Буырқанған баспасөз баһадүрі
Тау баласы тауға қарап өседі...
Шыңның мен ұнатамын биіктігін,
Шырқай кеп шыңырау көктен сүйіпті Күн.
Түндігін түртіп тұрған көк аспанның,
Кәнеки, Хан Тәңірінен иықты кім?!
Мұқағали Мақатаев
Арқалы ақынның осы өлеңінің соңғы екі жолын: «Тілшілері қазақтың таласқанда, Қанеки, Жанболаттан иықты кім?!» деп өзгерте салса біздің кейіпкерімізге жараса кеткендей. Тек қана «тілші» деген сөз Жәкең сияқты жүйріктің тақиясына тарлық ететіндей. Иә, ол қазақ баспасөзінің қиядан ұшқан қыраны. Қазақ журналистикасының су төгілмес тайпалған жорғасы һәм қанша шапса алқымы іспес хас жүйрігінің нақ өзі. Көкірегі бітеу, көргені таяз, көрбілте біреу болмаса, менің бұл ойыма қалам ұстаған қауым түгел қол қоятынына сенімім нық, сезімім кәміл.
Көз жанарымыз көкжиекке барып бір-ақ тірелетін мен сияқты Сарыарқаның азаматының тау туралы түсінігі шамалы болатыны түсінікті ғой. Ертеректе көрші Ақтоғай ауданынан шыққан ақын досымыз Дәуітәлі Стамбеков алғашқы шыққан қалақтай кітабына: «Сәулебек бауырым, Арқаның момақан ғана қоңыр төбелерінің төбесінде мен де тербелдім, сен де тербелдің» деп қолтаңба жазып бергені бар еді. Рас, Балқантау, Айғырұшқан, Қоңырқұлжа деген биіктеріміз баршылық. Бірақ соларымыздың өзі жинақтала келе «Сарыарқаның ұсақ шоқылары» деген жағрафиялық атауға ғана ие. Ал Аупбаевтың ауылының таулары басына мұздан дулыға киіп, үстіне қардан шапан жамылып, бауырынан бұлт өргізіп, найзағай ойнатып тұрған бір керемет. Дәл бір өз өрінен өткендердің бәрін от пен суға қатар салып, табиғи іріктеуден өткізіп тұрғандай. Оған шыдамағандар жүнжіп, жүдеп шығады, не шарболаттай шыңдалған наркескеннің өзі болмақ.
– Олар таудың сөйлегенін естиді. Тау өзендерінің күмбір-күмбір күй тартқанын тыңдайды. Тіпті жансыз деген жартастарының өзінің жаңғырыққанын сезеді. Сөйтеді де құдай берген сезімталдығын жүрек түпкіріне сақтап, оны ұлы бесікте үнсіз тербеткендей аялайды. Таулықтардың кесек турап, ірі қимылдайтыны сондықтан, – деп толғанады Жәкеңнің қаламдас құрдасы Батық Мәжитұлы.
Құдайдың сыбыры ма, әлде періштенің дүбірі ме, әйтеуір әкесі Әлихан үйін Нарынқолдың дәл тау жағына, асқары айға шағылысқан Мұзарт тауының іргесіне қарай салыпты. Ал тауға қарап өсіп келе жатқан қалқанқұлақ қара баланың терезесінен қарағандағы көрініс тіпті ғажап екен. Аспантаулар арасынан шашырап шыққан күннің алғашқы алтын кірпіктері алдымен Жанболаттың бетін қытықтап, көкірегіне нұр құйып оятатын көрінеді. Ол әлі күнге күн шыға көз ілмейді. Оның тәулігіне төрт-ақ сағат ұйқыны қанағат тұтатынын көпшілік біле де бермейді. Әкесі де сондай құс ұйқы. «Арғымақтың баласы аз жусар да, көп жортар» деген сөз осы әкелі-балалы екеуіне қарап айтылған тәрізді. Ақыры темір ұстасының баласы сөз ұстасы болып шықты да.
«…Алматы – Нарынқол автомобиль трассасындағы Төте асуынан түсіп қалған мен қамшылар жақтағы Тақиятөбеге көтеріліп келе жатып, балалықтың бұла шағындағы сол бір елесті еске алдым. Көз алдыма осыдан көп жыл бұрынғы көрініс: ауыл шетіндегі үй, сол үйдегі қалқаңқұлақ қара бала келді. Әйнектегі аяздан буланған қырауды құйтақандай саусағымен қырналаған ол көгілдір тауларға құштарлықпен көз тігуде. Не… нені көріп тұр екен десейші. Алыстағы алып шыңға аузын аша аңқайып қарап қалған оның сәби жүзінде әйтеуір адам ақылы жетпестей таңданыс бар болатын.
...Ол құштарлық, ол іңкәрлік – Хан Тәңірі еді. Балаң көңіл туған жердегі, қасиетті атамекендегі сол ғажап бітімді биік шыңның құпиясын білсем, соның сырына қанықсам деп армандап қиялдайтын».
Бұл – Жанболаттың өзінің ойша жасаған балалық шаққа саяхаты. Таудың ғажайып табиғаты мен сол ортадан ажырамаған ата-ананың талбесігінде тербеліп өскен «тырыли арық қара бала» кейіннен тума талантқа айналды. Ал дарыны Алладан болса, қарымы ерен еңбекпен келгені анық. Ол еңбек Әлихан секілді әкенің, Нұрша сияқты асыл ананың үкідей желпіндіріп өсірген өнегесімен келгені де аян.
...«Қазақстан коммунисі» журналында ол екеуміз бірге қызмет істеген кезімізде редакцияда екі корректорымыз болды. Екеуінің де аты Шолпан еді. Ол кезде бір әріптен қате жіберудің өзі үлкен қатер. Ондай оқиға болып жатса, ақыр соңында таяқтың жуан жағы соларға бағытталып жататын. Сол Шолпандардың үлкені кезінде әкесі Ілияс Жансүгіровпен бірге сотталған, өмірден қиындықты көп көрген, алайда соған қарамастан ақ пейілі мен адалдығын өз бойында сақтап қалған бір аяулы жан еді. Жетімдіктен көп жапа шегіп, әбден зәразап болып қалғандықтан ба, әлгіндей шу шыққан кездерде осы зәре-құты қалмай шошынып, көзіне тіпті жас үйіріліп шыға келуші еді. Ондайда оларға жанұшырып ара түсетін жауапты хатшы Жанболат болатын.
Әйел заты қайда жүрсе де үй шаруасын да ұмытпайды ғой. Жәкең бұл ретте де оларға кеңдік жасап, тіпті кейде бастық басымен оларды жоқтатпай ол екеуінің жұмыстарын өзі атқарып, корректор болып та кететін. Соған орай әлгі екі апайымыздың да Жәкеңе деген ризашылығы шексіз болатын. Әсіресе үлкен Шолпанның: «Сені тәрбиелеген әке-шешеңе мың рахмет!» – деп алғыс айтып отырғанын талай рет көрдім. Және көлгірсіп көзінше емес, сыртынан шын пейілімен жақсылық тілейтін.
Иә, Аупбаевтың арқалағаны тек қана алғыс. Ол біреудің жолын кесіпті, яки, тіл тигізіпті дегенді тіпті естіген емеспіз. Кіммен тілдессең де оған деген көл-көсір көңілін, риясыз ризалығын білдіріп тұрғаны.
Біз білетін Жанболаттың тұлғасы тұтастай жақсылықтан құйылған. Ол өзінің алтын ұясы «Лениншіл жаста» істеп жүрген кезінде өзіне басшылық ұсынған ол кездегі әр қазақтың арманы дағарадай үш бөлмелі үйді баласы көп басқаға қиып, өзі аядай екі бөлмелі пәтерінде көп жыл тұрғанын екінің бірі біле де бермес. Ал «Егеменде» жүргенде өзіне аталған марапатын қалалық әкімшілікке арнайы барып, жасы үлкен егде журналиске ауыстырып бергенін ше!?
Көзкөргендердің айтуы бойынша, оның әкесі атақ-даңққа құмарлығы жоқ осындай тәубешіл адам екен. Өмір бойы ауылда ұста болып темірді қамырша илейтін ол кісі: «Біреудің қызғанышын немесе қиналысын тудырады», – деп ондайдан қашқалақтап жүретін көрінеді. «Мен Қонаевтың колхозшысымын, осы атақ маған жетеді», – дейді екен ондайда.
Менің марқұм Жамал шешемнің «Омарханның қызыл шапаны» деген бір әңгімесі болушы еді. Соғыстан кейінгі жоқшылық кезі болса керек. Ауылдағы Омархан деген жігітке шешесі әлдеқайдан қолына түскен оттай жанған қызыл мауытыдан шапан тігіп беріпті. Бірақ баласы оны кимей қойған ғой. Ақыры бүкіл ауыл болып жабылып жүріп оның иығына әрең ілдірген көрінеді. Алға озып айта берейік, бұл күнде ұжым болып ұйғарып, халық болып жабылып жүріп Жәкеңе берген Жазушылар мен Журналистер одағының сыйлықтары, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Парасат» ордені сияқты біраз марапаты бар енді. Алайда оның бәрі маған Жанболаттың өзіне емес, ұрпағына ғана қажет сияқты көрінеді. «Мен үшін әр мақаланың соңына қойылған фамилиямнан артық атақ жоқ», – дейді өзі. Осы бір ауыз сөз бүгінгі қазақ баспасөзінің біртуар баһадүрінің бүкіл болмысын көрсетіп тұр!
Қарлы тау арасынан шыққан қаршадай қара бала бірден қалам ұстаған қаһарман бола қалған жоқ ,әрине. Ол да көл жағалап, көбелек қуған бүлдіршін болған. Ал оның балалық шағын ол оқыған мектептен ертеректе дәріс алған Бердібек Соқпақбаев сынды асыл ағамыздан артық сипаттай алмаспыз. Сол көрініс, сол тірлік. Алып бара жатқан айырмашылық та жоқ. Бәлкім бұл оқыған тұстың айы жарықтау болуы...
– Мен Жанболаттан бір сынып төмен оқыдым. Ол уақытта оқушыларға бойын күтіп, сәндікпен айналысатын салтанат деген жоқ қой. Аяқта керзі етік, бұтта қырланбаған мыж-мыж шалбар, үстіде күпәйке, баста екі құлағы салпаңдаған қара малақай. Ал мойнымыздан қызыл галстук түспейді, – деп еске алады Қанат Тәкебаев деген Жәкеңнің мектептесі. Бәрімізге таныс көрініс.
Орыстың «аура» деген сөзі Сәбит Мұқановша тұспалдасақ «аруақ» дегеннен шыққан сияқты. Біздің кейіпкеріміз бітірген мектеп те аруақ қонып, қыдыр дарыған әз ұя. Көрнекті сыншы, қоғам қайраткері С.Әшімбаевты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Б.Мұқайды, сонау Америка құрлығындағы үндістердің бізбен қандас екенін аңыздардан аршып, тапжылтпай дәлелдеп берген үлкен ғалым Ә.Ахметовті, генерал Е.Шоқаевты, кинорежиссер Б.Қалымбетовті елімізде кім білмейді!? Бұларға ақын А.Әбдіқалов пен әнші С.Нұрмағамбетованы, мүсінші Қ.Егізбаев пен медицина ғылымдарының докторы Қ.Омарованы қосыңыз. Олардың бәрі Жанболат бітірген мектептен әр кезде сілкініп ұшып шыққан түлектер. Біразымен қатар оқыған, бірге ойнаған.
Біреуі Әлихан әкеміздің тұлымды қызы Аққағаз, екіншісі айдарлы ұлы Жанболат екеуі оқу озаты болған. Енді мына қызықты қараңыз, кейін бағын ашып, бүкіл өмір жолының бағдаршамы болған «Лениншіл жас» газеті сол кезде-ақ Жанболаттың қолынан түспейді екен. Абай айтқандай, білмекке әрдайым құмар бала газеттің «Күмбез», «Маздақ», «Аққу» сияқты айдарларымен шыққан танымдық мәні зор мақалаларын папкі-пәпкі қылып жинап жүретін болған. «Ол компьютер дегенді білмейді. Оның оған керегі де жоқ. Өйткені оның басының өзі компьютер», – деп бертінде бір әріптесіміздің жазғаны бар. Ол – рас. Кейде өзім де компьютерден таба алмаған, қапелімде аузыма түспеген нәрселерімді дереу қоңырау шалып Жәкеңнен сұрайтыным бар. Сарт еткізеді ғой сабазың. «Бәйге аты өзін өзі жаратады», – деуші еді. Әлдебір құдіреттің күшімен, белгісіз болмыстың ісімен «болар бала» сол кезде-ақ барды бойына жинай бастаған сияқты. Осы арада тағы да оның мектептесі Тәкебаевтың қолымен бір шеге қағып, ойымызды бір бекітіп алайықшы.
– Бірде үйге Жанболат келді, – дейді. – Екеуміз біраз әңгіме құрдық. Ойыма қайдан сап ете қалғаны, ақын Кеңесжан Шалқаровтың табиғат жайлы сыр шертетін бір өлеңін өзім шығарған болып оқып бергенім. Ә дегеннен-ақ күлімдеп отырған ол өлең біткеннен кейін: «Әй, мынауың Кеңесжан Шалқаровтың өлеңі ғой. Тұңғыштар сериясымен шыққан «Таңғы шық» кітабынан оқығанмын. Бұған қалай дәтің барды. Әдеби тілмен айтқанда мұны «плагиат» дейді. Қой мұны. Бірақ сен қателігіңді мойындап отырсың. Ұмытпайық деді. Бар әлем білетін бір данагөй: «Жіберген қателігін мойындаған адам, ұлы адамнан кем емес», – деген екен. Бұл маған өмірлік сабақ болды, – деп еске алады ол. Ал сонда Жанболат ауызынан ана сүті кеппеген дерлік қаршадай бала.
Болбыр адамның болдырмай қалған күнін көрген емеспін. «Ұстаның ұста баласы» (С.Ақтаев ағамыздың сөзі) жасынан тәні де, жаны да шымыр болып өскенге ұқсайды. Бердібек ағамыздың «Балалық шаққа саяхат» деген кітабында: «Текес арық емес пе, Бектас балық емес пе», – дейтіні бар еді ғой. Біздің Жанболат та Жағатал өзенін жағалай жүзгенде сыныптастары Сұлтан, Жетен, Алтай, Ақылжандарды талай артында қалдырған.
Бірде әлгі балаларға көршілері Төленді, Қырғызбек, Тұрбек, Нұрландар қосылып ауыл маңындағы Тақиятөбеге жарыса шыққандары бар. Тау-текедей орғыған тау балалары емес пе, тастан тасқа секіріп, жарыс басталды да кетті. Арқа еті арша, борбай еті борша болып тау басына шыққан балалар бәрінен бұрын келіп, жымиып тұрған қаршадай қара баланы көріп жүндері бір жығылып қалған. Ал Аупбаев болса сол биігінен бір түскен емес.
Кейде адамның маңдайы жарқырап бағы жанарда тағдырдың өзі қақпақылдап әкеліп оның тура жолын тауып беретіні бар. Қазір оқытыла ма, жоқ па, біздің кезімізде «ғылымдардың ғылымы» философия пәні жақсы жүретін. Ол бойынша өмірде кездейсоқтық деген болмайды екен. Бәрі қажеттіліктен келіп туатын көрінеді.
Курсымызда ұзынтұра, бұйрабас Қошқарбай Жұматаев деген бір әпенділеу бала оқыды. Әбішев деген қатып қалған оқытушымызға осы пәннен сынақ тапсырып жатқанбыз. Бір кезде оқытушымыздың «Жұматаев» деген дауысы оқыс шықты. Апалақтап атып тұрған Қошқарбайдың қойнынан философияның дәу көк кітабы еденге сарт етіп түсе қалғаны.
– Әй, мынауың не?
– Ағай, қажеттіліктен туған кездейсоқтық қой, – дегені Жұматаевтың жұлып алғандай. Әбішевтың өмірі жібімейтін жүзі бір сәт жылып курстасымыздың сынақ кітапшасына үн-түнсіз қолын қойып бергені бар. Міне, философияның «қажеттіліктен туған кездейсоқтық» деген категория ұғымының жобасы – осы.
Аупбаевтың да асқарларға апарар айдау жолын тауып берген осындай кездейсоқ оқиға еді. Әйтпесе оның көңілінің қалтарысында өзі сүйіп оқитын математика мен физика бақ таластырып жататын. Оны бұл жолды таңдамағаны құдайдың қаққаны деп ойлаймын өз басым. Бірге келе жатқанымызға жарты ғасыр болды ғой, курстас досымның тағдырлы бұрылыстарда еңіретіп есеп шығарып отырғанын бір көрген емеспін. Жаны таза Жанболат үшін бұл дегеніңіз мүлдем жат дүние енді.
Сонымен тау баласын кейін зау биікке көтерген кездейсоқтыққа келейік. Ол сегізінші сыныпта жүргенде ауылға «Қазақфильмның» Сұлтан Қожықов бастаған бір топ қызметкері сау ете қалады. Олар алда түсірілуге тиіс «Қыз-Жібек» фильмінің қамымен жүр екен. Ұсынықты Сұлтекең алдымен ауыл балаларын жинап алып, көне дүниелер бар үйлерді табуға көмектесуді сұрайды. Бұл іске балалар барын салып кіріседі. Көп көмектері де тиеді.
Сұңғыла Сұлтекеңнің көзіне тындырымды «тырыли арық қара бала» бірден түссе керек, кетерінде ол Жанболатты шақырып алады да аталық сөзін айтады. «Айналайын, – деп бастайды ол, – адам жас кезінде өз бойындағы қабілетін көп байқай бермейді.Менің ойымша сен біздің жолымызды қууға лайық бала екенсің. Өкініштісі Алматыда кино мамандарын даярлайтын оқу орны жоқ. Сен КазГУ-дың журфагына түс. Сонда киносценаристерді даярлайтын бөлімше ашылуға тиіс. Жолдамаңды өзім даярлап берермін», – дейді.
– Содан бастап мен мүлдем өзге, жаңа әлемге енгендей күй кештім,- деп еске алады өзі, – Түрлі қиялға беріле бастадым. Сол кездегі әрекетімді Бердібек ағамыздың «Менің атым Қожа» повесіндегі бас кейіпкердің қызық қылықтарына ұқсатуға болар еді. Онда қияңқы мінез Қожа жақсы оқимын, шығармашылықпен шұғылданып, елді таңғалдырамын деп оңаша үйде өз-өзінен күбірлей сөйлеп, айнаның алдына барып қолын сермеп, өлең оқып, әжесінің зәре-құтын алады ғой. Мен де сондай болдым. Бас көтермей, өлең, әңгіме жазамын...
Сөйтіп, 1969 жылдың тамылжыған тамызында қазақ баспасөзінің бағына жаралған небары 17 жасар бота тірсек боз бала боздатып келіп журфакқа түсіп еді.
...1981 жыл. Қаһары мұртына тепкен арыстан кейіп, өр кеуде Бауыржан батырдың алдында отызға толар-толмас жас жігіт булығып отыр. Батыр гүр етті.
– Қоятын сұрағыңды қоя бер, бала.
– Әңгімені Ұлы Отан соғысының 115-ші күнінен бастасақ...
– Е, ол күні не болып еді?
Оның мұрты тікірейіп барып басылды. «Ашуланады-ау» деп ойлады тілші ішімнен. Жоқ, олай емес екен. Әлден уақытта ол:
– Айтар сөзіңді құйтырқыландырмай-ақ айтсаңшы, – деді өкпелі үнмен.
– Сол күні, Бәуке, 316-шы атқыштар дивизиясы Москва түбінде алғаш рет ұрысқа кірді емес пе?
Бұл Аупбаевтың өзі суреттеген Бауыржан Момышұлымен жолыққандағы сәті. Журналист қойған әлгі жанына жақын бұл сұрақтан кейін батыр да жібіп сала бермеуші ме еді.
Біз де Жанболатқа: «Әңгімені 1967 жылдың 27 тамызынан бастасақ...» дегіміз келіп отыр. Дәл осы күні Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде Жанболат Аупбаевтың алғашқы туындысы жарық көрген еді. Табиғат туралы өлең! Арада жарты ғасыр өтсе де оны өзі де, өнер жолын өлеңмен бастаған курстасымыз Жұртбаев та әлі күнге жатқа айтады. Әттеген-айға толы бір өкінішпен, өлежіп отырып айтады:
Сай-сала сағым басқан қыр-төбені,
Заңғардан далаға күн нұр төгеді.
Қоңылтақ қоңыр желі табиғаттың,
Қаңғып кеп жусандарға сүйкенеді.
Досымыз осы бір өлең жолдарымен бір нұрлы әлемнің есігін еркін ашқандай еді. Бірақ неге екені белгісіз, ұстаның баласы бұл жолды одан әрі ұстамады. Өзі армандап келіп жалынан ұстаған таза журналистикаға адалдық танытты. Онда да оның өзіне ғана тән дара жолын тапты. Ол өзінің асқақ Алатауының бауырында еркін қалықтап көсіле жүзіп жүретін ақ бұлттары сияқты журналистика мен әдебиеттің ортасындағы ерекше жанр деректі проза еді.
Рымғали Нұрғалиев ағамыз кезінде Тұрсынға: «Өлеңді Хамит пен Қалижан да жазады. Сенің нең бар», – деп тура жолға салып еді. Сол айтпақшы, өлеңді Жүрсін мен Несіпбек те жазып жатыр, Ал Жанболаттың өз жолын айнымай тапқаны бәрімізге тәңірдің берген бір сыйы болды.
«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, Жамандар жақсымын деп айқайлайды», – деген бір тамаша мәтел бар ғой. Өзінің журналистік өнегелі жолында Жәкең қанша адамды жалғанның жарығына шығарып, күннің сәулесін түсіріп жарқыратып көрсетті десеңізші. Оның 1997 жылы берген бір сұхбатында: «Дәл бүгінге дейін 300-ден астам адаммен жүздесіп, олардың портреттерін жасаппын», – дегені есімде. Содан бері тағы жиырма жыл өтіпті. Жәкеңнің қаламгерлік қасқа жолында кідірген, кібіртіктеген, шаршап, шалдыққан кезін көрген емеспіз. Баяғы шабыс – сол шабыс. Өзінің бір кейіпкері Гиннесс кітабына төрт рет іліккен марафоншы Марат Жыланбаев інісіне ұқсап өмірдің суынан да, нуынан да, көлі мен шөлінен де өтті. Жай сыдыртып өте шыққан жоқ, мөрдей боп түскен ізі жатыр жақсы Жәкеңнің. Оларда қаншама адамның тағдыры, қаншама жердің көркі көрсетіліп, тарихымыздың қаншама жыртығы жамалған десеңізші.
Мен Астанада Тәуелсіздік деген көшеде тұрамын. Тереземнің алдында аумағы ат шаптырым Қазақ Ұлттық музейі тұр. Сонда деймін-ау, Аупбаевтың кейіпкерлерінің барлық портреттерін суретші полотносына көшіріп іліп шықса, оның ең үлкен деген залын аузы-мұрнын толтырып-ақ жіберер еді. Тұтас бір галерея! Тұтас бір тізілген тағдырлар. Топтасып келгенде – тарих. Толайым бір дәуірдің төл шежіресі. Шертер сыры жетерлік – мол мұрағат. Әлгі өзі айтқан 97-жылдан бері қаншама уақыт өтті. Ендігі ол жасаған портреттер,әй , мың қаралы боп қалды-ау!
Осы тарих дегеннен шығады. Кезінде ап-айқын болып танылған жәйттер біраз уақыт өткеннен кейін, әсіресе ол оқиғаның басты тұлғасы дүниеден өткен соң кейбіреулердің пенделік пейілімен дауға айналып жатады. Қазір танымал болған бір ағамыздың маңайынан шыққан: «Бұдан бұрын мұндай антрополог болған емес», – деген күмәнді пікірді көзім шалып қалып, дереу Аупбаевтың «Антрополог» деген Ноэль Шаяхметов туралы дүниесін тауып алып парақтамаймын ба.
«Қадым ғасырдағы Үйсін жауынгері... Дауылпаз ақын Махамбет.., Дәулескер күйші Құрманғазы.., Батыр бала Болатбек... Бұл Ноэльдің 1967-1978 жылдар аралығындағы дүниелері», – деп Жәкең 1980 жылы-ақ тайға таңба басқандай қылып жазып қойыпты. Ал Қобыланды туралы дерегі тіпті қызық. Кезінде Ақтөбе жерінен киімсіз, таза мұсылманша жерленген мәйіт табылған. Жергілікті жұрттың жорамалынша сүйек Қобыландыныкі. Алайда оны сарапшылар қаңқаны қазып алып тексере келгенде ол әйел адамдікі болып шығады! Бұл 1979 жылғы жағдай. Тәуелсіздіктен кейін ғалымдар Қобыландыны Ақтөбенің басқа жерінен таптық деп белгі де орнатты ғой...
Осындай қаңқу сөз Есіктен табылған «Алтын адам» төңірегінде де көрініп қалды. Археологияның төңірегінде жүретін бір әпенділеу ағамыз: «Оны тапқан мен едім», – дегендей әңгіме айтып қалғаны бар. Ал Жәкеңнің археолог Кемел Ақышев туралы жазған «Terra incognito» деген дүниесін оқысаңыз мұнда да нақты шындық бұлтартпасдеректер арқылы дәлелденіп тұр.
– Әдетте үлкен нәрсенің бәрі ешкім күтпеген кездейсоқ нәрседен басталатыны тарихта дәлелденген жәйт, – деп бастапты әңгімесін Кемел ағамыз, – Бәрі де институтымызға бір орыс жігітінің өтініш айтып келуінен басталды.
Одан әрі ғалымның айтуынша оқиға былай өрбіген. Әлгі жігіт Есік қаласында автобаза директоры екен. Кәсіпорындарын кеңейту үшін берілген жерлерінде мемлекет қорғауына алынған екі оба бар болып шығады.
– Соны ашып тексеріп берсеңіздер. Қазуына өзіміз техника бөліп, көмектесеміз, – дейді әлгі тілеуіңді бергір. Сонымен жұмыс басталады. Алғашқы оба бұрын тоналған бос болып шығады. Кейбір қабірлердің әшейін көз алдау үшін жасалатынынын білетін тәжірибелі археолог Ақышев ағамыз қазу жұмыстарын әрі қарай жүргіздіре береді ғой. Содан алғашқысынынан сәл қиыстау жерден бір керемет ағаш қабір шыға келеді. «Төбесін ашып қарағанымызда не көрдік дейсіз ғой, – депті Кемекең одан әрі, – Шегенделген табыт... Ал ішінде...иә, ішінде еті әлдеқашан ағып кеткен ақсөңке адам сүйегі, оның ұзына бойын айнала қоршап жарқ-жұрқ еткен жүз әлде мыңға жуық алтын әшекейлер. Ғаламат, ғажап көрініс!».
Ал бұған не айтасыз. Несіпбек досымыз жырлағандай: «Әттең, ағалар-ай!» – дейміз де енді. Бұл күнде егемен еліміздің символына айналған сол «Алтын адамды» жер қойнынан аршып алған Ақышев болса, қаңқу сөзден тазартқан Аупбаев.
Жәкеңнің тақырып табуы, кейіпкер таңдауы ғажап енді. Қатар жүріп біз көрмегенді көріп қояды. Биологтардың айтуынша сонау зау биікте жүрген қыран құстың осындай қасиеті болады екен. Ол ұшып жүрген биігінен жердегі әлдебір қарайғанға қадала қарағанда оны ап-анық қылып жіберетін көзінің фокус нүктесі болатын көрінеді. Жәкеңде де сондай қасиет бар. Тек көзбен емес, көңілімен көреді. Ішкі интуиция!..
...Кеңес кетіп, найқалып нарық келген сонау бір 90-шы жылдардың аласапыран заманында мен туып өскен Шет ауданында Жезқазғаннан келген бір полковник пайда болды. Аты-жөні – Тілеуқабыл Есенбеков. Не істарін білмей ошарылған ел ошақ-орманын тастап қалаға жөңкіліп жатқанда, оның ауылға көшіп келгені тіпті қызық енді. Жай келмепті. Жаңа үрдістің алды болып шаруа қожалығын құрмақшы екен. Банктен алған кредиті де бар көрінеді. Түрі-түсі Сәкенге де келетін сол ағамыз көп ұзамай-ақ шаруасын дөңгелетіп, бүкіл елге үлгі болды. Аңтарылған жұртқа жаңа заманның адаспас жолын көрсетті. Ол ол ма, тіпті саяткерлікпен шұғылданып, қолына қыран қондырды. Оны қызықтаған шетелдік қонақтар да көріне бастады. Аудан орталығында «Бүркітші» деп аталатын кафесі де бар. Іші толған аң -құстың тұлыптары. Өткен-кеткенде соған соғып, ішкен-жегеніме мәз болып мен жүрмін. «Сізді жазу керек екен», – деп ырғалып қоямын. Сөйтіп жүргенде бір күні Жанболаттың «Сарыарқаның Сетон-Томпсоны» деген очеркі жарқ ете қалсын. Біздің елде жүрген неғылған Сетон деп селт етіп қарасам, онысы өзімнің Тілеуқабыл ағам. «Жүйрікпен жарысқан күнің құрысын», – дедім де қойдым. Ал жазғанын жасымнан жаттап өскен Шет ауданының шежірешісі Кемел Жүнісовті «Диссидент» деп ат қойып, айдар тағып алғаш айтқан да осы Аупбаев. Иегіңнің астындағыны қағып түсетін қолмергеннің өзі ғой ол.
Осы жақында ғана бір хабарласып: «Не істеп жатырсың?» – деген сұрағыма: «Әскерге «шақырылған» түйелер» атты мақала жазып жатырмын» дегені. Тіпті адамның ойына келмейтін тақырып қой. Сөйтсе жаңадан ашылған орыстың «Победа» деген телеарнасынан Берлиндегі қираған Рейхстаг жаынан жорық кухнясын сүйреп бара жатқан бір түйені көріп қалған ғой. Ұзамай ол дүниесі де шықты. Індете ізденіп жүріп әлгі түйенің «Кузнечик» деген атына дейін тауып алыпты. Астраханьда майдангер түйелерге арналған ескерткіш те бар екен. Себебі, олар Басқұншақтағы қазақ ауылдарынан жиналып алынып, зеңбірек, жорық кухнясын, жүк тартуға жегілген ғой.
80-жылдары Жоғары партия мектебінде мұнайлы өлкенің азаматы Шырдабаев деген жігітпен бірге оқыдық. Атын ұмыттым. Сол еліне барып келгенде жалыны аспанға шапшып өртеніп жатқан бір скважинаны айтып жағасын ұстайтын. Жер астынан шығып жатқан әлгі тажалды бүкіл одақ болып жабылып ауыздықтай алмай жатқан көрінеді. Жан-жағын жайпап жатқан оны атом бомбасын тастап барып тұншықтырмаса болмайды екен дегенді естіген елде үрей көп, дейді ол. Ол кезде КСРО деген алып мемлекетіміз өмірде болып тұратын мұндай жағымсыз жайттарды айтпайтын да айтқызбайтын.
Жылжып жылдар өтті. Кеңес өкіметі құлады. Жариялылық та келді жарқырап. Бірақ әлгі оқиға ешқайсымыздың есімізде қалмапты. Алайда оны Жанболатымыз ұмытпаған екен. Әлгі менімен оқыған жігіттің ағасы ма, әлде інісі, әйтеуір сол кезде әлгі скважинаның басы-қасында болған Мағауия Шырдабаев деген азаматты тауып алып, «№37-ші скважина» деп тақырып қойып, ол алапат оқиғаны бүге-шігесіне дейін тәптіштеп тұрып жазды. Бәрі де бас инженер Черкасовтың 4467 метрге тереңдеп кеткен бұрғыны әлдебір себеппен кері қайтару керек деген бұйрығынан басталған көрінеді. Смена бастығы Асқар Хателов деген азамат бұлай істеу өте қауіпті екенін айтып шыр-пыр болады. Ана бастық айтқанынан қайтпайды. Содан не болды дейсіздер ғой. «Құрал кері суырылғанда бұрғымен бұғып тұрған жер астындағы газ гу етіп жоғары көтеріледі де үйкелістен ысып кеткен құбыр демімен лезде жан шошырлық жалынға айналады» Аспанға шапшыған әлгі аждаһаны бүкіл одақ болып жабылып, 207 күннен кейін әрең ауыздықтайды ғой.
Осы жақында ғана Голливудтың мұхит ортасындағы «Женифер» деген мұнай алаңынан шыққан осындай алапат өрт төңірегінде түсірген бір фильмін көрдім. Ерлік те, ездік те бар, достық та, қастық та бар, тұнып тұрған бір ширыққан драма. Оны кірпік қақпай жұтынып отырып көресің. Шіркін, деп ойладым мен, режиссері келіссе біздің Жанболаттың «37-ші скважинасы» дайын тұрған сценарий ғой.
«Өзіңе сен өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап». Ақылман Абайдың осы сөзі Аупбаевтың өмірлік формуласы десе де болғандай. Еңбек жөнінде мақал-мәтел көп қой. Соның бар белгісін Жәкеңнің бойынан табасыз десем артық емес. Еңбекқорлық ол әулеттің атадан – әкеге , әкеден – балаға ауытқымай, аунамай дарып келе жатқан асыл қасиеті. Реті келіп тұрғанда атай кетейік, атасы Абиыр Дәркенбаев осы еңбек пен ақылдың арқасында ел ішінде абыройы асқан кісі болған екен. Оның есімі арғысы Әуезовтің, бергісі Жұртбаевтың Қарқарадағы 1916 жылғы Албан көтерілісіне қатысты еңбектерінде аталатыны да тегін емес. Әлгі «Атаманның ақыры» деген фильмде тапсырманы орындап, елге бет алған Қасымхан Шадияров шекара іргесіндегі бір күмбезге келіп паналайтыны бар емес пе. Міне, сол Абиыр атамыздың бабалары Қайран мен Бекен бидің бейіті көрінеді. Мынаны да айта кетелік, Аупбай оның нағашы атасы. Кеңес өкіметінің қудалауымен осылай болған. Бірді айтып, біріне кетті демеңіздер, құрметті оқырман. Айтпағым, бұл әулетке бақ тек қана еңбекпен қонғанын айту.
Ерен еңбек пен таудай талап Жанболаттың талант тұлпарының екі үзеңгісі, ал мақсат жолындағы қайтпас қайсарлығы – құйысқаны. Сондықтан да оның ері ешқашан ат мойнына кетіп көрген емес. Оның әр шығармасы неліктен әрқашан шып-шымыр болып шығады? Өйткені олардың бәрі авторының терімен суарылған. Жәкең отбасымен «Лениншіл жастан» пәтер алғанша, аз уақыт біздің үйде тұрғаны бар. Сонда әр мақаласын жазарда қандай азапқа түсетінін анық көргенмін. Әлгі Пушкин айтатын ақыры ұшпаққа шығаратын «шығармашылық азабы». Бұл ретте оны бал арасына ғана теңеуге болар.
«Маршал мінген ақбоз аттың» қалай жазылғанын алайықшы. Луговойдан ат шаптырым жердегі жылқы заводына көктемгі миы шыққан жолменен таңмен жағаласып бір жаяу келеді. Иә, дұрыс, жол үстінде Жанболат. Көкжиекті көмкеріп тұрған Алатаудың сілеміне көз тігіп қарап қояды. Бұл өңірде одан басқа тіпті көзтанысы да жоқ. Өзі бауырында өскен асқақ тауын ес тұтқаны ғой. Мұндайда ауылдың адамынан бұрын әупілдеп иті бұрын шығатыны әдеті. Қорқасоқтап ауылға да кірді-ау, әйтеуір. Ауыл адамдары асықпайды. Кеңсеге балпаң басып бастықтары да жетті-ау ақыры. Бұл бар білетін дерегіне сүйенді.
– Абсенттің әкесі Арабты білесіздер ме?
Әшейінде өзінің жеті атасына дейін саусақтарын санамалап отырып айтып беретін сабаздардың біреуі мәу десейші.
– Қарағым, мыналардан таппасаң енді...
Шаруашылықтың кадр бөлімінің меңгерушісі, осы мекеменің ең байырғы қызметкер Әлібек Баялиев ақсақалдың бар әлі келгені осы болды. Конезаводтың қырық жылғы кіріс-шығысы тіркелген бәленбей папканың шаңын бұрқ еткізіп, мұның алдына атып ұрды. «Кіріс-шығыс қағаздарын ақтармалап, жуан ортасына келгенімізде жүйкеміз солқ ете қалғандай әсерде қалдық. Ол «Араб» деген сөздің жанарымызға жасын отындай жарқ етіп ілігуі еді» деп еске алады оқу бітіргеніне төрт-бес жыл ғана болған сол кездегі жас журналист. Ал оның орнына біз болсақ... «Абсентіңнің әкесінің...» деп қолды бір-ақ сілтеп тайып тұруымыз бек мүмкін еді. Ал Жанболат өйтпеген. Сол жерде отырып оның Баққара деген биеден туғанына дейін тауып алған ғой. Тіпті сол заводтың тумасы Мастер деген Абсенттің тағы бір туысқанын Әбітхан Оразалиев деген луговойлықтың 1964 жылы Кеңес үкіметінің атынан Египет президеті Гамаль Абдель Насерге апарып тапсырған ізін де тауып қайтқан екен сол жолы. Бір қызығы ол материалды әбден пісіріп, түгін қалдырмай түгендеп, 15 жылдан соң барып жарыққа шығарды.
Қолымызға қалам ұстаған жарты ғасырлық жолымызда «анау министрдің өзінің шешімін бұзған», «мынау үкіметтің өзіне қаулы қабылдаттырған» деген сияқты журналистердің талай жампозын көрдік. Таңғалдық, тамсандық. Ал енді мен ел Президентінің өзіне Жарлық шығартқан жалғыз журналисті білемін. Ол – біздің курстасымыз, досымыз Жанболат Аупбаев!
Астананың көші-қонының шаңы басылмай буырқанып жатқан кезі. Мен істейтін ҚазТАГ-тың корпункты «Егеменнің» ғимаратында. Айлық алу қиын болып кеткен бір шақ. Қарыз алмақшы болып 1999 жылғы Жеңіс күнінің қарсаңында Жанболаттың кабинетіне келдім. «Президент Резиденциясынан бір пакет келіп, соны қарап отыр», – деп хатшы қыз ыңғай танытпады. Расында да, бесін кезінде газеттің ертеңгі номерінің соңғы дайындығы басталады. Бұл кезде Аупбаевтың жарақты жауға кірген Райымбек атасындай қаһарланып, бар күш-қуатының самаурындай сақылдап қайнап тұратын кезі. Жоқшылық шіркін қоя ма, қорғаншақтап барып есігін аштым.
Ол алдындағы бір қағазға оны жеп қоярдай үңіліп отыр екен. Бір кезде бетіне лып етіп қан үйіріліп орнынан атып тұрсын. «Алды! Алды!». Бас редактордың орынбасары көз алдымда бала болып секіріп жүр. Біресе екі білегін білеп көкке көтереді, біресе жүгіріп келіп столын барабан қылып қойғыштайды.
– Ау, кім не алды, айтсаңшы?
– Рақымжан ағамыз, Қошқарбаев ше?! «Халық қаһарманы» атағын алды! Міне Назарбаев қол қойған Жарлық!!!
Бұл іспен Жәкеңнің мықтап айналысып жүргенінен хабардар едік. Әңгімені әріден бастасақ, біздің бала кезімізде 1958 жылдың 21 февралінде «Лениншіл жас» газетіне батыр Баукеңнің айтуымен және арнайы тапсырмасымен сол кездегі жас журналист Кәкімжан Қазыбаевтың «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген деректі очеркі шығады. Ол бүкіл республика жұртшылығын дүр сілкіндіреді. Соның дүмпуімен кейінірек ақын Мұзафар Әлімбаевтың «Ту тіккен» деген поэмасы да халыққа жетеді.
Содан Баукеңнің өзі бастаған ел зиялыларының жау ұясына алғаш ту тіккен қазақ батырының ерлігінің лайықты бағасын алу жолындағы жорығы басталады. Бұл – 1960-1980 жылдар аралығы. Бірақ кезінде Тоқтамыс бабамыз ойран салған Мәскеу «мәу» деп тіл қатпай, бедірейген қалпы қалады.
Кәкімжан ағамыз да аруақ қонған адамның бірі еді ғой. Демі таусыларын сезді ме екен, 1989 жылы бұл істі шәкірті Аупбаевқа аманаттап үлгеріпті. Бұлай айтып отырғаным жарықтықтың мінезі қандай жайлы болса, өлімі де сондай болып, ұйқыда жатқан күйі аяқ астынан жүріп кетіп еді.
«Аманатқа қиянат жүрмейді». Әсіресе Жәкең үшін. «Егеменге» келе салысымен 1999 жылғы қаңтар айының бірінші номеріне «Халық ала алмаған қамал» деген қаһарлы тақырыппен Рахаң туралы алғашқы мақаласын жарқ еткізді. Мергеннің оғы нысанаға дөп тиді. Өйткені дәл сол жылы Қошқарбаевтың 75 жылдық мерей жасы еді.
«Халықтың айтқаны айдалада қала ма?», «Отаршылдардың ордасынікі түсінікті, өз тізгініміз өзімізге тигенде біздің биліктің мұнысы қалай?», «Халық қаласа соятын хан түйесі қайда?». Жампоз журналистің әлгі мақаласынан кейін осы рәуіштегі хаттар қаптады да кетті. Ұқыптылығымен де аты шыққан ұстаның ұсынықты баласы емес пе, оларды Жәкең шып-шырғасын шығармай Президент Әкімшілігіне жібереді де отырады. Сәтін салғанда сол тұста Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев ағамыз еді. Барын сала кірісті жарықтық. Нәтижесі жоғарыдағыдай.
Сөздің қысқасы, қиындығын ол, қызығын мен көріп, Аупбаевтың ақшасын аямай шашып, дәл бір сол туды өзім тіккендей болып, сол жолы Жеңіс мерекесін мелдектете тойлағаным бар. Айтпақшы, Жарлық жарияланғаннан кейін іле-шала «арғымақ ердің баласы» Аупбаев «Халық алған қамал» деп тағы бір мақала жазып, бұл істің ықыласқа толы ыстық нүктесін қойған еді. Содан кейін Жәкеңді қамал алған қаһарман, бекініс бұзған баһадүр деп қалай айтпайсыз.
Бұл әфсанамды Жанболаттың Аупбаевтың өз сөзімен аяқтағанды жөн көріп отырмын, ағайын.
– Мен университетті бітірер-бітірместен республикалық «Лениншіл жас» газетіне орналасып, онда 14 жыл, «Қазақстан коммунисі» журналында 5 жыл, парламенттік «Халық кеңесі» газетінде 5 жыл, «Астана ақшамы» газетінде 1 жылға жуық жұмыс істеп, «Егемен Қазақстан» газетінің табалдырығын бас редактордың орынбасары болып аттағаннан 5 жылдан кейін 2003 жылдың 23 қыркүйегінде аға басылымның бас редакторы лауазымына тағайындалдым, – депті ол баспасөзіміздің Бауыржанына (Омаровты айтамын) берген сұхбатында, – Қазақ баспасөзінің маңдайына басқан өзіндік тарихы, бет-бейнесі бар төрт басылымында абыроймен жұмыс істеп келіп, бесінші – аға басылымға ат басын тірегенде еңбегім жанған мен бақытты адаммын. Иә, нағыз бақытты адаммын!
«Пенде бақтың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі» деген сөз бар. Бұл жерде де Аупбаевтың пендешіліктен аулақ, өз мамандығына, таңдаған өмірлік жолына деген адалдығының лебі аңқып тұр. Барын бағалап, басына қонған сол бақтың нарқын емес, парқын айтып отырғанына күмән жоқ.
Жақында бір хабарласқанымда ол: «Алда, құдай бұйыртса, желкенін керіп жетпісіміз келе жатыр. Не бітірдік, не тындырдық екен деп бүкіл жазғандарымды жинақтадым. Сегіз том болды!» – деп марқайып тұрды марқасқам. Жаса, қазақ баспасөзінің қамал бұзған қаһарманы!
Жалғасы бар...
Сәулебек Жәмкенұлы,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Abai.kz