Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 2467 0 пікір 8 Шілде, 2009 сағат 07:40

Нұрмұхаммед Мамырбеков. Интернетті игере алмай отырмыз

 

 

Қазақстанда ғаламторды пайдаланушылардың саны 2 миллионға жақындап келеді. Оны күнделікті тұтынатындар қатары 700-800 мың адамға жуықтайды.  Әрине, біз интернетті қолданушылардың санына емес, сапасына мән беруіміз керек. Себебі  интернеті бар деген кейбір мекемелердің өзі оны тиімді пайдалана алмай отыр. Алматыда Еуропалық комиссияның 2009-2011 жылдарға арналған «Орталық азиялық ғылыми білім беру желісі - CAREN» атты жаңа жобасының аясында өткен дөңгелек үстелде ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов осылай деді.
«Орталық азиялық ғылыми білім беру желісі - CAREN» жобасы Орталық Азия елдерінің ғылым, білім беру саласын дамыту, ғаламтор желісіне қолжетімділігін арттыру мақсатында қолға алынған. Бұл жобаға еліміздің  «КазРЕНА» қауымдастығы мүше. Қауымдастық құрамына Қазақстандағы 80-нен астам ғылым және білім мекемесі және тоғыз облыс кіреді. «Алдағы уақытта оның құрамына еліміздің 14 облысын да кіргізу жоспарда бар. Қазір оған арнайы гранттар бөлінді. Тек жоғары оқу орындары қызығушылық білдірсе болғаны», - дейді Р.Алшанов. Оның сөзіне қарағанда, бұл қауымдастыққа кірудің ЖОО үшін маңызы өте зор. Себебі  бізде кейбір оқу орындарының тіпті өз сайты да жоқ.  Ғаламтордағы қазақ тіліндегі ақпараттар  - 0,8 пайызды, ана  тіліміздегі оқулықтар бар-жоғы 8 пайызды құрайды. Осындай жағдайда жастарға  шынайы жоғары білім беретін мүмкіндік жоқ.  Р.Алшановтың айтуынша, осы орайда барлық оқу орындарына Қ.Сәтбаев атындағы  қазақ ұлттық университетін үлгі ретінде көрсетуге болады.  Бұл оқу ордасының жатақханасындағы компьютерлеріне дейін ғаламторға қосылған. Студенттер оны қалаған уақыттарында пайдалана алады.  Аталған университеттің алып отырған интернет көлемі еліміздегі 70 оқу орнының алып отырған интернет көлемін қосқанмен бірдей екен. Еліміздегі кейбір «ұлттық» деп айдар таққан оқу орындарында 20-30 ғана компьютер  интернетке қосылған. «Кейбір студенттеріміз 1-курста өтетін  бағдарламалармен 4-курсқа келгенде танысып жатады. Мәселен, Еуропада студенттердің 80 пайызы бұрын оқытпаған бағдарламалар бойынша ізденіп білім алады  екен.   Бізден анағұрлым кіші Хорватия мемлекеті жыл сайын ЖОО-ға 170 миллион евро салады. Студенттердің әрбір жатақханасында, зертханаларда, кафедраларда  интернетке қосылған компьютерлер тұруы керек», - дейді ЖОО қауымдастығының президенті.  Бұған дейін аталған  бағдарламаларды Солтүстік атлантикалық одақ атқарып келсе, енді онымен Еуроодақ айналысады. «Егер біз ғарыштық технологиялар мен ақпараттық технологияларды ұштастыратын болсақ, көп нәрсеге қол жеткіземіз. Ол үшін, қайталап айтайын, ең әуелі жастарға заман талабына сай білім беруіміз қажет», - дейді Р.Алшанов.
Енді еліміздің интернет кеңістігінің бүгінгі жайына келетін болсақ,  өздеріңізге мәлім, ҚР Парламентінде «Қазақстан Республикасының ақпараттық-коммуникациялық желілері мәселесі туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы»  заң жобасы қаралды. Жақында осыған қатысты MedіaNet халықаралық журналистика орталығы Қазнеттің 60-тан астам тұрақты пайдаланушысы сайт иелері мен провайдерлердің арасында сауалнама жүргізді. Зерттеу бойынша провайдерлердің 80 пайызы және сайт иелерінің 77 пайызы интернет қорларын БАҚ қатарына қоюға қарсы екенін айтқан. Дәл қазіргі уақытта интернетті Қазақстан халқының тек 16 пайызы ғана қолданады. Заң қабылданған жағдайда оның саны тіпті қысқарып кетуі ғажап емес. Аталған орталықтың жоба-менеджері Дінмұхамед Зиядиннің сөзіне сүйенсек, бұл жердегі кілтипан заң жобасын қабылдау кезінде қоғамдық ұйымдардың, сарапшы мамандар пікірінің ескерілмегендігінде деп отыр.
Қандай заң болса  да адамдардың игілігіне жұмыс істеп, қажетті әдебиеттер мен ақпараттарға қол жетімділігін қамтамасыз етіп, қоғамның дамуына үлес қосса, нұр үстіне нұр болмақ.

 


Нұрмұхаммед Мамырбеков
"Алаш айнасы" газеті 3 шілде 2009 жыл

0 пікір