Көлгінов вакцина алғандар арасында пәтер ойнатпақ
Вакцина алуға ынталандыру қарқынды түрде жүріп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram парақшасында вакцинаның бірінші компонентін осы жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында қабылдаған 18 жастан асқан қала тұрғындары арасында пәтер ойнатылатынын мәлімдеді.
"Жаңа вакцина алғандар арасында екі бөлмелі пәтер ойнатамыз. Пәтер жеке қаражатты тарту арқылы алынған. Ұтыс ойынына қалалық емханаларға немесе сауда орталығындағы вакцинация пункттерінде және т.б. вакцинацияға келген барлық қала тұрғындары қатыса алады. Үстіміздегі жылдың 25 маусымы мен 31 тамызы аралығында вакцинаның бірінші компонентін алған 18 жастан асқан азаматтар пәтер ұтысына қатысады. Нәтижесін қыркүйектің басында жариялаймыз. Адал бәсекелестік пен вакцинация алғандар санын қамту үшін біз өзіміздің ІТ қоғамдастықты жұмылдырамыз", - деді Нұр Сұлтан қаласының әкімі.
Қазақстанда жаппай вакцина егу басталғанына міне 5 ай болды. Вакцина алғандар саны 2.8 млн адамды құрайды. Денсаулық сақтау министрі қара күзге дейін 10 млн тұрғынды қамтитынын мәлімдеген еді. Алайда ол жоспарын орындауға бар болғаны 2 ай уақыты қалды.
Abai.kz