаткер, Мақсат Жақау, аймақтанушы, Дәурен Бабамұрат, «Болашақ» республикалық қозғалысының және «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Мақсат Халық, экономист.
Айдос Сарым, саясаткер:
- Бұл Одақтан шығу оңай шаруа емес: себебі шығу үшін ұзақ мерзімді келіссөздер мен қомақты қаржы төлеу керек болады. Шарты солай. Бірақ қиыны ол да емес, қиыны біздің геосаяси жағдай мен саяси элитаның дайынсыздығы. Қазақ бұл одақтан шығуы тиіс. Оның екі жолы бар: а) соттасып, дауласып, құн төлеп шығу; б) осы одақтың табиғи, тарихи өлімін күтіп, есігін жауып, топырағын салып кету.
Мақсат Жақау, аймақтанушы:
- Ресми келісілген құжаттар және өзара кепілдік берілген келісімдер бар. Ресей бүгінгі қазақ билігінің бір кепілі ретінде көрші ағасы сияқты. Бұған бүгінгі билік алданып отыр. Экономикалық жағынан қарасаң алтын емес, бақыр тиын санап кетті. Күш ғаламдық тұрғыда долларда тұр. Оның негізгі иесі АҚШ. Ресей әлемдегі табиғи шикізат қорына ең бай ел. Түбінде Ресейдің түбіне жетеді. Сондықтан біз интеграцияны қалаймыз бірақ, біз әлемдік саяси картада ұтылатындармен емес, ұтатындармен бірге болуымыз керек. Ресей Петр және Александр 1, Павелдің тұсында мықты болды, одан бері тек құрдыммен өмір сүріп келе жатқан нағыз билікке жарымаған мемлекет. Сондықтан бізге келешек ұрпақ үшін достың да досын дұрыс таңдауымыз керек!
Дәурен Бабамұрат, «Болашақ» республикалық қозғалысының және «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
- Еуразиялық Одақтан дәл қазір шығуға кедергі, Ресейдің болжауға келмейтін, келісуге болмайтын бейрационалды кері жауабы. Яғни, кіруін кіріп алдық, енді шығу үшін анығында Ресейден сескенеміз. Екінші мәселе: Еуразиялық аймақтағы альтернативті саяси күштердің нақты кепілі болмай тұр. Яғни Ресейдің бізге қарсы ассиметриялы жауабы болған жағдайда бізді ешкім құтқармайды. Өкініштісі сол.
Мақсат Халық, экономист:
- Ең негізгі кедергі болып тұрған - интеграциялық үрдістерге қатты араласуымыз. Интеграциялық кезеңнің өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Біз қазір үшінші кезеңіндеміз. Оның алдындағы кезең Кедендік одақ болған. КО кезінде шығып кетсек, тіпті жеңіл болар еді. Қазір біз еркін экономикалық аймақ құрдық. Бұдан кейінгі кезең - ортақ валюта құру болады. Сондықтан бұл одақтан шығу ойда болса - дәл қазір шығу керек. Өйткені, одан да қиын жағдай болады. Ал шығу мүмкіндігі бар екендігін мықты Еуропалық одақтан бөлініп шыққан Ұлыбритания дәлелдеп отыр. Қазір біз ЕАЭО-дан тек зиян ғана көріп отырмыз. Одаққа кіргелі бері ешқандай пайдалы жағы болған жоқ. Бұл ең негізгі аргумент болуы керек. Қазір әлемдегі барлық ел протекционистік санамен өз экономикасын қорғап жатыр ғой.
Ал енді тағы бір кедергі - Қазақстан мен Ресей арасындағы көптеген келісімдер және географиялық орналасуымыз. Бұл екі мемлекеттің бір-біріне байланып қалғандығын көрсетеді. Соның ішінде біздің Ресейге байланып қалғанымызды көрсетеді.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz