Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7076 6 пікір 9 Маусым, 2021 сағат 13:25

«Мұқағали Қытайдағы қазақ поэзиясына үлгі болды»

Баспагар, ақын, зерттеуші Тәліпбай Қабаев 1955 жылдан бастап әдебиет майданына келген. Содан қазірге дейін екі жүзге тарта өлең, толғау, баллада, дастан және оннан аса әртүрлі тақырыптарда зерттеу мақалалар жазған. Мұның ішінде «Көктем гүлі» атты лирикалық өлеңі 1984 жылы ШҰАР әдебиет-көркемөнер бірлестігі мен Ұлттық істер комитеті жағынан үшінші дәрежелі шығармалар сыйлығын еншілейді.

Қабаев 1979 жылы қызметі қалпына келгеннен кейін «Мәдениет төңкерісінде» жабылып қалған Шынжаң Жастар-өрендер баспасын қайта құру қызметіне белсенді қатысады. Бөлім бастығы, баспаның орынбасар бас редакторы қатарлы міндеттерді өтеп, баспаның дамуына зор үлес қосады. Ол өзінің 44 жылдық баспагерлік қызметінде ерен еңбек сіңіреді. Ол жауапты болған Қазақ редакциясы бөлімі 1996 жылға дейін мыңнан артық кітапты баспадан шығарады. Оның үш жүзден артық кітабының редакторлық қызметін өзі өтейді. Мұның 30-ға жуығы Мемлекеттік және ШҰАР сыйлықтарына ие болады.

Ол тарихта өткен Қожеке Назарұлы, Көдек Маралбай секілді күйші-композитор мен ақындардың шығармаларын ел ішінен жинап, жеке кітап етіп шығарады. Тоқтархан Жекібайев, Талғат Ғабдуллин шығармаларын жинап, «Жұлдыз», «Белгі» деген аттармен баспадан шығарады. Ғасыр ақыны М.Мақатаевтың таңдамалы өлеңдерін «Қаздар қайтып барады» деген атпен алғаш Қытайда бастырған. 1987 жылы мемлекеттік ақпарат-баспасөз бас мекемесі, Қытай баспасөз қоғамы жағынан «Еліміздің баспасөз істеріне елеулі үлес қосқан қызметкер» деген атақ беріледі.  1994 жылы аға редактор атағын алады.

Аға редактор Тәліпбай Қабаев Қытайдың аз ұлттар әдебиетін зерттеу ғылыми қоғамының, ШҰАР баспагер қоғамының, Шыңжаң қазақ-тіл әдебиет қоғамының тұрақты жорасы, Шыңжаң фольклоршылар қоғамының, Шыңжаң Жазушылар қоғамының мүшесі.


«Туған жерім – Текес, өскен жерім – өр Текес, ал  атамекенім – Қазақстан»

Тәліпбай ҚАБАЕВ, баспагер, ақын, зерттеуші:

 

 – Тәліпбай аға, әңгімеңізді туған жер, атамекеніңізден бастасаңыз?

– Менің туған жерім – Текес, өскен жерім – өр Текес, ал  атамекенім – Қазақстан. Мен орыс үкіметінің 1928-30 жылдарда жаппай жүргізген байларға қарсы саясатынан, екіншіден, 1931-32 жылғы ашаршылық әлегінен Қытайға ауып, Іленің Текес ауданына қоныс тепкен үркінші елдің ұрпағымын. Мен Текестің Көксу өзенінің бойында 1935 жылдың 2 желтоқсанда дүниеге келген екенмін. 1933 жылы Текес толық аудан мәртебесін алғанда, Мұңғұлкүре жартылай аудан болатын. Елді басқару қиын деп, ол кезде Мұғұлкүреге елді албаты көшірмейтін. Кейін 1938 жылы Мұңғұлкүре де толық аудан атанғаннан соң, Текеске келіп жиылып, ұйлығып қалған үркінші ел 1940 жылы Мұңғұлкүреге қарай көшті. Біздің әулет те елмен бірге көшіп, өр Текекстің Ақдала деген елді мекеніне келіп қоныс тебеді. «Туған жерім –Текес, өскен жерім – өр Текес, ал атамекенім – Қазақстан» деп айтатыным – содан.

Мектеп табалдырығын қашан аттадыңыз?

– Менің ағаларым болған. Ол кісілер Қазақстанда жоғары білім алған ағартушылар еді. Сол ағаларым елді ұйымдастырып, Ақдалаға мектеп салдырды. Мен осы мектептің табалдырығын жаңадан аттап, білім алып жүргенде Үш аймақ (Іле, Алтай, Тарбағатай) төңкерісі басталып кетіп, 1945 жылы мектеп жабылып қалды. 1946 жылы Үш аймақ азат болғанан кейін мектептер қайтадан ашылғанда, қайта кіріп оқыдым. Ауылда 4-сыныпты бітіргенен кейін 1949 жылы аудан орталығында ашылған орталау мектепке келіп, 5-сыныптан бастап оқыдым. 1951 жылы аудандық оқу-ағарту мекемесі: «Мектепке мұғалімдер жетіспей жатыр, Құлжаға мұғалім жетілдіретін бір жарым жылдық курс бар, соны оқып келіп мұғалім боласыңдар», – деп бізді Құлжаға оқуға жіберді. Бір жарым жыл оқып келгеннен кейін, 1953 жылы маусым айында қайтып келіп, өзім оқыған мектепке мұғалім болдым.

– Қандай пәннен сабақ бердіңіз?

– Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болдым.

– Мұңғұлкүреде қай жылға дейін мұғалім болып жұмыс істедіңіз?

– Бір жыл мұғалім болғанан кейін, 1954 жылы біздің ауданға Үрімжідегі Шыңжаң институтынан (қазіргі Шыңжаң университеті) оқушы қабылдауға адамдар келді. Ол кезде біз 17-18 жастағы боз жігіттер едік. Мұғалімдікті тастап, біздің де жоғарылап оқып, білім алғымыз келді. Содан бағымызды сынап көру үшін оқушылармен бірге емтиханға біз де қатынастық. Оқушылардан 34 бала, ал мұғалімдерден екеуіміз емтиханнан өтіптік. Сол жылы Мұңғұлкүреден 36 бала Шыңжаң институтына оқуға қабылданды.

– Қай факультетке оқуға түстіңіз?

– Тіл-әдебиет бөліміне келіп оқуға түстім. Ол заманда студентер қазіргідей бес жыл емес, үш жыл ғана оқитын.  Қазақ, татар, қырғыз, өзбек балаларын  ұйғыр балаларға қосып ұйғыр тілінде оқыты. Бәрі ауылдан келген балалар ғой, ұйғыр тілін түсінбеген болуы керек, олар факультет деканатына барып: «Біз ұйғыр тілінде оқымаймыз, қазақ тілінде оқимыз», –  деген талап қойыпты. Құлжаға барып бір жарым жыл оқығанан ба, жоқ ауданда бір жыл қазақ тіл-әдебиет пәнінен сабақ бергенімнен бе екен, мен қазақ тіл-әдебиетінен басқа курстастарыма қарағанда жақсы едім. Содан факультет деканы маған келіп, жаңа келген студенттерге қазақ тілі грамматикасы пәнінен сабақ беруімді өтінді. Оған мен: – Бұларға кемінде аптасына 3-4 сағат қазақ тілі грамматикасынан сабақ берсем, ал өзімнің қатысбай қалған пәндерімді кейін қайтіп толықтаймын, – дедім. Ол: – Сен алаңсыз бол, оған амал табамыз. Бұдан кейін сен дене тәрбие сабағына және ханзу тілі, ұйғыр тілі грамматикасы сабағына бармайсың. Олардан емтихан тапсырмайсың. Мен бүгінен бастап бұл үш сабақтан азатпын деп ойла. Солардың орнына сен жаңа келген балаларға қазақ тілі грамматикасынан сабақ бересің, – деді.

Осылайша басшылықтың нұсқауы бойынша бір жағынан, өзімнің оқуымды    оқып, бір жағынан, бізден кейінгі курстың студентеріне қазіргі заман қазақ тілінен сабақ беріп жүріп, 1957 жылы институтты бітірдім.

– Сіз бұл жолғы қызметіңізді қай жерден бастадыңыз?

– Ол кезде жоғары мектеп бітірген оқушыларға Шыңжаң Оқу-ағарту меңгермесі жолдама беретін. Олар аймақ-аймаққа бөліп тастайды. Ал аймақтар өздерінің ыңғайына қарап бөліс жасайтын. Сонан мені институтқа алып қалмақшы болды. Бірақ менің институтта қалғым келмеді. Cебебі, факультет қазақ тілі пәнінің мұғаліміне анша көңіл бөлетін емес. Сонымен бірге «қазақ студентері өз ана тілінде оқысын» деп оырған олар жоқ. Мұнда қалып алып, «аралықта бос жүрген біреу болып қалмайын» дедім де, – Мен институтқа қала алмайды екенмін, – деп кесіп айттым.

– Ондай болса сені Бұраталаға бөлейік. Олар «қазақ тіл-әдебиеті пәнінің мұғалімін қатты қажет етіп, бізден қайта-қайта: «Бір-екі оқытушы жіберіңдер» деп мазамызды алып жатыр, – деді.

– Бұраталаға бара амаймын, жіберсеңдер өз жерім – Ілеге жіберіңдер, – деп едім, олар бұған көніңкіремеді.

Арада мен «Шыңжаң әдебиет көркемөнері» (қазіргі «Шұғыла») журналы редакциясына бөлініп баруды да ойластырдым. Осылай итіс-тартыспен жүргенде Шыңжаң жастар баспасы: «Сен бізге кел!» – деп жабыса кетті. Сөйтсем, бұл баспаның құрылғанына бір-ақ жыл болып, кызметкерлер жетіспегендіктен қажетіне қарай, жаңадан оқу бітірген студентерді алып жатқан кезі екен.

– Сендердің баспаларың қандай кітап шығарады, – десем. Олар:

– Саяси, ғылыми және әдеби кітаптар шығарады, – деді.

– Онда жақсы болды, мен сендерге барамын, – деп Жастар баспасына бөлініп кеттім. Өйткені, маған ол кезде баспасөз анша жат емес-тұғын.

– Осылай баспагер болып шыға келдіңіз ғой?..

– Шыңжаң жастар баспасында екі жылдай істеп, көп-көрім баспаның қыры мен сырына қанығып келе жатыр едік, аяқ астынан солақай саясаттың дауылы тұрып, опалаң-топалаң төңкеріс басталып кетті. Біреуі оңшыл болды, біреуі солшыл болды, біреуі төңкерісшіл болды, біреуі айдауға, қуғынға кетті, біреуі байлауда қалды деген сияқты бірін-бірі біліп болмайтын бір сұмдық заман болып, мен де соған ілігіп кеттім.

Сізге қандай айып тағылды?

– Маған «оңшыл», «ұлтшыл» деген айып тағылды. «Ұлтшыл» болғанда ұшығына шыққан, мәңгі өзгермейтін «ұлтшыл» болдым. Осындай атақты қалпақтан бірді басыма киіп алып, 1959 жылы мамырда еңбекпен өзгерту алаңына кеттім.

Қай жерде болдыңыз?

– Жоңғар ойпатында да болдым, Тарым ойпатында да болдым. Мынау Боғда тауының теріскейі мен күнгейіндегі Көміркендерде де болдым. Қысқасы мен істемеген қара жұмыс қалған жоқ.

– Қай жылы ақталып шықтыңыз?

– Кейін жақсы замандар болды. 1978 жылы Қытай коммунистік партиясының 11-кезекті 3-жалпы мәжілістен кейін мемлекетімізде жақсы саясат жүріле бастады. Өйткені, біздің бағымызға жарай салиқалы саясаткер Дың Шаупің билік басына келіп, басымызға төнген қара бұлт аяғып, жайма шуақ көктем келді.

Содан қудаланғандардың ісін қайта қарау, қалпына келтіру, қайта қызметіне тіктеу деген секілді үлкен науқандар болды. Ол кісі көптеген игі жұмыстар тындырды. Дың Шаупің мырзаның арқасында мен ақталып, қызметім 1979 жылы қайта қалпына келіп, араға 20 жылды салып Шыңжаң жастар баспасына қайта оралдым.

Алғашында жай редактор болып жұмыс жасадым. Қазақ бөлімін құрғанда бөлім басшысы және баспаның орынбасар редакторы болып істедім.

Қазақ бөліміне келгенен кейін шығарған алғашқы кітабыңыз есіңізде ме?

– Қазақ бөлімі құрылғанымен, Қазақ бөлімінде менен басқа адам болмады. Бөлімге адам алу, кітап шығару міндеті маған жүктелді. Алдымен, шамамның келгенінше Шыңжаңдағы қазақ баспасөзінде жарияланған әдеби шығармаларды жинап, құрастырып кітап шығаруды жоспарладым. Бір адамның қолынан не келеді? «Шұғыла» журналында жұмыс жасайтын Жұман Әбішұлы, Сәли Сәдуақасұлы секілді жігіттерге: «Маған ақын-жазушылардың жүлде алған өлеңдерін, әңгімелерін және сахналық шығармаларын құрастырып беріңдер. Қаламақыларыңды беремін», – деп қолқа салып, солардың көмегімен алғашқы кітаптарды шығара бастадық. Ең алғашқы кітаптар – «Қазақ драмалары», «Қазақ әңгімелері», «Қазақ өлеңдері» деген кітаптар болды.

Кітап шығып, елге тарағанан кейін ел біздің баспамызды біле бастады. Өзіміз де жай жатпай баспамызды үгіттеп, жарнама жасадық. Солшылдық саясаттың кесірінен бөгеліп тұрған құрсауды бұзғанда аржағындағы қалың ақын-жазушы бостандыққа шығып, Құдай сақтасын жаңа туындылар баспамызға қарша борады. Ал енді мықты болсаң, шығарып көр дедік те кітаптарды бұрқыратып шығара бастадық.

Құдайға шүкір, жаман болғамыз жоқ. Рухани дүниеге сусап тұрған қалың елдің алқауына бөлендік. 1990 жылдарға келгенде баспаның саны Қытайда 8-9 мыңға жетті. Сол баспалардан озып шыққан 100 баспаның бірі болып біздің баспа сыйланды.

«Мұқағалидың кітаптары Қытай қазақтарына әлі де өтімді…»

Сіздің редакторлығыңызбен 1980 жылдары ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қаздар қайтып барады» деген кітабы шықты. Осы кітапты шығаруыңызға не түрткі болды?

– Мұқағали келгенше біздің поэзиямыз мұздай болып сіресіп қатып тұрған еді. Бейне математикалық формула секілді болатын. Маған дәл солай болып көрінетін. Ол кезде сен ол формуланы бұзсаң пәлеге қалатынсың. Менің Нүсіп деген досым (кейін Қазақстанға көшіп кетті) Қазақ еліне алғаш туысшылап барғанда Мұқағалидың бір топ кітаптарын алып келді. Мен Мұқағали өлеңдерін оқып, қайран қалдым. Мұқағалидай ақыны бар мына ел шынымен де керемет екен, бақыты екен деп ойладым.

Сонымен не керек, Мұқағалидың Қытайдағы тұңғыш жинағын шығаруға бел буып, көптеген өлең кітаптарының ішінен таңдап алып, «Қаздар қайтып барады» деген жеке кітап шығардық. Кіріспе сөзіне бұл кітаптың Қытай қазақ әдебиетіне үлгі болатынын, бүгінге дейін Мұғалидан хабарсыз жатқан өкінішімізді де қосып жаздым, бірақ жақсы жаздым деп ойлаймын.

Мұқағалидың бұл кітабы жарық көрісімен-ақ, Қытай қазақтарының поэзиясы тоқсан градус бұрылып, бір керемет үлгіге көшті де кетті. Қазіргі жас ақындардарды оқып отырып, Мұқағалиша сілтеп кетіп бара жатқанын көргенде бір жасап қаласың. Ақын – халықтың адамы ғой. Халықтың жүрегінен орын ала алмаған ақын, ешқашан халықтың адамы бола алмайсың.

Мен саған Мұқағалидың Қытайда шыққан тұңғыш өлең кітабы «Қаздар қайтып барады» туралы бір қызықты айтайын. Осы кітаптың біразын арқалап алып, Алтай аймағының Көктоғай деген ауданының бір ауылына бардым. Жанымда көктоғайлық ақын Бердібек Құржықаев бар. Жексенбі күні болатын. Артында ашық жүк тиегіші бар «TOYATA» көлігімен адамның қарасы көп ауыл базарына бардық. Базардың шетіне көлікті тоқтаттып қойып, үстіне Мұқағалидың «Қаздар қайтып барады» кітабын жайып қойдым. Жанымыздан ары-бері ел қайшыласып өтіп жатыр, ешкім кітапқа мойын бұрып қарайтын емес. «Мына жұрттың кітапқа көз қиығын да салмаған-ай» деп ойлап қоямын. Біраз тұрдым, шыдамым кете бастады. Содан мен көліктің үстіне шығып алып, кітаптың бетін ашып тұрып «Қариялар азайып бара жатыр...» деген өлеңді дауыстап тұрып оқыдым. Мұндай өлеңді алғаш рет естіп отырған жұрт, кенет бізге қарай ағылды. Арт-артынан тағы үш өлеңін төгілдіріп оқып жібердім.

«Пай, пай, шіркін, қандай керемет өлеңдер! Мұны қандай ақын жазды екен, ә?!.», – десіп кітапқа қол созып, алып көре бастады... Сол-ақ екен, алып барған кітабым әпсәтте түгел сатылып кетті. Көбіне кітап жетпей қалды.

Сол «Қаздар қайтып барады» бүгінге дейін Шыңжаң жастар-өрендер баспасында он бір рет, әр басылғанда үш мың таралыммен қайта-қайта басылды. Мұқағалидың кітаптары Қытай қазақтарына әлі де өтімді…

Міне, осылайша Мұқағали Қытай поэзиясына ой жағынан, көркемдік ерекшелік жағынан таңғажайып үлгі болды, ұстаз болды. Тіпті кейде айтыс ақындарының өзі Мұқағалидың атын айтып өздеріне ұстаз болғандығын өлеңдеріне қосып жатады.

Мұқағали біреу, екінші Мұқағали болу мүмкін емес қой. Мұқағалиға еліктеген ақындар оның көлеңкесінде қалып қойып жүрмей ме?

– Дұрыс айтасың, оның 99-ы жолда қалады. Оның ішінде Мұқағалидан бөлек, онымен қатарласып тұратын біреуі ғана қалады. Бүгінге дейін қанша мыңдаған ақындар келіп, кетті. Соның бәрі Абай болған жоқ. Абай бола алған жоқ. Ол – Абай біреу. Мағжан да, Қасым да, Мұғағали да сондай.

«Көдек те өз заманның биік шыңы болған»

Ақын Көдек Маралбайдың өлеңдерін жинап «Көдек» деген кітап шығаруға өзіңіз мұрындық болған екенсіз. Осы жайлы айта кетсеңіз?

– Енді жалғыз Көдек емес, Қытайда Қожеке деген әйгілі күйші болған. Екеуі де – Қазақстанан қашып өткен өз заманнынң адамдары. Осы екі тұлғаның жарыққа шығуына өзім мұрындық болдым.

Көдек туралы айтар болсақ, Көдек 1888 жылы Қазақстаның Нарынқол ауданының Шалкөде деген жерінде туылған. Көдек те өз заманның биік шыңы болған. Сол замандағы ақындарымен салыстырып отырсаң ол халықтың ауыр тұрмысын, өмірін, айқын, шынайы, ешқандай боямасыз жазған. «Көдек айтқандай» деп өлеңінің кейбір шумақтары ел ішінде күні бүгінге дейін айтылады. Ол – шындық. Ел ішіне мақал болып, мәтел болып кіріп кетті. Мұндай ақындар өте аз.

Көдектің өлеңдері бұрын ешқандай басылым көрмеген болатын. 1962 жылы халық солшылдық саясаттың құрығынан босағанда, Іле облысы аудан, ауылдарды аралап халық ішіндегі көне мұраларды жинау, әсіресе әдебиет, көркемөнер саласындағы сақталып қалған дүниелерді жыю үшін топ ұйымдастырып жіберген екен. Сол топтың құрамында Жабықпай ақылақшының баласы – композитор Абылай Жабықбай Мұңғұлкүреге барады. Ол ауылдарды аралап жүріп, Көдек ақыннның біраз өлеңін ел аузынан жазып алып Іле облыстық мұражайға тапсырған екен. Оны мен алдымен тауып алдым, одан кейін Мұңұлкүреге барып Әділбай деген молдадан, Қайыңбай деген қойшыдан және Көдектің өз ұлы Айтуғанның айтып бергендерін жазып алып, «Көдек» деген алғашқы жинағын шығардық. Жаман болған жоқ. Кейін соған сүйене отырып, «Көдектің 100 жылдығы», «110 жылдығы» деген шығармашылық кештері Мұңғұлкүреде дүркіреп өтті. Кейін тойдың соңы Қазақстанда жалғасын тапты.

Бұрын ешкім қолға алып істемеген іске осылай көзді жұмып тұрып батыл қадам жасадым. Егер былқылдап, сылқылдап, «үйтсем болар ма екен, бүйтсем болар ма екен» деген болсам, онда одан еш нәтиже болмас еді. Өйткені, біресе алдына қарап, біресе артына қарап, жалтақтаған адамнан іштеме шықпайды. Міне, осылай тәуекелшілдікпен, бел шеше кірісуімнің арқасында Көдек қайта дүниеге келді. Көдектің өлеңдерінің екі томдығы Қазақстанда да жарық көрді. Оның бірінші томы қолыма тиді, екінші томын жігіттер жіберіп береміз деп еді әлі келген жоқ. Орта жолда біреулер қағып кетті ме білмедім.

Мен осылай Көдектің алғашқы кітабын шығардым. Кейін Мұңғұлкүренің әкімі болған Езімбай мен Нұрлан Сәрсенбаев деген жігіт екеуі тағы біраз өлеңдерін жинақтап бір кітап шығарды. Соны қосқанда қазірге дейін Көдектің екі кітабы Қытайда шықты. Енді Көдектің ел ішінде жиналмай ұмытылып кеткен өлеңдері ұшан-теңіз. Бұл кісіні Құдай өзі өлеңге ғана жаратқан адам екен. Отырған жерде заулатып өлеңді айтып, төгіп, төгіп кете береді екен. Көп дүниелері осылай жазылмай қалып кеткен. Осы дерекке сүйене отырып, біраз іздестіріп көрдік. Сөйтсек, көрген елдің айтуына қарағанда, бұл кісі бұрынғы айтылған өлеңдерінің есінде қалғандарын өзі дәптерге түсірген екен. Соны кейбіреуі «Көдектің он бір дәптер өлеңі бар болатын» дейді, ал кейбіреулер «алты-жеті дәптер өлең еді» дейді. Қазақстандағы белгілі ақын, журналист Жанарбек Әшімжанның атасы Әшімжанның Дәуітбек деген інісі болған екен. Кезінде Дәуітбек пен Көдек екеуі жақын дос болған. «Көдек өлеңдерінің бір бөлігін сол кісі алған еді», – дейді білетіндер. Кейін Дәуітбек Қазақстанға көшіп кеткен, ол кісіден сұрауға мүмкіндік болмады. Оның бала-шағалары біле ме, білмей ме ол жағын мен жақсы білмеймін.

Сіздің мына әңгімеңізге қарағанда Көдек шығармалары толық жиналмай қалған болып тұр ғой?

– Көбі ұмытылып кеткен. Қазіргі жиналғандарының өзі толық емес. Өйткені, Көдектің өлеңдерін оқып отырсаң кедір-бұдыр, біржері аласа, бір жері биік. Кейжері үзіліп қалады. Оны жаттап алғандар кейбір жерін ұмытып та қалуы мүмкін ғой. Біз жинаған өлеңдер Көдектің өлеңдерінің жармы шығар иә болмаса үштен бірі шығар. Қалған дүние қалды, енді оны жинап алу деген мүмкін емес. Енді көдекті білетін адам қалған жоқ. Мәселен, өзіміз Көдекті көргеміз жоқ. Менің өзім сексеннен асып барамын, ал енді бізден кейінгілер не біледі? Көдек туралы ештемені де білмейді.

«Қожеке күйші ғана емес, батыр да болған адам»

Жаңа Қожеке күйші туралы бір сөздің шетін шығарып қалып едіңіз, соның соңын жалғастырып кетсеңіз?

– Қожеке күйші ғана емес, батыр да болған адам. 1870 жылдың басында қасында бір топ жігіті бар Орыс әскерімен қақтығысып қалады. Кейін артына қуғыншы түскен соң Семейге өтіп кетеді. Семейге барған соң да жан-жақтан қуғыншы түскен соң Қытайдың Тарбағатайына өтіп кетеді де, онда біраз жыл тұрғанан кейін Ілеге келіп Тоғызтараудың Мұқыр-Жырғалаңына келеді. Онда быраз болған соң елін іздеп, Текеске барады. Кейін жаламен ұсталып Ман-Чің үкіметінің түрмесіне жабылып, түрмеде көз жұмады.

Біз бала жастан Қожеке мен Көдектің күйлері мен өлеңдерін естіп өстік, өзіміз күйші, ақын болмасақ та санамызға олардық рухы сіңді ғой. Енді осы Қожекені тірілту керек болып, сол кездегі Текес ауданының әкімі Қызайжан Сейілқожаұлына барып, Қожекенің күйлерін жинап жарыққа шығару туралы ұсыныс айттым. Қызайжан бірден келісім беріп, аудандық мәдениет үйінде жұмыс жасайтын  Дүйсенбек Тұрлықожаұлы деген жітті Қожеке күйін жинауға арнаулы шығарып берді. Ол бір жылдан артық ел ішін аралап жүріп, үн таспаға Қожекенің күйлерін жазып алды.

Кейін Текеске он неше күн жатып, соны реттеп, аудандық радио станциясында жұмыс жасайтын, әкесі де күйші, өзі де күйші, нотаны жақсы білетін өте сауатты Әкима деген жігітке Қожекенің күйлерін қарапайым нотаға түсіртіп алып, оны Үрімжіге алып кеттім. Кейін «Күй толқыны» деген атпен 50 неше күйддің тарихымен қоса шығардық. Сол күйдің 40 нешесі Қожекенің күйі, қалғандары  – ұрпақтарының күйі еді.

Міне, осылай ақынан Көдекті, ал күйшіден Қожекені тірілтік. Олдардың шығармалары барлық нәрсеге кіріп кетті. Әлем білді. Енді оларды ешкім де суырып шығарып тастай алмайды. Оған ешкімнің де күші келмейді.

«Көдектің жалғыз «Жауап хат» өлеңі емес, басқа да өлеңіндерінің арасында көп нүкте кездеседі»

Көдек Маралбайдың «Жауап хат» деген ұзын өлеңі бар, сол өлеңді оқып отырсақ, арасындағы адам аттарының орнына көп нүкте қойылған. Осы адамдардың атын Көдектің өзі жазбаған ба, әлде сіз кітапты шығаратын кезде алып тастағансыз ба?

– Көдектің осы «Жауап хат» деген өлеңі туралы әсілі мен бір мақала жазбақшы болып жүрген едім. Денсаулығым дұрыс болмай, соған бір орай таба алмай жүрмін. Өте дұрыс айтып отырсың, Көдектің жалғыз «Жауап хат» өлеңі емес, басқа да өлеңіндерінің арасында көп нүкте кездеседі. Сол көп нүктелердің орнында адамның аттары бар болатын. Көдектің өлеңдерін жинап әкеліп, реттеп барлығын баспаға ұсынатын кезде, сол кездегі Шыңжаң әдебиетшілер бірлестігінің басшысы, қоғам қайраткері, ақын Құрманәлі Оспанұлынан бір пікір алайын деп Құрекеңді әдейі іздеп барып жолығып:

– Құреке, Көдек Маралбайдың өлеңдер жинағы дайын болды. Енді баспаға жіберу ғана қалды. Бірақ өлеңдерінің ішінде елге белгілі адамдар бар. Көдек өз кезінде осылардың барлығын өлеңге қосып жақсысын жақсы, жаманын жаман деп сынап кеткен. Адам аттары сол күйі кетіп барады, қысқартқамын жоқ. Осылай жібірсем қалай болар екен. Сіз оқып шығыңыз да пікіріңізді айтыңыз? – деп қолжазбаны тастап кеттім.

Бір күні Құрекең хабарласып, –  Маған келіп кетсең, –  деген соң, салып ұрып кеңсесіне бардым:

– Мына адамдардың аттарының орнына көп нүкте қойып жібергенің дұрыс болар. Бұлардың бала-шағалары көрмеген күнді, қорлықты көрді. Енді ғана күннің жарығын көргендей сезініп, солшылдықтың ызғарынан енді азат болып бас көтергенде мынаны жариялап жіберсең, олар қайта шөгіп кететін шығар. Ең жақсысы олардың ата-бабаларының аттарының орнына көп нүкте қойып кет, – деген соң біржағынан, бұл да – табылған ақыл екен деп адам аттарының орнына көп нүкте қойып жібергем. Кейін заман жақсарып, елдің рухани әлемге деген көз қарасы оянғанан кейін 1990 жылдары шыққан басылымында жаңағы есімі алынып тастаған кісілердің аттарын толық кіргіздім.

«Сұмдық» хабарды естіп ашуға мінген Мақсұт: «Дереу Көдекті ұстап, алдыма айдап әкеліңдер», – деп шабарман шаптырыпты»

Көдектің «Жауап хат» өлеңін жазуға не себеп болды екен?

– Бұл өлеңнің келіп шығу себебіне бүгінге дейін талас-тартыстар бар. Бір бөлімі айтады: «Таңжарық ана жақта Нарынқолда Қойдымменен айтысып, Қытайға қайтып келгеннен кейін албан елін жамандап оны қайта жазған. Көдек осыған қаратып «Жауап хат» жазған», – дейді.

Ал енді менің естіп-білуімше бұған ұқсамайды. Бұл туралы Ұлттар баспасынан шыққан «Көдек Маралбай» деген кітапқа да кіргізгем. Арада Көдек Күнеске барып, ел аралап қайтып келе жатқан жолында ауылдарынан қыз алған Талдыдағы Зәңгі жездесінің үйіне түседі. Сонда жездесі: «Көдек, ел аралап келесің. Көрген білгеніңді айта отыр?» – дегенде, «Сасан ауылына барғанда» деген толғауын әнге қосып айтып береді. Кейін жездесінің өтініші бойынша бұл өлеңді қағазға жазып береді.

Қырсық болғанда, әлде кімдер арқылы бұл өлең Бестөбеге жетеді. Бұл кезде Мақсұт Дағытыдан ауылына қайтып келіп жатқан кезі екен. «Сұмдық» хабарды естіп ашуға мінген Мақсұт: «Дереу Көдекті ұстап, алдыма айдап әкеліңдер», – деп шабарман шаптырыпты. Шабармандар Зәңгіге өздерінің Мақсұт ақылақшының бұйрығымен Көдекті айдап әкетуге келгенін айтады. Бірақ Зәңгі: «Бұл менің қонағым. О заман да, бұ заман қазақ қонағын басқаға ұстап беретін, қорлататын іс болған емес. Өйтсем, менен адамшылықтың кеткені емес пе, ел алдында ұятқа қалмаймын ба?! Ұстағыларың келсе ауылымнан аттанып алысқа барғанда ұстаңдар», –  деп шабармандарды тиып тастайды. Қасындағы Әділбай деген атқосшысымен аман қашып шыққан Көдек Торғызтараудағы Дарубай ақылақшының ауылына аман-есен жетеді.

Қуғыншылар да олардың ізін суытпай қуып отырып Тоғызтарауға жетеді. Бірақ Дарубай ақылақшы қуғыншыларға: «Албанды кім деп жүрсіңдер, айтыңдар шы? Әр жерден таспен ұрып алатын кекілік, шылдарың ба сендердің? Кімнің басына күн тумайды. Қызай ананың балалары бұрын қайда едік, қайда отырмыз қазір? «Қызай ауған» деген оқиға қалай ғана естен кетпек?! Бұтаға қорғалған торғайдың да жаны қалады. Сол бұта құрлы болмағандарың ба?! Албан кім? Рулы ел, ұялы терек. Көдек кім? Албанның маңдайына басқан тұлпары, қазақтың сайраған зарлы-шерлі бұлбылы, бұл заман бүйтіп тұрмайды. Ертең-ақ бұл ел болып есін жинап, етегін жабады. Сонда албан баласына не деп жауап береміз? Мұнан туылатын сызат қысасқа, дыққа айналып түптің түбіне кетпей ме?! Алғыш болсаңдар, осында албанның қарт болысы Разақ деген жатыр, Әнәпия, Нұрсапа, Ақыметжан деген жігіттері бар. Мен соларды шақыртайын, солардың қолынан алыңдар, берсе солар өздері берсін. Ел алдында, албан мен қызай алдында өз қонағын өзі ұстап беріпті деген атаққты көтере алмаймын. Тыныш қайтып кетіңдер!» – деп оларды үйінен шығарып жіберді...

Осы кездесуде Дарубай ақылақшы ел-жұртын жинап Көдек ақынның өлеңдерін тыңдады деген рас па?

– Көдек Мақсұттың қуғыншыларынан аман қалғаннан кейін, арада біраз күн өткен соң Дарубай ақалақшының алты қанат ақ үйіне келіп, қуғыншылардан арашалап қалғанына рақметін айтып қайтпақшы болады. Бірақ Дарубай ақалақшы жібермей қондырып қалады. Разақ, Ақыметжан, Әнәпия, Нұрсапаларды да шақырған екен. Бұл кісілер қонақасында бірге болады.

Дарубайдың бірінші талабы Көдектің осы жолы Күнеске, аты әруақты Сасан бидің ауылына барған жолында көрген-білгенін және ол туралы шығарған жырын бір айтып бер деген талап болды.

Көдек Күнесте алдымен ауызша, сонан соң қағазға түсіргендегіден өзгертпей сол қалпында жырлап береді. Ешбір жерін алып не қоспайды. Дарубай ақалақшы оның алдында айтқызған «1916-жыл», «Албан тарихы» қатарлы кесек жырларын қайта айтқызды. Көдеке риза болған Ақылақшы:

– О, Көдекжан, – дейді, – Сені «ақын» деген бекер – сөз екен. Сен ақын емес «сыншы» екенсің. Сендей азаматы бар халық өлмейді. Міне, өлең деген, өлең деп осыны айт. Бір албанның ғана емес, тұтас қазақ тіршілігі жатыр екен кеудеңде. Тұтас халық тарихы жатыр екен жырыңда. Осында ақынмын деп жүрген бірталай жан бар. Айтыса кетсе болды өз руын орынсыз мақтап, әріптесінің руын ілікке алғысыз еткісі келеді. Мұнан не шығады? Ру мен рудың арасы, айрандай ұйыған берекесі бұзылады. Сенің айтқандарыңның бірде-бірінде бұл жоқ екен. Айтсаң – жеке адамның атын атап, соның мінін айтады екенсің. Елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайды екенсің. Мұң мен зардың тамырынан тартып айтады екенсің. Рақмет, қарағым! – дейді.

Ертесі Дарубай ақалақшы Көдекке ат мінгізіп, үстіне шапан жауып аттандырды. Түнде бірге болған барлық игі-жақсылармен қоштасып аттанады. Оларды Нұрсапа, Қанапия, Әнәпия және алжан Бағыбайдың өлеңші баласы Мызырап – төртеуі түстік жерге дейін ұзатып қайтады.

Содан қысқасы Мақсұт хатшысы (олкезде молдасы деп атайды) Таңжарыққа «Көдектің өзі қаңғырып жүріп, біздің елді жамандап өлеңге қосатын не жөні бар. Көдекті, мүмкін болса албан елін жамандап өлеңмен хат жаз», –  деп пәрмен берген көрінеді. Бұйрық қатты, жан тәтті демекші Таңжарық өлеңдетіп хат жазып Көдектің қолына тигізеді. Бұл хатты оқыған Көдек осы «Жауап хат» деген өлеңін жазған екен.

Бұл жерде «Таңжарық пен Қойдымның айтысының» ешқандай қатысы жоқ болды қой?

– Менің иелеген негізіме қарағанда мұнымен ешқандай қатысы жоқ. Өкінішке орай, Мақсұттың Таңжарыққа жаздырған хаты менің қолыма түспеді. Соған қарағанда Таңжарық та Көдекті оңдырмаған көрінеді.

(Сұхбаттың жалғасы бар)

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394