Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4383 0 пікір 14 Мамыр, 2012 сағат 10:23

Үй салуға күй керек

 

Алматы сияқты сұлу, көркем әрі қымбат қалада баспанаң болса, оның өзі жарты бақыт. Оңтүстік өңірде күннің көзі жылтырап еді, жұрт жапа-тармағай құрылысқа лап қойды. Әдеттегідей жазға таман баға күрт көтерілді. Мәселен, наурыз айында бір қап цемент құны 750 теңге болса, қазір 1000-1100 теңгеге жеткен. Қызыл кірпіш 23-25 теңгеден сатылып жатыр. Құрылысқа қажетті қарағай, жалпы ағаш атаулының бағасы да күйіп тұр. Баға удай болғанымен баспаналы болғысы келетіндер оған қарап жатқан жоқ. Әйтеуір үй салуға асығуда.

 

Алматы сияқты сұлу, көркем әрі қымбат қалада баспанаң болса, оның өзі жарты бақыт. Оңтүстік өңірде күннің көзі жылтырап еді, жұрт жапа-тармағай құрылысқа лап қойды. Әдеттегідей жазға таман баға күрт көтерілді. Мәселен, наурыз айында бір қап цемент құны 750 теңге болса, қазір 1000-1100 теңгеге жеткен. Қызыл кірпіш 23-25 теңгеден сатылып жатыр. Құрылысқа қажетті қарағай, жалпы ағаш атаулының бағасы да күйіп тұр. Баға удай болғанымен баспаналы болғысы келетіндер оған қарап жатқан жоқ. Әйтеуір үй салуға асығуда.

Көршіміз Юра ағай: «Қазақтар осы неге үй салуға құмар. Қайда барсаң да құрылыс. Саяжайдағы көршілерімнің бәрі үй салып жатыр. Тіпті саяжайға ұқсамай қалды», - дейді күйіп-пісіп. Мұндайда мен: «Халықтың бәрі ауылдан көшіп жатыр ғой. Жұмыс жоқ, жанбағыс қиын. Алматыға келмегенде олар қайда барады? Саяжай жақта жер арзандау, сосын сол жақтан жер алады да жиған-тергені болса, баспана тұрғызады. Ақшасы болмаса, несие алып, пәлен жыл банкті асырайды», - деймін. Қазақтың бұл тірлігі грек Юра ағайға түсініксіздеу. Есесіне, өзіміз бар мән-жайға қанықпыз. 
Өзіммен қатарлас оқитын Айбар деген танысым бар. Алматыға осыдан 10 жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданынан көшіп келген. Алып қалаға келген соң әке-шешесі, бауырларымен пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған. Сырттан көшіп келгендерге Алматыдан жұмыс табу оңай емес. Жұмысың болмаса, аштан қатасың. Қолындағы азын-аулақ ақшасын Айбардың ата-анасы саудаға салғанды жөн санады. Сауда жасау да анау айтқандай оңай шаруа емес. Шашау шығармай қысып ұстағанның өзінде қолға түскен ақша ұсталып кетеді. Ішер тамақ, киер киім, жүріс-тұрыстың бәрінен үнемдеп бұларың ақша жиды. Сөйтіп, арада үш-төрт жыл өткен соң қала маңындағы «Алғабас» ауылынан жер аумағы кеңдеу шағын үй сатып алуға шама жетті. Осыдан бастап жағдайды түзеуге мұрша пайда болды. Бұл дүниеде өзіңнің баспанаңа не жетсін! Осындайда Жиренше шешеннің: «Өз үйің - өлең төсегің» дегені еріксіз еске түседі. Ал Айбардың әке-шешесі сауданы тоқтатпай, шама-шарқысынша оны дамытудың жолына түсті. 2006 жылы үлкен ұлы Абзалды ҚазҰУ-дың заң факультетіне сырттай оқуға түсіреді. Саудадан түскен ақшаның арқасында Абзалдың оқу ақысын төлеп отырды. Арада үш жыл өткен соң, ағасының артынан сол оқу орнына інісі Айбар да түседі. Шыны керек, екі баланы бірдей оқыту Айбардың әке-шешесіне оңайға түскен жоқ. Сол жылы олар тапқан табыс есебінен үлкен үйдің ірге тасын қалап қойды.
Ұзындығы 11,5, ені 9,5 метрлік үйдің іргетасына аз материал кетпейді. Ол кезде бір қап цементің (50 келлік) 700-800 теңге тұратын. Шамамен 8-10 тонна цементке 140 мың теңге қаржы жұмсалды. Қабырға, шатырын көтеруге басы артық ақша болмай, құрылыс тоқтап қалды. «Басталған құрылыс бір тоқтаса, жеті жыл тұрады», - дегенді кезінде құрылысшы қарақалпақ қариядан естігенім бар еді. Бұлардыкі, Құдайға шүкір, жеті жыл емес, үш жыл тұрды. Осы үш жыл ішінде саудадан түскен нәпақаны жинап, әрі Айбардың оқу ақысын төлеп жүріп, арасында қаржы жинады. «Қаржы жинады» деп айта салу ауызға ғана оңай, әйтпесе, күнделікті ішім-жем, одан қала берді той-томалақ, өлім-жітім, мұның бәрі қазаққа шығын. Сөйтіп, биылғы наурыз айынан бастап құрылысты қайта жалғастырды. Алматыға қарағанда, Шымкентте құрылысшы құны арзан болған соң сол жақтан үй салушыларды алдыртты. Көктемнің шуақты күнінің бірінде бес құрылысшы баспана тұрғызуға кіріскен. Енді Айбардың әке-шешесі бала-шағасымен қоса, бес құрылысшыны бағып отыр. Оған қоса, Айбардың оқу ақысы тағы бар. Екі айдың ішінде бес құрылысшы екі қабатты баспананың қабырғасын қалап, шаңырағын көтеріп қойған. Үйдің қабырғасын қалауға 50 мың қызыл кірпіш кеткен. Кірпіштің бағасы жоғарыда айтқандай, 20-25 теңгеден. Шаңырағын көтеруге яғни ағашына, шегесіне, шипырына бір миллион теңгедей ақша жұмсалған. Айбардың айтуынша, осы уақытқа дейін екі айдың ішінде 18-20 мың доллар қаржы жұмсалып үлгеріпті. «Қаңқасы қаланғанша осынша қаржы жұмсалды, үй толық біткенше 45-50 мың доллар жұмсалатыны анық», - дейді Айбар. Әлі үйдің ішін «еуро» тәсілінде әрлеу жүргізеді. Алда жылу жүйесін жүргізу жұмысы тұр. Осы жылу жүйесінің шаруасы қомақты қаржыны талап етеді. Оған қоса, үйдің есігі мен терезесі бар. Бір есіктің бағасы 20-30 мың теңгенің арасы. Ал терезенің құны 10-20 мың теңгенің арасында. Одан бөлек тағы майда-шүйде жұмыстарға ұсақ-түйек ақша жұмсалғанымен, есептеп кеп жібергенде ірі сома шыға келетіні белгілі.

«Бастысы - Геометрия»

Осы жерде біз Шымкенттен келген құрылысшы Самат Айғалиды әңгімеге тарттық. Самат ағамыз Өзбекстаннан атамекенге көшіп келген екен. Өзі де Шымқаладан үй салып жатқан көрінеді.
- Құрылысқа бет бұрғаныңызға көп болды ма?
- Он жылдың жүзі болды, осы құрылыстан нәпақамды айырып жүрмін. Тұрақты кәсіп көзі болмаса да, маусымдық жұмыста еңбек етіп, жоғымызды бүтіндеп аламыз.
- Құрылысшы маманысыз ба?
- Бұл салаға енді оқып-тоқып келген жоқпын. Мен өзім құрылысқа машықтанған ұстаздарымның жанында жүріп үйрендім. Қазір өзім де шәкірт тәрбиелеп, құрылыстың қыр-сырын үйретіп жатырмын. Кейін менің шәкірттерім де ұстаз атанып, олар да тоқығанын жастарға үйретеді. Бұл - біздің ата кәсібіміз ғой. Қанмен де, тәжірибемен де келеді.
- Еңбекақыңыз көңіліңізден шыға ма?
- Бізге жұмыс тауып беріп, қаржыландырып отыратын өзіміздің бастығымыз бар. Жалақы жағымен сол кісі келіседі. Біздің міндетіміз - бастығымыз айтқан жерге барып, тапсырыс берушіге үй салып беру. Құрылысты аяқтаған соң, басшымыз қаржымызды бөліп береді.
- Тапсырыс түскенде үйдің үлкен-кішілігіне қарайсыздар ма?
- Әрине, міндетті түрде қараймыз. Өйткені, жоғарыда айтқандай құрылыс - маусымдық жұмыс. Сондықтан үлкен үй салуға тырысамыз. Екі қабатты үйді бір маусымда бітіріп береміз. Ал екі-үш бөлмелі, шағын жер үй салсақ, оны 3-4 айда бітіріп береміз. Кейін жұмыс шықпай сорлап қалатынымыз бар.
- Білікті құрылысшы болу үшін нені білген жөн?
- Ең бастысы - геометрия. Математиканы меңгерген абзал. Жалпы есеп-қисапқа мықты болу керек. Бір жері дұрыс өлшенбей қисық кетсе, үй құлап кетуі де мүмкін. Сондықтан есепке жүйрік болған абзал.

Түйін сөз орнына
Айтылар әңгіме мұнымен таусылмаса керек. Айбар маған бір сөзінде: «Алматыда жағдайы нашарлап, өліп бара жатқан ешкім жоқ», - деп еді. Дегенмен ару қаладағы тіршілік жеңіл емес. Ақшаң, жұмысың болмаса, арам қатуың әбден мүмкін. Бір үй салу үшін немесе алу үшін кейбір адамдар бар өмірін соның жолына сарп етеді. Өйткені, Алматы да «ешкімнің көз жасына сенбейді»...

Әли Құдиярұлы, ҚазҰУ студенті

«Жас қазақ» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5496