Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Жаңалықтар 2617 0 пікір 8 Шілде, 2009 сағат 07:48

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ. «Өрмекші-адамдарды» өсіріп жатырмыз

 

 

Бүлдіршін атаулының көгілдір экраннан ең алдымен іздейтіні - әрине, мультфильм. Спутниктік телеарналардың арқасында бүгінде балалардың бұл сұранысы айтарлықтай қанағаттандырылып та жүр. Nikelodeon, Jetix, CN арналарының тұрақты көрерменіне айналған олар, Өрмекші адам, Тасбақа Ниндзя, Робот-полицей, Спанч Боб сияқты түр-түсі келіспеген, құбыжық кейіпкерлерді кумир етуге көшті...
Өткенде бірінші сыныпты үздік аяқтаған алты жасар ұлымды мақтап отырып: «Жарайсың! Үнемі осылай ақылды болып, жақсы оқысаң, кейін өскенде Президент боласың» деп едім, ә дегеннен: «Жоқ! Президент болмаймын!» деп шыр ете қалды. «Енді кім боласың?». «Өрмекші адам боламын!». «Неге?». «Ол сондай керемет! Қолынан бәрі келеді! Бәріне көмектеседі!»... Мультфильм кейіпкерлерінің бала санасына қаншалықты әсер ететіндігін осыдан-ақ көруге болады. Жарайды, сол Өрмекші адам, Робот-полицей дегендер шынымен-ақ қайырымды, мейірімді кейіпкерлер шығар. Бірақ қалай болғанда да, бөгде мәдениеттің жемісі ғой. Балаларымызды бесіктен белі шықпай жатып, жат мәдениетпен сусындатып, өзгенің таным-білімімен, көзқарасымен қаруландырамыз да, артынан: «төл мәдениетінен мақұрым, өз ұлтын, ата дәстүрін менсінбейтін маргиналдар қайдан шығады осы?» деп кейиміз.
Осы тұрғыдан алғанда, суреткер қауымға жүктелер міндет зор. Мысалы, қазақ ауыз әдебиетінде шетелдік мультфильмдердегі персонаждарды он орайтын кейіпкерлер жетіп артылады. Ер Төстіктен бастап, Алпамыс пен Қобыланды, Атымтай Жомарт, Жиренше шешен, Алдар Көсе сияқты, батырлық пен даналықтың, қайырымдылықтың қайнар көзіндей қаншама тұлғаларымыз бар! Ақыл-ойды, тапқырлықты дәріптейтін аңыз-әңгімелеріміз де - өз алдына бір төбе. Соларды бала танымына лайықтап жазып, қызықты мультфильмге өзек етсек, эфирдегі бос кеңістіктің не болса, сонымен толтырылуына жол берілмес еді.
Біздің білуімізше, соңғы төрт-бес жыл көлемінде анимация өнеріне едәуір көңіл бөлініп, бірқатар дүниелер түсірілді де. Бірақ Әмен Қайдаровтың «Құйыршығынан» бастап, Болат Омаровтың «Мүшел», Аманжол Әбілқасымовтың «Ауылдың почтальоны Жаманқұл айды қалай қуып жетті?», Қабырсабыр Әбдіқадырдың «Кім патша болғысы келеді?» деген тәрізді басқа да соңғы жылдары түсірілген мультфильмдердің жеткіншектерге жеткені некен-саяқ. Яғни талай туындылар шаң басқан күйі «Қазақфильмнің» сөрелерінде жатыр. Себебі отандық телеарналар өз өнімдерімізді сатып алуға құлықсыз. Есесіне, оннан-мұннан құрап-сұрап, эфирді шетелдік аударма фильмдермен толтыруға шебер. Былайша айтқанда, бюджеттен қаржыландырылып отырғанына қарамастан, мемлекеттік арналарымыздың өзі осы елге, жұртқа қажетті, зәру мәселеге немқұрайды қарап отыр. Әмен Қайдаровтың пікірінше, бұған бір жағынан «Қазақфильмнің» өзі де кінәлі. Яғни ұйымдастыру жағы осал.
Шын мәнісінде, осыдан талай жыл бұрын түсірілгеніне қарамастан, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Қырық өтірік», «Ашкөздіктің азабы» сияқты мультфильмдер маңызын әлі де жойған емес. Өйткені солардың қай-қайсысы болсын, жақсылықты дәріптеп, жамандықтан жирендіреді. Сөйтіп, бала жүрегіне ізгілік нәрін сіңіреді, адалдық, адамгершілік, мейірімділік іспетті асыл қасиеттерге баулиды. Бір анығы, ертеректегі орыс мультфильмдерінің дені жан-жануарлар, хайуанаттар хақында болып келетін. Соны көріп отырып, тіпті бүлдіршіннің қоршаған орта, жанды-жансыз табиғат туралы түсінігі, бейнелі ойлауы қалыптасатын. Ал қазіргі Спанч Боб, Арнольд, Джимми Нейтрон, Джинджер сияқты, не нәрсеге ұқсатарыңды білмейтін, ұсқыны келіспеген кейіпкерлердің балауса жеткіншектеріміздің таным-түсінігіне, санасына оң ықпал етері екіталай.
Негізі, мультфильм - идеологиялық үлкен құрал. Сол арқылы жас ұрпақтың дүниетанымы қалыптасып, туған тілге, тарихқа, болашаққа деген сүйіспеншілігі оянатынын ескерсек, құзіретті орындардың осы салаға қаржы бөлуден, қолдау көрсетуден аянбағаны абзал. Мәселен, мультфильм индустриясы жақсы дамыған елдерде психолог мамандар, педагогтар мен әлеуметтанушылар осы сала бойынша арнайы жұмыс істеп, түсірілуге тиісті нәрсенің мемлекеттік идеологияға сай болуын жіті қадағалап отырады. Осы ретте, ұрпағымыздың тамырынан ажырап қалмауына негіз болатын бірден-бір шара ретінде біз де ұлттық болмыстағы мультфильмдерді түсіру және оларды кішкентай көрермендерге тосқауылсыз жеткізу мәселесін жан-жақты ойластыруға тиіспіз.

  • Бір пікір

Әмен ҚАЙДАРОВ, «Тарлан» сыйлығының иегері, профессор:
- Тиісті көңіл бөлінбегендіктен, білікті жастардың барлығы тарап кетті. Олар қайтып келу үшін үзілмейтін өндіріс керек, тиіп-қашып жүрген адамдардан береке жоқ. Бұған мемлекет тарапынан дұрыс көзқарас болса, игі. Отыз жылдай еңбек еттік, бірақ оның бәрі өткен ғасырдың тарихи мұрасы боп қалды. Қазіргі шығармаларымыз шетелдің өндірісімен жарыса алмайды. Басқасын былай қойғанда, қолдағы бар еңбекті ұқсатып көрсете алмаймыз. Жарты сағаттық мультфильмдер сөреде жатыр...
Өз ойым
Қалай болғанда да, аталмыш мәселені шешудің тиімді жолын табу қажет. Мүмкін, отандық мультфильмдердің, жалпы, балаларға арналған фильмдердің, басқа да бағдарламалардың еліміздегі телеарналардан көрсетілуі үшін Мәдениет министрлігі тарапынан арнайы квота қарастырылуы керек шығар?..

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
"Алаш айнасы" газеті 3 шілде 2009 жыл

 

0 пікір