Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2511 0 пікір 16 Мамыр, 2012 сағат 08:40

«ЖАҢАӨЗЕН ІСІ»: «ПРОКУРОРЛАР СҰРАҒАН МЕРЗІМДЕРГЕ ТАҢҚАЛАМЫЗ! ӘДІЛ ШЕШІМГЕ ҮМІТ АРТАМЫЗ»

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің бүгін түсірген хабары бойынша, Ақтауда өтіп жатқан сот процесінің 14-ші және 15-ші мамыр күндері өткен 31-ші және 32-ші сот отырыстарында жарыссөзге қорғаныс тарабының өкілдері - сотталушылар мен адвокаттар қатысқан, тараптар қысқа пікір алмасып, сотталушылар соңғы сөз айтқан және сот 10-15 күнге үзіліс жариялаған.

31-ШІ ОТЫРЫС

Судья алдымен сотталушыларға сөз берген. Олардың арасынан Сақтағанов, Төлетаева, Өткелов, Досмағамбетов, Жүсіпбаев, Асқарұлы, Жұмағалиев, Қосбармақов, Непес, Мұрынбаев, Ерғазев, Исақов, Бесмағамбетов, Әділов, Әминов, Шамов, Аманжолов, Мұңайтпашев, Әспентаев кінәны мойындамаған, өздері үшін жарыссөзге қатысу құқығын адвокаттарға берген.

Әспентаев: Бір өтінішім бар - менің ағам қайтыс болды, ертең жерлеуі, маған үйге барып, оны соңғы сапарға шығарып салуға рұқсат етіңіз.

Судья: Жақсы, талқылаймыз, отырыңыз.

Жарыссөзде сөйлеген сотталушылардың сөздері.

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің бүгін түсірген хабары бойынша, Ақтауда өтіп жатқан сот процесінің 14-ші және 15-ші мамыр күндері өткен 31-ші және 32-ші сот отырыстарында жарыссөзге қорғаныс тарабының өкілдері - сотталушылар мен адвокаттар қатысқан, тараптар қысқа пікір алмасып, сотталушылар соңғы сөз айтқан және сот 10-15 күнге үзіліс жариялаған.

31-ШІ ОТЫРЫС

Судья алдымен сотталушыларға сөз берген. Олардың арасынан Сақтағанов, Төлетаева, Өткелов, Досмағамбетов, Жүсіпбаев, Асқарұлы, Жұмағалиев, Қосбармақов, Непес, Мұрынбаев, Ерғазев, Исақов, Бесмағамбетов, Әділов, Әминов, Шамов, Аманжолов, Мұңайтпашев, Әспентаев кінәны мойындамаған, өздері үшін жарыссөзге қатысу құқығын адвокаттарға берген.

Әспентаев: Бір өтінішім бар - менің ағам қайтыс болды, ертең жерлеуі, маған үйге барып, оны соңғы сапарға шығарып салуға рұқсат етіңіз.

Судья: Жақсы, талқылаймыз, отырыңыз.

Жарыссөзде сөйлеген сотталушылардың сөздері.

Жарылғасынов: Мен Жаңаөзенде болған оқиғалардың халық қасіреті екендігіне сенімдімін. Қарапайым адамдардың ол тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысы жоқ. Ия, мен алаңда болдым, бұл рас, мойындаймын - мен автобустың әйнегін сындырдым. Бірақ прокурорлар өз сөзінде менің жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты да кінәмді ішінара мойындайтындығымды айтып, менің Қалиевпен беттесуіме сілтеме жасады. Бұл жалған. Ешқандай лаңкестік акциялар жоспарлау, ұйымдастыру біздің ойымызда да болған жоқ. Мүмкін, олардың, мемлекеттік айыптаушылардың, жұмысы сондай шығар, бірақ салмақты көзқарас қажет деп есептеймін. Және мені маскүнем атағанына да қарсымын, бұл өтірік. Менің кәрі анам, отбасым, балаларым бар. Мен солардың асыраушысымын. Бізге барлық бәлені үйіп-төгуді дұрыс емес деп есептеймін.

Қалиев: Құрметті судья, құрметті процесс тараптары, сіздерге менің жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушы болуым мүмкін емес екендігін айтқым келеді. Мен сияқтыларға ондай нәрселерді тапсырмайды. Жеті ай ереуіл ішінде менің рухым түсіп, өзімді жоғалттым, іше бастадым. Менің жолдастарым мұны көрді. Бізге тағылған кінәлар бізде жоқ. Біз ондай ештеңе жоспарлаған жоқпыз. Мен өз жігіттерімізден оларға жала жапқаным үшін тағы да кешірім сұрағым келеді. Мен психологиялық тұрғыда әлсізбін, қысымға шыдамадым.

Ермұқанов: 2011 жылдың 16-желтоқсанында жасалған қылмыстарға менің ешқандай қатысым жоқ. 16-сы күні мен үйде болдым, прокурорлардың маған не үшін 7 жыл қамау сұрағанын түсінбеймін. Сотта лақап аттармен сөйлеген куәлардың көрсетулерімен келіспеймін. Олар жалған айтты, сондықтан олардың көрсетулерін заңсыз деп мойындауды өтінемін. Менің жасы ұлғайған анам, отбасым, балаларым бар. Әйелімнің қазір аяғы ауыр. Сіздер әділ шешім шығарады деп үміттенемін.

Дүйсенбаев Парахат: Мен өзімді қылмыскер деп есептемеймін. Лақап атты куәлардың жалған айтқандығына сенімдімін. Ия, мен жеті ай бойы ереуілде тұрдым, 16-сында да алаңда болдым. Бірақ мен ешкімді ұрған, тепкен жоқпын. Өзімді кінәлімін деп есептемеймін. Менің отбасым бар. Әкем о дүниеде, дәмі таусылған шығар, мен әке орнына қалдым, жалғыз ұлмын ғой, қалғандарының бәрі қыздар. Бірақ мен жаспын, бәрі жақсы болады деген үмітім әлі бар. Әділ үкімге үміттімін.

Ақжігітов: Мен өзімді кінәлімін деп есептемеймін, әділ үкім шығаруды өтінемін.

Мұхамбетов: Мен өзіме айып етіп таққан қылмыстарды жасаған жоқпын. Менің кінәма дәлел жоқ деп есептеймін. Әділ үкім шығаруды сұраймын.

Шәмілов: Маған тағылған қылмыстарға менің қатысым жоқ. Жақында менің әкем қайтыс болды. Әскерге барып қызмет еткім келді, барлық құжаттарды жинадым, барлық комиссиялардан өттім. Анам ауырады. Лақап атты куәлардың көрсетулеріне сенбеймін. Сот болып жатқан барлық уақыт ішінде мені жарақатым қинайтынын көрсетпедім, 16-сына мені атып құлатты ғой. Әділ үкім шығаруды өтінемін.

Телегенов: Құрметті прокурорлар сұраған мерзімдерге таңқаламын! Олардың қаһарына таңқаламын! Әділ шешімге үміт артам.

Тәженов: Маған кінә етіп таққан қылмыстарға қатысым жоқ. Әділ шешім шағаруды өтінемін. Жараланған аяқтарым жазылар емес, дәрігерлер Астанаға бару керек дейді. Мені тұтқындағанға дейін бір-екі күн бұрын-ақ Астанаға бару үшін менде бәрі даяр болатын. Әділ шешім шығарылатындығына үміт артам.

Өтебеков: Өзімді кінәлімін деп мойындамаймын. Лақап атты куәлардың көрсетулерімен түкел келіспеймін - олардың көрсетулеріндегі күрделі алшақтықтарды соттың есепке алуын өтінемін. Прокурорлардың сұраған мерзімдеріне таңқаламын! Құрметті сот, әділ шешім шығаруды өтінемін.

Сарыбаев: Айыптаулармен келіспеймін.

Қайрат Қойшыбаев: Тағылған айыптармен келіспеймін. Лақап атты куәлардың көрсетулерімен келіспеймін, олардың жауаптарында қайшылықтар көп. Соттың әділ шешім шығаруын сұраймын.

Бөпілов: Өзімді кінәлімін деп есептемеймін. Мен мұнайшы емеспін, мен жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан жоқпын. Лақап атты куәлардың көрсетулерімен келіспеймін. Әділ үкім шығаруды өтінемін.

Самат Қойшыбаев: Менің бүкіл көрсетулерім ұрып-соғумен алынды. Лақап атты куәлармен келіспеймін. Әділ үкім шығаруды өтінемін, сіз әділ үкім шығарады деп сенемін.

Кәмелетке толмаған Қайрат Қойшыбаевтың анасы Зияда Өтебекова: Мен бес баланың анасымын, оларды жалғыз өзім тәрбиелеудемін. Қайрат сол күні бар болғаны тек қарындасын іздеуге кеткен еді. Менің үлкен ұлым Саматты да осында соттап жатыр. Оған болыса барғанымда тергеуші Тимур Бектемісовпен ұрысып қалып, үстінен арыз жазғанмын. Шамасы, сол үшін бұл іске менің кіші ұлымды да тартқан болу керек. Соттың әділ шешім шығаруын өтінемін.

Мұқашев: Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысым жоқ. Әділ шешімге үміт артамын.

Кәмелетке толмаған Мұқашевтің анасы: Ұлымды кінәлі деп есептемеймін. Әділ шешімге үміт артамын.

Дүйсенбаева Айжан: Тағылған айыптармен келіспеймін. Әрине, мен үшін шартты жаза сұрағаны үшін прокурорларға рахмет айтуға болады, менің екі балам бар ғой. Ал мұнайшыларға келсек, олар бандиттер емес, құбыжықтар емес. Бүкіл Маңғыстау мұнайшылардың арқасында, олар кінәлі емес. Олардың барлығының отбасылары үлкен.  Соттың әділ шешім шығаруын өтінемін.

Әбдірахманов: Тағылған айыптармен келіспеймін. Лақап атты куәлармен келіспеймін, маған да осы істе лақап атпен өтуді ұсынды ғой, бірақ мен келіскен жоқпын, өйткені Құдайдан қорқамын, мұндай үшін де сұрау бар. Өтірік айта алмаймын.

Бекжанов: Әділ шешім шығаруды өтінемін.

Одан әрі судья қорғаушыларға сөз беріп, Ақжігітов, Әспентаев, Жұмағалиев, Әділов, Әминов, Бесмағамбетов, Өтебековтердің адвокаты Жәменов, Өткелов, Бекжанов, Шәмілов, Тәженовтардың адвокаты Тілеуқұлов, Төлетаева, Досмағамбетов, Жұмағалиев, Әспентаев, С.Қойшыбаев, Өтебеков, Әділовтардың адвокаты Жуаспаева, Ерғазев, Қ.Қойшыбаев, Ақжігітов, Бесмағамбетов, Жарылғасынов, Исақов, Аманжоловтардың адвокаты Сәрсембина, П.Дүйсенбаев, Мұқашев, Қ.Қойшыбаевтардың адвокаты Көшкенов, А. Дүйсенбаева, Шамов, Исақов, Бөпіловтардың адвокаты Тасқынбаев, Непес пен Қосбармақовтың адвокаты Сансызбайұлы, Досмағамбетов, Жүсіпбаев, Жарылғасыновтардың адвокаты Қозыбағаров сөйлеп, соттан өз қорғауындағыларды ақтауды өтінген.

Сағат 19:00-ден өте аяқталған сот отырысының аяғында судья Аралбай Нағашыбаев Әспентаевты жерлеуге жіберуге өкілеттілігі жоқ екендігін, бірақ оның баруына қарсы еместігі туралы шешім шығаратындығын, ол шешімді СИЗОның бастығы қарау керек болатындығын айтқан.

 

32-ШІ ОТЫРЫС

Жарыссөзде сотталушылар Әбдірахманов пен Ермұқановтың адвокаты Әлібиев, Асқарұлы, Телегенов, Мұхаммедов, Мұңайтпашев, Асқарұлы, Сарыбаевтардың адвокаты (фамилиясы көрсетілмеген. - Ж.Қ.), ең соңынан - Сақтағанов, Әминов, Телегенов, Жүсіпбаевтардың адвокаты Батиева сөйлеген.

Егер басқа адвокттардың барлығы өз қорғауындағылардың кінәсіздігін дәлелдеп, соттан оларды ақтауды өтінсе, осы сот процесі барысында әлденеше рет «қара суды теріс ағызып», өз әріптестеріне қарсы шығуымен көзге түскен Батиева бұл жолы да сол «әдетінен» таймай, оғаш қадам жасап, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар ретінде Мирошников (ҚМГ басшыларының бірі, бұрынғы вице-министр), Сарбөпеевтермен (Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі) қатар... Владимир Козлов, Айжангүл Әмірова мен Александр Пястолов та (ереуіл кезінде мұнайшыларға көмектескен және сот процесінде куә болып, ӨМГ-нің «қосалқы бухгалтериясын» әшкерелеген Ақтаулық заңгер) қаралуы тиіс деп, «айды аспаннан бір-ақ шығарған»! Әрине, мемлекеттік жоғары лауазымды шенеуніктер мен... оппозиция өкілдерін бір мақсатта жұмыла жұмыс істеген «әріптестер» етіп көрсету үшін де үлкен «шеберлік» һәм фантазия қажет екендігі түсінікті болса керек!

ҚР ҚПК-ға сәйкес, сот жарыссөзінде барлық тараптар сөйлеп болған соң олардың әрқайсысының тараптар өкілдерінің айтқан сөздеріне орай қысқаша пікір айтып, ескертулер жасауға құқықтары бар. Соған орай алдымен прокурорлар сөйлеген.

Прокурор Дүзелбаев: Мен адвокаттардың қорытындыларымен келіспеймін. Олардың әрқайсысы сотталушыларды ақтауды қолдады. 12 қорғаушының 9-ы алдын-ала тергеу кезеңіне қатысқан, сөйте тұра енді олар хаттамалар заң бұзушылықтармен түзілген, тергеу іс-шаралары заңсыз жүргізілген және т.б. дейді. Мұны қалай түсінуге болады?

Одан әрі, құрметті сот, сіз процесс кезінде аудиожазба құралдарын пайдалануға тыйым салдыңыз. Бұдан бұрын сіз адвокат Жуаспаеваға ескерту жасадыңыз, өйткені отырыс барысын магнитті аспапқа жазып алу фактісі ашылды. Адвокат Сәрсенбина менің жарыссөз үстінде айтқанымның барлығын жазып алды деген күмәнім бар.  Әрине, барлық айтылғанға бағаны сот береді, алайда Сәрсенбина менің айтқанымды бұрмалауға тиіс емес. Өз сөзімде мен «үшінші күш» туралы еске салдым, ия, «үшінші күш» бар, соған орай қылмыстық іс қозғалды. Біз бәріміз бейнежазбадан көрдік - алдымен парад өтеді, одан соң қоршауды бұзады, одан соң сахнаға жүгіріп шығады, одан соң полиция қызметкерлерін қуып тастайды, одан соң полицейлер қайтып келеді, одан соң оларды тағы да қуып тастайды, одан соң атыс басталады...

Осы жерде жұрт 16-желтоқсан оқиғаларын бұлай түсіндірумен келіспей, залда шу көтеріледі, өйткені полицейлер алаңға екінші рет келген соң бірден атыс бастаған. Судья адамдарды залдан шығаруды талап еткен, алайда жұрт тынышталып, отырыс әрі қарай жалғасқан. Сөзінің аяғында прокурор Дүзелбаев өзінің сотталушыларды не үшін кінәлі есептейтіндігін қайталап, сол үшін олар жаза алуы керек деп қорытқан.

Прокурор Әбіләкім: Адвокат Жуаспаеваға қатысты оның аудиожазба құралдарын пайдаланғаны үшін жеке ұйғарым шығарып, оны адвокаттық алқаға жолдауды өтінемін, сонда шара қолданады деп есептеймін. Біз өз пікірімізде қаламыз, өз позициямызды растаймыз.

Прокурор Акбаев: Кез-келген қылмыс әлдебір жағдайлардың, әрекеттердің салдары болып табылады. Адвокаттар өз сөздерінде - бастапқыда тек еңбек тартысы ғана болды деп көп айтты. Бірақ соның салдары ӨМГ-ні өртеу болып шықты.  Адвокат Жәменов өзінің жауабында сараптама қорытындысына сілтеме жасады...

Адвокаттар Тілеуқұлов пен Жәменов: «Жауабында» емес, «жарыссөзде сөйлеген кезде».

Акбаев: Ғафу өтінем, жарыссөзде сөйлеген кезде. Сіз, құрметті судья, Жәменовқа ол қорытындыны оқуға өзіңіз тыйым салдыңыз, өйткені материалдарды сараптамаға жіберу кезінде процедуралар бұзылған болатын. Одан әрі, адвокаттар мен сотталушылардың лақап атты куәлар заңсыз тартылды деген уәждары негізсіз деп есептейміз. Адвокат Тілеуқұлов өз жауабында сын айтты...

Тілеуқұлов: «Жауабында» емес, «жарыссөзде сөйлеген кезде».

Ақбаев: Ғафу өтінем, жарыссөзде сөйлеген кезде. ...Лақап атты куәлар көрсетулер берген сәтте олардың жанында прокурор мен полиция қызметкері болды деген тұрғыда сын айтты. Ол тұлғалардың куә жанында болуы заңды деп есептейміз.

Куә «Оразбаев»-Жайлыхановқа қатысты - оны сотталушының туыстары қорқытып-үркітті деп есептеймін. Құрметті сот, сіз, әрине, бұл фактіге баға бересіз, бірақ, дегенмен,  куә «Оразбаев»-Жайлыханов сотқа неге өзі келмеді? Оны сүйреп әкелді ғой... (залда шу шыққан), жақсы, алып келді, сотталушының туыстары оны құпияланған куә ретінде сұралған күннің ертеңіне бірден алып келді.

Адвокат Жуаспаеваның сөзіне қатысты. Ол елбасының: «Мұнайшылардікі дұрыс болды», - деген сөзін орынсыз келтірді деп есептеймін. Сотта жоғары лауазымды адамдардың сөздерін келтіруге болмайды.

Тергеу барысында «сотталушыларға қысым жасалды, оларды ұрып-соқты, азаптады» деген сөздер көп айтылды. Бірақ прокуратура өз жауабын берді, оның жауабы дұрыс болғандығына мен күмәнданбаймын. Біз өз пікірімізде қаламыз, өз позициямызды растаймыз.

Одан соң адвокттардың кезегі келген.

Адвокат Жуаспаева: Прокурор Ақбаевтың менің сөзім «орынсыз болды» деген пікіріне орай... ҚР ҚПК-нің 118-бабына сәйкес, жалпыға бірдей белгілі фактілер дәлелдеуді қажет етпейтін жағдай болып табылады. Прокурор Дүзелбаевтың сөзіне орай мен наразылық білдіремін, неге ол мені «процестің аудиожазбасын жүргізді» деп жалаң сөзбен айыптайды? Ал «үшінші күш» жөнінде ол өзі айтты, мен тек оның сөзіне сілтеме жасадым. Лақап атты куәларға орай, мен олардың көрсетулері алып тасталуы керек дегенімді тағы да қайталаймын.

Азаптауларға орай - мен сотталушы Досмағамбетовқа қатысты заңсыз әдістер қолданылғандығын дәлелдеймін. Және жалаң сөзбен айыптауларды тоқтатуды өтінемін, егер сіз мені осы залда отырып сот процесін жазып алумен айналысты деп есептесеңіз, онда бұл сіздің кәсіпқойлығыңызбен қалай үйлеседі? (Адвокаттар прокурорларға қарсы отырады, аралары 4-5 метр. - Ж.Қ.). Мен дәл сіздің өзіңіз тәрізді процеске қатысушымын, сондықтан істің барлық материалдарымен танысуға құқығым бар. Оның үстіне, біз 21-ші ғасырда, интернет ғасырында өмір сүріп жатырмыз ғой. Сіздің негізсіз айыптауларыңызға бола мен де шағым жасауға мәжбүр боламын.

Адвокат Сәрсембина: Прокурор Дүзелбаев, менің жадтық қабілеттерімде күмәніңіз болмасын, мен ҚазМУ-ды қызыл дипломмен аяқтағанмын. Абай шығармаларын жатқа оқушылар конкурсының жеңімпазы болып табыламын. 16 жыл тергеуші болып жұмыс істедім, подполковник атағым бар. Ал Жаңаөзендегі оқиғалардың барлығының артында тұрған-мыс «үшінші күшке» келсек, ол жөнінде сіз өзіңіз айттыңыз. Сондықтан мен бұл жерде не себептен сол «үшінші күшті» емес, сотталушылар орындығында отырған 37 адамды соттап жатқандығына мүлде түсінбеймін. Лақап атты куәлардың көрсетулері алып тасталуы керек дегенімді тағы да қайталаймын. Жарыссөз кезінде айтылған сөздерімді растаймын.

Адвокат Батиева: Әр адвокаттың өз методикасы, қорғау желісін құрудың өз жолдары бар. Процедуралық заң бұзушылықтарды байқамау - ол да өзіндік жүріс.

Адвокат Досболов: «Әр адвокаттың өз методикасы бар» деген әріптесімнің сөзін қолдаймын. Мәселен, мені «тергеу сатысында процедуралық заң бұзушылықтарды байқамады» деп айыптайды, бірақ егер мен тергеуші Мұхтарұлының, ҰҚК полковнигі Қыдырәлиевтің дұрыс емес әрекеттерін бірден көрсетсем, олар оны сол жерде-ақ түзетер еді. Ал қазір ол қателерді оларға қарсы, сотталушы Қалиевтің пайдасына қолдануға болады.  Ал ол қателерді прокуратураның байқамауы - бұл олардың шаруасы. Және айтқым келгені - адвокат Сәрсембина полковник Қыдырәлиевпен бірге оқыған, яғни оны іске тергеудің басында жібермегені - оның Қыдырәлиевпен тығыз таныстықта болуы себебінен (залда: «Өсекші», - деген сыбыр естілген).

Адвокат Қозыбағаров: Жарыссөзде айтқан өз сөздерімді растаймын.

Адвокат Тасқынбаев: Осы істің қыйындығына сілтеме жасаған прокурор Ақбаев мұндай жағдайдың бұрын ешқашан болмағандығына қынжылды. Бірақ ол куәлардың лақап атпен сөйлеуіне мүмкіндік беретін ҚР ҚПК-ның 100-бабының жетілмегендігіне қынжылмайды. Сондықтан тергеудің 12 куәні құпиялап тастағандығына мүлде қарсы емес. Олай болса, ҚПК-ның басқа баптарын прокурорлар мен адвокаттармен қоса жойып жіберуге болады.

Адвокат Бисекешев: Жарыссөзде айтқан өз сөздерімді растаймын.

Адвокат Көшкенов: Жарыссөзде айтқан өз сөздерімді растаймын.

Адвокат Тілеуқұлов: Прокурорлар неге адвокаттарды айыптаумен айналысады? Немене, олардың басқа жұмысы жоқ па? Енді, кешірерсіздер, тек біздің тырнағымыздың астынан кір іздеуі ғана қалды ма? Мүмкін, олардың сотталушылар кінәсін нанымдырақ дәлелдегені дұрыс болар? Одан әрі, лақап атты куәларға сенуге болмайтындығын тағы да қайталаймын, олар соттан 2-3 шақырым бір жерде отырып алып, мұрындарының астынан міңгірлейді. Неге осында келіп, куәлік бермейді? «Олар қорқады» деген не сөз? Неге, мәселен, прокурорлар қорқпайды? Сондықтан олардың куәліктерін негізге алу - дұрыс емес.

Адвокат Әлібиев: Мемлекеттік айыптау тарабы қылмыстық іс материалдарын зерттемеген деп есептеймін. Мысалы, прокурор Ақбаев: «Жайлыханов-«Оразбаев» елбасына хат жазды», - деді, ал шын мәнінде ол ҚР Бас прокурорына жазды. Сіз, құрметті төрағалық етуші, неге екенін, оның мәлімдеме-хатын жария қылмадыңыз, мұны қазір мен жасаймын (Жайлыханов-«Оразбаевтың сотталушы Ермұқановқа өзінің полиция қысымымен жала жапқандығы туралы хатын оқып берген).

Адвокат Жәменов: ҚР Конституциясына, ҚПК-ға сәйкес барлық күдіктер айыпталушының пайдасына жұмыс істейді. Ал мұнда барлық айыптаулар болжамдарға құрылған. «Олар сахнаға жөңкілді» дейді, нақты кім жөңкілген? Менің қорғауымдағылар жөңкілген жоқ.  Менің қорғауымдағылардың әрбір әрекетіне баға беру керек, ал: «Ол колонканы итерді» - деген не сөз? Бұл не, қылмыс па? Колонка сынған жоқ қой, бұл бейнежазбада анық көрініп тұр. Бұл тек ұсақ бұзақылық болуы мүмкін. Сондықтан менің қорғауымдағыны ақтау қажет, прокурорлардың көпсөзділігі жетеді. Сонсын, қорытынды жасаған сарапшының Жоғарғы сот төрағасынан алған көптеген мақтау қағаздары бар, ал төраға оларды кім көрінгенге үлестірмес еді.

Үзілістен кейін судья Аралбай Нағашыбаев сотталушыларға қысқаша сөз берген.

Самат Қойшыбаев: Прокурор мырзалар біздерді «ұрып-соқпаған, азаптамаған» дейді. Бірақ біздер ИВС-те болған кезде прокурорлардың ешқайсысы онда келген жоқ. Біз арыздар жаздық, алайда оларды қабылдамай, біздің көз алдымызда жыртып тастады. Бізді ұрып-соқты, бұл шындық.

Әділов: Соттан қарарпайым, бейкүнә адамдарды қорғауды өтінемін.

Бөпілов: Мен лақап атты куәларға себеймін.

Шәмілов: Егер тіпті біздерді отырғызса да, шындық бәрібір шығады.

Судья: Олай болса шындықты айт.

Шәмілов: Мен кінәлі емеспін.

Одан соң тағы да бірнеше сотталушы өздерінің лақап атты куәларға сенбейтіндігін мәлімдеген.

Судья сотталушыларға соңғы сөз айту мүмкіндігін берген.

Сақтағанов Талғат: Тағы да айтқым келеді - мен тергеуде Роза Төлетаеваға жала жаптым. Өзіме қатысты кінәні мойындамаймын. Мен тек президент Назарбаевқа хат алып бардым және шетелге шығып қайттым. Ал егер бұл менің кінәм болса, өкінемін. Бұл жерде ешкім кінәлі емес. Тәртіпсіздіктер кезінде туыстарын жоғалтқандарға көңіл айтқым келеді. Әділ үкім шығаруды өтінемін.

Сотталушылардың барлығы дерлік өте қысқа сөйлеп, өздеріне тағылған айыптармен келіспейтіндіктерін айтқан және әділ үкім шығаруды өтінген.

Барлығы сөйлеп болған соң судья 10-15 күнге үзіліс жариялап, бұл жөнінде дәлірек мағлұматты кейін хабарлайтындығын айтқан.

Сонымен, бір жарым айдан астам уақыт бойы жүріп, шын мәнінде мұнайшыларды емес, билік өкілдерін соттап, олардың мұнайшыларға, жалпы Жаңаөзен халқына қарсы жасаған небір жан түршігерлік (менің пікірімше - «фашистік» деуге әбден болады) қылмыстарын әшкерелеген Ақтаудағы сот процесі негізінен аяқталды. Ендігі қалғаны - соттың қандай үкім шығаратындығын күту...

Жасарал Қуанышәлин,

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің

ақпараттық топ жетекшісі.

Алматы қаласы,

2012 жылдың 15-мамыры

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5539